Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы студенттеріне арналған



бет5/123
Дата28.03.2022
өлшемі0,54 Mb.
#137053
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   123
Байланысты:
koblanov-shetel-ad-tar

«Илиада» дастаны




Ежелгi гректер Троя қаласын «Илион» деп те атаған. Сондықтан,
«Илиада» дастанының атауында «Илион қаласы», «Илионнама» деген мағыналар жатқандығын түсiну қиын емес. Бiрақ бұл атау шығарманың мазмұнына оншалықты сай емес. Өйткенi, дастанда негiзiнен Грек-Троя соғысындағы кiшiгiрiм бiр оқиға ғана баяндалады және осы жеке оқиға айналасында үлкен соғыстың кейбiр жағдайларына шолу ретінде тоқталып өтедi.
«Илиада» дастаны - 15700 жолдан тұратын өте көлемдi шығарма. Ежелгi ғалымдар грек әлiппесiндегi әрiптердің санына қарай поэманы 24 тарауға-жырға бөлген.
Шығарма оқиғаларын баяндауға кiрiсерден алдын ақын шабыт перiсiне жүгiнiп, өз дастанының бас қаһарманы Ахилдiң ерлiгiн
жырлауда одан медет тiлейдi. Поэманың бiрiншi жырында Ахилдiң ашулану себептерi айтылады.
Троя соғысының басталғанына он жыл болды. Осы кезеңде Илион халқы гректерге қарсы шешушi шайқасқа шығудан қорқып, шабуылдарға тойтарыс берiп ғана отырады. Себебi, грек сарбаздары арасында Фессалия патшасы Пелейдің теңiз құдайы Фетидадан туған жалғыз ұлы Ахилл бар болатын. Грек батырларының ешқайсысы күш жағынан Ахилмен теңдесе алмайтын. Троялықтардың Ахилден қорқатындығы соншалық, олардың қала қақпасынан шығуға жүрегi дауаламайды. Троя қаласының сыртында грек әскерлерi елдi тонап, қыз-қырқынды тұтқындап әлек. Сарбаздар қолға түскен сұлу Хрисеиданы өз сардары Агемемнонға сыйға тартты. Көп ұзамай мол тарту, сауғалармен Хресеиданың әкесі қызын құтқармақшы болып грек қосынына келедi. Агемемнон байғұс шалдың тiлегiн орындамайды, тiптi оны балағаттап қуып салады. Агемемнонның бұл iсiне ызаланған Хрис Аполлон құдайға жалбарынып, оны жазалауды сұрайды. Қарияның зарын естiген Аполлон Олимп тауынан түсiп, гректерге оқ жаудырады. Ашуға булыққан Аполлон мұнымен шектелмей, әскерлердi қырып тастайды. Грек әскерi орналасқан жер лезде мәйiтханаға айналады. Мұндай қырғынның себебiн анықтау мақсатында Ахилл барлық қосынды кеңеске жинайды. Калхас есiмдi абыз гректердiң басына түскен қайғының себепшiсi Агемемнон екендiгiн, егер Хрисеиданы әкесiне қайтарып бермесе, қырғынның тоқтамайтындығын айтып ескертедi. Бұл сөздердi естiген Агемемнон Калхас пен Ахилдi өзiне дұшпандық жасап отыр деп күманданады. Бiрақ Аполлонның қаһарынан қорқып, көпшiлiктiң зорлығымен тұтқын қызды әкесiне қайтаруға көнедi, оның орнына Ахилдiң олжасы болған Брисеида сұлуды беруін талап етедi. Агемемнонның арсыздығына ашуланған батыр қылышын қынынан суырып алып, ұмтыла бергенде, оның алдында Афина құдайы аян берiп, бұл райынан қайтарады. Лажсыздан Ахилл қылышын қынына қайта салып, бұдан соңғы шайқастарға қатынаспайтындығын айтып, өз әскерлерiн алып, соғыс алаңынан аттанып кетедi. Ар-намысы, атақ-абыройы аяқ астына тапталған ер жүрек қаһарман осы күннен бастап күндiз-түнi жан азабына душар болады. Ұлының қайғысын көрген Фетида Олимп тауына шығып, Агемемнонның зұлымдығын Зевске айтып, оны жазалауын өтiнедi. Зевс Фетиданың өтiнiшiн орындауға уәде бередi.
Ахилл соғыстан бас тартқан соң, троялықтардың Айы оңынан туады. Илион патшасы Приамның ұлы, Паристiң ағасы батыр Гектор басқарған Троя әскерлерi қала қақпасын ашып, шабуылға шығады. Жекпе-жек айқас басталады. Бiрiншi болып соғысқа себепшi болғандар – Парис пен Меналай алысады. Осы шайқаста кiм жеңсе, сұлу Елена мен оның дүние-мүлкi соныкi болмақ. Қарсыласынан кек қайтаруды мақсат қылған Меналайдың найзасы Паристiң қалқанын күл-талқан етедi. Спарта патшасы Троя шахзадасын өлтiрмекшi болып сүйреп бара жатқанда, Паристiң қолдаушысы Афродита жетiп келедi де, оны қап-қара бұлтқа орап алып, Троя iшiндегi Еленаның бөлмесiне әкеп тастайды. Гектор мен Аякс те жекпе-жек айқасқа шығады. Бұл шайқаста Гектор жараланады. Аполлон оның жарақатын емдейдi. Жердегi адамдардың қиян-кескi соғысы Олимп тауының басындағы құдайлардың да делебесiн қоздырады. Фетида мен оған уәде берген Зевс троялықтар жағында, Афина мен Гера гректер жағына шығады. Ахилл шайқастан бас тартқан кезеңде гректердiң бiрнеше батыры тамаша ерлiктер көрсетедi. Диомед деген қаһарман дұшпанға ойсырата соққы берiп, көптеген троялықтарды жер жастандырады, құралайды көзге атқан мерген Пандарды өлтiредi, троялық батыр Энейге сақпанмен тас атып, жарақаттайды. Аполлон әрең дегенде Энейдi аман алып қалады. Ер жүрек Диомед тiптi Афродита мен соғыс құдайы Аресті де жарақаттайды. Осы шайқаста троялықтар гректерге есесін жібермейді. Олардың сардары Гектор қайталанбас ерлiктер жасайды. Дамылсыз ұрыстың нәтижесiнде соғыс майданы өлiктерге толып кетедi.
Мүрделердi жерлеу үшiн екi жақ әлсiн-әлсiн ұрысты тоқтатады. Троялықтардың жанкештi қарсылығына қарамай, гректер оларды қала қабырғаларына қарай тықсырып барады. Бiрақ, тағдырдың әмiрiмен, Зевстiң Фетидаға берген уәдесiне сай гректер жеңiлiп, троялықтар жеңiске жетуi тиiс едi. Сәттiлiк бiрден Гектор жағына ауысып, троялықтар жеңе бастайды. Гректер кейiн шегiнiп, кемелерiне қарай қашуға мәжбүр болады. Гектор бастаған әскерлер оларды қуа жүрiп, кемелерге жақындайды. Түн қараңғылығы ғана гректердi аман сақтап қалады. Троялықтар жеңiс дабылын қағып, түндi үлкен шаттықпен өткiзедi.
Грек әскерлерiнiң жағдайы керiсiнше едi. Олардың ұнжырғасы түсiп, жеңiстен үмiтiн үзе бастаған болатын. Бұл оқиғалардың
барлығы өзiмшiл, тәкаппар Агемемнонды ойландырады. Өзiнiң қылмысы мен қателiгiн түсiнген сардар қымбат бағалы сыйлықтармен ең беделдi деген адамдарын Ахилге жiбередi. Бiрақ iштей азап шеккен батырдың сардармен келiсiмге келуге лажы жоқ едi, елшiлер амалсыз керi оралады. Гректердiң жағдайы нашарлай түседi. Троялықтар жау бекiнiсiнiң қабырғаларын бұзып, iшке енедi, қырғын шайқас басталады. Мерт болған ерлердiң, жарақаттан ыңырсыған жандардың есеп-саны жоқ. Жеңiмпаздар дұшпан кемелерiне аяқ сала бастады. Гектор кемелердiң бiреуiн өртеп те үлгередi. Мiне, осындай арпалыс үстiнде Ахилдің құзырына Патрокль келедi.
Автордың сөзiмен айтсақ, ол биiк тау басынан аққан бұлақ секiлдi көз жастарын төгiп, батыр досынан отандастарының жеңісі үшiн шайқасқа оралуын өтiнедi. Бiрақ ешқандай өтiнiш Ахилдiң жүрегiн жiбiте алмайды. Достық құрметi үшiн Патроклге өз қару- жарағын, әскерiн қосып берiп, майданға аттандырады. Патрокль троялықтарды қала қабырғаларына тықсырып барады. Бұл жеңiс ұзаққа созылмайды. Гектордың найзасы оны мүрдем қаптырады. Марқұмның мүрдесi айналасында ұрыс қыза түседi. Троя сардары оның қару-жарағын шешiп алады. Патрокль денесiн дұшпан қолынан құтқара алмаған грек батырлары бұл хабарды дереу Ахилге жеткiзедi.
Досының өлiмi Ахилдi толғандырады. Батырдың жүрегiндегi ыза орнын, ендi кек басады. Көзiнен қанды жас сорғалаған ол, шайқас алаңына қару-жарақсыз ұмтылады. Биiк төбеге жеткен Ахилл айқай салады. Дұшпан өлiктi тастап, лезде кейiн шегiнедi. Осы кезде Ахилдiң анасы Фетида темiршiлер құдайы Гефестке келiп, ұлына жаңа қару-жарақ жасатады. Ахилге арнайы жасалған қарулар iшiнде ең ғажабы алтын мен күмiстен құйылған қалқан едi. Автор дастанда осы қалқанды суреттеуге ерекше көңiл бөледi. Гефестiң шебер қолдары қалқанды безендiруде грек тұрмысынан алынған таңғажайып өрнектердi қолданады. Бұл үзiндiлердiң ежелгi грек тұрмысын үйренуге тигiзер пайдасы мол.
Ертеңiне Фетида қару-жарақты ұлына жеткiзедi. Бес қаруы түгел Ахилл шайқасқа кiредi. Ендi оны Агемемнонның ызасы да, оның жасаған қымбатты сыйы да, сүйiктiсi Брисеиданың сұлулығы да қызықтырмайды. Ол досының кегiн қайтаруды ғана ойлайды. Арбасына жегiлген тұлпарлардың бiрi көзiнен дамылсыз жас
төгiп, иесiне жақындап қалған қауiптен сақтандырса да, оған мән бермейдi.
Бұл соғыста көк пен жердi мекендегендердiң барлығы қатысады. Аспанда найзағайлар гүрсiлдейдi, жер бетi сiлкiнiп, тiтiркенедi. Ахилл троялықтарға қырғидай тиедi. Жүрегiн кек тырнаған ашулы батыр жолбарыс секiлдi атылып, майданнан өз қарсыласы болған Гекторды iздейдi. Троя батыры болса, Аполлонның жебеуiмен оған кездеспейдi. Троялықтардың бiр бөлiгi қалаға қарай, екiншiсi Ксанф өзенiне қарай қашады. Ахилл олардың iзiнен қуып жетiп, қырып салады. Ксанф өзені оның қылышынан өлген өлiктерге толып қалады. Бұған қаһарланған өзен құдайы Ахилге қарай ұмтылады. Осы кезде темiршiлер құдайы Гефест пайда болып, өзендi бөгеген өлiктердi өртеп, Ксанфтың ашуын басады. Аман қалған троялықтар қалаға жасырынып, бас сауғалайды. Ахилл шайқас алаңынан Гекторды iздейдi. Троя батырын қорғап жүрген Аполлон, Ахилдiң бiрнеше рет жолын тосып, оны шайқастан шеттетедi. Құдайдың айласын сезiп қалған Ахилдiң ызасы күшейе түседi.
Шайқас алаңында троялықтардан Гектордың жалғыз өзi қалған. Приам мен Гекуба қала қабырғасына шығып, ғазиз перзентiнен қорғанға жасырынуын талап етiп, жалбарынады. Бiрақ ар-намыс ажал алдындағы қорқынышты жеңiп, шайқасқа үндейдi.
Ержүрек қаһарманмен бетпе-бет келгенде Гекторды қорқыныш билейдi, жекпе-жек айқастан қашуға мәжбүр болады. Ахилл оның iзiнен қуып келедi. Осылайша, олар қала қабырғаларын үш рет айналып шығады. Олимп тауының шыңында бұл шайқасты тамашалап тұрған Зевс екi батырдың күшiн таразыға тартады. Аполлон сүйiктi батырын тағдыр қолына тапсырып, шайқас алаңын тастап кетуге мәжбүр болады. Гектордың ендi лажы жоқ. Едәуір айқастан соң Гектор Ахилдiң қолынан көз жұмады.
Гекторды өлтiргенiмен, Ахилдiң кегi басылмайды. Қарсыласының өлiгiн арбаға байлап, күнi бойы алаңда сүйреп жүредi. Троя қабырғаларында қарап тұрған Гектордың ата-анасы және бүкiл Троя халқы батырдың қорланғанын көрiп, зар жылайды. Олардың азалы даусы марқұмның сүйiктiсi болған Андромаханың құлағына шалынады. Ол Троя күмбезiне қарай жүгiредi және қайғылы жағдайды көрiп, есiнен танып қалады. Есi кiрген соң жарын жоқтайды.
Дұшпаннан кек қайтарып, көңiлi орныққан Ахилл досы Патроклге ас бередi, Трояның қолға түскен бiрнеше батырын құрбандыққа шалады. Патрокль құрметіне сайыстар өткiзедi. Ахилл күн сайын Гектордың өлiгiн арбаға байлап, Патрокль моласының басында айналып жүредi. Ұлының қорланған денесiн көрген Приам, бағалы сыйлықтармен кешке жақын Ахилдiң құзырына келiп, оның аяғына жығылып, ұлының қанын төккен қолдарын сүйiп, көз жасын төге отырып, мүрденi қайтарып беруiн өтiнедi. Сорлы қарияның зары Ахилдiң жүрегiн жiбiтедi, өзiнiң әкесi көз алдына елестейдi. Қарсыласының өлiгiн бақытсыз әкеге табыс етедi. Дастан Гектордың Троя қаласындағы салтанатты жерлену рәсiмiмен аяқталады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   123




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет