278
бекер емес. Оның өзі де өткендегі серілер сияқты осындай атқа
тезірек ерісуді тілеп, қалқанына мұңды адам суретін салғызбақшы
болғанында, Санчо Панса оған қарсылық білдіріп, бұл нәрсеге
уақыт пен ақша жұмсап отырудың тіпті қажеттігі жоқтығын, өйткені
аштықтан және тістерінен айрылғандықтан, бетіндегі пердесін ашып
тастаса болғаны, оның жүзі онсыз да мұңды әрі аянышты екендігін
айтады. Санчоның бұл сөздері әзіл-қалжың сияқты көрінгенімен, ол
көп мәселелерге шынайы баға беретін.
Серілік романдарға ес-түссіз берілу Дон Кихотты алаңғасарлық
халге түсіргенімен, оның жүрегі таза, пәк, іс-әрекеттері,
талпыныстары адал. Бұл пікірді романдағы мына эпизод толық
дәлелдейді: «Намысы тапталған және байлардан озбырлық
көргендерді қолдау үшін ант ішкен» Дон Кихот жолда қолдары
кісенделген тұтқындарға кездесіп, оларды құтқаруға ұмтылды.
Табиғат еркін жаратқан адамдарды құлға айналдыру үлкен
әділетсіздік, деп оларға бостандық беруді талап етеді. Бірақ,
сақшылар оның талаптарын орындамайды. Бұған ызаланған Дон
Кихот шабуылға шығып, жасақ бастығын, жақсы қаруланбаған
сақшыларды соққыға жығып, тұтқындарды кісеннен құтқарады.
Сервантестің көрсеткеніндей, Дон Кихот «тентекше өмір сүріп,
данышпандарша өледі». «Дон Кихот – жомарт әрі ақылды жан, -
деп жазады Белинский, - ол бүкіл жан-тәнімен өзі сүйген идеяға
берілді. Дон Кихот мінезінің күлкілі жағы оның сүйген идеясы
мен заман талабы ортасындағы қайшылықтан туған болатын. Дон
Кихот нағыз серілік талаптарды терең түсінеді, ол туралы әділ
пікір жүргізеді. Сері ретінде мағынасыз тентектіктермен әрекет
етеді; серілік қағидалардан тыс пікір айтқанда, нағыз данышпандық
танытады. Міне, сондықтан да бұл күлкілі адам тағдырында қандай
да бір қайғы мен аяныш бар...» [107.594]
Достарыңызбен бөлісу: