Оқулық Медициналық жоғарғы оқу орындарының студенттеріне, дәрігер педиатрларға және



бет5/247
Дата07.02.2022
өлшемі7,1 Mb.
#83227
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   247
Байланысты:
Balalar khirurgiasy kaz medical students

Қуан Тұрысбекұлы Жүнісов 1976 жылы С.Ж. Аспандияров атындағы мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1985 жылдан бастап Семей облыстық балалар ауруханасының анестезиология және реаниматология бөлімшесінде анестезио-лог-реаниматолог болып істейді. Жоғарғы санатты дәрігер-анестезиолог, 8 ғылыми мақалалардың авторы.


І. ЖАЛПЫ БӨЛІМ


ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫНЫҢ
ДАМУ ТАРИХЫ

Балалардың бойындағы туа біткен және жүре пайда болған аурулар мен кемшіліктердің себебін (этиологиясын), даму ерекшелігін (патогенезін), белгілерін (клиникасын), анықтау тәсілдерін (диагностикасын), емдеу жолдарын зерттейтін және оларды операция жасау арқылы емдейтін ілімді балалар хирургиясы ілімі деп атайды. Балалар хирургиясы - нәрестелер мен сәбилердің қалыпты анатомиясы мен физиологиясы негізінде олардың өсіп-өнуін зертте, кездесетін аурулар емдейтін және алдын алып, қалпына келтірумен шұғылданатын педиатрия деп аталатын үлкен ғылыми медицина саласының ажырамас бір бөлігі.


Қазақ елінде де балаларды операция жасау арқылы емдеу тәсілдері ертеден басталғаны анық. Мысалы, қол-аяқ сүйектері сынған сәбилердің сынықтарын орнына салу арқылы емдеуді халық арасынан шыққан емшілер, яғни сынықшылар, соқталы іріңді (абсцесс) жарып емдеуді оташылар, суық тиіп немесе iшінe жел қарысқан нәрестелерді емшілер емдегені бәрімізге белгілі.
Жалпы қазақ еліндегі медицинаның дамуы туралы әңгіме қозғаған кезде, бүкіл дүние жүзі ғалымдары терең білімінің алдында бас иген, пip тұтқан, «Адам ағзалары жайлы», «Жануарлар ағзалары жайлы», «Темпераменттер туралы», «Адам ағзалары жөнінде Аристотельмен алшактығы туралы Галеннің пікірінe қарсы жазылған трактат» атты, медицина іліміне тікелей қатысы бар ғылыми, зерттеу еңбектерін жазып қалдырған, бүкіл әлемдік дәрігерлер қауымының үлгі-өнегесіне айналған, сан гасырлар бойы барлық дәрігерлер оқулық ретінде пайдаланып келе жатқан «Медицина негіздері» деп аталатын, теңдесі жоқ бес кітаптың авторы, ұлы шипагер Әбу Әли Ибн-Синаның (Авиценна) ұстазы болған, Аристотельден кейін «Екінші ұстаз» атанган, қазақ халқының ұлы перзенті, киелі бабамыз Әбунасыр Мухаммед Ибн Мухам­мед Ибн Ұзлаг ибн Тархан Әл Фарабидің атын ең бipiншi атап өткен жөн.
Әбу Насыр Мұхаммед 870 жылы Түркстандағы Отырар (Фараб) қаласында туған, сөйтіп туған жерінің атымен Әл Фараби атанған. Медицина мен философиядан Багдатта білім алған. Аристотельдің логикалық шығармасы «Органонға» түсініктемелер жазып «Екінші ұстаз» деген, яғни бipiншi ұстаз Аристотельдің ізбасары деген ең құрметті мәртебеге ие болады (А. Көбесов, 1971; М. М Хайруллаев, 1975; Әл Фараби, 1994).
Қазақстан ғылымына еңбектері сіңген, Фараби ілімін зерттеуші ғұлама ғалымдар Әлкей Марғұлан мен Ақжан Машановтың мәліметтері бойынша, Әл Фараби соқыр ішегі қабынып ауырған адамға алғаш рет операция жасап емдеген екен. Ұлы ұстаз 950 жылы Дамаск қаласында дүние салады.
Ежелгі қазақ жеріндегі медицинаның дамуы туралы сөз болғанда, атын атамай кетуге болмайтын адамның бipеуi — ол XV ғасырда қазақ хандығын алғаш құрған Әз Жәнібек ханның тапсырмасы бойынша, артындағы ұрпағына «Шипагерлік баян» атты медициналық ғылыми кітап жазып қалдырған, ғұлама ғалым, қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы екендігінде дау жоқ. «Шипагерлік баянды» оқып отырған адам, қазақ еліндегі шипалау ілімінің түп төркінi тереңде, ғасырлар қойнауында, тіптi Әл Фарабиден де әріректе жатқанына көз жеткізеді.
Ол кісінің жазып кеткен еңбегіне ой жүгірте отырып, бip замандарда скифтер, сақтар, түркілер, қыпшақтар, қайсақтар, қазақтар аталған көшпенділердің де өз алдына кемелденген медициналық жүйесінің, ғылыми атаулары мен сөздіктерінің, адам анатомиясы мен физиологиясынан хабардар ете алатындай түсініктемелерінің, көптеген аурулардан айықтырып жібере алатындай дәрі-дәрмектерінің түрлері болғанына көз жеткізесің. Бip замандарда жер бетіндегі халықты шыбындай қырғынға ұшыратқан сүзек, қара шешек, оба тәрізді індет ауруларына тосқауыл қойып, ұлтының түп-тұқиянына дейін жойылып кетпеуіне ceбeпшi болған, осындай емшілердің болғандығына таң қаласың.
Мысалы ұлы шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы балаларды шешектен сақтандыруды былайша емдеген. Баланың шешек іріңін алып, бұзаудың шап тepiciн тіліп, қан шыққан соң, сол жерге жағады. Бip жұмадан соң әлгі жер жұдырықтай болып томпаяды, ісінеді. Томпақты жарып, қуысты қамыс қурай көмегімен бүйрек қабына құйып, күн тимейтін салқын орынға қойып, ағашты қаламдай үшкірлеп, баланың бiлeгiнe жағып, сол жерді инемен сызып қойса болғаны» — дейді (Өтейбойдақ Tiлeyқабылұлы, «Шипагерлік баян», Алматы, «Жалын», 1996, 19 бет). Әлемдік өркениеттіліктің (цивилизация) дамуына «мың өліп, мың тірілген», «көшпенділер» аталған, ержүрек қазақтардың да үлесі бар екендігіне көзiң жеткен сайын, мақтаныш ceзiмi билеп, жігерлене түскендей боласың.
Ұлтымыздың ежелден келе жатқан дәcтүpлi медицинасында, емшілер аурулардың бeлгiлepiн оның бетәлпетіне, көзінe, тіліне, өне-бойына қарап, тамырын ұстап, алақанын ашып көріп, денесін, iшін сылап-сипау арқылы анықтаған, сөйтіп диагноз қойып емдеген.
Емдеу барысында емнің әр түрлі тәсілдерін пайдаланған. Дәpi-дәpмeктepдi, көбінесе дәpiлiк шөптерден, малдың, жан-жануардың, жәндiктepдiң eмдік қасиеті бар ағзаларынан жасап пайдаланған.
Дегенмен де әр түрлі тарихи оқиғалардың кepi әсер етуіне байланысты, соңғы бip ғасырға жуық уақыт ішінде, ел арасында халық eмшілігi дәстүрі дамымай қалды, көпшілігi ұмытылды. Тек соңғы жылдары ғана қайта жандана бастағандай сыңай бар.
Қолдағы бар мәліметтерге қарағанда XIX ғасырдың аяғында Peceйдiң отары боп келген Қазақстандағы бала өлімінің көрсеткішi өте жоғары деңгейде болған. Мысалы, 1892 жылы бала өлімі 64%-ке жетіпті (К.С.Ормантаев, 1973 ж.).
Біздің елімізде балаларға арналған мамандандырылған арнайы дәрігерлік көмек беру 1930 жылдан бepi басталған тәрізді. Оның ішінде балаларға берілетін хирургиялық көмеқ ең бipiншi рет 1938 жылы Қазақстан мемлекеттік медицина институтының госпитальдық хирургия кафедрасы орналасқан ауруханада, балаларды жеке-дара емдеу үшін арнайы 4 төсек бөлуден басталған. Ол кезде кафедра меңгерушісі профессор В.В.Зикеев болатын.
Ал 1941 жылы хирургиялық кеселдері бар балаларды емдеуге арналган 8 төсектік жеке палата бөлінеді. Алғашында балаларды емдеуді жалпы хирургиялық бөлімнің дәрігерлері жүзеге асырады. Сәбилерді күтіп, тамақтандырып, бағып-қарау үшін, арнайы орта буындағы медицина қызметкерлерін оқытып, дайындауға кіріседі.
Бұл жұмысты басқару ici, балалар хирургиясы бойынша Мәскеуден арнайы білім алып, маманданып, келген осы кафедраның ассистенті Евдокия Давыдовна Черкасоваға жүктеледі.
Балалардың анатомиялық-физиологиялық айырмашылықтарын және оларды емдеудің ерекшеліктepiн жетік түсініп, тәжірибе жинақтай келе, оларды ересектерден бөлек, арнайы дайындалған мамандық иелерінің емдегендері әлдеқайда тиімді екеніне көздері жеткен соң, біртіндеп төсектің санын да көбейте түседі. 1946 жылы балаларды емдеуге арналған төсектің саны 18-ге жетеді. Осы кезден бастап балалар дәрігерлерін дайындайтын (педиатрия) факультеттің студенттерін, ау­ру балаларды көрсете отырып оқыту үшін, доценттік курс ұйымдастырылады.
Қазақстанда бipiншi рет, 1951 жылы, госпитальды хи­рургия кафедрасы орналасқан ауруханада балаларды емдеуге арналған 40 төсектік жеке бөлім ашылады. Оның бipiншi меңгерушісі болып И.А. Абрамова бекітіледі. Е.Д.Черкасова 1949 жылы «Балаларда кездесетін ми жарығының этиологиясы, патогенезі, клиникасы, емдеуі» деген тақырыптағы, медицина ғылымының кандидаты дәрежесін алуға арналған диссертациясын қорғайды.
1957 жылы Алматы мемлекеттік медици­на институтының құрамында, 50 төсектік клиникалық базасы бар, алғашқы балалар хирургиясы кафедрасы ұйымдастырылды. Кафедра меңгерушісі болып медицина ғылымының кандидаты, доцент Е.Д.Черкасова, кафедраның доценті болып И. Раушанбах, ассистенттері болып В.П.Кузнецова мен О.Я.Чичасова тағайындалады.
Ал 1964 жылы дәрігерлердің білімін жетілдіру институ­тында балалар хирургиясының доценттік курсы ашылады да, оның меңгерушici болып м.ғ.к. доцент Галина Иоси­фовна Раушанбах (1914—1968) бекітіледі. Ол кандидаттық диссертациясын «Бүйрегінде хирургиялық кеселі бар аурулардың бауырының антитоксикалық функциясы» («Антитоксичная функция печени при хирургических забо­леваниях почек») деген тақырыпта қорғаған. Курс ассистенттepi болып алғашында балалар xиpypri Т.Т.Молдабаева, кейіннен Б.Б.Жұмагұлов қабылданады.
1964 жылы шілдеде шыққан ҚСРО денсаулық сақтау министрлігінің «КСРО-дағы балаларға көрсетілетін хирургиялық көмекті жақсарту шаралары» деген № 400 бұйрығына сәйкес, Қазақстандағы балалар хирургиясына арналған төсектің саны 1964—1973 жылдары 1200-ге, республикада жұмыс істейтін балалар хирургтерінің саны 130-ға көбейтіледі. Сонымен бipre балалар хирургия кафедрасы Қарағандының медицина институтында ашылып, меңгерушісі болып м.ғ.к., доцент Е.С.Кужекеев, Семейде ашылып, меңгерушісі болып м.ғ.к., доцент З.А.Аханзарипов, Ақтөбеде ашылып, меңгерушісі болып м.ғ.к., доцент Э. А. Рудин сайланады.
Осыған байланысты Алматыдағы балалар хирургиясы кафедрасы орналасқан № 1 қалалық клиникалық балалар ауруханасындағы хирургиялық аурулар емделетін төсектің саны 1964—1973 жылдары 240-қа жетеді.
Балалар хирургиясы кафедрасы ашылғаннан бастап-ақ болашақ маман иелерін дайындау үшін, балалар хирургиясы ілімін одан әpi дамыта беру үшін, жоғарғы курс студенттеріне арналған ғылыми үйірме жұмыс icтей бастайды. Үйірменің белсенді мүшелерінің бipi болған педиатрия факультетінің студенті Камал Сәруарұлы Ормантаев 1958—59 жылдары Ресейдің Нижний Новгород (ол кезде Горький) пен Саратов қалаларында өткен студенттер мен бала хирургтерінің Бүкілодақтық ғылыми конференцияларында баяндамалар жасап көзге түседі. «Қорғасынмен уланған иттен қайталап қан ағызғандағы оның организмінің реакциясы» (Горький қаласы, 1958 ж.), «Іштен туа біткен маймақ табанға арналған сұрақтарға орай» (Саратов қаласы, 1959 ж.) атты ғылыми-зерттеу еңбектері жарық көреді.
Сол арада Ресейдегі балалар хирургиясы мектебі мен ілімінің негізін салушы дүние жүзіне аты әйгілі ғалым, профессор Сергей Дмитриевич Терновскиймен танысып, ақсақалдың ақ батасын алады.
Ал С.Д.Терновский (1896-1960 жж.) болса, қарапайым ординатордан бастап профессорлыққа, одан СССР-дың медицина ғылым академиясының (MFA) мүше-корреспонденттігіне дейін көтерілген, «Балалар хирургиясы» атты үш рет (1949, 1952, 1959 жылдары) қайта басылып шыққан оқулықтың авторы, eciмі бүкіл әлемге әйгілі балалар хирургі еді. Кейіннен ол кісінің тәрбиелеген шәкірттерінің өзі Кеңестер Одағының ең атақты балалар хирургтары мен денсаулық сақтау ісінің шебер ұйымдастырушылары болады.
К. С. Ормантаев институтты бiтipгeн соң №1 қалалық клиникалық балалар ауруханасында, алғашында ор­динатор, содан соң бөлім меңгерушісі қызметін атқара жүріп, кейін госпитальды хирургия кафедрасының меңгеpyшici, белгілі педагог, шебер хирург, профессор М.И.Брякиннің жетекшілік етуімен аспирантураға түседі. Ал 1966 жылы Қазақстанда бipiншi болып, балалар хирургиясы саласында, қазақ ұлтының өкілі Камал Сәруарұлы Ормантаев, «Балалар миының шайқауын сипаттайтын мәліметтер» деген тақырыпта, медици­на ғылымының кандидаттығына арналған диссертация қopғaйды. Сөйтіп ба­лалар хирургиясы ілімінің қазақ топырағында аяғынан тік тұрып кетуіне, кең құлаш жайып дамуына біраз болса да алғашқы үлесін қосады.
К. С. Ормантаевтың шебер хирург, зерттеуші ғалым ретінде, өз icінe шын берілген азамат ретінде тәрбиеленіп, ер жетуіне тікелей ықпалын тигізген, алғашқы рухани ұстазы, профессор Михаил Иванович Брякиннің (1902—1985 жж.) еңбегі зор болды.
Ал, профессор М.И.Брякиннің мектебінде тәрбиеленген хирургтердің жақсы дәстүрлерінің, шәкірттерінің бipi К.С.Ормантаев өзi басқарып отырған балалар хирургиясы клиникасында бұлжытпай жалғастыруда.
Ол дәстүрлердің ең басты шарты: хирургтердің арасындағы бұрыннан қалыптасқан, темірдей «жартылай әс­кери» тәртіпті қатаң сақтай отырып, ауруға барынша адал болу, сауатты ем жүргізіп, қатесіз операция жасау, қалтқысыз еңбек ету, өтipiк айтпау, абайсызда жіберген қатесі болса әріптестерінің алдында мойындай білу, білімін жетілдіру, тәжірибе жинап, шеберлігін арттыру, адамгершіліктің қағидаларынан аттап қарапайым халыққа қиянат жасамау.
1968 жылы м.ғ.к., доцент Е.Д.Черкасованың зейнетке шығуына байланысты, кафедра мeңrepyшіci болып м.ғ.к., доцент К. С. Ормантаев бекітіледі. Дәл осы кезеңнен бастап Қазақстандағы балалар хи­рургиясы ілімінің дамуы жаңа бағытқа бетбұрыс жасайды. Республикамызда балалар хирургиясы ілімінің ме­дицина ғылымының баска салаларымен салыстырганда әжептәуір кенжелеп калғанына көзі жеткен К.С.Ормантаев, Қазакстандағы балалар хирургиясы ілімінің ғарыштап өciп, дамуы үшін оның жұмысын мүлдем жаңа ғылыми жолға қояды.
Кафедра ашылған күннен бастап, осы уакытқа дейін, оның бұрынғы аз ғана топ қызметкерлерінің бала хирургиясының тек практикалық жағына ғана көңіл бөліп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын мүлдем қолға алмағанын байқаған жас ғалым, осы саланы дамыта бас­тайды.
Медицина, оның iшіндe педиатрия мен бала хи­рургия саласы күнделікті сараптауды, салыстырмалы зерттеуді, сөйтіп емделіп, сауығып шыққан аурулардың нәтижелері бойынша, белгілі бip қорытындыға келіп, оның жақсы жақтарын тікелей icкe асырып, жаман жақтарын қалдырып отыруды қажет ететін ілім екеніне, сонау сту­дент кезінде-ақ көңіл аударып маңызын айқын түсінген Камал Сәруарұлы кафедраның меңгерушісі болып сайланған бipiншi күннен бастап-ақ, Қазақстандағы балалар хирургиясы ілімін жан-жақты дамытуға бел буады да, алдын ала жоспар жасайды. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, ол кісі үлкен icтi бастамас бұрын, ceнiп тапсырған iciн бұлжытпай алып кете алатындай талантты, талабы бар, еңбекқор бала дәрігерлерінен өзіне шәкірттер таңдайды. Білімді, білікті, мәдениетті, қолдары шебер маман иелерін дайындауға кіріседі.
Қазақстандағы жаңадан ғана шаңырақ көтерген балалар хирургиясының іргетасын бeкiтіп, сапасын арттырып, ғылымын дамытып, атақ-даңқын сол кезден Бүкіл Одаққа аттары белгілі Мәскеудегі Ю.Ф.Исаков, С.Я.Долецкий, Санкт-Петербургтегі Г.А.Баиров басқарып отырган іргелі кафедралардың деңгейіне жеткізуді мақсат етеді.
Осы мақсатпен сол кездегі Кеңес Одағының астанасы Мәскеудің ipi ғылыми-зерттеу орталықтарымен байланыс жасап, атақты ғалымдармен, балалар хирургтермен, анестезиологтарымен танысып, жастарды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, білімдерін жетілдіріп, шеберліктерін арттырып, тәжірибе жинап қайту үшін сол орталықтарға оқуға жібере бастайды.
Өзі де КСРО Ғылым Академиясының педиатрия ғылыми-зерттеу институтына, докторантураға түciп, әйгілі ғалым С.Д.Терновскийдің шәкірті болған, аса көрнекті бала хирургі, Ресейдің ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, медицина ғылымының докторы, профессор Анатолий Георгиевич Пугачевты жетекшілік етуімен «Балалардың eкі өкпесінің созылмалы іріңді ауруларын хирургиялық жолмен емдеу» деген тақырыпта 1971 жылы Қазақстанда 6ipіншi болып 35 жасында диссертация қорғап, медицина ғылымының докторы, ал 1972 жылы профессор деген атаққа ие болады.
Осы арада Қазақстандағы педиатрияның, оның ішінде балалар хирургиясының дамуына үлкен көмек көрсетіп, қолғабыстарын тигізіп, ақыл-кеңестерін бepiп, көптеген ipi ғалымдарымыздың теориялық жағынан пісіп жетілуіне, білім алып, іс-тәжірибелік шеберліктерін арттыруына зор үлестерін косқан, Ресей медицина ғылым академиясы (ол кездегі Кеңес Одағының) педиатрия ғылыми-зерттеу институтының директоры, дүние жүзіне аты белгілі, педиатрия ғылымының ipi өкілі, академик М.Я.Сту-деникиннің, сол институттың балалар хирургиясы бөлімінің мeңrepyшici профессор А.Г.Пугачевты, балалар проктологы А. И. Ленюшкиннің, балалар хирургы, портальды гипертензия кеселінің қас шебepi А.Ф. Леонтьевтің, патоморфолог И.Н.Патапованың, уролог П.К.Яцыктың, нефролог В.И.Наумованың аттарын ерекше атап өткен жөн.
Қазақстандағы балалар хирургиясының дамуына ерек­ше ықпалын тигізген, қазақ дәpігepлepiнiң арасынан өзіне лайық көптеген iзбacap шәкірттep дайындаған (ака­демик К.С.Ормантаев, профессор Т.А.Жумабеков, доценттер Т.М.Мырзабеков, С. Ешмухамбетұлы, Д.Т.Турсынов, Г.Ж.Мусин т. б.), аты дуние жүзіне белгілі ғалым, қолы шебер балалар хирургы, жиырмаға жуық монографиялар мен кітаптардың авторы, хирургияның әр саласына қосқан қомақты үлесі бар, Ресей ғылымына еңбек сіңген қайраткер, профессор Анатолий Георгиевич Пугачевты ұлы eciмi қазақ медицинасының тарихында мәңгiлiк қалатындығында күмән жоқ.
А. Г. Пугачев 34 жасында «Жаңа туған нәрестелердің iшек өтпеуі» деген тақырыпта докторлық диссертациясын корғап, бip жылдан кейін профессорлық атаққа ие болады. Ол кісінің жазған:
1970 жылы Мәскеудегі КСРО медицина ғылым академиясы, педиатрия ғылыми-зерттеу институтында балалар хирургиясы мен анестезиология саласы бойынша аспирантурада оқыған Төребек Мырзабекұлы «Eкі өкпeci созыл­малы ауруға шалдыққан балаларды хирургиялық тәсілмен емдеудің нәтижесі» деген тақырыпта (ғылыми жетекшілер А.Г.Пугачев, К.С.Ормантаев), Төлеген Алтайұлы Жұмабеков «Өкпелері спецификалық кеселге тән емес созылмалы ауруларга шалдыққан балаларға жасалған операциядан кейінгi ерекшеліктері» (ғылыми жетекшілері А.Г.Пугачев, О.Д.Кузьминов) деген тақырыпта кандидаттық диссертациялар қорғап, Алматыға оралады.
К.С.Ормантаевтың тікелей ұйымдастырып, жетекшілік етуімен балалар хирургиясының барлық салалары бойынша жан-жақты, тереңдетілген, орнықты ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде 110 медицина ғылымынң кандидаты, 11 ғылым докторы дайындалды.
Балалар хирургиясының әр саласы бойынша жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері мен тұжырымдары кафедра қызметкерлерінің қатысуымен жазылып, К.С.Ормантаевтың редакциялауымен жарық көрген 13 ғылыми еңбектер мен конференциялардың жинағында жан-жақты баяндалған. Сонымен қатар К.С.Ормантаевтың тікелей авторлығымен жазылған бала хирургиясының көкейкесті мәселелері, Бүкілодақтық деңгейде шыққан бірнеше жетекші кітаптар мен 9 монографиялардың бөлімінде және шәкірттерімен бірігіп жазған ең құнды 7 монографиясы мен 310-ден астам ғылыми мақалаларында да сипатталады.
Бүкіл балалар хирургтары қолдарынан тастамай оқитын, күнделікті жұмыстарында нұсқау ретінде ақыл-кеңес алып отыратын академик К.С.Ормантаевтың ғылыми еңбектеріне мыналар жатады: «Балалардағы ми шайқалуы» (1969); «Балалардың екі өкпесінің созылмалы іріңді аурулары» (А.Г.Пугачевпен бірге, 1973); «Балалардың зәр тасы ауруы» (О.Я.Чичасовамен бірге, 1975); «Балалар травматологиясы» (Р.Ф.Марковпен бірге, 1978); «Балалардың остеомиелиті кезінде сүйек қуысын жуу»(Т.Ж.Сұлтанбаевпен бірге, 1979); Балалардағы ең ауыр бас сүйек-ми жарақаты»(1982); «Экология және ана мен бала денсаулығы» (С.Н.Ешмұхамбетовпен бірге, 1992).
Ақмола медицина академиясында 1972 жылы балалар хирургиясы курсы, ал 1984 жылы балалар хирургиясы ашылып, профессор Г.Н.Нейков басқарды. Астана қаласындағы Қазақ мемлекеттік академиясында 2002 жылдан бастап кафедраны профессор Ә.Е.Ерекешов басқарады.
Ақтөбе қаласында балалар хирургиясы курсы 1970 жылы, балалар хирургиясы кафедрасы 1974 жылы ашылды. 1970 жылдан 1974 жылға дейін кафедра меңгерушісі м.ғ.к., доцент Э.П.Рудин болды. 1974 жылдан 1986 жылға дейін кафедраны Т.Ж.Сұлтанбаев басқарды. 1986 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Б.Қ.Дженалаев басқарады.
Қарағандының мемлекеттік медицина академиясының балалар хирургиясы кафедрасын профессор А.Б.Марденов басқарады.
Оңтүстік Қазақстан медицина академиянда балалар хирургиясы кафедрасын А.Қ.Қарабеков басқарады.
1974 жылы Семей мемлекеттік медициналық институтының құрамында Облыстық балалар ауруханасы базасында балалар хирургиясы бойынша доценттік курс ұйымдастырылды. Доценттік курстың меңгерушісі болып тәжірибелі хирург, медицина ғылымының кандидаты Кох А.А тағайындалды. 1975 жылы Семей мемлекеттік медициналық институтында балалар хирургиясы кафедрасы ұйымдастырылды. Кафедра ұйымдастырылған кезден бастап 2002 жылға дейін медицина ғылымының докторы, профессор Аханзарипов Заманбек Аханзарипович кафедра меңгерушісі қызметін атқарды.
2002 жылдың қыркүйек айынан бастап балалар хирургиясы курсының жетекшісі медицина ғылымының докторы, профессор Дюсембаев Азат Ануарбекович болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   247




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет