Сын есімнің жалпы сипаттамасы Тіліміздегі заттың түрлі сындық белгілерін, салмағын, сапасын, сипатын, түсін, түрін, көлемін, аумағын сан алуан қасиеттерін білдіретін сөздер үлкен бір топ құрайды. Осы топқа жататын сөздердің лексикалық мағыналарының жалпылануы, абстракциялануы нәтижесінде оларда заттың сындық белгісін білдіретін жалпы грамматикалық мағына пайда болады. Заттың сындық белгісін байқататын жалпы грамматикалық мағына сын есім деген жеке сөз табын тануға мүмкіндік береді. Сондықтан ғылымдағы сөздерді таптасты-рудың бірінші белгісіне, яғни семантикалық ұстанымға сәйкес - "сын есім неше алуан сыр-сипатпен байланысты ұғымдарды білдіретін сөздердің лексика-грамматикалық тобы әрі зат есімнен кейінгі есесі де, еншісі де мол сөз табы" болып табылады.
Сөз таптарының морфологиялық сипатын сөз еткенде, алдымен олардың құрылымы, екінші жасалу тәсілі, одан соң түрлену жүйесі ескерілуі керек. Осы тұрғыдан келгенде сын есім құрылымы жағынан жалаң және күрделі болып бөлінеді. Ал жалаң сын есімдер өз ішінде негізгі сын есімдер және туынды сын есімдер болып бөлінсе, күрделі сын есімдер біріккен, қосарланған, тіркескен сын есімдер болып бөлінеді.
Сын есімдер морфологиялық (синтетикалық), синтаксистік (аналитикалық), морфологиялық-синтаксистік (семантикалық) тәсілдер арқылы жасалады. бірақ бұл мәселе сөзжасамда қаралатындықтан, бұған тоқталмаймыз.
Сөздерді топтарға бөлгенде олардың грамматикалық сипатын ашатын белгілердің бірі ретінде сөздердің түрлену жүйесі де ескеріледі. Мысалы, зат есім өзінің көптелу, тәуелдену, септелу жүйелері арқылы басқа сөз таптарынан ажыратылады. Бірақ сын есімде мұндай түрлену жүйесі жоқ, яғни сын есім өзінің негізгі қызметіне сай зат есімге тіркесіп, оны анықтағанда, ешқандай өзгеріске ұшырамайды. Сондықтан сын есім түрленбейтін сөз табына жатады. Сын есімнің тұлғалық өзгеріске түспеуі, түрленбеуі сөздерді таптастырудың морфологиялық ұстанымына байланысты белгісі болып есептеледі, өйткені "түрлену жүйесіне (немесе оған қарама-қайшы түрленбеуге) негізделген категориялық грамматикалық мағына жүйесі мен грамматикалық категорияларының болу-болмауы сөздерді таптастырудың екінші негізгі (морфологиялық) принципі ." Бірақ сын есімде басқа сөз таптарында кездеспейтін шырай категориясы бар.
Ғылымда қалыптасқан қағида бойынша жеке сөз табы болатын сөздер сөйлемде белгілі қызмет атқарып, басқа сөздермен байланысқа түседі. Осы тұрғыдан келгенде сын есім зат есімдермен тіркесіп, сөйлемде анықтауыш қызметін атқарады. Олай болса сын есімнің белгілі сөйлем мүшесі бола алу қабілеті - оның синтаксистік ұстанымға сай белгісі.