Сын есімнің семантикалық топтары
Өмірдегі заттардың сындық белгілері өте көп, қасиеттері де сан алуан. Сонымен байланысты сын есімдер заттың әр алуан сыр-сипаттары мен белгілерін тікелей де, басқа заттардың қатыстары арқылы да білдіреді . Сол себепті сын есімдер семантикалық жағынан үлкен екі топқа бөлінеді: 1) сапалық сын есімдер; 2) қатыстық сын есімдер.
Сын есімдерді мағыналық жағынан осылай екі топқа бөлу- ертеден келе жатқан дәстүр. Мысалы, А.Байтұрсыновтың Тіл-құрал" оқулығының 1915 жылы шыққан 2- бөлімінде сын есімдерді тек сыны, сыр сыны деп екіге бөлген және ғалым бұлардың әрқайсысына сипаттама берген. "Тек сыны нәрсенің тегін көрсетеді," - дей келіп, оған ағаш аяқ, күміс қасық, алтын жүзік т.б. мысалдарды келтірген.
Ал "Сыр сыны нәрсенің ішкі, тысқы сырын, реңін яғни түрін, түсін, тегін, тұлғасын, пішінін, жайын, күйін көрсетеді,"-деп, биік, аласа, жуан, жіңішке, толық, нәзік, арық, семіз, қызыл, көк секілді мысалдармен көрсетілген. Әрине тек сынына келтірілген мысалдарда түбір күйіндегі екі зат есім бір-бірімен тіркесіп келіп, бірін-бірі анықтап тұр, яғни аяқтың ағаштан, қасықтың күмістен, жүзіктің алтыннан жасалғанын білдіріп, анықтауыштық қызметте түр, бірақ олар(ағаш, күміс, алтын) сын есім емес, сөз табы жағынан зат есім сөздер екендігі кейінгі ғалымдар еңбектерінде дәлелденген жайт
Ал сыр сынына берілген анықтама, мысалдары қазіргі оқулықтардағы сын есімнің сапалық деген мағыналық тобына келеді, сондықтан ғалымның сын есімдерді осылай топтап атауының үлкен мәні бар.
Сын есімнің шырай категориясын арнайы зерттеген (1951) және 1957 жылғы академиялық грамматикада "Сын есім" тақырыбын жазған Ғ.Мұсабаев сын есімдерді сапалық және қатыстық сын есімдер деп екіге бөлген.
Достарыңызбен бөлісу: |