«Өзін – өзі тану» курсының тақырыптық жоспары
Адамның жеке тұлғалық әлеуетін мақсатты түрде және кеңінен ашуға бағытталған рухани-адамгершілік білім беру ұлттық білім беру жүйесін дамытудың басты бағыты болып отыр.
Жеке тұлғаның психологиялық, рухани, тәндік, әлеуметтік және шығармашылық дамуының үйлесімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін рухани-адамгершілік тәрбие білім беру жүйесінде өзін-өзі тану пәні арқылы жүзеге асады.
Болмыстың табиғи және жаратылыс аспектісі тұрғысынан қарастырылатын адам біртұтас үдеріс ретіндегі өзін-өзі танудың нысаны болып табылады. Адам болмысы күрделі жүйе болғандықтан, ол өзін жеке тұлға, сол сияқты іс-әрекет субъектісі және жеке дара субъект ретінде көрсетеді. Адамның осы қырларының біртұтас болуы оның өзін-өзі анықтау, өз маңыздылығын арттыру, өзін іс жүзінде көрсете білу және өзін-өзі жетілдіру аспектілерінен тұратын үйлесімді дамуды қамтамасыз етеді.
Бұл нысан өзін-өзі танудың пәндік саласын анықтайды, оқу пәнінің танымдық, дамытушылық және тәрбиелік қызметтерін айқындайды.
Өзін-өзі танудың пәндік саласы әр оқушының ішкі жан-дүниесін байытуы және өзіндік қайталанбас жеке даралығын пайымдауы арқылы табиғи қабілеттіліктері мен жасампаздық әлеуетін ашуға бағытталған мақсатты білім беру үдерісін ұйымдастыруды көздейді. Өзін-өзі тану пәнінің оқу-әдістемелік құралдары оқушылардың қоғамға және өз-өзіне қызмет етуіне бағытталып, олардың жасампаздық белсенділігін танытуға мүмкіндік беретін өмірлік маңызы бар, кең ауқымды біліктілік дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі.
Өзін-өзі тану бойынша білім берудің негізгі мақсат-мүдделері мынадай:
адамның өзіндік бейімділіктерін ашу және оның темпераментін, мінез-құлқын, қабілеттерін ескере отырып, оны жеке тұлға ретінде, іс-әрекет субъектісі әрі жеке дара субъект ретінде дамыту;
оқушылардың өзіне, қоршаған ортаға және бүкіл адамзатқа деген қарым-қатынасын айқындайтын адамгершілік мінез-құлықтарының, әлеуметтік маңызы бар бағдарларының негізін қалыптастыру;
қоғамға қызмет етуге бағытталған мәселелерді шешуде жеке тұлға құндылықтарын, алған білімдерін іс жүзінде шығармашылықпен қолдану дағдыларын қалыптастыру.
«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім берудің жалпы мақсаттары:
өзінің өмірлік айқындамасын анықтау;
түрлі мәселелерді адамгершілік қағидаларға сәйкес сындарлы түрде шешу;
өзіне, адамдарға және қоршаған әлемге ізгілікті қарым-қатынас жасау;
адамдарға көмек көрсету, туыстарына және жақындарына мейірімді, қамқор болу;
өзімен-өзі үндестікте өмір сүру, ойы, сөзі және іс-әрекеттерінде шынайы болу;
жасампаздық пен белсенділік, азаматтылық және елжандылық таныту;
өз ойын, сөзі мен ісін адамгершілік тұрғысынан таңдауға дайын болу және оған жауапты болу;
қоғамға қызмет ету дағдыларын іс жүзінде дамыту.
Мектеп бітірушілердің негізгі біліктері білім беру үдерісіне қатысушылар (оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар, қоғам) үшін бағыт-бағдар береді және өзін-өзі тану пәнінің мазмұнын анықтауға, сол сияқты рухани-адамгершілік білім беруді ұйымдастыруға негіз болады.
Білім берудің бастауыш, негізгі және жоғарғы сатылары үшін өзін-өзі тану бойынша ұсынылып отырған бағдарламада қарастырылған міндеттер, атап айтқанда:
оқушылардың өз-өзіне, адамдарға және қоршаған ортаға деген құндылық қарым-қатынастарын, айналасындағы адамдарға деген сезімталдық және кішіпейілдік таныту қабілеттіліктерін ашу;
өзін, өзгелерді, әлемді және адамзатты танып-білу, өзінің өмірдегі орнын түсіну, өзіне және басқаларға жақсылық пен сүйіспеншілік таныту ниеттерін дамыту;
өзін дәріптеу, өзіне сену, өз ойы, сөзі және іс-әрекеті үшін жауапкершілік сезімдерін дарыту;
адам мен ішкі және сыртқы ортаның өзара байланыстылығын, оның табиғатпен біртұтастығын, тән және жан саулығының бір-бірімен тығыз байланыстылығын түсіну, салауатты өмір сүрудің негізі ретінде өзінің дене және психикалық күйін реттеу қабілеттіліктерін арттыру;
әлеуметтік айқындамалар мен рөлдердің көп қырлылығы тұрғысынан өзінің әрекеттері мен мінез-құлықтарын реттеуде терең ойланып, сезіне білу қабілеттіліктерін дамыту;
белгілі бір мағынадағы ақпараттарды жинау және оған талдау жасау үшін өзінің білімін, білігін және дағдысын қолдана білу; жағдаятты бағалау; жалпы адамзаттық және этно-мәдени құндылықтарға қайшы келмейтін жеке шешім қабылдау үшін өзінің көзқарасын білдіру қабілеттіліктерін дамыту;
күнделікті өмірде нақты мәселелерді шешуде жасампаздық белсенділік таныту; адамгершілік нормаларына сәйкес алға қойылған міндеттерді сындарлы шешу үшін ұжымда бірлесе еңбек ету және топпен, командамен жұмыс істеу іскерлігін дамыту бұл мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Өзін-өзі тану пәнінің құрамы мен құрылымы аталған міндеттерді орындауға бағытталып, 1-11 сыныптарға білім берудің базалық мазмұнын анықтайды.
Өзін-өзі тану пәнінің мазмұны төмендегі дидактикалық негіздемелерге сәйкес іріктелді:
рухани-адамгершілік білім берудің жалпы мақсаты адамның қабілеттіліктерін ашуға, оның дене, психикалық, рухани, әлеуметтік және шығармашылық әлеуеттерін үйлесімді дамытуға бағытталған;
өзін-өзі тану пәнінің білімдік мақсаттары оқушылардың бойында зияттылық, ақпараттық, коммуникативтік және рефлексивтік мәдениеттерді дамытуға ықпал етуді қарастырады;
күтілетін нәтижелердің көп деңгейлі жүйесі жалпы орта білімнің жинақтап келгенде оқушылардың оқу жетістіктерінің алты кезеңіне сәйкес және оқушылардың оқу жетістіктерін қадағалау мен бағалауға мүмкіндік беретін әр сыныптан соң (1,2,3, 4,5, 6, 7,8, 9,10, 11 сыныптардан кейін) қойылған мақсат ретіндегі оқушылардың адамгершілік мінез-құлқы негіздерін қалыптастыруды көздейді.
Пән мазмұнының логикалық құрылымын өзін-өзі тану бойынша күтілетін нәтижелер жүйесі негізінде анықтауға:
1) жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесі:
а) өзін-өзі тануға: махаббат, денсаулық, еркіндік, бақыт, еңбек, тән мен жан үндестігі;
ә) өзгелерді тануға: отбасы, достық, сыйластық, теңдік, бауырмалдық, диалог, өзара түсіністік, ынтымақтастық;
б) әлемді тануға: табиғат, Отан, әлем, өмір, Бүкіл әлеммен үндестік, сенім, үміт;
в) адамзаттың рухани тәжірибесін тануға: ақиқат, жер адамзаттың ортақ үйі, шығармашылық, мәдениет, адамзатпен бірігу.
2) жеке тұлғаның негізгі қасиеттері:
а) өзіне қатысты: махаббат, адамгершілік, жан тазалығы, өзін сыйлау, дербестік, еңбекқорлық, өзіне сенімділік, мақсаткерлік;
ә) өзгелерге қатысты: жауапкершілік, көпшілдік, елгезектік, әділдік, төзiмдiлiк, сыпайылық;
б) әлемге қатысты: қамқорлық, білімге құштарлық, танымдық, махаббат, қайырымдылық, қоғамға қызмет ету;
в) адамзатқа қатысты: елжандылық, оптимистік, дәстүрді жалғастыру, болашаққа ұмтылу, зор жауапкершілік.
3) адамзат жинақтаған әлеуметтік тәжірибенің құрамдас бөлiктері: әлемдік мәдениет, халықтар даналығы, білім мен ғылым мүмкіндік береді.
1. Адамның өзін-өзі тануы
2. Адам және қоғам
3. Адам және қоршаған орта
4. Адамзаттың рухани тәжірибесі
тәрізді төрт тарауды қамтитын базалық мазмұн Өзін-өзі тану, өзгелерді тану, әлемді тану, адамзатты тануға құралған мазмұндық желілерді нақтылайды.
Аталған тараулар өзін-өзі тану үдерісінің түйінді бағыты болып табылады, өйткені олар адам өмірінің логикасына, жалпы адамзаттық жүйеге толықтай сәйкес келеді және жеке тұлғаның рухани-адамгершілік қасиеттерін дамытуға, өзін-өзі танып, өзін-өзі іс жүзінде мейлінше көрсете білуге айтарлықтай мүмкіндік береді.
Бұл тараулар мектептің түрлі сатыларындағы оқыту мазмұнын, оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, нақты бірізділікпен құрылған.
Өзін-өзі тануды жеке міндетті пән ретінде оқыту оқу жоспарының инвариантты бөлімінде 1-11-сыныптарда аптасына 1 сағаттан, әрбір сыныпта бір жылға барлығы 34 сағаттық оқу жүктемесі көлемінде жүзеге асырылады.
Вариативті оқу жүктемесінің 1-2 оқу сағаты бастауыш мектепте таңдау бойынша сабақтарда, негізгі мектепте таңдау бойынша курстарда және мектептің жоғарғы сатысындағы бейімдік оқыту жағдайларында, қолданбалы курстарда пайдаланылады. Модульдік принцип бойынша жобаланған осы курстардың өткізілу уақыты (34 сағаттан 68 сағатқа дейін) мен сипаты әр түрлі болуы мүмкін.
Вариативті, инвариантты бөлімдердегі жүктемеге сәйкес оқу әрекеті және сыныптан тыс және мектепішілік шаралардың барлығы оқушылардың қоғамға қызмет ете білу дағдыларын меңгертуге бағытталуы тиіс.
Бағдарламада жалпы орта мектептегі деңгейлер мен сыныптар бойынша жалпыадамзаттық құндылықтар туралы негізгі түсініктер мен жеке қасиеттерді дамыту өзара сабақтастықта қарастырылған. Сонымен қатар бұл бағдарлама өзін-өзі танудың басқа жалпы білім беретін пәндермен байланысы арқылы салауатты өмір салтын, адамгершілік қасиеттерін, экологиялық санасын, эстетикалық курстарды қалыптастыру тұрғысынан пәндер мазмұнын ықпалдастыруды іске асыруға да негіз болады.
Сонымен бірге бағдарлама мазмұны өзін-өзі танудың мақсат-міндеттеріне әсер ету үшін оқытудың бірқатар әдістемелік тәсілдерін пайдалануды қарастырады. Мысалы «Шаттық шеңбері» және «Жүректен жүрекке» әдістері әрбір сабақтың басталу және аяқталуы кезеңдеріне орай қолданылады. Әрбір оқушының сабақта көтерілген проблемаға тартылып, ұжымға қабылданып, өзі де ұжымды қабылдай алуға, сабақ мазмұнын сезіммен қабылдап, алған әсерлерімен бөлісіп және бір-біріне тілек айтуға мүмкіндік жасалады. Пән мазмұны оқушылардың құндылықтар және адамгершілік қасиеттер туралы білімдері мен түсініктерін кеңейтеді және эмоциясын, ерік-жігерін, ойлауын дамытады. Оқу материалдарын қабылдауда танымдық қызығушылықтарын арттыруға, шығармашылық қабілеттерін ашуға («Оқу», «Сабақтың дәйексөзі», «Әңгімелесу», «Жағдаяттар кезінде ойлану», «Шығармашылық жұмыс» және т.б.) бағытталған әдіс-тәсілдерді пайдалануды ұсынады. Сабақ барысында өзін-өзі тану бойынша оқу үдерісін ұйымдастыру кезінде оқушының көңіл күйіне, өзін жақсы сезінуіне әсер ететін релаксация жасауға мүмкіндік беретін, денеге түсетін күшті азайтатын, шаршағанды сейілтетін, өз сезіміне, эмоциясына, рефлексиясына дем беретін («Тыныштық сәті», «Өзіммен өзім», «Сергіту сәті») әдістемелік тәсілдердің көмегімен дамытушы салауатты орта құру маңызды шарт болып табылады.
Бағдарлама өзін-өзі тану пәнінің Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартындағы күтілетін нәтижелер деңгейлеріне сәйкес пән мазмұнын сыныптар бойынша тақырыптық топтастыруды көздейді.
І. Білім берудің бастапқы сатысы (1-4-сыныптар)
Өзін-өзі тану пәнінің базалық білім беру мазмұны оқушылардың жас ерекшеліктерін есепке ала отырып, 1-4 сыныптарда төрт негізгі бөлімді қамтиды:
1. Өзін-өзі тану бақыты
2. Адами қарым-қатынасқа үйренейік
3. Адам болам десеңіз...
4. Әсемдік әлемінде.
«Өзін-өзі тану бақыты» атты бірінші тарау оқушыларды өзін-өзі тану пәнімен таныстырады. Мұнда балаларды мектепке өзгеше бейімдеуге бағытталған сабақтар қарастырылады. Олар жаңа оқушы мәртебесін ұғынады, сыныптастарымен, мұғалімдермен, жалпы мектеппен танысады. Өзінің сыртқы келбетіне дұрыс қарауға, өзін-өзі түсінуге, өз мінезі, өздері орындап жүрген әлеуметтік рөлдер туралы ойлануға, өз эмоцияларын түйсінуге және оны басқара алу білігіне дағдылануға мүмкіндік алады. Балалардың қызықты танымдық материалдар арқылы адамгершілік құндылықтарды қабылдауы осы міндеттерді табысты орындауға ықпал етеді.
Баланың жаңа әлеуметтік рөлі, яғни мектеп оқушысы болуы – іс-әрекеттің (оқудың) жаңа түрін түбегейлі игерумен ғана емес, сондай-ақ қатынастың барлық жүйесінің, баланың қызығушылықтары, құндылықтары, өмір салттарының өзгеруімен де байланысты. Осы жастағы балалар негізінен түрі мен мазмұны тартымды ойын түрлері арқылы білім алады. Осыған байланысты оқытудың ойын әдісін кеңінен қолдану, жағдаятты, шығармашылық іс-әрекеттерді ұғынуға түрлі тапсырмалар беру, коммуникативтік, іс-әрекеттік оқытуда пікірталас элементтерін пайдалану қажет.
Балалардың алған білімдері қарым-қатынас жасау кезінде бір-біріне қамқорлық жасап, көңіл бөлудің қажеттілігін түсінуге мүмкіндік береді. Қалыптасқан дағдылар мектеп өмірі үдерісінде мейірімділік, сезімталдық, тілектестік, ынтымақтастық дағдыларына төселуге ықпал ететін болады. Мектеп ұжымында орныққан ізгі қарым-қатынас жеке тұлғаның алдағы уақытта, яғни есейген шақта жағымды қасиеттерін дамытуға септігін тигізетіні осы тарау сабақтарының тағы бір маңыздылығы болып табылады.
Бағдарламаның «Адами қарым-қатынасқа үйренейік» атты екінші тарауында коммуникативтік біліктер мен дағдыларды (өзін және басқаларды тыңдау, түсіну, дұрыс бағалай білу, жанашырлық таныту, өзара ынтымақтастық біліктері); құрбыларымен тең құқықты, өзара жақсы қарым-қатынас құра білу білігін; өзінің эмоциялық күйін түсіну, өз сезімдерін білдіре алу және басқалардың сезімін тани білу біліктерін, тұлға аралық шиеленістерді шешу дағдыларын игеруді және әлеуметтік белсенділіктерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
«Адами қарым-қатынасқа үйренейік» атты тарау сабақтары балалар ұжымында ешкімнің ренжімеуіне және назардан тыс қалмауы үшін жағымды орта құруды қарастырады. Ол оқушылардың мінез-құлқындағы жағымды қырлары, яғни айналасындағыларға және бір-біріне деген құрметті, эмоциялық жылылық пен өзара түсіністікті психологиялық нұсқау арқылы оңтайлы ұйымдастыруға бағытталған. Әдістемелік тәсілдер шиеленістерді болдырмаудың жолдарын бірлесіп іздеуге және пайда болған шиеленісті жағдайлардан шығудың лайықты тәсілдерін табуды анықтауға бағытталған. Оқушыларды басқалардың келеңсіз мінез-құлықтарына орай әдепті әрекет етуге, балалардың кешіре білу білігін қалыптастыруға және оны дамытуға, кішіпейілділік, тектілік, төзімділік көрсете білуге шыдамдылықпен үйретуге негізделген.
Оқыту үдерісінде баланың адамдар арасындағы қарым-қатынас этикасы ережелерін меңгеруі маңызды болып табылады. Бұл үшін оларды қарым-қатынас білігін, ынтымақтастық пен ұжымшылдық рухын дамытуға, басқалардың сезімін түсінуге, топпен қарым-қатынас жасауға және өзара әрекеттестікке, басқа балалармен достасуға, жетістіктері мен сәтсіздіктерін бөлісуге, өз мінез-құлқын бақылап, оны саналы түрде басқаруға, түрлі өмірлік жағдаяттарда батыл және өзіне сенімді болуға үйрету керек. Балаларды жаттығуларға, ойындарға, шығармашылыққа, экспериментке, іс-әрекетке практикалық кірістірудің түрлі формалары жас жеткіншекті тәрбиелеу нормаларына тартуға, өзіне, айналасындағыларға, құрбыластарына және үлкен адамдарға қатынасында эмоционалдық-мотивациялық нұсқаулар қалыптастыруға, коммуникативтік және әлеуметтік дағдылар, біліктер және қарым-қатынас тәжірибелерін дамытуға, қоғамдағы дұрыс мінез-құлық және жеке даралық дамыту үшін қажетті мүмкіндіктер туғызу қажет.
Осы тарау сабақтарында алған өзара адами қарым-қатынастың сыпайы тәсілдері, құралдары мен әдістері туралы білім балаларға қатынас жасау өнері жөнінде түсінік береді. Олардың жақын адамдарына, сыныптастарына, таныстарына мейірлі болып, шынайы сезімге тәрбиеленуіне мүмкіндік туғызады. Бұл сабақтар балаларды әңгімелесушінің эмоционалдық күйін түсінуге, өз ойлары мен сезімдерін дұрыс жеткізе білуге, жақсы қатынасты бағалай білуге және айналасындағы адамдармен қарым-қатынаста қуанышқа бөлене алуына, оларға қамқорлық көрсетуге және шамасына қарай көмек көрсетуге үйретеді.
«Адам болам десеңіз...» атты үшінші тарау баланың жас ерекшелігіне қарай олардың психологиялық дамуын, яғни өспелі мінез-құлықты түйсінуін, әсерленгіштікті, сезімнің қарқынды дамуын, жалпы эмоционалдық тонусын (шаттық, сергектік), жігерлілік сапаларын ескере отырып жасалған. Тарауда баланың адамгершіліктік құндылықтық бағдарларды қабылдау дағдыларын дамытуға септігін тигізетін материалдар бар. Осы арқылы оқушылар мейірімділік, борыш, адалдық, ұят, намыс, батылдық сияқты және т.б. адамгершілік ұғымдармен танысады. Баланың қайырымдылық, достық, ұстамдылық, мақсаткерлік, батылдық, өз-өзін құрметтеу, абырой, көңіл күйге ортақтаса білу, басқа адамдарға, жан-жануарларға, табиғатқа қамқорлық көрсетуін дамытуға ықпал ететін адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға айырықша көңіл бөлінеді. Бағдарлама мазмұнында өзінің және басқалардың қылықтарын жинақтап қорыту, салыстыру, талдау, оның этикалық мәнін көре білу және бағалау қарастырылған.
Оқытудың мазмұны мен әдістері балалардың сезімталдығын, елгезектігін, өзін-өзі құрметтеуін, өз қадір-қасиетін сезінуін, эмпатиялық сезімін көрсетуін тәрбиелеу үшін жағдай жасауға бағытталған. Білім үдерісі баланың өз ұстанымына, оның өмірлік тәжірибесіне құрылуы қажет, сондықтан да оқушыларға оқу мен тәрбие үдерісінде берілетін ақпарат баланың жай назар аударуына ғана емес, оны эмоционалды түрде бастан кешіретіндей болуы тиіс. Онда балаларды өмірлік жағдаяттарды адамгершілік амалдармен шешуге үйрететін негіздегі тәжірибені қолдану қажет.
Тарауды оқытуда этикалық әңгімені жетекші әдіс ретінде қолдану мақсатқа сәйкес болады. Адамгершілік көрініс беретін оқиғаларды талқылау үдерісінде мұғалімнің балалар бойында жағымды эмоциялар оятуы, өз қадір-қасиетін сезінуін дамытуы қажет. Этикалық әңгіме мазмұны балалар әр түрлі іс-әрекеттерге байланысты туындайтын қоғамдық құбылыстарды бағдарлай алатындай, өз мінез-құлықтарын сезінетіндей, өз қылықтарының адамгершілік нәтижелерін алдын ала болжай алатындай болуы керек. Адамгершілік тәрбиенің ұтымды тәсілі мен құралы арнайы құрылған танымдық міндеттер болып табылады. Оларды шешу барысында кіші жастағы оқушылар қылықтарын қарастыруды, жағдаяттарды талдауды, оларға өздерінің жеке қатынасын білдіруде өздеріне таныс адамгершілік ұғымдарды қолданады. Сабақта болашақ туралы ойлану, армандау үшін уақыт бөлінуі қажет, бұл – тыныштық сәті, онда түрлі мәселелер: өзің, жақындарың мен туыстарың туралы, жақсылық пен жамандық туралы, адамдардың өмірін жақсарту жөнінде ойлану үдерістері орын алады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде балалар өз мінез-құлықтары мен қоршаған адамдардың тұрмыстағы, қоғамдық орындардағы мінез-құлықтарының жетістік және кемшілік тұстарын көруге; әділеттік танытуға, өз қалауын ортақ мүдделерге бағындыруға; өз бетінше әрекет етуге және қойылған міндеттердің шешімін өз бетінше табуға үйренеді. Адамдардың қылықтары мен әдеттері туралы алынған мәліметтер кіші жастағы оқушыларға мінез-құлықтың әлеуметтік мәні бар жағымды мотивтерін орнықтыруға, өз бойындағы жақсы үлгілерді жетілдіру тілектерін дамытуға ықпал етеді. Білім мен тәрбиенің қаланған негіздері баланың бойында өз қылықтары үшін жауапкершілік сезімін және өзіне қатысты талап қоя білуді орнықтыруға көмектеседі, жеке тұлғаның басты келбетін дамытуға көмектесетін өзін-өзі дұрыс бағалауды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Әсемдік әлемінде» атты төртінші тараудың мазмұны кіші жастағы оқушылардың бойында қоршаған ортамен ізгі қарым-қатынас тәжірибесін қалыптастыруға бағытталады. Балалардың табиғатқа эстетикалық қатынасын қалыптастыру және денсаулықтарын нығайту мақсатында экологиялық, шығармашылық іс-әрекеттер ұйымдастырылады. Сабақтың эмоционалдық тартымды болуы кіші жастағы оқушылар үшін іс-шаралардың: танымдық, сюжетті-рөлдік ойындар, мерекелер, табиғи материалдармен практикалық жұмыстар, жобалық іс-әрекеттер, топтық саяхаттар, осы жастағылар үшін шамасы келетін табиғатты қорғау іс-әрекеттерін қолдану сияқты түрлері қамтамасыз етіледі.
«Әсемдік әлемінде» атты тараудың құрылымы этикалық, эстетикалық, валеологиялық, құқықтық білімдер арасындағы байланысты орнықтыруға жағдай жасайды. Тарау мазмұнына енгізілген осы білімдердің құрамдастары мағыналық жағынан ізгіліктік адамгершілік құндылықтармен байланысады. Өмір және салауаттылық құндылықтарын ашуға арналған сабақтарда оқушылар әрбір адамның өмір сүруге, өз денсаулығын қорғауға, баланың тіршілік етуге құқығын және өздерінің денсаулықтарына мемлекеттің ерекше қамқорлығын сезініп, басқа адамның өмір сүру құқығын әркімнің сыйлауға міндетті екенін ұғынады, экологиялық мәселелермен танысады.
Адамгершілік және экологиялық бағдарлы қалыптасқан тәжірибе арқылы кіші жастағы оқушылардың өзімен-өзі және қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүруге, өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға, өзінің еңбек, демалыс, тамақтану сияқты өмірлік іс-әрекеттері үшін экологиялық жағдайды қамтамасыз етеді.
Кіші жастағы оқушылардың рухани-адамгершілік білімінің тиімділігі көбінесе мұғалім мен отбасының ынтымақтастығына байланысты болады. Мұғалімнің қандай адамгершілік ережелерді ұсынып отырғанын, балалардың мінез-құлықтарына қандай талаптар қойылатынын, адамгершілік категориясы бойынша олардың әрекеттері қалай бағаланатынын, сынып ұжымындағы қоғамдық пікір қандай екенін ата-аналардың білуі шарт. Ата-аналар мен педагогтердің тәрбиелік ықпалының бірлігі тәрбиенің мақсаты мен нақты міндеттерін бір бағытта түсінуінен, түрлі әдістер мен тәсілдерді қолдана отырып, оларды жүзеге асыру білігінен көрінеді. Пәннің мақсат-міндеттері мен әдістерін ашатын бірлескен үй жұмысы (балалар мен олардың ата-аналары үшін), әдебиеттерді ұсыну, таныстыру сабақтары мен тренингтер өткізу тәжірибеге кеңінен енгізіледі. Мұның өзі мектепте де, үйде де балаларды үздіксіз тәрбиелеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Төменде осы айтылған мазмұнға сәйкес құрастырылған «Өзін-өзі тану» пәні бойынша бастауыш мектептің әрбір сыныбына арналған тақырыптық жоспар ұсынылады.
Портфолио дегеніміз не?
Портфолио (франц. porter - баяндау, айту, folio - бет, парақ) - жетістіктердің жиынтығы, досье.
«Портфолио» ұғымы бізге Батыс Еуропадан XV-XVI ғасырлары келген. Қайта жаңғыру дәуірінде сәулетшілер «портфолио» деп аталатын ерекше папкадағы өздерінің құрылыс жобаларының әзірлемелері мен дайын жұмыстарын тапсырыс берушілерге ұсынған. Қазіргі уақытта бизнес саласында портфолио фирманың жетістіктерін көрсету үшін қолданылады, ал фотосуретшілер мен фотомодельдер арасында фотосуреттер альбомы ретінде пайдаланылады.
Білім беру саласында портфолионы пайдалану идеясы АКШ-та 80-жылдардың ортасында пайда болды. Өткен ғасырдың аяғында мектептерде портфолионы пайдалану бүкіл әлемде әйгілі болды.
Портфолио – бұл оқушылардың жеке жетістіктерін белгілеу, жинақтау және бағалау тәсілі, ол бағалау үрдісіне ғана емес, өзін-өзі бағалау үрдісіне де бағытталған .
Портфолионың негізгі мақсаты - оқушыларға өздерінің іс-әрекеттерін талдай алу қабілеттерін дамытуда көмек көрсету, оны жалпы қабылданған стандарттармен салыстыру және оның негізінде өзінің энергиясын қайта қарастыру, жетілдіру, қайт бағыттау, жетістікке жету үшін бастаманы қолға алу.
Портфолио бағалаудың қазіргі тиімді түрі ғана емес, сондай-ақ маңызды педагогикалық міндеттерді шешуге көмектеседі:
· оқушылардың жоғарғы оқу мотивациясын қолдау,
· олардың белсенділіктерін және дербестіктерін ынталандыру, оқыту және өзін-өзі оқыту мүмкіндіктерін кеңейту;
· оқушылардың рефлексивті және бағалау (өзін-өзі бағалау) іс-әрекеттерінің дағдыларын дамыту;
· оқу, мақсат қою, өзінің іс-әрекетін жоспарлау және ұйымдастыру іскерлігін қалыптастыру;
· оқушыларға білім беруді жеке-дараландыруға ықпал ету;
· тиімді әлеуметтену үшін қосымша алғышарттар мен мүмкіндіктердің негізін қалау.
Бағалаудың аталған түрі тек негізіг мектептеде ғана емес, сондай-ақ бастауыш сыныптарда және мектепке дейінгі мекемелерде пайдаланылады
Портфолионың мәні:
1. оқу, жеке жетістіктерді және бағалауды кіріктіреді;
2. алуан түрлі іс-әрекеттердің нәтижелерін талдау арқылы оқушылардың қабілеттерін, олардың тұлғалық қасиеттерін сандық және сапалық бағалауын біріктіреді;
3. бағалауды, өзін-өзі бағалауды, өзара бағалауды, өзін-өзі талдауды және өзін-өзі бақылауды ынталандырады;
4. педагог пен оқушыны әріптестікке бағыттайды;
5. үздіксіз білім беру үрдісінде үздіксіз бағалауды құрады.
Портфолионы құру кезіндегі ұсыныстар
1. Портфолионы рәсімдеу және материалдарды жинақтау кезінде тек «еріктік» (ең алдымен, баланың көзқарасы бойынша) ұстанымы пайдаланылуы керек. Өзінің портфолиосына материалдар жинақтайтын оқушы жеке жетістіктер папкасына қандай құжаттар мен материалдарды салатынын өзі шешеді.
2. Портфолионы рәсімдеу және материалдарды жинақтау кезінде ата-аналардың және басқа үлкендердің көмегі мен қолдау қажет, алайда бұл үрдісте баланың орнын толық басуға болмайды. Баланың өзі белгілі бір күш-жігер салу керек, өйткені портфолионы жинақтау кезінде тек ақырғы нәтиже ғана маңызды емес, сондай-ақ оқушы өзінің жетістіктерін ұғынуы, қол жеткізген нәтижелеріне жеке қарым-қатынасын қалыптастыруы қажет. Бұл балаға өзінің мүмкіндіктерін ұғынуға көмектесетін маңызды педагогикалық талап.
3. Оқушы өзінің портфолиосының материалдарымен өз бетінше жұмыс істеуі керек, алайда үлкендер белсенді көмек көрсеткені жөн. Ең алдымен, портфолио үшін материалдарды жинақтау мен жүйелеудің қажеттілігі туралы есіне түсіріп отыру арқылы. Оқушыға өзінің жетістіктерін көрсетудің түрлі әдістерін пайдалануға кеңес беруге, оқушылардың ғылыми конференцияларына баяндама немесе хабарлама дайындаудың мүмкіндігі және орындылығын көрсетуге болады. Осындай жұмыстарды кез-келген педагог, өзінің пікіріне мәжбүрлемей, атқара алады, сонымен қатар бағалау оқушылардың белсенділіктерін ынталандырады. Мысалы, оқушыға қызықты әлеуметтік жобамен айналысатын топтың жұмысына қосылуға кеңес беру.
Осылайша, оқушының портфолиоға материалдар жинақтау туралы мәселені өз бетінше шешу құқығынан айыруға болмайды, сондай-ақ оны қажетті психологиялық және практикалық қолдаусыз да қалдырмау керек.
4. Портфолионы әзірлеу кезінде қосымша және кәсіби білім беру ұйымдарына, балалардың қоғамдық ұйымдарына жиі бару керек, оқушыны олар өткізетін шараларға қатысуға ынталандыру қажет. Бұл мектептер ұсынатын олимпиадалар, сайыстар және викториналардың тар шеңберінен шығуға мүмкіндік береді. Өйткені бұл шараларға пәндерге деген қызығушылықтары бар болса да, әрбір оқушы қатыса алмайды. Сондықтан аталған әлеуметтік орталарға бару оқушының портфолиосы үшін материалдарды джинақтау мен жеке жетістіктерін көрсетуде мүмкіншіліктерін кеңейтеді.
5. Портфолионы әзірлеу кезіндематериалдарды көптеп жинақтаумен және басқа оқушылармен «ал менде екі пікірге артық» деген ұстаным бойынша жарысумен елігуге болмайды. Портфолио үшін құжаттар мен материалдарды жинақтауға барынша мұқият болу керек. Өйткені олардың саны емес, сапасы маңыздырақ.
Портфолионың құрылымы
1. Алғашқы бет (түсқабы);
2. мазмұны;
3. бірінші бөлім: «Менің портретім»;
4. екінші бөлім: «Құжаттар портфолиосы»;
5. үшінші бөлім: «Жұмыстар портфолиосы»;
6. үшінші бөлім «Пікірлер портфолиосы»;
7. бесінші бөлім: «Жинақ сандықша» (жадынамалар, нұсқаулар, пайдалы ақпараттар).
Бөлімдер
1. Менің портретім - жеке мәліметтерден, автобиографиядан және балаға мінезін, қабілеттерін талдауға, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі тану, өзін-өзі талдау әдістерін, мақсат қоюды білуге, осы мақсатқа қол жеткізу жолдарын айқындауға көмектесетін психологиялық диагностиканың нәтижелерінен тұрады.
2. Құжаттар портфолиосы – сертификатталған (құжатталған) жеке жетістіктердің жинағы. Құжаттардың көшірмесін беруге болады.
3. Жұмыстар портфолиосы– түрлі шығармашылық, зерттеу жұмыстарының, рефераттардың, жобалардың (пайдаланылған әдебиеттері көрсетілген), қысқаша сипаттамасы бар модельдер мен макеттердің, тізімі көрсетілген шығармашылық жұмыстардың жинағы, сондай-ақ ғылыми конференцияларға, оқу семинарларына, мектептік мейрамдарға, шараларға қатысу.
4. Пікірлер мен ұсыныстардың портфолисы– оқушының мұғалім ұсынған іс-әрекеттің әлуан түріне қарым-қатынасының сипаттамасы, оқушының өзінің нақты іс-әрекеті мен оның нәтижелеріне жазбаша өзіндік талдауы. Бөлім оқушының адамдарға, оқиғаларға, іс-әрекеттің түрлеріне қарым-қатынасының сипаттамасынан тұрады (БАҚ мақалалары, мақалаға пікір, мұғалімнен, ата-ананың, достарының пікірлері)
Назар аударыңыз!
1. Портфолио бағдарламасын іске асыру бірнеше жылдарға есептелген, бұл маңызды білім нәтижелерінің траекториясын құруға мүмкіндік береді, баланың жеке дамуын бақылауды қамтамасыз етеді, алған білім, білік, дағдыларын тәжірибе жүзінде пайдалана ару қабілеттерін көрсетеді.
2. Портфолиомен жұмыс істеу технологияны пайдалануды (іскери ойындар, тренингтер, топтың іс-әрекеттер), баланың өз бетінше жұмыс істеуі мен педагогпен жеке өзара әрекеттестігін қарастырады.
3. Портфолиомен жұмыс істеуге ата-аналар, пән мұғалімдері, қосымша білім беру педагогтары, психологтар тартылады. Жұмысқа сынып жетекшісі жетекшілік етеді.
Өзін-өзі тану мұғалімінің портфолиосы
Портфолионың мақсаты: педагогтың жеке кәсіби жетістіктері мен жұмыстарының нәтижелігін ұсыну.
Мұғалімнің портфолиосы – бұл педагогтың жұмысын бағалаудың баламалы формасы ретінде қарастырыла алатын педагогтың жеке жетістіктерінің жиынтығынан тұратын құжаттар жинағы .
Портфолионың міндеті:
1. Педагогтың кәсіби-тұлғалық сипаттамасын қалыптастыру;
2. Кәсіби өзін-өзі ұйымдастыруды, негізгі құзыреттіліктерді дамыту;
3. Педагогикалық іс-әрекеттің нәтижелігін арттыру;
4. Мұғалімнің педагогикалық шығармашылығына көмектесу.
Портфолионың құрылымы:
1. жалпы мәліметтер:
· фотосурет (қызықты, отбасымен, балалармен түскен фотосуреттер де жарайды);
· аты-жөні, тегі;
· туған жылы;
· жұмыс орны;
· білімі (дипломның көшірмесі);
· гтүрлі саладағы жетістіктері;
· грамоталар, дипломдардың, құрметті атағы мен деңгейлерінің болуын растайтын құжаттардың көшірмесі;
· біліктілікті арттыру куәлігінің көшірмесі.
2. Өзін-өзі презентациялау (өзі туралы мәліметтер).
Еркін формада, қызықты түрде, әрбір блок бойынша диагностикалық материалдар мен нәтижелерді беру, сондай-ақ жеке өсуінің даму болашағы туралы өзінің пікірін жазу.
· Мен – адаммын (табиғи қасиеттер, сырт бейнесі, жеке-даралығы т.б.).
· Мен – тұлғамын (мінезі, қалауы, жарқын бейнесі т.б.).
· Мен және менің отбасым (еркін түрде).
· Мен – кәсіби маман (қызығушылығы, қажеттілігі, жетістігі, «Өзін-өзі тану» пәтуралы).
· Мен және қоғам (Мен әлемнің ішінде, әлем менің ішімде, менің ерекше қасиеттерім).
· Өз-өзімен әңгімелесу, өзіне өзі туралы айту (өзінің мақсаты туралы, өмірдік мәні туралы, тағдыры туралы, қарым-қатынастар туралы, жетістіктері туралы, талдау, бағалау, болжам, рефлексия т.б.).
· Менің өмірлік ұстанымым (ол туралы әңгімелеу, талқылау және негіздеу т.б.
· Менің бағдарым және идеалым (өмірлік, маңызды).
3. Педагогикалық іс-әрекеттің нәтижелері.
Аталған бөлім адамгершілік-рухани тәрбие беру бойынша педагогикалық іс-әрекеттердің нәтижелер қарқынын көрсететін материалдардан тұрады.
· Балалардың білім бағдарламаларын меңгеру нәтижелері бар және олардың негізгі құзыреттіліктерінің қалыптасуы туралы материалдар.
· Үш жылғы іс-әрекет туралы салыстырмалы талдау (диагностиканың нәтижелері).
· Балалардың - олимпиадалар, фестивальдер, жарыстардың қатысушылары мен жеңімпаздарының тізімі.
4. Ғылыми-әдістемелік іс-әрекет.
Бұл бөлім педагогтың кәсібилігі туралы куәлік беретін материалдардан тұрады.
· «Өзін-өзі тану» пәнін оқытуды таңдау негізделетін материалдар.
· Пән бойынша өткізілген шеберлік сыныптарының, семинарлардың тізімі.
· Конференциялар мен педагогикалық кеңестердегі баяндамалар.
· Сайыстарға қатысу.
· Жарияланымдар тізімі.
· Адамгершілік-рухани тәрбие беру бойынша үздік сабақтардың, шаралардың материалдар (бейнематериалдар).
· Өздігінен білім алу бағдарламасы.
· Басқа құжаттар.
5. Сабақтан тыс іс-әрекет.
· Өзін-өзі тану мәселелері бойынша ата-аналармен, әріптестермен өзара әрекеттесу.
· Өткізілген шаралар бойынша материалдар
6. Оқу-материалдық база.
Бөлімде пән бойынша білім үрдісінің оқу-әдістемелік және техникалық жабдықталуын растайтын құжаттар болады.
· Кабинеттегі анықтама және энциклопедиялық әдебиеттердің тізімі.
· Оқытудың техникалық құралдарының болуы.
· Көрнекілік құралдардың тізімі.
· Оқу үрдісін қамтамасыз ететін тәрбие беру технологияларының, ойындардың т.б. құжаттардың тізімі.
Портфолионы рәсімдеу
Өзін-өзі танумұғалімінің портфолиосы аталған мектепте қабылданған форма және құрылымға сәйкес жинақтау папкасында рәсімделеді.
Педагогтың папкаға өзінің даралығын сипаттайтын материалдарды, қосымша бөлімдерді қосуға құқығы бар (өзінің қалауы бойынша).
Портфолионың материалдарына айы, күні жазылуы керек.
Директордың орынбасары немесе тәжірибелі әдіскер мұғалім педагогтарға жинақтау папкасын әзірлеу бойынша көмек көрсетеді.
Портфолионың презентациясы
Портфолионың презентациясы шығармашылық топтың отырыстарында, семинарларда өткізіледі. Презентация көрме, слайд-шоу, баяндама түрінде өткізілуі мүмкін. Презентацияның мақсаты – қысқа уақытта педагогтың нақты кезеңдегі іс-әрекетінің негізгі нәтижелерін ұсыну.
№100 жалпы орта мектебының Өзін-өзі тану пәні мұғалімі.Ирискулов Абдисаттар Усарқулұлы
Достарыңызбен бөлісу: |