Әлеуметтік өлшем – адамды тұлға, яғни белгілі бір тип, бірнеше адамның
үлгісі, образы, бейнесі, моделі ретінде қарайды. Тұлғаны жан-жақты осылай
қалыптастыратын оны қоршап тұрған орта, мұнда ол үнемі іс-әрекет, қызмет
атқарады, үнемі онымен тығыз байланыс, қатынаста болады. Осыған сәйкес әрбір
қоғам өзіне тән лайықты тұлғаны қалыптастырып отырады.
Әр бағыт бойынша қайтымсыз өзгерістер-оқушы түлғасының жаңа сапалық
жағдайы пайда болады. Әрине, педагогика үшін оқыту мен тәрбие процесі
барысында тұлғаның психологиялық және әлеуметтік дамуы бірінші кезектегі
мәселе болып табылады. Бұдан оқушының биологиялық дамуы назардан тыс
қалады деген пікір қалыптаспауы тиіс. Өйткені, жоғарыда айтқандай әлеуметтікті
биологиялықтан бөліп алмай, адам дамуын тұтас процесс ретінде қарастыра
отырып, оқушы тұлғасының барлық бағытта үйлесімді дамуын қамтамасыз етуге
жағдайлар жасау-педагогика ғылымы мен педагогикалық практиканың негізгі
міндеті болып табылады. Педагогикада мұғалім және оқушы еңбегін ғылыми
негізде ұйымдастыру үшін биологиялық даму деректері пайдаланылса, оқушының
психикалық дамуы заңдылықтары негізінде оқыту мен тәрбиенің теориялық
модельдері жасалады, оқушының әлеуметтенуінің мазмұны, құралдары және
жолдары анықталады.