себепті де тайына мініп келген балаға барынша тек ер-тұрман жабдықтарын
сыйлаған.
Қазақ «жайдағыңнан жаяу артық» деп ерттелмеген, яғни жайдақ атқа мінуді
қош көрмеген. Ауыл арасында апыл-ғұпыл асығыста мал қайыруға болмаса,
былайынша жайдақ атқа мінгенді қазақтың баласы намыс санап өскен. Сол
себепті де әр азамат алдымен ер-тұрманын сайлаған. Үлкендер жағы «міне, сен
ат жалын тартып мінер жігіт болдың» деп, бұдан кейін өзінің жеке тайы бар
екенін балаға ұғындырып өсірген. Ашамайға мінудің ерекшелігі - ендігі жерде
баланың өзінің ер-тұрманы, өзінің тайы болғандығында. Көшіп-қонған кезде де
бұрынғыдай ата-анасының алдында отырмайды, яғни енді бәсіресі, өзінің
жекеменшік тайы бар.
Ашамайға мінгізу - баланы еңбекке баулудың алғашқы баспалдағы деуге
болады, өйткені кез келген бала өзінің бәсіре тайын өзі бағып-қағады. Оны
уақытымен жемдеп, суарып, жал-құйрығын, үстін таран, күтімге алады. Бала сол
тайдың иесі өзі екенін сезініп өседі. Ендігі жерде тайдың күтіміне өзі жауап
береді. Сонымен қатар ол бір ғана бәсіре тайды бағып-қағудың айналасында
қаншама жаңа сөздерді үйренеді. Бұрын сөздік қорында болмаған жылқыға
қатысты қаншама сөз баланың санасына сіңеді. Айталық, терлік, тоқым, үзеңгі,
айыл, ер-тоқым, жүген, ауыздық, шідер, құрық, т.б. Ол бұл атауларды үйренін
қана қоймайды, қалай қолданылуын да меңгереді.
Бірте-бірте бала тайына мініп, өз үйінің қозы-лағын қарап, өз шаруасына
араласа бастайды. Сол себепті де қазақтың баласы кішкентайынан мал танып
өседі. Ол жауапкершілікке осы бастан үйренеді. Ерте есейеді, ақылы толысады,
ой-санасы өседі, салмақты, байсалды мінез қалыптасады. Кішкентай қазақты
жауынгер, шабандоз әрі ер-азамат етіп тәрбиелеудің басы - осы ашамайлы тайға
мінгізуден басталады. Лезде көшуге, ашамайын ерттей салуға қазақ баласы кез
келген уақытта дайын болған.
Достарыңызбен бөлісу: