2.1 Қазақ орфографиясының принциптері
Негізгі принцип.
Дыбысталған сөздің, әдетте, әртүрлі жазылмауы,
сондай-ақ оның әрқилы оқылмауы шарт. Бір сөзді әркім өз бетінше оқып, өз
алдына жазатын болса, жазу-сызудың коммуникациялық мәні болмайды.
Сондықтан дыбысталған сөзді хатқа түсірудің және оны сөйлеуде қайта
жаңғыртудың жазарман мен оқырманға ортақ негізі болуға тиіс. Жазуда
және жазылған сөзді жаңғыртуға басшылыққа алынатын негіз
орфографиялық ұстаным (принцип) деп аталады. Жазу теориясында
орфографиялық принциптің айқындалған бірнеше түрі бар. Мысалы,
Л.В.Зиндердің көрсетуінше тілдің жүйесіне, лайықталған принциптер
уәждемелі (мотивированные), ал тілдің өз бітімінен тысқары принциптер
уәждемесіз (немотивированные) принциптер деп аталады [14, 91 б.].
Уәждемелі принциптерге фонетикалық (фонематикалық), морфематикалық,
грамматикалық принциптер жатады. Ал уәждемесіз принциптерге дәстүрлі,
айырмыс (дифференцирующий), транслитерациялық, транскрипциялық,
түпнұсқа (цитатный) принциптер жатады. Қазақ тілінің орфографиялық
сөздіктерінен, Анықтағыштан (1974) осы аталған принциптер бойынша
барлығынан дерлік мысал табуға болады. Әрине, оларға нақты талдау жасай
отырып, қай сөздің қандай принциппен жазылғанын көрсету, жалпы қазақ
орфографиясының принциптерін зерттеудің жеке объектісі етіп алу
болашақтағы зерттеулердің бірі болмақ. Ал біздің бұл жердегі мақсатымыз –
жоғарыда аталғандардың ішінен орфографияда басшылыққа алынып жүрген
негізгі принципті дәлдей түсу және кейбір қосалқы принциптердің
қолданылу мүмкіндіктері мен себептерін көрсету.
Қазақ жазуының ұстанып отырған қазіргі принципі алдымен жоғарыда
аталған принциптердің уәждемелі типіне жататыны еш дау туғызбайды.
Бірақ осы аталған топқа енетін принциптердің ішінде қазақ орфографиясы
фонетикалық, я болмаса морфематикалық немесе грамматикалық
принциптердің қайсысын басшылыққа алып отыр (алуға тиіс) деген мәселе
даулы болып есептеледі. Бұл жерде зерттеушілердің пайымдаулары мен
пікірі бір жерден шыға бермейді.
Профессор Құдайберген Жұбановтың қазақ жазуы мен орфографиясы
бойынша аса ірі фонетист ғалым ретінде де, халық ағарту саласындағы
қоғам қайраткері ретінде де іргелі зерттеулер жазып, практикалық маңызды
жұмыстар атқарған ғалым екендігі мәлім.
Ғалымның ғылыми мұрасын өткен күндердің мирасы ретінде
қарастыру бар да, оның теориялық тұжырымдарына қайта үңіліп, бүгінгі
ізденіс зерттеулерге арқау етіп алу бар.
Ғалым мұраларының бір саласы кезінде күн тәртібінде тұрған тіл
құрылысы проблемаларын шешіп беріп, зерттеу нәтижелері, ұсыныс-
пікірлері тіл практикасында бірте-бірте орныға түскен еңбектер болса, екінші
бір саласы – өз кезеңінен озық тұрған теориялық ізденістері мен зерттеулері.
Қазақ тілінің программалары, емле жобалары, алфавит мәселелері т.б.
жөнінде зерттеу еңбектерінің қолданбалы мәні зор болды. Бір ғана мысал,
[ый], [ій] дыбыстарын
и
және [ұу], [үу] дыбыстарын
у
арқылы бір таңбамен
белгілеу жөніндегі Қ.Жұбановтың жазу теориясына негізделген жобасы қазақ
орфографиясында бірте-бірте орнығып, 1967 жылғы Ережеде біржола
заңдастырылды. Ал ғалымның біріккен сөздер, буын жігі, тарихи фонетика
мен этимология, орфография мәселелері т.б. сала-сала зерттеулері қазақ тіл
білімінің хрестоматиялық беттері деуге болады. Мәселен, жазу нормаларын
сөз етсе де, қазақ орфографиясының ғылыми негіздеріне қатысты
мәселелерді қарастырса да ғалымның бұл аталған саладағы еңбектеріне
зерттеуші тоқталмай өте алмайды. Ғалымның жазу, орфография жөніндегі
теориялық зерттеулерін бағдарға ала отырып, әлі де басы ашылмаған
мәселелерді сөз етуге болады. Солардың бірі – қазақ орфографиясының
принципі. Бұл жөнінде де Қ.Жұбановтың зерттеулері, айтқан ойлары,
сөйлеген сөздері мен ұсыныс-пікірлері қазіргі жазу нормаларының жай-күйін
бағдарлауға, емле принциптерінің кейбір уәждемесін (мотивтерін) қайта
қарауға ойтүрткі болады. Кезінде проф. Қ.Жұбанов: «Емле негізіне қожа сол
тілдің жаратылыс заңы болуға керек. Тіліміздің жаратылысына қарасақ, емле
дыбыс негізді (фонетикалық принцип негізді – Н.У.) болуға керек» деген
болатын [22, 81б.]. Ал соңғы онжылдықтардағы оқулықтар мен зерттеулерге
назар аударсақ, қазіргі кездің өзінде қазақ орфографиясындағы жетекші
принцип жөнді айқындалмаған деуге болады. Мысалы, кей оқулықтарда:
«Қазақ орфографиясының негізгі принципі – морфологиялық принцип.
Морфологиялық принцип күллі түркі тілдері үшін қолайлы принцип болып
саналады. Бұлай дейтініміз түркі тілдерінің табиғаты, атап айтқанда, ондағы
сөздердің морфологиялық құрылысы және олардың түбір тұлғасының
сақталу ерекшелігі – осылардың бәрі жазуда морфологиялық прицип ең
жанасымды, ең қолайлы деуіміз де осыдан» десе [23], кейбір зерттеулерде
қазақ орфографиясы фонетика-морфологиялық принципке негізделген деп
тұжырымдайды.
Міне, осы аталған үш бағытты қазіргі жазу нормасы тұрғысынан
қысқаша салыстыра қарауға тура келеді. Алдымен морфологиялық принцип
жайында: «…Сөздерге сөз тудырушы аффикстер мен сөз түрлендіруші
аффикстер жалғанғанда, екі сөз бірігіп немесе өзара тіркесіп айтылғанда,
сөздер мен сөз тіркестерінің айтылуы өзгеріп, әртүрлі дыбыстық
өзгерістерге ұшырайды. Морфологиялық принцип дыбысталудағы бұл
ерекшеліктерді ескермей, сөз құрамындағы сыңарлардың жеке тұрғандағы
қалпын сақтап жазуды басшылыққа алады. Мысалы:
Достарыңызбен бөлісу: