Шерхан Мұртаза Қызыл жебе екінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет55/64
Дата13.12.2021
өлшемі1,48 Mb.
#125910
1   ...   51   52   53   54   55   56   57   58   ...   64
Байланысты:
Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер

* * *


Тұрар  бүгін  де  бадашы  қамшысының  шартылынан  оянып 
кетті. Көше жақтан ұзын қамшының шартылы мылтық атқандай 
қаһарлы-ақ.
Бурыл көшесінің сиырлары қала шетіне қарай бет алған екен.
Үйдің  іші  әлі  қарабарқын.  Тұрар  көзін  ашқан  бойы  бірінші 
ойына оралғаны – кешегі жиналыс еді. Жиналыс барысын бастан-
аяқ көңілмен шолып өтіп, ондағы өз сөзіне де, өзгелердің сөзіне 
де,  қанағаттанған  сезімде  қалды.  Тек  бір  түйткіл,  ашық  күнді 
бұлт шалғандай бір сәт Палийдің әрекеті еді. «Әй, осы солшыл 
эсерлерден  жақсылық  шамалы-ау.  Біздің  Қабылбек  соларға 
бекер ілеседі. Бекер...» – деп Тұрар төсектен тұрып барып, көше 
жақтағы  терезенің  пердесін  ысырып  жіберіп  еді,  жып-жылы 
шағын  бөлменің  іші  жымиып  қоя  бергендей  болды.
Көшеде  көрші  Мәметтің  жалаңаяқ  балалары  жаңа  бадашы 
айдап әкеткен сиырлар әдепсіздікпен тастап кеткен жапаны жып-
жылы бусанып жатқан қалпында қапшықтарына салып алып жүр 
екен.
«Біздің қазақ сияқты емес, әрекеті мықты халық, – деп қойды 
Тұрар әлгі балаларға аянышпен қарап тұрып. – Осылар осыдан 
қыстық отынын жиып алады. «Есек артын жусаң да – мал тап» 
деп қайран ақын Абай текке айтпаған шығар. Еңбектің арамы жоқ. 
Бұлардың тезек тергені әрі өздеріне пайда, әрі бүкіл махаллаға 
пайда – көше таза болады.
Тұрар сүлгі, сабын, тіс шайғыш алып, аулаға шығып еді, үй 
иесі аулада жүр екен.
–  Ассалаумәлейкум,  Сәбден  аға!  –  деп  сәлемдесті.  Сәбден 
бұған  бұрылып  қарап:
– Уағалайкумассалам, – деп үнін қыраттап тұрып амандасты. – 
Неге ерте тұрғансың, Тұрар балам? Сен түнде тым кеш оралдың 
емес пе?
– Жиналыс ұзаққа созылды, Сәке.
– Е-е, жиналыс, жиналыс. Большевик – жиналыс, меньшевик 
– жиналыс. «Шуро-и-исламия» – әм жиналыс.
– Эсерлерді ұмытып кеттіңіз, Сәке, – деп күлді Тұрар.


–  Әй,  өзі  де  эсер  десе  есер  шығар,  ылғи  қисайып  жүретін 
көрінеді ғой, – деп Сәбден ши сыпырғының тарқатылып кеткен 
кендір  жібін  шиелеп  байлай  берді.
– Сіз мұның бәрін қайдан білесіз, Сәке?
– Е-е, Тұрар балам, біз қарт кісілер, әңгімеге құмар келеміз. 
Енді  осыдан  шәй  ішіп  алып,  Атшабардың  базарына  қарай 
аяңдайды бұл жаман ағаң. Шәйханада отырып алып, ал кеп талас: 
біреу большевикті мақтайды, біреу меньшевикті жақтайды. Ал 
жұма намазы күні мешітке барсаң Ғұмар имам бүкіл мұсылман, 
баласын «Шуро-и-Исламияға» кіріңдер деп үгіттейді. Біздің әлгі 
Әбден сол «Шуро-и-Исламияның» дәулерінің бірі болып алыпты.
Кенет идің исі мүңк етті. Сәбден түнде илеп қойған терілер 
екен.  Тұрардан  ыңғайсызданып:
–  Былайырақ  тұрайық  балам,  –  деді  Сәбден.  –  Мына  исі 
құрғыр... бұрын ептеп тері-терсек жинап саудамен айналысушы 
едім. Енді оны ешкім алмайды. Қалада ашаршылық, Тұраржан. 
Дән  ұшпайды. Бір  қадақ бидай бір қойдың құны. Бүйте  берсе, 
қырылып  қалармыз,  сірә.  Атшабарда  наубайшылар  ақ  нанды 
өткізе алмай, сыңсып тұрушы еді, енді қара нанның қабығы да 
табылмайды. Алла, өзің жар бола гөр. Патшаны құлатып, құдайға 
күнәкар болдық па, сірә. Жаңа үкімет не жақсылық көрсетеді? 
Керенский деген ақша қап-қап болып қауқиып қалды. Боржыған 
асқабақ  сияқты,  түкке  жарамайды.
Сәбден Тұрардың құлағына аузын тосып:
–  Шырағым  Тұрар,  абай  бол,  сенің  ана  жолы  Атшабарда 
сөйлеген  сөзіңнен  кейін  саудагерлер  саған  қатты  кіжініп  жүр. 
Сені  мақтап  жүргендері  де  бар,  даттап  жүргендері  де  бар.
– Сәке, қара қылды қақ жарып отырсаң да, кетеді біреу мақтап, 
біреу боқтап, деген. Мен айтсам, әділін айттым. Аштан қырылып 
жатқандарға  жәрдем  берсе,  байлар  мен  кулактар,  саудагерлер 
одан  кедейленіп  қалмайды.  Менің  кәсібім  –  аш-жалаңашқа 
көмектесу.
Ауланың  оңтүстікке  қараған  көше  жағынан  бір  үй,  батыс 
жағынан көрші Әбден үйімен жапсарлас тағы бір үй салынған. 
Шығыс  жағында  қамба,  малқора  соғылған.  Көше  жақта  биік 
қақпалы  бір  дуал,  терістік  жағында  шағын  ұры  есік  шығатын 


тағы да биік дуал. Ұры есіктен шықсаңыз сыңсып тұрған бауға 
кіресіз. Бауды айнала арық қазылған. Таластан бөлінген су сол 
арықты иықтап, лықсып ағып жатады. Тұрар сол суға жуынайын 
деп кіші есікке беттей беріп еді, ергежейліден сәл-ақ үлкен шақар 
Сәбден  шар-шар  ете  қалды.
– Оу, мұның не, шырағым Тұрар! Жуынатын болсаң мен-ақ 
су  құйып  жіберем  ғой.  Арықтың  суы  лай,  оны  қайтесің.  Әлгі 
Сәлима  әлі  тұрмаған  ба?  Сәлима!
Бойжеткен  қызды  неге  шақырғанын  түсіне  алмай,  Тұрар 
абыржыңқырап  тұрды  да:
–  Жо-жоқ,  Сәке,  о  не  дегеніңіз!  Өзім-ақ...  Баққа  шығып 
кішкене  бой  жазып  алайын,  –  деп  бой  бермей  сыртқа  шығып 
кетті.  Артынан  қуыршақтай  құлдыраңдап  жүгірген  Сәбден:
– Арықтың суына жуынба, Тұраржан. Сәл сейіліп қайт. Таза 
су дайын болады, – деп безілдеп қалды.
Бақты  айналдыра  арық  бойына  отырғызылған  нау  теректер 
таңғы самалмен тербетіліп, жасыл ала жапырақтармен аспанның 
көгілдір күмбезін тазалап тұрғандай екен. Дегенмен, теректердің 
балақ  жапырақтары  сарғайып,  түсе  бастапты.  Тұрардың 
табанының  астына  тырс  етіп  қаракүрең  бірдеңе  домалап  түсті. 
Дәл төбесінен төніп тұрған алпамса еменнің дәнегі екен. Еменнің 
де ұрығы пісіпті. Бақтағы тарбиған алма ағаштар пісіп жеткен 
күздік  алмадан  бұтақтары  иіліп,  ыңыранып  тұр.
– «Мынау бір береке. Ал қалада – аштық, – деді Тұрар бақтың 
ішін аралап жүріп. – Ел аштыққа ұшырайды. Биылғы куаңшылық 
мына  Сәбден  бағын  қиялап  өткен  сияқты.  Бұның  асығы  түгел. 
Ал  уезд  бойынша  сұрапыл  куаңшылық.  Егін  шығымсыз,  шөп 
аптаптан  ұшып  кетті.  Жұт  болары  сөзсіз.  Уақытша  үкімет 
әрекетсіз  отыр.  Кеңестердің  қолында  толық  билік  жоқ  әзір...».
«Түу, – деді Тұрар өзіне-өзі өкпелегендей, – ұйқыдан тұрған 
бойда осы ой қыстайтыны несі мені?».
Солай  деп,  өзін-өзі  зорлап,  ештеңе  де  ойламауға  тырысып, 
аяқ-қолын жазып, жаттығу жасауға кірісті. Бөрі бүлкілге салып, 
арықты жағалай жүгіре жөнеліп, бақтың арғы шетіне жеткенде, 
арғы  беттің  реңі  еріксіз  көңілін  бөлді:  қала  шетінен  әрі  Кіші 
Бурыл  бөктері  өрт  шалғандай  қара  қотырланып,  бетіне  зәрі 


шығып, қабартып жатыр екен. Көз көрім көк жиектен бері араны 
ашылған  алпауыт  көмейдей  суық  сезілді.  Тұрар  тез  бұрылып, 
кері жүгірді. «Тез Совдепке жету керек!» деді өзіне-өзі бұйырып. 
Совдепке тез жетсе – төніп келе жатқан аждаһаны тоқтататын бір 
амал  табатындай  көрінді.
Кенет  сыңқылдап  күлген  дауыстан  кілт  тоқтап  жан-жағына 
сасқалақтай  қарады.  Ертең  ерте  тұрып  бой  жазып  жүгіру  бұл 
мекеннің әдетінде жоқ, сондықтан бұл махалланың тұрғындары 
жас жігіттің мына жүгірісін ерсі көреді.
Әлгі алпамса еменнің түбінен бұлаң етіп Сәлима шыға келді. 
Қолында шәугім, иығында аппақ ұзын түкті орамал. Тұлға бітімі, 
нұр шашып, аппақ тістері тізіліп, ақсия күліп тұр:
–  Ағай,  кімнен  қашып  жүгіріп  келесіз?  –  деп  Сәлима  тағы 
сылқ-сылқ  күлді.  Бір  қолында  шәугім,  сол  қолының  қарына 
сүлгі  ілген:  біресе  еңкейіп,  біресе  шалқалай  күледі.  Сол 
кезде  кемпірқосақ  түсті  атлас  көйлегінің  астынан  аршын  төс 
дірілдегендей  болады.  Атлас  көйлек  жаңа  шығып  келе  жатқан 
күннің  шұғыласына  шағылысып  мың  құлпырады.  Жұп-жұмыр 
ителгі  мойын  мәрмәрдай  әппақ  екен.
– Сәлеметсіз бе, ағай. Келіңіз, су құйып жіберейін, – деп қыз 
бұған көзі жалт етіп бір қарады да шәугімді ыңғайлай берді.
–  Жоқ,  жоқ,  былай  болмайды,  Сәлима  қарындас.  Мына 
арықтағы  салқын  суға  жуынамын.  Көп-көп  рақмет.  –  Тұрар 
көзілдірігін түзеңкіреп қызға тағы қарап еді, Сәлима тоқпақтай 
бұрымын  кеудесінен  арқасына  қарай  лақтыра  тастап,  басын 
әнтек  қисайтқанда  құлағындағы  шеңбірек  алтын  сырға  бұлғаң 
ете  қалды.
–  Сіз  үлкен  төресіз,  ағай.  Арықтан  еңкеңдеп  жуынып 
жатқаныңыз жараспайды. Қарындасыңыздың қолын қақпаңыз. – 
Қыз осыны айтып еркін кетіп, шәугімдегі суды Тұрардың алдына 
ағызып та жіберді. Шегінерге жері, айтарға уәжі қалмаған жігіт, 
амал  жоқ  көйлегінің  жеңін  түріп,  жағасын  жымқырып,  суға 
алақанын  тоса  берді де,  көзілдірігін алып,  емен  түбіндегі түйе 
жапырақтың  үстіне  тастады.
– Мен төре емеспін, Сәлима, – деді суға қолын тоса беріп.
– Сіз төре болмай, кім төре болады. Мәңіз, міне, сабын.


Көзілдіріксіз  нашар  көретін  жігіт  сабынды  ала  беремін  деп 
қыздың білегін ұстап алды. Жүзімнің үзімі сияқты қырық бүйрек 
бұдыр көк әтір сабын бір сүйкегеннен-ақ көпіріп ала жөнелді.
– «Бұл қай жақтан келген сабын? – деп сұрай жаздап, Тұрар 
өзін-өзі  лезде  тежеп  қалды,–  Түк  көрмегендей  болғаным 
жарамас».
Бірақ  сұңғыла  қыз  жігіттің  көкейіндегі  сұрақты  сиқырмен 
сезіп  қойғандай  сыңғырлап  тұрып  өзі  тіл  қатты:
– Тәшкенде нағашыларым тұрады. Солардың беріп жіберген 
сәлемдемесі ғой. Сіздей төреге  «төре емеспін» дейсіз, төрелердің 
сұлтанына әдейі сақтап жүрген сабын еді, ағатай.
Тұрар  мұнша  марапатты  ұнатпай,  сабындаған  көзін  тарс 
жұмған күйі Тәшкеннен келген қымбат бұйымды қыздың қолына 
ұстата  салды.
– Рақмет, – деді үні қатқылдау шығып. – Есіңде болсын, қалқам, 
мен төре де емеспін, сұлтан да емеспін, осы есіңде болсын. Бұдан 
былай мені олай атама.
– Бүкіл Әулие-Атаны аузына қаратқан азаматты сұлтан демей, 
кім  дейміз,  ағатай?  Әнеу  күні  Атшабарда  дүйім  халықтың 
алдында  сөйлегеніңізді  бүкіл  ел  жыр  етіп  айтып  жүр.
Қыз суды сыпайы ғана сыздықтатып тұр еді, енді еркелігі ұстап 
кеткен баладай, салқын суды жігіттің желкесінен жон арқасына 
қарай төгіп-төгіп жіберді. Ойламаған оқыс қимылдан тұлабойы 
дүр етіп тітіркеніп, шегіне беріп, жігіт тез бойын жиып алды да 
сыр білдірмей:
– Рақмет, Сәлима, сергіп қалдым той. Суың салқын екен, – деп 
сүлгіге қол созды. Осы бір оспадарсыздау ойыннан дәнекерлік 
дәме  күткен  қыз  ойлағаны  болмаған  соң,  назды  қылықпен 
орамалды  бұлғаң  еткізіп  тастады  да,  бұрылып,  бұрала  басып, 
ұры  есікке  беттеді.
Жігіт  тап-таза  түкті  орамалмен  үсті-басын  құрғата  сүртініп 
тұрып  екіұдай  ойда  қалды.  «Бір  сәт  әзіл-оспақ,  ойнап-күлу  де 
керек  шығар.  Тым  сірескенім  не?  Тым  тік  мінез  робеспьерлік 
әрдайым керек пе өзі? Жас қыздың көңілін қаяулатқаным қалай 
болды?» – деп сәл ыңғайсыз сәт өткерді.


Сүртініп болып, емен түбінде жатқан көзілдірігін алып киді. 
Бұлыңғыр дүние қайтадан жайнап қоя берді. Кім біледі, әлгінде 
ол  осы  көзілдірікті  алып  тастамағанда,  Сәлима  қызға  басқаша 
қарар  ма  еді...  Күздік  алма  сағағынан  үзілейін  деп,  таңғы 
шық  қызғылтым  реңінен  әлі  таймай,  күн  сәулесімен  ақықтай 
құлпырып ойнайды. «Бағбан болып жүре бергенім дұрыс па еді: 
арпалыссыз, тып-тыныш бейбіт өмір еді сол». Кенет сонау Мерке 
базары, теңіз тышқанына бал аштыратын соқыр шал көз алдына 
тұра  қалды.  «Бүкіл  өмірің  шайқас»  деп  еді  сондағы  көк  қағаз. 
Содан бері бұл Тұрар жазмыштың тулаған толқындарын талай 
кешті. Сол көк қағаз пешенесіне жазылған жазу шығар. Иә, бұл 
Пішпекте  жүргенде  жұрттан  жасырып,  Робеспьер  туралы  есі 
кетіп бекер оқымаған, сірә, Францияның ұлы революциясының 
қанды көйлек қаһарманына бұл сонау Пішпек кезеңінен бастап 
еліктейтін.  Робеспьердің  жолын  берсе  де,  ақырын  бермесін. 
Робеспьер тағдыры Тұрар кие тұтатын тақ тұлпар Қызыл Жебе 
тағдырына  ұқсас  сияқты  көрінетін.
Қаланың  теріскей  шетіндегі  Бурыл  көшесіндегі  осы  пәтерді 
Тұрарға Сыдық Абыланов тауып беріп еді. «Қазақ жастарының 
революциялық  одағының»  белсенді  мүшесі  мұғалім  Сыдық 
Абыланов  о  баста  Тұрар  Меркеден  келген  бетте  оны  өз  үйіне 
шақырып  жүрді.  Шамада  бір  апта  өткен  соң  Тұрар  оған  пәтер 
тауып  бер  деп  өтінді.  Сыдық  көнбеген:
– Менің үйімді, өз үйіңдей көр. Қысылмай, қымтырылмай тұра 
бер, – деп ары-бері айтып көріп еді, өмірі ешкімге масыл болуды 
білмеген  Тұрар  қасарысып,  айтқанынан  қайтпады.  Ақыры 
Сыдық бір таныстары арқылы қаланың ұсақ саудагері Сәбденді 
көндіріп, Тұрар соның бір бөлмесін жалдап тұрып жатыр еді.
Қалада  қымбатшылық.  Азық-түлік  ақшаға  табылмайды. 
Меркеде  Андреевтің  көмегімен  мұғалім  болып  жүріп  тапқан 
азын-аулақ ақша таусылуға айналған. Пәтер мен екі мезгіл шәй-
пұлға  деп  Тұрар  Сәбденге  екі  айдың  ақысын  алдын  ала  төлеп 
қойған.  Әуелі  Сәбден  кәдімгідей  саудаласып,  пәтер  ақысын 
екі ай бұрын алдын ала талап етсе де, кейінірек Тұрарға шәйді 
ықыласпен  беретін  болды.


–  Қайда  жұмыс  істейсің,  қарағым?  –  деп  сұраған  алғашқы 
кездескен  бетте.
– Совдепте.
– Жалақың қанша?
– Жалақы алмаймын.
– «Жалақысыз жұмыс бола ма?» – деген үнсіз сұрақты Тұрар 
сонда  Сәбденнің  жіңішке  әжім  торлаған  шүңет  көзінен  танып 
қалып  еді.  Ақыры  Сәбден:  «Пәтер  ақысын  алдын  ала  төлесе, 
оның қызметінде, жалақысында не шаруам бар?» – деген ақылға 
келіп,  Тұрарға  баспана  берген.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   51   52   53   54   55   56   57   58   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет