Жергілікті өзін-өзі басқарудың қазақстандық үлгісі
«Қазақстандық» үлгі деп атаудың өзі кездейсоқ емес. Өйткені елімізде қалыптасып
жатқан өзін-өзі басқарудың құрылымы белгілі төрт үлгінің ешқайсысына жатпайды. Жергілікті
өзін-өзі басқару органдарының санатына мәслихатпен қатар әкімдердің енгізілуі ерекше
жағдайды қалыптастырды. Мәслихат тиісті аумақ тұрғындарымен сайланатын өкілдік органы
болып табылса да, жоғарыдағы үлгілердегі кеңестерге қарағанда жергілікті атқарушы биліктің
жасақталуына ықпал жасауы төмен. Себебі әкімдер жергілікті тұрғындардың
қызығушылықтарын жүзеге асырумен қатар жалпымемлекеттік қызметтердің орындалуына
жауапты тұлға болып табылады. Соған байланысты «қазақстандық» үлгіде Президент те
жергілікті өзін-өзі басқару құрылымына кірістірілген (облыс (республикалық маңызы бар
қаланың, астананың) әкімін облыс (республикалық маңызы бар қала және астана)
мәслихатының келісімімен Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды).
Мәслихат депутаттарына заң бойынша әкімдердің шешімдеріне ықпал етуге кең
мүмкіндіктер берілгенімен, олардың жоғары тұрған әкімдер мен Президенттің араласуларынан
тиісті дәрежеде қорғалмағандығын байқауымызға болады. Бұл мәселе өз шешімін барлық
деңгейдегі әкімдердің мәслихатпен немесе тікелей тұрғындармен сайлану жағдайында табуы
мүмкін. Ал қазіргі таңда аудандық деңгейден төменгі әкімшілік-аумақтық бірліктерде өкілдік
органдарының болмауы жағдайында аталмыш аумақ әкімдерінің тұрғындармен тікелей
сайлануын енгізу жоғарыда айтылған бағыттағы алғашқы қадам болмақ. Айтылған ұсыныстар
іске асатын болса, «қазақстандық» үлгінің «күшті мэр» үлгісіне трансформациялануы орын
алуы мүмкін. Дегенмен, «атқарушы комитет» үлгісі де біздің шындыққа жақынырақ болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |