Алаш прозасы Сайын МҰратбеков: «Жабайы Алма» бірінші бөлім көкінай



Pdf көрінісі
бет2/5
Дата01.03.2022
өлшемі1,42 Mb.
#133831
1   2   3   4   5
Байланысты:
Сайын Мұратбеков - Жабайы алма

 
ЕКІНШІ БӨЛІМ 
ЗОРЛЫҚ ПЕН ҚОРЛЫҚ 
Әкеден де, шешеден де айырылған жетімдік тақсіретінің аяздай 
қарығанынан ба, сол жылғы қыс айрықша қатал, қытымыр болып еді. Есіме алсам, 
жон арқам күні бүгінге дейін сырқырайды. 
Қар қалың жауды, кейбір жатаған үйлерді төбесімен бірдей ғып басып 
тастады. Есік алдындағы қар күресіндері кішігірім ақ таулар боп жоталанып, 
күннен-күнге биіктей түседі. Ырысбек болса енді бізді жазалаудың тағы бір жолын 
тапты. Бірдеңеден жазып кінәлі боп қалсақ, яки айтқан тілін алмасақ, 
сирағымыздан ұстап тік көтеріп алады да, сол күресін қарға басымызды төмен 
қаратып шанша салады. Мойны-қойнымыз қарға толып, тұншыға, қашан өзі 
суырып алғанша, аяғымыз көкке қарап тыпырлап тұрғанымыз. Бұл жазаны 
балалардың бәрінен де көп тартқан мен болдым. 
Ырысбек аяқ асты Нәзира әпкеме үсті-үстіне хат жазатынды шығарды. Және 
ол хаттарын басқа біреуден емес, ылғи менен беретін. Мұнан өткен қорлық болсын 
ба?! Мен, әрине, әуелгі кездері оның бұл басынғанына намыстанып, хаттарын 
тасуға көнбей қиқарланып баққам, екі-үш күн қатарынан Ырысбектің қолына 
түскен жерде күресін қарға төбемнен шаншылып тыпырлап тұрып жаза тарттым, 
тіпті тұншығып өліп кете жаздаған кездерім де болды. Ақыры ол дегеніне көндірді. 
Көнбей қайда барам, мені қарға тірідей көміп өлтіріп тастаса, бүкіл ауылда 
Ырысбектің қолынан ара түсіп құтқарып алар бір адам жоқ. Колхоз бастық 
Нұғыман болса аурулы, төсектен тұрмайды, Көлбай керең сонау күздегі оқиғадан 
кейін Ырысбек десе жанынан безеді, бас көтерер жалғыз Байдалы шал еді, ол да 
Ырысбекпен бірге қалаға бір жолы барып келгеннен кейін, «пәледен бес шақырым 
аулақ» жүретін болды. Екеуі екі ат-шанамен колхоздың астығын сатуға кеткен, 
төрт күннен кейін қайтып оралды. Ауылға кіре бере Байдалы шал шанасынан 
қарғып түсіп, Ырысбекті бишіктің астына алды-ау дейсің. Сыбап боқтап жүр. 
− Сенен көрген қорлығым ба?! Сенің істегенің бе?! Сүйегімнен етті ғой!.. Әй, 
өлдім-ау, әбден…- деп, ызақорланып, жыларман боп жүр. Шықпыртып ұра түседі. 
Ырысбек болса қалың тонмен басып бүркелей түсіп, оның соққысын шыбын 
шаққан ғұрлы көрер емес, қарқылдап көзінен жас аққанша күледі. Екеуінің шаң-
шұңына бүкіл ауыл жиналды. Байдалы шал түтіге тұрып Ырысбектен көрген 
қорлығын айтты: қалаға жетісімен Ырысбек дереу өзінің бір қап астығын сатып, 
ақшасын қалтасына салып апты да, шанасын Байдалы шалға тастап, өзі үшті-күйді 
жоғалыпты, содан дәл Байдалы шал қайтқалы тұрғанда, бір-ақ келген, бір қап 
бидайдың ақшасынан бір тиын жоқ, бәрін араққа салған. 
− Онысын да қойшы,- дейді Байдалы шал.- Бұл иттің маған қайтар жолдағы 
көрсеткенін айтсаңшы. Әй қор қылды-ау, енді қайтейін-ай… Осы ауылға осыдан 


тірі жетермін бе, жоқ па деп шыбын жанымды қу шүберекке түйіп, шаққа келдім 
ғой. Мынау ма? Мынау адам емес, жұртым-ау!.. Жын ба, шайтан ба… әйтеу 
бірдеңе… 
Онан арғы оқиға былай бопты: қаладан бері ұзап шыққанша, Ырысбек 
Байдалы шалдың ұрысқандарының бәрін үнсіз мойындап моп-момақам боп 
отырған, бір кезде шанасы тоқтай қалады (алдынғы шанада екен), өзі секіріп 
жерге түсіп, айдалада омбы қардың үстінде билей жөнеледі. Қолында екі басты 
бәкі, жүздері жалт-жұлт еткен, өзін-өзі әлгі бәкімен ал кеп сұққылайды, қайдағы 
бір жын-перілердің аттарын атап шақырып, зікір салып, көзі алақ-жұлақ етіп 
қанталап, түсі мүлде адам шошырлық күйге түседі. Содан бір кезде кеп Байдалы 
шалды алқымға алады, қылғындырып бауыздамақ болады. Есі шыққан Байдалы 
шал: «Әкем, Ырысбек, не болды саған?… Садағаң кетейін-ау, не болды? Жазығым 
не?» — деп жалынады. «Әлде қарның ашты ма? Мына менің астымдағы шөптің 
арасында қап бар еді?..» — деген кезде ғана босатады. Байдалы шал 
ауылдағыларға базарлық деп алып келе жатқан азын-аулақ ішімдігі және жұмсақ 
ақ нан, прәндік, кәмпит бар қаптың аузын шешіп, соларын жайып салып, 
ЬІрысбектің шеңгелінен әзер құтылады. Ырысбек ішімдікті ішіп, жұмсақ нанды 
тойғанша жеп, жол бойы қызара бөртіп рақатқа батып келеді… 
− Адам емес мынау… адам емес! — деген Байдалы шал әңгімесін түңіле 
аяқтап. Сонан бері Ырысбекті көрсе, анадайдан айналып кетеді. 
Бригадир Байдалы шалдың өзі сөйткенде, басқаға не жорық. Амал жоқ, 
Ырысбектің хатын Нәзира әпкеме өз қолыммен әкеп ұсынам. Нәзира әпкем хатты 
алады да, бүктеуін де ашпастан қақ бөліп айырып, ошақтағы отқа тастайды, 
сонсоң мені жағымнан шапалақпен тартып-тартып жібереді. 
− Жексұрын! — дейді көзі жасаурап. 
Рас та. Өз әпкесіне Ырысбектің хатын тасыған іні жексұрын емей кім? Сөйтіп, 
екі оттың ортасында жүрген жайым бар. 
Әнеу бір күні Ырысбектің хатын Нәзира әпкеме ұсынып тұрып, шыдай алмай 
еңіреп жылап жібердім. Менің мүшкіл халімді ұқты-ау деймін, Нәзира әпкем хатты 
қолына ұстаған күйде мені ертіп Ырысбектің үйіне әкелді де, көзінше қақ айырып 
тастай салды да, аяғымен таптап езгілей тұрып: 
− Мен сіздің хатыңызды еш уақытта оқымаймын да, босқа әуре боп ендігәрі 
жазбаңыз,-деді. Өз терісіне өзі сыймай, ызадан жарылып кетердей боп түсі 
бұзылып, түтіге тұрып айтты. 
Басқа біреу болса мұндайда Ырысбек көзін алақ-жұлақ еткізіп тап беретін, 
ал Нәзира әпкемнің мына істегенінен қызарақтап күле тұрып: 
− Нәзира қалқам, мен… мен…- деп берген тұтығып. 
− Анау кезде айтып ем ғой, мен сізге ешқандай да қалқа емеспін деп. Аулақ 
жүріңіз менен! 
Онан соң мені ертті де, Ырысбектің есігін қатты сарт еткізіп шығып кеттік. 
− Енді хат берсе, алма! — деді маған да түйіле сөйлеп.- Ұратын болса, 
айтып кел өзіме, Ырысбек тұрмақ онан зорғы болса да көріп алайын әуселесін!.. 
Әрине, Нәзира әпкем шындап ашуланса, кімнен де болса таймайды, бірақ 
заты әйел ғой, оны арқа сүйеп не мұратқа жетермін, қаншама жер тепсініп, 
мықтымси сөйлегенімен, жеме-жемге келгенде Ырысбекке не істей қояр дейсің, 
құр сөз де. 
Кездейсоқ бір жағдай құтқармаса, Ырысбектен оңайшылықпен құтылу жоқ 
шығар. Күзден бері өзін военкомат екі рет шақыртты. Армияға алып кететін шығар, 
бұл қызыл көз пәледен сөйтіп құтылатын болармыз деп бүкіл ауыл күткен, әсіресе 
оның қылжағынан ығыр болған қыз-келіншектер мен біздер — балалар, шынымен-


ақ қуанғанбыз. Бірақ қырсық қылғанда екі ретінде де жарамай қайтып келді: 
«Өкпем әлі толық жазылмапты»,-дейді өзі. Бүкіл ауылды аяғынан тік тұрғызып 
зәре-құтымызды ұшырғанда құдай құрлы, тепсе темір үзетін осы пәленің 
жазылмай жүрген ол қандай ауру екенін түсіне алмай дал болды ел. Әйтеу, 
ауданға жүрерден екі-үш күн бұрын екі көзі шүңірейіп, жағы суалып, түрі сарғыш 
тартып, алты ай жаз төсек тартып ауырған адамдай боп қатты жүдеп кетеді де, ал 
қайтып келген соң. Зибашты, не Эмманы (ол шақыртқанда, екеуі де тоқтаусыз 
жетіп келеді) шақыртып ап, он шақты күндей үйінде жатып айран-сүт ішіп, сорпа 
ішіп қалжаланғаннан кейін, өңінің сарғыш тартқаны, көзінің шүңірейгені кетіп, 
қайтадан делебесі қозған бурадай құтырынып шыға келеді. Үйіндегі өзін күтіп-
баққан әйелді (Зибаш болса да, Эмма болса да) қуып тастайды да, басқа қыз-
келіншектерге хат жазуын қайта бастайды. Ауылдағы жылт еткен қыз-келіншектен 
Ырысбектің көз салмағаны қалмады. Соңынан бес күн түседі, он күн түседі, ай 
бойы түседі, ақыры қалайда дегеніне жетіп тынады. Бүгінде Ырысбекке көнбегені 
кемде-кем-ақ шығар. «Бұл ма, бұл екі дүниеде көгермейді,- дейді тоқсаннан асқан 
Қуатбек шал басын шайқай отырып.-«Жылқыға жау тигенде, жабы құтырар» деген 
осы да». Кемпір-шал атаулы Ырысбекті қарғап-сілейді, бірақ оған қыңыр ЬІрысбек 
жоқ, қайта құтырына түсетін сияқты. Енді, міне, Нәзира әпкемнің соңына түскеніне 
де біраз болды. Ақыры немен тынарын кім білсін. Әйтеу, осы кез маған оңай тиіп 
жүрген жоқ. Екі оттың ортасында шыбын жанды шүберекке түйгендей жайым бар. 
Нәзира әпкем Ырысбектің үйіне мені жетектеп апарып, оған доңайбат жасап 
кеткен күннің ертеңіне көшеде Әжібек кездескен. Қасында — Қайрат пен Бәтен. 
− Әй, көксоққан, бері кел! — деді бұйырып. 
Бұрын біздерді екі сөзінің бірінде: «Әй, жүгірмек» деп отыратын Әжібек 
биыл қыс: «Әй, көксоққан» дегенді шығарған. Мейлі, тіпті жерсоққан десе де 
әлімжеттілігін жасап зәбірлемесе екен де. 
− Ия,- деп мен қасына келдім. 
Басында әкесінен қалған түлкі тымақ, үстіндегі ескі қара тонының белін 
қайыс белбеумен қынтитып тұрып буып апты және онысын Ырысбектің жейдесінің 
етегі құсатып артына қарай ысырып қойған, сондықтан болар, екі жақ етегі жел 
кеулегендей делдиіп тұр, аяғында ақжұлықтанған ескі қонышқа қоңыр көннен бас 
салып тігілген дөрбиген үлкен етік, оны солидолмен шылқытып майлап апты, өзі 
тіпті мұнда жоқ, жан адамды менсінер емес, паңданып тұр, маған сонау биіктен, 
жоғарыдан көзінің астымен ғана қарайды. Бұрын бойы менен сәл ғана биіктеу 
көрінуші еді, биыл қыс тіпті сыриып өсіп кеткен сияқты. Мұрты біліне бастапты. 
Бірақ Әжібек қанша паңданса да, сидиған арық түріне мына киімдері еш 
жараспайды-ақ, ұсқыны адам күлерлік еді, жаздағы Шымырбай шалдың 
бақшасының шетіне ескі-құсқы киімдер кигізіп қадап қойған қарақшы сияқты 
қалқиып тұр. Әттең, бір-екі жас болса да үлкендігін білдіріп әлімжеттік жасайды, 
әйтпесе мына түрін мысқылдап мазақ етер ем. Өзінің және бір жаман мінезі: 
жұртты мазақ етіп күлгенде құдай құрлы да, ал өзіне айтылған бір ауыз әзілді 
көтере алмайды, көзі аларып шатынап шыға келеді. Жарылып қанталап жүретін 
астыңғы ернін жалап-жалап қойып, зәреңді ұшыру үшін тісін шақырлатып: «Мені 
мазақ ететіндей сен кімсің-ей, ә?! Мұрныңды бет қып жіберейін бе осы?!» — деп 
күс-күс жұдырығын Түйіп төніп келгенде, әзіл айтпақ түгілі, бетіне тура қараудан 
қаймығасың. Өзі сенен үлкен, қолы ұзын, тарамыстанған арық болса да, күші 
басым, жеңілмеске қорықпасқа шамаң жоқ. Оған қарағанда Қайрат пен Бәтеннің 
киімдері тәуір: бірінің үстінде жақында тоқылған жаңа шекпен де, екіншісі жүн 
сырған күпәйке киген, аяқтарында жаңа шарық. Бар дәмділерін апалары 


осылардың аузына ұстайтын екеуі екі үйдің еркесі, жүздері қызара тершіп, ұрттары 
томпиып тұр. 
− Көксоққан, Жөкеңді ғой ұмытып жүрсің,- деді Әжібек бірден кіжіне сөйлеп. 
Әрине, «Жөкең» деп тұрғаны өзі, ал енді оны менің қалай ұмытып жүргенімді 
түсінсем бұйырмасын. 
− Үйіңде артық-тұртық құрт-ірімшік болса, осыны Әжекең ауыз тисінші деп 
алып шығу ғой ойыңа да келмейді,- деп, біраз кінә артып, сөгіп алды. Мына 
өзіңдей Бәтенді қарашы, міне, апасының жеті қатқа тыққан құртынан маған ұрлап 
әкелді. 
Енді байқадым, үшеуінің де ұрттары томпаңдап, құрт сорып тұр екен. 
− Мен кеше тура жарты таба нанды бір-ақ ұрлап әкелгем,- деді осы тұста 
Қайрат та шыдай алмай. 
− Иә. Мына Қайрат сөйтті. Маладес! — деді Әжібек оны иығынан қағып.- Ал 
сен ғой… 
− Әй, осыны қойшы, сараңды. Бұлар өздері тұқым-тұғиянымен тегіс 
сараңдар емес пе. Негізіне тартпай тұрсын ба,- деп, Бәтен аузындағы түкірігін 
шашырата кеп, құйрығымнан бір тепті. 
Әншейінде бетіме тура қараудан қорқатын мына жаманның мына құтырғаны 
қанымды қайнатып-ақ жіберді. Тіпті жеке өз басымды, мейлі, не десе о десін, ал 
енді бүкіл тұқым-тұғиянымды сараң дегені жаныма батып-ақ кетті. Ыза буып 
Бәтенге тұра ұмтылғам, Қайрат аяғын төсей қойған екен, соған шалынысып барып 
омбы қарға оңқа-шоңқа құладым. Үшеуі мәз боп күлсін. Ұшып тұрып қайта 
ұмтылғанымша, Бәтен сақылдай күліп Әжібектің тасасына тығылды. 
− Сараңдардың тұқымы, ха-ха-ха…- деп мені онан әрмен мазақтай түсіп тілін 
шығарады. Әжібекті арқаланып тұрғаны. 
Көзім жасаурап, мысым құрып мен тұрмын. 
− Жә, қалжындастыңдар ғой, жетеді енді,- деді Әжібек менің қыстығып 
жыларман боп тұрған түріме қарап. 
− Сен. Бәтен, оныңды қой. Қанат сараң емес. Солай ғой, Қанат, ә? Тек бұ 
дүниеде менің бар-жоғым ойына келмеген ғой. Жарайды, ол кемшілігін ендігі 
жерде түзете жатар. Солай ма, Қанат?! 
Мен үндей қоймағам. 
− Көксоққан-ау, сенің маған бергенің далаға кетпейді ғой, әлі қиын-қыстау 
күн туғанда, панаң болам ғой. Жә, ендігісін өзің білерсің. Онша санасыз емессің 
ғой…- Онан соң ол менің ақ киізбен ұлтарылған қара шарығыма, әр жерінен 
тесіктерінен тауық шоқығандай боп жүндері шоқ-шоқ боп шығып тұрған сары 
жарғақ тоныма көз тоқтата тұрып: — Әй, сенің көкең мен апаң екеуінің бірге 
түскен суреті бар ма? — деп сұрады. 
− Бар. 
− Бар болса сен соны тез арада Ырысбекке жеткізіп бер. 
− Мен ол суретті ала алмаймын, ол Нәзира әпкемнің альбомына 
жапсырылған,- дедім. 
− Сонда немене, Нәзира әпкеңнің альбомы адамның қолы жетпес жерде ме? 
− Үлкен сандықтың ішінде. 
− Аш сол сандықты…- Әжібек тісінің арасынан сыздықтата түкіріп қойды.- 
Обшым, ұзын сөздің қысқасы, көкең мен апаңның суретін ұрлап әкелетін бол. 
− Әкеле алмаймын. Қиында жатыр дедім ғой. 
− Әй, ақымақ, Ырысбек оны үлкейткісі келіп отырса, бұл қиында жатыр деп 
бәлденеді ғой. Бар, өлтіріл, қайтсең де сол суретті әкелетін бол. Бұл саған 


жауынгерлік тапсырма. Әкелмесең сонда болсын! Бар! — деп, ол сөз соңында май 
құйрығымнан ақырындап қана бір тепті. Мен кете бергем. 
− Әй, көксоққан,- деді ол бірдеңе есіне түскендей желкемнен тартып қайыра 
бұрып.-Шарығыңнан су өтіп жүрген жоқ па? 
− Қар еріген кезде өтеді. 
− Онда былай істе. Менің жан адамға көрсетпей, тығып жүрген бір шелек 
солидолым бар, анда-санда кеп анау шарығыңның ұлтарма тігістеріне, табаныңа 
жағып алып жүр, сонда су өтпейді,- деді қамқорлық білдіріп. 
− Солидолды киізге жағуға бола ма? 
− Неге болмайды?! Вот ақымақ. Сен әуелі жағып көрсеңші. Міне, мен етігімді 
майлап алып ем, су дегенің сынапша сырғып, ішіне түк өтпейді. Қазір мына Бәтен 
мен Қайратқа да жаққызам.- Әжібек тағы да тісінің арасынан сыздықтата шырт 
түкіріп қойды. 
− Пажалыста, күнде жағып тұрам десең де сенен аямаймын. Ал енді бар 
үйіңе, бәлденбей әлгі суретті бүгін-ертең әкеп беретін бол. 
− Мақұл. 
Шынында да, үлкейтемін деп Ырысбектің өзі сұратып отырса, одан неге 
бәлденіп, тартыншақтауым керек. Ауылдағы талай үйдің төрінен Ырысбек үлкейтіп 
берген суреттерді көріп қатты қызығатынмын. «Шіркін, көкем мен апамның суретін 
өстіп үлкейтіп төрге іліп қойса»,- деп армандайтынмын. Сөйтіп, келесі күні-ақ 
Нәзира әпкемнің альбомындағы көкем мен апамның суретін алып, Әжібекке ілесіп 
Ырысбекке өз қолымнан апарып бердім. 
Ырысбек шертіп отырған домбырасын тастай бере, суретті бір жақындатып, 
бір алыстатып, одан терезенің жарығына қарай теріс қаратып ұстап қарап шықты 
да: 
− Үлкейтуге қолайлы, жақсы екен,- деді. 
Осы сезін естіп мен қуанып қалдым. 
Ырысбек енді маған қарады да, одан қайта суретке қарады: 
− Қанат, тоқташы,- деді. Сөйтті де суретке бір, маған бір тағы да кезек-кезек 
қарай отырып: 
− О, көкесінен айнымай қалған жарығым, тіпті аузынан түскендей ұқсауын 
қарашы,- деп, мені құшағына алып қысып-қысып қойды. Әлгі мені ұстап алған 
жерде төбемнен қарға шаншып қорлық көрсететін мінезінен із жоқ, аяқ асты мен 
дегенде ет жүрегі езіле қапты. Оған деген шексіз ыза-өкпеден бе, әлде оның 
мүсіркей қалғанына қорланғаным ба, әйтеу, екі бетім дуылдап, көзім жасаурап, 
үндей алмай булығып шығып кеттім. 
− Әй, Қанат, тоқта! 
Әжібек соңымнан ілесе шыққан екен. Қуып жетіп, желкелігімнен тартып 
тоқтатты да: 
− Сен суретті жоғалады екен деп қорықпа. Ырысбек, ол — сөздің адамы, 
айтса болды, орындайды,- деді мені жұбата сөйлеп. Онан соң менімен қатарласа 
жүріп, өз үйінің тұсына жеткенде: — Жүр біздікіне, мына шарығыңды майлап ал,- 
деді. 
Шынында да, май су өткізбейді ғой, майласам майлап алайыншы деген ой 
келді маған да, Әжібектің үйі — ауыз үй, түп үйден тұратын аласа ғана ескі кірпіш 
там. Әжібек жалғыз өзі ғана тұрады. Тұрады деген тек аты ғана, әйтпесе Әжібек 
ауыл үй арасы ағайын-туғандарын аралап, әркімдікіне бір қонып жүреді. Соңғы 
кезде көбіне Ырысбектің үйінен шықпайтын. Шешесі өлген екі жылдан бері үйдің 
күйі мүлде кетіп-ақ қалған. Көктем, күз төбесінен су өтіп, іші үнемі сыз тартып, 
көгерген иіс тұсынан өткен адамның жүрегін айнытады. Алайда Әжібек мұның 


бәрін уақытша дейді. Әке-шешесінен қалған азын-аулақ дүние-мүліктерін анда-
санда далаға шығарып қағып-сілкіп, онан соң қайтадан буып-түйіп қояды. 
Балаларды ұйымдастырып үй ішін сыпыртып, жинастырып, қыс кезінде күніне бір 
уақыт от жағады. Өзі: «Әлі он сегізге толып, үйленетін кезімде бәрі керек болады 
ғой»,-дейді. Дәл қашан және кімге үйленетінін әзірге өзі де білмейді. Осы күні 
бұрынғыдай: «Зибашқа үйленем»,- дегенін қойған. «Жас қыздардың біреуі ер 
жетер оған дейін»,- дейді. 
Қазір үйінің мұржасынан будақтап түтін шығып жатыр. 
− Үйде Қайрат пен Бәтен бар, деді. 
Біз кіргенде, көгерген иіс пен түтін сасыған үйдің ішінде Қайрат пен Бәтен 
қарамай толы үлкен шелекті орталарына қойып, шарықтарын шылқытып майлап 
отыр екен. Кішкене қазанда сақылдап бірдеңе қайнап жатыр, оның да тәтті бір иісі 
білінеді, кәдімгі жас сорпаның иісі. 
− Маладестер! Енді сендердің шарықтарыңнан су өтіп көрсін! — деп мақтап 
қойды Әжібек.- Кәне, Қанат, сен де майлап ал шарығыңды. 
Әлгі екеуінің қатарына отыра қап мен де шарығымды майлауға кірістім. Ал 
Әжібек болса қолына кәкпір алып, қазандағы қайнап жатқан жұдырықтай кесек 
етті шығарып пышақпен шетінен кесіп жеп көрді де, қайта салды. Біз үшеуміз 
шарықтарымызды қоя сала, сілекейлеріміз шұбырып оның аузына қарай қалған 
екенбіз. 
− Әлі піспепті,- деді аузындағысын малжаңдай тұрып. Онан соң біздің 
телміре қалғанымызды ұнатпай: 
− Әй, көксоққандар, болыңдар енді,- деді әмірлі үнмен: — Бүгінше мына ет 
әбден піссін. Өзі кәрі малдың еті ме, немене, әлі тастай қатты. Ал сендер 
шарықтарыңды майлап алыңдар да, қайқайыңдар үйлеріңе. Ертең сендерге бір-бір 
жапырақ алып қоям. Үйлерің бар, аш емессіңдер ғой, ауыз тисеңдер де жетер. 
Біз шарықтарымызды шылқыта майлап үйден шықтық. Ә деп табалдырықтан 
аттағаннан бастап-ақ үшеуміздің бірінен-бірі күлкілі аюдың табанындай іздеріміз ақ 
қардың бетінде аймандай боп баттиып-баттиып қалды. Біраз жүріп барып 
қайырылып қарағанбыз, іздеріміз тура бір қора қой шұбырып өткендей қап-қара 
ала боп жосыла түсіпті. Қалай болар екен деп шарықтарымызбен еріген қарды 
оңды-солды ойқастай кешіп көргенбіз, майдың аты май ғой, шіркін, бұрын 
шарығымыздың ұлтарма тігістеріне жабыса кететін жентек қар енді тіпті жұғысар 
емес. 
− Қазір мына шарығымызбен су кешсек те өте қоймас. 
− Кешіп көрер ме еді өзі?! 
− Қай жерде су бар? 
Ары-бері омбы қарды ойқастай кешіп іздестіріп көріп едік, бірақ қыстың күні 
су қайдан табылсын, шұңқырлар мен арықтар тегіс қалың қар астында қатып 
жатыр. Өстіп мәз боп келе жатқанымызда, тас қойма жақтан торы жорғамен 
құйғытып шыға келген Байдалы шал біздің ізімізді кесіп өте бере, кілт атының 
басын тартып қайырыла бұрылды, ақ қарға түскен ізімізге, онан біздің 
шарықтарымызға қарады да: 
− Әй, иттің күшіктері, мына қара майды қайдан алдыңдар? Кәне, 
жандарыңның барында айтыңдар?! — деп, ақыра қамшы сілтеп, торы жорғамен 
үшеумізді де тапап өте жаздап төніп келгенде, есіміз шыққан біз зәре-құтымыз 
ұшып, бір-бірімізге тығыла ұйлығып тұрып қалыппыз. 
− Қайдан алдыңдар деймін?! 
Дойыр қамшы үшеумізді қоса-қабаттап бір осып өткен. Үшеуміз де шар-шар 
ете қалдық. 


− Қайдан алдыңдар? 
Дойыр қамшы басымызға қайырыла төнген. 
− Әжібе-е-ек…- деді бақыра жылаған Бәтен. 
− Ә, шақша бас ит!.. 
Торы жорғаға борбайлата қамшыны басқан Байдалы шал енді бізді тастай 
бере Әжібектің үйіне қарай шапты. Енді байқадық, бұ кезде Әжібек те құстай ұшып 
Ырысбектің үйіне жетіп қапты. Байдалы шал қалың қарға аты омбылап жете алмай 
қалды. Жер сабалап, көшені басына көтере боқтануда. Атынан түсіп, Әжібектің 
есігінің алдынан әлгіндегі қара май толы шелекті көтеріп алды. Сірә, Әжібек қашып 
бара жатып сыртқа, есігінің алдына шығарып тастап кетсе керек. 
− Ә, шақша бас ит, осыдан қолыма бір түсерсің. Сен итті көзіңе көк 
шыбынды үймелетіп тұрып айдатпасам ба, әлі!.. 
Соның арасында айқай-шуға жиналып қалған жұртқа: 
− Көктемде егіс кезінде құрал-сайман майлауға деп Мытыстан3 барып, бір 
тоқты беріп әзер деп сұрап әкелгенімді қайтейін. Әнеу бір күні аяқ асты ұшты-күйлі 
жоғалып кеткені. Апырмай, бұ қара май сонша кімге қажет болды екен деп таң 
қалып ем. Сөйтсем, мына шақша бастан келген екен ғой. Бұ неткен қаскүнем-ей, 
а?! Колхоздың қара майын ұрлап… Сотқа тартылғалы жүр ғой, ол ит… 
Бір кезде көзі бізге түсіп кеткен: — Әжібекке ерсеңдер көгерерсіңдер, о, 
жетесіз немелер, үшеуіңді де сойып салайын ба осы! — деп тап бергенде, үшеуміз 
үш жаққа безіп кеттік… 
Баланың қорқынышы ұзаққа созылған ба?! Артынша-ақ қызу ойынға кірістік 
те, Әжібекті де, оның қара майын да, Байдалы шалды да мүлде естен шығарып, 
қыстың май тоңғысыз жайма-шуақ күні батқанша, жентектелген қардан аққала 
тұрғызып, одан екі жаққа бөлініп қармен атысып ойнап, әбден қызыққа баттық. 
Сөйтіп, үсті-басымыздың малмандай су болғанын да, шарықтарымыздан шылқып 
су өткенін де аңғармаппыз. Кешкісін үйге кеп шешінген кезімде, үсті-басымды 
ұстап көрген әжем: 
− Құлыным-ау, осынша су болғанша ойнағансың ба? — деді ренжіп. 
Жұмыстан шаршап қайтқан Нәзира әпкем шай ішіп отыр екен, үндеген жоқ. Мен 
кән пештің ұзына үстіне киімдерімді жайып, шарығымды қызуы молдау ошақтың 
желке тұсына кептіруге қойдым. Әлден соң үйдің ішін қолқаны қапқан қоңырсық 
иіс алып кетті. 
− Бұ неғылған иіс? — деп, Нәзира әпкем ұшып тұрып барып ошақтың үстіңгі 
жағына үңілді. Дәл бір өлген мысықты ұстағандай менің әуелі бір шарығымды 
қонышынан шымши көтеріп шамның жарығына әкеп тыжырына тұрып қарады да, 
онан соң екінші шарығымды әкеп және қарады, екеуінің де сыртындағы сыланған 
қара май еріп, тамшылап тұр. 
− Әй Қамат, мынауың не? 
Мен үндегем жоқ. Үйдің бұрышындағы ескі тонға орана түсіп, жантайып 
жата бердім. 
− Әй, мынауың не деймін? — деп ақырып жіберген Нәзира әпкем. Мен селк 
ете түстім.- О заман да, бұ заман киізге қара май жаққан деген не сұмдық?! 
Шарықтарымды үстіме қарай лақтырып жіберді. 
− Өлтірейін бе осы, а?! Сендей ақымақтың барыңнан жоғың! — деп, маған 
қарай тап берген. 
Әжем ұмтылып кеп арамызға тұра қалды. 
− Жә, жә…- деді сабырлы үнмен. 
− Әже-ау, бұл ақымақты неге қорғайсың?! Соп-сомадай боп істеп жүргені 
мынау?! 


Нәзира әпкем күйініп барып отыра кетті. 
− Елдің мұндай баласы мынадай қиындықта бір жағына сүйеу боп жүр, ал 
бұл болса со күйі ми кеще, ақымақ… Әй, енді мынау киіз аяқ киімді қалай 
кептіресің?! 
Мен әпкем қандай ауыр сөз айтса да, үнсіз мойындап жата бердім. Киізді 
майлап жүрген адам — кеще десе кеще, ақымақ десе ақымақ қой. 
* * * 
Қыс ортасында Мұқан ағайымыз әскерге алынып, мектебіміз жарты айдай 
жабылып қалған. «Бұл қиын болды ғой, балалар оқудан қол үзіп қалатын болды-
ау?! — деп мазасызданған ата-аналар ауылдың бас көтерері деп Байдалы шалға 
барған екен. Нұғыман ауырғалы, колхоздың кеңсесіне талтақтап кіріп, қоқырайып 
барып төрдегі бастықтың орнына шірене отырып жүрген Байдалы шал әлгі келген 
ата-аналарға жат та кеп ұрсыпты: «Әй, өздерің қалай ойлайсыңдар осы?! Мына 
қақаған қыста мұғалім табуды ойыншық көресіңдер ме? Ол жаңа келетін мұғалімге 
үй керек емес пе? Отын-су керек емес пе? Ал оның бәрін мен қайдан табам?!. Жә, 
басты қатырмаңдар!» — деп, қуып шығыпты. 
Осыны естігенде, төсек тартып жатқан Нұғыман қатты ренжіген көрінеді. 
Байдалыны үйіне шақыртқан екен, әншейінде Нұғыманның атын естігенде мөнтең 
қағатын шал бұл жолы тіпті пысқырмапты да, «қолым тимейді» деп бармай 
қойыпты. Байдалы шалдың мына қылығын естігенде, үлкендер жағасын ұстады: 
«Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағына ойнақ салар» деген осы екен-ау,- десті. 
Нұғыман кім еді? Байдалы кім?.. Күні кеше колхоздастыру кезінде бүкіл бір 
болыстың елін аузына қаратып, соңына ерткен, орақ тілді, от ауызды, бетіне жан 
қаратпаған жігіттің сұлтаны еді ғой Нұғыман. Әттең, абайсызда тап жауларының 
қолына түсіп, мертігіп қор боп қалды. Ал Байдалы болса әркімнің шөре-шөресінде 
жүрген, қолға су құюдан аспаған сорлы жан еді. Енді, міне, бүгінде кісімсіп бұл да 
ел басқарып жүр. Мына қараң өшкір соғыстың кесапаты да. Әйтпесе ер-азамат 
түгел тұрса, Байдалыға қарап қалар күн туар ма еді, сірә да?! 
Әжібек болса өзіне қарайлас біздерді — балаларды жиып алып, біз арқылы 
ата-аналарымызды табалап бір рақаттанып қалды. 
− Ал Байдалыға бағынып бір жетістіңдер-ау, а! Еріңдер сол қақбастың 
соңынан, тұпа-тура социализмнің төрінен бір-ақ шығарсын,- деп кекетті 
барлығымыздың төбемізден қарай тұрып.- Талай айттым ғой осы, ол Байдалы 
деген байдың құйыршығы боп келген адам, одан басалқалық шықпайды деп. Әй, 
енді не дейін бұл елге, шын сөзімді қор қылады. Баласынады. Өзіміздің әлгі 
боқмұрын Әжібек емес пе, осыны қойшы, адам болмайды дейді. Ал сонда сенген 
Байдалысының түрі анау ма?! — Әжібек Байдалы шалға да, оған бағынып жүрген 
бүкіл ауылға да ызалы еді. Сол ызасын қазір біздердің көзімізді шұқығандай 
бетімізге басып айтып тұр. Біз болсақ үнсіз мойындап тұрмыз. Шынында да, 
Әжібектің ақылындай ақыл кейбір үлкендерде жоқ-ау дейміз. 
− Ал, көксоққандар, оқудан қалған обалдарың бірінші Гитлерге де, екінші 
Байдалыға,-деді Әжібек сөзін түйіндеп.- Қайта бір есептен осы соғыс біткенше, 
бастарыңды қатырып оқымағандарың да дұрыс. «Зат есім» «Сын есім»… тағы қай 
есім еді, әлгі… 
− «Сан есім»… 
− Иә, иә, сол толып жатқан есімдермен бас қатырғанша, пайдалы бір тірлік 
істеу керек қой. Оқуды соғыс біткеннен кейін оқып алсақ та жетеді. Өзім соғыс 
біткен күннің ертеңіне-ақ станциядағы нағашымдікіне барып, тұп-тура милицияның 
оқуын оқимын. Көкелеріңді сонда танытамын әлі. Әй, сонда әсіресе мына Байдалы 


қақбасты алдыма салып, іші кепкен сиырдай ғып бір тырқыратармын-ау. Бүкіл 
елдің алдында табанымды жалайтын болады… 
Осы кезде үйінен шыққан Ырысбек дауыстап Әжібекті шақырған. 
− А! Жолдас бас қолбасшы! 
− Бері кел деймін,- деді Ырысбек. 
− Қазір,- деп, Әжібек дедектей жөнелді. Кетіп бара жатып: — Мына 
әскерлерді қайтем? -деп сұраған. 
− Күте тұрсын! — деді Ырысбек. 
− Әй, тырп етпей күте тұрыңдар! — деді Әжібек бізге қайырыла бұрылып. 
Біз сол тобымызды жазбаған күйде күтіп тұрдық та, Әжібек Ырысбектің 
жарлығын тыңдап қайтып оралды. Келе бәрімізге одырая өктем қарап: 
− Ал, көксоққан әскерлер, бас қолбасшы біздерге ұрсып тұр,- деп бастады 
сөзін.- Соңғы кезде сендердің не оқыған оқуларың жоқ, не бітірген істерің жоқ, 
тағы да беттеріңмен кетіп бара жатырсыңдар. Серкесі жоқ мал құсап барасыңдар. 
Оларың жарамайды. Жаңа Ырысбек те соны айтты. Шүкіршілік, бастайтын 
серкелерің бар. Ол — мына менмін,- осы тұста балалардың бірі шиқылдай күлген, 
Әжібек көзін аларта: — Кәне, о кім күліп тұрған? Көк желкеңді қиып жіберейін осы! 
— деген түтіге жекіп. Күлкі сап тыйылды.- Жаңа бас қолбасшы екеуміз ақылдаса 
кеп, сендерді қыс кезіндегі еңбекке тәрбиелейтін болдық. Анда-санда таудан отын 
шабуға барып тұрамыз. Бұл — бізге әскери тапсырма! — деді сөзін шегелеп, онан 
соң тау жаққа көз сала тұрып: — Әне, Ешкіөлместің күнгейіндегі бұйралана 
ұйысып жатқан қалың тобылғы мен қарағанды көрдіңдер ғой, содан отын 
шабамыз. Мынадай қыста салпақтап құр ойнай бергенше, бір уақ отын шауып 
шешелеріңді қуантсаңдаршы. «Қарағым адам боп қапты»,- деп, төбесі көкке 
жетеді ғой,- деген. 
− Ой, біздің үйде отын көп, атам кеше бір шана ағаш отын түсірді. 
− Біздің үйдің отыны да қысқа жетеді. 
− Мен бармаймын. 
− Мен де бармаймын,- деп, балалар жан-жақтан дабырлай бастаған. 
Әжібек дөрпиген көн етігімен жерді (қатты қарды) теуіп қалды. 
− Бәрің де барасыңдар! — деді ақырып.- Сендер немене, тәртіпті 
ұмытқансыңдар ма? Мұны мен әскери бұйрық деп тұрмын ғой. Кәне, осыдан 
біреуің бас тартып қиқалақтап көріңдерші, әкелеріңді де, шешелеріңді де танытып 
жіберейін. Әне, бас қолбасшы Ырысекеңнің өзі тұр ғой! 
Біз, балалар, жым болдық. Дәл қазір Әжібек анадай тұрған Ырысбекті 
арқаланып, қайсымызды болса да қарсылық етсек, итше тепкілеп жіберетіні анық 
еді. 
− Ал барыңдар, үйлеріңнен кетпендеріңді және отын буатын екі жіптен алып 
шығыңдар! 
− Екі жіп неге керек? 
− Неге керек екенін барған соң көресің. Отынды шабамыз да буып-буып 
таудан домалатамыз да жібереміз, ешқайсыңның жаның қиналмайды, 
көксоққандар! Егер осыдан біреуің бармай қалып көр, мына жұдырық соның 
төбесінде өтеді,- деп, күс-күс арық жұдырығын көрсетті. 
Үйге кеп, барлық балалар боп таудың күнгейінен тобылғы шабатынымызды 
айтып, белімізге жіптерімізді буынып, қолымызға кетпендерімізді ұстап, сәлден 
кейін көше ортасына топырлай жиналдық. Дәу кетпенді әзер деп көтеріп үйден 
шығып бара жатқанымда, әжем: 
− Құлыным-ау, шамаң келмейді ғой,- деген. 


− Келеді. Балалардың бәрі де бара жатыр,- дедім. Шынын айтқанда, 
көбімізге мына қыста тауға шығып отын шабу — ең қызық ойын сияқты көрінді. 
Үлкендер болса балалардың аяқ асты мына қылығына қапелімде не дерлерін 
білмегендей, не қоштап мақтап кете алмай, не қойыңдар деп тыйып тастай алмай 
аң-таң. Әрине, қыс ішінде бір уыс отынның өзін үнем көріп отырғанда, баласының 
«отын шауып әкелем» деп өз тарапынан суырылып шыққан тірлігі кімді де 
қуантатыны сөзсіз, тек бірдеңеге ұрынып қалмай, қайырымен болсын дейді де… 
Әжібек бастап, ауылдың жоғары жағына қарай шұбырып жүріп кеттік. Алып 
алма ағаштың тұсына жеткенбіз, бұтақтары сойдиып-сойдиып жалаңаштанып тұр 
екен. Ұшар басындағы бұтақтарында бүрісіп-бүрісіп қатып-семіп қалған қоңырқай 
алмалары көрінеді, төменгі бұтақтарында байланған шүберектер жалбырайды. 
Бізге мына қыста сол қатып-семген алмаларының өзі уылжып тұрғандай, 
аузымыздан сілекейіміз ағып қызыға қарағанбыз. 
− Бұтақтарына шығып сілкиік, бәлкім, анау алмалары түсер,- деді 
балалардың бірі. Осы сөз қамшы болды ма, Әжібек жолымыздан сәл қиғаштау 
болса да бұрылып алып, алма ағашқа қарай тартты. 
Алып алма ағашқа жақындай бергенбіз, төңірегі ойқастаған қалың із екен, 
шашылған құстың қауырсыны, жүн-жұрқа. 
− Биыл түлкі қалың ғой, түлкінің іздері шығар? — деген Бәтен. 
− Мүмкін, алма ағаштың түбіндегі үңгірге түлкі жатып жүрген шығар. Қазір 
ұстап алсақ қандай қызық болар еді,- деген Қайрат. 
− Жо, бұл із түлкінікі емес,- деді ізге үңіле қараған Санат.- Түлкі қарға 
бүйтіп батпайды. 
− Онда қасқырдың ізі шығар? 
− Жо, қасқыр да емес. Бұл — иттің ізі. 
− Қазір не болса да көреміз енді,- деді алда келе жатқан Әжібек.- Әне, 
үңгірден қарайып бірдеңенің басы қылтияды. Кетпендеріңді оңтайлап ұстаңдар! 
Осы кезде алып алма ағаштың түбіндегі үңгірден Қарақаншық атып шықты, 
көздері қып-қызыл боп қанталап, тістерін сақылдата ырылдап, айбат шегіп бізге 
қарсы жүрген. Аппақ қардың үстінде өзі қап-қара боп, ештеңеден тайынбайтын 
керемет қорқынышты еді. Жолбасшымыз Әжібек болып, біз бір-бірімізді баса-
жанша кейін қаштық. Қорыққандарынан бір-екі баланың ойбайлап жіберген 
дауыстары да шығып кетті. Омбы қарда сүріне-қабына едәуір қашып барып кейін 
бұрылғанбыз, Қарақаншық соңымыздан қумапты, үңгірдің аузына қайта барып, 
жер иіскелеп қаңсылады да, ұлып-ұлып жіберді. 
− Әй, мынаның іші қабысып, емшектері салақтап тұр ғой, күшіктегеннен сау 
ма? — деген балалардың бірі. 
− Расында да, түрі күшіктеген сияқты. 
− Иә, үңгірге маңайлатпауы тегін емес. 
− Қыста күшіктеген қаншықты көргенім осы. 
− Қайбір жақсылық дейсің,- десіп алып, алма ағаштың басындағы қатып-
семген алмалардан күдер үзген балалар енді тауға қарай өз жолымызға түстік. 
Таудың етек жағындағы жел үрлеп нығарлап тастаған қалың қарды кетпенмен 
қадау-қадау ойып, баспалдақтап жол салып, жоғары қарай шұбыра өрлеп келеміз. 
Сөзіміз Қарақаншық төңірегінде: әлдеқашан жоғалдыға санап жүргенімізде, 
күтпеген жерден алып алма ағаштың түбіндегі үңгірден шыға келуі бізді қатты 
таңырқатқан еді; оның үстіне қыс ішінде күшіктегенін қарасаңшы; күшіктері қалай 
тоңбайды екен; ауылға жоламай, мына жырақта жүріп өзі немен қоректенеді? Осы 
тәріздес толып жатқан сұрақтарға жауап таба алмай, дал боламыз. 


− Қарақаншық киелі ит қой,- дейді ішіміздегі ең білгішіміз Санат.- Бұл 
ауылға не жақсылық, не жамандық әкеледі. 
− Жақсылығын қайдам, жамандығын көріп жүрміз ғой,- деді Бәтен. 
− Сен Бүбітайдың жынданып кеткенін айтасың ба? 
− Иә. 
− Оған Бүбітайдың өзі кінәлі. Қарақаншықтың күшіктерін тірідей көміп 
өлтірді емес пе? 
− Қарақаншық олардың бір қазан сүтін ішіп кетті ғой. 
− Бір қазан сүтке бола күшіктерін өлтірмеу керек еді. 
− Сонда ауылға ұры иттер қаптап кетсін дейсің бе? 
− Түк те қаптамайды. Қарақаншықтың бұрынғы күшіктерінің қайсысы ұры 
болып еді?! Ауылдағы көп үйдің иттері соның күшіктері ғой. 
− Сен өйтіп Қарақаншықты жақтамай-ақ қой, бәрібір иттің аты ит те, ал 
Бүбітай — адам. 
− Иттің де обалы бар, жазықсыз тиіссең, сол обалы жібермейді. 
Мына екеуінің таласына шыдай алмай кеткен болу керек, осы сәт алда бара 
жатқан Әжібек кілт кейін бұрылды да: 
− Әй, екі кемеңгер, тоқтатыңдар бос былшылды! — деді ыза болып.- 
Немене, Қарақаншық пен Бүбітайдың күйігі сен екеуіңе батып келе ме, сонша 
керілдесіп. Дабай, қойыңдар енді! 
Санат пен Бәтен жым болды. Бәріміз үйіріле тоқтай тұрып, сәл тыныс алдық. 
Өрге қарай жүреміз деп едәуір алқынып қаппыз, өңдеріміз қызара тершіп, кейін 
қарай көз салғанбыз. Түу, шіркін, сұлулық деп осыны айт! Өзіміз дәл бір жердің 
кіндік үстінде тұрғандаймыз да, төңірек төрт бұрыш тегіс шыр айналып кеп біздің 
табанымыздың астына түскендей, көз жететін дүниенің бәрі де төменде жатыр. 
Жазда бірінің үсті көк-жасылданған егінжай, бірінің үсті көк жусан мен боз бетеге, 
енді бірі айдалған қара пар боп жататын бел-белестер мен дөңдер қазір мақталы 
қалың ақ көрпенің астында тарс бүркеніп алған, біркелкі боп қымтанып жатыр. 
Сол тұтасқан жалпақ дүние бұлдырап барып қысқы сұрғылт аспанмен астасқан 
жерге дейін аппақ боп күнге шағылысып, көзді қарықтырады. 
Әжібек тымағын алып жеңімен маңдайының терін сүртті, тісінің арасынан 
сәнімен сыздықтата түкіріп қойды да, Санат пен Бәтенге кезек қарап алып: 
− Меніңше, бар ғой, сендердің анау Бүбітайларыңның адам аяр қылығы жоқ 
болатын,-деді.- Сау кезінің өзінде жындының ісін істейтін еді ғой. Осыдан екі жыл 
бұрын, апам өлген жылы жазда, бір рет қарным қатты ашқан соң, осы Бүбітайдың 
үйіне кіргем. Сонда маған бір тостаған айран құйып берудің орнына, менің көзімді 
бақырайтып қойып тұрып, жарты шелек айранды қаз-үйректеріне апарып төкті 
ғой. Сонысы құдай сүйер қылық па?! Сонда мен іштей: «Әй, кесір атар мына 
қатынды»,- дегем. Айтқаным айдай келді, атты ғой әне, ақыры! Аш жүрген маған 
бермей, айранды қаз-үйрекке төкті деген не деген сұмдық! -өне бойын ыза 
кернегендей сөзін тістене кіжініп аяқтаған Әжібек қайтадан алға түсіп, өрге қарай 
қатты-қатты адымдай жүрген, біз тіпті ілесе алмай қалдық. Біраз озып кеткен ол 
сәлден кейін бізге қайырыла тұрып:- Сендердің анау Қарақаншықтарың да 
қаншықтығын жасап қасқырмен әмпей боп жүрмесе не қылсын,- деді мысқылдай 
күліп.-Қыста күшіктеуі тегін емес… 
− Ол да мүмкін,- деді Қайрат іле қоштап. 
− Мүмкін емес, дәл солай. Осы жолы бұл қасқырмен лықты. Жаңағы бізге 
анадайдан айбат шегуі тегін емес. Қасқыр күшіктерін қызғанғаны ғой,- деді Әжібек 
төндіре сөйлеп.-Обшым, осы жолғы бір күшігін мен алам. 


− Шынында да, қасқырдан туған күшік нағыз арлан болатын шығар. Мен де 
біреуін алам,-деді Қайрат. 
− Онда мен де біреуін алам. 
− Мен де… 
− Мен де…- деп балалар жан-жақтан шулай бастады. 
− Бәріңе Қарақаншықтың күшігі жетпейді,- деді Әжібек оларды тоқтатып.- 
Көп болғанда бес-алты күшік шығар. Сондықтан ертең күшіктерді алуға келгенде, 
Қарақаншыққа беруге нанды кім көп әкелсе, күшікті сол алады. 
Осылайша бәтуаға келіп, тауға қайта өрледік. Жоғары көтерілген сайын, қар 
мүлде жұқарып, біртіндеп қары жоқ қарайған жерге де аяғымыз жетті. Қатты жел 
үрлеп жалаңаштап кеткен тау күнгейі жайма-шуақ көктем лебін еске түсіріп, 
бусанып жатыр. Арқамыздан күннің жылуы өтіп маңдайымыздан бір жылы леп 
сипайды. Әр-әр жерде топ-топ боп өскен қызыл балақ тобылғы, қара күрең 
қараған, ұйыса жабысқан қалың бөргез, ақ сирақ үшқат қаптай бастады. 
Осы тұста бастаушымыз Әжібек тағы бір бел босата тұрып, барлығымызға 
барлай қарап шықты да: 
− Ал, көксоққандар! — деді өктем үнмен.- Енді, дабай, тобылғы шабуға 
кірісеміз. Жарлық былай: ең әуелі, әрқайсың үлкен-үлкен үш түптен Ырысбекке 
деп арнап тобылғы шабасыңдар. Соны үйден алып шыққан екі жіптеріңнің біріне 
буып төмен домалатамыз, бұл сендерге салынған салық. Тек сонан кейін өз 
үйлеріңе шабасыңдар. 
Біз бірден келістік. Тау үстіндегі ен-тегін тобылғының ортасында тұрғанда, 
үш түп деген де сөз болып па. 
− Ақ үшқат пен бөргезден шабуға бола ма? — деп сұраған балалардың бірі. 
− Өз үйіңе шауып алсаң, пажалыста, ал Ырысбекке тек тобылғы ғана 
шабыңдар! — деді Әжібек қатал ескертіп.- Тобылғының қызуы мол болады және 
қолға кіретін тікені болмайды. 
Сөйтіп, біріміз жоғары жағынан, біріміз төменгі жағынан, енді біреулеріміз 
қос бүйірінен дегендей қорым тастың жиегіндегі қалың өскен, кісі бойындай 
тобылғыны жан-жақтан шабуға кірістік. Бұрыннан үлкендерге ілесіп тобылғы 
шауып жүргендер онша қиналмай-ақ бірден кірісіп кеткен, ауыр кетпенді 
салмақтай көтеріп, тобылғының түбін орай тасы жоқтау деген тұсын ала гүрс 
еткізіп қап, оп-оңай ғана тамырымен қопарып тастайды, ал тәжірибесіздері 
тобылғыны кез келген жерінен шауып аламыз деп кетпендерінің жүзін көк тасқа 
шақ-шұқ соғады. «Гүрс-гүрс»… «Шақ-шұқ…» Ойнай жүріп, күн еңкейгенге дейін, 
әуелі, Ырысбекке деп дәу екі арқа тобылғы шауып, оларды жіппен буып төмен -
ауылға қарай домалатып, енді әрқайсымыз өз үйлерімізге деп шабуға кіріскенбіз. 
Бір кезде оқыстан шыққан айқай-шу, аттандаған дауыстар бәрімізді де елең 
еткізді. Тобылғы шапқанымызды доғарып жалт-жалт қарадық. Төменде жатқан 
ауылдың көшесінде әбігерге түскен кемпір-шал, бала-шаға біздерге қолдарын 
бұлғап, бірдеңе деп айқайлап, шуылдасып тұр. Екі-үш ересек адам бері тауға 
қарай емпелеңдесіп келеді. «Ай-оу-у, ат-тан!»» Ат-та-ан!.. Ой-ба-айй!.. Ой-байй!..» 
— деседі, басқа сөздері естілмейді. 
− Әй, мыналар неге шулап тұр? — деді Әжібек. 
− Біздің жоғары жағымыздан бірдеңені нұсқайтын сияқты,- деді Санат. 
Бәріміз енді жоғары жаққа қарағанбыз, қожыр-қожыр боп төбемізден төнген 
жартастардан өзге ештеңе көрінбейді. 
− Ай-о-оу-у!.. О не-е? Не деп тұрсыңдар? — деп Әжібек ауылдағыларға 
қарай айқайлаған. Осы сәтте ғана құлағымызға ауылдағылардың: 
«…Ысқыр!.. Ысқыр!» — деген сөздері естілгендей болды. 


− Қасқыр дейді,- деді Санат. 
− Ойбай, қасқыр деп тұр ғой,- деді балалардың бірі үрейлене. Бәріміз де 
үрейленіп қалдық. Қайтадан ор жаққа, төңірегімізге қарағанбыз. 
− Әне!..- деді бір бала.- Қос көк тастың астында. 
Енді біз де көрдік, алып алма ағаштың желке тұсында, біздің теріскей 
жағымызда аумағы екі үйдің орнындай жалпақ екі көк тас болатын, солардың 
астыңғы жағында төрт-бес көк ит бұта-бұтаның арасында бірі шоқиып, бірі 
тұмсығын көтере ауаны иіскелеп, енді бірі біз жаққа сазара қарап тұр екен. 
− Ойбай-ай, апа-а! — деп шарылдай жөнелді балалардың бірі. Оған екінші, 
үшінші ойбай қосылды. Тау үстінде шулап кеттік. 
− Не істейміз? — деген Әжібек. 
− Тек қашпайық, бәріміз топтасып бірге тұрайық,- деді Санат. 
− Дұрыс. Кәне, кетпендеріңді алып менің қасыма жиналыңдар. Кетпеннің 
шүйдесімен тасты соғып, бәріміз бірдей аттандайық! 
− Ат-тан!.. Ат-тан!.. 
Шақ-шұқ тасты соғып, біріміз шыңғырып аттан сап, ойбайлап бердік. Кенет 
қасқырлардың шоқайып отырғаны темен қарай ырши секірген. Анық көрдік, 
үлкендігі тайыншадай, нағыз көкжал екен. Секірген күйі біздің көзімізден таса 
тұрған алып алма ағаштың тұсына батып көрінбей кетті. Төменгі ауыл жақтағылар 
бұрынғыдан да қатты шуылдасып кетті. 
− Бәрің түгелсің бе? — деді үрейленген Әжібек. 
− Түгелміз. 
Көкжалдың соңын ала басқа қасқырлар да бізге көрінбей кеткен. Күз жақты 
жаңғырықтырып иттің жанұшыра үргені, одан қатты бір қаңқ еткені естілді. Ауыл 
жақтағылар әлі шулап тұр. Сәлден кейін алып алма ағаштың арғы жағындағы 
қарлы беткейді қиялап әлгіндегі қасқырлар ұмар-жұмар орталарындағы 
қараңдаған бірдеңені кезек-кезек созғылап сүйрелеп бара жатты. 
− Қарақаншықты әкетті!.. 
Жанұшыра қаңсылап бара жатқан сол Қарақаншық екен. Әрқайсысына бұл 
да ауыз салмақ болып азу тістерін сақылдатып айбат жасайды, бұлқына 
арпалысады, көмек сұрап жанұшыра қаңсылайды, бірақ әлуетті күші басым 
қасқырлар оны жан-жағынан қақпақылдай қағып, көкпарға салғандай бірінен-бірі 
жұлқа тартып кергілеп барады. Әрқайсысы бар екпінімен ағып кеп, қанға боялған 
арандай ауыздарын салып өткенде, Қарақаншықтың бір мүшесін жұлып 
әкеткендей болды. Аппақ қардың үстінде судай шашылып бара жатқан 
Қарақаншықтың қаны, шарылдай қаңсылағаны керемет аянышты еді, тау-тасқа 
жаңғырығып аза бойды қаза тұрғызды. Бүкіл ауылға, шуылдаған халыққа 
құтқарыңдар дегендей шырқырайды. Ал қасқырлар болса өршелене, құтырына 
түсіп жұлқып-жұлқып әкетеді. Біртіндеп Қарақаншықтың қаңсылы басылайын деді, 
сәлден кейін мүлдем үні өшіп, қасқырлардың аузында жұлмаланған жансыз затқа 
айнала бастады. Тағы бір жұлқыласқан кезде, кеуде жағы әлгіндегі тайыншадай 
көкжалдың аузында қалды да, бөксе жағын басқа қасқырлар бөлісіп әкетті, 
осылайша Қарақаншықты бүкіл ауылдың алдында пәре-пәресін шығарып 
олжалаған қасқырлар жұлқыс-тартыспен қыратты асып көрінбей кетті. 
Біз, балалар, зәре-құтымыз ұшып, қалтырап қалш-қалш етіп үніміз шықпай, 
бір-бірімізге тығылып есіміз шығып кеткен еді. Енді шапқан отындарымызға 
қайырылмастан, бір-бірімізді қаға-маға төмен ауылға қарай біріміз домалап, біріміз 
сырғанап безіп жөнелдік. 
Келесі күні қорқыныш-үрейіміз басылған соң, Әжібек шанасы бар балаларды 
өзі бастап жүріп, кешегі таудан домалатқан үлкен екі арқа тобылғымызды 


Ырысбектің үйіне жеткізіп бердік. Егер өгіз шанаға тиер болсақ, мұнымыз дәу бір 
шана отын еді. Он шақты бала жан теріміз шыға жүріп әлгінің бәрін Ырысбектің 
қорасына кіргізіп, тап-тұйнақтай етіп бір жағына жинап қойдық. Өз үйлерімізде 
шыбық басын сындырсақ шыңқылдап тұратын, бір құшақ отын бұтағанның өзінде 
үйдегі үлкендерді заржақ қып барып әзер тіл алатын, шіркіндер, Ырысбек пен 
Әжібектің алдында өстіп мөнтең қағатынбыз. Біз тобылғыны тегіс кіргізіп болған 
кезімізде, Ырысбек үйінен шыққан, бәрімізге жағалай бір қарап өтті де: 
− Әй, адъютант Әжібек! — деді. 
− Иә, жолдас камандірі — деп Әжібек қарсы алдына жетіп барды. 
− Мынау балалар бүгіннен бастап жай әскер емес, ең сенімді, ең батыр, 
алдыңғы шепте өзімнің төңірегімде ғана жүретін төлеңгіттерім болады,- деді. 
Біз ол сөздің мәніне түсіне қоймай бір-бірімізге, одан Әжібекке қарағанбыз. 
− Обшым, төлеңгіт болғаннан ұтылмайсыңдар. Басқа балаларға сендер 
камандірсіңдер,-деп түсіндірді Әжібек. 
− Дұрыс айтады,- деді Ырысбек оның сөзін қостап. 
− Ертең мен мына Әжібекті МТС-қа темекі әкелуге жібергелі отырмын. 
Темекі әкелген соң, бәріне шылым тартуды үйретеміз. 
Біз төбеміз көкке жеткендей боп қуанып қалдық, бір-бірімізге жымыңдаса 
қарап, шылым тартуды үйренетінімізге мәз боп тұрмыз. Шылымды құшырлана 
тұрып сорып, оның түтінін мұрыннан, көзден, құлақтан шығару деген керемет қой! 
* * * 
Бар тілегім, Ырысбек қашан үлкейтіп болғанша, көкем мен апамның суретін 
алғанымды Нәзира әпкем білмесе екен деймін, кешкісін жұмыстан келгенде, 
сандықтағы альбомын алып қарай кермесе екен деп қыпылдап отырам. Абырой 
болғанда, ол қырманнан діңкелеп шаршап келеді де, кешкі тамағын іше сап, 
ештеңеге қарауға шамасы келместен мұрттай ұшады. Бар айтатыны: 
− Қанатай, қол диірменді өзің айналдырарсың,- дейді. 
− Мақұл, әпке, алаң болма,- деп, мен осы үйдің онан кейінгі естияры ретінде 
ертеңгі ішім-жем талқанды тас диірменге тартуға кірісем. Тас диірменді айналдыру 
ауыр, қолдың қарын талдырады, бірақ амал қанша, әжемнің шамасы жетпейді, 
басқа балалар әлі кішкене, сондықтан қолымның қаншама талып, иықтарымның 
талмаусырап қарысқанына қарамастан, бар күшімді жинап, әбден әлім құрып 
діңкелегенше, күшене отырып айналдырам. Маңдайымнан тер бұршақтап, көзім 
қарауытып кетеді, сонда да әжеме, інілерім мен қарындасыма сыр білдірмеймін. 
Әжемнің: 
− Болды, қарағым, алдыңдағы ауыр тас, иығыңда ауыртып аласың,- дегеніне 
қарамастан, ылғи да қос уыс бидайды артық тартам. 
Бүгін де сөйтіп күшене отырып ертеңгі күннің талқанын тартып боп қалған 
кезімде, тарс-тұрс есік ашылып, үйге Ырысбек пен Әжібек кіріп келді. Есіктің қатты 
ашылып, қатты жабылғаны сонша, үйдің ортасындағы дөңгелек үстелдің үстінде 
тұрған май шам жалп-жұлп етіп өшіп қала жаздады. 
− Кеш жарық, әже,- деді Ырысбек даусы гүр етіп. 
− Қарағым, Ырысбекпісің? — деп әжем келгендерге сығырая қараған. 
− Ия, мен ғой, әже. 
− Қасыңда тағы біреу бар ма? 
− Әжібек қой. 
− Ә-ә… Мына беймезгіл уақытта жай жүрсіңдер ме? 
− Балаңыз бен келініңіздің суретін үлкейтіп едім, соны әкелдім,- деді 
Ырысбек даусын көтере сөйлеп. 


Сөйтті де өзі қолындағы ораулы қағаздың бір жағын Әжібекке ұстатып 
шамның жарығына тосқан; әнеугүнгі өзім берген суреттен айна-қатесі жоқ көкем 
мен апамның үлкейтілген суретін көргенде, басы әжем болып, бәріміз есіміз шығып 
аңырып қараппыз да қалыппыз, кәдімгі көкем мен апам тіріліп үйге кіріп 
келгендей. Әжем өз көзіне өзі сенбегендей жақындаңқырап кеп үңіле қарады да: 
− Қарғаларым, қос қарашығым… тіріліп келгендей боп қатар тұра 
қалғандарын… О, менің айым мен күнім…- деп, айналып-толғанып, есі шығып 
кетті. 
− Әже, қай жерге ілейін? — деп сұрады Ырысбек. 
− Төрге іл,- деді әжем. 
Абыр-дабырға Нәзира әпкем де оянып кеткен. Әуеліде түкке түсінбей басын 
көтеріп ап одырая қарап жатты да, Ырысбек ойқастап барып төрге суретті ілген 
кезде ғана, істің мәніне түсінгендей орнынан тұрды. Әжемде ес қалмады. 
− Ағаларыңа төрге көрпе салыңдар… Әй, Болатжан, от жаға қойшы, 
құлыным…- деп, бәйек боп шәугімге су құйып, шай қойып, Ырысбек пен Әжібекке 
елжірей қарап: 
− Төрге шығыңдар. Отырыңдар. Айналып қана кетейін, сендерден. Өлгенді 
тірілтті деген осы, мың жасағырлар. Өркендерің ессін, қос қарағым… Әй, Қанат, 
ауыз үйдегі сүтті әкелші. 
Бұл енді әжемнің ағынан жарылғанының белгісі. Әне-міне суалуға таяған 
қоңыр сиырымыздан күніне екі кеседей ғана сүт шығады. Соның бір кесесін шайға 
да, бір кесесін күніне бір рет жасайтын атала көжеге қататын, қазіргі маған 
алғызғаны ертеңгі көжеге қатуға алып қойған сүт еді. Сол сүтке әлгінде ғана ақ 
тер — көк тер боп ертеңгі азыққа деп мен тартқан талқанды түгел бір табақ қып 
шылап, Ырысбек пен Әжібектің алдына қойды. 
− Алыңдар, айналайындар,- деп бәйек боп жүр.- Әй, Нәзира, ағаңа шай құй. 
Нәзира әпкем де төрдегі суретке қарап қойып, риза көңілмен шай құйып 
беруге кірісті. Біз, балалар да, әке-шешеміздің суретіне қайта-қайта жалтақтай 
қарап, онан шыланған талқанды көсей асаған Ырысбек пен Әжібекке көз саламыз, 
аузымызға үйірілген сілекейді тамсана жұтынып қойып, ернімізді жалаймыз. Үйеме 
табақ талқан лезде сап болды. Маңдайлары тершіген Ырысбек пен Әжібек бір-
біріне қарап жымыңдасып қояды. Әжібек кекірініп те алды, тойғанының белгісі. 
Ыстық суды сораптата ұрттап бірер шыны аяқ ішіп тоқтарын басқаннан кейін, 
Ырысбек Әжібекке ымдап қол созған. Әжібек ұшып тұрып, келгендерінде 
қабырғаға сүйеп қойған домбыраны орауынан ашып ұстата берді. Ырысбек 
домбыраны қолына алып, құлақ күйіне келтіре бебеулетіп қағып-қағып жіберді де, 
онан соң әжеме: 
− Әже, сізге бір ән салып берейін,- деді, көзінің қиығымен Нәзира әпкеме де 
қарап қояды. 
− Сала ғой, қарағым,- деді әжем елжіреп. 
Сол-ақ екен, Ырысбек домбырасын безілдетіп-безілдетіп алып, төбе 
құйқаңды шымырлатар ғажап әуендердің бірінен кейін бірінің басын тез-тез 
қайыра отырып бір кез: 
«А-хо-ау-у-у, хайли-лау, ли-ли-лау, ли-ләй-лау…» — деп әдемі, зор қоңыр 
даусымен бастап кеп жіберген кезде, күп-күңгірт боп көлеңкелеріміз ербиіп, үрейді 
ұшырып отыратын жадау-жүдеу үйдің іші самаладай боп жарқырап сала берді. 
Қыз емес қыздың аты қызыл асық, 
Жігіттер қыз балаға болған ғашық. 
Сырттағы дүниені сықырлатып уысына қысқан ызғарлы қыс та, көзің түскен 
жерде мен мұндалап екі иығыңнан зілдей боп басып тұратын жадау-жүдеу тұрмыс 


та, әркімнен бұғып, жасқанып, именшек отыратын күйкі тірлік те — бәр-бәрі де 
ысырылып кейін қап, дүние түгел әсем әнге, сән-салтанатқа толып, жартыкеш 
көңілдің кем-кетігі тегіс жазылған, жайраңдаған жаз өмір орнады. Шіркін, өмір 
деген қандай сұлу, қандай жарқын! Өмір сүру, тірі жүру қандай бақыт! 
Адамдардың бір-біріне деген кіршіксіз таза көңілі, бір-біріне көрсететін сый-
құрметі, сүйіспеншілігі қандай ғажап! 
«А-хо-оу-у хай-ли-лау 
ли-ли-лау ләй-ләй-лау…» 
Шіркін, осындай да ғажап ән, ғажап дауыс болады екен-ау?! Бүкіл 
болмысыңды сиқырлап алып, өзімен бірге еліктіріп, елітіп, тіл жеткісіз ғаламат 
сезімге бөлейді. 
Сөйтіп, бір әннің сиқырлы дүниесіне еніп, соның өзінен ес жия алмай езіліп 
отырғанымызда, Ырысбек екінші әнді бастап кетті. Тағы да алғашқыға ұқсас, одан 
артып түспесе кем түспейтін әсем дүние есігін ашты… Онан кейін үшінші ән, 
төртінші ән… бесінші ән… Ырысбектің әндері көбейе түспесе, азаюшы ма еді. Көзін 
жұмыңқырап ап, бет-аузы әннің ырғағына қарай сан құбылып, әдемі зор даусымен 
бүкіл дүниені сиқырлап қойғандай. 
Көптен бері, сонау өзі әскерден қайтқан күнгі кештен кейін оның дәл бүйтіп 
ән салғанын көрмеп едім; өңі керемет сұлуланып, нұрланып, әншейіндегі 
жексұрындығынан, иттігінен із де қалмаған. Әжем алдындағы жұлық-жұлық 
жабағы жүнді жібекше талдап түте отырып, әрбір жаңа әннің тұсында басын 
көтеріп ап, көзі жасаурай сығырайып Ырысбекке айналып-толғана елжірей 
қарайды, көңілінің көптен бері бір жадырағанын жасыра алмайды; кішкене 
балалар болса әншейіндегі бірін-бірі түртпектеп отыратын қылықтарынан пышақ 
кесті тыйылып, бағжырайған көздерін Ырысбектен алмастан ауыздарын ашқан 
күйде демдерін іштерінен алғандай тым-тырыс отыр; Нәзира әпкем пеш жақтан 
кеп үстелге бір қырын сәл теріс қарап отырып шай құйған әлгіндегі қалпында тас 
боп мелшиіп қатып қалған, ән тыңдап отыр ма, жо әлде қалғып кетті ме, белгісіз. 
Қанша уақыт өткенін кім білсін, бір кез бет-аузын қара тер басқан Ырысбек 
шаршағандай әнін тоқтатып, барлығымызға күлімсірей қарап шықты да: 
− Осымен болған шығар,- деді. 
− Өркенің өссін, қарағым, көңілімізді бір көтеріп тастадың ғой,- деп, әжем 
шын көңілден ризашылығын білдірді. 
Жанар мен Жанат әжемді төңіректеп барып ұйықтап қалған, олардан 
ересектеу Болат қалғып-мүлгіп есінеп отырса да, намысына тырысып ұйқыға 
жеңдіргісі келмейді. Менің де ұйқым келіп отыр, бірақ үйдегі естияр еркек езім 
екенім есіме түссе-ақ, ұйқым шайдай ашылады. Нәзира әпкем тұрып төсек салып, 
әжемнің екі жақ етегін ала жатқан Жанар мен Жанатты жатқызды. 
− Көзің қызарып кетті, сен де енді жат төсегіңе,- деді Болатқа. 
Нәзира әпкем балаларға төсек сала бастаған соң, Ырысбек пен Әжібек енді 
өздері де тым кеш отырып қалғандарын түсініп кететін шығар деп ойлағам. Олай 
болмады. 
− Әже, от жағылмаған суық үйге барғым келмей отыр. Рұқсат болса осы 
үйдің бір бұрышына қона кетсем деймін,- деген Ырысбек самбырлай сөйлеп. Әжем 
сәл үндемей қалды да, алдындағы түтілген жүнін жинастырып, етегін қағып 
орнынан тұрды. 
− Қонам десең қона ғой, қарағым. Қонақты қуып шығу салтымызда жоқ 
қой,- деді. Маған әжемнің бұл жауабы Ырысбектен гөрі Нәзира әпкеме арнап 
айтылғандай көрінді. 


Нәзира әпкем үн-түнсіз төрге балалардың төсегіне қатарластыра қонақтарға 
да төсек сала бастады. Ырысбек пен Әжібек сыртқа шығып келуге кеткен. 
− Әже, мен көрші үйдің біріне барып қонайын,- деген Нәзира әпкем. 
− Сөйтсең сөйт, қарғам,- деді әжем күрсіне тұрып. 
Ырысбек пен Әжібек кіріп, киімдерін шешініп жатуға ыңғайланған кезде, 
сырт киімін желбегей жамылып Нәзира әпкем далаға шығып кетті. Әжем жатқан 
соң, жыпылықтап тұрған шамды өшіріп мен де кеп орныма жаттым. Көзім енді 
ілініп барады екен, біреу бүйірімнен нұқып қалды. 
− Әй Қанат, әлгі Нәзира әпкең қайда кетті? — деп сұрады Әжібек сыбырлап. 
− Білмеймін. 
− Немене, сонда ол бүгін үйге қонбай ма? 
− Көршілердің біреуінің үйіне қонам деп кетті. 
Әжібек дереу сырғып барып менің айтқандарымды сыбырлап ЬІрысбекке 
жеткізді. Сәлден кейін Әжібек сырғып қасыма қайта келді. 
− Әй, Нәзира әпкең кімнің үйіне кетті? 
− Білмеймін. 
− Неге білмейсің? 
− Кімнің үйіне кеткенін айтқан жоқ. 
− Қап! 
Енді қараңғы үйде Ырысбек пен Әжібектің күбір-күбір сөзі көбейейін деді. 
Екеуі қараңғыда отырып киіне бастады. 
− Әй Қанат, киін, сен бізді шығарып саласың! — деді Әжібек әмірлі үнмен. 
Өзімнің де күткенім сол еді, осы пәлелерден тез құтылайық деген оймен оңайда 
тұрған киімдерімді лып-лып еткізіп үстіме іле сап, қараңғыда жандарына бардым. 
− Бұ қайсың, қараңғы үйде түрегеп жүрген? — деп сұраған әжем. 
− Әже, біз ғой, қазір далаға шығып келеміз,- деді Ырысбек. 
− Ә-ә,- деп әжем онан әрі қарай күбірлеп құдайға сыйынып кетті. 
Мен қараңғы үйде сипаланып жүріп есікті ашып, екеуін бастап сыртқа алып 
шықтым. Түн тастай қараңғы екен. Аспан бұлттанып, оңынан желемік соғып тұр; 
күн бұзылып, қар жауардың алдында өститін. Иттердің ғана үргені болмаса, ауыл 
үйдің арасы тым-тырыс, бірде бір үйде шам жоқ, бәрі де тегіс ұйқыға кеткен. 
− Нәзира кімнің үйіне кетті? — деп енді Ырысбек сұрады. 
− Білмеймін. 
− Қалайша білмейсің? — деп ол шап етіп жағамнан ұстай алды. Менің зәрем 
ұшып кетті, «әжелеп» аттан салуға шақ қалдым. 
− Маған айтқан жоқ. 
− Жоқ, сен білесің. Қазір бар да, әжем шақырып жатыр деп ертіп кел. 
− Рас айтам, ағатай, кімнің үйінде екенін білмеймін, бізге айтпай шығып 
кетті,- деп, мен шыж көбелек боп тұрмын. 
− Онда білмегенің үшін жаза тартасың,- деп Ырысбек дір-дір етіп тұрған 
күйімде тіп-тік көтеріп алды да, шыр көбелек айналдырып әкеп, есік алдындағы 
қалың күресінге басымды төмен қаратып қойып қалды. Түнге қарай беті сіресіп 
жатқан қатты қардың төбеме қатты тигенін білем, бет-аузымды қалың бөргездей 
осып жібергенін білем, онан әрі сәл есім ауытқып кетіпті. Басым төмен қарай 
шаншылып күресін қарда қанша тұрғанымды білмеймін, бір кез есім кіргендей боп, 
аяқ-қолымды тыпырлата бастағам, көрім болғанда, күресіннің жарқабақ жағы 
опырылып кетіп, есікке қарай домалап түстім. Жан-жағыма үрейлене қарасам, 
Ырысбек те, Әжібек те жоқ екен, домалай ұмтылып үйге кіріп, жан-дәрмен есікті 
жауып, ілгегін салып алдым. «Уһ» деп осы жерде ғана есімді жиғам. Ішкі есік 
ашылып, қолына жалп-жұлп еткізіп май шамды ұстап әжем шықты. 


− Қанатпысың? Тыныштық па? 
− Тыныш…- дедім мен әжемді қорқытпайын деп түк болмағандай 
жайбарақат үнмен. 
− Әлгілер қайда? 
− Үйлеріне кетті. 
− Тыныш кетті ме, әйтеу? 
− Иә, тыныш кетті,- дедім, өнебойым дір-дір етіп, енді сәл тұрсам, әжемді 
құшақтап еңіреп жіберуге дайын тұрмын.- Ұйқым келді, әже, жатайықшы… 
* * * 
Ертеңгісін беті-қолымды жуғанымда, түндегі қар сүрген жерлер тызылдап 
ашып, алақаныма қабыршақ жаралар мен домбыққан ісіктер білінді. Айнаға барып 
қарағам; маңдайым, мұрнымның үсті, екі бетімнің ұштары мысық тырнағандай 
жара-жара боп қапты. 
− Қанат, сенің бетіңе не болған? — деді Болат таңырқап. 
− Білмеймін,- дедім мен өзім де таңырқаған боп. 
− Түнде жалмауыз кемпір кеп тырнап кеткен ғой. 
− Солай шығар. Өзі байқамаса, әжеме айтпа, босқа қорқып қалады,- дегем. 
− Жарайды,- деді Болат. 
Көрші үйге түнеп келген Нәзира әпкем де есіктен кіре бере бетіме жалт 
қарап: 
− Саған не болған? — деді үрейлене. 
− Жай, әншейін,- дедім мен иығымды қиқаң еткізіп. 
− Түндегілер ғой?! 
Мен басымды изедім. Әпкем кеп құшақтап бауырына қысты. 
− Қанатай-ай, мен үшін сені де әбден қорлап болды-ау, Ырысбек оңбаған,- 
деді. Даусы дір-дір етіп, алқымына өксік тығылғанын сезіп тұрмын. 
− Әй Қанат! — деді осы кезде ауыз үйде шелектерді салдырлатып жүрген 
әжем дауыстап.-Анау қорадағы малды шығар! 
Мен әпкемнің құшағынан шығып есікке беттедім. 
− Әжем көрді ме, біле ме? — деп сұрады әпкем. 
− Жоқ, білмейді. 
− Онда айтпай-ақ қой. Тағы да жылап-сықтап мазасы кетеді. 
− Айтпаймын. 
Шай үстінде бетімді көлегейлеңкіреп бір қырын отырдым да, ала көлеңке үй 
ішінде әжем де, кішкене балалар да бет-аузымның жарасын байқамады. 
− Ойнап көп жүріп алмай, түске қарай ертерек қайтып, малды суғар,- деді 
әжем. 
− Мақұл. 
Шанамды сүйретіп далаға шықсам, көшенің ортасында Әжібек тұр. Тістерін 
ақсита күліп қасына шақырды. 
− Бет-аузың аймандай бопты ғой,- деді мәз болып. 
Әрине, оған күлкі, мен үндегем жоқ. 
− Сенің Нәзира әпкең де қызық, қашып кетпесе қайтер еді,- деді ол менің 
әпкемді кінәлай сөйлеп.- Ырысбек қазір оған ғашық. Байғұс түні бойы жылап 
шықты. Қатын үшін жылаған адамды көргенім осы. Өзі де ұйықтаған жоқ, мені де 
ұйықтатқан жоқ. Ғашықтықтан күйіп-жанып барам дейді. Қанат, сен енді ол үшін 
ренжіме. Ырысбектің бұл жолғы махаббаты нағыз шын махаббат сияқты. «Әжібек-
ау, бауырым-ау, осы уақытқа дейінгімнің бәрі бекершілік екен» дейді. Ант-су ішті. 
Ел сияқты семья құрып, үй болғым, бала сүйгім келеді дейді. 


Көшенің төменгі жағынан Шағыр көз жиренін шанаға жеккен почташы 
Мақым шал шыққан. 
− Обшым келген соң, мен саған түсіндіріп айтам бәрін де,- деді сөзін асыға 
тұжырымдаған Әжібек.- Қазір, анау почтаның шанасымен Мытысқа темекіге кетіп 
барам. Ырысбек, міне, жүз сом берді,- деп қалтасынан жалпақ ақшаны суырып ап 
көрсетті.- Осының бәріне темекі сатып әкелем, әлі шылым тартуды үйретеміз. 
Әжібек қасымыздан өте берген почташы шалдың шанасына секіріп мініп, 
МТС-қа кетті де, мен ауылдың шетіндегі сайдың қабағында көшкіннен шана теуіп 
жүрген балаларға қарай тарттым. Көшкіннен секірте шана теуіп біраз ойнаған соң, 
малдарды суғаратын кез болды-ау деген кезде, әжеме берген уәдем бойынша үйге 
қайтқам. Енді бет-аузымдағы жараларымды көрсе көрсін деп жасырмай келдім, 
егер не болды деп сұрай қалса, шанамен көшкіннен секірем деп жығылып қалдым 
дей салмақпын. Осы оймен қаперімде ештеңе жоқ үйге кіріп келсем, терезеге таяу 
жалғыз орындықта Ырысбек отыр. 
− Қанатай, күнім, жақсы ма,- дейді маған елжірей амандасып. Тіпті түк 
болмағандай, түнде ғана мені күресіндегі қатты қарға бет-аузымды жара-жара ғып 
төбемнен шанышпаған адамдай мүләйімси қапты. Мен үндегем жоқ, ошақ жаққа 
барып, кәнге сүйене тұрдым. Қазандықтың желкесіндегі дәу қара пышақтың 
орнында жатқанын көріп, көңілім орнына түсті. Егер осыдан Ырысбек артық-әбес 
бірдеңе істер болса, сол қара пышақпен ішін жаруға бекіндім. 
Әжем жүн түтуге кірісіпті, Нәзира әпкем кәннің екінші шетінде иығына 
апамнан қалған ескі күпәйкені жамылып шұлық тоқып отыр, әскерге жіберілетін 
киім. Балалар кән жақ бұрышта сабаннан қалпақ тоқып ойнап отыр. Сабаннан 
қалпақ тоқуды немістің балаларынан үйренген. 
Әжем мен кірмес бұрын бастаған сөзін жалғастырды: 
− Сен өйтіп бізді басынба, қарағым. Саған қолымнан қызымды бере 
алмаймын. Өйткенше бұл дүниеден байсыз өтсін. Ал егер менің айтқаныма көнбей 
өз бетімен саған ілесіп кетер болса, міне, құдай алдындағы сөзім, екеуіңе де 
қарғыс айтам. 
− Әже, мен қарғыстан қорықпаймын,- деп, Ырысбек мырс етіп күлген. 
− Әй! — деді әжем оқыс үнмен.- Өйтіп көктен түскендей боп көкіме! Шын 
қарғысқа ұшырасаң, оның дауасын қайтару қиын болады. Әсіресе жетім-жесірдің 
көз жасы жібермейді. Бұ дүниені қойып, о дүниеде де алдыңнан шығады. 
Әжемнің шындап ашуланғанын көргенім осы еді, ұшып тұрып ошақтың 
аузында жартылай отта жатқан ыстық көсеуді көтеріп алды да, Ырысбекке есікті 
мегзеді: 
− Әже… әжетай, қойдым, күнім әжетай!… Сөзіңе құлдық, қойдым… кеттім… 
кеттім…- деп, Ырысбек лажсыз күлгенсіп, есікке беттеді. 
Ол кеткен соң, әжем орнына кеп отырып, жүнін түтуге қайтадан кірісті. 
Көпке дейін үйдің ішінде тым-тырыс тыныштық орнаған. Тек Жанардың 
қуыршағына «Лағынет!» деп сыбырлай ұрысқаны ғана естілді. Әлден уақытта 
әжем: 
− Е, жаратқан бір алла, кеше гөр өзің, жаратылысымда үйден кісі қуып 
шығып көрмеп ем. Мәжбүр болдым,- деді ауыр күрсініп. 
Қолы-қолына жұқпай шұлық тоқып отырған Нәзира әпкем бір кез ісін 
тоқтатып: 
− Әже! — деді. 
− Ay қарағым? 
− Жоғарғы жақтан үкім кепті, әйелдер мен қыздарды трактордың оқуына 
жіберіңдер деген. 


− Иә. 
− Соған әнеу бір күні Байдалы шал колхоз атынан сені жіберсек қайтеді 
деген маған. Егер келісім берсем, енді жарты айдан кейін сол оқуға кетер ем. 
Әжем де түтіп отырған жүнін тоқтатып, оған оқыс бұрылып: 
− Ол теміріңді әйел жүргізе алушы ма еді? — деді. 
− Жүргізеді. Соғыстан бұрын Паша Ангелина деген тракторшы әйелдің аты 
мен суреті газеттен түспеуші еді ғой. 
− Қыз баласың ғой, білегің жіңішке, темірді жүргізу ауыр тимесе. 
− Тракторды жүргізу үшін қара күш емес, білім керек, айла, тәсіл керек. 
− Қайдам, қарағым, өзің білесің де,- деді әжем тағы да күрсініп. 
− Трактордың оқуын оқысам, бір жағы мамандық алар ем, екіншіден мына 
ауылдағы қаңқу-саңкудан аулақ болар ем. Әже-ау, өзің ойлап қарашы, қысы-жазы 
колхоздың мені қуаламайтын жұмысы жоқ, айлап-апталап далада жүрем. Ал 
трактордың оқуын бітірсем, сол мамандығым бойынша істейтін белгілі бір жұмысым 
болар еді. 
− Мейлің онда, барам десең бар,- деді әжем келісімін беріп. Қуанып кеткен 
Нәзира әпкем жымың-жымың етіп күлімсіреп, маған қарап көзін қысып қойды. 
Мен сыртқа шығып, күндегі дағдымен қоңыр сиыр мен екі ешкіні айдап 
апарып тұмада суғарып қайтып келе жатқанымда, ауданнан келетін үлкен жолмен 
ауыл көшесіне кірген бір ат-шана қарсы жолыққан. Үстінде екі адам бар екен: бірі 
шинель киген, иығында погоны бар, едірейген қалың мұртты, көзі шарасынан 
шыққан жалпақ бет, алпамсадай зор денелі кісі, белінде ұзын қылышы бар, ал 
екіншісі тон киген, бет-аузын қалың түкті сақал-мұрт басқан ат айдаушы орыс 
шалы. 
− Әй, балам! — деді мұртты кісі маған.- Ырысбек дегеннің үйі қайсы? — деп 
сұрады. 
Мен Ырысбектің үйін нұсқағам, әлгілер аттарының басын солай қарай бұрды. 
Сүрлеу жолдан шыққан ат қалың қарды омбылай жүрді. 
Қайдан шыға келгендерін білмеймін, соның арасынша біраз бала қасыма 
топырлап жиналып та қапты. 
− Қанат, ол кім екен? Милиция ма? 
− Неменеге келіпті? 
− Кімге келіпті? Сенен не сұрады? — деп балалар жан-жақтан сұрақтың 
астына алып жатыр. 
− Білмеймін неге келгендерін, Ырысбектің үйін сұрады. 
− Ойбай, онда бір қызық болады десеңші. 
− Ал кеттік солай қарай… 
Біз енді жапа-тармағай Ырысбектің үйіне қарай шұбадық. Көшенің қалың 
қарына малтығып ат-шана жеткенше, біз Ырысбектің есігінің алдына топырлап 
жиналып та қалғанбыз. 
Ырысбек сурет салып отыр екен, әуелгіде балалардың есігінің алдына неге 
топырлап жиналып қалғанына түсіне алмай, терезеден бізге қарап түсін суытып, 
саусағын безеген, артынша ат-шана кеп кесе-көлденеңдей тоқтай қап, одан 
погоны бар шинель киген мұртты адам ұзын қылышын сүйретіп секіріп түскенін 
көргенде, көзі алақтап есі шығып, терезеден кейін қарай ыршып кеткендей болды. 
Мұртты адам ішке енген, мұндайда біз қалушы ма ек, соңынан топырлап 
ауыз үйге ілесе кірдік. Түпкі бөлмедегі Ырысбекпен екеуінің сөйлескен сөздері бізге 
анық естіліп тұрды. 
− Жігітім, міне, повесткаң! Он бес минут уақыт берем, тез жинал, қазір 
өзіммен бірге ала кетем,- деді мұртты адам бұйыра сөйлеп. 


− Қалай? Аяқ асты қалай жиналам? — деген Ырысбек сасқалақтап. 
− Е, сенің не жиналатының бар? Қалай қиып қалдырам-ау дейтін қатын-
балаң жоқ. Әйда, киіміңді ки де жүр. 
− Азық-түлік дегендей… 
− Әй, өзің курортта жатқандай әбден-ақ семіріпсің, бір-екі күнге аштан өле 
қоймайсың. Ертең таңертең комиссияға саламыз да, кешке қарай отправка 
жасаймыз. Бол, жинал, күтіп тұратын уақытым жоқ,- деді мұртты адам даусын 
көтеріп. 
− Мынау дүниелерім… 
− Сен өзің, немене, әскери тәртіпті ұмытқансың ба? Қай солдат үй-мүлкін 
арқалап жүруші еді?! — деп ақырып қалды мұртты адам.- Киін тез! Мен осылай 
қарап тұрам, көзімше киін! Анау дорбадағы темекі ме? Бері маған бер! Менде 
болады. Темекі шеккің келсе, шетінен беріп тұрам. 
Аздан кейін мойнына су кеткендей боп сүмірейген Ырысбек ішкі бөлменің 
есігін ашып тастап: 
− Қанатай, мына музыка аспаптарымды саған қалдырайын, аман-сау 
қайтсам өз қолыңнан алам ғой,- деген. 
Менің екі бетім дуылдап, өне бойым дірілдеп кетті, ызадан, намыстан болу 
керек. 
− Керегі жоқ,- дедім тістене тұрып. 
− Нәзира әпкеңе айтсаң… 
− Керегі жоқ дедім ғой. Біздің үйден аулақ! Нәзира әпкем ауылда жоқ, оқуға 
кеткен,-дедім ызақорлана дауыстап. 
− А. Солай ма?! Онда кімге қалдырсам екен? — деді абдыраған Ырысбек 
балалардың әрқайсысына кезек қарап, бірақ ешқайсысының рай білдіре 
қоймағанын көрген соң, беті қайтып, лажсыз үнмен: — Кімге қалдырдым енді, а? — 
деп мұртты адамға жалтақтаған. 
− Қатыннан қатынды қолғап ауыстырғандай алып жүр деп еді ғой, солардың 
біреуіне қалдырмайсың ба?! 
Ырысбек кімге қалдыратыны енді ғана есіне түскендей Бәтенге: 
− Айналайын, Дүрияға жүгіріп барып келші,- деді жалынып. 
Бәтен жүгіріп кетті. Ол келгенше, Ырысбек музыка аспаптарын, сурет 
салатын қағаздары мен қарындаш-бояуларын жинастырып орап, буып-түюге 
кірісті. Сәлден кейін ентіге жүгіріп Бәтен қайтып оралды: 
− Керегі жоқ, маған ештеңесін қалдырмасын дейді. 
Ырысбек бетінен ұрып қалғандай басын ішіне бұғып, құнысып тұрып қалды. 
− Солай деді, ә…- деп басын шайқады. Одан соң мұртты адамға қарап: — 
Кешіріңіз, енді бір адамды шақыруыма рұқсат етіңіз,- деді. Мұртты адам басын 
изеді. 
− Біреуің Зибашқа барып шақырып келіңдерші,- деген бәрімізге жалына 
қарап. 
− Зибаш үйінде жоқ, станцияға астық тарта кеткен,- деді бір бала. 
− Ә. Қап! Әжібек те жоқ. Қайрат, сен бір тіл алғыш бала едің, барып анау 
Эмманы ертіп келші. 
Бұл Ырысбектің ең соңғы үміті еді. Өзі әлгінде ораған заттарын тағы бір 
байқастап түгендеп шықты да, орындыққа тізе бүкті. Көзі бажырайып үйдің 
қабырғаларына, төбесіне қарайды, іштей үйімен қоштасып отырған тәрізді, 
орамалын алып жасаураған көзін сүртті. Қайрат та Эмманың үйіне құстай ұшып 
барып келді. 


− Маған ештеңесін қалдырмасын, керегі жоқ, әйтпесе анау қазақ әйелдері 
жұлып жейді деді,- деп хабарлады. 
− Жарайды,- деп көзі жасқа толған Ырысбек орнынан тұрды. Үйінің ішіне 
тағы бір қарап үнсіз қоштасты да, сыртқа шығып есігіне құлып салды.- Мә, мына 
кілтті Әжібекке тапсыр. Ырысбек ағаң аманат етіп қалдырды де,- деп кілтін 
Бәтенге берді. 
Шана есік алдынан шыға берген кезде: «Әй-оу!» — деген әйел даусы 
естілген. Үйлердің арасынан қалың қарда жығыла-сүрініп Дүрия келе жатыр екен. 
Қолында түйіншегі бар. Мұртты адам шананы токтатты да, Ырысбекке қарап: 
− Әне, бір-екі күндік азығыңды әкеле жатыр,- деді. Дүрия жақындай бере: 
− Аспаптарыңды алып қалмағаныма ренжіме. Ендігі жерде менің оларға ие 
боп қалуымның еш реті жоқ. Оның үстіне әлгі керең қолына түссе, өртеп жібереді,- 
деді кешірім сұрағандай.- Құдай қосқан қосағым едің, қоштасқалы, арыздасып 
қалғалы келдім. Жолың болсың, азаматым. Аман-сау қайт… Менің саған деген еш 
өкпем жоқ, ал менің қателігімді кеше алсаң, кешір,- еңкейіп кеп Ырысбектің 
мойнынан құшақтап, ұзақ қысып тұрып сүйді. Екі иығы селкілдеп жылап тұрды. 
Құшақтары жазылғанда көрдік, Ырысбектің көзінен де тарам-тарам жас сорғалап 
отыр екен. 
Мұртты адам ал кеттік дегендей белгі берді де, шана орнынан қозғалды. 
− Қош, туған жер!… Қош бол, ел-жұртым!..- деді Ырысбек даусы дірілдеп. 
Оның кетіп бара жатқанын Дүрия мен біздерден өзге ешкім білген де жоқ. 
БІР ӨКІНІШ, БІР ҮМІТ 
Кешке қарай МТС-тан почташы Мақым шал мен Әжібек те қайтқан. 
− Әй, көксоққандар! 
Әжібектің келгенін көріп қуанғанымыз сонша, шанаға қарай далақтаса 
жүгірдік. Бір күн көрмегенге сағынып қалғандаймыз. Шынында да, Әжібексіз 
күніміз серкесінен айырылғанмен бірдей екен. Ортамызда ол жоқ болған бір 
күніміздің өзі ертеден кешке дейін көшеде опыр-топыр құр сенделіспен өткен еді. 
Не жөндеп ойын ойнай алмай, не үйді-үйімізге тарап кете алмай, МТС-тан келетін 
жолға қарағыштап жіпсіз байланып жүрдік те қойдық. Сол қашан қайтар екен, не 
бітіріп қайтар екен, темекі алып келер ме екен деп, елегізумен болдық. Бала деген 
қызық-ау, үлкендер сол Әжібекке жоламаңдар, сол оңбағаннан аулақ болыңдар, 
әйтпесе бір пәлеге ұрындырады деп құдайдың зарын қылып тыйым салып жатса 
да, өзіміз содан қаншама жәбір-жапа шегіп жүрсек те, айналып келгенде Әжібексіз 
таңымыз атпайтындай, күніміз батпайтындай боламыз да тұрамыз. Бүгін, міне, 
көзіміз соған анық жетті. 
Біз почташының шанасына жете бергенде, Мақым шал құлағы салпаңдап, 
аяғын санап басып келе жатқан шағыр көз жиренінің басын іркіп, шанасынан 
Әжібек пен бір бейтаныс адамды түсірген. 
− Енді әрі қарай өздерің де бара аласыңдар ғой,- деген Мақым шал ол 
екеуіне атының болдырып келе жатқанын айтып. 
− Он шақырым болдырмай келіп, үйге он метр қалғанда болдыра қалған 
атыңның құлағын…- деді шанадан секіріп түскен Әжібек ыза болып.- Мені қойшы, 
ауылға бірінші рет келе жатқан мына кісіден ұялсаңыз етті. 
− Апыр-ай, ә, шынымен солай ма?! Онда шанаға қайта отырыңдар,- деген 
Мақым шал абыржып. 
− Жоқ, енді отырмаймыз, кете беріңіз! — деді Әжібек шаңқылдай айқайлап.- 
Бүкіл қайырыңызды шайыр ғып жібердіңіз. 


− Қап, ұят болды-ау, ә?! Қарағым, отыршы, баратын үйіңе апарып салайын,- 
деген Мақым шал әлгі бейтаныс адамға. 
− Рақмет, ата, енді өзім де барам ғой, мына балалар көмектеседі ғой,- деді 
бейтаныс адам нәзік үнмен. Біз оны жасөспірім ер бала шығар деп тұрғанбыз, енді 
даусынан әйел адам екенін аңғардық. Көзінде көзілдірігі бар, үстінде ұзын сұрғылт 
пальто, басына ер адамның құлақшыны сияқты бас киім киген ақ сары бойжеткен 
екен, біздерге көзілдірігінің астынан күлімсірей қарап: 
− Оқушысыңдар ма? — деп сұрады. 
− Ия, бұлардың бәрі де оқушыларыңыз,- деп, біз үшін жауапты Әжібек 
қайтарды.-Ойынның түбін түсіріп жүрген көксоққандар. Егер мен болмасам, осы 
ауылды баяғыда өртеп жіберетіндер ғой. Ал, көксоққандар, танысып қойыңдар, 
бұл кісі сендердің жаңа мұғалімдерің болады. 
− Мен өзім де танысам ғой,- деді қыз Әжібектің таныстырғанын жақтырмай. 
− Мен таныстырмасам, бұлар ертең сізге қиқалақтап бағынбай жүрер. 
− Маған бұлардың бағынғаны емес, жақсы оқығандары керек. Солай ма, 
балалар? — деді қыз күлімсірей тұрып. 
Біз оның ер балаға ұқсаған киім киісіне, күлімсіреген түріне аңырып қарадық 
та қалдық. Мұғалім деген біздің түсінігімізде Мұқан ағайымыз сияқты түсі суық, 
оқушыларға қарап күлмейтін айбынды адам болуы тиіс еді, ал мынау қыз болса 
езуін жияр емес, дәл бір алыстан келген бәріміздің туыс әпкеміз сияқты елжірей 
қарайды. Өзінің өңінде, күлкісінде адамды үйіріп тұрар бір жылылық, сүйкімділік 
бар. 
− Жүріңдер, мені бригадирдің үйіне алып барыңдар,- деді онан соң. 
− Әй, сен шанаңмен менің мына жүгімді алып жүр,- деді Әжібек Бәтеннің 
шанасына жарты қап жүгін салып.- Ал сендер,- деді қалғандарымызға,- мына кісіні 
Байдалының үйіне ертіп апарып салған соң маған келерсіңдер, мен үйде болам,- 
деді. 
Біз мұғалім қыздың ағаш шабаданын шанамызға салып, Байдалының үйіне 
қарай алып жүрдік. Жол бойы ол әрқайсымыздың аты-жөнімізді, нешінші класта 
оқитынымызды сұрастырып таныса бастады. Өзінің аты Әнипа екен. 
− Апай десеңдер болады,- деді.- Мұқан ағайларыңның әскерге кеткенін естіп 
осы ауылға өзім сұрандым. 
Өстіп жаңа келген мұғалім апайымызбен шұрқыраса сөйлесіп, Байдалы 
шалдың есігінің алдына да жеткенбіз. Үйінен шыққан Байдалы шал, өзінен майға 
піскен ыстық бауырсақтың иісі аңқи тұрып, мұғалім қызды тіксіне қарсы алды. Ол 
ұсынған бүктеулі қағазды қолына алып, ары-бері қарады да: 
− Бұ неғылған қағаз? — деп сұрады. 
− Аудандық оқу комиссариатының мені осы ауылға мұғалім етіп жіберген 
бұйрығы. 
− Біз ешкімнен мұғалім сұрағамыз жоқ,- деді Байдалы шал жақтырмай. 
− Сұрамасаңыз да жіберді. 
− Қыс ішінде пәтер табу, отын-су табу оңай дей ме екен?! 
Байдалы шал қолындағы қағазға біраз шұқшия қарап алды да: 
− Әй, сен бері жүрші,- деп, ортамыздан Санатты бөліп ап үйінің артына 
қарай ертіп әкетті. Санатты неге шақырып әкеткенін біз, әрине, іштей түсініп 
тұрмыз, хат танымайтын Байдалы шал әлгі қағазды соған оқытып алмақ. Сәлден 
кейін екеуі де қайтып оралған. 
− Қағазды оқыдым,- деді Байдалы шал Әнипаға.- Дұрыс екен. Ал енді 
бүгінше біздің үйге қон, пәтер жағын ертең қарастырармыз. 
− Рақмет, ағай. Менің қонатын үйім бар, сонда барайын,- деді Әнипа апай. 


− Иә, ол кім еді? — деген Байдалы шал таңырқап. 
− Осында Зылиқа деген кемпір бар ма? 
− Бар. 
− Сол кісінің үйіне барам. 
− Ол Зылиқа кімің болады? 
− Ол кісіні сыртынан танитын едім,- онан соң Әнипа апай біздерге жағалай 
қарап: — Енді мені сол үйге ертіп апарыңдар,- деді. 
Біз, Әнипа апайымыздың тілегі бойынша, екі ұлы бірдей майданға аттанып, 
жалғыз отырған, иілмейтін, қаққан қазықтай тік жүретіндігі үшін бүкіл ауыл 
Қадауқара атап кеткен Зылиқа кемпірдің үйіне қарай алып жүрдік. 
Қадауқара кемпір қолына шыбық ұстап бес-алты қой-ешкісін қоралап жүр 
екен. Өз үйіне біз бастап әкелген Әнипа апайды таңдана тұрып қарсы алды. Таяп 
келгенімізде салқын ғана амандасты да, мұғалім қызға көз алмастан шаншыла 
қарап: 
− Жөніңді айт, қарағым? — деді. 
− Сіз мені танымайсыз, апа…- дей бастаған Әнипа апай. 
− Тұра тұр, тұра тұр,- деді Қадауқара кемпір оның сөзін бөліп.- Сен осы 
Әлімбайыммен бірге оқыған Әнипа деген қыз емессің бе? 
− Иә,- деді Әнипа апай таңырқап. 
− Екеуіңнің бірге түскен суретің бар ғой, содан танып тұрмын. 
− Қырық бірінші жылы педучилищені бітірерде түскенбіз. 
− Қарағым, келші, маңдайыңнан сүйейін,- деді даусы бұзылып, көзі жасқа 
толған Қадауқара кемпір.- Әлімбайыммен қатар отырған сені кергеннің өзі не 
тұрады маған. 
Қадауқара кемпір мейірленіп кеп Әнипа апайымыздың оң қабағының үстінен 
сүйді, көзіне толған жасты сүртіп, булығып біраз тұрды. 
− Бір жыл болды хат келмегелі…- деді шағынғандай жыламсырап. 
− Менің де хат алмағаныма бір жыл болды. 
− Жарығым, қай жерде жүр екен?.. О-ой, жалған-ай…- деді Қадауқара 
кемпір ауыр күрсініп. Тек осыдан кейін ғана жөн сұрады. 
− Иә, қарағым, жолың болсын? 
− Дәм тартып осы ауылға келдім, апа. Мына балаларды оқытпақпын. 
− Оның жақсы болған екен. Қадамың құтты болсын. 
− Рақмет, апа. 
− Үйге кір, қарағым. Ендігі жөнді асықпай сұрасармыз. 
Біз апайымыздың шабаданын үйге кіргізіп кете бергенбіз. 
− Әй, балалар, тоқтаңдар! — деді Қадауқара кемпір дауыстап, өзі 
соңымыздан бір дорба езген құрттың малтасын алып шығып, бәрімізге уыстап 
үлестіре бастады.- Өздерің маған үлкен қуаныш әкеліп тұрып, құр ауыз 
кеткендерің жарамайды ғой,- деп қойды.-Айналайын ақ тілеулестерден, амандық 
болса бәріңді де шақырып, той жасағандай қонақ етем әлі. 
Біз мәмпәсилерге ұқсаған бірі ақ, бірі сарғылт малта құрттарды томпаңдай 
сорып, енді Әжібектің үйіне қарай тарттық. Күн батуға таяп, қызыл шапағы бүкіл 
ауылды жалқын нілге бояғандай ғып тұр. 
Әжібек өз үйінің төрінде бағанағы жарты қап жүгін қасына қойып, мәз-
мейрам боп отыр екен. Екі езуі екі құлағына жетіп, қуанышында шек жоқ. Біз 
кіргенде: 
− Олжа деген, міне,- деп қасындағы қапты сыртынан ұрып-ұрып қойған. 
Бұрқ-бұрқ еткен темекінің ащы иісі шетімізден түшкіртіп-пысқыртып жіберді. 
Біз келгенше, ол Ырысбектің әңгімесін Бәтеннен естіп қанып апты. 


− Бәрін де естідім,- деді ала көлеңке үй ішінде көңілі сәл жабырқап.- Қайран 
азамат, Ырысекең қор боп кеткен екен де,- деді.- Әйел опасыз деген осы-ay, 
бәрінің теріс айналғанын қарашы. О, дүние-ай…- деп үлкен адамша аһ ұрып 
күңірене сөйледі. Ойланып біраз отырды да: — Апырай, тіпті қызық болған екен,- 
деді онан соң.- Ең аяғы Эммаға дейін ат-тондарын ала қашқанын айтсаңшы! 
Бір сәт мырс етіп күлді де: 
− Әй, өзі де көксоққан еді,- деді енді табалай сөйлеп.- Бір әйелмен дұрыстап 
тұруына болатын еді ғой. Мейлі, жолы болсын! Темекі түгелдей өзіме олжа,- деді 
ең ақырында. 
Сөйтіп, сөзін күйзеліспен бастап соңын мысқылдай аяқтады. 
− Ал, енді осы ауылдың темекі тартатындары мен насыбайшы кемпір-шалы 
маған жалынбай көрсін,- деді мақтана есіп. 
Шынында да, темекі салмайтын, бірақ шылым тартатындары мен насыбай 
ататындары көп біздің ауылда темекінің құны наннан артық болмаса, кем емес еді. 
Қайғы-қасіретте көңілге жұбаныш болатын бірден-бір дауа темекі боп саналатын. 
Еркектерді қойып әйелдерге дейін түтіні қолқаны қапқан ащы темекіні құшырлана 
сорған кезде, көңілдері сейіліп бір сәтке болса да ауыртпалықтың бәрін 
ұмытқандай болушы еді. Үлкендердің темекі десе ішкен астарын жерге қоятын 
осынша құштарлығын өнер санайтынбыз. Қолымыздан келсе бұрқылдатып отырып 
шылым тартқанға не жетсін деп армандайтынбыз. Рас, үлкендер бізге темекінің у 
екенін, зиянды екенін айтып, шылым тартуымызға қатты тыйым салатын, ал бірақ 
өздері бір күн темекісіз қалса, бүкіл жарық дүниені тәрік етуге шақ қалып 
жынданып кете жаздайтын. Ондайдың талайын көріп те, естіп те жүреміз. 
Сондықтан темекіге деген құштарлығымыз өрши түспесе кемімейтін. Тек, әттең, 
темекі қолымызға түспейді. Кейде ұрланып жылқының кепкен тезегінен шылым 
орап тартатынымыз бар, бірақ тезектің аты тезек қой, екі-үш күнге дейін 
кеңсірігіңді тезектің сасық иісі алып, жүрегің айнып, түтін атаулыдан безе 
қашардай боп жүресің. Сондайда: «Шіркін, нағыз темекі болса ғой»,- деп арман 
етеміз. 
Енді, міне, Әжібек сол нағыз темекінің жарты қабын әкеп отыр. Шіркін, 
Әжібек мықты ғой. Қанша мақтаған батырың да, мықтың да осындай-ақ болар. 
Үлкендердің қолы жете бермейтін дүние байлықты иісін бұрқылдатып ұрып қойып 
отырғаны мынау. 
Және бір тиын ақша шығармаған. Ертеңгісінгі Ырысбек берген алақандай 
жүз сомдықты бәрімізге көрсете отырып: 
− Темекіге ақша шығарып мені ақымақ боп кетті дейсіңдер ме?! — деді 
күліп. 
Біздің алдымызда оның мәртебесі бұрынғыдан да биіктеп, беделі тіптен 
шарықтап өскен еді. Егер осы сәтте бізден: «Ауылыңда бетке ұстар кімің бар?» — 
деп сұраса, ойланбастан бір ауыздан: «Әжібек!» — дер едік. 
− Ал, көксоққандар,- деді Әжібек біз оның төңірегіне алқа-қотан отырған 
соң.- Мына Әжікелеріңнің арқасында шылымды тойғандарыңша бір шегіп жетісіп 
қалыңдар! — деп, қабының аузын шешті. 
Темекінің бұрқыраған ащы танауымызды бұрынғыдан да гөрі жарып 
жіберердей жыбырлатып, түшкіру-пысқыруымыз жиілеп кетті. 
− Пах-пах-пах!.. жарықтықтың иісі-ай,- деп Әжібектің өзі де түшкірінді.- Мә, 
мынадан бір-бір шылымдық қағаз жыртып алыңдар,- деп ол қалтасынан алған 
бүктеулі газетті ұсынған. Дереу жапа-тармағай алақандай-алақандай етіп бір-бір 
шылымдық қағаз жыртып алдық. Әжібек қабының аузын ашып, әрқайсымызға бір-
бір шекімнен салып бере бастады. Бәрімізге салып берген соң: 


− Әй, құр қалған ешкім жоқ па? — деп сұраған. 
− Жоқ,- дедік бір ауыздан. 
− Ал онда өзіме салайын,- деп, газеттен жыртып ап өзіне де бір шөкім салып 
алды. Оны қолы майыса отырып орап, онан тілімен жалап жабыстырғанының өзі 
қандай әдемі десеңші! Біз де соған еліктеп шылымды әдемілеп ораймыз 
дегенімізбен, қолымыз икемге келмей, бір шөкім темекінің өзін төгіп-шашып 
отырып әзер орадық. 
− Нешауа, өсти-өсти үйренесіңдер,- деп қойды Әжібек біздің ұсқынсыз 
оралған шылымдарымызға қарап. Енді ол қалтасынан шақпақ тас және мақта 
алып, шағып-шағып қалған, мақта түтіндеп сала берді, соны үрлеп-үрлеп қойды да 
темекісін тұтатты. Онан соң сол темекісін сора отырып бәріміздің шылымымызды 
тұтаттырды. Шылым тартуды білетініміз де, білмейтініміз де құшырлана соруға 
кірістік. Нағыз темекінің тілді қуырған удай ащы түтінін сорып аламыз да, 
бұрқырата үрлейміз. Бір-бірімізге қарап жымыңдаса мәз болып, дүниенің бір 
рақатына қолымыз жеткендей күйде тұрмыз. 
− Әй, сендер мына маған қарап, менше тартыңдар,- деді Әжібек, сөйтті де 
шылымын терең сорып аузына түтінін толтырып алды да, су жұтқандай ішіне қарай 
қылқ еткізіп жұтып қойды да, онан соң әлгі түтінді қос танауынан бұрқылдата 
шығарды. Шылым тарту деп осыны айт! Енді біз де шылымнан аузымызды толтыра 
сорып ап, оны ішімізге жұтып, онан мұрнымыздан шығармақ болдық. Бірақ 
шылымды бұлай тарту оңай емес екен. Қақалып-шашалмағанымыз кем де кем-ақ 
шығармыз. Удай ащы түтін бүкіл кеңсірігімізді қуырып, тұншығып өліп қала 
жаздадық. 
− Өй, ақымақтар, өйтіп түтінді бірден көптен сорып жұтпай, әуелі аз-аздан 
сорып үйреніңдер,- деді Әжібек жеки ұрсып. 
Кейбір шылымды қақалмай-шашалмай тартқан балаларға ол: 
− Маладес! Сен түбі шылымды жақсы тартатын боласың,- деп мақтап қояды, 
ал кейбір лоқси бастаған балаларға: — Қор болған темекі! Мынадан түк 
шықпайды-ей,- деп ұрсып, желкесінен қойып қалады. 
Біраздан кейін үйдің іші көк түтін боп кетті. Бір бұрыштағы бала екінші 
бұрыштағы баланы әзер көреміз. Әуелгіде тым-тырыс отырғанымызбен, 
шылымның қызығына түсе келе даурығыса бастадық. 
− Міне, мен түтінді жұтып, мұрнымнан шығара аламын. 
− Мен де үйрендім, қарашы бері! 
− Олай емес, былай шығару керек. 
У-ду шудан ба, әлде түтіннен бе, сәлден соң басым айнала бастады. 
Балалардың бәрі күңгір-күңгір сөйлейтін сияқты. Көз алдым сәл айналып 
тұрғандай, әйтеу, бір қызық хал, ептеп жүрегім айниын деді. 
− Әй, көксоққандар! — деді бір кез Әжібек ұйқыдан оянғандай.- Әй, мына 
үйдің ішін көк тұман ғып жіберіппіз ғой. Мәссаған! Сендер үйлеріңе кетесіңдер, 
мына көк тұманды жұтып сорлап мен қалам ғой. Кәне, далаға шығыңдар! 
Сыртқа шыққанбыз. Кәдімгі бір тар қапастан тұншығып шыққан адамдай 
көкірегім ашылып сала берді. Суық ауа бүкіл өне бойымды қуалап, бұлақтың 
тастай суын сіміріп-сіміріп жібергендей болдым. Уһ, қандай рақат! Балалардың бірі 
қақырынып-түкірініп, бірі лоқсып қойып күресін қарға еңкейеді. Бірақ соған 
қарамастан көңіліміз шат, шетімізден мәз боп тұрмыз. Шылым тартуды үйрене 
бастағанымызды мақтан етіп тұрмыз. 
− Әй, көксоққандар! — деді Әжібек.- Ертеңнен бастап оқуларың қайта 
басталады. Анау жаңа келген мұғалім қызды ренжітуші болмаңдар. Егер біреуіңнің 
қиқалаңдағаныңды естісем, менен жақсылық күтпеңдер! — деді қатал ескертіп. 


* * * 
Ертеңіне мектебімізде қоңырау қағылып, оқу қайта басталды. Әнипа 
апайымыз жүзі қандай жылы, нұрлы болса, мінезі де сондай жұмсақ, аңқылдаған 
мейірбан жан екен. Алғаш класқа кіргенде, мұз қатқан еденнен тайып жығыла 
жаздаған, біз балалар ду күлгенімізде, өзі де бізге қосыла күліп жіберді. 
− Мына еденде коньки тебуге болады екен,- деді басын шайқап. 
Онан соң стол басына кеп, класс журналын ашпас бұрын есік-терезелерінен 
жел ызғыған бөлме ішіне айнала қарай тұрып, онан біздің жалаңаш-жүдеу 
түрлерімізді көріп күрсініп қалды. Күлімсіреген өңі көлеңке түскендей лезде 
жабырқау тартып, көз алдымызда өзі де жүдей бастаған. Мынадай класта анық бір 
сабақты толық отыру мүмкін емес еді. Балалардың көбінің киім-кешегі алым-
жұлым, жыртық-тесік, шарық-шоқайларынан не өкшесі, не башпайы көрініп 
жүреді. Кейбір балалар жыртық шарығының ішіне тығыздап сабан салып киіп 
алған, жүгірген, ойнаған кездерінде әлгі сабан жыртық-тесіктен біртіндеп 
суырылып түсіп жүреді де, біраздан кейін сабаны тегіс түсіп, қолпылдап қалған 
шарығына қар кіре бастайды. Отыра қап шарықтың ішіне сабанды қайта тығып 
алады. 
Осындай түрімізді көрген Әнипа апай сабақты бірден бастай алмай, бәрімізге 
жабырқай қарап, үнсіз тұрып қалған. Көшеде жүгіріп ойнап жүргенімізде тоңу 
дегенді білмесек те, суық класқа кеп қимылсыз отырған соң, бойымыз тоңазиын 
деді, жақ жүндеріміз үрпиіп, күрк-күрк жөтеле бастадық. 
Кластың бүкіл бір жақ қабырғасын ала салынған ошағы ауыз бөлмеден 
жағылатын кірпіш пеш болымсыз ғана жылып тұр. Бұрын қи жаққанда едәуір 
қызып, кластың ішін жылытып тұратын, ал сабан отынға міз бағар емес. Үй 
сыпырушы Дәметкен апай от жағуды таң сәріден-ақ бастаған екен, міне, қазір 
сәске кезі боп қалды, әзірге жыли қоятын түрі білінбейді. 
Мұқан ағай әскерге алынып, мектеп бір айдай жабық тұрған уақыттың 
ішінде мектептің отын қоймасындағы бір қысқа жетерлік етіп жиналған қи үшті-
күйлі жоқ боп кеткен. Кім тасып алды, қашан алды, ешкім білмейді. Әлгінде, сабақ 
басталардың алдында Әнипа апай Байдалы шалға жолыққан, отынның қайда 
екенін сұраған. 
− Әй, қарағым, мен отын күзетшісі дейсің бе?! Қайдан білейін,- деп Байдалы 
шал шарт кетті.- Осы колхоздың отыннан басқа жұмысы да бастан асып жатыр. 
Енді оқу болмайды деп біреулер тасып алған шығар. Әне, сабан түсіртіп бердім 
ғой, соны жаға беріңдер,-деген. 
Сол сабанның жылуы, міне, «уф!» деп үрлесең, аузыңнан шыққан бу 
темекінің түтініндей бұрқырайды. Әнипа апай барып пештің әр жерінен бір сипап 
ұстап көрді де, тағы да күрсіне тұрып басын шайқады. Ақыры ойлана тұрып: 
− Балалар, мына класта көп отыруға болмайды екен, мен сендерге үйде 
оқуларыңа тапсырма беріп қайтарайын,- деді. 
− Сонда біз класта оқымаймыз ба? — деп сұраған балалардың бірі. 
− Оқимыз. Тек алдымен класты жылыту жағын ойластырайық. Қысқа деп 
жинаған мектептің отынын біреулер тасып апты, ал сабанның қаншалықты 
жылытатынын өздерің көріп отырсыңдар. Мынадай суықта сендерді ауыртып 
аламын ғой. 
Сөйтіп, Әнипа апай үйде оқуымызға тиіс тапсырмаларды тақтаға жаза 
бастады да, біз оны ілесе отырып көшіріп алуға кірістік. Апайымыздың жазуы 
біркелкі, маржандай тізілген әдемі еді. 
− Мен мектептің отынын жағып отырған бір үйді білем,- деді балалардың 
бірі өзіне-өзі айтқандай жай сөйлесе де бәрімізге естіртіп. 


− Кімнің үйі? 
− Ол кім? — дедік біздер жан-жақтан. 
− Әжібектің үйінен,- деді әлгі бала.- Барғанымызда ылғи қи жағып 
отыратынын өздерің де көріп жүрсіңдер ғой. Әжібек сол қиды мектептің отынынан 
алмағанда қайдан алды? 
− Рас-ей! 
− Рас! — деп, Әжібектің үйіне қашан бармайық, сары қиды маздатып жағып 
қойып отыратынын есімізге алғанбыз. 
Тақтаға тапсырма жазып тұрған Әнипа апайымыз да біздің сөзімізге елең 
етіп, кейін бұрылған. 
− Әжібек кешегі бала ма? 
− Иә. 
− Егер мектептің отынын түсіріп алған сол бала болса, анықтап сұраңдар 
өзінен. Айқай-шу шығармай-ақ қайтарып алайық. 
Апыр-ай ә, үйіне қашан барсаң да, Әжібек жағасы жайлау боп жып-жылы 
отырады, сөйтсек біздің мектептің қысқа деп жинаған бар отынын түсіріп ап, 
қарық боп жүр екен ғой. Ой, оңбаған-ай! Ой, мүттәйімін-ай!.. Күзде Мұқан ағай өзі 
бас боп, барлық оқушы балалар өгіз арбамен мына төмендегі қой қорадан үш күн 
бойы тартқан қи ғой. Қыста рақаттанып жылы класта отырамыз деген есіл 
еңбегіміз. Бар рақатын түк істемеген Әжібек көріп жүр екен де. Біз бір топ бала 
қазір мектептен шығысымен, соның үйіне барып айқасуға бел байладық. 
− Бәріміз жабылсақ, соған әліміз жетеді ғой,- дедік күбірлесе келісіп. 
Сөз байласқан балалар мектептен шыға Әжібектің үйіне келгенімізде, ол 
төрінің алдында шалқасынан түсіп темекі тартып жатыр екен. Үстелінің үстінде 
жарты таба нан, бір тостаған майға шыланған талқан, бір тостаған қуырылған 
бидай, құрт-ірімшік үйіліп тұр. 
− Иә, оқымыстылар, мектепке кіргендеріңнен шыққандарың тез болды ғой,- 
деді ол сол шалқасынан жатқан күйде бізге бетін де бұрмастан.- Әлде сабақтан 
қашып кеттіңдер ме? 
Біз ошақ алдында шашылып жатқан сары қидың сынықтарын бір-бірімізге 
ымдап көрсетіп үнсіз тұрмыз. 
− Әй, неге үндемейсіңдер? Әлде анау үстелдің үстіндегі тамақтарды көріп 
үндерің өшіп тұр ма? Темекінің арқасында келген дәмдер ғой,- деп Әжібек сол 
бізге басын бұрмаған күйінде шірене сөйлеп жатыр.- Әлі осы ауылдың 
дастарқанының ең дәмділері менің аузымда болады. Әжікең өстіп «ахау бикем» 
деп әндетіп қойып шалқасынан жатады. Оқыған сендер озар ма екенсіңдер, 
оқымаған мен озар ма екем, көреміз. 
Біз сол үнсіз қалпымызда, өстіп жатқанында үстінен барып бас салайық 
дегендей, ымдаса сөйлесіп бір-бірімізді «сен баста», «сен баста» дегендей, 
итермелей бастағанбыз. Осы мезетте Әжібек басын көтеріп алды да, қос 
танауынан түтінді бұрқылдата отырып: 
− Әй, көксоққандар, жүрістерің тым суыт қой, неғып состиып тұрсыңдар? — 
деді. 
− Мектептің отыны қайда? — дедік ақай жоқ, тоқай жоқ. 
− Қайдағы отын? 
− Мектепке отынға деп күзде біз түсірген қи ше? Міне, ошағыңда маздап 
жанып жатыр ғой. Осыны қайдан алдың? Қазір бәрін қайтар. Сенің қырсығыңнан 
біз, міне, бүгін сабақ та оқи алмадық. 
− Әй, сендер, айтсам айтқандай көксоққан екенсіңдер,- деді көзі шатынап 
лезде ыза болған Әжібек.- Тіпті көк ми екенсіңдер. Немене, мектептің бар отынын 


түсіріп жинап ала қоятындай менің қарамағымда жұмысшыларым бар деп пе 
едіңдер?! Және онша отынды қай жеріме жинаймын? Отын жинайтын қорам да 
жоқ. Әне, бар отыным ауыз үйде жатыр. Не сөйлеп тұрсыңдар? Өй, ақылдан 
жұрдай тобан аяқтар. Қайтар дейді ғой. Нені қайтарам? 
− Ал онда мына сары қиды қайдан алдың? — дегенбіз. 
− Мектептің отын қорасынан,- деді Әжібек сабасына түсіп, салмақтана 
сөйлеп.- Ең соңынан қидың қалған-құтқанын жинап алғаным рас. Үш қап еді, бір 
қабы таусылды, екі қаптағы, әне, ауыз үйдің бұрышында үюлі жатыр. Егер 
мектептеріңді жылытуға жетеді десеңдер, жинап алып кетіңдер. 
Біз не дерімізді білмей сілейіп тұрдық та қалдық. Айтса айтқандай, мұның 
отын қоятын қорасы да жоқ екен-ау. Мысымыз құрып, енді неғыларымызды 
білмей, не шығып кете алмай, не отыра алмай бір-бірімізге қараймыз. Әжібекті 
нақақтан қаралап жазықсыз ренжітіп алғанымызға жерге кірердей боп тұрмыз. 
Біздің осы жайымызды ұқты-ау деймін, Әжібек те енді ашуын басып, 
темекісін қомағайлана сорды да: 
− Әй, көк милар,- деді жайбарақат үнмен.- Не десеңдер де менің сендерден 
өзге серіктерім жоқ енді. Мен дегенде құдайдың басқа салғаны осы шығар. Дабай, 
отырыңдар. Темекі тартыңдар, сөйтіп, естеріңді жиыңдар. 
Әлгіндегі жауар бұлттай болып түнеріп, үдірейісіп келген түрімізден із де 
қалған жоқ. Әжібектің алдында сол баяғы «көксоққан» қалыптарымызға түсіп, 
аптығымыз басылып, сүмірейісіп барып, отыра-отыра кеттік. Ол ұсынған газеттен 
бір-бір жапырақтан жыртып алып шылым орадық. Әжібектің алдындағы әлгіндегі 
кінәмізді толық мойындағандай жерге қарай отырып, ащы түтінді бұрқылдата 
сорғанбыз: 
− Әй, көк ми, түтінді босқа сорып рәсуа етпей, ішіңе жұтып тарт,- деп зекіп 
қалды Әжібек өзіне таяу отырған балаға. Мұнысы жалғыз оған емес бәрімізге 
айтылған кінәрат еді. Түтінді текке сорып рәсуа етпей жұтуға тырысамыз. Удай 
ащы түтін тұншықтырып жібере жаздайды, кеңсірігіміз ашып, тамағымыз 
жыбырлап, жарыса кеп қақалып-шашалып, көзімізден жасымыз парлап ит боп 
отырмыз. 
− Мектептің отынын кім түсіріп алғанын мен білем,- деді әлден уақытта 
шылымын тартып болған Әжібек.- Бірақ оның кім екенін айтпаймын. Басыма пәле 
іздер жайым жоқ. 
Иә, Әжібек айтпаймын десе айтпайды. Егер қадалып сұрай берер болсаң, ол 
ашуланады да, әлгі мазасын алған баланы желкесінен алып есігінен итеріп 
шығарады да, май құйрығынан қайқайтып тұрып бір тебеді. Ол балаға енді қайтып 
Әжібектің үйінің есігін ашу оңайға түспейді. Үйінен не бір таба нан, не бір жілік ет 
ұрлап әкелуі керек. Сөйтіп келіп қана татуласады. 
Терезе қағылды да сырттан Мәридің: 
− Бәріңді де апай шақырып тұр! — деп айқайлаған даусы естілді. 
Біз топырласа жүгіріп сыртқа шыққанбыз. Расында да, Әнипа апайымыз 
көшеде Әжібектің үйінің тұсына кеп тұр екен. Қасында Мәри және бір-екі қыз бар. 
Мәри жартылай ер балаша: басына құлақшын, бұтына шалбар киген, үстіндегі 
шешесінің кішірейтілген ескі пүліш пальтосы белін қынтитып, бойы ұзарып 
көрінеді, қысқа қарай өзі аппақ боп ағарып, қасы-көзі қап-қара боп қиылып, 
әдеміленіп кеткен. Өзін-өзі еркін ұстайтын ақ жарқын өжет мінезі де оны басқа 
қыздардан ерекшелеп тұратын. Қазір апайдың қасында тұрып, сүмірейіп шыққан 
біздерге мазақтағандай ақсия күледі. Ал күліп тұратын Әнипа апайымыз қабағын 
шытып, көзілдірік астынан сүзіле қарайды. 
− Сендер мұнда неғып жүрсіңдер? — деді. 


Біз үндей қойғамыз жоқ. Естімеген адамдай боп біріміз аспанға қарап, біріміз 
күресін қарды шарығымыздың тұмсығымен тепкілеп, енді біріміз МТС-тан келетін 
жолға қараған боп тұрмыз. 
− Балалар, мен сендерден сұрап тұрмын ғой, бұл үйге неге келдіңдер? — 
деді Әнипа апай даусын сәл көтере қайталай сұрап. 
Біз бұл жолы да үндей қоймадық. 
− Мен сырқаттанып жатыр едім, бұлар менің хәлімді сұрай кепті,- деді 
үйінен біздің соңымызды ала шыққан Әжібек осы тұста бізге ара түсіп, өзі соның 
арасынша өтірік жөтелгенсіп, ауру адамша бүкшірейе қапты. 
− һө, һө…- деп ыңқылдай жөтеліп алды.- Ойбай, белім-ай, сырқыратып 
әкетіп барады. 
Әнипа апай оның ауырып қалдым дегеніне шынымен сенгелі тұр еді, алайда 
осының бәріне көзі ұшқын шаша ойнақши қарап тұрған Мәри шыдай алмай 
сақылдап күліп жіберді. 
− Ой, жаның шыққыр-ай, өтірікті соғуын… Апай, мұның ауырған түгі де жоқ, 
сізді алдап тұр,- деді Мәри саңқылдай сөйлейтін әдетімен бүкіл ауылға жар 
салғандай.- Жаңа терезеден қарағанымда, бұлардың бәрі де темекі тартып отыр 
екен. 
− Әй, сен қыз не сөйлеп тұрсың? — деді Әжібек аяғын басып кеткендей 
шаңқ етіп.- Темекі тартқан мен өзім ғана. Мен оқымаймын, сондықтан не істесем 
де өзім білем. Ал мыналар жай қасымда отырды. 
− Жоқ, Бұлар да бір-бір шылымды бұрқылдата сорып отырды ғой. 
− Бұлар тартқан жоқ! 
− Тартты. 
− Сен қыздың мен желкеңді үзем ғой,- деп Әжібек доқ көрсетіп оған тұра 
ұмтылмақ болған. 
− Үзіп көр,- деп, Мәри Әнипа апайды тасалана берді. Одан тілін шығарып 
мазақтай тұрып: — Бұл қотырдың әлі қыздарға ғана жетеді,- деді. 
− Ой, бит бас,- деді Әжібек бұрынғысынан да ыза болып. 
− Қотыр. 
− Жә, тоқтатыңдар! — деді Әнипа апай екеуіне де зеки сөйлеп. Онан соң 
сүмірейіп тұрған біздерге қарады.- Бүгіннен соң мектептен шығысымен үйлеріңе 
қайтатын болыңдар. Оқу программасынан онсыз да көп кейіндеп қалдыңдар, соны 
қуып жетуіміз керек. Ол үшін ешқайда бұрылмай үйге қайтып, сабақтарыңды 
оқыңдар. 
− Бұларды мен шақырмаймын, өздері келеді,- деді Әжібек. 
− Сен ересексің ғой, бұларға жаман қылықтарыңды үйретпе. 
− Немене, мен сонда осыларға жаман болыңдар дей ме екем. 
Бәріне де адам болыңдар деймін ылғи. Ал жаман қылықтарды өздерінің 
үйренгілері кеп үздігіп тұрса, мен қайтейін. 
− Үйренбе де. 
− Өйтіп айта алмаймын. Мендегі бар жаман қылықтар бұларда да болсын. 
Мен қор боп жүрген жоқпын ғой, бұлар да қор болмайды. 
− Сен өзің үлкенмен салғыласып, бетіңмен өсіп келе жатқан бала екенсің,- 
деді Әнипа апай кейи сөйлеп. 
− Мен емес.салғыласып тұрған өзіңізсіз ғой. Пажалыста, жолыңыз әне, жүре 
беріңіз,- деді Әжібек те ызаланып.- Ал мен қай бетіммен өссем, мыналар да сол 
бетпен өседі. 
− Сен өзің неге оқымайсың? 
− Оқуды қайтем?! 


− Қайткені қалай, келешегіңді, адам болуыңды ойламайсың ба? 
− Мен оқымай-ақ та болам. 
Мұнан әрі шыдамы таусылған Әнипа апай: 
− Жүріңдер, балалар! — деп, бізді соңынан ертіп мектепке қарай жүрді. 
Әжібек тісінің арасынан сыздықтата түкіріп қойып сыңар езулей күліп қала берді. 
Былайырақ шыққан соң Әнипа апай сәл кідірістеп біздерден: 
− Сендер тауға шығып отын шаптыңдар ма? — деп сұраған. Біз бір ауыздан 
шапқанымызды және оны қол шаналарымызбен тасып сүйретіп ЬІрысбектің 
қорасына жинап қойғанымызды айттық. 
− Демек, ол отын өздеріңдікі ғой? — деді Әнипа апай анықтай түсіп. 
− Өзіміздікі. Өзіміз шаптық, өзіміз тасып әкелдік. 
− Ендеше, балалар, сол отынды қазір мектепке тасып алайық. Үй иесі 
әскерге кетіпті, иесіз қалған қорадан тағы біреу тасып әкетуі мүмкін. Онан да өзіміз 
аз күн болса да класымызды жылытып сабақ оқиық. 
Бұл ақыл бізге бірден қона кетті. Шынында да, өзіміз шапқан тобылғымызды 
мектепке тасып ап, өзіміз жағып, өзіміз асылынып отырсақ оның несі айып. Оқушы 
балалар лездің арасында құмырсқадай қаптап кеп, Ырысбектің қорасындағы 
әнеугүні ғана өзіміз жинап қойған тобылғыны біріміз шанаға сап сүйретіп, біріміз 
арқалап мектепке таси бастадық. Тас қойма жақтан шауып келген Байдалы шал: 
− Әй, бұларың не? Әскерге кеткен адамның отынын тасып алды деген не 
деген сұмдық! -деп ақыра айқайлап, қамшы үйірген. 
Біз шу ете түсіп, тым-тырақай қаштық. 
− Әй, мұғалім қыз, мұның қалай? — деп енді ол Әнипа апайға тап берген. 
− Ақсақал, сіз мектептің отынын дәл осылай қорғауыңыз керек еді,- деді 
апай қатқыл үнмен.- Ал мына отынды балалардың өздері шапқан. Мектепте отын 
болмағандықтан, алуға мәжбүр боп отырмыз. 
Апайымыздың мына сөзі бізге медеу болып жан-жақтан: 
− Бұл өзіміздің отынымыз, өзіміз шапқанбыз! — деп шулап кеттік. Біздің 
шуымызға ауыл адамдары шығып, олар да отынды өзіміздің шапқанымызды растап 
ара түсіп, мектепке отын түсіріп беріп жәрдемдесудің орнына Байдалының мына 
қылығының ерсі екенін айтып, ауыл арасы біразға дейін улыған-шулыған болды. 
Сөйтіп жүріп Ырысбектің қорасындағы өзіміз шапқан тобылғыны тегіс мектепке 
тасып алдық. Ертеден бері күйелеш-күйелеш боп сабан жағып, класты жылыта 
алмай ит әуре болған Дәметкен апай пешке тобылғыны толтыра тыққан. Қызыл 
тобылғы дүрілдеп ала жөнелді, біраздан кейін пештің шойын қақпағы қып-қызыл 
боп қызарып, қабырға пеш қызып, кластың іші жыли бастады. Түстен кейін оқитын 
балалар ертеңгісінгі біз құсап дірдектемей, сабақтары расписание бойынша өткен 
еді. 
Үйге қайтып келе жатқанымызда, жолда есігінің алдында — Әжібек тұр 
екен. Түрі өрт сөндіргендей қап-қара боп түнеріп, қатулы еді. Әрине, Ырысбектің 
қорасындағы тобылғыны мектепке тасып алғанымыз үшін ол бізге ызалы. Дәл 
қазір қолына жалғыз-жарым түскенімізді итше тепкілеп аямайтыны анық. 
Сондықтан біз оның үйінің қасынан жұбымызды жазбай топтасып өттік. Ол 
біздерге қарап жұдырығын түйіп: 
− Сатқындар! — деді кіжініп. 
Осылайша екі-үш күнге дейін мектепке топтасып барып, топтасып қайтып 
жүрдік. Ойынды да үйлеріміздің төңірегінде ойнаймыз. Әжібектен қол үзіп 
алғанымызға өкінеміз де, бірақ оның алдына баруға және де батылымыз 
бармайды. Сабап тастайды деп қорқамыз. 


Үшінші күні сабақ арасындағы үзіліс кезінде мектеп алдына Әжібектің өзі 
келді. Қапелімде не істерімізді білмей абдырап сасып қалған біздерге ыржия қарап: 
− Әй, көк милар, мен сендерді кешірдім. Ойлап қарасам сендердікі дұрыс 
екен,- деді тісінің арасынан сыздықтата түкіріп қойып.- Оқу үшін ағайынмен де 
ренжісуге тура келеді. Ал сендер болсаңдар отынды оқу үшін алдыңдар ғой. 
Әжібектің өзінің іздеп кеп татуласқанына біз де қатты қуандық. Оны 
ортамызға ала тұрып өтіп жатқан сабақтарымызды, естіген-білген 
жаңалықтарымызды айтып, көңіл кірбіңін жазғандай боп қалдық. Қоңырау 
қағылып, біз келесі сабаққа кірерде ол: 
− Сендерсіз көңілсіз екен. Сабақтан босаған кездеріңде үйге келсеңдерші,- 
деп шақырды. 
Енді біз сабақтан кейін қолымыз босай қалса, бұрынғы әдетімізше Әжібектің 
үйін төңіректеп, соның бастауымен ойнайтын дағдылы ойындарымызды қайта 
ойнай бастадық. Біртіндеп ол бізге әмірін жүргізуді қайта бастады. 
Бірде оның үйінде бес-алты бала тығылып ап темекі тарттық. Бір-бір 
шылымды тартып болғанша түтінді ішке қалай жұтуды, одан оны бұрқылдатып қос 
танаудан қалай шығаруды бір-бірімізге көрсетіп, қызыққа батып отырдық. 
Кейбіреуіміз әжептәуір үйреніп те қалған екенбіз. Түтінді қос танаудан Әжібектің 
өзінен қалыспай бұрқыратып шығарамыз. Онымызға Әжібек мәз-мейрам боп 
қуанады. 
− Ой, маладес!.. Міне, нағыз шылымшы! — деді қолпаштай мақтап. Бір 
шылымды тауысқанша бір-бірімізге өнерімізді толық көрсетіп, үлгере алмай 
қалғандай да болдық. 
− Мен шылым тартуды үйрендім. 
− Мен де үйрендім. Қалай тартқанымды Әжібектің өзі көрді ғой. 
− Шіркін, тағы бір шылым болса,- десіп даурыға бастадық. 
Бір-бір шылымдық темекі бергеннен кейін қабының аузын мықтап байлап 
қоятын Әжібек біздің мына сөздерімізден кейін шыдай алмай кетті-ау деймін: 
− Әй, сендерден аяғанымды ит жесінші,- деп, қабының аузын қайтадан 
шешті.- Сендер темекі орай алмайсыңдар, жартысын рәсуа ғып шашып аласыңдар. 
Сондықтан, дабай, қағазды әуелі ешкі сирақ етіп дайындап орап алыңдар! 
Біз енді Әжібектің өзі көрсеткендей етіп, қағаздан ешкі сирақ етіп орап 
алдық. Бұлай орау оңай екен. Сол ешкі сирақты толтыра-толтыра темекі салынды. 
Ал кеп түтінді бұрқылдата сорып, жарыса тарттық. Алғашқы күндердегідей емес, 
темекінің түтіні кеңсірігімізді онша ашытпайды, қақалып-шашалмаймыз да, сорып 
ап ішімізге жұтамыз да, онан соң бұрқыратып танауымыздан шығарамыз. Бір 
рақат, шылымды сөйтіп тартып отырғанда, өзімізді есейген, дардай адам сезінеміз. 
Үлкен жігіт болғанымыздың белгісі-ау дегендей, әрқайсымыз қоқиланып қоямыз. 
Міне, ешкі сирақты да тартып бітірдік. Қызды-қызды боп отырған Әжібек өзі бастап 
тағы да бір-бір ешкі сирақты орап алдық, тағы да темекі тартудың өнерін 
кезектесе көрсетіп бұрқылдатып кеттік. Екінші ешкі сирақ бітуге таяған кезде, көз 
алдым, отырған балалар, бүкіл үйдің іші айнала бастағандай болды, екі қулағым 
шуылдап, балалардың сөзі алыстан күңгірлеп естілді. Ұйқым келген сияқты, қалғи 
бастаған сияқты болам, жантайып жатқым келеді… Алыстан талып естілген күңгір-
күңгір сөз… дауыл жел соққан толассыз бір шуыл… «Ыш-ш…» Мұнан әрі ұйықтап 
кеткен болуым керек, ештеңені білмеймін. 
Көзімді ашқанымда, үйде жатыр екем. Әжем басымды көтеріп тостағанмен 
бірдеңе ұрттатып отыр, дәмін біле алмаймын, әйтеуір, салқын сусын екенін сезем, 
кеңірдегім, сарайым ашылып сала берді. Түу, қандай жақсы сусын еді. Әжемнің 


ерні жыбыр-жыбыр еткені болмаса, үнсіз отырған сияқты еді, жаңағы салқын 
сусыннан кейін біртіндеп оның сөйлеп отырғаны құлағыма жетті. 
− Құлыным… қозым… тағы да жұтшы…- дейтін сияқты. Тағы да жұтайын 
десем, әлгіндегі көкірек сарайымды ашқан рақат сусын лездің арасында жүрегімді 
айнытып, астан-кестен ете бастаған, лоқсытып кейін қарай теуіп жатыр. Аузыма 
ыстық іртік боп қайта құйылып сыртқа атылды… 
Осылайша неше күн қиналғаным есімде жоқ. Басымды кетерін бетім бері 
қараған кезде, үйге Әнипа апай келіп отыр екен. Алақанымен менің маңдайымды 
ұстап көрді де: 
− Әлі де ыстығы бар екен,- деді әжеме қарап.- Сүт бере беріңіз. Әбден 
уланып қалған. 
− Басқа балалар қалай екен? — деп сұраған әжем. 
− Олардың да хәлдері ауыр. Екеуі мына Қанат құсап көздерін бүгін ашты, 
екеуі әлі талықсып жатыр. 
− Әлгі Әжібек ше? 
− Мыналарға қарағанда ересек емес пе, ол басын кеше көтерді. Батырың 
енді қайтып темекіге қарамастай болған сияқты. 
− Япырай десеңші, бәрін бастап жүрген сол ғой. 
− Ол өзі де оңбай уланыпты,- деп Әнипа апай кетуге ыңғайланды. 
− Ал, әже, қорықпаңыз, балаңыз бірер күнде тұрып кетеді. Тек әбден 
айығып тәуір болмайынша, мектепке жібермеңіз. 
− Жарайды, қарағым,- деді әжем оны шығарып бара жатып. 
Сөйтіп, Әжібекке ілесеміз деп темекіге уланып ауырып, бір аптадай оқудан 
қалдық. Оның есесіне сол темекіден уланған балалар содан қайтып еш уақыт 
аузымызға темекі алмайтын болдық. Бұл — өмірдің өзі оқытқан ащы сабағының 
бірі еді. 
БОРАН 
Нәзира әпкемнің станцияға астық тартып кеткеніне бір аптадан асты. Күзде 
күн жылы, жер қарада астық тартқандар өгіз арбамен станциядан төрт күнде 
оралатын, ал қазір қыс кезінде өгіз шанамен алты-жеті күн жүріп әзер оралады. 
Кешеден бері боран соғып тұр. Біздің жақтың бораны белгілі ғой, бір соқса төрт 
күнсіз, яки апта бойы басылмайды, қора іргесіне кеп жер тырмалаған аш 
қасқырдай ұлып тұрып алады. Мұндай күндері үйдің іші қоңырқай күңгірт тартып 
кетеді. Көңілсіз-ақ. Қай мезгіл болғанын айырудан қаламыз: терезеден жарық 
түскенде — таңның атқанын, қараңғылық түскенде — батқанын білеміз. Екі 
терезенің бірін (жел жақ беттегісін) әжем ескі көрпемен қымтап бітеп тастаған, ал 
қалған жалғыз қабат терезенің әйнегіне қалыңдығы бір елі қырау тұрады, 
кішкентай балалар көзді ала бере тырналап соның қарын жейді. Онан соң жақ 
жүндері үрпиісіп дірдектеп, күрк-күрк жөтеледі. Бір жақсысы сабан көп, ертеден 
кешке дейін пеш алдына қыздырына отырып от жаққаннан болу керек, абырой 
болғанда балалардың ешқайсысы ауырмайды. От жаға отырып сабан арасынан 
шала бастырылған масақтарды тереміз. Әжеміз ұзақты күнге жүн түтіп әскерге 
жіберілетін қолғаптық-шұлықтық жіп иіреді. Сырттан естілген әрбір тықырға 
елегізіп: 
− Әлгі сорлы қай жерде жүр екен? — дейді жолда жүрген Нәзира әпкемнің 
жайын ойлап.-Тірі ме екен, әлде мына боранда бір жерде ұшып өліп қалды ма?! Е, 
алла… 
Әжемнің бұл қайғысы біздің санамызға онша кіре қоймайды. Өйткені далада 
жүрген, әсіресе станцияға астық тарта кеткен адам біздіңше дін аман жүруі тиіс 


сияқты, ол үшін қайғыру бекершілік. Біз үшін үйдегі, көз алдымыздағы жағдай ғана 
көңілге қонады. Мысалы, Нәзира әпкем кетерінде, бізге азық етуге бір аптаға 
жетерлік етіп бидай қалдырып кеткен, содан күнде ертеңгілік әрқайсымызға екі 
қос уыс (менің қос уысыммен) мөлшерінде бидай өлшеп аламыз да соны қуырып, 
қол диірменге тартып бір күнге азық етеміз. Әрине, қарнымыз шала құрсақ қана 
тояды. Бірақ соған үйреніп алғанбыз, қанағат қыламыз. Бір күнге әлгі. мөлшерден 
көп қуыруға әсте болмайды, өйткені артық қуырылған бидай болса жеп қоюымыз 
мүмкін, сөйтіп, бір аптаға бөлінген азығымызды тез бітіріп алсақ, Нәзира әпкем 
қайтып оралғанша, ашығып қалуымыз мүмкін. Сондықтан Нәзира әпкем кетерінде, 
маған таптап-таптап тапсырып кеткен: 
− Мына кішкентайлар жыласа, әжем шыдай алмай жегізіп қоюы мүмкін. 
Сенің ақылың бар ғой, Қанатай, бидайды үнемдеп, күнделікті жейтіндей етіп қана 
қуыратын болыңдар. Азықтарыңды тез тауысып алып, ашығып қап жүрмеңдер,- 
деген. Әпкемнің сол тапсырмасын мүлтіксіз орындауға тырысам. 
Қырсық болғанда екі-үш күннен бері әжем ауырып қалды. Осыдан он шақты 
күн бұрын станцияға жөнелтілетін астықты тазаласамыз деп ауылдың кемпірлері 
тас қоймада ертеден кешке дейін бидай ұшыруға көмектескен. Әжем сол 
кемпірлердің ен ортасында айрықша пысықсынып кетіп еді, сонда суық тисе керек. 
Кеше ыңқылдай жүрсе де бидайды өзі қуырып беріп еді, бүгін ертеден бері басын 
көтере алмай жатыр. Денесі лапылдап жанып, ыстығы көтеріліп, қатты 
ыңқылдайды. Ертеңгісін мен қайнатып берген ақ су — шайды да іше алмады. 
− Бәлкім, кішкене оранып жатып терлесем, тұрып кетермін,- деп тарс 
бүркеніп, үйдегі қалың көрпелерді сыртынан қымтап жапқызған. Терлеп жатыр. 
Түс боп қалды, бірақ әзірге әжем тұра алатын емес. Кішкене балалар не 
істерлерін білмей, біресе пештің алдына үймелей отырып от жағып, масақ теріп, 
біресе терезенің алдына барып әйнекке тұрған қалың қырауды тырмалап, сыртқа 
сығалап сең соққандай күйде. 
− Әжем өліп қалмай ма? — дейді Жанар көзі жасаурап. 
− Қой, жаман сөз айтпа! — деп Болат оған жекіп тастайды. 
«Шынында да, әжем өліп қалмай ма» деген ой келгенде, менің де зәре-
құтым ұшады. Бірде Нұрсұлудың шешесіне оның: «Жылым — мешін, сонда биыл 
мүшел жастамын, жетпістің үшеуіндемін, қатер жастамын…» — деп айтқанын 
естігем. Демек, өзі қауіптенсе, өліп қалуы да мүмкін ғой. Онда біз де тегіс қырылып 
қаламыз ғой. Бұл ойымды онан әрі өрбітуге дәтім шыдамайды. Дереу басқа 
бірдеңелерді ойлағым келеді. 
Әдетте, күн ашықта мектепте сабақта болып, үзіліс кезінде балалармен 
алыс-жұлыс ойнап жүріп ештеңені ойлауға да, жабығып мұңаюға да мұршаң 
болмайды. Ал мынадай боранды күндері ертеден кешке дейін үйде қамалып 
отырғаннан өткен қасірет жоқ шығар. Мұндай күндері мектепте сабақ болмайды. 
Әнипа апай: «Боранды күні мектепке келмеңдер, сабақ болмайды»,- деген 
алғашқы күн-ақ. 
Міне, екі күн болды, қамалып үйде отырғаныма. Тыстан «у-у…» — деп 
ұлыған боран үні естіледі, сыртқы есікті жұлқылап, сарт-сұрт еткізіп қағып қояды. 
Осындай күндері ішқұсаланып, не істерімді білмей жабығып, боранға қосыла ұлып 
жылағым келеді. Көкемді есіме алам, әскерге кетерінде оны шығарып салып тұрып 
әжем де, апам да, Нәзира әпкем де жылап еді, тек мен ғана жыламап едім. 
Сөйтсем, жылаудың не екенін білмеген екем ғой. Оның соғыстан қайтпайтынын да 
түсінбеппін. Енді, міне, сонда жыламағаныма өкінем. Бәлкім, мен де жылағанымда, 
көз жасымды көріп оққа ұшпас па еді… Апамды есіме алам: ауылда жүріп-ақ, 
ауырмай-сырқамай, қапыда ұры-қара біреулердің қолынан қаза тапқаны өкінішті-


ақ. Әттең, қасында көкем болса ғой, сонда кім қолын көтерер еді оған… Шіркін, 
апам!.. Осы күні әркімнен көрген жәбір-жапамды айтып, шағынып жылағым келеді. 
Aпа… Апа… 
Көзіме кептелген ыстық жасты ешкімге білдірмей ысырып тастап, енді 
көңілімді басқа жаққа аударғым келеді. «Жә, қайғыра бергеннен түк өнбейді,- деп 
қоям әжемнің сөзін қайталап.- Белді бекем буып бәріне де шыдау керек. Тіршілік 
ету керек…» Иә, тіршілік ету керек. Сабағымды оқиын онан да. Үйге берілген 
тапсырмаларды тағы бір қайталап шығайын. Оқу құралдарымыз жоқ 
болғандықтан, Әнипа апай үйге берілген тапсырмаларды тегіс класс тақтасына 
жазатын да, біз көшіріп алатынбыз. Енді сол тапсырмалар жазылған ескі кітап, 
газет-журналдар қиындыларын (дәптер деген бізде атымен болмайтын да 
сабағымызды ескі кітап, газет-журналдардың беттеріне жазатынбыз) қолыма алып 
қайталай бастағаным сол еді, пеш алдында отырған Болат пен Жанат, Жанар 
үшеуі ойындарын қоя сала елеңдесіп құлақтарын менің күбірлеп оқыған сабағыма 
тоса қапты. Ыза боп кеттім. 
− Неменеге елеңдей қалдыңдар?! Отырыңдар жайларыңа! — дедім 
ашуланып. 
− Біз жайша… әлгі, нетіп…- деді Болат міңгірлеп. 
− Біз жайша…- деді Жанат та оның сөзін қайталап. 
− Біз жайша…- дейді Жанар да. 
Қалай күйіп-піспессің. Өзің көңілің құлазып, не істеріңді білмей, бір ауық 
сабағыңды алданыш етейін десең, оны да мына кішкентайлар қитығыңа тиіп 
оқытпайды. Үйге берілген тапсырмаларды ертеден кешке дейін бір күн емес, 
бірнеше күн қайта-қайта оқи берген соң, өзім ғана емес, інілерім мен қарындасым 
да жаттап алған еді. Құлақтарына сіңгені сонша, ойын үстінде бір-біріне: «Төрт 
жердегі төртім қанша?», немесе: «Зат есім дегеніміз не?» — деп сұрақ қойып, оған 
өздері жарыса жауап беріп жатады. Олардың мұнысы маған мені мазақтағандай 
әсер етеді. Енді қалай, менің әлдеқандай боп қоқиланып, өзімше инемен құдық 
қазғандай білімді үлкен қиналыспен тер төгіп оқып жүрмін дегенімді қайтейін, 
мына үшеуі пештің алдында ойнап отырып-ақ оп-оңай қағып жаттап ала қояды. 
Мен үшін сабақ оқу, ал бұлар үшін жай ойын. Соған мен өлердей намыстанам, ыза 
болам. Қазір де үшеуі мен қай сабақты қайталар екен дегендей маған елеңдеп 
қарай қапты. 
− Отырыңдар жайларыңа,- дедім зеки қайталап. Үшеуі тым-тырыс пеш 
алдындағы сабанға отыра-отыра кетті. 
Мен күбірлеп сабағымды қайталауға кірістім. «Шіркін, оқулықтарым болса 
ғой, осындай боранды күндері бастан-аяқ оқып жаттай берер ем. Сонда мына 
кішкентайлар ілесе жаттамақ түгілі, бір сөзімді ұғудан да қалар еді. Әйтпесе ғой, 
немене, бір жаттап алғаныңды қайталай берген де мезі ғып жібереді екен. 
− Қанатай, күнім…- деді осы кезде тарс бүркеніп жатқан әжем даусы әзер 
шығып,- менің жағдайым болатын емес… мына кішкентайлардың қарнын ашырып 
алма, қарғам… сенің есің бар ғой, тіршілік жаса… 
− Мақұл, әже. 
Дереу төсектің астындағы ала дорбаны алып шықтым. Қазандағы қайнап 
тұрған суды шәугімге құйып алып ішін тазарттым да, Болатқа от жаққыздым, онан 
соң әжемше: «Біссімілдә» деп қос уыстап бидайдан қызып тұрған қазанға сала 
бастадым. Артық та емес, кем де емес дәл мөлшерлеп әрқайсымызға екі қос уыс 
өлшеп салғам. Жарты қазандай болды. Қызып тұрған қазанға түскен бидай сәлден 
кейін тамшылай бастаған ақ жауындай ақырындап сытырлай бастады. Оны 
араластырып тұру керектігі есіме түсіп дереу кәкпірді іздегем, кәне, таба алсамшы, 


қазандықтың мойнында да, ыдыс-аяқтар тұратын шкафта да кәкпір жоқ. 
Бидайлардың сытыры көбейіп барады, сасқанымнан дәу ағаш ожауды жұлып ап 
сонымен араластыруыма тура келді. Сабы добалдай жуан ожау қазандағы бидайды 
араластыруға мұндай қолайсыз болар ма, жайлап араластырайын десем бидайға 
батпайды да, ал күш салып қаттырақ бұлғасам бидай қазанның ернеуінен шашыла 
бастайды. Бидай қуырудың мұндай қиын екенін кім білген. Қазанның ыстық табы 
бетімді шарпып, ожау ұстаған қолымды күйдіре жаздайды, сондықтан ожауды екі 
қолыма кезек-кезек алмастырып ұстап араластырам. От жағып отырған Болат: 
− Бидайды төкпесеңші,- деп безектейді. 
Төкпей араластырайын десем, ожауды солақай қолмен ұстау тіптен икемсіз, 
қолымның күші жетпейді, ал қазанның түбі күйіп барады. Енді бір сәт піскен болу 
керек, бидайдың сілекей шұбыртқан тәтті иісі бұрқырап кетті. Қазаннан көз алмай 
телміре қарап тұрған Жанат пен Жанарға: 
− Тез, тегешті әкеліңдер! — деп бұйырдым. 
− Тегеш қайда? — деді сасып қалған Жанат. 
− Мен қайдан білейін, іздеп тап. Бол, тез, бидай күйіп кетеді, енді. 
Күні бұрын бәрін дайындап қоймағандықтан, бір-бірімізбен қақтығыса-
соқтығыса, қай ыдыстың қайда екенін білмей, үйдің ішін зыр жүгіре айналып жүріп 
тегешті тапқанымызша, қазаннан қайнаған судан көтерілетін бу тәрізді бұрқырап 
ыстық жалын шыға бастады. Жалма-жан асып-сасып әлгі добалдай ожаумен 
қуырылған бидайды түсіргенімше, біразы шашылып, ал соңғы жағы қап-қара боп 
күйіп, кішкентай қара қоңыздар құсап кетті. 
− Әй, Қанатай, балам, бидайың күйіп кетті ғой,- деді тарс бүркеніп жатқан 
әжем де шыдай алмай басын көтеріп. 
− Ештеңе етпейді, онша көп күйген жоқ,- деп қойдым. 
− Қазаның жарылып кетпесін, ақырындап су құйып қой. 
− Жарайды. 
Шар еткізіп қазанға су құйып қойдым. 
Енді байқадым, үйдің іші көк түтінденіп күйік сасып кетіпті. Сәл есікті ашып 
алуға тура келді. 
− Анау күйген бидайлардың бәрін мен жеп қоям,- деді Жанат сілекейін 
жұтынып. 
− Мен жеймін,- деп Жанар таласа түсті. 
− Тиыш тұрыңдар, бәріміз бірге жейміз,- деді Болат үлкендігін білдіріп, онан 
соң саған қарап: — Сөйтеміз ғой, Қанат? — деген. 
Қуырылған бидайдың үстіңгі жағындағы қап-қара қоңыз боп кеткен бір 
тостағандай бидайды қайтерімді білмей тұрғам, кішкене балалардың мына 
сөздерінен кейін тегеш ішіне тегіс араластырып жібердім. 
− Иә, бәріміз бірге жейміз,- дедім. 
Осы сәт әжем басын қайта көтеріп: 
− Әй, балам, бидайыңды күйдіріп алдың-ау, ә,- деді ыңқылдай сөйлеп. 
− Аздап қана күйді. 
− Әже, біз ол күйгендерін де жеп қоямыз,- деген Жанат айқайлай сөйлеп. 
− Жемеңдер, іштеріңді ауыртады,- деді әжем даусын қатайтып.- Күйген 
бидайдан тазартып барып тартыңдар диірменге. 
− Мақұл, әже. 
Енді тегештегі ыстық бидайды үстел үстіне төгіп, төртеуміз төрт жағынан 
отыра қалдық та, әлгіндегі өзім араластырған қара қоңыз күйіктерді бір-бірлеп 
бөліп теруге кірістік. Сілекейіміз шұбыра отырып аузымызға бір дән салмастан бар 
ынтамызбен тазалап отырмыз. 


− Жанар, жеме күйген бидайды,- дейді бір кез Болат. 
− Мен жегем жоқ. 
− Кәне, аузыңды ашшы? 
− Міне, көр, а-а… 
− Әне, тілің мен тістерің қап-қара көмір боп тұр ғой. 
− Мен жегем жоқ. Бір күйік бидайдың өзі аузыма түсіп кетті,- деп ақталды 
Жанар. 
− Жемеңдер, іштерің ауырады. Қазір тазартып болған соң, диірменге 
тартып, талқан етіп сүтке шылап жейміз,- деймін мен үлкендігімді білдіріп. Ал өзім 
іштей: «Осы күйік бидайды жегеннен менің ішім ауырмас еді»,- деп тамсанып қоям. 
Тазартып тас диірменге тартқаннан кейінгі талқанымыздың түрі құмдауыт 
жердің күлгін топырағындай болды. Бір кесе ыстық суға жарты кесе сүт қосып 
шылағаннан кейін, дәмі тіл үйіргендей тәп-тәтті боп шыға келді. Әжемді тұрғызып 
үстел басына шайға отырғызғанбыз, көзі кіртиіп шылаған талқанымыздың түріне 
үңіле қарады да: 
− Балам-ай, қатты күйдіріп апсың-ау,- деді. 
− Күйсе де тәтті,- деп, Жанар талқанды асай түсіп, шаң жуытар емес. 
− Тәтті болса жеңдер онда, жұтқан жұтамас,- деп қойды әжем, өзі аздап сүт 
қатып отырып, тұз салып ақ сүт шайды ішуге кірісті. Бүйтіп шай ішкені әжемнің 
тәуір болайын дегені. Сәлден кейін маңдайы тершіп, құрыстары тарағандай реңі 
кірейін деді. Аузына басқа нәр салмастан бір шәугім ыстық су мен қалған жарты 
кесе сүтті терлеп-тепшіп отырып тауысқанша, әжем де тыңайып тәуірленіп қалған 
сияқты болды. Біз әжеміздің сыбағасын да өзіміз жеп, ар жағымызға ел қонып 
қунақтап қалғанбыз. Кенет Жанар әжеме қарай жалт бұрылып, оның айғыз-айғыз 
тер аққан жүзінен кішкентай алақанымен еркелей сипады да: 
− Әже, енді тәуір болдың ба, өлмейсің бе? — деді. 
Әжем күліп жіберді және рақаттанып ұзақ күлді. 
− Өлмеймін,- деді Жанардың кекіл шашынан иіскеп қойып.- Сендерді 
жеткізбей неге өлейін. Өлмеймін. 
− Ур-ра, әжем өлмейді,- деп қарны тойған Жанат үстел шетінде шалқасынан 
жатқан күйде аяғын тыпырлатты. 
Өстіп көңіліміздің кем-кетігі жазылғандай боп қуанышты бір шақта 
отырғанымызда, ауыз үйге аяғын дүрс-дүрс қағып біреу кірді. Болат ұшып тұрып 
есік ашқан, Зибаш екен. Станцияға Нәзира әпкеммен бірге астық тарта кеткен. 
− Әже Нәзираның өгіздері болдырып жолда қалды, Жарбұлақтың тұсында,- 
деді. Өзінің өне бойы сірескен қар, сықырлап тұр, иегі-иегіне тимей сақылдап, 
сөйлеуге аузы әзер келіп тұр, әбден тоңған. 
− Не дейді?! Жалғыз қалды ма?! — деді жан даусы шыққан әжем. 
− Қасында Манар бар. Біз алдыңғы екі шана ауылға хабар берейік деп озып 
кеттік те, олар екі шана кейіндеп қалды. 
− Ойбай, өлді десеңші онда, мына боранда!.. Ойбай…- деп әжем ойбайлай 
жөнелді.-Құдай-ау, ендігі көп көргенің сол ма еді?! Неден жазып едім саған, 
осынша сор маңдай ететіндей… Қанат-ау, неғып тұрсың, ойбай, жүгірсеңші 
Байдалыға! — деп кеп, есім шығып сілейіп тұрған мені жұлқылады. 
Зибаш кетуге ыңғайланған, үстіме ілінгенді кие сап оған ілесе мен де сыртқа 
шықтым. 
− Сен Байдалының үйіне бар,- деді Зибаш дірдектеген өгіздерін бас жібінен 
жетелей тұрып.- Қора жақта жүрсе, мен өзім айтам ғой. 
Дала әлем-тапырық боп, боран өршелене соғып тұр. Бұ неғылған 
таусылмайтын қар, бұ не деген басылмайтын боран. Сірә, аспанның түбі түсіп 


кеткен шығар. Ұйтқыған қар лезде қойны-қоншымды кеулеп дірдектетіп жіберді. 
Байдалы шалдың үйіне қарай қалың қарды кешіп сүріне-қабына жүгіре жөнелдім. 
Оппа қарға малтығып екі-үш рет оңқа-шоңқа құлап та алдым. Байдалы шал үйінде 
жоқ екен, Көлбай керең екеуі кешеден бері мал жақта жүрген көрінеді. 
Үйге қайтып оралғам. Әжем сол әлгіндегі құдайға біресе налып, біресе 
жалбарынып, зар еңіреген күйінде байыз таба алмай жүр екен. Оған қосылып 
кішкене балалар да тұс-тұстан ұлардай шулап жылап тұр. Осының бәрін көріп үйде 
отыру мүмкін емес еді. Менен өзге бас көтерер Нәзира әпкемді іздеп шығар 
ешкімнің жоғы белгілі. Өгіздері болдырып жолда қалғанын ести отырып, біліп 
отырып, еш әрекетсіз қол қусырып қалай ғана отыра алам. Алдынан шығуым 
керек, іздеуім керек. Мен Жарбұлаққа баратынымды айтқам. 
− Мына боранда сені қалай жалғыз жіберем?! — деп, әжем онан әрмен 
ойбай салды. Менің дегенімнен қайтпасымды көріп, енді өзі де киіне бастады. 
− Өзің ауырып тұрсың, қазір суыққа шықсаң мүлдем жатып қаласың ғой,- 
деген менің сөзімді тыңдаған да жоқ. 
− Сен екеуіңнің жолыңда мен өліп, неге құрбандықтарың болмаймын,- деп 
бой бермеді. 
Жылай жүріп өзі де киінді, мені де жылылап киіндірді, қолымызға бір-бір 
таяқ алып, Нәзира әпкемді іздеуге шықтық. Екі шақырымдағы Жарбұлаққа 
мынадай ат құлағы көрінбейтін боранда барамыз деп жүрген әжем екеуміздікі құр 
далбаса да. Есіктен аттап шыға бере-ақ, қалай жүрерімізді білмей бір-бірімізді 
тартқылай бастадық. Боран оң жақ шекемізден қиғаштай соғып алға аттатар емес, 
кейін қарай итеріп-итеріп тастайды, екеумізді қауқар көретін түрі жоқ, қаңбақша 
үйіреді. 
− Әже! — деп айқайлаған дауыс шыққандай болды соңымыздан. 
Сөйткенше болған жоқ, салт атты біреу ентелеп қуып жетті. Бектай есепші 
екен. Астында Нұғыман бастықтың атақты Күреңтөбел аты, иығыңа мылтық 
асынып, қанжығасына жем салған қоржын теңдеп апты. Жарбұлаққа бара 
жатқаны айтпаса да белгілі боп тұр. Сірә, бар жайды Зибаштан естіп шыққан болу 
керек. 
− Кәне, қайтыңыздар! Нәзираға мен барып алып келем! — деді айқайлап. 
− Қарағым!.. Қарағым!.. Өркенің өссін!..- деді кемсеңдеген әжем, лездің 
арасында бет-аузын қар тұта бастаған еді, демігіп әзер сөйледі. 
Осы сәтте Бектайға менің көңілім де елжіреп сала берді. «Ағатай-ай»,- деп 
үзеңгісіне оралып ағыл-тегіл жылап жіберуге шақ қалдым. 
− Мен бірге барайын, мінгестіре кетші,- дедім жалынып. Жолың болғыр, 
Бектай сөзге келген жоқ, артына мінгестіріп алды. 
− Әже, адасып кетпей үйге қайт! 
− Қайтам, қайтам. Жолдарың болсын! 
Нұғыманның өзі мен ауданнан келген өкілдерден өзге ешкім мінбейтін, ылғи 
жем жеп тоқжарау тұратын Күреңтөбел құтырынып тұр екен, жануар, мына боран 
ойына кіріп шығар емес, осқырынып қойып қалың қарды қақ жарып омыраулай 
жөнелді. Бектай еңкейіп аттың жалына жабысып алды да, мен оның белінен 
мықтап құшақтап алдым. Жолшыл ат әлгіндегі Зибаштардың шаналарының боран 
бүркеп тастаған өзінің сілеміне түсіп тартып келеді. Қары жұқалау тұстарда желе 
жортса, қалың қарға түсіп кеткенде, орғып-орғып ытқақтайды. Сондайда мен семіз 
аттың тақтайдай сауырынан домалап түсіп қала жаздаймын. 
− Қанат, мықтап ұстан! — деп қояды Бектай. 
Сөйдейді де өзі тебініп қалады, Күреңтөбел онан әрмен ытырына жөнеледі. 


Жарбұлақ — тарам-тарам сай-жыралардың тоғысқан тұсындағы табиғаттың 
өзі апан құсатып ойып тастаған төңірегі биік жарқабақты терең сай. Түбінде 
бұрқырап қайнап шығып жататын суы мол бұлақ бар. Сай-жыраларды кеулеген 
қалың бөргез, әредік-әредік долана ағаштары өседі. Жазда балалар долана 
жинауға мұнда жиі келетінбіз. Ауылдан шыға сап қара жолдың шаңын бұрқылдата 
жарысып ойнап кеп, ойнап қайтып жүретін жеріміз. Енді, міне, қыста 
Күреңтөбелдің өзімен суыт жүріп келе жатқанымызда, жеткізер емес, тіпті алыстап 
кеткен сияқты. Әудем жер анық көрінбейтін ақ түтекте өр мен ылдиды айырып 
болмайды, қай тұста келе жатырмыз. Жарбұлаққа дейін алыс па, жақын ба 
белгісіз. Кенет Күреңтөбел осқырып оңға қарай оқыс жалт берген, мен ұшып 
түсуге шақ қалдым. 
− Ой, мынаған не көрінді?! — деп Бектай атты қамшымен осып жіберді. 
Бірақ қанша қамшылап, тебінгенмен, Күрең төбел осқырына үркіп, алға қарай 
баспай қойды, амал жоқ, жолдан шығып омбылай орағыта жүргенбіз, тек осы 
кезде ғана: 
− Өй, әнең қара! — деді Бектай шошына. 
Сол жағымызда анадай жерде бораннан екі құлақтарын жымырып, жер 
бауырлағандай боп екі қасқыр қатарласа өтіп бара жатыр екен. Сөйткенше болған 
жоқ, Күреңтөбел солға қарай жалт берген, енді оң жақ бүйірімізден үшінші қасқыр 
көрінді. Жел жақтан тағы бір-екеуінің қосарлана ұлығандары естілді, бірақ өздерін 
көре алмадық. Ат та, біз де дірілдеп кеттік. Қалың оппадан ыршып-ыршып секіріп 
кеп жолға қайта түскенбіз, мұрнымызға ауыр бір күйіктің иісі келді. Күреңтөбел сол 
күйік шыққам жаққа қарай ышқына ұмтылып кеп, кенет ішін тартып қайыра 
осқырынып кілт тоқтай қалған. Доғарылған бос шананың алдына кеп тоқтаппыз. 
− Әне, отыр! — деді Бектай қуана дауыстап.- Әй, амансыңдар ма?! 
Бектайдың тасасынан мен алдыңғы жақты көре алмадым. 
− Аманбыз, аманбыз! Өздерің бізді қалай таптыңдар? — деп қуана жауап 
қатқан Манардың даусын таныдым. 
− Түу, келгендерің қандай жақсы болды! Не істерімізді білмей отыр едік. 
Енді мен де көрдім, екі бос шананың ортасында аппақ қар басқан өгіздер тұр 
да, өгіздердің ортасында үсті-бастары аппақ қар Нәзира әпкем мен Манар екеуі 
қорбаңдасып бірдеңені бықсытып жағып отыр екен. Біз қастарына кеп аттан 
түскенбіз. Алдарында бықсып жанып жатқан қара күйелеш бір нәрсені 
аударыстырып отырған Нәзира әпкем мені көріп орнынан тұрды. 
− Қанатай, сенбісің?! 
Келіп құшақтаған болды. Әбден тоңған екен, дірдектеп өз қолы өзінің 
икеміне келер емес. Бектай қоржындағы жемді түсірген. Төрт өгіздің үшеуі 
дірдектеп түрегеп тұр да, біреуі жатыр екен, кәдімгі Нәзира әпкем жегіп жүрген 
көк қасқа өгіз. Үш өгіздің алдына қоржынның бір басындағы жемді төгіп, 
қоржынның екінші басындағы жемді көк қасқа өгіздің алдына қойдық. 
− Жей ғой, қасқам, жем жеші,- деп өзі дірдек қаққан Нәзира әпкем жемнен 
қос уыстап алып көкқасқаның аузына тосқан. Байғұс Көкқасқа сол аузына тосқан 
жемді жеуге шамасы зорға келді. Осы кезде әуелі сол жағымыздан, оған қосыла 
іле-шала оң жағымыздан қасқырлар ұлыған. Бораннан өздері көрінбейді, бірақ 
ұлығандары тым жақыннан естіліп тұр. Күреңтөбел тіптен тыпыршып кетті. Айнала 
қасқыр қаптап кеткендей біз де үрейленіп қалдық. 
− Бағана бұлар бізді қоршаған, өзіміз де, өгіздер де зәреміз зәр түбімізге 
кетіп, жаман қорықтық,- деді Манар сөніңкірей бастаған бықсықты қайта 
аударыстырып.- От жағуымызға тура келді.- Енді байқадық, бықсытып жағып 
отырғандары станцияға астық қаптап апарған қаптары екен. Және шананың 


жақтау ағашының бір басын сол бықсыған қаптардың арасына тығып қойыпты.- 
Мына ағаштың басын тұтандырып ап қудым. 
− Мына жерде жаңа үшеуін көрдік,- деген Бектай. 
− Сендер үшеуін ғана көрдіңдер ме, өздері бесеу болатын. 
Бізді төңіректеп жүргендері ғой. Олар со кештің түсуін күтеді енді,- деді 
Манар. 
− Жей ғой, қасқам… жей ғой…- дейді даусы дір-дір еткен Нәзира әпкем көк 
қасқа өгізін балаша мүсіркеп. Әлгіндегідей емес, тамағынан аздап талшық 
өткеннен кейін, көк қасқа өгізге жан кірейін деді, сәлден кейін жем жеп дұрыстала 
бастады. 
− Қанат, мә, сен Күреңтөбелді мықтап ұстап тұр,- деп Бектай боран өтінде 
тықыршыған аттың шылбырын маған ұстатты да, өзі от жағуға кірісті. Шананың 
жақтау ағаштарын тепкілеп жүріп сындырып, оларды бықсып жатқан қаптардың 
арасына салып, бораннан қалқалай отырып үрлеп, отты кәдімгідей тұтатқан. Қу 
ағаш лаулап жана бастады. 
− Кәне, екеуің жылынып алыңдар,- деді онан соң дірдек қаққан Нәзира 
әпкем мен Манарға. Өзі тағы да тепкілеп ағаш сындыра бастаған. Дәл осы мезетте 
ту сыртымыздан бірдеңе оқыс зу еткендей болды да, Күреңтөбел ышқына кісінеп 
жіберіп, көлденең жатқан Көкқасқа өгіздің үстінен бір-ақ қарғып, шылбырын 
қолыма орай ұстап тұрған мені жұлып әкетті. Көкқасқа өгізден асып барып мен 
оңқа-шоңқа құлағам, Күреңтөбел дырылдатып сүйрей жөнелді. Қанша жер 
сүйреткенін білмеймін, бір кез қыл шылбыр қолымнан сыпырылып шығып кетті. 
Қалың қарда аспандай секіріп бара жатқан Күреңтөбелді көріп қалдым, оның 
ышқына кісінегені, одан Нәзира әпкемнің шыңғыра айқайлаған даусы жетті 
құлағыма, Бектай мен Манардың қосарлана аттандағандарын және естідім, гүрс 
етіп мылтық атылды. Біреу кеп жерден жұлқып көтеріп алған, Бектай екен. 
− Жүр, жүр, отқа қарай,- деп дедектетіп жетелей жөнелді. Екі шананың 
ортасына, оттың қасына жеткенімде: 
− Еш жерің ауырған жоқ па? Амансың ба? — деген әпкем үрейленіп. 
− Аманмын. 
Осының бәрі қас қағым сәтте болған еді, мен тіпті қорқып та үлгере 
алмадым ба, білмеймін, әйтеу, сақылдап күлгенім есімде. 
− Әлгі қасқырлар қайда? — деппін. 
− Күреңтөбелді қуып кетті,- деді Манар. 
− Жануар аман құтылып кетсе жақсы болды,- деді Бектай қайғыра тұрып.- 
Ал өгіздер әлденген шығар, жүрелік. 
Өгіздер, шынында да, әлденіп қапты, Көкқасқа өгіз де орнынан сүйретіле 
тұрды. Шаналарды тастап, төрт өгізді ортаға алып, Нәзира әпкем мен Манар алға 
түсіп жетелеп, біз Бектай екеуміз соңдарынан айдап, ауыл осы тұста-ау деген 
бағытпен жүріп кеттік. Бектай мылтығын оң иығына асып, сол иығына бықсыған 
қаптар мен тұтанған ағаштарды орап басына ілген ұзын таяқты салып алған. 
Қасқырға қарсы бірден-бір амалымыз. Бір жақсысы боран соңымыздан, өгіздер де, 
өзіміз де итере қуғандай боп келеміз. 
− Апырай, Күреңтөбел не болды екен? — деп қояды Бектай. 
Боранның гуілі ме, әлде қасқырдың ұлығаны ма, үрейлі бір дыбыстар 
естіледі, «У-у…» дейді. Қорқып Бектайға тығыла түсем. Түтектене соққан боран, 
қарауыта бастаған төңірек өгіздерді де, біздерді де жұтып қоярдай. 
Біз ауылға жеткенде, дала қараңғы тартып, кеш түскен еді. Бектай мен 
Манар әрі қарай кетті де, біз әпкем екеуміз екі өгізді жетелеп үйге қарай 


бұрылдық. Әжем мен балалар май шамды сығырайтып қойып, бізді елегізе күтіп 
отыр екен. Үсті-басымыз қар-қар боп сіресіп үйге кіріп келгенімізде әжем: 
− Жеті нан! Жеті нан! — деді. 
Әжем екеуміз әуелі екі жақтан жүріп Нәзира әпкемнің үстіндегі етегіне дейін 
делдиіп ақ мұз боп қатып қалған сары тонын шештік. Нәзира әпкем ошақ алдына 
отқа қолын созып сылқ етіп отыра кетті. 
− Қар әкел, қар! — деді әжем дегбірі қашып. 
Мен бос шелектің бірін ала сап, есік көзінен толтырып іліп қар алып кірдім. 
Онан соң әжем екеуміз екі жақтап қармен Нәзира әпкемнің аяқ-қолын ысқылауға 
кірістік. 
− Әлгі Бектай іздеп тапты ма? — деп сұраған әжем. Әпкем басын изеді. 
− Өркенің өскір-ай!.. Айналайын-ай… Өзі неғып үйге кірмей жүр. Әлде үйіне 
кетіп қалды ма? 
Нәзира әпкем тағы да басын изеді. Енді байқадым, әпкемнің тоңғаны сонша, 
иегі дірілдеп, сөйлеуге шамасы келмей тұр екен. «Аяғым… аяғым…» — дей береді. 
Екі аяғының басын қармен қанша ысқыласам да көкпеңбек боп жан кірер емес. 
− Қанатай,- деді әлден уақытта даусы жарықшақтана сөйлеген Нәзира 
әпкем,- сен барып, сырттағы егіздерді ешкілердің қасына қораға кіргізіп, алдарына 
шөп салып келші. 
Жайшылықта кешкісін қораның есігін ашуға қорқатынмын, бұл жолы сол 
қорқыныш атаулыдан мүлде із де қалмапты, тастай қараңғы қораның ішіне 
сипаланып жүріп кіріп, дірдектеген екі өгізді жылы түкпірге қарай жетелеп, 
алдарына шөп салдым. Қараңғы қораның ішінде, күрт-күрт күйіс қайырған ешкілер 
мекірене маңырап, менің дыбысымнан шошынғандай төбе жағымда қонақтап 
отырған тауықтар қанаттарын сабалап, ақырындап қыт-қыттап қойды. 
Ертеңіне шайдан кейін өгіздерді колхоздың қорасына апарып, Көлбай 
кереңге тапсырдым. 
− Шана қайда? — деп сұраған. 
− Үйдің қасында қар басып қалды, күн ашылған соң, шығарып аламыз,- 
дедім құлағына айқайлап. 
Қораға дейін жел соңымыздан болып, боран екі өгізді де, мені де дедектетіп 
қуып әкелген. Енді қайтарда боранға қарсы жүрдім. Мұндай зәрлі, суық болар ма, 
тұла бойымды қалтыратып жіберді. Ышқынып-ышқынып ысқыра соққанда, көзді 
ашырмайтын ақ түтек тұншықтырып жіберердей болады, қойны-қонышымды 
кеулеп, аттаған сайын кері итеріп ұшырып кете жаздайды. Үрлей-үрлей киіздей 
ғып тығыздап тастаған қатты қарда бір сүрінсең, қаңбақша домалата жөнелетін 
сияқты. «Күн ашылса, мына қатты қарда әлі сырғанақтың түбін түсіретін 
болармыз»,- деймін. Үш күннен бері далаға шықпай әбден ішім пысқаны сонша, 
бірден үйге барғым келмеді. «Әжібек не істеп отыр екен, соға кетейінші»,- деп, 
соның үйіне бұрылғам. Күткенімдей-ақ үйінде бір топ бала у да шу боп отыр екен. 
Қақ төрде аласа дөңгелек үстелдің басында, қолында пышақ, Әжібектің өзі отыр, 
алдында ағаш ет табақта ет дейін десем ет емес, бірақ соған ұқсас 
жалбыршақтанған бірдеңе буы бұрқырап тұр. Басқа балалар: Бәтен, Санат, Қайрат 
және бір-екі бала әрқайсысы әр шетте Әжібектің аузына көздерін сатып мөлие 
қарапты да қалыпты. Үсті-басым қар-қар боп мен кіріп келгенде, Әжібек: 
− Міне, Қанат та осы құйқаның иісін біліп келді,- деді мәз болып.- Жарайды, 
сен де отыр, әуелі мен өзім тойып алайын, қалғанын сонан кейін бәріңе бөліп беріп 
ауыз тигізем. Піссімілдә… 
Әжібек табақтағы құйқаның бір шетінен кесіп ап аузына тастап жіберді де, 
алдымен біраз шайнап дәмін алып көріп, қылғыта жұтып жіберді. 


− Дәмді екен,- деді. Мұнан әрі ол көн етіктің қонышы құсап жиырылып 
жатқан қалың құйқаны кәдімгі ет құсатып пышақпен шетінен кесіп, асай бастады. 
Балалар тамсанып қойып оның жегеніне телміре қараймыз. Мына жеспен Әжібек 
бір табақ құйқадан бір жапырақ та ауыз тигізбес деп отырмыз. Жо, құйқаның 
жартысынан көбі желінгеннен кейін, тояттайын деді, кекірініп, алдындағы 
сорпасынан ұрттап, ет табақты кейіндеу ысырып қойды. Бізге бірден бөліп беруге 
көзі қимай біраз отырды. Онан соң есіне әлдене түскендей ойланып қалды да: 
− Қазір бәріңе де аз-аздан беріп ауыз тигізем,- деді ескертіп.- Дәмінің 
қандай екенін көріңдер. Егер үйлеріңде ірі малдың жатқан-тұрған жас терісі болса, 
осында әкеліңдер, өстіп асып жейтін боламыз. Білдіңдер ме?! 
Әжібек кесіп берген бір-бір жапырақ құйқаны жеп көріп, бәріміз де тамсана 
түсіп дәмді екенін мойындадық. Берсе тары да жер едік, бірақ Әжібек бере 
қоймады. Табақта қалған үлкен бір кесек құйқаны меңзеп: 
− Мынаны, егер кімде-кім маған Мәриді шақырып әкелсе, соған берем,- деді. 
− Мен шақырам,- деді Қайрат. 
− Мен шақырам,- деді Бәтен. 
− Ол келмейді мұнда,- деді Санат. 
− Сендер келетін етіп шақырыңдар. 
− Шешесі жібермейді ғой. 
− Мектепке апай шақырып жатыр деп алдап ертіп шықпайсыңдар ма, 
көксоққандар-ау! Әй, осы сендерде түйір ақыл болсашы, сендерге ақыл үйретем 
деп, мына шашым жасыма жетпей ағаратын шығар. 
− Далаға шақырып шыққанмен, ол қызды мұнда әкелу қиын ғой. 
− Иә, ол өзі әртіспін деп тұштаңдап, анау-мынау айтқаныңа көнбейді. 
− Ал сендер көндіріңдер,- деді Әжібек қатуланып.- Менің кім екенімді 
айтыңдар, менсінбей көрсін!.. Ал екеуің барыңдар! — деді Бәтен мен Қайратқа — 
Ал, сендер,- деді Санат екеумізге: — отыра тұрыңдар. 
Менің таңғала байқағаным, сол күні Әжібектің мінезінде де, сөзінде де бұрын 
біз байқамаған бір өзгешелік бар еді. Біз Санат екеуміз оның кей сөзін ұққан, 
түсінген сияқты болдық та, кей сөзіне түсіне алмадық. 
− Басқа балаларға қарағанда сен екеуіңнің естерің бар. Сондықтан ішіме 
сыймай толып бара жатқан бір сырымды ақтарып біраз жеңілейіп алғым кеп отыр,- 
деп бастады Әжібек сөзін.- Менің әңгімем ғашықтық жайында. Ғашық болу деген 
керемет екен… Қанат, Санат сен екеуің әлі баласыңдар ғой, ғашықтық дегеннің не 
екенін білмейсіңдер. Ғашық болу деген керемет екен. Жүрегіңді ауыртатын азап 
екен. Мысалы, осыдан төрт күн бұрын боран соғардың алдында мен көшеде 
Мәриді көргем. Қыз деген тез өседі деген рас екен. Былтыр ғана басы биттеп 
жүретін боқмұрын еді, бір қыстың ішінде бойы тартылып, сұлу қыз боп қапты. 
Сендерге — өтірік, маған — шын, әлгі қызды көргенде, жүрегім ауырып сала берді, 
не болғанымды білмей соңынан телміре қарап тұрып қаппын. Содан бері жатсам-
тұрсам көз алдымнан Мәри кетпейді. Мені өзіне сиқырлап алған сияқты. Қыз 
Жібекке Төлеген осылай ғашық болған шығар. Өзімнен өзім өлгім келеді, тек Мәри 
де менімен бірге өлсе деймін. Сонда біз де «Қозы Көрпеш — Баяндай бір молада 
өлсек-ау» деп, зар — илегім келеді… 
Әуелде Әжібектің айтып отырғандары қызық сияқты көрініп еді, артынан 
ұғынықсыз бір мылжың сөздер боп кетті. Оның үстіне Мәриді мен өзім де жақсы 
көретінмін. Сондықтан Әжібектің «Оған елердей ғашық болдым» дегенін іштей 
ұнатпай да отырдым. 
Біраздан кейін үсті-бастары аппақ қар болып Қайрат пен Бәтен келген, 
екеуінің айтқаны: Мәри әуелі бұлардың мектепте апай шақырып жатыр 


дегендеріне сеніп, үйінен киініп шығыпты, онан соң бұлар Әжібектің үйіне 
шақыратындарын айтқан кезде, ашуланып: «Алдағандарың үшін мә, сендерге!»- 
деп, екеуін екі періп қарға оңқа-шоңқа етіпті де, үйіне кетіп қапты. 
− Қыздың пергеніңе құлап жүрген сен екеуіңнен түк шықпайды,- деді 
Әжібек ыза боп. 
− Қаланың қызы емес пе, төбелестің әдісін біледі,- деді Қайрат ақталып. 
− Жә, ез немелер! — Әжібек төсегіне барып шалқасынан құлай кетті.- 
Өзегім өртеніп барады… Уһ… Не істесем екен?.. Ағатайлар-ай, не істе дейсіңдер 
маған?.. Әлде біреуді пышақтап өлтірсем бе екен, а?.. 
Мұнан әрі Әжібектің өзінің де, сөзінің де мәні жоғын ұғып Санат екеуміз 
үйлерімізге қайттық. 
− Мынау тура Ырысбектің аузынан түскендей боп қапты ғой,- деді былай 
шыққан соң Санат жаңағы Әжібектің қылықтары ішіне сыймай. 
− Расында да. 
Боран сол ышқына ұлыған сарынынан танбастан құтырына соғып тұр. 
Ертеңгісінге қарағанда есіре түскендей. «У-у…» Бүкіл дүние — жер де, көк те ақ 
түтек. Тірлік атаулының күні осы ақ түтекке қарап қалған сияқты. Енді еш уақыт 
толастамайтын сияқты. Біздің ауылды біржола жұтып, көміп тастамай, көңілі 
көншитін түрі жоқ. 
− Атам айтады, өзім ес білген жетпіс жылдың ішінде бұл өңірде биылғыдай 
қатты қыс болған емес деп,- деді боранға тұншыға сөйлеген Санат бір қырындай 
жүріп. 
− Менің әжем де сөйдейді. Тек мұндай қыстың арты қайырлы болады, жазы 
жайлы, астық пен шөп мол болады дейді. 
− Менің атам да сөйдейді, молшылық болады дейді. Бәрінен де жауды 
жеңсек екен,- деді Санат боранға қасқая тұрып айқайлап. 
− Соны айтсаңшы!.. 
Үйлеріміздің тұсына келгенде, екеуміз екі айырылдық. 
ҚАЛЫҢ ҚАР 
Ертеңгісін біреу шашымнан сипап, онан иығымнан қақты, көзімді ашсам, 
әжем екен. 
− Тұра ғой, қарағым, боран басылыпты. Қорадағы мал неше күннен бері 
қамауда тұрып обал болды әбден, соларды далаға шығарып, шөп шаш. Үнемдеп 
шашпасаң, шөп те азайып барады. Онан соң мына Нұрсұлудың үйіне қарай жол 
ашшы. Екі күн болды хабарласа алмағанымызға, хәлдері қалай екен, білейік. 
Есіктерін қар басып қалған жоқ па екен?! 
Сөйдеді де әжем күнделікті ертеңгі тіршілігінің басы — ошақтағы күлге 
көміп, үстін табамен бастырып қойған қоламтаны ашып, соны үрлей отырып, сабан 
тұтатып от жағуға кірісті. 
Мен ұшып тұрып, түні бойы салқын тартқан суық үйде денемді мұздай 
қарыған киімдерімді тез-тез киіне бастадым. Үйдің іші ала көлеңке. Қалың қырбақ 
тұрған кішкене терезеден ертеңгі жарық бозамықтанып қана түсіп тұр. Кішкене 
балалар шырт ұйқыда жатыр. Әншейінде әжеммен қатар оянатын Нәзира әпкем де 
әбден қалжырап шаршағандікі болу керек, тыпыр етер емес, өңі тотыққан, әрі 
ісіңкі, неше күнгі суықтың табы білінеді, бұрын менен сәл ғана үлкен сияқты 
көрінетін балаң кескіні қазір тіптен есейіп кеткендей көрінді. 
Сыртқа шығып, әуелі есіктің төңірегіндегі сіріленіп қалған қарды күреп, 
қораға жол аштым. Күресіннің үстіне үстеленген бұл жолғы жал қар үйдің 
төбесімен бірдей бопты. Бір көрімі есікті басып қалмай бір жарым метрдей ентелеп 


кеп жарқабақ боп тоқтаған. Қораның алдын кеңейтіңкіреп қарын ашып, неше 
күннен бері қамауда тұрған қоңыр сиыр мен ешкілерді шығарып, шағындап-
шағындап бір-екі ашадай шөп шаштым. 
Тек осы шаруаларды жайлағаннан кейін ғана, көрші Нұрсұлудың үйіне қарай 
темір күрекпен кертпіштеп ойып, биік жалмен баспалдақтап көтерілетін жол ашып, 
өзім соның үстіне көтерілгем. Төрт күн соққан боран қарды әбден істелеп 
сірестіріп-ақ тастапты, қаттылығы сондай, аттылы адам шауып шықса, ойыла 
қоятын түрі жоқ. Әрі-бері секіріп, тепкілеп көріп едім, тіпті із түсер емес. Қар деп 
осыны айт! Егер мына қарға Ырысбек басымызды төмен қаратып қойып қалар 
болса, төбеміздің жапырылып қалары анық. Бүкіл ауыл осындай сірескен қатты 
қалың қардың астында қалған. Әдеттегі тақтайдай жап-жазық көшелер мен ауыл 
үйлердің арасына дөңкиіп-дөңкиіп ақ жалдар тұрған, үйлердің төбелерімен бірдей. 
Әр тұстан қора төбесіне үйілген шөптер мен жетім баладай сүмірейген мұржалар 
ғана көрінеді, кейбірінен будақтап түтін шығып жатыр, тіршіліктің белгісі. 
Нұрсұлудың үйінің есігі жартылай ашық тұр екен. Қар есікті екі жағынан 
бірдей үрлеп, істелеп, не ашылмайтын, не жабылмайтындай етіп сіреп тастапты, 
ал ауыз үйдің кіре берісіне әжептеуір жал тұрған. «Есіктерін жабуға да шамалары 
келмеген-ау» деп, дереу темір күрекпен әлгі үйілген қарды кертіп-кертіп ойып, 
ауыз үйді, естіктің алды-артын тазартып ішкі есікті тартқам, міне, қызық, сыртынан 
кеспелтек ағашпен мықтап тіреп қойыпты. «Үйлерінде ешкім жоқ, болғаны ма, 
сонда бұлар таң атпай жатып қайда кетті екен»,- деп таңырқап кеспелтекті алып 
ішке енгем, күңгірт қана жарық түскен, ел көшкендей шағын бөлмеден үрейлі 
салқын азынап қоя берді. Нұрсұлудың шешесі Бәкиза кемпір екі немересі екі 
жағында ошақты іргелеп «бүрісіп жатыр екен. Ошаққа кемі бір тәулік от 
жағылмаған тәрізді. Мен кіргенде, үшеуі де тым-тырыс қозғалмай жатты. Қорқып 
кеттім. Әуелі: 
− Апа! Апа! — деп жайлап дыбыс беріп кердім де еш қыбыр болмаған соң: 
— Серік!.. Берік!..- деп Нұрсұлудың екі баласының аттарын айтып, дауыстап 
жібердім. 
− О не?! Біреу шақыра ма?! — деді кемпір оянып. 
− Қанат қой, келіп тұрған,- деді Берік, менің келгенімді бақылап ояу жатса 
керек. 
Мен өзімнің үрейлене дауыстағаныма ұялып: 
− Апа, бұл мен ғой, әжем жіберіп еді, амандықтарыңызды біл деп. 
− Ә, Қанатпысың, қарағым? — деді кемпір сол қозғалмаған күйінде 
жайбарақат үнмен,-Әзірге тіріміз. Мына Серік ауырып қалды. Денесі өртеніп, күйіп-
жанып жатыр. Түні бойы осыны күзетем деп көз ілмеп едім. 
− Сыртқы есіктеріңіз ашық қапты ғой. 
− Кеше іңір кезінде біреу кеп, сыртымыздан бекітіп, ауыз үйге кіргізіп 
жүрген екі тауығымызды ұстап әкеткен, сол ашып кеткен ғой… 
Мына кісінің аттандап ойбай сап, қиянат жасағандарды қарғап-сілеп шаң-
шұң айғаймен болса да ашу-ыза білдірудің орнына бейжай ғана сөйлеп, ешбір 
әрекет-қимылсыз бұлай жатқаны маған бұ дүниеден күдер үзгендей боп көрінді. 
Үйге кеп жайды әжеме айттым. 
− «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» деген осы да,- деді әжем күрсініп.- 
Қандай үй еді?! Бір кездері саусақтың саласындай азамат ұлдары у-ду боп жататын 
шаңырақ еді ғой!.. 
Онан соң әжем қандай-қандай күн бар алда деп, бізден — балалардан 
тығып жүрген кебеже түбіндегі ала дорбасынан бір тостаған тары салып алды, 
күзде сары серкешті сойғанда, соның іш майын шыжғырып кішкене табаққа 


қатырып алған еді, сол тоң майдың біраз бөлегін және опырып бөліп алды, әлгінде 
ғана сауып алған қоңыр сиырдың сүтінің жартысын құйып алды.да: 
− Сен мына қалаққа ошақтан тамызық от салып алып жүр,- деді. Өзі 
қалталақтай басып алға түсіп, әлгіндегі мен күреп ашқан қылта жолмен 
Нұрсұлудың үйіне келдік. 
Бәкиза кемпір мен кіші немересі Берік екеуі орындарынан тұрып киініп, үй 
іштерін жинастырған боп жүр екен. Ашыққандары көрініп тұр, екеуі де әлсіреп 
баяу қимылдайды. Мен қоламтаны ошаққа салып, сырттан бір құшақ сабан кіргізіп 
от тұтаттым. Әжем шәугімге су құйып шай қойып, өзі әкелген сүтті пісірді. Үйдің іші 
жылынған кезде, әжем Серіктің жастығын көтеріңкіреп, үстіндегі көрпесін 
жеңілдетті, онан соң тамырын ұстап тыңдап, сырқаттың бетіне үңіле қарап біраз 
отырды. 
− Апыр-ай, Бәкиза-ай, ауруды асқындырып апсың ғой,- деді. 
− Е, жарықтығым-ай, менде қазір не ес қалды дейсіз, Өлмеген соң кеудеңде 
жаның бар, құр сүлде жүреді екенсің де,- деді иегі кемсеңдеген Бәкиза кемпір 
жыламсыраған ұнмен,-Кеше сізді шақырып осы баланы көрсетейінші деп, есіктен 
үш рет шығып үйді айналып адасып, өлдім-талдым жығылып-сүрініп үш рет қайта 
кірдім. Қарыс жер аттап жүре алмадым. Ақырында, қой, екі ортада адасып боранға 
ұшып өлсем, мына қос жетімек мүлде сорлап қалар деп қорықтым. Осы үйде тірі 
жәндік атаулыдан екі тауық қап еді, соның ең болмаса біреуін ұстап мына ауру 
балаға сорпа жасап беруге де халім келмеді. Уһ.. Осыдан боран басылар күн 
болса, екеуін де Қанатжанға ұстатып, бауыздатып алармын-ау деп едім, онымызды 
да құдай көп көрді ме, бұйыртпады ғой. 
− Жетімнің аузындағысын жырып жегеннен көгере қоймас, кім де болса,- 
деді әжем ызалы үнмен. 
− Желкесінен шықсын… 
Ыстық сүтке бір қасықтай май салып, сапырып-сапырып алды да: 
− Балам, мына сүттен ұртташы,- деп, Серіктің аузына тосқан. Көзі жасаурап, 
жағы сопиып, алқымы ісіп кеткен Серік басын көтергісі кеп ұмтыла емінгенімен, 
сүттен ұрттап іше алмады. Әжем енді ақырындап оның аузына қасықпен тамыза 
бастады. Менің таң қалғаным — Серіктің түрінің адам танымастай боп осынша тез 
өзгеріп кеткені еді. Осыдан біраз күн бұрын әжем: «Кем-кетікке көмектесіп тұру 
керек, балам, одан қор болмайсың»,-деп жұмсаған соң, мен үйлеріне сабан түсіріп, 
қораларында жатқан үлкен бір томарды қиқалақтатып жарып бергенімде, осы 
Серік шамасының келгенінше маған көмектесіп, мені өзіне кәдімгідей жанашыр 
тірек тұтып, «Қанат аға» деп соңымнан қалмап еді. Өзі тісеп жүр екен, күлген 
кезінде, екі қасқа тісінің орны кетіліп, түрі сондай сүйкімді, әрі күлкілі боп көрінеді 
екен. 
− Әй, сен өзің тісің түсіп, шал бопсың ғой,- дегем мен әзілдеп. Ол аузын 
алақанымен көлегейлей тұрып: 
− Жоқ, шал емеспін,- деген басын шайқап. 
Сол сүйкімді баланың қазіргі түрі — жағы сопиып қатты жүдеп, адам 
танымастай боп өзгеріп кетіпті. 
Мен қорадан тағы бір құшақ сабан, әнеугүнгі өзім бұтаған ағаштың 
қалғанын, бес-алты тапа тезек кіргізіп бердім де, енді мектепке кететінімді 
білдіргем. 
− Бара, ғой, сабағыңнан қалма,- деді әжем.- Әлгі Нәзираны оятып кет, 
тұрып анау балаларға қарасын. 


Сыртқа шығып өзіміздің үйге таяй бергенімде, жоғарғы жақтан алба-жұлба 
боп далбақтап жүгіре шыққан Тоштан көрінді. Тоқтай тұр дегендей, маған қолын 
бұлғайды. Тақап келгенде көрдім, көзі бұлаудай боп қызарып ісіп кетіпті. 
− Қанат, әжеңе айта салшы, менің апатайым өліп қалды,- деді түйеден 
түскендей етіп. Мұндайда өлімді хабарлағанда, әдетте өте сыпайы әдеппен ғана: 
«Қайтыс болды», «О дүниеге қайтты» деп жұмсартып айтуға тырысатын, ал мына 
қыз болса дәл бір мал өліп қалғандай дүңк еткізіп тұр. 
− Қашан? 
− Кеше боранда маған бой бермей үйден шығып кеткен, мен соңынан киініп 
шыққанымша, көз жазып қалдым. Содан ары-бері іздеп-іздеп ақыры өзім адасып 
кете жаздап таба алмай қойғам. Өзі қайтып келер деп түні бойы шамды жағып 
қойып күттім. Жаңа ертеңгісін суға барған қатындар тұманың басында серейіп өліп 
жатқанын көріпті. Қазір соны колхоз бастыққа айтқалы бара жатырмын. Әскер 
семьясы ғой, көмуге көмектеспесе, мен жалғыз өзім мына қыста қалай көмем. 
Мұнан әрі Тоштан далбақтай жүгіріп Байдалы шалдың үйіне қарай кетті. 
Мен үйге кіріп Нәзира әпкемді оятып, әжемнің тапсырғанын айтып және 
Тоштаннан жаңа естігенімді — жынды Бүбітайдың боранға ұшып өлгенін 
хабарладым. Көзі бажырайып қалған әпкем: 
− Ойпырмай, Қарақаншық шынымен киелі ит екен-ау! — деді ішегін тартып. 
Мектепке келсем, неше күнгі боранда үйден шыға алмай әбден іш құса 
болған балалардың кейбіреулері алысып-жұлысып ойнап, кейбіреулері осы 
күндерде ауылда болған өзгеріс-жаңалықтар мен өсек-аяңдарды бірінен-бірі асыра 
соғып, гөй-гөйттесіп отыр екен, соның арасында Бүбітайдың боранға ұшып өлгенін 
де, Нұрсұлудың үлкен ұлы Серіктің қатты ауырып жатқанын да және оның жұпар 
деген жұқпалы жаман ауру екенін де, біреулердің кеше іңірде Нұрсұлудың шешесі 
мен балаларын сыртынан бекітіп тастап ауыз үйлеріндегі екі тауығын ұрлап 
әкеткенін де жіпке тізгендей ғып айтысып отыр екен. Менің таңғалғаным осыдан 
бірер сағат бұрын ғана өзім үйлерінің алдын тазалап күреп, сыртынан кеспелтек 
ағашпен тіреп бекітіп кеткен есіктерін өз қолыммен ашқан Нұрсұлудың үйіндегі 
жағдайды мұндағылардың менен жақсы біліп отырғандығы. Мәселен, мен Серіктің 
қатты ауырып жатқанын көзіммен көргенмен, оның қандай сырқат екенін білгем 
жоқ, ал бұлар оның жұпар деген жұқпалы жаман ауру екенін айтып отыр. Иә, 
ауылдың сымсыз телефоны керемет еді. 
− Бұрын біздің ауылда суыртпақ жіп жоғалмаушы еді,- дейді апам,- мына 
соғыс кезінде әр жақтан көшіп келгендер көбейді де, ұрлық-қарлық шыға 
бастады,- дейді. 
− Иә, менің атам да сөйдейді. Әсіресе шешендер ұры дейді. 
− Әй, сен не сөйлеп тұрсың?! — деді осы сәт Бәкке деген шешеннің баласы 
ұшып тұрып. 
− Шешендер — мұсылман, ұрлық жасамайды. 
− Па, шіркін, ұрлықты жасағанда солар жасасын,- деді бағанадан үнсіз 
отырған Санат. 
− Сен немене, шешендердің ұрлығын көріп пе ең? 
− Көргем. Жалғыз мен емес, бүкіл ауыл көрген. Осыдан екі ай бұрын 
Қадауқара кемпірдің қара қойын ұрлап сойып алған шешен емей кім еді? Абдраман 
шешен емес пе еді? 
Бәкке даусы бәсеңсіп: 
− Ой, ол Абдраман — оңбаған. Ол Кавказда жүргенде де ұры болатың,- 
деді.- Обал жоқ өзіне де, комендант айдап әкетті ғой. 


− Сол Абдраман да ылғи мен — мұсылман деп момақансып отыратын,- деді 
Отто деген неміс баласы да шыдай алмай. 
− Ей, сен тыныш отыр,- деді Бәкке оны адам ғұрлы көрмей,- сен неміске не 
жоқ-ей?! 
− Мен советтің немісімін. Әкем — коммунист. 
− Бәрібір неміссің. 
− Тарт тіліңді, әйтпесе көресің! 
− Кім кімге көрсетер екен-ей! Кәне! — деп Бәкке тағы да ұшып тұрған. 
− Сен қожыраңдамай тиыш отыр енді! — деді Санат оған алара қарап, 
Санаттың мінезі белгілі, ашуланса кіміңді болса да қағып жібереді. 
− Өзі неге тиіседі. 
− Ол саған тиіскен жоқ. Абдраман туралы айтты, оған қай қимаң қышып 
барады. Немене, оның ұры екені өтірік пе? 
− Рас. 
− Ендеше, тиыш отыр. 
Осы кезде Әнипа апайымыз келіп сабақ бастады. Бірінші сабақ қазақ тілі еді. 
Үйге берілген тапсырмаларды әрқайсымыздан сұрап көрген, бірен-саранымыз 
болмаса көбіміз сартылдап тұрмыз. Неше күнгі боранда жалғыз мен емес, 
балалардың талайы-ақ сабақты судыратып жаттап апты. Сын есімге мысал ретінде 
апай Абайдың «Күз» деген өлеңін жазып берген болатын, сол өлеңді бірімізден 
кейін біріміз мәнерлеп айтып шығып ішіндегі сын есімдерін атап береміз. 
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, 
Күз болып дымқыл тұман жерді басқан… 
Өлеңді оқыған кезде әрқайсымыз-ақ көз алдымызға өзіміздің ауылдың күзін 
елестеткендей боламыз: күзгі сарғайған ойлы-қырқалы тұнжыраған дала, шөп 
атаулы қураған, ауа сызды, ызыңдаған салқын желемік бар; бүкіл аспан реңсіз, 
кір-кір шүберекпен тұтып тастаған сияқты, зілдей-зілдей сұр бұлттар тұтасып-
тұтасып кеп Ешкіөлместің төбесіне сіресе қаптап тұр, төменгі тұғыл жақтан 
сумаңдап жылжыған соқыр тұман сай-саланы қуалап деміне дымқыл бүркіп, 
даланы жым-жылас қып жұтып алардай боп келеді… Әр бала оқыған сайын осы 
тәріздес суреттер келеді көз алдымызға. 
Біз бір класта жеті қазақ баласы, екі орыс, екі неміс, бір шешен, бір татар — 
бес ұлттың балалары оқитынбыз, бәрі де соғыс басталғаннан бері жаңадан көшіп 
келгендердің балалары. Келген кездерінде бір ауыз қазақша білмейтін балалар, 
бірер жылдан кейін-ақ өзімізді сөзден жаңылдыратындай боп сайрап шыға келетін. 
Ауылымыз — қазақ ауылы, сондықтан күнделікті тірліктің бәрі қазақша: ойын 
қазақша, мектептегі оқу қазақша -демек, қазақ тілі — бүкіл ауылға ортақ тіл. Және 
қазақ тілі үйренуге оңай тіл сияқты. Мысалы, Отто көшіп келген соң үш күннен 
кейін көшеде өзімізбен бірге «түлкі-тазы» ойнап, қазақша айтқанымыздың бәрін 
айны-қатесіз түсініп, ойын үстінде біздің сұрақтарымызға «бар, жоқ» деп жауап 
қайтарып, лезде тобымызға қосылып кетті. Орыс баласы Петке мен шешен баласы 
Бәкке де солай болды. Ала жаздай өзімізбен қосылып ойнап жүрді де күзде, 
мектепке қазақ кластарына кеп өзімізбен бірге партаға отырды. Мұқан ағай 
әуелде: «Әй, бұл балаларға қиын болды-ау»,- деп, біраз абыржыған, артынан әлгі 
балалардың оқуға деген ынтасын көріп: «Ойпыр-ай, мына балалар зерек екен»,- 
деп сүйсіне мақтаған. Сөйтіп, әліппені бірге үйреніп, хатты бірге таныған балалар 
біртіндеп қайсымыздың қай ұлт екенімізді де еске алып, сөз етіп көрген емеспіз. 
Қазақ тілінде боқтағанда» әсер етпейді, басқа тілдегі боқтық сөздерді бірге 
жаттаймыз, тіпті төбелессек те қазақша төбелесіп, қазақша боқтасамыз, басқа 
тілде боқтасаң қазақ тілінде боқтағандай әсер етпейді, басқа тілдегі боқтау 


шымбайыңа батып, жаныңды ауыртпайды, ал қазақ тілінде боқтаса шырқыраған 
жаныңды қоярға жер таппайсың… Қысқасы, бүгінде Петке де, Отто да, Бәкке де 
майданға хат жазғанда өзімізден кем түспейтін, қазақша мақал-мәтеліңе де, қара 
сөз бен өлең сөзіңе де желдей есіп тұрғандар. Ал кейбір балалар бұлардай емес, 
тілге әлі де болса шорқақ болатын. Көптеген сөздердің мағынасына түсіне алмай, 
дұрыс айта алмай қиналатын кездері бар. Сондай балалардың бірі Бели еді. Өзі 
мінезі аңқылдақ, айтқаныңды тез үйрене қойғысы кеп туратын елгезек-ақ бала. 
Бірақ ылғи күлкіге қап жүреді. 
Бүгін де сол Бели даусы саңқылдап: 
Сур булт түсі суык қаптайді аспан, 
Куз болып тынкыл туман жерды баскан… – 
деп бастай жөнелгенде, бүкіл класс болып күлкіге баттық та қалдық. 
Байқаймыз, Әнипа апайдың да өңіне күлкі ойнап шыға келген бір езуі сәл қисайды 
да, бірақ күлмеуге, сыр алдырмауға тырысып, қабағын сәл шытынғансып 
барлығымызға қойыңдар, күлмеңдер дегендей сыздана қарап, қолмен ишарат етіп 
Белиді тоқтатты да: 
− Сөздерді дұрыстап айтып, қайтадан оқы,- деді. 
Біздің күлгенімізге де, апайдың тоқтатқанына да қыңған, қымтырылған Бели 
жоқ, асқақ үнмен саңқылдап қайтадан оқи бастаған, тағы да: «Тынкыл туман» 
деген тұста осы сөздің айтылуын күтіп іштей тынып отырған бүкіл класс қайтадан 
ду күлді, апай Белиді қайталай тоқтатты да біздерге: 
− Сендер неменеге күлесіңдер? — деді реніш үнмен. 
− Өздерің немісше бір ауыз сөз білесіңдер ме?! Білмейсіңдер. Ал Бели болса 
қазақ тілін аз уақыттың ішінде-ақ үйреніп алды. Бірді-жарым түсінбеген сөзін 
дұрыс айта алмаса, оған күлуге болмайды,- деді де, онан соң Белиге қайтадан 
бұрылды: — «Тынкыл туман» емес, «дымқыл тұман», кәне, маған ілесе 
қайталашы: «дымқыл тұман» деп. 
− «Тымкыл туман». 
− Міне, енді дұрыс айттың. Өзің «дымқыл тұманның» қандай тұман екенін 
түсінесің бе? 
− Білмеймін,- деп, Бели шынын айтты. 
− Орысша «сырой туман». 
Бели апайдың орысша айтқанына да түсіне қоймаған сияқты. 
− «Дымқыл», «сырой» деген сөздің немісше қалай екенін білесің бе? — деп 
сұраған апай, Бели үндеген жоқ. 
− Штауб, сен білесің бе? — деп апай енді неміс балаларының ішіндегі тілге 
зерек пысығы Оттоға бұрылған. Бұл да: 
− Ол әлгі не еді?.. Қалай еді?..- деп, «дымқыл» деген сөздің немісшесін таба 
алмай біресе қабағын түйіп, біресе көзін сүзіп ойланып әбігер болды да қалды. 
Әнипа апай енді портфеліне салып жүретін көп кітаптарының қалыңдау біреуін 
ақтар.ыстырып әуелі еріндері жыбырлап өзі іштей оқып алды да, онан дауыстап: 
− Фейштер,- деді. 
− Иә, солай,- деді Отто да көзі бағжаң етіп. 
− «Дымқыл» деген сөз «Фейштер», ал «тұман» — «нейбл» деп аударылады 
екен. Сонда «дымқыл тұман» — «Фейштер нейбл» деген сөз екен. Солай ма, Отто? 
− Солай шығар,- деді Отто.- Апай, сіз немісше білесіз бе? 
Әнипа апай оның сөзін естімегендей елеусіз қалдырды да, Белиге қарап: 
− Енді түсіндің бе? — деп сұраған. 
− Түсіндім,- деді Бели басын изеп. 
− Кәне, онда өлеңді қайтадан оқы. «Дымқыл тұман» деп анықтап айт. 


Осы кезде есік қағылып, сырттан басын сұққан Бектай есепші Әнипа апайды 
шақырды. Есік көзіндегі екеуінің сөздері бізге үзік-үзік боп жөнді естілмейді; 
«колхоз бастық… қабір қазу… қар күреу… Санат… Бәтен… Қанат… Бәкке… Отто… 
Петке…» 
Әнипа апай ішке қайта кірді де, жаңағы Бектай есепші аттарымызды атаған 
алтауымызды сабақтан босатты. 
− Тас қойманың төңірегін қардан тазалайсыңдар,- деді. 
Бектай есепші сыртта көк құнанына мініп ап, біздің шығуымызды асыға күтіп 
тұр екен. 
− Бассаңдаршы аяқтарыңды, керікпей,- деді әмірлі үнмен, Өзі бізден үш-
төрт-ақ жас үлкен, бірақ өзін үлкен адамдай салмақты ұстайды. Қысқаша айтқаны: 
тас қойманы қардан аршып, молотилкаға астық беріп жүрген Көлбай керең мен 
төрт-бес шалды бүгінше Бүбітайға қабір қазуға жіберіпті, сондықтан күрек ұстауға 
жарайтын ересек деген біз алтауымыз бүгінше сол шалдардың орнын баса тұруға 
тиіспіз, тас қойманың төңірегін қардан аршуымыз керек, әйтпесе астық бастыру 
тоқтап қалуы мүмкін. Колхоз екі күн ішінде станцияға тағы да төрт шана астық 
жіберуі керек, ал ол майданға жіберілетін астық, жауды түре қуып бара жатқан 
қаһарман қызыл әскердің, майданда қан кешіп жүрген әкелеріміз бен 
ағаларымыздың азығы. Иә, Бектай есепші айтса осылай айтады, жай ғана анау 
жұмысты істе деп бұйырып жұмсамайды, ол жұмысты істеуге міндетті екеніңді, 
өйткені ол жауды жеңу үшін қажет екенін есіңе салып шегелеп айтады. Ал жауды 
жеңу жолындағы жұмыстан кім бас тартсын, тіпті қандай қиын», қандай ауыр 
болса да бір ауыз сөз қайтармастан барасың. Жауды жеңу үшін, жеңіс үшін 
ештеңеден аянар жай жоқ. 
* * * 
Тас қоймада молотилкаға астық бастырып бес-алты әйел жүр екен, баяғы 
апаммен бірге Ырысбекті қорқытатын Бәтиқа, Қалипа, Сәруелерді көргенде, көзіме 
оттай басылып, апам есіме түсіп, — ет жүрегім езіліп кеткендей болды. 
Байқатпауға тырысып ұрланып үшеуіне кезек-кезек қарай берем, үшеуінің бойынан 
да апама ұқсас қасиеттер тапқандай болам: көздеріне дейін түсіре орамал 
тартқандары, белдерін мықтап орап шыт белбеумен байлап алғандары, астық 
бауларын ашамен іліп ап лақтырған сәттегі кіртиген қабақтары, суыққа тотыққан 
жүздері, кезере жарылған еріндері апамның түр-тұлғасын айна-қатесіз есіме 
түсіреді. Бәрінің де әбден титықтап шаршағандары көрініп тұр. «Уһ!» десіп тыныс 
ап, бір бел жазғандарында: 
− Қанатай, халің жақсы ма? — деп сұраған Сәруе. 
Осы бір ауыз ғана сөз маған апамның: «Қарағым-ай!» деп, маңдайымнан 
сипағанындай әсер етті. 
− Жақсы. 
− Әжең қалай, ауырмай ма? 
− Екі-үш күндей ауырып қап еді, бүгін тәуір. 
− Кішкене балалар қалай? 
− Жақсы. 
Мұнан әрі әйелдер өзара сөйлесіп кетті. 
− Бағила марқұм Қанатымның ер жеткенін көрсем деп отырушы еді. 
− Е, байғұс-ай, арманда кетті ғой. 
Әлдеқайдан сап етіп жетіп келген Бектай есепші: 
− Әй, қар күремей неғып тұрсыңдар енді?! Немене, мен сендерді кәмесия 
болыңдар деп шақырды дейсіңдер ме?! Шіреніп тұрыстарын! Дабай, кірісіңдер қар 
күреуге! 


Біз әлгінде келген алты бала Бектай есепші көрсеткен тұстан қар күреуге 
кірістік. 
Қойма іргесіне сірескен қардың қаттылығы ақ кіріштей екен, үшеуміз темір 
күрекпен әлгі біркелкі кірпіштей боп ойылған қарды лақтыра бастадық. Ауыр да 
емес, бірақ онша жеңіл де емес. Әсіресе лақтырған адам тез шаршайды екен. 
Сондықтан алтауымыз жиі-жиі орын ауыстырып, кезектесіп тұрдық. Әуелі жүз 
кірпіш қардан санап лақтырып кезектессек, біраздан соң сексеннен, онан 
алпыстан, ақыры елу күректен кейін алмасатын болдық. Сөйтіп, түске қарай 
белгілеп берген жердің қарын тазалап бітіргенімізде, әйелдер: 
− Ой, бәрекелді, мына балалар мына араны тіпті лезде тазартып тастады 
ғой. 
− Баланың істегені көрінуші ме еді? 
− Жігіт болғандары ғой айналайындардың, өркендерің өссін,- десіп, кеу-
кеулесіп мақтай жөнелді. 
Осы мезетте Байдалы шал да келе қалар ма, біздің ісімізді көріп ол да риза 
боп жатыр. 
− Жарайсыңдар! — деп қойды,- Е, өстіп бір ауық ішкен тамақтарыңды ақтап 
тұрсаңдаршы. Қызталақ, бұлардай күнімізде өзіміз мына Ешкіөлместің қарын 
қолмен аршып, ала қыстай ма бағып шығатынбыз. 
− Ата, ол кезде сіздің қатыныңыз бар ма еді? — деп сұрады Санат. 
− Бар болатын. 
− Ал біздің қатынымыз жоқ,- деді Петке. 
− Қызталақ, сендер қатын алмақ түгілі, алдымен анау мұрындарыңның 
боғын сүртіп алсаңдаршы,- деді Байдалы шал бүгінгі туған балаларды кемсіте 
сөйлейтін дағдысына басып. 
− Сіз құсап күнде ет жесек, біз де қатын алар ек, — деді Бәкке. 
− Сендердің ауыздарыңнан ақ май ағызып қойса да түк шықпайды,- деді 
шақшасын алып аузына насыбайдан атып ұрған Байдалы шал астыңғы ернін 
бұлтитып сақаулана тұрып. 
− Отағасы-ау, әлгі Бүбітайды қашан жерлейтін болдыңыздар? — деп сұраған 
молотилкада жүрген әйелдердің бірі.- Бірге өскен замандас ек, ең болмаса сүйегін 
шығарарда қоштасып қаладық. 
− Мілмеймін,- деді Байдалы шал сол сақауланған қалпында қабағын 
шытып.- Қабылы дайын болмай жатыл. Жел қала, күн дылыда өлмей, 
көлмейсіңдел ме, мынау кісінің бойымен білдей қал жауған қақаған қыста 
өлгөнін…- аузындағы насыбайын шығарып тастады да: 
− Әй, Қанат, ұмытып барады екем, анау сүйменді қабір қазып жатқандарға 
апарып берші! — деді маған.- Әлгі Көлбай кереңге айт, бүгін кешке дейін қалайда 
бітірсін деді де. 
− Мақұл. 
− Айтпақшы, әлгі Нәзира неғып үйден шықпай қалған? Өзі станциядан 
үсімей-тоңбай, аман-сау келіп пе еді? 
− Келген. 
− Келсе, мен айтты де, трактордың оқуына баруға дайындалсын. Бүрсігүні 
екеуін Мытысқа өзім жеткізіп салам. Бар енді. 
Мен осындағы мұздақты ойып жүрген сүйменді алып, ауылдың теріскейіндегі 
бейіт басында қабір қазып жатқандарға кеттім. Қатты қардың үстінде сырғанап 
қойып жүріп келем, кейбір беті тақтайдай тегіс жерлерге келгенде шыдай алмай 
сүйменнің ұшымен сызып-сызып қардың бетіне атымды жазам, немесе бес жұлдыз 


салам, онан қардың қалыңдығын өлшейін деп сүйменді бойлата қадап көрем, 
сүймен түгелдей бойлай қоймайды, бірақ жерге де жетпейді. 
− Әй, Қанат! — деді Байдалы шал соңымнан дауыстап, қамшысын безеп тұр 
екен, ойнамай, сүйменді тез жеткіз дегені. 
Сүймен әлкелгенімді көріп, қабір қазушылар да қуанып қалды. 
− Ой, жақсы болды-ау, әйтпесе мына жерге күрек батпай жатыр еді,- деп, 
Көлбай керең сіңбірініп тастап, сүйменге жабысты. Қабірді ала қыстай қырман 
басында жүретін төрт-бес шал мен шешеннің екі жігіті Махмұд пен Докку қазып 
жатыр екен. Тоң болып қатып қалған жердің аса қиындықпен қазылып жатқаны 
көрініп тұр, қабіршілердің бәрі де қара терге түскен, үсті-бастары топырақ-
топырақ, үшкір темір күрекпен келі түйгендей бар күшін салып гүрсілдетіп ояды 
да, екіншілері қазылған жерге секіріп түсе қалып, топырақты сыртқа қарай 
лақтырады. Қабірдің төңірегінен үй орнындай жердің қары аршылыпты, әлгі жерге 
түсіп өлшеп көріп едім, қардың қалыңдығы менің бойыммен бірдей екен, ал 
қабірдің тереңдігі белуардан боп қапты. Мен Көлбай кереңнің құлағына тақалып 
айқайлап, Байдалы шалдың тапсырмасын, қабірді қалайда бүгін бітіретін болсын 
дегенін айтқам. 
− Немене, бізді ол трактор дей ме?! Мына қатып қалған жерге оның әмірі 
жүрмейді,- деді Көлбай керең жай сөйлеп.- Айта бар, асықса өзі келіп қазсын. 
Мұнан әрі қабіршілер өз сөздерін жалғап кетті. 
− Мұсылман заңында қабір қазғанның сауабы тиеді,- деді шалдардың бірі 
Нүсіп. 
− Біздің шешенде де солай,- деді Махмұд. 
− Әй, Махмұд! — деді Нүсіп кенет қызына сөйлеп,- осы сендер, шешендер, 
мұсылманшылық дегенде ішкен астарыңды жерге қоясыңдар. Оларың дұрыс делік, 
ал енді сөйте тұра белдеріңе сапы байланып, қит етсе жарып тастаймын деп 
тұратындарың қалай? Соларың қай мұсылманшылыққа жатады? Құранда ғой, 
біреуге иненің жасуындай қиянат жасау күнәға саналады… 
Махмұд қалай жауап қайырарын білмей тосылып қалған. Осы сәтті 
пайдаланып Нүсіп шал ойындағы тағы бір күдігін айтып салды: 
− Мұсылман діні ғой ұрлықты да кешірілмес үлкен күнә дейді. Ал енді мен 
басқа жақтағы шешендердің қандай екенін білмеймін, біздің ауылға келгендерінің 
ішінара ұрлық жасайтыны қалай? 
Қазақша нашар түсінетін Докку шешенше Махмудқа бірдеңе деген, сірә, 
Нүсіп шалдың не айтып тұрғанын сұраған болу керек, Махмұд оған шешеншелеп 
айтып берді. Докку көзі жарқ етіп Нүсіп шалға бурылды да: 
− Мен өлтіреді… өлтіреді…- деп тісін шықырлатып әрі қарай қазақша айта 
алмағандарын шешеншелеп кетті. Оны Махмұд дереу қазақшаға аударған. 
− Докку айтады, ондай ұрылар мұсылман емес, оларды аямау керек дейді. 
Егер әлгі немересі қатты ауырып жатқан кемпірдің екі тауығын ұрлаған шешен 
болса, онда оны өзім жарып өлтірем әлі,- деп тұр. 
− Әне, қит етсе, екі сөздеріңнің бірі жарып өлтірем. Оу, екі тауық үшін адам 
өлтірсек, сонда адамның құнының не болғаны? 
Махмұд Нүсіп шалдың бұл айтқандарын да аударған, Докку күліп жіберді, 
аппақ тістері жарқырап, сығырая қарайтын көзі күлімдеген кезде, мүлдем 
жұмылып кетеді екен. Екі алақанын жайып Нүсіп шалға: 
− Ху дичь баһа дүс?..- деді. Махмұд та күліп жіберді. 
− Енді қайт дейсің маған. Қалай етсем жағам,- дейді. 
Бұл дау-шардан бейхабар, бағанадан жер ойып тұрған керең Көлбай екі 
самайынан айғыз-айғыз тер ағып, қолындағы сүйменін Нүсіп шалға ұстатты да: 


− Осы сен шал не сөйлей бересің аузың жыбырлап?! Мә, жұмыс істе,- деді, 
онан соң маған бұрылып: — Сен неғып тұрсың енді мұнда? Немене, көр қазу да 
қызық боп па? Айда, қайт! — деді жекіріп. 
Тас қоймаға қайтып кеп балаларға қосылып, тағы біраз қар күредік, онан 
әйелдерге жәрдемдесіп қойманың түкпір жағындағы астық бауларын молотилкаға 
қарай тасыстық. Біраз қара терге түсіп титықтап-ақ қалдық. 
− Ой, айналып кетейіндер, үлкен жігіт болыңдар! Рақмет! Енді қайтыңдар 
үйлеріңе, қарындарың да ашқан шығар,- деді әйелдер. 
Сөйтіп, мектепте қоңырау соғылып, Әнипа апай бастаған біздің кластың 
балалары сабақтан тараған кезде; біз де тас қоймадан шығып, үйді-үйімізге 
тараған едік. 
Үйге жақындай бергенде, жүрегім сазып, басым айналып, көзім 
қарауытқандай боп кетті. Қарнымның ашқанын енді ғана білдім. Есік алдына 
жеткенімде, сүтке піскен кеспе көженің иісі аңқып сала берді. Нәзира әпкем анда-
санда бір күн, жарым күн үйде болғанында, ылғи өстіп сүт қатып кеспе көже 
жасайтын. Үйге кірген бойда, шешінуге де мұршам келместен, жер үстелді 
шынтақтай жамбастап отыра кеттім: 
− Әпке, қарным ашты,- дедім анда-санда көңілді кездерінде оған еркелейтін 
әдетіммен. 
− Қарның ашса, қазір тойғызамыз,- деді ол да мені еркелетіп.- Естідім, бүгін 
сен тас қоймада қар күресіп жұмыс істепсің. Молодец! 
Бал татыған кеспе көжені асыға-аптыға іше бастадым. 
− Жә, біреу қуып келе жатқан жоқ қой, асықпай іш, шашалып қаласың,- 
деген әпкем. Оған жауап қайырып сөйлеуге мұршам болмады, кеспені онан әрмен 
аптығып сораптаймын. Нәзира әпкем менің көже ішкеніме қарап күлімсіреп қойып 
отыр. Енді байқадым, жуынып-шайынып, шашын қақ жара жылтырата тарап, 
сандық түбінде жататын қызыл көйлегін киіп, тіптен әдеміленіп кетіпті. 
− Тойға баратындай боп отырсың ғой, әлде біреу келетін бе еді? — деп 
сұрағам. Әпкем ыңғайсыздана қызарақтады да: 
− Жай, бүгін үйде болған соң кигенім ғой.- деді.- Тракторшы болсам кие 
алам ба, жоқ па, кім біледі. 
− Ә, енді түсіндім. Ұмытып барады, екем, Байдалы шал Манар екеуіңді 
бүрсігүні Мытысқа өзі алып барып салам, дайындала берсін деді. 
− Өзім де соған дайындалып жатырмын ғой. 
− Мен артыңнан іздеп барам. 
− Кел. Сенен басқа мені іздеп келетін кімім бар енді. 
− Келем, Мытысты көріп қайтам,- деп қойдым.- Әжем әлі Нұрсұлудың үйінде 
ме? 
− Иә. Бағана бір келіп кеткен. Серік ауырлап жатқан көрінеді. 
* * * 
Терезе қағылған, қырауы еріген әйнектің арғы жағынан танауы жәпірейіп, 
ыржиған Бәтен тез шық дегендей белгі беріп тұр. Көжемнің ақырын апыл-ғұпыл 
іше сап жүгіре шықтым, ауылдың түстік жағында жарқабақта көшкіннен шанамен 
секіріп сырғанақ ойнайтынбыз, соған асықтырып тұрған болар деп ойлағам. Олай 
болмады. 
− Сені тез Әжібек шақырып жатыр,- деді. 
− Жайшылық па? 
− Қайдан жайшылық болсын. Аққала саламыз дейді. Міне, мен күрек алдым, 
сен де бірдеңе ал қолыңа. 
− Бара көрерміз. 


Біз келгенде, Әжібектің үйінің алдында ауылдың біраз балалары дестелеп 
қар ойып, оны тегістеу жерге әдемілеп қаластырып, қызу іске кірісіп те кетіпті. Ақ 
қардан қаланған төрт бұрышты екі үйшіктің биіктігі кісінің бойындай боп көтеріліп 
қапты, кіретін есіктері, кішкене терезелеріне дейін бар. Әжібектің өзі тонын шешіп 
тастаған, кір-кір шолақ жең кеудешесімен ғана қызара тершіп, қолындағы бір 
жапырақ қағазға қарап қойып, қарды қандай етіп ою керек, оны қалай қалау 
керектігін айтып, қызыл танау боп бәрін өзі басқарып жүр. Бізді көре сап: 
− Әй, сен екеуің немене-ей, сонша керіліп-созылып, бассаңдаршы 
аяқтарыңды! — деді жекіре дауыстап.- Бәтен, сен анау қатты қарды ұзынша-
ұзынша етіп… міне, ұзындығы мынадай болсын, өлшеп ал, ойып әкелетін бол, 
төбесін көтереміз, ал сен, Қанат, ананың үстіне шығып біз әперген қарды 
қалайсың. Мына екі үйшікті биік мұнара етіп қалаймыз да, онан соң араларын 
былай қосқан кезімізде, міне, мына суреттегідей қақпа болуы керек…- деп, ұстап 
жүрген қағазын көрсеткен. Қолмен сызылған қос мұнара біздің оқулығымыздағы 
қала суреттеріне ұқсас жасалыпты. 
− Қақпалы қос мұнарадан кейін, мынадай ақ сарай қалаймыз. Өстіп шетінен 
жалғастырып күнделікті сала береміз. Бір кітаптан оқығаным бар, сонда ертедегі 
патшалар қыс кезінде қатты қардан сәулетті аққала салғызып, соның ішінде сауық-
сайран салып, думан құрады екен. Біз ондай үлкен етіп салмасақ та шамамыздың 
келгенінше жасап көрелік. Ен тегін жатқан қарды сөйтпегенде не істейміз енді. 
Шынында да, мына қағазда сызылғандай етіп жасайтын болсақ, керемет 
қызық аққала салынады екен. 
− Биіктіктері қандай болады? — дедім қызығып. 
− Әрине, ауылдың үйлерінен биік болуы тиіс, әйтпесе, оның несі қала. 
− Рас та. 
− Ал дабай, шық, анау мұнараның үстіне. 
Мен іске кіріспес бұрын әлі де анықтай түскім кеп: 
− Егер күн жылыса еріп кетпей ме? — деген үлкен бір күдігімізді жасыра 
алмай. 
− Әлі екі айсыз күн жылымайды. Қазір, міне, ақпан ба? Алда қаңтар бар, 
наурызда да қыс қатты болады. Так што, күн жылып кетеді екен деп қорықпа. 
Сөйтіп, болашақ биік мұнараның бірінің үстіне шығып, жердей әперген 
кірпіш қарларды қалай бастадым. Әжібек мұнараның бірде алдыңғы жағынан, 
бірде арт жағынан, кейде ішіне кіріп қадағалап, әр кірпішті қалай қалауым керек 
екенін айтып, нұсқау беріп жүр. Сәлден кейін мұнара Әжібектің үйінен асып 
биіктеді, жан-жағыма қарап едім, ауыл үйлерінің төбелері көрінетіндей бопты, 
төмен қарасам кәдімгідей басым айналатын сияқты. 
− Осы биіктігі жетпей ме? — дегем мен. 
− Өй, сен өзің немене, қорқып тұрсың ба?! — деді Әжібек кіжініп. 
− Жоқ. 
− Онда қалай бер, мен айтқандай ғып. Әлі де бір метрдей көтеріп көрейік. 
Ертең салып болған соң, әлі Аққаламызды көруге бүкіл ауыл жиналады ғой. 
Қыздар да келеді. Мәри бірінші боп жүгіріп келер. Сонда — мұнарамыз осы 
ауылдағы үйлердің бәрінен биік көрініп тұратын болсын. 
Биіктеген сайын мұнараның қар қабырғаларында тұрып қалау қиындай 
бастады, оның үстіне мен жылжып қозғалған кезде, селкілдейтін сияқты. «Әй, осы 
қабырға-мабырғамен қоса гүрс етіп құлап түспесем не қылсын»,- деп, іштей 
қорқақтап қоям, бірақ онымды Әжібекке айтуға және намыстанам. Әжібек болса 
жерде тұрып: 


− Маладес, Қанат, маладес! Сенен амандық болса мықты құрылысшы 
шығады екен,- деп лепірте мақтап қояды.- Мә, мынаны анау жерге қала. Ештеңе 
етпейді, селкілдегенінен қорықпа. Қар бір күннен кейін-ақ өзара жымдасып мұз 
боп қатып қалады. Мә, енді мына… 
Ол мұнараның іш жағынан кеп, көтеріп берген қар кірпішті еңкейіп ала 
берем дегенде, бағанадан селкілдеп тұрған қабырға ішке қарай жапырыла құлап 
түсті, үстінде тұрған мен де оңқа-шоңқа болдым, бір көрімі, мен үстінен құладым, 
тек аяғым ғана бастырылды, ал Әжібек әлгі ішке қарай жалп еткен торт 
қабырғаның астында қалды. 
− Ойбай-й!..- деуге шамасы келді. 
Жан-жақта қар ойып жүрген балалар шуылдасып жүгіріп жетті. Сүйрелеп 
жүріп мені шығарып алды. Әжібектен із-түз жоқ, үйіліп қалған қар кесектерінің қай 
тұсында қалды, тірі ме, жоқ па? Еш дыбыс білінбейді. Жаңа ғана барлығымызға 
жарлық жасап жүрген Әжібегімізді қалың қар зым-зия жұтты да қойды. Зәреміз 
ұшып қорыққандікі болу керек, есіміз шығып, тым-тырақай бет-бетімізбен қаша 
жөнеліппіз. Және үлкендерге айтып, Әжібекті құтқару біріміздің ойымызға 
келмепті. Көрші үйлердің, қоралардың тасасына барып тығыла тұрып, үйілген 
қарға сығалай қараймыз. Жоқ, тырс еткен сыбыс та, бүлк еткен қыбыр да 
білінбейді. Біраздан кейін балалардың бірі: 
− Әжібек өліп қалды,- деді. Сол сол-ақ екен, бәріміз жан-жақтан бір 
ауыздан: 
− Тұншығып өлді! 
− Қар басып өлді! — дестік бір-бірімізге. 
Көзіміз жасаурап, иегіміз дірілдеп, енді Әжібекті жоқтап, еңіреп жылауға 
ыңғайлана бастағанбыз. Осы кезде тұсымыздан өтіп бара жатқан, бірі торы 
жорғаға, бірі көк құнанға мінген Байдалы шал мен Бектай біздің мына 
тұрысымыздан секем алған болу керек, аттарының басын бұрды. 
− Әй, неғып үрпиісіп тұрсыңдар?! — деген Байдалы шал. 
− Әжібек өліп қалды,- деп шу ете түстік. 
− А! Не дейді? Қайда? — деді екеуі бірдей шошынып. 
Әнеу жерде қардың астында қалды. 
− Әй, Бектай, жүрші, мыналар не деп тұр өзі. 
Біз болған оқиғаны жарыса айтып, әлгі құлап жатқан мұнарамызға бастап 
келдік. Бектай атынан секіріп түсіп, қолына күрек ала сап, әлгі үйіліп жатқан қар 
кесектерін бір шетінен күреп лақтыруға кірісті. Жүрек тоқтатқан біз де оған шет 
жақтардан кеп көмектесе бастадық. Кесек қарды біраз аударғаннан кейін, 
Әжібектің қолы көрінді. Бектай еңкейіп оның тамырын ұстап, тыңдап біраз тұрды 
да: 
− Тірі! Тамыры соғып тұр,- деді. 
− Е, бұ шақша бас оңайшылықпен өле қояды деп пе едің,- деді ат үстінде 
бәрін қадағалап тұрған Байдалы шал мырс етіп. Оның да кеңілі орнына түскен 
сияқты.- Істеп жүрген ісін қарамайсың ба, обал жоқ итке. 
Мұнан әрі жан-жақтан қарды жабыла аршып, әне-міне дегенше Әжібекті 
суырып алдық, есінен танып қапты, бет-аузы көгеріп былқ-сылқ етеді. Бектай 
кеуде жағын, басқа балалар аяқ жағынан көтерісіп үйіне кіргіздік. 
− Қар алып кіріп бет-аузын, қолының бастарын ысқылап жіберіңдер,- деді 
Байдалы шал. Өзі атын тебініп жүріп кетті. 
Біз қар алып кіріп, Әжібектің бетін, қолын ысқыладық. Қазан астына от 
жақтық. Үйдің іші жыли бастады. Әлден уақытта Әжібек көзін ашты, жан-жағынан 
төніп тұрған барлығымызға таңырқай қарап басын көтерді. 


− Маған не болды? — деді. 
− Саған не болсын. Сен о дүниеге барып қайттың,- деді Бектай күліп. 
Қуанғанымыз сондай, біз балалар да тегіс күліп, шулап қоя бердік. 
− О дүние қандай болады екен? 
− Әңкір-мүңкірді көрдің бе? 
− Ол жақта қар жоқ па екен? 
Әжібек бәрімізге алара қарады да: 
− Шуламаңдаршы, басым ауырады,- деді әлсіз үнмен.- Қайдағы о дүние? Түк 
те көргем жоқ. Ұйықтадым да ояндым. 
Қазан сақырлап қайнай бастаған. — Үйдің ішін тәтті бір будың иісі алып 
кетті. 
− Мына қазаныңда не бар еді? — деп сұрады Бектай. 
− Піскен тауық. 
− Ә-ә, дұрыс еке-ен,- деді Бектай даусын соза сөйлеп. Онан соң қазанға 
жақын тұрған балаға: — Әй, мынаған бір тостаған сорпа құйып берші,- деді. 
Әлгі бала қазанның қақпағын ашқан, тәтті сорпаның иісі мұрнымызды жара 
жөнелді. Бір тостаған ыстық сорпа ішкеннен кейін Әжібек есін жинап, өз-өзіне 
келгендей болған. 
− Ал енді рақмет бәріңе де, кете берсеңдер де болады,- деген. 
− Жоқ, біз оңайшылықпен кетпейміз,- деді Бектай бұған қадала қараған 
күйде қамшысын бұлғақта отырып.- Балалар, сендер де кетпеңдер. Кәне, Әжібек, 
шыныңды айтшы, мына тауықты қайдан алдың? 
− Өзімнің тауығым. 
− Мен білетінде сенде тауық жоқ еді ғой. Сенде тауық жоғын мына 
балалардың бәрі біледі. 
Әжібек бәрімізге айнала бір қарады да, басын төмен тұқыртты. 
− Кеше боранда адасып кеп үйге кірген, сонда ұстап алдым. 
− Өтірікті соқсаң да, қисындырып соқсаңшы. Жә, текке бас қатырып 
қайтеміз,- деді Бектай қамшысын салмақтай отырып зілді үнмен.- Сенің бұл асып 
жатқаның Нұрсұлудың үйінің тауығы ғой. Біреуі осы, ал екіншісі қайда? Өзің айт. 
Әйтпесе қазір тінтіп, өзіміз тауып аламыз. 
− Ешқандай да Нұрсұлудікі емес, кеше боранда адасып кеткен болу керек, 
есікті ашқанымда, екі тауық өздері үйге кіріп кетті. 
− Екіншісі қайда деймін. 
− Ауыз үйде бораның ішінде. Ол тірі. 
− Оңбайсың ғой. Отырған жеріңде мына қамшының сабы сынғанша сабаса, 
обалы жоқ адамсың ғой… Санат пен Қанат, сендер анау кастрөлге мына қазандағы 
тауықты сорпасымен қоса құйып алыңдар, ал сен. Бәтен, ауыз үйдегі тауықты 
ұстап алып жүр, қазір Нұрсұлудың шешесіне апарып береміз. 
Біз Бектайдың айтқандарын істедік. 
Есіктен шығып бара жатып Бектай қайта бұрылып: 
− Оңбайсың ғой, Әжібек, Осыдан кейін ел бетіне қалай қарайсың?! — деді. 
Әжібек сол тұқырған қалпында басын көтерген жоқ. 
− Таңертең станцияға астық тартатындар жүреді, солармен бірге кететін 
бол! Көзге көрінуші болма, жексұрын,- деді кіжіне тісін қайрап. 
− Жарайды,- деді Әжібек даусы өлеусірей шығып. 
* * * 
Сол күннің ертеңіне ауылдың кәрі-жас еркек кіндік атаулысы тегіс жиналып 
Бүбітайды жерлеп, зират басынан қайтып келе жатқанымызда, екінші қаралы 
хабар қарсы шықты алдымыздан, кешеден бері әл үстінде жатқан Серік қайтыс 


бопты. Жұрт сол бойда жұптарын жазбастан, енді «Бауырымдап!» — Нұрсұлудың 
үйіне қарай дауыс қоя жүгірді. Бүбітайдың өліміне ешкім қабырғасы қайысып онша 
жылай қоймап еді, тіпті кейбір әйелдер: «Байғұс, қор болып, көзге күйік боп 
жүргенінше, өлгені дұрыс болды»,- деген, ал Мына жас баланың өліміне 
барлығының да ет жүректері елжіреп, дауыс қойып, жылап-сықтап келіп жатыр. 
Бәкиза кемпір есінен танып қалған екен, бетіне су бүркіп есін жинатқан, 
көзін ашып, ірге жақта өңі боп-боз боп сұлап жатқан немересін көргенде: 
− Серік-ау… Сорлатып кеттің ғой, мені, құлыне-ем… Енді қайттім?! Нұрсұлуға 
не бетімді айтамын…- деп аһ ұрып барып, тағы да талықсып кетті. Осылайша 
Бәкиза кемпір есін бір жиып, одан қайта талықсып, үнемі қысылумен болды. 
Ауылдың кемпір-шалы түні бойы Нұрсұлудың үйінде болып, өлікті күзетіп шықты. 
Ертеңіне, кешегі Бүбітайдың қабірін қазған жеті-сегіз адам кетпен-күректерін 
арқалап, тағы да ауылдың теріскейіндегі зиратқа қарай шұбап бара жатты. 
Қыс ортасы болса да астық бастыру тоқталған жоқ еді. Енді бүкіл ауыл 
болып молотилкадан шыққан сабанның арасынан шала кеткен масақтарды теруге 
жұмылды. Бұл жұмысты бастан-аяқ Бектай есепші басқарды. Жұрттың масақ 
теруге шыққан, шықпағанын есепке алып, ертеңді-кеш тас қойманың басында 
жүреді. Әрбір дән жауға атылған оқ, сондықтан бірде-бір дән далаға кетпеуі 
керек,- дейді. Әрине, онсыз да бірде-бір дәнді далаға жіберейін деп жүрген ел 
жоқ. Еркіне салса тас қоймадағы тау-тау боп үйілген сабанды үйді-үйлеріне тартып 
әкетіп, ескі молотилканың өңешіне шала-шарпы шыққан масақтардың бүтін дәні 
түгілі жартыкеш дәндеріне дейін қалдырмай қағып алар еді. Бірақ оған рұқсат жоқ. 
Масақты да бірін қалдырмай өкіметке өткізу керек. Астық боп бастырылып 
майданға жөнелтілуі тиіс. Мұны оқушы бізді қойып, тіпті әлі оқымайтын кішкентай 
боқмұрындарға дейін біледі. 
Тас қойманың төңірегі таң атқаннан күн батқанша жапырлаған қатын-
қалаш, кемпір-шал, бықынаған бала-шаға. Менің әжем сияқты кемпірлерге дейін 
белдерін мықтап орап буып алып, «көптің ырысы үшін күреске» білек сыбана 
кіріскен. Үй-үй болып әр семья күнделікті қанша масақ теріп өткізгендерін айтып 
мақтанысып, өзара бәсекелесіп те қояды. Бәрінің көңілінде жалғыз тілек, осынау 
азғантай еңбегіміздің де қанқұйлы жауды жеңуге себі тие берсе екен дейді. 
Біз, мектеп оқушылары, сабақтан соң тамағымызды апыл-ғұпыл іше сап, 
масақ теруге барамыз. Әуелі үлкендермен қатарласа жүріп саудырлаған сабан 
арасынан масақ атаулыны қалт жібермей тереміз. Көзіміз де көреген, қолымыз да 
епті. Әрқайсымыз мойнымызға алынып алған екі-үш килограмдық ат дорбаны әне-
міне дегенше толтырып тастаймыз. Сөйтіп, Бектай есепшінің өзі белгілеп берген 
жарты күндік нормамызды орындағаннан кейін, масағы теріліп екінші жаққа 
үйілген сабанның үстінде алысып-жұлысып ойынға кірісеміз. Жұмсақ сабанның 
үстінде ойнау қандай рақат! Оңқа-шоңқа домалап жатсаң да еш жерің ауырмайды. 
Шикі сүттің иісіне ұқсас сабанның күн сіңген иісі тынысыңды қытықтап, онан әрмен 
еліртіп жіберетін сияқты. 
− Әй, неғып алысып-жұлысып кеттіңдер?! — дейді Бектай есепші 
бастықтығын білдіріп, ақыра дауыстап. 
− Нормамызды орындадық қой, енді қайт дейсің?! — дейміз біз шуылдаса 
дауыстап. 
− Немене, тағы бір дорбадан терсеңдер артық боп кетеді дейсіңдер ме?! 
Майдан үшін ғой…- дейді Бектай қабағын түйіп. 
«Майдан үшін ғой» дегені бізді кәдімгідей мойындатып-ақ тастайды. Амал 
жоқ, ойынымызды доғарып, масақ теруге қайта кірісеміз. 


Келесі күні сабақтан кейін масақ теруге келгенімізде, Бектай бізге жаңа 
норма белгілеп қойыпты: Мектеп жасындағы әрбір оқушы күніне екі дорбадан теру 
керек деп. Біз бұл жаңа нормаға шуылдасып қарсылық білдіріп ек, ол міз 
бақпастан үлкен кісіше қабағын шытына тұрып, бәрімізге жағалай бір қарап өтті 
де: 
− Қазіргі жағдай соны талап етеді,- деді қатқыл үнмен. 
Біз, әрине, оның түйіле қалған сұп-суық қабағына қарап, мына айтқанына 
ләм-мим деп қарсылық білдіре алмадық. «Қазіргі жағдай», «талап» деген сөздер 
жайшылықта айтыла бермейтін, ал алда-жалда айтыла қалса, ешкімді дегенінен 
бұлтартпайтын зілді сөздер еді. Және оны Бектай да жай айтып тұрған жоқ қой, 
артында салар салмағы болған соң айтады да, түсіндіріп те әлек болмайды. Айтты-
бітті, біз орындауға міндеттіміз. Сөйтіп, жаңа норма бойынша масақ теруге кірістік. 
«Әй, осы Бектайдың діні қатты-ау»,- дейміз балалар бір-бірімізге сыбырлап. 
Үшінші күні Бектай тас қойманың ішінен жүзі жайнаң қағып қуанышты 
шықты да, масақ теріп жүрген жұрттың алдына кеп сүйінші сұрайтын адамша, есеп 
жазатын блокнотын жоғары көтере тұрып: 
− Жолдастар! — деді даусы саңқ етіп.- Ой, аллай, құдды Нұғыман бастық 
дерсің. Әлгі ауданнан келетін шолақ қол өкіл де жиналыс өткізерінде өстіп: 
«Жолдастар!» — деп саңқ етіп, жұртты өзіне қаратып алатын. Қазіргі мына Бектай 
есепші де дәл солар құсап, тұр.-«Иә, не айтасың» деп, масақ тергендер оның 
аузына қарағанбыз. 
− Бүгінгі станцияға жіберілетін үш шана астықтың біреуі мына сіздер терген 
масақтан бастырылған астық,- деп хабарлады Бектай. 
Үлкендер жағы: 
− Ой, бәрекелді, масақтан терген астық та біраз болады екен ғой,- десіп 
жатыр да, ал біз балалар жағы: 
− Неше күннен бергі бәріміздің тергеніміз сол-ақ па?! Азғантай ғой,- деп 
шуылдастық. 
− Азғантай десеңдер, үш ат дорбадан теріңдер онда,- деді Бектай бізді 
сөзімізден ұстап. 
− Несі бар, тереміз. Тереміз! — дестік біздер. 
Бірақ ет қызуымен уәде беріп, айтуға оңай болғанымен, үш дорба масақ 
теру іс жүзінде мүмкін емес екен. Молотилка қанша шала бастырды дегенмен, бір 
құшақ сабанның ішінен екі-үш масақ әзер шығады. Ал бір дорбаны толтыру үшін 
кемі жарты арбадай сабанды ақтарыстыруың қажет. Үш дорбаны толтыру үшін 
дүние сабанды аударыстырасың. Біраздан кейін сояу сабан қолыңды тілгілеп, 
алақаныңды тызылдатып ашыта бастайды. Бүкіл ауыл жапырлай терген соң жан 
қойсын ба, біраз күннен кейін масақ та азаяйын деді. Енді сабақтан шыға сап 
келіп, еш жаққа мойын бұрмай тергеннің өзінде бір дорбаны әзер толтырамыз. 
Арлы-берлі аударыстыра-аударыстыра сабанды да ат көпір қобыратып тастадық. 
Бір терген жерімізге айналып кеп қайта тінтінеміз. Бір жақсысы, әйтеуір, Бектай 
ренжімейді, дорбаны толтыра алмай жүргеніңді айтып қаласың. 
− Жарайды, тергеніңше тере берсеңші,- деп қояды. Бірақ сөйте тұра еркіңе 
және жібермейді.- Майдан үшін аянбасаңшы,- дейді. 
Аткөпір сабанға белуардан кіріп, қайта тіртінектеп кетеміз. Қобыраған 
сабанның арасы жұп-жұмсақ, жып-жылы, кейде бір жерге орнығып отырып алып 
үңги бергің келеді. Кейде мықшиып отыра бергеннен ішің пысып, алысып-жұлысып 
ойнағың келеді. Ондайда үлкендердің; «Шаша бермей, бір шетінен жайлап 
аударыстырыңдар»,- дегендеріне қарамастан, көзді ала бере сабанды кеулеп ін 
қазған борсықша үңги жөнелеміз. Бала қашан да бала ғой, сабанды қайсымыз 


терең үңгиміз деп жарысып ойнай отырып та масақ тереміз. Үңгіген жерімізден 
қойны-конышымыз топанға толып, бет-аузымызды шаң қауып, тұншығардай боп 
кейін шыққанымызда, пысқырынып-түшкірініп өне бойымызды инеше қадалып 
жыбырлатқан қыпық топаннан қышынып әбігерге және түсеміз. Бірақ оның есесіне 
екі-үш масақ тауып шығар болсақ, одан асқан олжа жоқ. Әлгі қуысқа қайтадан 
сүңгиміз. 
Бірер аптадан кейін тас қойманың астық өлшейтін жағынан блокнотын 
жоғары көтеріп, жүзі жарқын Бектай тағы да күлімсірей шықты, тағы да терілген 
масақтан станцияға бір шана астық жіберілетінін хабарлады. Үлкендер жағы тағы 
да кеукілдесіп қалды: «Е, сөйтіп, бір дән болса да, әскерге жәрдем ғой»,- десті, 
маңдай терлерінің қақысы қайтқандай дән риза болып. Біз, балалар: «Неше 
күннен бергі тергеніміз сол-ақ па, аз ғой?! Аз…» — дейміз. 
− Аз десеңдер, дұрыстап теріңдер,- дейді Бектай. 
− Аянып жүргеміз жоқ, жанымызды сап теріп жүрміз ғой,- дейміз біз. 
− Жандарыңды салғандарыңды онша көре алмай жүрмін-ау. Ойындарың 
көп,- дейді ол бар кінәні өзімізге аударып, онан соң есіне бірдеңе түскендей.- Әлгі 
Қанат көрінбейді ғой? Ол қайда? — деп мені сұрап, көзімен іздестіре бастады. 
Мен болсам сабанның дүңкигендеу тұсынан үлкендердің көзінен тасалау кеп 
үңгілеп отырғам. Тереңірек бойлата қуыс жасап ап, ешкім таба алмайтындай боп 
тығылып жатпақ едім. 
− Қанат, қайда жүрсің, тез бері кел! — деді Бектай бұйырған үнмен. Мен 
дыбыс бермей қуысына қарай тығыла түскем, «іздеп тауып көрсін» деп қоям іштей 
күліп, ал балалар болса менің қай тұсқа тығылғанымды біле тұра: 
− Көргеміз жоқ, білмейміз,- деседі жасырып. 
Ыза болған Бектай енді сабанның әрбір қуыстау тұсына барып, бос жатқан 
сабанды аяғымен ақырындап теуіп мені іздей бастады. Мен тығылып отырған тұсқа 
жақындай бергенінде, екі ортада аяғымен бет-аузымнан теуіп қалар деп, өзім 
ұшып тұрдым. 
− Әй, сен бір шақырғанда неге келмейсің? — деді ол жекіп. 
− Мына қуыста масақ теріп отырып естімей қалдым,- дедім мен 
шімірікпестен. 
− Отырған жеріңде бет-аузыңнан бір тепкенде, еститін едің. Жүр, маған ер, 
саған бір тапсырма бар. 
Сабанды, одан молотилка тұрған төбесі жабық қырманды айналып өтіп, тас 
қойманың астық өлшейтін жағына қарай бастай жүрген Бектайдың соңынан ергем. 
Осы кезде алыс-жұлыс ойыннан өңі алабұрта қызарып тершіген Бели менің 
қасымнан жүгіре өтіп бара жатып: 
− Қанат, сен келгенще, мен үңгіріңде болайын,- деді. 
− Тиіспе, қазір мен өзім қайтып келем,- дедім мен шыжалақтап. 
Бірақ мені тыңдаған Бели болған жоқ, сірә, бұғынбақ ойнап біреулерден 
қашып жүрсе керек, жан-жағына жалтақтай қарап жүгіріп кетті. 
− Менің үңгіріме жолама, қазір өзім қайтып келемін,- дедім мен оның 
соңынан қайталай ескертіп. Ол менің ескертпемді естіді ме, жоқ па, білмеймін, 
қайтып қайрылған жоқ. 
− Әй, болсаңшы тез! — деді Бектай да осы мезетте бұрыла зекіп. Мен жүгіре 
басып оны қуып жеттім. 
− Қазір мына тас қойма жақта ешкім жоқта саған бір тапсырма жүктейін деп 
едім,- деді Бектай енді маған байыппен салмақ сала сөйлеп.- Нұрсұлудың шешесі 
мен кішкене баласының халінің қандай екенін білесің ғой? 


Мен білем дегендей басымды изедім. Ол үйге күнделікті кейде әжем, кейде 
мен қоңыр сиырдың азғантай сүтінен жарты кеседей шай қатықтық сүт кіргізіп 
беріп жүрміз. Кемпір де, кішкене немересі де адам аяйтындай жүдеу еді. Күнделікті 
қоректері сол біз берген жарты кесе сүт пен бір уыс қуырған бидай ғана. «Әй, осы 
сорлылар биыл қыстан шықпай қалады-ау»,- деп қояды әжем аяушылық білдіріп. 
Міне, Бектайдың қазір «білесің ғой?» дегенінде, «білем» деп тұрғаным сол еді. 
− Ендеше, білсең,- деді Бектай сол салмақ сала айтқан сөзін жалғап,- сен 
қазір менің атыма өңгеріп, сол үйге екі пұттай бидайды апарып беріп кел. Әскер 
семьясына колхоз берген көмек деп түсіндіріп айт кемпірге. Міне, мынау 
Нұғыманның рұқсат қағазы, мына жеріне алдым деп қол қойсын. Ұқтың ба? Кел 
онда,- деп, Бектай аяғымнан көтеріп өз атына мінгізді де, алдыма орта қап 
бидайды көтеріп әперді.- Өздерің терген масақтың бидайы ғой. Ептеп дымқылдау, 
кептіріп алар. Онан соң,- деді Бектай қайта ескертіп.-Көшенің ортасымен жүрмей, 
мынау шет жақпен бар, Мұнымыз ұрлық емес, әрине, бірақ қаңқу сөзден аулақ 
болайық. Ешкім көрмесін. Жұрт дегенді білесің ғой, біреуге көмек бергеніңді сезсе, 
үйінде ішер тамағы бар боп тұрса да: «Ойбай, біз де ашпыз, бізге де көмек 
беріңдер»,- деп, қыр соңыңнан қалмайды. Сондықтан ешкімнің сезбегені дұрыс. 
Осының өзін майданға жіберетін астықтан әзер деп жырып беріп отырмыз. Бар. 
Анау қағазға алдым деп қол қойғызуды ұмытпа. 
Осылайша Бектай мені әбден таптап-таптап жолға сап жіберді. Омбылау 
болса да шет жақпен жүріп барып Нұрсұлудың үйінің тұсына жеткенде, әуелі 
алдымдағы жарты қап бидайды күресін қардың үстіне домалатып түсіріп, одан соң 
аттан өзім түсіп, анадағы өзім күреп тақталап жасаған жолмен қапты сүйретіп үйге 
кіргіздім. 
Бәкиза кемпір мен немересі сол анау жолғыдай пештің түбінде көрпесінің 
сыртынан ескі киімін жауып, оранып жатыр екен. Менің есіктерін ашып, тарс-тұрс 
еткізіп зілдей қапты мықшыңдап сүйретіп кіргізгенімде де, бастарын көтере қойған 
жоқ. Ұйықтап жатыр ма, әлде… 
− Апа! Әй, апа! — дедім үрейлене дауыстап. 
− Қанатпысың? — деді кемпір со қимылсыз жатқан қалпы. 
Қуанып кеттім. Тірі екен ғой! 
− Иә, менмін ғой, апа. Сіздерге әскер семьясы деп колхоз көмекке астық 
беріп жіберді, соны әкелдім,- дедім саңқылдай сөйлеп. 
Кемпір жайымен қозғалып, басын көтерді. Жүдегені сондай, жағы мүлде 
суалып, көзі ішіне кіріп шүңірейіп кетіпті. Ұйқысырап көзін ашып-жұмып жатқан 
Берік те қыңқылдай жылап басын көтерген. Кішкене баланың қатты арықтағанын 
көргенім осы еді, өңі қан-сөл жоқ ескі шүберектей боп-боз, бетінде тек бажырайып 
көзі ғана қалған. Мен қапты үйдің бұрышына сүйеп қоя бердім де, жүгіре шығып 
ауыз үйден құшақтап сабан алып кіріп, от тұтаттым. Онан соң босағадағы ілулі 
тұрған кілтті алып, сыртқы қорадан барып екі-үш тезек алып келдім. Лауылдап 
жанған сабанның үстіне сындырып екі-үш кесек тезек тыққам, темір пеш гу-гу етіп 
лезде қызып шыға келді. Бойларын жылу шалған соң кемпір де, немересі де 
ұйқылы-ояу күйлерінен айығып, қимыл қозғалыстары ширап, қаптың аузын ашып 
бидайды көріп, өңдеріне тіршілік нышаны ене бастады. Кемпір маған алғысын 
жаудырып жүр. 
− Енді өлмеспіз, осыдан қыстан шығып қалармыз,- деп қояды. 
Мен тас қоймаға оралғанымда, масақ терген жұрт у-шу боп жүр екен. Ат 
көпір сабанды жан-жақтан жұлқылап құшақ-құшақ етіп, астан-кестеңін шығарып 
лақтырып жатыр. Кейбірі ашамен аударыстырмақ болғандарға: 
− Ойбай, тарт анау ашаңды! Қолмен ізде! — деп айқайлайды тұс-тұстан. 


− Әлгі Бели жоқ,- деді Бектай атының шылбырын қолына ұстатқанымда.- 
Балалармен сабанды үңгіп ойнап жүріп, аяқ асты ұшты-күйді жоғалып кетіпті. 
Бастықсып, үлкенсіп шіреніп тұратын түрінен із де қалмапты… өңі қашып, 
дір-дір етеді. 
Мен оны мазақтап сақылдай күлуге шақ қалдым. «Молодес, Бели, жұрттың 
бәрін әбігерге түсіріп, зәрелерін бір алыпсың-ау,- деп қоям іштей сүйсініп.- Бағана 
Бектай жұмсап жібермегенде, менің өзім де сабанды терең ғып үңгірлеп ап, 
тығылып, жұртты өстіп бір әбігерге түсірсем деп едім, енді, міне, Бели соны менен 
бұрын істеді. Молодес!» 
− Бәріңіздің астан-кестен боп жатқандарыңыз сол ма?! — дедім мен ерінімді 
шүйіре тұрып.-Мен оны қазір сирағынан сүйреп алып шығайын, ендеше. 
Сөйтіп, қоқиланып сабанның бағанағы өзім үңгіген тұсына барғам, үстіңгі 
жағындағы бос сабанды балалар аударыстырып тастапты. Өзім жасаған қуысты 
әзер таптым, бергі жақтағы қобыраған сабанды кейін қарай ысырып, қолымды әрі 
қарай созғам. Айтқанымдай-ақ қолыма бірден бәтеңкенің табаны ілікті. 
− Міне, мында тығылып жатыр! — дедім қуана дауыстап, онан соң қуысқа 
сұғына еңкейіп.-Әй, Бели, шық енді. Қуысымды босат! — дегем айқайлап. 
Қолымды қайта созып, бәтеңкесінің басынан ұстап кейін қарай тартып-тартып 
қойдым.- Шық деймін! 
Мені қаумалай кеп жапырлаған жұрт енді естерін Жиғандай. 
− Е, бәсе, тығылып қалған екен ғой, қу бала. 
− Түу, бар болғыр, зәре-құтымызды алды ғой. 
− Әй, бұ жүгермектер өстіп ойнамаса, ойындары осылады ғой,- десіп, 
біздерді, балаларды, тұс-тұстан жазғыра тұрып, көңілдері орнына түсе бастаған 
еді. 
Ал Бели болса, аяғынан қаншама тартқылап айқайласам да, кейін шығар 
емес. Енді оның мына қылығына Бектай да шыдай алмай кетті, еңкейіп кеп: 
− Әй, Бели, болды енді, шық,- деп жекіре ұрсып аяғынан тартқан.- Сенің 
кесіріңнен қаншама жұмыс тоқтады. 
Бірақ Бели оған да былқ етпеді. 
− Әй, соның тар қуысқа кіруін кіріп ап, кейін шығуға шамасы келмей жатқан 
шығар,- деді біреу. 
− О да мүмкін,- деді екінші біреу. 
Бектай қамшысын маған ұстата берді де: 
− Кәне, былай тұршы,- деп, мені кейін ысырды да, өзі қуыстың төңірегін 
кеңейтіп, сабанды жұлқылап суырып аша бастады. Бізге қарағанда ересек, 
қайратты емес пе, қуыстың төңірегін былайғысын былай, олайғысын олай лездің 
арасында жапырып жіберді де, сұғына еңкейіп барып, Белиді кейін қарай суыра 
тартып алған. Былқ-сылқ еткен жансыз дене етпетінен жатқан күйі аяғымыздың 
астына созылып кеп түсті. 
− Әй, мынаған не болған?! — деп Бектай оны шалқасынан аударған, Белидің 
аузынан да, мұрнынан да қан лық-лық ете қалды, бажырая ашылған көзі шыныдай 
жансыз тесірейіп қарайды. Бектай дереу оның омырауын жұлқи ағытып, көкірегіне 
еңкейіп құлағын тосты да, өңі бұзылып, сұп-сұр боп танауы қусырылып, атып 
тұрды. 
− Менің құлағым түк естімейді, біреуің тыңдаңдаршы,- деді есі шыға 
абдырап. 
Топ арасынан Нүсіп шал шығып, тізерлей отырып Белидің жіп-жіңішке 
білегінен тамырын тыңдады да, басын шайқады, онан соң баланың бетін сипап 
көзін жапты, көкірегінің тұсын ұстап көрді. 


− Қайран, бала-ай, кетіп қапты,- деді күрсіне сөйлеп.- Өкпесі қысылған ғой. 
Бас-аяғы жарты айдың ішіндегі ауылдағы үшінші өлім еді бұл. 
КӨБЕГЕН 
Біз сабақтан шыққан кезде, ауылдың дәл ортасына кеп, бір ат-шана тоқтап 
тұр екен. Мына көрші ауылдағы етікші Жақыпбай шалдың ат-шанасын бірден 
таныдық. Анда-санда кеп ауылдағыларға етік тігіп беріп, астық жинап әкететін. 
Иегінде теріден қиып ап жапсыра салғандай боп тұратын бір шоқ сақалы бар, екі 
беті нарттай қып-қызыл, домалақ шал. Қазір де ауыл ортасына кеп тұрғаны етік 
тіккізуге үйіне кім шақыра қояр екен деп күтіп тұрған болар деп ойладық. Бұл 
жолы шал жалғыз емес екен, шанасында тағы біреу отыр, басында маңдайында 
жұлдызы бар әскери сұр құлақшын, үстінде сұр шинель, өзі аурудан тұрғандай 
жүдеу енді боп-боз арық адам. 
− Балалар, бері келіңдер! — деді әлгі жүдеу адам. 
Кім де болса әскерден қайтқан біреу, бірақ біз танымаймыз. Балалар жүгіре 
басып жақын келдік, біреудің үйін сұрайтын болар деп ойлағанбыз. Әлгі жүдеу 
адам арт жағында жатқан қапшықты алып ашты да, ішінен аппақ кесек тұздарды 
уыстап алып бәрімізге бір-бірден үлестіре бастады. 
− Бұл қант қой, алыңдар! Менің сендерге деп әкелген базарлығым,- деді 
әрқайсымызға күлімсірей қарап. Уысындағы біткен соң, кейіндеу жеткен балаларға 
әлгі қапшықтан тағы да уыстап алып шықты. Үлкен қапшықтың іші толы кесек қант 
тәрізді. Біз өңіміз түгілі түсімізге кірмеген тастай қатты аппақ қантты шүпірлей 
сорып, есіміз шығып тұрмыз. 
− Сен өзің базарлықты бүкіл ауылдың балаларына жетерліктей ғып әкепсің 
ғой,- деген Жақыбай шал. 
− Осы балалар алдымнан шығар-ау деп, госпитальда үш ай бойы жатқанда, 
күнделікті шайға деп берілген қантты жинай беріп едім,- деді жүдеу адам жымия 
күліп. 
Онан соң әрқайсымызға елжірей қарап: 
− Кімнің баласысың? — деп сұрайды. Біз әкеміздің атын айтқан кезде: — Ә, 
со кісінің баласы екенсің ғой. Түу, үлкен жігіт боп қапсың ғой,- деп мәз болады. 
Біз, балалар, бірде-біріміз оны танып тұрғамыз жоқ, ал ол біздің 
барлығымыздың да әкелерімізді танып-біліп тұр. 
− Әкең қайда? Әскерде ме? Әлі қайтқан жоқ па? 
− Әлі қайтқан жоқ. 
− Нешеуа, жақын арада қайтады әлі. 
− Сенің әкең ше? 
− Менің әкемнен қара қағаз келген. 
− А,- деп жүдеу адам қабағы түйіліп онан әрмен жүдеп қалады.- Жақсы жігіт 
еді, әттеген-ай…- дейді күрсініп. 
− Ал, жігітім, қай үйге түсірейін? — деген. Жақыпбай шал. 
− Білмеймін,- деді жүдеу адам күмілжіп.- Елге жеттім ғой, осы арада түсіп 
қалсам да болады. 
− Өзің еліме келдім дейсің де, ат басын тірейтін жерің жоқ болады. Сонда 
бұл қалай, жігітім? — дейді Жақыпбай шал таңырқап. 
− Әне, анау жерде бейіт бар,- деді жүдеу адам ауылдың теріскей жағын 
нұсқап,- сол арада менің әкем мен шешем жатыр. Демек, ат басын тірер елім осы 
ара. 
«Біз білмейтін бұл кім болды?» — десіп, балалар өзара күбірлесіп тұрмыз, 
оның қорасан дағынан қалған аздаған шұбары бар кескініне таңырқаса қараймыз: 


күлімсірей қараған қой көзі әрқайсымызға іш тарта елжірейді. Өзі шанадан түскісі 
келмегендей және қозғала қояр емес. Өстіп ол бізге, біз оған қарап тұрғанымызда, 
тас қойма жақтан Нүсіп шал шанаға таяп кеп, дауыстай сәлемдесіп, Жақыпбайды 
таныды да: 
− Иә, әлей болсын? — деп, жөн сұрады. 
− Міне, ауылдарыңның әскерден қайтқан бір азаматын әкеп тұрмын,- деді 
Жақыпбай шал даңғырлай сөйлеп. 
− Иә, бұ қай бала? — деді Нүсіп шал жүдеу жігітке еңкейіп. 
− Мен ғой. 
− Менің кім? Түсіңді тани алмай тұрмын, қарағым, аты-жөніңді айтпасаң? 
− Ысқақтың баласы Көбегенмін. 
− А-а! Қарағым-ау, тірі ме едің?! — деп, жан даусы шыққан Нүсіп құшағын 
жайып кеп, жүдеу адамды бас салды. Құшағына қысып, бетінен сүйіп, көзінен 
ыршып шыққан жасын тыя алар емес.- Қарағым-ай, танымай қалдым ғой. Сен 
әскерге кеткелі қанша заман?! Анау әлгі ақ пиндермен соғысардың алдында 
алындың емес пе?! 
− Иә. 
− Сонан бері қаншама жыл өтті. Өлі-тіріңді де білмеуші ек. Қарағым-ай, тірі 
екенсің ғой,-деп Нүсіп шал әскерден дәл өз баласы келгендей айналып-толғанып, 
қуанғаннан есі шығып кетті. 
Тек әлден уақытта: 
− Әй, бұл тұрыстарың не? — деді жұлып алғандай. 
− Жігіттің түсер жері болмай тұр. 
− Қой әрі, о не дегенің. Көбегенге осы ауылдың бар үйі өз үйі емес пе. Әкесі 
Ысқақ марқұм менімен түйдей құрдас еді. Жігіттің сабазы болатын… Кәне, біздің 
үйге жүріңдер! — деді онан соң бұйырып. 
Нүсіп шалдың үйі — екі үйден кейін болатын, шанаға ілесіп шуылдаса 
топырлап біз де солай қарай жүрдік. Енді қалай! Әскерден ауылдың бір азаматы 
аман-сау келіп жатқанда және ол бәрімізге базарлығым деп қант үлестіріп берсе, 
бұдан артық қандай қуаныш болмақ. Барлығымыздың аузымыз томпаң-томпаң 
етеді, өзі тастай қатты, ерекше тәтті. Мұндай қантты жеген де бар, жемеген де 
бар. 
Шана Нүсіп шалдың дәл есігінің көзіне барып тоқтаған, біз енді ғана 
байқадық: Көбегенді Жақыпбай шал қолтығынан демеп көтеріп тұрғызған, бір аяғы 
қара саннан жоқ екен. Шанадан түсірерде жігіттің екі қолына бұрын біз көрмеген 
айырық-жалғаулары бар ұзын екі таяқты (балдақ аталатынын да кейін білдік) 
ұстатты. Көбеген әлгі екі таяққа қолтығымен асылып, жерге жалғыз аяқпен секіріп 
түсіп секектей жүрген. Біз, балалар, көзіміз атыздай боп, аузымыздағы әлгінде 
ғана Көбеген үлестірген қанттың дәмін де ұмытып, үрейлене қарап қаппыз. 
Біздің ауылда соғыстан жараланып қайтқандар бұрын да болып еді. 
Қолының басынан, саусақтарынан, қабырғасынан, көзінен айырылып келгендердің 
жүріс-тұрыстарында кемдік болмаған соң олардың мүгедектігіне үлкендерді 
қайдам, ал біз, балалар, онша көңіл де аудармаған екенбіз. «Өкпемді оқ тескен» 
деген Ырысбектің өзі де бізге соғыстан сонша бір зардап шеккен адамдай боп 
көрінбейтін. Қайта, соғыстан жараланып қайтқандардың бәрі, сол құсап жүріп-
тұратын болса, онда жаралану дегенің аттан жығылудан онша ауыр болмағаны-ау, 
деген ой келетін. 
Енді, міне, Көбегеннің жалғыз аяқпен секектегенін көргенде, соғыс дегеннің 
тірі адамды қандай күйге түсіретінін ұққандай боп тұрмыз. Шын кемтарлықты 
көзімізбен алғаш көргеніміз осы еді. Балғын жүректеріміз шымырлап, сыздап кетті. 


Жайшылықта аналарымыздың: «Құдай-ау, екі қол, екі аяғынан айрылса да 
кеудесінде шыбын жаны аман келсе ризамын»,- деп, зар еңіреп жылағанын 
естігенде, онша мән бермейді екенбіз. Екі қол, екі аяғы емес, жалғыз аяғынан 
айырылған адамның мынадай мүшкіл халін көргенде, төбе шашымыз тік тұрды. 
Қайран азамат, қандай мүсәпір күйге түскен, анау жалғыз аяқ, екі таяқпен мына 
қалың қарда есіктен аттап шығуы зар ғой. Неткен қорлық! Соғыс дегеннің 
ауыртпалық, аштық-жалаңаштық, жетімдік-жесірлік қана емес, адамның — кәдімгі 
қол-аяғы бүп-бүтін, төрт мүшесі түгел, сау адамның кісі аярлық кемтар күйге, 
пақыр күйге түсу екенін осы сәтте анық түйсініп тұрдық. 
* * * 
МТС-қа Байдалы шал өзі апарып салған соң, жарты айдан кейін Нәзира 
әпкем бір күнге демалысқа келген, Біраз күн болса да көрмегендікі ме, өзгеріп 
кеткен. Бұрын ылғи далада жел қақты боп тотығып күреңітіп тұратын дөңгелек 
жүзі ат жақтанып, бозарып жүдеу тартқан, толықтықтан төртбақтанып тұратын 
бойы да таралып, сұңғақтанып өскен сияқты, тіпті киген киімдері де басқаша: 
шашын төбесіне түйіп, басына құлақшын киіп апты, кәдімгі газетке шыққан 
Мәншүк Мәметованың құлақшын киген суретіне ұқсап тұр: күпәйкесін шешкен, 
үстінде көйлек орнына кеудесі мен шалбары біртұтас тігілген қызық бір киім — 
мына қалпында бойжеткен қыз емес, еркекшора біреу сияқты көрінеді. Оның 
киімдеріне тіксіне қараған әжем: 
− Өзің Нәзирамысың? — деді. 
− Иә, Нәзирамын, мына тұрған ырымшыл, діншіл кемпірдің немересімін,- 
деді әпкем ерке үнмен күле сөйлеп. Осылай киінгені өзіне ұнайтынын жасыра 
алмай тұр.- Немене, танымай тұрсыңдар ма? 
− Танымай тұрмыз. 
− Онда танып қойыңдар, енді екі ай жарымнан кейін темір тұлпар 
трактордың құлағында ойнайтын мықтыңыз мен болам,- деп кеп, әпкем әжемді 
құшақтай көтеріп ап, бетінен шөп-шөп сүйген. 
− Тә, сүйектерімді сындырдың, онысы несі, кәпір,- деп әжем ашуланған боп 
күледі. 
Мұнан әрі әпкем әжемді қоя бере, өзіне жаутаңдаса қарап қалған кішкене 
балаларды кезек-кезек құшақтап беттерінен сүйіп, қолдарына бірдеңелер 
ұстатқан. Олар: «Бұ не?», «Бұ не?» — дескен таңырқап. 
− Мәмпәси ғой. 
Ең соңынан мені кеп арқамнан қағып, құшақтап бетімнен сүйді де: 
− Бойың өсіп, жігіт боп қапсың ғой,- деді еркелетіп. Ой, алла-ай, осы сәттегі 
Нәзира әпкемнің мінезі де, даусы да құдды апам сияқты айнымай қалған еді. 
Кішкене балаларға ұстатқан мәмпәсиінен маған да берді және төс қалтасынан 
кішірек төрт бұрышты кітапшаны алып.- Мә, блокнот,- деді. Бұл менің өмірімдегі 
судыраған ақ қағаздан тігілген блокнотты қолыма алғаш ұстауым еді. 
Мұнан әрі Нәзира әпкем түйіншегінен жылтырақ қағазға оралған алақанның 
жартысындай ғана нәрсені алып, қайрыла әжеме бұрылып: 
− Мынау жарты шайды саған әкелдім,- деді. 
− Құлыным… күнім…- деп көзіне жас толған әжем демігіп бірден сөйлей 
алмай қалды. Тек сәлден кейін ғана: — Өзің боп-боз болып жүдепсің, осының 
бәрін тамағыңнан жырып алып жүрсің-ау-ә?! — деді кінәлай сөйлеп. 
− Тамағым аш емес, әже. Есіңде ме, былтыр жазда облигацияға 
жазылғанымызда, соның ақшасын төлеу үшін мына таудағы омарташы орыс 
шалына ақ ешкіні лағымен сатып ек қой, сонда елу сомды апам маған берген, 
тығып қой деп, ұстап жүргенім сол ақша. Ал мына комбинезон мен құлақшынды 


МТС-тың директоры бергізді. Ылғи еркектердің арасында көйлекпен тракторға 
отырып-тұру ыңғайсыз болады деп. Трактористер курсында екі қыз оқимыз. 
Екеумізге де директордың өзі қамқорлық жасап отырады. 
Сонымен біздің үйде кішігірім той болды да қалды. Сол күні Нәзира әпкемнің 
үйге келгенін пайдаланып әжем Көбегенді қонаққа шақырып жібермек болды. 
− Алыстан, оқ пен оттың арасынан келген ер-азамат, дәм татырмағанымыз 
жарамайды,-деді. 
Күздегі сары серкенің бір жілігін сақтап келген екен, әжем соны қазанға 
салды. Маған қол диірменге мол ғып талқан тартқызды, жарым кесе, бір кеседен 
үнемдеп неше күннен бері жинастырып жүрген қоңыр сиырдың сүтін кіші қазанға 
жарты қазан етіп пісіріп, оның бетіне қаймағы тұрсын деп жауып қойды, сөйтіп, 
көптен — апам қайтыс болғаннан бері біздің үйде бола қоймаған дастарқан мәзірі 
әзірленген. Осының бәріне қоса Нәзира әкеп берген жарты кірпіш шайы әжемнің 
бүкіл ауылда өзінен басқа ешкімде жоқ байлығы еді. 
− Әй, Қанат, басқа біреу шақырып қойып жүрер, сен қазір ертерек барып 
ескертіп келші Көбегенге, бүгін кешкісін біздің үйден кеп дәм татсын,- деді әжем 
мені жұмсап.- Нүсіптің үй іші түгел бірге келсін деді де. 
Әскерден қайтқан адамға дәм татқызатын салт бойынша шамасы келгендер 
Көбегенді күнделікті кезекпен қонаққа шақыратын. Оқ пен оттың астынан аман-сау 
қайтқан ер-азаматқа ақ пейілдерімен бары бір асым етін асып, жоғы қара 
талқанмен болса да бір шәугім шайын әзірлеп сый-құрметін білдіреді. Және 
қонаққа Көбегеннің жалғыз өзін алаламай, Нүсіп шалдың үйін тегіс қоса 
шақырады: шалдың өзі, кемпірі және жалғыз қыздары Шынар — барлығы бірге 
келіп, бір үйдің адамдарындай жадыраса отырып, өздері де, келген үйлері де, 
әуелі, Көбегеннің соғыста басынан кешкен әңгімелерін тыңдап, одан ауылдың 
өткен-кеткенін қозғап, ақырында түннің бір уағына дейін Көбегенге Еңлік -Кебек, 
Қалқаман — Мамыр, Мұңлық — Зарлық сияқты қиссалардың бірін айтқызып, 
арқалары кеңіп, бір сейіліп қалады. 
Көбегеннің даусы керемет зарлы. Қиссаларды ескі бір әуендерге салып 
зарлатқан кезде, төбе құйқаң шымырлайды. Мұраттарына жете алмай, қосыла 
алмай арманда кеткен ғашықтардың, жауыздықтың қырсығынан бір-бірінен 
айырылған бауыр мен қарындастың зар-мұңы соғыс кезінің зар-мұңымен ұштасып, 
әркімнің жүрегіндегі жарасына тиетін болу керек, тыңдаушылар егіліп отырып, көз 
жастары сорғалап отырып тыңдайды. 
Сөйтіп, аз күннің ішінде-ақ Көбегеннің қиссашылығы бүкіл ауылға тарады. 
Біреулер: 
− Шіркіннің даусы-ай, сай-сүйегіңді сырқыратады? — деп тамсанса, 
екіншілері: 
− Апыр-ай, десеңші, анау жылы әскерге алынбас бұрын мұның «әу» деген 
өнерін байқамаушы ек, осының бәрін қайда жүріп жаттап алған өзі? — деп 
таңданады. 
− Е, ол кезде сендер байқайтындай ма, едіңдер? Көздерің аспанға қарап, 
шатырайып шолақ белсенді болғандарыңа мәз боп, арақ ішуден асқан өнер жоқтай 
көруші едіңдер ғой,- дейді үшіншілері. 
− Шерменде ғой, байғұс. Жастайынан ата-анасынан жетім қап не көрмеді. 
Соның бәрі көкірегінде беріш боп қалды емес пе…- дейді төртінші біреулер. 
Үлкендерден естуімізше, Көбеген ата-анасынан жастайынан жетім қап, 
ауылда әркімнің есігінде жүріп өседі. Кішірек кезінде баласы жоқ үйлердің қозы-
лағын қарап, есейіңкіреген соң жекеменшіктің қой-ешкісін бағады. Екі-үш кластық 
білім алып хат танығаны болмаса, оқымайды. Сөйтіп, әскер қатарына алынғанға 


дейін ешкім көзге ілмеген жалғыз басты жан болып кете берген. Алғашқы ақ 
финдермен соғысқа қатысқан, одан кейін Отан соғысының алғашқы күнінен бастап 
қырық төртінші жылдың ноябріне дейін, яғни аяғынан жараланғанға дейін 
майданның алдыңғы шебінде болған. Өзі бұған дейін төрт рет жараланған екен, ол 
жаралары ылғи жеңіл болып, госпитальда бірер ай жатып, сауығып майданға 
қайта аттанып отырыпты. Өз айтуынша, ауылға екі айсыз жеті жыл дегенде 
қайтып оралыпты. Сол екі айсыз жеті жылдың ішінде ауылдан не бары үш-ақ хат 
алған екен; оның екеуін соғыс басталардың алдында Тоқтар жазыпты, ал үшінші 
хатты осыдан екі ай бұрын госпитальда жатқанында Мұқан ағайдан алыпты, 
ауылдың амандығын айта кеп, өзінің әскерге аттанып бара жатқанын, мұның 
адресін военкомат арқылы анықтап алғанын жазыпты. 
− Осында әскерден қайтқан кейбіреулер бар-жоғы бес-алты айдың ішінде 
ана тілімізді ұмытып қаппыз деп, не орысша емес, не қазақша емес былдырық 
сөздерді шатып-бұтып келеді, ал сен ғой жеті жыл әскерде жүріп осынша 
қиссаларды қалай ұмытпағансың? -дегенде, Көбеген: 
− Қайдам, ұмыту, ұмытпауды ойлаған емеспін. Анда-санда қазақ жігіттері 
бас қосқанда айтатынмын. Онан соң госпитальда жатқан кезде екі-үш қазақ 
жатты, соларға айтатынмын,- деді. 
Ауылдағы барлық үйлер сияқты Нүсіп шалдың үйі де екі бөлмелі болатын, 
ауыз үйге отын-су жиналатын да, түп үйде үй иелері тұратын. Еркегі бар үй, оның 
үстіне шалдың өзі де ұқыпты, шаруақор адам, жылда жазда үйін майлап-сылап 
жөндеп отырады, сондықтан басқа үйлерге қарағанда тап-тұйнақтай, тап-таза еді. 
Есігінің алдын да қардан кең ашып, тазартып күреп тастапты. Кішкене терезенің 
алдынан өтіп бара жатып ішке көзім түскен, Көбеген маңдайы жарқырап терезе 
алдында етік тігіп екен. «Еркегі бар үйдің тірлігі осы ғой»,- дедім іштей қызығып. 
Мен сәлем беріп кіріп барған кезде, шал мен кемпір үйлерінің ортасында 
қыздарының аяғына екі жақтап еңкейе қарап, жігі-жапар боп жатыр екен. Мені 
көре сап Шынар әке-шешесін ысырып тастады да: 
− Кәне, қандай екенін мына Қанат айтсыншы,- деді жуан даусымен гүж ете 
түсіп, сөйтті де маған қарай жүрді, бір аяғына су жаңа сыңар етік киіп апты. 
− Қалай, Қанат, етігім аяғыма жараса ма? 
Бір оңға, бір солға аяғын бұраңдата басып менің алдыма кесе-көлденең тұра 
қалған, етігі мұз басқандай сықыр-сықыр етеді, топ-толық балтыры қонышын 
жарып жібере жаздап тұр. Обалы не керек, етігі де суреттей әдемі екен және 
жалтыраған хром қонышты тырсылдатып көріп тұрған Шынардың топ-толық 
балтыры да әдемі көрінді. 
− Жақсы! — дедім шынымен сүйсініп… 
− Қонышы тарлау сияқты ма, қалай? — деген әкесі. 
Жоқ, Қанат айтты бітті, ал екеуіңнің айтқандарыңа сенбеймін,- деді Шынар 
әке-шешесіне шолжаңдай еркелеп,- Енді осы етікке лайық көйлек керек. Әке, естіп 
отырсың ба?! Давай, анау бір қойыңды сат та, ауданға базарға барып қайт! 
− Мақұл, мақұл,- деді әкесі күліп. 
Шынар шал-кемпірдің жалғыз қызы еді де, мінезі шолжаң, аса ерке болатын. 
Бүкіл ауылда мына жаман шал әкесінің арқасында колхоздың ауыр жұмысына 
бармайтын, не кием, не ішіп-жеймін демейтін, таршылық көрмеген бір адам болса, 
ол — осы Шынар. Қазір де еркелігіне басып, етігін сықырлата тұрып: 
− Аяғымда былғары етік сықыр-сықыр етеді. 
Құлағымда алтын сырға сыңғыр-сыңғыр етеді, — деп әндете билеп қойды. 
Қыздарының қуанышына әке-шешесі мәз-мейрам. Терезе алдындағы Көбеген де 
қолындағы ісін қоя тұрып, Шынарға күле қарап қапты. 


Мен әуелі Көбегенге, онан соң шал-кемпірге үй-іштерімен тегіс қонаққа 
шақыра келгенімді айтқам. Тіпті қуанып қалды. 
− Нәзира келді ме? — деп сұраған Шынар. 
− Келді, қазір үйде. 
− О-о, тамаша! Нәзираға айта бар мені де келеді деп. Және жаңа етігімді 
киіп келем, байғазысын әзірлей берсін. Аға, естіп отырсыз ба? — деді онан соң 
Көбегенге еркелей қарап.- Анау екінші сыңарын кешке дейін бітіретін болыңыз, 
білдіңіз бе?! Бұл сізге әскери тапсырма! 
− Құп болады, Шынаржан! — деді де оның еркелігін ағаша қабылдап мәз 
болып. Дереу етіктің екінші сыңарын қалыпқа кигізе бастады. 
Кешкісін Шынар біздің үйге жаңа етігін киіп келген. Қызысың деген емес пе, 
Нәзира әпкем қатты қызықты, Шынарды ауыз үйге шығарып ап, қояр да қоймай 
тұрып етігін шешкізіп, өз аяғына киіп көрді. 
− Аздап қысады екен,- деді бұл да аяғын оңды-солды ойрандата басып 
(қыздардың бәрінің өститін әдеті болу керек),- бір-екі күн кисем кеңейіп кетер еді. 
− Мына Көбеген шебер етікші екен. Сен де өзіңе бір етік тіккізіп алсаңшы, 
мен айтайын. 
− Былғары жоқ қой. Айтпақшы, апамның ескі етігінің қонышына жаңа бас 
тауып тіккізуге болатын шығар? 
− Болады. Мен әкеме айтайын, жаңа бас тауып береді. Өзің МТС-қа қашан 
қайтасың? 
− Таңертең ерте тұрып кетуім керек. 
− Онда әлгі қонышты қазір тауып қой, кетерде Көбегенге аяғыңды өлшетіп 
ала кетейік. 
Біз түп үйге кірген кезде, үлкендер өткен-кеткенді қозғап қызу әңгіменің 
үстінде екен. Әңгімені қозғаушы Нүсіп шал да, әжем соны кеу-кеулеп қойып отыр, 
арагідік Нүсіп шалдың кемпірі де араласып сөз қыстырып қояды. Сәл тыңдаған соң 
ұққаным — әңгіме Көбегеннің улы бабасы туралы екен. 
− Жарықтық, сөзге шешен, сері адам болыпты, бір үлкен жиында жесір дауы 
сөз болғанда: «Әйел — ана емес пе? Ананың басын саудаға салғанның жүзі қара 
емес пе?! Біз бүгін бір жесірдің мойнына дұзақ салсақ, ал күні ертең одан туған 
ұрпақ рулы ел болғанда, соларға не бетімізді айтамыз деп, көпшілікті өз жағына 
қаратып, жесірді зорлықшылардан азат еткен екен,- деді Нүсіп шал әңгімесін 
аяқтап. 
− Айтқаны келді ғой, сол Сәбира апамнан тараған ұрпақтың бірі мына 
Нұғыман емес пе,-деп әжем іліп әкеткен. 
− Иә да,- деп қойды Нүсіп шалдың кемпірі де. 
Мұндай ұлы бабасын мадақтаған әңгіме Көбегенге айрықша ұнайтын болса 
керек, өңі нұрланып, бір сөзді мүлт жібермей еліте тыңдайды. 
− Менің етігім Нәзираның аяғына құйып қойғандай жақсы жарасады екен,- 
деді еркелей кірген Шынар үлкендердің әңгімесін ортасынан қақ бөліп.- Көбен аға, 
бұл сізге жасаған құлаққағысымыз. 
− Тігуге болады ғой,- деген Көбеген созыла сөйлеп. 
− Бітті онда, келістік,- деді Шынар сол ерке үнмен.- Нәзира, естідің ғой. Әлгі 
қонышыңды әзірлеп қой, кетерде мен ала кетем. 
Дастарқан әзірленіп ет желінді, онан кейін шай жасалды. Әжем кірпіш 
шайын қап-қара ғып демдеп шығарып шоққа қойып, қаймақ қатып қоңыр күрең 
ғып құйған кезде, бүкіл үйдің ішін шайдың хош иісі алып кетті. Кішкентай 
балаларға дейін танаулары делбіреп қалған. 


− Паһ, паһ… Мұндай шайды ішпегелі қай заман. Нағыз үнді шайы ғой. 
Қайдан келген? 
− Нәзира әкелді. Мытыста біреуден сатып апты. 
Үлкендер шайдың дәмін ала түскілері келгендей асықпай сораптай ұрттайды 
да, «У-һа-а»… деп ұзақ тамсанады. Жарты кесе ып-ыстық шайды сөйтіп отырып 
әне-міне дегенше төңкеріп салады. Сәлден кейін-ақ маңдайлары жіпсіп, рақат бір 
күйге еніп, балбырай бастады. Өмірлерінде басқа бірде-бір асты дәл осылай өне 
бойлары балқып отырып ішпейтін шығар. Орамалмен маңдай терлерін сәнмен ғана 
сүртіп қояды. 
− Түу, жарықтық-ай, буын-буыныма түсті ғой,- дейді Нүсіп шалдың кемпірі. 
− Іш, жаңалап демдеп қойдым,- дейді әжем. 
Нәзира әпкем мен Шынар екеуі бір-екі шыны-аяқтан ішкеннен кейін-ақ 
ыдыстарын төңкеріп, тұрып кеткен. Екеуі кәннің үстінде күбір-күбір әңгімелері 
таусылар емес. 
Бір кезде шай да ішіліп болды-ау. Дастарқан жиылып, аз-кем тоқ басқаннан 
кейін Көбеген көтеріле отырып, Нүсіп шалдың: «Ал бір қиссаңды «әу» деп жібер!» 
— деген тілегі бойынша, тамағын кенеп, біраз жөткірініп алды да, «Бозінген» деген 
жырды бастады. Мен бұрын балалардан естігенім болмаса Көбегеннің жырын 
бірінші тыңдауым еді, даусының сәл жарықшағы бар, шырылдаған зарлы екен, «а» 
дегеннен төбе құйқамды шымырлата жөнелді. Бозінгеннің шудасы желкілдеп 
керуенге қосылғанынан бастап-ақ қайғылы бір сарын білінген, содан інгеннің 
ботасынан айрылып зар илеп боздаған тұстарына келгенде, басы әжем боп 
көзімізден жас сорғалап берді. Қаншама тістеніп, намысқа тыртысып жыламауға 
тырысқанмен, тамаққа тығылған ащы өксік жүйке-жүйкені сыздатып, ып-ыстық жас 
көзге құйыла береді. 
Ботасынан айырылған мендей сорлы бар ма екен… 
Неге жоқ?.. Бар ғой, бар. Міне, менің әжем де дәл сондай ғой, ботасынан 
айырылған боз інгендей боздап қалды емес пе? Біз де солай сорлап қалған сорлы 
жетімектерміз ғой. Біз әкемізден-шешемізден айырылдық қой! 
Көл-көсір аққан көздің жасы. Ыстық жас. Қорс-қорс етеміз. Әжем айтпақшы: 
«Уһ, дүние, жалған-ай!..» Енді қайтып еш уақытта, еш уақытта әкемізді, шешемізді 
көрер күн жоқ қой!.. Қайран әке!.. Қайран шеше!.. Көке! Көке!.. Апа! Апа!.. 
Сендерден айырған сұм тағдыр неткен опасыз еді! Неге ғана бізді тастап 
кеттіңдер?! Зар илетіп, зар еңіретіп қалай қиып кеттіңдер?! Зәбір көріп, жапа 
шегіп, зар еңіреп жүрсін дегендерің бе?І Неге? Неге, бізді тастап кеттіңдер?! 
Бозінгеннің бір жақсысы ең соңында ботасын тауып, бақытқа кенеледі екен. 
Біз тыңдаушылар соған риза болдық. Бозінгенге қосылып біз де қуанышқа кенеліп, 
көл-көсір аққан көз жасымыздың төлеуі қайтқандай, шерменде көңіліміз жеңілейіп, 
жадырап қалдық. Өксік-солығымызды баса отырып, Көбегенге сонша риза 
көңілмен, алғысты көңілмен елжірей қараймыз. 
− Өркенің өссін, қарағым! — деді әжем. 
Сонан біразға дейін үйдің іші тым-тырыс боп, әлгіндегі ғажап жырды 
бойымызға сіңіргендей күйде отырғанбыз. Үнсіздікті Нүсіп шал бұзды. Өзінің бала-
шаға, кемпірлерге қосылып жыламағанын білдіру үшін, көпе-көрінеу көңілді 
дауыспен: 
− Апыр-ай, Көбеген қарағым-ай, неше күн болды тыңдап келем, әр кеш 
сайын мен естімеген бір жаңа қисса айтасың. Осының бәрін кімнен және қашан 
үйренгенсің? — деді таңырқап. 


− Бала кезімде, осы ауылда үйрендім ғой,- деді Көбеген маңдайының терін 
сүрте отырып.-Қанапия, Сәдіғұл марқұмдардан үйренгем, біразын кітаптан өзім 
жаттап алдым. 
− Иә-ә, Қанапия, Сәдіғұлдар жез таңдай жыршылар еді ғой! 
− Баяғыда Күреңбелде күзекте отырғанымызда,- деп әжем киіп кетті сөзге,- 
біздің үйге Сәдіғұл келіп екі күн, екі түн өлең айтқаны есімде. Сонда даусы бір 
қарлықпады-ау, шіркіннің! 
− Қанапия да сондай дүлдүлім еді ғой! — деп іліп әкетті тағы да Нүсіп шал.- 
Мына осы үйде отырып ол шырқағанда, даусы сонау Мытыстағыларға естілер еді 
ғой… 
− Әй, шал, ертең де күн бар, қайталық енді,- деді осы кез кемпірі. 
− Иә, кел демек бар, кет демек жоқ, рақмет, ақ жеңеше! — деп, Нүсіп шал 
әжеме қарап бата жасап, бетін сипады. 
− Мен осында Нәзираның қасына қонам,- деген Шынар. 
− Мейлің,- деді шешесі. 
Балдағына сүйеніп Көбеген де тұрды. 
− Рақмет, әже! — деді. 
− Саған да рақмет, қарағым. Көңілімізді бір көтеріп тастадың. Үй осы, келіп 
тұр. 
Көбеген шоқалақтап есік алдына барды да, кілт қайта бұрылып Нәзира 
әпкеме: 
− Нәзира, аяғыңды өлшеп алайын,- деді. 
Маған қағаз-қарындаш алғызып, еңкейе тұрып Нәзира әпкемнің аяғын 
жалаң аяқтандырып қағаз бетіне сызып алды. 
− Қонышы Шынардікіндей болса жарай ма? — деп сұраған. Нәзира әпкем 
қызарақтап басын изеді. 
− Нәзираның аяғы менің аяғымнан сәл-сәл ғана үлкен екен,- деді осы тұста 
Шынар. 
Әжем кішкене балалармен кән пештің үстіне жатты да, біздің төсектеріміз 
төрге қатарластыра салынды. Мен жалғызбын да, Нәзира әпкем мен Шынар екеуі 
бірге жатты. Әжем де, кішкене балалар да, бастары жастыққа тиісімен, тез 
ұйықтап қалды. Ал Нәзира әпкем мен Шынар екеуінің қыбыр-жыбыр сөздері 
таусылар емес. Біріне-бірі «быды-быды» деп ауыздары-ауыздарына жұқпай 
күбірлейді-күбірлейді де, бір кезде қиқылдаса күліп тұншығып қала жаздайды, 
әйтеу, әңгімелері керемет қызық, үш-қиыры жоқ ұзақ. Бұл екеуі қиқылдасып-
шиқылдасып жатқанда, мен қалай ұйықтайын, көзім бажырайып, бірде 
айтқандарын естіп қап, бірде естімей, бірде түсініп, бірде түсінбей дөңбекшідім де 
жаттым. Біраздан кейін әжемнің ояна қоймасына көздері жеткен екеуі, мені де 
ұйықтап қалды деп ойлады-ау деймін, жыртақтап дауыстары шығып, еркіндеу 
сөйлесе бастады. Көбіне сөйлеп жатқан Шынар. 
− Өзі сондай ұялшақ, мен бажырайып бетіне тура қарасам, қызарақтап 
төмен қарап кетеді. «Аға, сіз неге маған тура қарамайсыз?» — деймін қасақана. «О 
не, қалқам!» — дейді түк ұқпағандай. «Неге менің көзіме тура қарамайсыз?» 
деймін. «Иә, ал қарадым, не айтасың?» — дейді ақырын сөйлеп. «Түк те демеймін, 
маған тура қарасаңыз болды» деймін. «Әй, Шынар қалқам-ай, тым ерке боп есіпсің 
ғой»,- дейді. «Е, ерке болмай-шы,- деймін мен,-Әкем мен; апам барда, енді мына 
сіз барда, мен ерке болмай, кім ерке болады?» Ол: «Дұрыс, дұрыс!» — деп күле 
береді. 
− Әй, қу қыз-ай, сен оны өйтіп жүріп бездіріп аларсың. 
− Безсе кете берсін. Хи-Хи… ха-ха-ха…. 


Қатып ұйықтап қаппын. Таңертеңгісін оянсам, Нәзира әпкем де, Шынар да 
жоқ, төсектері жинаулы тұр екен. 
Он шақты күннен кейін МТС-қа бара жатқан Бектайдың шанасына отырып, 
Нәзира әпкеме барып қайтпақ болдым. Әнеугүнгі келіп кеткенінен кейін өзінен еш 
хабар болмай, әжем де мазасызданып жүрген, енді шана кездескеніне қуанып 
қалды. Халін біліп кел деп, екі кеседей талқан, қарны ашқанда қажақтасын деп 
бес-алты құрт салып берді. Сөйтіп, ес білгелі алғаш рет өз бетіммен ауылдан он 
шақырымдай жердегі МТС-қа жол шектім. 
Ауыл орталығын қақ жарып жүретін үлкен жолменен желдіртіп келе 
жатқанбыз, Нүсіп шалдың үйінің тұсынан кемпірі қол бұлғап шыға келді, басында 
кимешегі ғана, қамзолшаң жеңіл қалпы, бізді кере сап жүгіре шыққан болу керек. 
Бектай атының басын тартқан. 
− Мысыға бара жатырсыңдар ма? 
− Иә. 
− Онда әлгі Көбегенді біле келіңдерші, қарақтарым. Үш күн болды сол жаққа 
кеткеніне, хабар жоқ. Бірдеңеге ұшырап қалды ма деп мазамыз кетіп отырғаны. 
− Жарайды, кездессе ала келеміз,- деді Бектай. 
Мұнан әрі еш тоқтаусыз жүріп кеттік. Бектай ырғай сапты бишікті ысқырта 
үйіріп-үйіріп қойған, почта тартатын шағыр көз жирен жұлқа жөнелді. Бектай 
маған қарай бір қырындай аяғын соза жантая отырды да: 
− Ал, Қанат, жол қысқарту үшін әңгіме айт,- деді. 
− Мен не әңгіме айтам,- дедім күмілжіп. 
− Қыздар туралы, оларға қалай ғашық болып жүргеніңді айт. 
− Мен әлі ғашық боп көргем жоқ. 
− Қой, оныңа кім сенеді. Әжібек бәрің бас қоса қалсаңдар, қыздарды сөз 
етесіңдер ғой,-деп Бектай қарқылдап күлді. 
Мен екі бетім дуылдап қызарып кетсем керек, өйткені есіме анау кездегі 
Әжібектің күйіп-жанған ғашықтығы туралы әңгімесі, Мәриді шақыртып алмақ 
болғаны түскен. Бектай соған мегзеп келеді-ау, деп қысылдым. 
− Өзің ұялып кеттің ғой, жә, қалжыңым ғой,- деді Бектай иығымнан қағып. 
Бектай жайшылықта ауыл арасында көк құнанымен едіреңдетіп жүргенде 
жан адамды менсінбейтіндей боп көрінетін. Тобылғы сапты қызыл қамшысын 
сәнімен сілтеп қойып жұрттың бәрінің төбесінен қарайтын, әсіресе балаларға 
кезіккенде ернін шүйіре тұрып немқұрайлы ғана көз тастап: 
− Әй, шаңдатпасаңдаршы! — деп одыраңдап ете шығатын. Өзі Әжібектен 
бірер жастай ғана үлкен, бірақ соған қарамастан жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі одан 
әлдеқайда ересек адам сияқты еді. 
Қазір екеуміз шанада қатарласа жантайып отырмыз. Шағыр көз жирен желе 
шоқырақтап тұяқтарымен қатқақ қарды шанаға кесек-кесегімен бората лақтырып 
келеді. 
− Ой, мына қалыпта біз МТС-қа жеткенше көшкіннің астында қалармыз,- 
деді Бектай аттың басын іркіп. Онан соң астымыздағы шөптен көтеріп шананың 
алдыңғы жақтауының саңылау тесіктерін бітедік.- Сен мына тонды жамылып отыр,- 
деп, өзімен ала шыққан үлкен қара тонын менің иығыма жауып, омырауымды, аяқ 
жақтарымды қымтап қойды. 
− Мен тоңбаймын, өзің жамылсаңшы,- деп едім. 
− Жо-жо, мен ат айдап қимылдап отырам, қозғалыссыз отырған адам тоңып 
қалады,- деді. 
Енді байқадым, көк құнанның үстінде қоқиып жүргенде үп-үлкен, ересек боп 
көрінетін Бектай жақыннан қарағанда өзіміз сияқты бала екен, тіпті әлі мұрты да 


жоқ, тебіндеп қана ізі білінеді. Бұған қарағанда Әжібекке мұрт бұрын өсетін 
сияқты. 
− Неге күлесің? — деді. 
− Жай. Мен сені есепші болғанға үлкен адам екен десем…- дедім. 
− Иә, немене, үлкен адам емес пе екем? 
− Өзіміз сияқты бала екенсің. 
− Ә, күліп отырғаның сол ма? Әрине, баламын, бірақ сендерге қарағанда 
ересек баламын. Маған ойнауға болмайды сендер құсап, шәлкестік жасауға да 
болмайды… 
− Неге? 
− Болмайды, сол… Мына соғыс бітсін, амандық боп. Біздің әскер қазір жауды 
қуып, өз жеріне қарай тықсырып апара жатыр ғой. Көп ұзамай тас-талқанын 
шығарамыз әлі… Әй, сонан кейін ойынның түбін түсіріп тұрып ойнармын-ау! Мен 
сендердің ойындарыңа кейде сырттай қарап қоям, қызық ойындарды білмейсіңдер. 
Соғыстың алдында біздер ойнаушы ек!… Шіркін, ойын деп соларды айт!.. Мен 
асықты жақсы ойнайтынмын. Анадай жерден өрістен атқанда дәл тигізіп, сақамды 
дүп қатыратынмын. Бір жазда бес жүз асық ұтқаным бар… Асық ойынында қолыңа 
жағатын жақсы сақаң болуы керек, ауыр да емес, жеңіл де емес болсын. Асыққа 
тигенде дүпте қатсын… 
Мұнан әрі Бектай қолыңа жағатын сақаны қалай жасау керек екенін, оны 
бізбен қалай үңгіп тесіп, қорғасынды қалай құю керек, табанын қай мөлшерде, 
қалай қайрау керек екенін тәптіштеп әңгімелеп кетті. Бір ауық мен де асық 
ойнауда қара жаяу емес екенімді, сақаны мен де бір адамдай тәуір жасайтынымды 
айтып өзара қызу әңгімеге кірісіп кеткенбіз. Кенет желіп келе жатқан атымыз оқыс 
ішін тартып осқырынып кілт тоқтай қалды. Алдымыздан анадай жерде жолдың дәл 
ортасымен бізге қарсы Көбеген келе жатыр екен. Атымыз содан үркіп тоқтапты. 
Аттың өзінен үркектеп тұрғанын көріп Көбеген бір шетке қарай шығып бізге жол 
берді. Қасынан өте бере, біз шананы тоқтатып қосарлана сәлем бердік. Көбеген 
ернін ғана қыбырлатты. Өзі әбден қара терге түсіп, өңі түтіге қарайып кетіпті. Бізге 
шаршаған жабырқау кейіпте самарқау ғана бір қарады да жол ортасына түсіп 
жүріп кетті, жүріп кеткен жоқ, балдағына сүйеніп жалғыз аяғымен шоқырақтай 
жөнелді. 
− Аға, шанаға отырыңыз. Қазір біз МТС-қа барамыз да шаруамызды бітіре 
сап кейін қайтамыз,- деген Бектай. Көбеген қайрылған жоқ, естімеген адамша 
жүре берді. Балдағы қарға қатты батып, әр аттаған адымы ауыр тиіп бара 
жатқанын біз сезіп те, көріп те тұрмыз. 
Бектай шыдай алмай шамадан қарғып түсіп соңынан жүгіре ұмтылды. 
− Аға, тоқтаңызшы! — деп ышқына дауыстап қуып жеткен. Көбеген сәл 
кідіріп бұған бұрыла қарады да, бірдеңе деп ақырып жіберді. Бектай оған тағы да 
бірдеңе деп жақындай берген, Көбеген бір балдағын көтеріп ап салып жіберуге 
шақ қалды. Бектай кейін қарай секіріп түсті. Көбеген тағы бірдеңе деп кіжінді де, 
жол ортасына түсіп, бұрылып қайтадан жүріп кетті… 
Жүні жығылып абдыраған Бектай қайтып кеп шанаға отырған: 
− Жынды ма-ей, өзі, біз оған жанымыз ашып жүрсе, боқтайды,- деді ыза 
болып. 
Шағыр көз жиренді бишікпен шықпырта салып жіберген, ол жануар ыршып 
түсіп шаба жөнелді. Кейін жаққа қарай береміз, шоқақ-шоқақ еткен Көбеген 
біртіндеп алыстап, сәлден соң мүлде ұзап кеттік, мидай жазық қарлы далада қара 
ноқатқа айналды, кішірек бір белеңді асқанымызда, көзден де таса болды. 


− Әй, осы соғыстан қайтқандар қиын,- деді Бектай әлі де ұмыта алмай,- 
Шетінен контужный. 
Биік дөңнің үстіне шыға келгенімізде, дәл иегіміздің астында, ойда, үлкен 
ауыл MTС жатты. Мұндай үлкен ауылды бірінші көруім, о шеті мен бұ шеті ат 
шаптырымдай шығар, үйлері сонша көп болар ма, жыпырлата салынған, төбесінен 
қарағанда құмырсқаның илеуі сияқты. Және көшелері де көп екен. Көше бойлары 
селдіреген ағаштар. 
− Ойпыр-ой, үйлерінің кебін-ай! — деппін ішегімді тартып таңырқап.- Мына 
құжынаған көп үйдің арасынан әркім өз үйін адаспай қалай табады екен? 
МТС-қа бұрын да талай кеп жүрген Бектай күле қарады. 
− Әй, надандық-ай,- деді кекетіп.- Қалай тапқаны несі? Мұнда әр көшенің 
аты, үйлерінің саны бар. Сол бойынша еш адаспай оп-оңай табады. Мысалы, 
мынау сол жақ қапталдағы сырты қоршаулы жатқан МТС-тың ауласы,- деп көп 
комбайндар мен тракторлар қатар-қатар тізіліп тұрған тұсты нұсқады.- Оның бергі 
жағындағы екі қабат үйлер МТС-тың кеңсесі және бастықтары тұратын үйлер. Ал 
мына оң жақтағы созылып жатқан көп терезелі ұзын үй — жатақхана. Сенің 
Нәзира әпкең сонда тұрады. 
− Ал анау көп үйлерде кімдер тұрады? 
− Осы МТС-тың жұмысшылары. 
Көшеге де кірдік. Міне, үй деп осыларды айт, зәулім биік, шатырлары тура 
кітаптағы суреттердей, төбелеріне қарасаң, басыңнан қалпағың түседі. Есіктерінің 
алдында тақтайдан жасалған: баспалдақтар, ақ боран ай бойы соқса, қар баса 
қоймас. Шіркін осындай үйлерде де адам тұрады-ау! Ал анау, екі қабатты үйде 
тұратындар тіпті ерекше адамдар шығар! 
Шана әлгінде төбеден Бектай жатақхана деп көрсеткен ұзыннан-ұзақ 
салынған көп терезелі үлкен үйдің алдына кеп тоқтаған. Бектай мені түсірді де, екі 
сағаттан кейін алып кететінін айтып шаруасына жөнелді. 
Есік алдында жүрген бір кемпірден сұрап ап, әпкемнің бөлмесіне мен 
кіргенде, ол ортадағы биік столдың басында қағаз қарап жалғыз отыр екен.- Мені 
көріп қуанғаны сонша, ұшып кеп бас салды, құшағына қатты қысып: 
− Келгенің қандай жақсы болды, Қанатай! Үйді ойлап жабырқап отыр едім,- 
деді. Құшағынан босағаннан кейін байқадым, екі көзі қып-қызыл, әбден жылағаны 
көрініп тұр. Өңі әнеугүнгі үйге келгендегісінен де гөрі бозарып, жүдей түскен. 
− Жылапсың ғой? — дедім. 
− Иә, аздап жыладым,- деді әпкем теріс айнала беріп,- Өз теріме өзім 
сыймай, тіпті қысталанып кеттім. 
− Біреу ренжітіп пе еді? 
− И-и…- деді қынжыла қолын сілтеп.- Неге ғана қыз болып жаралдым екен. 
− Немене, қыз болған жаман ба? 
− Несін сұрайсың, Қанатай, жаман болғанда жаман… Кім көрінгенге көз 
түрткісің. Сауды қойып ақсақ-тоқсаққа дейін сөз салады. 
− Сен ондайлардың сөзін тыңдама, қағып жібер. 
Әпкем күліп жіберді. 
− Енді өзім де сөйтем,- деді жасаураған көзін сүрте тұрып. 
Әпкем «ақсақ-тоқсаққа дейін» деген кезде, есіме әлгінде жолда бізге қарсы 
жолыққан Көбеген түсті. Балдағы қарға батып, жалғыз аяқпен қиналып бара 
жатқан аянышты кейпін ұмыту мүмкін емес қой. Мен әпкеме соны айтқам. 
− Ауылға жаяу қайтып бара ма екен? — деді әпкем көзі шарасынан шыға. 
− Иә. Біз қазір біраздан кейін кері қайтамыз, шанаға отырыңыз,- деп ек, 
өзімізді боқтап жіберді. 


− Сонда ол неғылғаны? — деді әпкем үрейленген үнмен.- Кімге жасаған 
қиястығы?.. Сорлы жан екен ғой өзі. Сұмдық-ай, егер осыдан бірдеңеге ұшырар 
болса ғой, бүкіл елге мен қарабет болам… Қанатай, оны тездетіп қуып жету керек. 
Әйтпесе ол бір пәлеге ұшырап жүрер,- деп дегбірсіздене бастаған. 
Мен қазір екі сағаттан кейін Бектай екеуміздің ауылға кері қайтатынымызды, 
сонда Көбегенді қуып жетіп, шанаға отырғызып әкететінімізді айтып, әпкемнің 
үрейін басқандай болдым. 
− Сөйтіңдер, Қанатай, сөйтіңдер. Пәлесінен аулақ,- деді әпкем көңілі орнына 
түскендей. 
Мен әпкемнің мына мінезіне таң қалдым. Бірақ өзі айтпаса, қазбалап сұрауға 
және батпадым. 
− Сен енді үлкенсің ғой,- деді әлден уақытта күрсініп.- Сол Көбеген үш күн 
бойы осында менің жүйкемді тоздырды. 
− Немене, бірдеңе дей ме? 
− Ашық айтып ештеңе демейді. Құр жатақхананың алдына кеп, балдағына 
сүйеніп сүмірейіп тұрады да қояды. Алғашқы күні МТС-қа бір шаруасымен келіп, 
содан маған соққаны шығар деп, жаным қалмай ағалап, бөлмеме шақырып шай 
бердім. Екінші күні сабақтан шықсам, тағы келіп тұр. «Иә, қайтуға көлік табылмады 
ма, аға?» — десем, «Жоқ, мен қайтқалы жүргем жоқ, саған келіп едім, Нәзираш. 
Сенде сөзім бар еді»,- дейді. Тағы да бөлмеме шақырып шай бердім. «Ал, аға, 
маған не айтпақ едіңіз?» — дедім. «Жай, өзіңді көргім келеді де тұрады, қалқам»,- 
деп міңгірлейді. «Мені көре беріп қайтесіз, аға, маған алаңдап, алданбаңыз»,- деп 
шығарып салғам. Сонымен кеткен шығар десем, бүгін ертеңгісін тағы келіп тұр. 
Ыза болдым да ұрсып-ұрсып жібердім. Бұрылып алып кеткен. Ауылға жаяу 
тартқаны маған ренжігендегісі ғой. Онысы несі? Өзі жарымжан адам, егер жолда 
жазатайым бірдеңе болса ғой, бәріне кінәлі мен болам. Сонда жазығым -
ұнатпайтынымды айтқаным ба? 
Көбегеннің мына қылығына әпкеме қосылып мен де ренжідім, шынында да, 
үп-үлкен адамның онысы несі? 
Апалы-інілі екеуміз өстіп сырласып отырғанымызда, есік жұлқа ашылып, 
бөлмеге орта бойлы, қара торы біреу алқын-жұлқын кіріп келген. Біреу дейтінім, а 
дегенде қыз ба, ұл ма айыра алмадым. Мені көріп өзі де қысылып қалды. 
− Үйде қонақ бар екен ғой,- деді күліп. Қыз екенін күлкісінен білдім. Нәзира 
әпкем ол екеумізді қысқаша таныстырып өтті. Бұл — әпкемнің қасында жататын 
курстас жолдас қызы Гүлсара екен. Мұның да басында әпкемдікіндей құлақшын, 
қолындағы дорбасы мен күпәйкесін төсегінің үстіне қарай лақтырып тастаған, 
мұның да кигені сол әпкемдікіндей комбинезон, бұл .да шашын төбесіне түйіп 
апты. Мына қалпында қыздан гөрі талдырмаш жасөспірім бозбалаға көбірек 
ұқсайды. 
Бос тұрған орындыққа кеп гүрс етіп отыра кетті. 
− Екі нанды да жақсы бағаға саттым,- деді ол Нәзира әпкеме есеп бере 
сөйлеп.- Онан соң базардан шығып келе жатсам, әнеугүнгі сары кемпірдің кездесе 
кеткені, тағы бір ширек шай ұстап келеді екен, соны сатып алдым, анау дорбаның 
ішінде ал қалған ақша, міне, қалтамда. 
− Жақсы болды. Шайды қазір әжеме беріп жіберейін,- деді әпкем де қуанып. 
Мен келгенде отқа қойған шәугімдегі су қайнап, әжем беріп жіберген талқан 
мен құрттарды ортаға қойып, үшеуміз шайға отырдық. 
Гүлсара сөйлегіш те, күлегеш, көңілді қыз екен. Ауыз жаппай сөйлейді де, 
өзі мәз боп күледі. Күлген кезде, екі беті шұқырайып, сүйкімді боп кетеді. 


Жаңа базарда бір әйел сыбырлап қана: «Әй бала, менде самогон бар»,- 
дейді, мен де сыбырлап қана: «Осы жерде тұрыңыз, қазір кеп ұстап әкетеміз»,- 
дедім. Әлгі әйел: «Жә, бір стақанды өзіңе тегін берем»,- дейді сыбырлап. Мен: 
«Жо, бір стақан аз»,- дедім. «Екі стақан», «Екеу де аз». Әйел долданып: «Жап-жас 
болып құлқының кең екен өзіңнің!» -деді. Мен шыдай алмай күліп жібердім де, ары 
қарай жүріп кеттім. «Қаршадай болып шешесіндей адаммен қалжақтасады»,- деді 
әйел соңымнан ашулы үнмен… 
Гүлсараның әңгімесіне мәз боп күліп отырғанымызда, сырттан Бектайдың: 
«Қанат!» — деп айқайлай шақырған даусы естілді. Шағыр көз жиреннің біз 
отырған бөлменің терезесінің тұсына кеп, басын кегжитіп тоқтай қалғаны көрінді. 
Тез жиналып далаға шықтық. Нәзира әпкем әлгінде Гүлсара әкелген ширек шайды 
және қайдан алып шыққанын білмеймін, үш тілім қара бөлке нанды орап берді. 
− Шайды апарсам да жетеді ғой, нанды алып қал, өзіңнің қарның ашады,- 
деп едім. 
− Балалар жесінші,- деп бой бермеді. Мен оның бозарып жүдеу тартқан 
жүзіне қарадым, бір түрлі сырқаттанып тұрған сияқты боп көрінді. «Қанша 
дегенмен, үйден алыста жүргендікі-ау»,- деп, жаным ашыды. Өзін жекелеп 
шығардым да: 
− Өзің жүдеп барады екенсің, нан сатқаныңды қой,- дедім өзімше ұрса 
сөйлеп. 
− Жалғыз мен емес, басқалар да сөйтеді. Бір күндік нормамыздың жартысын 
сатып, ақша жинап киім-кешек алсақ дейміз. 
− Киім кимесең өлмессің, денсаулығыңды ойласаңшы,- дедім дәл осы арада 
әжемше ақыл айтып.- Жақын арада тағы да келем, егер нан сатқаныңды білсем 
әжеме айтам. 
− Жарайды, Қанатай, енді сатпаймын,- деді әпкем мені күле құшақтап. 
Қоштасып жүріп кеттік. Шағыр көз жирен ауылға қарай заулап жөнелді. Биік дөңге 
көтерілгенде кейін бұрылып МТС-қа көз салғам, дүрілдеген, тарсылдаған-
дүрсілдеген, бірі МТС ауласының ішінде, бірі ауланың сыртын айналып қым-қиғаш 
бірінің жолын бірі кес-кестеген тракторлар жерді солқылдатып сабылып жүр екен. 
− Бұлары несі, босқадан-босқа жүргендері? — деп сұрағам Бектайдан. 
− Двигательдерін қыздырып жүргендері ғой,- деді Бектай. 
− Ә. 
Биік дөңнен де астық, МТС кейіндеп тасада қалды. Бірақ тракторлардың 
тарыл-тұрылдары көпке дейін естіліп тұрды. 
МТС-тан шығарда заулай жөнелгенімен, биік дөңді асып, ауылға баратын 
даланың сүрлеу жолына түскеннен кейін Шағыр көз жиреннің әлгіндегі екпіні 
бәсеңсіп, бүлкіл желіске ауысты. Түс ауа жылымықтанып, жентектеліп жатқан қар 
да жүрісін ауырлатса керек. Екі бүйірі солқылдап терлейін деді. Жайма-шуақ күннің 
сәулесіне шағылысып иі босап жатқан қарлы даладан ұялшақтағандай Бектай 
екеуміздің көзіміз қарығып, сырғыған шананың үстінде маужыраған рақат күйде 
келеміз. 
Екеуміз де үнсізбіз. Сөйлесуге ерінетін сияқтымыз. Мынау белес-белес боп 
созылып жатқан ұшы-қиыры жоқ аппақ дала, бір шөкім бұлт жоқ шыныдай мөлдір 
көк аспан, май тоңғысыз жылым ауа — барлығы да шана үстіндегі бізді тербетіп 
келе жатқандай болады. 
− Әлгі Көбеген байғұс көрінбейді,- деп қойды бір кез орнынан көтеріліп алға 
қараған Бектай. Менің есіме әпкемнің бағанағы айтқандары түсті. Бір ауық ойша 
екеуін салыстырып көргем, сүмірейген балдақты ақсақ, әрі кексе Көбеген мен 
тепсе темір үзетін, оттай жайнап тұрған әпкем екеуінің арасы жер мен көктей 


екен. Ақсақ бұл түгілі қол-аяғы бүп-бүтін, түр десең түрі бар, өнер десең өнерлі, 
жігіттің сұлтаны боп көрінетін Ырысбекті де әпкем менсінбей қойды ғой. Әпкемнің 
теңі Тоқтар еді ғой. Шіркін, қандай әдемі жігіт еді! Шалдар айтқандай, қынынан 
суырған қылыштай боп тұрушы еді. Ер жігіт сондай-ақ болар! Оның қасында 
Ырысбек кім, Көбеген кім? Қайран әпкем, түсінем мен сенің жайыңды… Қалғып 
кетіппін. 
− Аға, отырыңыз! — деген дауыстан көзімді ашып алдым. Шана тоқтапты. 
Жол шетінде тұрған Көбеген қарға сағағына дейін батқан қос балдағын әзер деп 
суырып алды да, шана үстіне лақтырып тастай берді, өзі бір аяғымен секіріп кеп, 
бар салмағымен менің қатарыма гүрс етіп отыра кетті, отыра кеткен жоқ-ау, құлап 
түсті. Жақыннан анық көрдім, түрі адам шошырлық еді, өрт сөндіргендей қап-қара, 
бет-аузынан айғыз-айғыз аққан тердің іздері ақ таңдақтанып, жолақ-жолақ боп 
қапты. Шанаға жамбасы тиген бойда талмаусырағандай көзін жұмды. Танауы 
қусырылып, тынысын солықтай алып, тым-тырыс сұлық жатты да қойды. Өне бойы 
тегіс әбден тоңған адамдай діріл қағады. 
Екі белесті асқан соң ауылға да жеттік. Нүсіп шалдың үйінің тұсында Бектай 
шананы тоқтатып, Көбеген түсіп қалды. Қалт-құлт етіп бір аттады да, босап 
жатқан қарға айыршағына дейін кеткен балдағын суырамын деп алға қарай 
ұмтыла тартқанда, жалп етіп ұшып түсті. Бектай екеуміз шанадан секіре-секіре 
түсіп ұмтылғанбыз, осы кезде үйлерінен Нүсіп шал мен қызы екеуі де жүгіре 
шыққан. Екеуі бізден бұрынырақ жетіп Көбегенді қолтығынан демеп, көтеріп 
әкетті. 
ҚЫДЫРМАН ТОЙТЫҚ 
Арада екі күн өтті ме, жоқ па, сәске кезінде күтпеген жерден Нәзира әпкем 
жетіп келді. Қасында сол әнеугүнгі мен көрген Гүлсара деген дос қызы. Екеуінің де 
үстінде сол еркекшора киімдері — комбинезондары, іштерінен жылы жемпірлерін 
киіп, белдерін мықтап буынып алған, бастарында құлақшын, білмеген адам екеуін 
де қыз деп ойламайды, ауыл арасының бозбалалары сияқты, жүрістері суыт, сонау 
МТС-тан жаяу келгендері көрініп тұр. Әжем әуелде қуанып қалса да, артынша 
көңілі әлденеден секем алғандай: 
− Әйтеу, бұл жүрістерің жайшылық па? — деп сұраған. 
− Жайшылық. Сендерді сағынып кеттім,- деді Нәзира әпкем жайма-шуақ 
күлген болып. Бірақ үнінде де, күлкісінде де абыржу бар еді. Құлақшынын шешіп, 
желкесіне түйген тоқпақтай ұзын бұрымын босатып әуелі өңіріне түсіріп, үш жағын 
сәл тарқатыңқырап барып өрді де, сәнімен арқасына қарай сілкіп тастап, әжемнен 
бастап барлығымызға тегіс күлімсірей қарап шықты. Күлкісі маған жасанды боп 
көрінді. 
− Сонша неғып үрпиісе қалдыңдар? — деді тағы да көңілдене сөйлеген боп. 
− Әй, сенің осы келісің тегін емес. Менен бірдеңені бүгіп тұрсың? — деді 
әжем. 
− Айтып ем ғой,- деді Нәзира әпкем Гүлсараға қарап күле сөйлеп,- Менің 
әжемнің көріп келі бар деп. Әне, бәрін біліп отыр. 
− Әй, нені біліп отыр дейсің? Нені жұмбақтап тұрсың?! — деді әжем 
шыдамсыздана. 
− Ештеңе емес. Сонан кейін айтам ғой. 
− Жоқ, қазір айт. 
− Айтсам айтайын,- деді әпкем сол көңілді үнін бұзбастан.- МТС мына 
Гүлсара екеумізді және бес-алты қызды соғыстан азат етілген қалаларды қалпына 
келтіруге жіберіп отыр. 


− Ойбай, не дейд?! Соғыс деймісің, ой-ба-ай!..- деп әжем баж етіп, ойбайлап 
жөнелген. 
− Жә… Ойбайлағаны несі, жаманшылық шақырып,-деп Нәзира әпкем 
қатулана дауыс көтерген. 
− Ойбайламағанда маған қуан деп отырсың ба?! Ой-ба-ай-й!.. 
− Қуан деп отырғам жоқ, бірақ ойбайлама деймін. Мен тірімін ғой. 
− А! — деген сасып қалған әжем не дерін білмей. 
− Мен тірімін ғой, жаманшылық шақырып ойбайлама деймін. 
Тосылыңқыраған әжем сәл бәсеңдеп: 
− Өзің соғысты айтып отырсың ғой, қарағым-ау,- деген енді жыламсыраған 
үнмен. 
− Мен соғыс деп отырған жоқпын, соғыстан босаған, біздің әскерлер азат 
еткен қалаларды қалпына келтіруге барамыз деп отырмын. 
− Ойбу-у, енді қайтейін-ай, ол да бәрібір соғыс қой. Әй, қу құдай, шұнақ 
құдай…- деп, әжем әлгіндегідей емес бәсең үнмен зарлай бастады.- Әкесі мең 
шешесінен өлідей айрылып, енді бұдан тірідей айырайын дедің бе?! Бұл сұмдықты 
көрсеткенше мені неге алмайсың. Мен өліп, бұлар менің соңымда жылап неге 
қалмайды. Қу құдай, көзі жоқ соқыр құдай, тас керең құдай… 
Осылайша әжем басқаны емес, дүниені тегіс уысында ұстап тұрған құдайдың 
өзін көктен алып, жерге салып қарғап-сілей бастады. Әншейінде екі сөзінің бірінде 
«аллалап» сиынып отыратын діншіл әжем ашынған кезінде құдайыңның да бас-
көзіне қарамайды екен. Қу да, шұнақ та, тас керең де, көр соқыр да — әйтеу, 
адамды қорлайтын кем-кетіктің бәрін соның басына үйіп-төкті-ай келіп. Әжемнің 
мына қарғап-сілегеніне қарап құдайды Байдалы шалдың ар жақ, бер жағындағы 
біреу ме деуге болатын. Өйткені дәл қазіргі сәтте құдай бар болатын болса, 
әжемнің мына сөздерінен кейін: «Әй, осы кемпірден аулақ Жүрейінші» деп, біздің 
үйдің төңірегінен безіп кеткен шығар. Қашанғы қарғанып-сілене берсін, біраздан 
кейін құдайдың жер-жебіріне жеткендей болған әжем басылайын деді. Ойбайын 
токта тып, көз жасын тыйды да: 
− У-уһ… О, жаратқан, кеше гөр,- деді ауыр күрсініп. Онан соң үнсіз отырған 
Нәзира әпкеме қарап: — Қашан жүресіңдер? — деп сұрады. 
− Ертең таңертеңгі сағат тоғызда МТС-та болуыңыз керек. 
− Баратын жақтарың, әлгі бұзылған қалаларың алыс па? 
− Поезбен барамыз ғой,- деді әпкем алыс, жақынын ашып айтпастан жұбата 
сөйлеп. 
− Алыс десеңші.- Әжемнің көңілін аударғысы келген әпкем: 
− Мына Гүлсара үйімен қоштаса да алмай кетіп барады,- деген. 
− Ойбуй, қарағым-ай, әй,- деді жаны ашып кеткен әжем.- Үйің алыста ма 
еді? 
− Ақсу жақта, алыста. 
− Ата-анаң бар ма еді? 
− Бар, әкем де, шешем де бар, колхоздың малын бағады, қазір олар төменгі 
құмда Балқаштың бойында ғой. Бір-екі күнде үлгеріп барып келе алмаймын. 
− Ой, әттегене-ай, а… Естігендерінде қандай аңырар екен, сорлылар! Ең 
болмаса, маңдайыңнан бір иіскеп қалмағандарына өкінеді-ау, ә… О, қараң өшкір, 
пәшіс-ай!.. Ойдағыны ойда, қырдағыны қырда зарлаттың-ау. Өстіп зарлап қалғыр-
ай… 
Мұнан әрі әжем белін бекем буып, қайратына қайта мінгендей орнынан 
тұрды. 


− Әй, Қанат! — деді қатқыл үнмен маған,- анау көк тушаны ұста да, Нүсіп 
бола ма, Мақым бола ма, біреуін ертіп кел, мына әпкеңді айналдырып айтып 
сойып, құдайы тамақ берейін. 
− Әже-ау, көк тушаны қайтесің, буаз шығар. 
− Буаз емес. 
− Өздеріңе қажет болады ғой, кейін көктемге қарай мына балалар ашығып 
жатса, сойып, көже қатық жасарсыздар,- деген әпкем бәйек болып. 
− Жә, біз ел ішіндеміз ғой, өлмейміз,- деді әжем кесімді үнмен. 
Мен әуелі жүгіріп барып үйі жақындау почташы Мақым шалды шақырдым 
да, одан қайтып кеп қораның іргесіндегі сабанды қажақтап жүрген көк тушаны 
ұстап есіктің көзіне жетектеп әкелгенімде, әжем Нәзира әпкемді ертіп шығып тұр 
еді. Әпкем мен Гүлсара бір-біріне қарап жымыңдасып қояды, бірақ ескіліктің 
қалдығы деп қарсылық етуге әжеме және батпайды, бәрін күлкімен жуып-шайған 
түрлері. Мақым шал көк тушаны Нәзира әпкемнен үш рет айналдырып бата 
жасады, «біссімілдә» деп союға кірісті. 
Сол күні түстен кейін ауылдың біраз шал-кемпірлері кеп, үйден құдайы 
тамақ ішіп, Нәзира әпкеме оң сапар тілеп, баталарын берді. 
Кешкісін Нәзира әпкеммен мектепте бірге оқыған дос құрбы қыздары: 
Нұрбике, Үміт; ұлдан Қыдырман және бұлардан екі-үш жасы үлкен болса да 
Нәзира әпкеммен станцияға астық тартып бірге жүріп, бірге тұрып, аралас-құралас 
боп кеткен Зибаш жиналған. Соғыстан бұрынғы балалық шақтарын, мектепте 
оқыған кездерін еске алып, мәз-мейрам боп күлісіп, ән салып, біраз көңілдерін 
көтерді. Мен ес білгелі, Нұрбике, Үміт, Нәзира әпкем үшеуінің бастары қосылса 
болды, ауыздары жабылмай, жыпылдасып ұзақты күнге сөздері таусылмайтын. 
Үшеуі де бірінен-бірі өткен күлегеш, үшеуі де сөзшең, сауысқанша шықылықтап, 
шошаңдап қалған қыздар еді. Не сөйлеседі, неменеге сонша жыртақтасып мәз боп 
күлетіндерін адам ұғып болмайтын. Біріне-бірі мұрындарының үстінен алақандарын 
қырынан ұстап қарайтын да, соған көздерінен жас аққанша сықылықтасып кеп 
күлетін. Кейіннен білдім, ондағысы өздерімен бірге оқитын осы Қыдырманды 
мазақтағандары екен де. Қыдырман мұрны қоңқиған ұзын, көзі қысықтау, мінезі 
әңгүдіктеу бала болатын. Мектепте өзінше қыздардың қасына кеп қырындаған боп 
тұрады екен. Сондайда бірде қоңқақ мұрнын уқалап жиі-жиі тартқыштай берсе 
керек. «Немене, сенің мұрныңа бірдеңе болған ба?» — дейді қыздардың бірі 
кекетіп. «Ұйықтап жатқанымда шіркей кіріп кеткен бе, білмеймін»,- депті 
Қыдырман мұрнын уқалай түсіп. «Қой, шіркей емес, шыбын шығар»,- депті қыздар. 
«Шыбын болса шыбын шығар»,- дейді қыздардың мазағына түсіне қоймаған 
Қыдырман. «Ой, мынадай танауға шыбын емес, ара кіріп кеткен шығар»,- депті 
қыздардың бірі онан әрі қақпақылдап. «Жо, ара емес, ара болса ендігі шағып ап, 
мұрным ісіп кетер еді ғой»,- деген екен Қыдырман. Содан үш қыз ішектері 
түйілгенше ал кеп күлсін. Неше уақытқа дейін бір-біріне мұрындарының үстінен 
алақандарын қырынан ұстап қараса-ақ болғаны, сықылықтап күлкіге бататын. Енді 
бүгін де естеріне алып, сондағы әзілдері мен күлкілері өздеріне ерсі көрініп отыр. 
− Түк ұқпайтын бала екенбіз ғой,- деседі. 
Біраздан кейін Нұрбике кішкене баласының еметін мерзімі болғанын айтып 
рұқсат сұрап, қоштасып кетпек болды. Осыдан бес-алты ай бұрын үйде отырып 
босанып, ұл тапқан. Жігіті Берік өткен қыста әскерге кетті де, көп ұзамай артынан 
қара қағаз келді, ал Нұрбике болса не қыз емес, не күйеуге тиген әйел емес, 
балалы жесір боп қала берді. Ата-анасының бетіне мұнан өткен не шіркеу болсын. 
Нұрбикенің өзі де көпшілік жиналған жерге жоламай, көзге түспеуге тырысып, 


қашақтап жүреді. Әбден жүдеген, тек бажырайған мұң толы көзі ғана қалған. Бүгін 
бірге өскен құрбысы Нәзира әпкеммен қоштасып қалу үшін ғана келіпті. 
Нұрбике кеткен соң, құрбылары сырттай оған аяныш білдіре отырып, өз 
бастарындағы қайғы-қасіреттерін шағынғандай болды. Әсіресе Үміт Нәзира 
әпкемнің қасына отырып ап, құшақтап айырылғысы келмейді. 
− Нәзирамен бірге мен де кетер едім, шіркін-ай,- деп қояды көзі мөлт-мөлт 
жасқа толып. Шынымен кеткісі келгені ме, әлде өзінің кәріп боп қалған күйін 
шағынған өкініші мен іш құса мұңы ма, кім білсін. Алдыңғы жылы қыста станцияға 
астық тартып жүргенінде Қараталдың мұзы ойылып кетіп, Үміт су ортасында 
қалған шанадағы астықты жаяулап су кешіп жүріп тасып өлім аузынан қалған, 
ақыры соның зардабынан қиралаңдап жүре алмайтын жарымжан болды. Қазір де 
өзінің жанына батқан сол кәріп халін шағынатын сияқты. 
− Мені де ала кетші, Нәзира. Мен де бірге кетейінші,- дейді әпкемнің 
мойнына қиыла асылып. Үмітке салсаң Нәзира әпкем кез келгеннің қолы жете 
бермес керемет бір сапарға аттанып бара жатқан сияқты. Тіпті басқаның қолы 
жетсе де, өзінің қолы жетпейтініне анық өкініш білдіреді. 
− Осы қыз қызық,- дейді Қыдырман танауы делдиіп қызына сөйлеп.- 
Немене, Нәзира өз еркімен бара жатыр дейсің бе?! Бұл да әскерге шақырудың бір 
түрі. Қаншама қиындықтар күтіп тұрған шығар бұларды да. 
− Мейлі, қандай қиындықтар болса да Нәзирамен бірге кетер ем. 
− Түу, сен қыз да қойсаңшы енді, адамның қитығына тие бермей,- деді 
Қыдырман кенет тісі ауырғандай кіржиіп.- Әділіне келсек бұл, ең әуелі, мына менің 
жолым еді ғой. Мен сияқты жігіттердің жолы еді. Әттең, амал қанша, ауылда 
жүріп-ақ аяқтан айрылып, тойтық боп қалған мына мені айтсаңшы. Енді, міне, 
адамға да, құдайға да керексізбін,-деп, ақ таяғымен аяғын тоқылдатып ұрып 
қойды. Келте ұлтарылған дәу шарықтары кесілген қос томардай қолапайсыз жұп-
жуан еді. 
Жаңа жылдың алдында қатты боранда екі күндей малмен бірге ығып, далада 
қалып аяғын үсіткен. Содан саусақтары қап-қара боп күлдіреп ісіп, аяқтарының 
басы көпке дейін жазылмай, ешқандай ем-дом қонбай, қағынды болып ұшыға 
бастайды. Күндіз-түні зар қақтырған ауыр азаптан өлер болған Қыдырман, мұнан 
әрі аяғының мал болмасына көзі жеткен соң, саусақтарын жаңғырыққа салыпты 
да, өткір балтамен тегіс қырқып шауып тастапты. Және осының бәрін ешкімнің 
жәрдемінсіз өзі істеген. Шешесі мен іні-қарындастары қарап тұруға дәттері 
шыдамай, безіп қашып кеткен екен. Міне, сонан кейін ғана беті бері қарап, аяғы 
жазыла бастады. Мына дәу шарықты өзі тігіп алған. Қалың орап кимесе, аяғы 
суыққа шыдамсыз, өте тоңғақ көрінеді. Жүрген кезде аяғына кеспелтек екі 
томарды байлап алғандай қорбаң-қорбаң етеді. Осы күні балалар оны Қыдырман 
демейміз, тойтық дейміз. Өзі оған өлердей қорланады. Қуып жете алмайтын 
болған соң, қолындағы жуан ақ таяғын лақтырып ұрып, зәре-құтымызды ұшырады. 
Бірақ одан тілімізді тартып жатқан біз жоқпыз, анадайдан алдынан кесе-
көлденеңдей беріп: «Әне, Тойтық келе жатыр. Тойтықты қара. Әй, Тойтық!» — 
деп мазақтап қаша жөнелеміз. Сол -Қыдырман да жылармандай боп қорланып, 
түтігіп отыр. 
− Аяғыңның үсігені жақсы болған екен, әйтпесе сен екеш сен де бізді тастап 
кеткелі жүр екенсің ғой,- деген Зибаш сыңғырлай күліп. 
− Немене, менің кетпегенімді тілейсің бе? — деді Қыдырман оған жалт 
қарап. 
− Әрине. 


− Апыр-ай, ә, менің тілеуімді тілейтін адам да бар екен-ау,- деп Қыдырман 
күлген болды. Бірақ Зибаш күлген жоқ, май шамның жарығында дөңгелек сұлу 
жүзін оған бұрып, көзін сүзілдіре қарады да: 
− Мен шынымды айтып отырсам, бұл күледі ғой,- деді назданып. 
− Ойбай, жеңешетай, күлмеймін, міне шыным, риза болып отырмын,- деп, 
Қыдырман оның топ-толық білегінен қос қолдап ұстап, қысып-қысып қойды,- Мен 
тек өзімнің мына тойтықтығыма күйініп отырмын да. 
− Жә, жә, сендерге не болған?! — деді Нәзира әпкем бұларға кезек қарап 
жеки сөйлеп.-Немене, мені тойға кетіп барады дейсіңдер ме?! Әлде жетіскенімнен 
кетіп барады дейсіңдер ме?! — Онан соң кәннің үстінде бір-біріне тығыла түсіп, бүк 
түсіп жатқан әжем мен кішкене балалар жақты мегзеп қойып: — Мен кеткен соң, 
мыналардың күйі не болады әлі?! — деді ауыр күрсініп. 
Шынында да, солай екен-ау дегендей Үміт те, Қыдырман да ыңғайсызданып 
қалды. Ұйықтап жатқаны, әлде ояу жатқаны белгісіз әжем: «Е-е, алла…» деп аһ 
ұра күрсініп, жаратқанға күбірлей сиынып қойды. Әпкем есіне енді әлдене 
түскендей Зибаштан: 
− Айтпақшы, Қоғалыбұлақ жақтағы шөпті әлі тарқатқан жоқсыңдар ма? — 
деп сұраған. 
− Кеше ғана екі шанамен Мамыр мен Махмұд барып қайтты. Қар қалың ғой, 
әзірге жолы ауырлау көрінеді. Жай сұрадың ба? 
− Жазда пішен кезінде бұлақтың жоғарғы жағындағы жыраның шөбін мына 
Қанат екеуміз шалғымен шауып, бергі қабаққа жинап қойып едім. Соны күзде 
жеткізіп алуға колхоздың жұмысынан қолым тимей кетті емес пе. 
− Осы аптада ол жақтан шөп тартуға мына Қыдырман екеуміз де барып 
қалармыз. 
− Онда соны екеуің бөліп-жарып бірдеңе ғып үйге жеткізіп берсеңдерші, өзі 
бір шанадан аспайды. Мына Қанатты бірге ала барсаңдар, жолын көрсетіп 
көмектесер еді. 
− Жарайды,- деп Зибаш Қыдырманға қараған. 
− Әрине, жеткізіп береміз,- деді Қыдырман да іле қостап. 
Тағы да тіршілікке байланысты ананы-мынаны сөз етіп біраз отырған соң, 
Зибаш та ата-енесінің бұл келгенше ұйықтамай күтетінін айтып, кетуге 
ыңғайланған. Әпкем оған ризалығын білдіре отырып соңғы тілегін айтты: онысы 
мына қалып бара жатқан өлмелі кәрі шешесі мен көкқарын інілеріне көз қырын 
сала жүр деген еді. Бұл сөзін ол Зибашқа айта отырып, Қыдырман мен Үмітке де 
құлаққағыс қылғаны еді. 
− О не дегенің, қолымыздан келген жәрдемімізді көрсетіп тұрамыз ғой,- деді 
Зибаш тағы да қоштау күткендей Қыдырманға, одан Үмітке қарап. 
− Әрине, әрине,- десті анау екеуі де. 
Зибаш Нәзира әпкеммен көзіне жас ала тұрып, құшақтасып қоштасты. 
− Қайда жүрсең аман бол… Аман-сау қайт, тентек қыз… 
Зибаш кеткен соң, Қыдырман мен Үміт екеуі тағы да мектептегі балалық 
кездерін еске алып, бірінен-бірі сабақты қалай көшіргендерін, сабақ үстінде 
отырғанда қай баланың не істегенін айтып мәз боп күлісе бастады. 
− Тағы да бір шай ішелік, Қанатай, сабан әкеп от жақшы,- деді қайта 
көңілденген Нәзира әпкем. 
Мен сабан әкелуге сыртқа шықтым. Түн жарымы ауа барып туған ай бір 
шекесі ойылып, солғындаған сәулесі төңіректі бозамықтандырып тұр екен. Ауыл 
тегіс тым-тырыс, ең аяғы мазасыз иттерге дейін тәтті ұйқыға батқан сияқты. Тау 
жақтан болар-болмас қана қоңыр жел үріп тұр. Қораның сыртына қарай шығып 


сабаннан құшақтап ала бергенімде, арғы жақтан сабанды сылдырлатып біреу 
жүргендей болды. Селк етіп сабанды тастай қашуға шақ қалдым. 
− Қанатай, қорықпа, бұл мен ғой,- деді ұрлана шыққан дауыс, Зибаш екен. 
− Жоқ, қорыққан жоқпын,- дедім мен өзімше сыр білдірмегенсіп. Өзім іштей 
таң қап тұрмын, әлгінде ғой: «Ата-енем келгенімше жатпай күтіп отырады»,- деп, 
асығып кеткен сияқты еді, енді біздің сабанның түбінде мына тұрысы не? Әлде 
қайтуға қорқып тұр ма екен? 
− Қанатай, ақылың бар ғой, айналайын, анау қыздарға байқатпай 
Қыдырманға ақырын ғана ымдап, бір кісі шақырып тұр деші,- деді сол ұрлана 
сыбырлаған үнмен. 
− Мақұл. 
Сабанды құшақтап үйге кірдім де Қыдырманға қарап «Әй, тойтық» деп қала 
жаздап барып: 
− Сені есік алдында бір кісі шақырып тұр,- дедім еш ымдап жатпай-ақ бірден 
дүңк еткізіп. 
− О кім? — деді Қыдырман таңырқап. 
− Шықсаң көресің ғой. 
Нәзира әпкем де, Үміт те қосарлана: 
− Бар, бар! Шаруасы бар кісі шығар,- десті. 
− Ой, о кім болды екен? — деп, Қыдырман тойтық тойтаңдай басып сыртқа 
шығып кеткен. Үш қыз бір-біріне қарап сықылықтаса кеп күлді. 
Қыдырман тойтық сол кеткеннен қайтып оралған жоқ. Мен от жаққам, ошақ 
үстінде жылы тұрған шәугім сәлден кейін-ақ қайнай бастады. Қыздар тары да шай 
ішті. 
− Енді жатпай-ақ қояйық,- деді Нәзира әпкем Гүлсараға.- Жол бойы әлі 
ұйықтармыз. 
− Менің жатқанмен де бәрібір ұйқым келмейді,- деді Гүлсара мұңайып.- Сен 
ғой, әжеңмен, інілеріңмен, құрбы-құрдастарыңмен, ауылыңмен қоштасып аттанып 
бара жатырсың, ал мен болсам әке-шешемнің қандай халде екенін де біле алмай 
кетіп барам. Ойласам-ақ жүрегім сыздап сала береді. 
− Жә, ойлағанмен түк шықпайды. Бәлкім, солардың жылап-сықтап 
қалғандарын көргеннен де көрмей аттанғаның Да дұрыс шығар,- деді әпкем оны 
жұбата сөйлеп.- Мен, міне, көңілім айран-асыр боп аттанғалы отырмын. Мен 
кеткен соң мыналардың күні не болады. Мына Қанатқа қарап қалғандары ғой. 
Осыны айтып көзіне жас алды, апама ұқсаған ақ сұр өңі дір-дір етіп, енді сәл 
болса еңіреп жылап жіберуге шақ отыр. Әжем мен кішкене балалар жаққа 
жалтақтап қарап қояды. 
− Елге аман-сау қайтып ораламыз ба, жоқ па? Қайтсақ қашан қайтамыз, кім 
біледі?! 
− Сендер азат етілген қалаларға бара жатырсыңдар ғой,- деген Үміт. 
− Азат етілгенмен, соғыс болып өткен жердің тірлігі қайбір жетіскен тірлік 
дейсің,- деді Гүлсара көңіліндегі күдігі ішіне сыймағандай.- Жарылмай қалған 
миналар, бомбалар көп болады екен, көмусіз қалған өліктерден тазартуымыз керек 
екен. 
− Жоқ пәлені айтпай қойыңдаршы,- Деген Үміт көзі шарасынан шыға 
үрейленіп. 
− Рас, бізге ескертіп айтты… 
Осы тұста Нәзира әпкемнің көзі бағанадан өздерінің әңгімелерін сырттай 
үнсіз тыңдап отырған маған түсіп кетті де: 


− Жә, сен де адамның зәресін ұшыратын не болса соны айтпай, жөні түзу 
әңгіме айтсаңшы,- деп, ымдай сөйлеп, Гүлсараны тыйып тастады.- Әдейі мына 
Үмітті қорқыту үшін айтып отырсың-ау, ә,- деді сөзінің соңын әзілге сая жуып-
шайып. Сәл абдырап қалған Гүлсара әуелі әпкеме, одан маған қарады да, лезде 
өңіне күлкі үйіріп: 
− Иә-да,- деді әзілдей сөйлеп.- Әйтпесе Үміт бізбен бірге кетем деп отыр 
емес пе. 
Осылайша үш қыз бір ауық көздеріне жас алып мұңайып, бір ауық әзілдесе 
күліп ұзақ таңды көздерімен атырды. Өзіміздің үйдің, көрші-көлемдердің әтештері 
әуелі таңның атқанын хабарлап, бірін-бірі ұйқыдан оятқандай кезектесе әдеппен 
шақыра бастады да, біраздан кейін ұйқыларынан әбден оянып, тамақтарын 
қырына кенеп, нәшіне келтіріп алғандай болған соң,- ал енді қайсымыздың 
дауысымыз ащырақ шығар екен деп, жарысқандай азан-қазан боп шуылдасып 
кетті. Осы кезде кешегі уәдесі бойынша МТС-қа ерте жүріп, әпкемдерді сағат 
тоғыздан қалдырмай жеткізіп салмақ болған почташы Мақым шал да шанасымен 
есік алдына кеп тоқтаған. Әпкем, Гүлсара екеуі тез киіне бастады. Әжем де оянып, 
дастарқан жайып,- оң сапар тілеп, бата жасады. Әпкемді маңдайынан сүйе тұрып 
қоштасты, көзіне жас алғаны болмаса, дауыс шығарып жылаған жоқ. 
− Маңдайыңа бір жазғаны бар шығар, жыламайын,- деді. 
Әжем жыламаған соң, басқаларымыз да көздеріміз жасаурап тұрып 
қоштастық. 
* * * 
Жексенбі күні ертеңгісін бір топ бала: Санат, Петька, Отто, Әбілтай және де, 
ортамызда бізден сәл ересектеу Фрицы бар, ескі клубтың іргесіне жиналып ап, 
садақ жасауға кіріскенбіз. Бұл биыл қыстағы біраздан бері қызыға ойнайтын 
ойынымыз боп жүр. Қайыңнан, ырғайдан, талдан садақ иеміз, оған қамыстан жебе 
дайындап, ұшына қаңылтырдан жасалған үшкір оқ кигіземіз. Садақты кере тартып 
атқан кезіңде, ауылдың бір шетінен екінші шетіне дейін жетеді және тиген затын 
тесіп кетеді. Клубтың қалың тақтай есігін атқан кезіңде, кірш етіп қадала түседі. 
Міне, осы садағымызбен сауысқан, қарға-құзғын атамыз. Өйткені биыл қыс қарға-
құзғын, сауысқан дегендер мүлде көбейіп кетті, жыртылып айырылады. Ауыл 
төңірегіндегі арам өлген, қасқыр тартқан малдардың өлекселерін жайлаған қарға-
құзғындар ертеден кешке дейін дар-дар етісіп есіріктеніп азан-қазан шуылдасады 
да жатады, ал онсыз да ыңыршақтары шығып титықтап жүрген өгіздер мен жауыр 
аттардың қыр арқаларына қонақтап ап, жануарлардың жараларының қанын 
сорғалата шоқып, ес таптырмай шықылықтайтын сауысқандар мүлде басынып 
алған, шақ-шақ етіп шақылдағандары Байдалы шалдан бір кем емес. 
Садаққа июге ағашты әркім өзі табады, ал жебеге колхоздың мал қорасының 
төбесін жапқан қамыстан ұрлаймыз, қаңылтырды Фрицы тауып әкеледі және оны 
өзі әдемілеп үшкілдеп қиып, ұшын үп-үшкір біздей етіп оқ соғады. Қолы майысып 
шебер-ақ. Жасап берген әр оғы үшін Фрицыға бір құрт немесе басқадай тамақ 
төлейміз. Мәселен, біз: Санат, Әбілтай үшеуміз үйімізден ұрлап-жырлап құрт-
ірімшік әкеп отырмыз да, Петька отқа көміп пісірілген картоп әкеп отыр, ал 
Оттоның сыртын отқа қақтаған жарты жүгерісі бар. Осының бәрін дорбасына 
салып алған Фрицы жан-тәнін салып бізге оқ соғып отыр. Әрқайсымыз екіден-
үштен оқ соққызып мәз-мейрамбыз. 
− Пірсіп-оу! Әй, Пірсіп, жер жұтқыр, қайда жоғалып кеттің?! — деген 
дауыстан Фрицыдан бастап бәріміз де селк-селк ете қалдық. Бұл — Байдалы 
шалдың кемпірі Үпияның даусы. 


− Ойбай, мені іздеп» жатыр,- деді Фрицы жасап отырған оғын тездете 
тықылдатып. 
− Әй, Пірсіп! Тілеуің құрғыр, қайда жүрсің?! 
− Апа, мен мұндамын. 
− О, желкең үзілгір, анау малдарды суғар. 
− Қазір, апа, қазір. 
Фрицы соңғы жасаған оғын Әбілтайдың жебесіне кигізіп берді де, 
қаңылтырың орап, кетуге жиналды. 
− Қалғанын қазір малдарды суғарып келген соң жасаймын,- деді. 
Фрицы — жетім бала. Шешесі өткен күзде пішенде жылан шағып өлді. Содан 
бері Фрицы әркімнің есігінде күн көреді. Соңғы кездері Байдалы шалдың үйінің 
малын қарап, сол үйге қол бала боп жүр. Қолы қалт етсе біздерге кеп бір жағы 
ойнайды, бір жағы бірдеңе-бірдеңе жасап, тамағын асырайды. Өзі бізден бірер жас 
үлкен, ұзын бойлы, өңі боп-боз, имиген арық, тарамыстанып алып қолынан 
келмейтіні жоқ. 
Әрқайсымызда екіден-үштен оқ және әр оғымыздың батырлар 
жырындағыдай аты бар: Сұржебе, Көкжебе, Сойқанжебе, Қатержебе… деп түрлеп-
түрлеп атаймыз. Сауысқан, қарға атпас бұрын әуелі нысана көздеп жаттығып 
алмақ болып клубтың есігіне қарай күйемен Гитлердің суретін салып, соны көздеп 
атып ойнауға кіріскенбіз. Клубтың арт жағынан тор жорғасымен ентелетіп Байдалы 
шал шыға келгенде, апыр-топыр қаша жөнелдік. О да атын тебініп қап: 
− Ө, иттің күшіктері, не істеп жүрсіңдер?! — деп ақыра ұмтылған. Қуып 
жетіп әрқайсымызды қамшымен бір-бір салып өтетін шығар деп ойлағанбыз, жо, 
олай болмады. Ұзаңқырап барып кейін бұрылсақ, Байдалы шал атының басын 
тартып, еңкейе түсіп клубтың есігіндегі әлгінде біз салған Гитлердің суретіне қарап 
тұр екен. 
− Әй, күшіктер, мыналарың кім? — деді қамшысының сабымен суретті 
нұсқап. 
− Гитлер,- дедік біз бір ауыздан. 
− Ә. Соны атып жүрсіңдер ме? 
− Иә. 
− Онда оларың дұрыс екен. Ал өздерің неге қашасыңдар? Шынында да, неге 
қаштық? Бұрын балалар Байдалы шалдың соңынан қалмай аталап оған бірдеңе 
деп сөйлесіп қалуға құштар ек, басқа үлкендерге қарағанда оны бір түрлі жақын 
тартып үйірсектеп, еркелегіміз кеп тұратынбыз. Өзі де бізбен әзілдеп қоятын: «Әй, 
осы күнгінің балаларын қойшы»,- деп, ернін шүйіргеннің өзінде бізде кемсітіп 
жерлеуден гөрі, қайта намысымызға тиіп қайрап тұрғандай көрінетін. Байдалы шал 
бригадир болғаннан бері, сол өзара үйірсектік біртіндеп суып, қайта керісінше 
арамыз алшақтап кеткен. Бүгінде балалар Байдалы шалды көрсек өзімізден-өзіміз 
қаша жөнелеміз, ал ол өзі бізді көрген жерде атын тебініп қап, қамшысын үйіріп 
ақырып қуып береді. Біздің жазығымыз не, неліктен қашамыз, ал ол бізді не үшін 
қуады? Оны біз де білмейміз, Байдалы шалдың өзі де білмейтін болар. Әйтеу, біз 
қаша жөнелеміз, ол қуып береді. Қазір де ол клубтың арт жағынан оқыстан шыға 
келгенде, біз топырлап қаша жөнелдік, ал ол ақыра ұмтылып, қамшысын үйіріп 
қумақ болды. Енді, міне, біздің неліктен қаша жөнелгенімізге ол түсінбей тұр да, 
одан неліктен қашқанымызды білмей біз тұрмыз. 
− Бері, жақын келіңдер,- деді ол саябыр үнмен.- Неге қорқасыңдар? 
Тимеймін. Бері келіңдер. 


Біз өзімізді көтеретін, бірақ ат омбылап жүре алмайтын қатқақ қардың үстіне 
шығып алғанбыз, енді оған қуса да ұстатпайтынымызды білеміз. Сондықтан 
тайсақтамай оның әр қимылын қалт жіберместен қадағалап қарап тұрмыз. 
− Әй, қорықпаңдар дедім ғой. Кәне, қайсысың хатты жақсы оқисың? Мен бір 
қағаз оқытып алайын деп едім,- деді ақыры өзінің бізге ісі түсіп тұрғанын білдіріп. 
Біз, балалар, ішіміздегі хатты ең жақсы оқитынымыз деп атын атамасақ та Санатқа 
қарағанбыз. Ол әлгінде қаша жөнелгенімізде, жерге түсіп қалған бір оғының торы 
жорғаның тағалы тұяғының астында быт-шыт боп сынғанын көріп, түршігіп тұрған. 
− Мен үйге қайтам, мал суғаруым керек,- деді күңкілдеп. 
− Әне, біздің үйдегі апаларың бауырсақ пісіріп жатыр, қағаз оқып бергеніңе 
бір қалта бауырсақ бергізем,- деді Байдалы шал үй жағын нұсқап. Мұржасынан 
түтіні будақтап тұр екен. Біздің мұрнымызға майға піскен ыстық бауырсақтың иісі 
жеткендей болды. 
− Ата, мен оқиыншы,- деді Әбілтай жұлып алғандай жұлқына тілек білдіріп. 
Байдалы шал оның сөзін естімегендей Санатқа қарайлаған. 
− Жоқ, мен үйге қайтам, мал суғаруым керек,- деді Санат кейін қарай 
бұрылып. 
− Жүр онда, сен оқып бер,- деді Байдалы шал енді амалсыз Әбілтайға 
қарап.- Бауырсаққа бір тоясың. 
Қуаныш кеткен Әбілтай Байдалы шалдың соңынан ілесе түсіп барып, қалған 
үшеумізге жалт бұрылды да, тастап кете алмай: 
− Ата, мына балалар да жүрсінші,- деді өтініп. 
− Мейілдері, жүрсе жүрсін. 
Байдалы шал торы жорғасымен алға түсіп, біз төрт бала садақтарымызды 
мойнымызға асынып, оның соңынан ілесіп шалдың үйіне қарай жүрдік. 
− Бауырсақ бермек түгілі, өзімізді сабап-сабап жібермесе неғылсын,- деді 
Отто сыбырлап. 
− Сабап жынды ма, біздің еш жазығымыз жоқ қой,- деді Петька. 
− Сабамайтын шығар, солай ма, Қанат? — дейді Әбілтай да қорқақтаңқырап. 
− Кім білсін,- деймін мен иығымды қиқаң еткізіп. Шынында да, кім білсін, 
соңғы кезде Байдалы шалдың мінезін адам түсінетіндей болып жүр ме. 
Есігінің алдына жетіп Байдалы шал атынан түскен кезде, отын бұтап жүрген 
біз танымайтын бір бейтаныс адам: 
− Ассаламағалейкөм-өм, Байаға! — деп қарсы алған. 
− Әликісалам. Әй, Тұржанбысың?! 
− Иә. 
− Қайдан жүрсің? 
− Ауылдан. Сіздерді сағынып кеттім де, амандықтарыңызды біліп қайтайын 
деп келдім. 
− Е, жөн екен оның, қонақ боп кеп, отын бұтап жүргенің қалай енді?! 
− Ой, Байаға, сіздің үйдің отынын бұтамағанда кімнің отынын бұтаймын. 
Өзімсініп жүргенім ғой, а-а-а…- деп мәз бола күлді Тұржан. 
Бұл — кішірек көзі жылт-жылт еткен, адамға тура қараған кезде қос танауы 
таңқиып тұратын, ұртының үстінен жалбырап тұрған сұйық шалғы мұрты бар, ұзын 
бойлы, қайыстай қатқан қара кісі еді. Алдыңғы тістері жоқ екен, сөйлеген, күлген 
кездерінде кішкентай бет әлпетінің қақ жарымын алып тұрған дүрдік ерінді жайын 
аузы ұрадай боп үңірейіп, көмейіне дейін қара қошқылданып түгел көрінеді. 
− Иә, үй ішің аман ба? Келіннің халі жақсы ма? — деген Байдалы шал 
амандық сұрай тұрып. 


− Аман ғой, оларды ит жей ме, а-а-а-а…- деп Тұржан ұрадай аузын ашып 
тағы күлді. Жағыну үшін болу керек, сөзінің соңын: «а-а-а…» деп дарақы күлкімен 
аяқтайды екен. Әйтеу, қалай болған күнде де бір суқансыз адам екені бірден 
көрініп тұрды. 
− Осы сенің балаңның аты кім еді? 
− Сапыбек қой. 
− Иә, ол қазір қай класта? 
− Соғыс басталар жылы үшіншіні бітірген, онан кейін оқымай қойды, күшік. 
Жалғыз ұл болған соң тым ерке. 
− Хат тануы қалай өзінің? 
− Былай таниды ғой енді. Оқи алады. 
− Хат тануы дұрыс болса, соны менің қолыма берші, өзім тәрбиелейін. 
Әйтпесе осында әр боқмұрынға жалынып ит болдым,- деді біздерге қарап қойып. 
− Байаға-ау, сіз тәрбиелесеңіз, одан артық оның құдайдан не тілегені 
болсын. 
− Жүр, үйге кір, оны сөйлесе жатармыз,- деген Байдалы шал енді Әбілтайға 
бұрылды да: 
− Сен жүр, ал мыналар осы арада күте тұрсын,- деді де жаңағы Тұржан 
үшеуі үйге кіріп кетті, біз Петька, Отто үшеуміз үй іргесінде қала бердік. 
Бригадир болғаннан бері Байдалы шалдың үйі біздің ауылдағы қыдыр қонған 
үй боп саналады. Құт-береке, молшылық бүкіл ауылда тек осы үйде ғана бар, іші 
де, сырты да майлы. Қасынан өтсең, ығына тұрып ап тамақтың тәтті иісін иіскеп, 
кеткің келмей көзіңді сатып еріксіз телміре қарайсың. Есігінің алдында тау-тау боп 
үйілген ағаш отын (шешендер Махмұд пен Зокку осы төңіректегі ең қу ағаш 
отынды тек осы үйге әкеп түсіреді), атқарушы Ысқақ шал мен Фрицы екеуі кезек-
кезек сол отынды шетінен бұтаумен болады, бұталған отын күндіз-түн жағылады 
да жатады. Қазан-ошақ дегендер бір босамайтын сияқты, ылғи ет асылып, 
бауырсақ пісіріліп, шай қойылып, ертеден қара кешке дейін дастарқан бір 
жиналмайтын тәрізді. Таңның атуынан күннің батуына дейін бар тіршіліктері осы 
үйге ғана байланып қалған үш-төрт қатын бірі су әкеліп, бірі от жағып, бірі тамақ 
пісіріп, салп-сұлп әбігерге түсіп еш тыным таппайды. Бастықтың үйінің суымен 
кіріп, күлімен шыққандары үшін бақытты. Бұлардан өзге бүгінде Байдалы шалдың 
үйіне бұрынғыдай баса-көктеп ешкім кіре де алмайды. Тек сырттай қызығып, 
сырттай тамсанып, сырттай телміріп қана өтеді тұсынан. 
Біз де, міне, үй іргесіне кеп, майға піскен бауырсақтың аңқыған тәтті иісі 
есімізден тандыра жаздап манаурап тұрмыз. Танауларымызды қос-қостап тарта 
түсіп, сілекейімізді жұтынып қойып, бір-бірімізге күлімсірей қараймыз. 
− Бауырсақ пісіріп жатыр. 
− Қандай тәтті иіс, ә?! 
Сәскеге қарай әжептәуір көтерілген күн жал-жал қардың арасынан төбелері 
қарайған, әрқайсысының төңірегінде қыбыр-қыбыр тіршіліктері бар жадау-жүдеу 
үйлерге немкетті салқын ғана қарап, бар ықыласын іргесінде біз тұрған Байдалы 
шалдың үйіне арнаған сияқты. Анау үйлерден жоқшылықтың, жетім-жесірліктің 
қаралы ызғары азынаса, ал мына үйде жайма-шуақ тәтті қуаныштың лебі еседі. 
Әлгіндегі мал суғаруға кеткен Фрицы да келе жатыр екен, біздерді көріп 
анадайдан даурыға: 
− Анау тұманың арғы жағындағы кішкене сайда арам өлген өгіздердің 
өлекселеріне үймелеген қарғалар құж-құж етеді,- деді ентіге сөйлеп, онан 
қасымызға таяп келген, неге елікпейсіңдер, ұқпай тұрсыңдар ма дегендей 
әрқайсымызға бір қараған,- Қалың қарғалар, атуға бармайсыңдар ма? 


Біз: «Тс-с, тыныштығымызды бұзба» дегендей, оған үнсіз көз тастап, тым-
тырыстана қалғанбыз. Шіркін, осындай да тәтті иіс болады екен-ау! 
− Әй, Пірсіп, о, жайрағыр, анау малдарға шөп салмайсың ба!? — деп 
сұңқылдаған Үпияның даусы дәл құлағымыздың түбінен естілді. Сөйткенше болған 
жоқ, Үпия үйдің біз тұрған іргесіне қарай шыға келген, басында аппақ қардай 
кимешек, екі жағы мен маңдайына әдемілеп кәнуә тіккен, үстінде өңіріне неше 
түрлі тана түймелер, күміс тиындар таққан көк пүліш қамзол, сары атлас 
көйлегінің етегі жер сызады. 
− Әй, сендер неғып тұрсыңдар бұ жерде?! — деді дәл ұрлығымыздың 
үстінен түскендей. Біз сасып қалдық. 
− Біз жай… Әбілтайды күтіп тұрмыз. 
− Немене, оны қасқыр жейді деп пе едіңдер?! О несі-ей, үйдің іргесіне кеп 
топырлағандары, аулақ, анау көшеде тұрып күтіңдер — деп, зіркілдеп ұрсып қуып 
тастады. Біз, амал жоқ, үй іргесінен аулақтап, көшенің ортасына шығып тұрдық. 
− Айтып ем ғой, бауырсақ бермейді,- деді Отто. 
− Бермесе қойсын, бауырсақ жемесек те өлмеспіз. Тек Әбілтайдың 
шыққанын күтейік,-деді Петька. 
Осылайша бауырсақ жеуден күдер үзіп тұрғанымызда, бүкіл ауылды 
жаңғырықтыра: «Қанат! Қанат!» — деп, аттандай айқайлап шақырған дауыс мені 
селк еткізді. Дауыс шыққан ойға қарай жалт қарағам, мал қора жақтан Қыдырман 
тойтықтың інісі Нәдірман келе жатыр. Бүкіл ауылды басына көтере айқайлайды. 
Өзі менімен жасты болса да алды-артына қарамайтын әңгүдік мінезді болатын. 
Қазір де жау шапқандай аттандап келеді. Анадайдан мені көре сап: 
− Әй, Қанат, қайда жүрсің? Кел бері! — деді бұйырған үнмен. Өзі көшенің 
ортасына тоқтап, мен қасына барғанымша күтіп тұрды.- Әй, сені Қыдырман көкем 
мал қораға тез жетсін деді. Қоғалы бұлақ жаққа шөпке барады екен, соған бірге 
ала кетем дейді. 
Әнеугүнгі Нәзира әпкемнің Қыдырман мен Зибашқа Қоғалы бұлақ жаққа 
барсаңдар, біздің шөбімізді жеткізіп бергейсіңдер деген тілегі есіме түсіп, мен 
дереу мал қора жаққа қарай жүгірдім. 
− Әй, Қанат! — деді Нәдірман мені тоқтатып.- Алдыңдағы садағыңды маған 
қалдырып кет. 
Нәдірманның ожар мінезін білетін мен екі ұшты ойда тұрғам. 
− Өй, садағыңды жей қоймаймын, шөптен келген соң аласың ғой,- деп кеп, 
мойнымнан жұлып алғандай болды.- Оқтарыңды да қалдыр. 
− Байқа, оқтарымның ұшы өткір, біреуді атып ап жүрме. 
− Егер жыныма тиетіндер болса ата салам,- деді Нәдірман екіленіп. 
− Қой, садақпен кісі атуға болмайды. 
− Жай айтам… Қалжыңым ғой,- деп мәз бола күлді ол. 
* * * 
Сөйтіп, Қоғалы бұлаққа шөпке бара жатқан Қыдырман мен Зибаш Нәзира 
әпкеме берген уәделерінде тұрып мені өздерімен бірге ала жүрген. Әлі таптаурын 
бола қоймаған жол ауыр екен, жазда екі-үш сағатта барып қайтатын жерге түске 
қарай малтығып әзер жеттік. Зибашты шанасымен осында біраз күн бұрын Махмұд 
пен Манар бұзған бергі шеттегі маяның түбіне қалдырып, Қыдырман екеуміз 
бұлақтың жарлауыт қабағын жағалап, тұғылға түсе берістегі біздің шөпке қарай 
жол аштық. Жазда Нәзира әпкем екеуміз жинағанымызда, кішігірім маядай 
көрінген шошағымызды қалың қар төбесіне дейін сіреп бүркеп тастапты, айдалада 
адасып отырып қалған жетім баладай көзге әзер шалынады Әпкем екеуміз 
күнделікті таңғы алагеуімнен тұрып, бірер сағат тан қол шалғымен бір ай бойы 


шауып едік. Бұлақтың төңірегіндегі жырым-жырым боп тарамданған құлама 
жыраларға өскен қалын шалғын таңға жуық шыққа бөгіп жататын, жапырақтар 
мен гүлдердің бүршіктеріне қонақтаған мөп-мөлдір моншақ тамшылар тиіп кетсең 
сау-сау ететін, сондайда жылы төсектен жаңа ғана тұрған өне бойыңды балғын 
леп тітірентіп, дірілдетіп жіберуші еді. Шалғыны біраз құлаштай тартып, бойың 
жылына бастаған кезде, балғын шалғыннан қышқылтым қошқыл иіс бұрқырай 
бастайтын, бүкіл тынысың, көкірегің содан жарылып кетердей болатын. Қазір 
Қыдырман әуелі шошақтың төбесіндегі қарды күрекпен опыра ойып аударып 
тастап, онан кейін алты айырлы ашасын бойлата сұғып, судыраған құрғақ шөпті 
аудара көтерген кезде, жаздан бері тұншығып бұғып жатқан көк шалғынның құп-
құрғақ ашулы иісі кеңсірігімізді жарып жіберердей бұрқырай жөнелді. «Апшхи!.. 
Апшхи!.. паһ, паһ, шіркін!..» Мойындары салбырап сүмірейіп тұрған өгіздер де 
шыдай алмай, мойынтұрықтарынан бұлқына тартынып шөпке қарай тұмсықтарын 
өзеурей созған. 
− Жә, жә, Қанаттың азғантай шөбіне көз алартпаңдар-ей — деп қойды 
қозғалақтаған шананың үстінде көтерген шөбімен құлап қала жаздаған Қыдырман. 
Аяғының тойтықтығына қарамастан Қыдырман өте қайратты екен, әне-міне 
дегенше шошақты ойсыратып жіберді. Шамамның келгенінше мен де екінші 
бүйірден тиеуге кіріскем. Жаздағы өзім орып, өзім жиған шөптің әр талшығы таныс 
сияқты, қайсысын қай жырадан орғаныма дейін білетін сияқтымын. Сондықтан 
шашау шығарғым келмейді, ал Қыдырман болса алды-артына қарамай опырта 
істегендіктен, қаншама шөпті жерге түсіріп шашып, ысырап қып тұрған сияқты, 
секіріп жерге түсіп, сол шашылған шөптерді жинаймын. Шошақтың жартысына 
жуығы тиелген соң, Қыдырман: 
− Бір жолға осы да жетеді,- деді жарты шанадан аздау шөпті үстінен 
жаймалай тұрып.-Ендігісін тағы бір келгенімде жеткізіп берем. Әйтпесе әлгі 
Байдалы қақпас көріп қалса, колхоздың малы ашығып жатқанда, жеке меншіктің 
шөбін тартып жүрсің деп пәле қылады. 
Онысы да рас, басқаны білмесек те Байдалыны білеміз ғой. 
− Мақұл. 
Мұнан соң әлгінде Зибашты шанасымен қалдырып кеткен маяға қайтып 
келдік. Қыдырманның біз қайтып оралғанша дем ала тұр дегеніне қарамастан, 
Зибаш өз шанасына әжептәуір шөп тиеп қойыпты. 
− Түу, жаңа айтып ем ғой дем алсаңшы деп,- деген Қыдырман оған ұрса 
сөйлеп. 
− Қойшы, босқадан босқа қалай отырмақпын,- деді Зибаш күліп. 
Қыдырман енді маяның үстіне шығып, жердегі шаналарға жоғарыдан 
жойқын күшпен шөптен қопара аударып тиеуге кірісті. Біз Зибаш екеуміз екі 
шананың үстінде тұрып, ол аударып тастаған шөпті жаймалап үлгере алар емеспіз. 
− Шамаларың жетпесе онша қиналмаңдар. Артынан мен өзім жаймалаймын 
ғой,- деп қояды Қыдырман. Онан Зибашқа арнайы: — Сен онша. зорланбасаңшы, 
дем алсаңшы,-дейді. 
− Зорланып тұрған жоқпын,- дейді Зибаш ерке үнмен.- Құрғақ шөп жеңіл 
ғой. 
Біраз қимылдап тершігендікі болу керек, Зибаш өрттей боп қызарып тіпті 
әдемі боп кетті, күлкі ойнаған көзі жалт-жұлт етіп, сөйлеген, езу тартқан кездерде 
аппақ тістері жарқырай көрінеді. 
Бір кезде Зибаш шөп түсіп кеткен болу керек, көзін уқалап тұрып қалған. 
− Не болды? — деді маяның үстіндегі Қыдырман тойтық елең етіп. 
− Көзіме… 


Ойпыр-ай, ертегі-аңыздардағы «Жолбарыстай атылып» деген осындай-ақ 
болар, сонау маяның үстінде тұрған Қыдырман қас-қағым сәтте бір-ақ орғып, 
Зибаштың алдына кеп дік ете түсті ғой, тіпті аяғының тойтық екенін ұмытып 
кеткен. 
− Тұра тұр!.. Қолыңды тигізбе…- деп есі кете епелектей тұрып, Зибаштың 
көзіне түскен шөпті тілімен жалап шығарды. 
− Түу, көзің қызарып кетті ғой. Міне, көзіңе түскен мынау қылтанақ,- деді 
тілінің ұшымен алған шөпті көрсетіп. 
− Тікенше қадалып еді, тікен бе өзі, немене? 
− Тікен сияқты… Әлі ауырып тұр ма? 
− Қойды,- деді Зибаш қызара жасаураған көзін жыпылықтата тұрып. Онан 
соң Қыдырманға еркелегендей күле қарады: — Осының бәрін қайдан білесің? 
− Нені? 
− Көзге түскен шөпті тіліңмен жалап шығарғанды. 
− Е, білем ғой,- деп Қыдырман да күліп, теріс айналып кетті. 
− Құдай-ау, осыны да көп көрер ме екенсің,- деген Зибаш әлі де көзінен 
сорғалаған жасын тыя алмай тұрып. 
Маяға өрмелеп бара жатқан Қыдырман кейін қарай жалт бұрылды. 
− Саған осындай сөзді айтпашы деп талай ескерттім ғой,- деді. 
− Сенен де айрылып қалам ба деп қорқам. 
− Қорықпа,- деді Қыдырман көңілдене сөйлеп.- Ол жағынан қорықпа. 
Айрылып қалам деп емес, осы тойтықтан құтыла алмаймын-ау деп қорық. Солай 
ма, Қанат! — деп маған қарап көзін қысып қойды.- Әйел деген осы да. Қит етсе 
көз жастары дайын тұрады. 
Осы сәтте Қыдырман маған кереметтей әдемі, сұлу жігіт боп көрінді, ат 
жақты ақ сұр өңі, күлімсірей қараған қысыңқы көзі, қалың қабағы, дөңестене 
біткен үлкен мұрны — нағыз ерге лайық айбынды кескін-келбет екен ғой. Ой, 
аллай, осы уақытқа дейін қалай байқамай жүргенмін, кейін өскенімде осындай 
болсам дейтін жігіт қой мынау. Нәзира әпкемдер мұны неге мазақтайды екен? Оу, 
мазақтайтын емес, қызығатын, ғашық болатын жігіт қой. Сол Нәзира әпкем, сол 
Нұрбике, сол Үміттер кезінде мазақтап жыртың-жыртың күлгендерінше, мұның 
нағыз ер келбетті жігіт екенін аңғарулары керек еді ғой. Енді, міне, Зибаш 
иемденіп алған. Зибаштың қазір оған елжірей қарап ғашық боп тұрғанына мен 
әбден сенем. Әне, ол маяның үстіне көтерілді, төмендегі біздерге күлімсірей 
қарап.ашасын қолына алды да, шөптен қопара көтеріп екі шанаға кезек-кезек 
құлаштай лақтыра бастады. Шіркін, мен қашан осы Қыдырмандай болар екем. 
Мейлі, тіпті тойтық болуға да бармын, тек тезірек ер жетіп, жігіт боп осы 
Қыдырмандай болсам! Шіркін!.. 
Мұндай күшті бірінші көруім, алты айырлы ашасын алты ай қыстан 
тығыздалып басылып, киіздей боп жатқан шөпке бойлата сұғып одан үй орнындай 
ғып қопара көтеріп ап, қайқайта тұрып шананың үстіне гүрс еткізіп тастаған кезде, 
жер солқылдағандай болады. Зибаш екеуміз жаймаламақ түгілі, шөптің астында 
бастырылып қала жаздаймыз. Сөйтіп, екі шананы да қайқита тиеп болған кезде, 
дәу маяның да бір жартысы опырылып ортайып қалған еді. 
Түс ауа ауылға бет бұрғанбыз. Мен алдыңғы Қыдырманның шанасында 
жалғызбын да, ол өзі кейінгі Зибаштың шанасына отырған. Күн жылына, қары 
жантақтала бастаған көпсік жолда өгіздер аяқтарын санап басқандай зорға 
адымдап, жон арқалары, сауырлары бірде созылғандай, бірде жиырылғандай 
мықшия тырмысып, әзер тартып келеді. 


Әлгіндегі шөп тиеген кездегі терім біртіндеп басылып, бойым тоңази 
бастаған соң, бастырықтың үстінен отыруға жайлы болсын деп салынған бос 
шөпке үңги кіріп, шалқалай жатқам. Қысқы аспан бұлыңғыр. Кірпік қақпай ұзақ 
қарасаң, көзіңді бұлдыратады. Осы аспанның төбесі тиіп тірелетін жері бар ма 
екен? Ал төбесі бар болса, оның ар жағында не бар екен?.. Бірнеше күн толассыз 
боран соққан кезде, әжем жарықтық: «Аспанның тесігі ашылып кеткен бе?» — 
дейді, демек, аспанның тесігі бар да, оның арғы жағында аңырап соғып тұратын 
бораны бар; ал жағрапия пәнінен Әнипа апайымыздың түсіндіруінше, аспан деген 
— түбі жоқ тұңғиық кеңістік, ешбір шегі жоқ,-дейді; ал жеке менің өзіме салса, сол 
«түпсіз», «шексіз» дегенге онша түсіне де алмаймын, сене де қоймаймын, маған со 
әжемнің айтқанының жаны бар сияқты көрінеді. Дүниедегі заттың бәрі көзге 
көрінетін, қолмен ұстайтындай болуы керек қой, ал олай болмаған күнде сенуге 
болмайды. Боран соғады, тау бар, тас бар, дала бар, қар бар, шана бар, шөп бар, 
су бар, нан бар… Осы тұста жүрегім сазып, іші-баурым бір түрлі темен тартып 
жаман боп талықсып кетті. Қарнымның ашқанын қанша еске алмайын десем де, 
ұры мысықтай ішімді тырналай жөнелді. Жо, жоқ, тамақты ойламау керек. Әне, 
кең аспанды қарашы! Осыны шексіз дейді, тұңғиық дейді. Сонда ол қалай шексіз 
болады? Әйтеу бір жерде, тіпті сонау көзге көрінбейтіннің арғы жағындағы 
шексіздікте де түптің түбінде бір шек болады ғой. Оны жаңағы жағрапия пәні де 
білмейтін тұста шығар… Өстіп ұйқылы-ояу күйде маужырап жатқам, Қыдырманның 
қарқылдаған күлкісінен оянып кеткендей болдым. 
− Қойдым… қойдым… айналайын…- дейді күлкісін тыя алмай жалына 
сөйлеп. 
− Жоқ, сен бәрібір қоймайсың,- дейді сыңғырлаған Зибаштың үні. Басымды 
көтеріп кейін бұрылсам, Қыдырман шалқалаған күйде қол-аяғын ербеңдетіп 
күлкіге түйіліп бұлқына тулап жатыр да, Зибаш оның үстінен төне түсіп қытықтап 
отыр екен. Қыдырманның қарқылдағаны бүкіл даланы жаңғырықтырып тұр, 
«қойдым… қойдым…» деп өлердегі сөзін айтады, ал Зибаш өзі де сықылықтай 
күліп, Қыдырманның омырауына қолын тығып өршелене түседі. Ақыры қытықтан 
қашқан Қыдырман тулай дөңбекшіп барып шанадан домалап түскен, жол шетіндегі 
қалың қарға оңқа-шоңқа болды. Сонда да күлкісін тыя алар емес, бөксесіне дейін 
батқан қалың қардан үйелеп қалғандай тұра алмай жатып: «Қоймаймын!… 
Қоймаймын!..» — деп қарқылдай күледі, Зибаш шанадан секіре түсіп, енді 
Қыдырманды сол қарға батып жатқан жерінен үстінен бас салуға ұмтылған. 
Қыдырман жан дәрмен ұшып тұрып қаша жөнелген, бірақ тойтық аяғымен қайда 
барсын, Зибаш оны қия бастырмастан қуып жетіп, бар салмағымен жігіттің 
мойнынан асыла құшақтай алған, екеуі де сол сықылықтаса күлген бойлары омбы 
қарға ұмар-жұмар құлады. Лып етіп ұшып тұрған Зибаш жігіттің мойны-қойнына 
қарды тықпалап-тықпалап жіберді де, өзі қаша жөнелді. «О-о-о!..» — деген 
Қыдырман қисалаңдай тұрып еңкейіп, мойнына, қойнына тығылған қарды еңкейіп 
қағып, тыржалаңдай күліп біраз тұрды да, ондайда қатқақ қардың үстінде бұған 
көлденеңдей сес көрсетіп ойнақшып тұрған Зибашты қуып берген. Міне қызық, 
жүгіре алмайды деген тойтық Қыдырманым түлкідей бұлаңдаған келіншекті 
аттатпастан лезде қуып жетіп, бас салды да (сірә, Зибаштың өзі де соны тілеп 
тұрды-ау деймін), күректей алақанымен жерден қарды көсіп іліп ап, келіншектің 
мойнына салған, Зибаш: «И-и-и!..» — деп шыңғыра секірген, екеуі қар үстіне қайта 
құлады. Қыдырманның қарқ-қарқ күлкісі, Зибаштың еркелей шыңғырғаны, одан 
сықылықтап күлгені бұл дүниеде торығу барын, мұңаю барын мүлде 
ұмыттырғандай. Дөңес-дөңес боп мелшиіп жатқан қысқы дала да енді сылқ-сылқ 
күліп жатқан сияқты. Бірі тұра қашады, екіншісі тұра қуады, одан қалың қарға 


ұмар-жұмар қайта құлайды. Шаршау деген ойларына да келер емес, екі беттері 
нарттай боп қызарып, жүздері бал-бұл жайнайды, екеуі де ерекше құлпырып, 
сұлуланып кеткен. 
− Қыдырма-а-ан-н!..- дейді Зибаш қасында жүрген тойтықтан адасып 
қалғандай шырқырай дауыстап. 
− Зиба-а-аш-ш!..- дейді Қыдырман да даланы басына көтере айқайлап. 
− Мен бақытты-ы-мын!.. 
− Мен де бақытты-ы-мын!.. 
Шананың үстінде отырып мен күлем: үп-үлкен адамдар да ақымақ боп 
кетеді екен-ау деймін, ал іштей екеуінің осы қылықтарына қызыға қараймын. 
Расында да, жаңағы өздері айқайлап айтқандай бақытты болған соң осылай 
шығар. Бір ауық қарнымның ашқанын да ұмытып кетіппін, тек ауылдың қарасы 
көрініп, мұржаларынан жарыса көтерілген көк шуда түтіндерге көзім түскенде 
ғана, ертеден бері аш екенімді есіме алдым. Осы кезде Зибаш та: 
− Бәлі, мына Қанатты байқамаппыз да ғой,- деді мені енді ғана көргендей 
көзі шарасынан шыға. 
− Қанат, сен бізге күліп отырған шығарсың,- деді Қыдырман да. 
− Ұят-ай, ұят болды ғой,- деді Зибаш қызара тершіген бетін сүрте тұрып.- 
Қанатай, айналайын, сен біздің мұнымызды ешкімге айта көрме… Бала құсап 
кетіппіз ғой. 
Қыдырман әуелі Зибашты көтеріп шанасына отырғызды да, өзі кеп менің 
қасыма өз шанасына шығып отырды. 
− Қалай, ішің пысқан жоқ па? 
Өңі жақыннан тіпті әдемі, елжіреп тұрған жылы еді. Мен Зибаштың мұны 
жайдан жай ұнатпағанын енді ұққандаймын. 
Мал қораның алдына кеп тоқтағанымызда, Байдалы шал бастаған сиыршы-
малшы шал-шақпыт бір топ адам қарсы алдымыздан шыққан. Орталарында 
дөңгелек көк бөрікті, қара пальто киген күжірейген бір бейтаныс адам бар, 
ауданнан келгені айтпай-ақ көрініп тұр. 
− Әлтаев кеп қапты ғой,- деді Қыдырман. 
Иә, ортада тұрған шолақ қол өкіл Әлтаев жолдас екен. Бәрі біздің 
жолымызға қарап күтіп тұрған сияқты. 
− Қанат, сен қазір шанадан түс те үйіңе қайта бер, шөбіңді мен өзім 
артыңнан жеткізіп берем,- деді Қыдырман маған сыбырлай сөйлеп.- Әйтпесе 
мыналардың көзінше әкете алмаймыз. 
− Мақұл,- дедім Мен жағдайды ол айтпаса да жақсы түсініп. 
Байдалы шал топтан озыңқырап шығып: 
− Әй, тойтық, мына тұрған жерге сонша жоғалып қайда жүрсің? — деген. 
− Түлкі қудық,- деді Қыдырман жайбарақат үнмен. 
− Не дейді?! 
− Түлкі қудық деймін. 
− Жә, бос қалжақты қайтесің,- деді Байдалы шал зекіре сөйлеп. Онан соң 
малшы, сиыршы шалдарға бұрылып: — Сендер мына екі шананың шөбін түсіруге 
Қыдырманға көмектесіңдер! — деді бұйырып.- Ал, Зибаш шырағым, біз Әлтаев 
жолдас екеуміз сені күтіп тұрмыз. Сөйлесетін сөз бар,- деді жұмсақ үнмен. 
Зибаш біз жаққа, Қыдырманға жалтақтап бірер қарады да, енді қайтейін, 
менде ерік бар ма дегендей, шарасыздықпен шанасынан сырғи түсіп, Байдалы шал 
мен шолақ қол өкілдің алдына барған. Шолақ қол өкіл оған күлімсірей қарап, сау 
қолын беріп амандасты. 


− Түу, қолыңыз тоңып қапты ғой,- деген, Зибаш ұялшақтап теріс қарап, 
үндеген жоқ. 
Біз де шанадан түскенбіз. Қабағы жабылып, тұнжырап кеткен Қыдырман 
шөп бастырықтың бір басын ызалана кеп шешіп оқыс босатып жіберген, шіреп 
тұрған бастырық қатты серпіліп барып, Байдалы шалдың иығын жанап барып дәл 
арт жағына ұшып түскен. 
− Ой, тойтық неме, кісі өлтірейін деп пе ең, абайламайсың ба?! — деді 
Байдалы шал ақырып. 
− Шананың іргесінде тұрмай аулақ барып сөйлеспейсіңдер ме,- деді 
Қыдырман да қиястанып. Онан соң өз қылығына өзі риза болғандай маған қарап 
көзін қысып қойды да, үйіңе қайта бер дегендей ымдады. 
Мен үйге қайтқам. Қарнымның қатты ашып, әлсірегенімді енді сезіп, аттаған 
адымым кейін кетіп қиқалақтап келе жатқанымда, жолда Петька кездесті. Есі-
дертім тамақ боп келе жатқан мен оған: 
− Ертеңгісін Әбілтайдың арқасында бауырсаққа бір тойған шығарсыңдар,- 
дегем. 
− Әбілтайдың арқасында дейсің бе?! — деп күлді Петька сирек тістерін 
Әбілтайдан көк көзі күлімдеп.- Сабақты дұрыстап оқи алмайтын сол Әбілтайдан не 
шығушы еді,- деді.- Рас, бауырсақ жедік, бірақ Әбілтайдың арқасында емес… 
Мен кеткен соң сәлден кейін, Байдалы шал Әбілтайды желкесінен түйгіштеп 
қуып шығыпты үйінен. Сөйтсе Байдалы шалдың оқытпақ болған қағазы жаңаша 
мен ескі латын әріптері араластырып жазылған екен, соны Әбілтай оқи алмапты. 
«Түк шықпайтын, адам болмайтын арам тамақ неме»,- депті Байдалы шал. Онан 
соң есігінің алдында отын бұтап жүрген атқарушы Ысқақ шалға: «Қайтсең де анау 
Санатты барып алып кел»,- деп бұйырыпты. Содан Ысқақ шал Санаттың атасына 
барып айтып, Санаттың өзіне жалынып жүріп, ақыры атқа алдына мінгізіп әкетті. 
Ал Санат болса әскерден келген хаттарды оқи жүріп, латын әріптерін де жақсы 
танып алған емес пе, Байдалы шалдың әлгі қағазын мүдірместен судыратып оқып 
беріпті. 
− Сөйтіп, Санаттың арқасында үш-үштен бауырсақ жедік, тәтті болғанда 
тәтті,- деді Петька ертеңгісінгі жеген бауырсақтың дәмі таңдайында әлі де 
тұрғандай тамсана тұрып: «Қап, шөпке бармағанда мен де жейтін едім-ау»,- дедім 
іштей өкініп. 
Үйге кеп әжеме шөпті біраздан кейін Қыдырманның өзі әкеледі дедім. Бірақ 
Қыдырман шөпті әкелген жоқ, кешкілік іңір кезінде шайқалақтай басып өзі келді. 
Мен мал қоралап сыртта жүргем. 
− Қалай, Қанатай, шаршамапсың ба? — деген, Мен басымды шайқадым. 
Шөпке барған жолымыз, оны тиегеніміз, онан қайтардағы Зибаш пен 
Қыдырманның бала құсап ойнағандары бәрі есіме түсіп, еріксіз күлдім. 
− Өте көңілді барып қайттық қой,- дедім ризалығымды білдіріп.- Ендігі 
барғандарыңда мені тағы да бірге ала жүрсеңдерші. 
− Әй, енді өйтіп бара алмайтын шығармыз,- деді Қыдырман күрсініп. 
− Неге? 
− Неге дерің бар ма. Қанатай, әзәзілдер жолымызды бұзғалы тұр ғой. 
Әлгіндегі шолақ қол өкілдің Зибашқа күле қарағаны, сау қолын беріп 
өбектеп кеп амандасқаны, Байдалы шалдың әлдеқандай боп паңданып 
Қыдырманға қоңырақтауы тегін болмады ғой. Бір түрлі әлденеден секем алғандай, 
жақсы бір нәрсемнен айырылып қалатындай, көңілім құлазыңқырап қалды. 
− Жә, оларды да көріп алармыз,- деді Қыдырман мені жұбатып, 
әлдекімдерге кіжінгендей тіктене сөйлеп. 


− Олардың дегені бола қоймас. Әжең қайда? 
Онан соң үйге кіріп әжемнен кешірім сұрай тұрып, өкіл мен Байдалы 
қадалып қарап тұрған соң, шананың астыңғы жағындағы біздің шөпті де амалсыз 
колхоздың мал қорасының төбесіне шығарғанын айтты. 
− Сіздердің шөпті белгілеп бөлек жинап қойдым. Бірер күнде ретін тауып 
түсіріп берем, әже,- деген. 
Бірақ Қыдырман солай деп уәде бергенімен де, біздің сол шөбіміз ақыры 
өзімізге бұйырмады. 
БАЙДАЛЫ БАСТЫҚ 
Осы жолы шолақ қол өкіл ауылда біраз күн болып, елді біраз дүрліктірді. 
Сол келген күннің ертеңіне ол Байдалыны ертіп, Нұғыманның үйіне көңілін сұрай 
кіріп шығыпты. Аурудың енді қайтып төсектен тұрмасына көзі анық жеткен соң, 
келесі күні түске қарай жаңа бастық сайлау үшін көпшіліктің жалпы жиналысын 
шақыртқан. Анда-санда бір өтетін осындай жиналыстың өзін тойдан кем көрмейтін 
біздің ауылда үлкендерден қалмай балалар да тегіс жиналатынбыз. Бір-бірімізді 
түртпектеп, алысып-жұлысып ойнап, клубтың арт жағындағы қара көлеңке 
бұрыштарда топырласа тұрып, үлкендердің аузынан шыққан сөздерін де, іс-
қылықтарын да қалт жібермейтінбіз. Жиналысқа кімнің қалай келгені, қандай киім 
киіп келгеніне дейін біздің назарымыздан қақас қалмайтын. Ондайда шетімізден 
мысқылшыл, қалжақ сөзді қақпақылдай қағар керілдеу боп аламыз. Сол әдетпен 
бүгінгі жиналысқа келгендерді де өзімізше мінеп-шенеп, іліп-шалып сөз етіп 
тұрғанбыз. 
− Ойбай-й, әнең қараңдар, Зибаштың бүгінгі әдеміленіп келгенін,- деген 
балалардың бірі ішегін тартып. 
Шынында да, есіктен басында бөртпе шәлі бар, үстіне қара пүліш пальто 
киген, шашының маңдайын қақ жарып жылтырата тараған Зибаш кіріп келгенде, 
балалар тегіс ішегімізді тартып, аузымызды ашыппыз да қаппыз. Зибаштың дәл 
осылай үлде мен бүлдеге орануын көргеніміз бірінші рет еді. Бұрынғы сұлулығы 
сұлулық па, мына сұлулығына тіпті тіл жетпестей. Өзі бұрала басып, былқ-сылқ ете 
қапты. 
− Паһ, паһ!.. Уай, шіркін-ай!.. 
− Тура Қыз Жібектің өзі ғой! 
− Әжібек ғашық болса болғандай ғой,- деседі балалар тамсана тұрып бір-
бірімен сыбырласып. Артынша біреу, сірә, Қайрат болу керек: 
− Әй, өзі бүгін неғып сонша сәндене қалған? — дейді таңырқап. 
− Ой, маубас, соны да білмейсің бе?! — дейді екінші бала, сірә, Бәтен болу 
керек, оны кінәлағандай.- Анау, шолақ қол өкіл келген соң, ол сәнденбей кім 
сәнденсін. 
«Біліпсіңдер,- деп қоям мен оларды іштей қыжырта, Зибаштың ендігі жерде 
кім үшін сәнденетінін дәл осы арада өзімнен жақсы білетін ешкім жоқ екенін еске 
ала тұрып. Сондықтан Зибаш қақында айтылған әлгіндей бопса сөздерді басқым 
кеп: 
− Бәрі бос сөз,- деймін. 
− Иә, саған бос сөз, бүкіл ауыл шулап жүргенде. 
− Мейлі, шулай берсін, бәрібір бос сөз,- деймін нық сеніммен әр сөзімді 
шегелеп. Өз сөзіме қолдау іздегендей көзіммен Қыдырман тойтықты қарастырам, 
бірақ ол көріне қоймайды. «Қайда жүр өзі, мына жұрттың Зибаш туралы қаңқу 
сөздерін неге басып тастамайды»,- деп қоям. 


Қыдырман тойтық кешігіңкіреп келді. Үстінде сол кешегі шөпке барғандағы 
киімдері, сірә, мал қора жақтан келген беті болса керек, түсі бір түрлі суық, ашулы 
көрінді. Кимелеп барып көпшіліктің орта тұсына сығылыса отырды. 
Жиналыс басталып, бірден сөз алған шолақ қол өкіл әуелі соғыстың барысы 
туралы, біздің әскерлеріміздің қанқұйлы жауды ес таптырмай өз жеріне қарай түре 
қуып, қаһармандықпен соғысып жатқанын әңгімелеп өтті де, онан соң біздің 
ауылдың жағдайына ауысты. Соңғы кезде Нұғыманның төсек тартып мүлде жатып 
қалуына байланысты жаңа колхоз бастық сайлау қажеттігін айтты және аудан 
атынан бастықтыққа осы уақытқа дейін бригадир боп істеп көзге түскен, 
тәжірибесі бар, шаруа жайын жақсы білетін, іскер адам деп Байдалыны ұсынады 
деді. 
Мұндай тосын шешімге көпшілік бірден не дерлерін білмей әуелі тосылып 
отырып қалған, артынша кейбіреулері күңкілдеп Байдалының сауатсыздығын айта 
бастап еді, ондайларды шолақ қол өкіл қабақ шытып тыйып тастады. 
− Бізге Бәкеңнің сауаты емес, шаруа жайын білетін іскерлігі керек,- деді 
қатқыл үнмен қайталай мақтап.- Қағаз жазуға осында есеп-қисапты жүргізуші бала 
бар ғой,- деп осы тұста иегімен жиналыстың хатшысы боп отырған Бектайды 
меңзеп өтті,- осылар істейді. Қазіргі кезеңде бізге колхоз жұмысын ақсатпай 
жоспарды орындатып отыратын белсенді адам керек. Міне, сондай адам деп біз, 
аудан Бәкеңді ұсынып отырмыз. 
Өкілдің өзі сөйлеп тұрған соң кім не десін! Қатын-қалаш, бала-шаға 
Байдалыға қарсы сөйлеп өле алмай жүр ме, мақұл десіп, бір ауыздан қол көтерді. 
Осылайша Байдалы шалдың колхоз бастық боп сайланғанын, шолақ қол өкілдің 
оны әлгіндей деп қайталай мақтағанын өз көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естіп, 
біз, балалар да, көпшіліктің арт жағында тым-тырыс тұрдық. Колхозшылардың 
жалпы жиналысы осылай деп қаулы алды, Бектай есепші осының бәрін хаттап 
қағазға түсіріп отырды. Сөйтіп, әліпті таяқ деп білмейтін Байдалы шал колхоз 
бастық боп шыға келді. 
− Енді Байдалы шал біздің Санатты өзіне хатшы етіп алатын шығар,- деген 
Петька қалжыңдай күліп. 
− Егер бауырсаққа тойғызып тұрса, қағаздарын оқып беріп тұрам ғой,- деді 
Санат та күліп. 
− Әй, балалар, шуламаңдар,- деді осы кезде шолақ қол жиналысты әрі 
қарай жалғастырып: — Жолдастар, енді екінші мәселе қаралады. 
Көпшілік бастық боп сайланған Байдалының орнына кім бригадир болар 
екен деп елеңдескен. Оны да Әлтаев жолдас өзі айтатын шығар деп, шолақ қол 
өкілдің аузына қараған. 
− Бригадирді Бәкең өзі тағайындасын,- деді өкіл бұл жолғы билікті жаңа 
бастықтың өзіне беріп. 
Көпшілік арасында күбір-сыбыр гулей жөнелді. Әркім өз жорамалын айтып, 
анау болатын шығар, мынау болатын шығар деп, ауылдағы азын-аулақ еркек 
кіндіктердің аттарын атасып дуылдасып кетті. Байдалы шал орнынан көтеріліп, 
сөзін неден бастарын білмегендей жөткірініп, тамағын кенеп, күбір-сыбыры басыла 
қоймаған көпшілікке бір, одан менің шаруам жоқ, кімді атасаң да өзің біл дегендей 
боп, еріндері дүрдиіп, алдына бедірейе қарап, мелшиіп отырған өкілге бір қарап 
жөткіріне берген. 
− Ал айтыңыз ойыңызды,- деді өкіл оған демеу бергендей, онан соң 
гуілдесіп отырған көпшілікке қабағын шытып: — Жолдастар, тынышталыңыздар, 
бастықтарыңыз сөйлегелі тұр ғой,- деді. 


− Мен айтсам… менің ойым… мен тағайындасам…- Жайшылықта боқтықты 
қардай боратып, жарықшақ ащы даусы ауылдың бір басынан екінші басына дейін 
шарылдап, құлағыңды жарып жібере жаздайтын айқайшының аяқ асты дымы бітіп, 
мыңқылдап қапты. 
− Иә, кімді айтасың? Ойың кім? Кәне, аташы? — десті шыдамсызданған 
көпшілік жан-жақтан кеу-кеулеп. Байдалы шал жалтақтап өкіл жаққа тағы бір 
қарап алды да: 
− Біргәдір Зибаш болсын,- деді. 
− Әй, не дейді?! 
− Зибаш болсын дей ме?! 
− Атпал азаматтар тұрғанда Зибашы несі-ей, мынаның?! — десіп, көпшілік 
мүлде гуілдесіп кетті. 
− Жолдастар, тынышталыңыздар! — деді шыдай алмай кеткен Әлтаев 
жолдас столды тықылдатып, көпшілік оған да тоқтай қоймаған соң орнынан 
тұрды.- Кәне, шуламаңыздар! 
Өкіл орнынан тұрған соң, көпшілік басыла қалды. 
− Жолдастар! — деді Әлтаев жолдас тағы да со қабағын шытқан күйі, кәне, 
осыдан қайсың дауыс көтерер екенсің дегендей, көпшілікке жағалай қарап өтті де, 
ақыл айтқан сабырлы үнмен: — Бригадирді бастықтың өзі тағайындап алады. 
Өйткені ол адам бастықпен тіл табысып істей алатын болуы керек. Бәкең сол 
себепті Зибашты атап тұр. 
− Өзі тағайындап алғанына қарсы емеспіз, бірақ енді еркектерден алуы 
керек қой,- деді көпшіліктің орта тұсынан гүжілдей шыққан жуан дауыс. Бұл — 
Қыдырманның даусы еді. Жұрттың бәрі бірден соған бұрылып, елең ете қалды. 
− Сен кімсің? — деген өкіл қабағын кіржитіп. 
− Мен Қыдырманмын,- деп, тойтық орнынан тұрды. 
Қыдырман тойтықтың Зибашқа қарсы болғанына көпшіліктің таңырқағаны 
өзінше бір басқа шығар, ал менің таңырқауымда тіпті шек жоқ еді. 
− Өй, мұнысы қалай? — деппін қасымдағы балаларға. Маған жауап берген 
ешкім болған жоқ, бәрінің назары сахнада тұрған шолақ қол өкіл мен Қыдырманда. 
Енді не болар екен деп, бір қызықты күткендей телміре қалған. 
− Ал керек болса!.. Міне, қызық!..- деседі балалар да сыбырласып. 
Шолақ қол өкіл: 
− Сен қарсымысың? — деп қайталай сұраған. 
− Иә, мен қарсымын,- деді Қыдырман тойтық та қайталап.- Ол қатын 
біргәдіріңе ешкім бағынбайды. Осы ауылда біраз еркек бар ғой, біргәдірді солардан 
қою керек. Мысалы, әне, жақында ғана әскерден қайтқан Көбеген бар, ал егер ол 
жарымжан десеңдер, есепші боп жүрген анау Бектай, әр түрлі жұмыста жүрген 
мына мен бармын…- Ол өзін айтқан кезде, жұрт ду күлген. «Алда, шіркін-ай, 
мұның өз ойы бар екен ғой!», «дәмесін қарай гөр, тойтықтың!», «қайтсін енді, 
өзін-өзі айтпаса басқалар аузына алмайды»,- десіп, дуылдасып қалған. Жұрттың 
күлкі-мазағына Қыдырман ыза боп кетті.- Әй, сендер неменеге күлесіңдер?! Осы да 
күлкі ме? — деп төңірегіндегілерге көзін аларта қарады, жылқының ту 
құйрығындай қайратты шашын артына қарай қақыра сипап қойды да: -Бәрібір ол 
Зибаш бригадир боп оңдырмайды, мен қарсымын, өйткені ол… 
− Әй! — деп Әлтаев жолдас мұнан әрі оны сөйлетпей ақырып қалды.- Сен 
өзің қазір не сөйлеп тұрғаныңды білесің бе? Үкіметтің саясатына қарсы сөйлеп 
тұрсың. Әйел жолдастарды көтеру, оларды басшылыққа сайлау — бүгінгі таңдағы 
үлкен саяси мәселе. Ал ол саясатқа қарсы адамды біз маңдайдан сипай 
алмаймыз… 


− Мен саған маңдайымнан сипа деп тұрған жоқпын,- деді Қыдырман тойтық 
дүңк етіп.-Мен саясатқа қарсы емеспін, мен мына қатынның біргәдір болғанына 
қарсымын. 
− Тоқтат, кәне, сөз таластырғанды! — деп, Әлтаев жолдас столды қойып 
қалды.- Бұл неғылған бейбастақтық! 
− Сен өйтіп айқайлама! — деп, Қыдырман да орнынан қай- тадан атып 
тұрған.— Әркім өзі ұнатқан қатынды біргәдір сайлай берсе, іс бола ма екен. 
− Мынау не сөйлеп тұр, жолдастар?! — деді кенет қызарақтай бастаған өкіл 
лажсыз күліп. 
Осы кезде әр тұстан: 
− Әй, Қыдырман, қойсаңшы! Ол қатынға сен де алыс емессің ғой. 
− Өкілмен салғыласып қайтесің, ұят болады. 
− Кімді сайласа да бәрібір емес пе,- дескен басу сөздер естілді. 
− Өкіл жолдас, ол тойтықтың сөзін тыңдамаңыз,- деді Байдалы шал да 
бәйпектеп. Әлтаев жолдас та сабасына түскендей болды. 
− Жолдастар,- деді енді сабырлы сөйлеуге тырысып,- аудан Бәкеңнің 
таңдауын қолдайды. Өзі таңдаған адамын бригадир қоймақ екен, онысын 
құптаймыз. Кәне, осыған кім қарсы? 
Көпшілік тым-тырыс отырып қалды. 
− Бәрібір мен қарсымын,- деді Қыдырман тойтық. 
− Сен қой… Сенімен басқа жерде сөйлесеміз әлі. 
− Құдай өзі берген жанын өзі алады. Ал мына қатын біргәдіріңе мен 
бағынбаймын. 
− Бағындырамыз. 
− Бағынбаймын… Жарайды, Көбеген ақсақ болсын, мен тойтық болайын, ал 
енді анау отырған Бектайды лайық емес деп кім айтар екен. Қолы хат таниды, 
жазуы да жақсы, шаруа жайын да Байдалыдан артық білмесе, кем білмейді. 
− Дұрыс, дұрыс! Сол Бектай болсын да бригадир! — дескен құптаған 
дауыстар әр тұстан естілген. 
Шолақ қол өкіл cay қолымен столды тағы да қойып қалды. 
− Тоқтатыңдар тәртіпсіздікті! — Онан соң көзі шатынай тұрып көпшілікке 
төне қарады да: -Бастықтарыңыз бұл баланы емес, Зибашты атап тұр ғой, кәне, 
кім соған қарсы, тұрсыншы орындарынан?! — деді. 
Қыдырман тойтықтан өзге ешкім тұрған жоқ. 
− Әй, тойтық неме! — деді осы шыдай алмай кеткен Байдалы шал.- Әй, осы 
жұрттың шырқын бұзбасаң отыра алмайсың ба-ей, сен ит, а?! Қойсаңшы енді! 
Мына жұртқа қырсығың тиеді ғой. Өкіл жолдаспен салғыласып нең бар-ей, а?! 
− Өкіл болса қайтейін. Мен одан қорқады дейсің бе?! Мен кейбіреулер 
сияқты бай-құлақтың құйыршығы боп көрген емеспін, сондықтан құдайыңнан да 
қорықпаймын. 
Әрине, «кейбіреулер» деп тұрғаны Байдалы шалды айтқаны. Үлкендер жағы 
Байдалы шалға ренжігендерінде, ылғи да өстіп оның бір байдың атшысы болғанын 
еске алып, бетіне басатын. Қыдырман да сонысын мегзеп тұр. 
Мұнан әрі Қыдырман тойтықпен сөз таластырып жеңе алмайтынын білген 
Байдалы шал: 
− Жарайды, қыңыр адам бір жақ, қырық адам бір жақ демекші, сенің сөзің 
өтпейді. Ал басқа кімнің қарсылығы бар? — деген. 
Шолақ қол өкілден ығып қалған жұрт үндеген жоқ. 
− Ал, жолдастар, онда көпшілік жиналыстың қолдауымен Зибаш біргәдір боп 
сайланды,-деді Байдалы шал сөздің тоқ етерін айтып.- Енді келесі мәселеге — 


зайымға жазылу мәселесіне көшеміз…- дей берген, осы кезде өкіл оған бірдеңе деп 
күңк ете түсті.- А! Иә, айтпақшы, ұмытып барады екем,- деді сасып қалған 
Байдалы шал.- Жолдастар, Зибаш мына жерге шығып отыруы керек. Зибаш! Әлгі 
Зибаш қайда? Кәне, бері кел, мына біздің қатарымызға кеп отыр. Кел, кел! 
Ұялатын дәнеңе жоқ, еркек көрмей жүрсің бе?!.- деп сөзінің соңын бәдік 
қалжыңына айналдырып, жұртты бір күлдіріп алған. 
Алдыңғы жақта шетте отырған Зибаш ұялшақтай басып сахнаға көтерілді. 
Ұялшақтығы сонша, жерден басын көтерместен аяғы-аяғына шалынысып, 
жығылып қала жаздады. Үстіне бар жақсысын киіп әдеміленіп келгені енді белгілі 
болды, бригадир сайланатынын білген екен ғой. Байдалы шал мен Бектайдың 
ортасына барып отырған. Екі беті өрттей боп қызарып, көзін көтермейді. Дәл осы 
сәтте көпшіліктің орта тұсынан бір әйел даусы: 
− Әй, жаман қар, ақыр отырған соң тұп-тура анау өкілдің қасына 
отырмайсың ба?! — деген самбырлай жазғырып. 
Жұрт тағы да ду күлді. Әлтаев жолдас қабағы түксиіп әлгі жаққа жалт 
қарады. 
− Әй, жолдастар, қалжақ сөзді қойсаңдаршы,- деді Байдалы шал қипақтап. 
− Қап, мына қатынның Қыдырманды жер ғып кеткені-ай! — деген бізден 
ілгерірек тұрған Татубай сиыршы күңкілдеп. 
− Шынында да, тойтыққа обал болды,- деді екінші біреу. 
− Е, біраз күн сусындады ғой, жетер,- деді үшінші біреу. 
− Қыдырман тойтықтың қызығы осымен бітті. 
− Өзі Зибаш болсын да, тойтыққа байланып қалсын. 
− Бәсе десеңші!.. 
− Әй, мына шолақ өкілің де мүттәйім екен, бұғалықты қыл сағақтан салды 
ғой. 
− Е, қолында билігі болса керек еді… 
Біздің алдыңғы жағымызда тұрған үлкендер осылайша қақпақылдасып, 
күңкілдесе бастаған. 
− Әй, арт жақта тұрғандар, тынышталыңдар! — деді Байдалы шал. 
Мұнан әрі заемға жазылу жүргізілді де, біздер — балалар үшін қызықсыз 
көрінген соң, сыртқа шығып ойынға кірістік. Барлығымыздың тамсана сөз 
қылғанымыз Қыдырман тойтық. Әне, ешкімнен қорықпайды деп соны айт. Тіпті 
әуелі өкіліңнің өзімен тайталасты ғой. 
Біраздан кейін жиналыс бітіп, жұрт үйді-үйіне тарай бастаған, үлкендермен 
бірге біз -балалар да қайттық. Қыдырман тойтық жеңгесі Сәруеге ілесіп, біздің 
жаққа қарай жүрген. 
− Әй, жүгірмек-ау, немене, сендер істеген жұмысты біз істей алмайды дейсің 
бе, бір Зибашқа бола бүкіл қатын атаулыны кемсіткенің не?! — деген Сәруе былай 
шыққан соң жазғырып.- Екі ортада жеки, үкіметтің саясатына қарсысың деп өкіл 
өзіңе айып тақты. 
− Ой, жеңеше, барлық қатындарда шаруам қанша, бірақ сөзім солай шығып 
кетті. Әйтпесе мына сендерді сайлап жатса, қарсы сөйлеп нем бар,- деді 
Қыдырман ақталғандай үнмен. 
− Тіпті со Зибашты сайлағанға да қарсы бола қоятын дәнеңе жоқ. Сайлана 
берсін. Жүгірмек-ау, содан зиян шегемін дейсің бе? — деген сөзінің соңын 
сыбырлай күліп. 
− Жоқ, маған оның ондай пайдасының керегі жоқ. Мен ол шолақ қол өкілді 
өлтірем,- деді жеңгесінің әзіліне міз бақпаған Қыдырман кіжіне сөйлеп. 


− Жә, жайрағыр, қатын үшін кісі өлтіремі несі мынаның?! Бірдеңеге ұрынып, 
сотталып кетіп жүрерсің. 
− Сотталсам, кетем. 
− Не дейді?!. Бетім-ау, әркімнен қалған бір салдақыға бола өміріңді қор 
қылып не көрінді, сонша?! Жә, мына сөзіңді менен басқа ешкім естімесін,- деді ұрса 
сөйлеген Сәруе.- Әй, осы ауылда не көп, бойжеткен қыз-қырқын мен жесір 
келіншек көп. Соларды шетінен шертіп жүріп ұнатқаныңды айтшы маған, алдыңа 
өзім жетектеп әкеп беремін. 
− Жоқ, маған басқа ешкімнің керегі жоқ. Бәрібір мен ол өкілді Зибашқа 
жолатпаймьін. Ерегескенде мен оның анау сау қолын сындырам енді. 
− О, шірік!.. Жақсы ағама тартпай кеткір шірік!..- деді қайнысының мына 
қылығына күйіп-піскен Сәруе ыза болып. 
Мұнан әрі Сәруе бұрылып өз үйінде қалып қойды да, Қыдырман тойтық 
ақсаңдай басып әрі қарай кетті. Біз, балалар, енді бір сойқан болатын шығар деп, 
сол күні сырттай Қыдырманың қайда барып, қайда жүргенін аңдумен болдық. 
Петьканың: «Байдалы шал енді біздің Санатты өзіне хатшы етіп алатын 
шығар»,- деген қалжыңы шынға айналды. Айтқанындай-ақ бастық болған күннің 
ертеңіне Байдалы шал Санатты сабақта отырған жерінен шақыртып әкеткен. 
Содан бір сабақты өтіп, одан келесі сабаққа кірерде ғана, Санат қалтасы толы 
бауырсақ, жымың қағып тоқ көңілмен оралды. 
− Иә, не болды? Неге шақырыпты? — деп, жан-жақтан жапырлай қалған 
біздің сұрауымызға Санат: 
− Жай,- дей салды.- Мә, одан да бауырсақ жеңдер,- деді онан соң 
қалтасындағы бауырсақтан бәрімізге жеткенінше үлестіріп. Ақ ұннан пісірілген иісі 
аңқыған қызыл сары бауырсақ нанды ұмыта бастаған біздер үшін тәттіден бір кем 
емес еді. Сондықтан бәріміз шетінен аз-аздан қана тістелеп дәмін алсақ, енді 
біріміз құрт құсатып сөлін сорып тамсанамыз. Бүкіл класс ішін бауырсақ иісі алып 
кетті. Тек бір кезде біздердің аузымыздың малжаңдап отырғанын сезіп қалған 
Әнипа апай: 
− Кәне, сабақ үстінде тамақ жегендеріңді қойыңдар! — деп зеки ұрысқан, 
аузымыздағы бауырсақты жұтып-жұтып жібердік. 
Ертеңіне атқарушы Ысқақ шал тағы келген, бірақ бұл күні Санат ауырып 
қалған еді. 
− Онда,- деп ол кластағы балаларды тегіс шола қарап шықты да, көзі маған 
түсіп: — Қанат, сен жүр,- деді. Мен оның назарына іліккеніме қуана қорбаңдап 
орнымнан тұрдым. Төңірегімдегі балалар: «Бауырсақ әкелетін бол… бауырсақ…» — 
деп сыбырлап қап жатыр. 
Атқарушы шал мені алдына сап кеңсеге қарай алып жүрді. Байдалы шал қақ 
төрдегі қызыл мата жабылған үлкен столдың басында көк мауыты тысты бөркін бір 
шекесіне қарай қисайта киіп, бүктеп ұстаған қызыл тобылғы қамшысымен алдында 
қобырап жатқан қағаздарды түртпектеп қойып отыр екен. Мені көріп қабағын 
кіржитіп, тіксініп қалды. 
− Әлгі Санат ауырып қапты, оның орнына мынаны алып келдім,- деді 
атқарушы шал. 
Байдалы шал астыңғы ерініндегі насыбайды алып тастап, аяғының астына 
қақырына былш еткізіп бір түкірді де, маған шегір көзімен шаншыла қарап, 
атқарушы Ысқақтан: 
− Мұның аузы қалай еді, берік пе еді? — деп сұрады дәл бір өмірі мені көріп, 
білмеген адамдай. 
− Ол жағын қайдам, бірақ хат тануы жақсы деп жүрген балалардың бірі ғой. 


− Әй, онда бері кел, отыр,- деді Байдалы шал қарсы алдындағы орындықты 
нұсқап, өзі менен көз айырар емес. Бұрын байқаған баламен де, шағамен де 
қалжақтасып жүретін, бірде бату, бірде тату дегендей мінезі бар, өзіміз кейде 
«аталап» соңынан қалмай әзілдеп, кейде сыртынан мазақтап жүретін, ақ көңіл 
сияқты көрінетін Байдалы шалдың қазіргі сұсы адам қорқарлық еді. Шегір көзі 
өңменімнен өтіп, ішіп-жеп, бет қаратар емес. 
− Сенің өзі, аузың қалай, берік пе? — деп сұрады. 
− Берік,- дедім мен. 
− Кеңсенің құпиясын сыртқа шашпайсың ғой? 
− Шашпаймын. 
− Егер осыдан сенен естідік деген бір сез шықса, мына қамшы төбеңде 
ойнайды. Ұқтың ба? 
Мен басымды изедім. 
− Әй, Ысқақ! — деді ауыз үйге қарай дауыстап. Есіктен қорбаңдай басып 
атқарушы шал кірген. 
− Әлі бағанағының әкеп бергені мына хат па? — деді көк конвертті көрсетіп. 
− Иә, осы төрт бұрышты. Ауданға жазылған екен деді ғой. 
− Жә, онда орныңа бара бер. 
Атқарушы шал шығып кеткен соң, әлгі көк конвертті маған ұсынды да: 
− Онда, мә, оқышы,- деді. Мен әлгінде атқарушы шалдың өзім туралы «хат 
тануы жақсы» деген мақтауын ақтау үшін айдақ-сайдақ жазылған қағазды бар 
ынтамды салып судыратып Оқи жөнелдім. Өйткені жақсы хат танудың басты 
шарты қағазды тез оқу ғой. 
− Әй, тоқта,- деді Байдалы шал мені бөліп. 
− Жау қуып келе жатқан жоқ қой, сен өйтіп аптықпай, әр сөзді түсінікті етіп, 
дұрыстап оқы деп, өзі ұғып қалған алғашқы сөйлемді қайталап шықты: «Арыз. 
Аудандық партия комитетіне. Біз бір топ колхозшы осы арызды жазуға мәжбүр боп 
отырмыз…» 
Мен Байдалы шалдың өзінің мақамына салып, әр сөзді дауысты дыбысы бар 
тұсында соза отырып, қайтадан оқи бастадым. 
«Арыз. Аудандық партия комитетіне. Біз бір топ колхозшы осы арызды 
жазуға мәжбүр боп отырмыз. Өйткені Байдалы колхоз бастық болып ешкімді 
көгертпейді. Өзі бұрын бай-құлақтың құйыршығы болған адам… 
− Не дейді?! Жә, тоқтат иттің күшігі! — деп ұшып тұрған Байдалы шал 
қамшысымен столды салып қалды. Шегір көзі шатынап ашудан қалш-қалш етіп 
маған төне қарайды. Енді болмаса қамшысымен салып жіберетіндей. Қорқып 
кеткен мен қағазды өзінің алдына тастай сап зыта жөнелмек ем, дабыр-дұбырға 
ауыз үйдегі атқарушы шал кіріп, жолды бөгеп, есікке кесе-көлденең тұра қалды. 
− Әй, күшік, не оқып тұрсың-ей, а? — деген маған тап бере ақырып. 
− Өзіңіз оқы дедіңіз ғой қағазда жазылғанды… 
− Мына қағазда шынымен солай деп жазылған ба? 
− Иә. Солай жазылған. 
− Әй, бұлар ма?! Бұлардан бәрі шығады. Ел емес қой,- деді тағы Байдалы 
шал түңіле сөйлеп.- Шетінен жер аударып жіберсең обалы жоқ иттер ғой. Кәне, 
отыр орныңа! — деді маған ақырып. Амал жоқ, оның қарсы алдына барып 
қайтадан отырдым.- Иттің балалары, баяғыда менің Мәтіжан байға жалшы 
болғанымды әлі күнге бетіме басып, бай-құлақтың құйыршығы болған деп жала 
жапқылары келеді. 
− Көре алмайтындардың ісі ғой,- деді Ысқақ шал жағына сөйлеп. 


− Со көре алмайды. Жә,- Байдалы шал біраз бұлқан-талқан боп барып 
сабасына түсейін деді.- Сен орныңа бара бер,- деді атқарушы шалға, онан соң 
орнына отырып, шегір кезі со шатынаған қалпында маған қарап: — Оқы әрі қарай! 
— деп бұйырды. Мен әлгіндегі тоқтаған жерімнен әрі қарай жалғастыра оқыдым: 
— …Сөзінде еш пәтуа жоқ. Тек одыраңдап қатын-қалаш, бала-шағаға қамшы 
үйіргеннен басқа қолынан түк келмейді. Ойлайтыны қара басының қамы. Соңғы 
кездерде жас келіншектерге қырындайтын әдет шығарды… 
− Жә, оқыма, әкел бері,- деп Байдалы шал мұнан әрі шыдай алмай арызды 
жұлып алды.-Ойпырай үйің күйгір-ай, қайсысы екен мұны жазып жүрген?!. 
Қайсысы екен, ә? -Ойланып қалған ол қарсы алдында менің отырғаным біраздан 
кейін барып есіне түскендей: — Әй, сен неғыл деп омалып отырсың?! Кәне, жоғалт 
көзіңді! — деп, қамшысын үйіре ақырған. Мен зытып сыртқа шықтым. Әуелі таяқ. 
жемей аман құтылғаныма қуансам да, кеңседен ұзай бере құр қол кетіп бара 
жатқаным есіме түсіп, Саматтың бауырсақ әкелгеніне үйреніп қалған балалар 
қолыма қараса не деймін. Құр қол сүмірейіп қайтқанымды көрсе, бәрі де: «Әй, сені 
қойшы…» — деп бірден теріс айналады ғой. Әй, тәуекел, не болса о болсын,- деп 
кеңсеге қайта қайттым. Ауыз бөлмеден өтіп, ішкі есікті ашқам, Байдалы шал 
әлгіндегі бір парақ қағаздың басы қайсы, аяғы қайсы екенін біле алмай айналдыра 
қарап тұр екен. 
− Ата, бауырсақ берші! — дедім. 
− А! Ә, сен кетпеген екенсің ғой,- деді әлгіндегідей емес ашуы тарқағандай 
үнмен Байдалы шал. Онан соң: 
− Мә, бауырсағың,- деп қалтасынан бір уыс бауырсақты алып столдың 
шетіне қойды. Оның бір уысы менің кішірек қалтамды толтырды да қойды. Кете 
беріп едім: 
− Тұра тұр, енді мына бір қағазды оқышы,- деді ол тағы бір парақты ұсынып. 
Бұл — акт қағаз екен. Мен әлгіндегідей әр сөзді анықтап, мақамдап оқып шықтым: 
− Акт. Мен колхоздың бақташысы, Шотай Дайырбеков, колхоздың қызыл 
қасқа құнажынының ақырға құлап, қазыққа арандап өлгенін хабарлаймын. Мұны 
куә Көлбай керең мен Сағила кемпір растайды. Сол үшін қол қоюшылар… 
Мұнан әрі ирек-ирек адам түсініп болмайтын әріптермен үш адам қол 
қойған. 
− Жандарың шыққырлар, ақырға құлап өлді деп өздері сойып алмаса 
неғылсын,- деді Байдалы шал кіжініп.- Басқаны білмесем де Шотай итті білем ғой. 
Кәне, берші,- деп актінің қағазын қолына алды да: — Әй, Қанат, сенің көзің 
өткірірек қой, анықтап қарашы, мына екі қағаз бірдей емес пе? — деді. 
Расында да, әлгіндегі арыздың қағазы мен мына актінің қағазы бірдей екен, 
бір дәптерден жыртып алынған. Мен соны айттым. 
− Бәсе, бұ Шотай қайдан тыныш жүрсін деп едім-ау. Кәне, қарашы, 
жазулары да бірдей ме екен? 
− Жоқ, жазулары екі түрлі, екі адам жазған. 
− Жә, ол жағын анықтармын. 
− Әй, ЬІсқақ! — деді ақырып. Ауыз үйден атқарушы шал кірген.- Мына 
қағаздарды менің алдыма кім қойды? — деп сұрады әлгіндегі екі парақты көрсетіп. 
− Қайдам?! Бар қағаз кешеден бері осы үстелдің үстінде жатыр ғой. 
− Үстелдің үстінде жатқанын білем. Соны кім қойды деймін? 
− Казиттерді мен әкеп қойдым, тағы бір қағаздарды шатауат әкеп қойды, 
басқасын білмедім. 
− Бар, шақыр шатауатты. 


Атқарушы шал көрші бөлмедегі счетовод бүкір Бектілеуді шақырып келді. 
Бектілеу ертеден кешке дейін есепшоттан бас көтермейтін, ешкіммен шаруасы 
жоқ, ешкіммен сөйлеспейтін, өкпесі сырылдап отыратын аурушаң, құныс адам еді. 
Ауыл адамдары: «Бектілеу мен қара шот бір туысқан»,- деп күлетін. Ол сөзге 
Бектілеу өзі де мәз боп қалатын. Қазір сол Бектілеу үлкен қой кезі бағжаң-бағжаң 
етіп, Байдалы шалдың алдына қорқақтай кірді. 
− Әй, Бектілеу, мына қағаздарды менің алдыма кім қойғанын білесің бе? 
Бектілеу әлгіндегі арыз бен акті қағаздарын қолына алып көрді де: 
− Жо, бұ қағаздарды кім қойғанын білмеймін, менің қойып кеткенім мәлімет 
қағаздар,-деп барып, Байдалы шалдың алдында жатқан қағаздардың ішінен өзі 
қойғандарын тауып берді.- Міне, мына қағаздар, ал мыналарыңызды білмеймін. 
− Әй, сонда осы сендер не білесіңдер-ей, а?! Жалғыз бастықтарыңның 
алдына кімнің арыз қойып кеткенін білмейсіңдер. Мына қамшымен шеттеріңнен 
пәре-пәрелеріңді шығарсам, обал жоқ иттерсіңдер ғой. Тфу, енді қайтейін-ай!..- 
деп ыза боп бір түкірді де, қайтадан атқарушы шалға бұрылды: — Әй, әлгі Бектай 
қайда жүр? 
− Ертеңгісін мал жаққа кеткен. 
− Әй, мына жақта дүние қирап жатқанда, ол малды жау шабады дей ме-ей, 
а?! Бар, шақырып кел, тез! Осыдан бірдеңе көрем демесе, жетсін тез! 
Атқарушы шалға ілесіп мен де кете бермекші едім, Байдалы шал қайыра 
тоқтатты. 
− Әй, мә, енді мыналарды оқы,- деп алдындағы қағаздарды шетінен бере 
бастады. Әр түрлі арыздар еді: әскер семьясы ретінде азық-түлік жәрдем сұраған, 
отын сұраған, шөп сұраған құлағалы тұрған үйіне тіреу қоюға бөрене сұраған. 
Байдалы болса әр арыздан кейін: «Жә, оттапты», «былшылдапты», 
«сандалмасын», «өй, шіркін-ай, бөренені мен қайдан тауып береді дейді-ей, дәл 
мен бір қарағайдың ортасында жүргендей»,- деп, арыз иесі дәл алдында тұрғандай 
бірде кекеп-мұқап ауызша жауап қайырып отырды да: 
− Жә, енді мына қағаздарды оқышы,- деп алдында жатқан басқа 
парақтарды ұсынды. Бұлар бүкір шатауат Бектілеу мен Бектай есепші берген 
мәлімет қағаздар мен актілер екен: ауырып өлген, көтеремнен өлген малдар 
туралы, қайсының қалай өлгені, қай жерде өлгені жазылған. Байдалы шал бұл 
актілерді жазған адамдарды да бір-бір сыбап боқтап алады: «Өй, жаның шыққыр, 
өтірікті көйітуін»,- дейді, екіншісіне: «Е, жарайды, көрерміз»,- дей салады, енді 
біріне: «Мұны анықтау керек шығар»,- деп қояды. 
Ауыз бөлменің есігі сықыр етіп ашылып, біреу тарс-тұрс басып кеп ішкі 
бөлмеге басын сұққан. Байдалы шал маған тоқтай тұр дегендей қолын сілтеді де, 
есік жаққа ежірейе қалды. Әлгі адам сол басын сұққан күйде бізге қызықтағандай 
қарап есік көзінде тұрып алды, екі көзі жылт-жылт ойнақшып, қос танауы 
таңқиған, жалбыраған қияқ мұртты қайыстай қатқан қара кісі — кәдімгі анау 
кездегі Байдалы шалдың үйінің отынын бұтайтын Тұржан. Әлден соң бас жоқ, аяқ 
жоқ: «А-а-а-а…» деп шақылдай күлген, бүкіл аузы ұрадай боп үңірейіп, көмейіне 
дейін қара қошқылданып түгел көрінді. 
− Паһ, паһ, баяғының болысы да бүйтіп отырған жоқ шығар! ГІаһ, паһ, 
отырысыңнан айналайын, Байағам! — деді ернін сылпылдатып.- Аруақ!.. Аруақ!.. 
Жарықтық, Шорағұл бабамыздың аруағы қолдаған екен де!..- Енді сәл болса 
жылап жіберердей күйде тұр.-Құлдық еттім!.. Құлдық еттім!..- деп басын еңкейтіп 
табалдырыққа тигізді. Тек сонан кейін ғана: 
− Кіруге рұқсат па, Байаға? — деген. 
− Кір,- деді Байдалы шал. 


Осыдан кейін ғана есіктен кірген Тұржан: 
− Ассалаумәлейкө-ө-м! — деп, сәлем беріп қаудырлаған сары тонының 
делдиген етегімен жолындағы орындықтарды қаға-маға қос қолын созып төрге 
ұмтылды. 
− Әликісалам! 
Қол алыса тұрып ұрадай аузын ашып тағы да таңқылдай күлді. 
− А-а-а-а…- дейді тісі жоқ болғандықтан түкірігін шашырата тұрып.- Уай, 
колхоз бастыққа баса-көктемей, естіп рұқсат сұрап кіру керек қой! Солай ма, 
Байаға, а-а-а-а…- деп үп-үлкен басымен кейбір шолжаң балаларша бет-аузын 
қисаңдатып еркелегендей, ырбаң-ырбаң етіп. езуін жия алар емес, әйтеу өзінен-өзі 
мәз-мейрам біреу.- «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейді ғой 
Байаға, алдиярым, міне, алдыңа кеп тағы да басымды нем… а-а-а-а… 
− Қашан келдің? — деп сұраған Байдалы шал. 
− Келген бетім осы. Үйге соқпай, әуелі кеңсеге бұрылып, алатаудай боп 
төрде отырғаныңызды көргім келді. Ризамын аруаққа! 
− Ал отыр,- деді Байдалы шал оған деген риза көңілін жасыра алмай.- Иә, 
үй ішің аман ба? Келіннің халі жақсы ма? — деп дәл әнеугүнгідей амандық 
сұрастыра бастады. 
− Аман ғой, оларды ит жей ме, а-а-а-а…- деп, дәл әнеугүнгідей жауап 
қайырған Тұржан ұрадай аузын ашып тағы күлді. Сөзі ұнап отыр ма, ұнамай отыр 
ма, онда шаруасы жоқ, әйтеуір өзі мәз боп күледі. Осы уақытқа дейін маған үлкен 
адамдардың бәрі ақылды боп көрінетін, тіпті кейбіреулері туралы: «Әй, соны 
қойшы, түйір ақылы жоқ»,- дегеннің өзінде ондай адамның ақылсыздығын андай 
алмайтынмын. Ол да кәдімгі басқа адамдар сияқты көрінетін маған, ақылының 
жоқтығы үлкенге білінсе де, маған білінбейтін. Ал мына адамды әнеугүні де көрген 
жерден бір түрлі ұнатпап едім, ал қазір: «Әй, мынаның түйір ақылы жоқ қой»,- 
деген ой бірден оралып шықпай қойды. Сөйлеген сөздері қандай парықсыз, күлкісі 
қандай дарақы, жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалыстарына дейін еш түйсік жоқ, 
санасыз адамның ісі. Өзі түк-түк ойланбайтын адам сияқты. Тышқанның көзі құсап 
жылт-жылт еткен көзінде де, түрінде де ешқандай ой жоқ. 
− Ауыл-аймақтарың қалай? — деп сұраған Байдалы шал. 
− Ауыл-аймақ қайда көшер дейсіз енді, сол өкімет қондырған орнында тұр 
ғой, а-а-а-а… 
Байдалы шал тағы біраз амандық-саулық сұрастырды да, Тұржан оған 
таңқылдай күліп жауап қайырумен болды. Енді бір сәт сөз кезегі өзіне тиген: 
− Байаға, сіздің бастық болғаныңызды естігенде, төбем көкке екі елі жетпей 
қуандым,-деді Тұржан.- Құдай, аруақ бар екен ғой, біздің де көз жасымызды көреді 
екен ғой деп жылап жібердім. Аруағыңнан айналайын, Шорағұл бабам өзі қолдап 
жүр ғой сізді. 
− Жалғыз мені ғана емес, бүкіл ұрпақтарын қолдап жүр ғой, жарықтық. 
Мына сені де қолдайды. 
− Байаға, бөліп-жаратын несі бар, мына сізді қолдағаны — бәрімізді 
қолдағаны ғой. 
− Оның рас. 
− Әне, дәл таптым ба?! А-а-а-а…- деп Тұржан тағы да мәз болды. 
Сөз әлпеттерінен менің түйгенім — Тұржан Байдалыға төрт-бес атадан 
барып қосылатын туыс екен, мына көрші Ақтасты колхозында тұратын көрінеді. 
Туысының әлгі сөзіне көңілі өсіп әбден риза болған Байдалы шал қалтасынан 
шақшасын алып, түбін столға тықылдатып қағып, көк бұйра насыбайдан 


алақанына молдау етіп салды да, шалқая түсіп аузына тастап жіберді, онан соң 
астыңғы ернін бұлтита жымқырып сақаулана: 
− Әй, осы сені әскерге неге алмады? — деп сұрады. 
− Ойбай-ау, Байаға-ау, менің жасым асып кеткен ғой. 
− Қалайша? Қырыққа енді ғана келдің емес пе? 
− Анау жылы пашпыртымды жоғалттым деп қайта пашпырт алғанда, бір 
мүшел жасты қостырып жазғызғам, сонымен әскерден қала бердім. Менің тісіме кім 
қарап жатыр, тіпті қараса да тісім жоқ, а-а-а-а… 
− Оның дұрыс болған екен,- деп Байдалы шал да рақаттана күлді.- Сен осы 
кішкентай күніңнен-ақ тапқыр едің, әлі соныңнан жазбапсың. Баяғыда байдың 
қойын бағып жүргеніңде, өрісте саулықтардың астына шалқалап жата қап емуші 
ең. 
− Иә, а-а-а-а… Байдың бәйбішесі ыдысымды тауып алмақ боп талай аңдып, 
тінтіп еді. А-а-а-а… 
Мұнан әрі екеуі баяғы кездегі бастан кешкендерін айтысып, біраз мәз боп 
қалды. Тіпті жасаған ұрлықтарының өзі ерлік сияқты көрініп даурығысады. 
− Байаға,- деді енді бір сәт ыржаңдай күлген Тұржан.- Баяғыда Бейсенғазы 
бай болыс болғанда, інісі Сейсенғазы: «Бейсекем болыс болды дегенше, Сейсекең 
нойыс болды десеңші» демекші, сіз колхоз бастық болды дегенді естігелі, мына 
жаман ініңнің де тақымы қопаңдайтынды шығарды. Қашанғы мен де тентіреп анау 
Ақтастыда жүре бермекпін, өзіңнің қасыңа келгім келеді. Сіз бастық болғанда, мен 
неге біргәдір болмаймын деймін. Ашсаңыз алақаныңызда, жұмсаңыз 
жұдырығыңызда емеспін бе? Менен сенімді кім бар сізге?! 
− Ондай ой өзімізде де болып еді, бірақ әлгі шолақ қол өкіл еркіме қойды 
ма?! Осында бір қатынға көңілі ауған екен, шолақ ит соны біргәдір сайла деп 
отырып алды ғой. Бұ қазақтың қатын десе жан беріп, жан алысатынын білесің ғой, 
амал жоқ, айтқанын орындауға тура келді. Жә, келем десең, біргәдірліктен де өзге 
жұмыс табылады ғой. Мысалы, мына маған ары-бері шапқылап жүретін атқарушы 
керек. 
− Ойбай, Байаға-ау, ол атқарушылығыңа мен дөй деймін ғой. 
− Е, онда болды. Сапыбекке де бір жұмыс табылар. 
− Хат тануы жақсы дедің бе осы? 
− Үш класс бітірген, таниды ғой. 
− Әнеугүні қайтып барған соң сіздің айтқандарыңызды айтқам, қуанғаны 
сонша: «Мен Байатама барлық балаларды бір шыбықпен айдап бағындырып 
берем»,- дейді. 
− Былай,- деді Байдалы шал ойына бірдеңе түскендей,- Сен мені «Байаға 
деме. Құрысын, «бай» деген сөзді қайтесің, пәледен аулақ. 
− Онда, аға дейім. 
− Мейлің, тек «бай» дегенді айтпа. 
Байдалы шал көз алдында отырған мені енді ғана көргендей. 
− Әй, сен неғып отырсың? — деді. 
− Өзіңіз мына қағаздарды оқы деп жібермей қойдыңыз ғой,- дедім. 
− Ә, солай ма?! Онда қалғанын ертең оқырсың, бара бер,- деді маған, онан 
соң Тұржанға: -Жүр, үйге баралық,- деді. 
Мен шықтым, менің соңымды ала Байдалы шал мен Тұржан да шыққан 
тысқа, атқарушы Ысқақ шал ертіп келген Бектай есепші екеуі аттарынан түсіп, 
кеңсеге кіргелі тұр екен. Бектай есепшіні көріп Байдалы шал бірден ақырып сала 
берді: 
− Әй, сен осы қайда жүресің? 


− Қора жақта, мал жақта жүрмін,- деді Бектай. 
− Әй, сенің ол жақта нең бар-ей, а?! Малдың заппермесі, бақташысы бар 
емес пе, а?! 
− Қазір енді, қыс кезінде…- деп Бектай міңгірлей берген. 
− Өйтіп қыс кезі деп сылтаурататын түк те жоқ,- деді Байдалы шал аузын 
қисаңдата, даусын жіңішкерте мазақтай сөйлеп.- Шикін-ай, ә, қайбір малсақтанып 
жүрмін дейсің, есі-дертің, айналшық жегендей барғыштап, жағалап жүргенің, анау 
әлгі сиыршы Құныпияның қызы Қаншайым ғой. 
− Онда сіздің шаруаңыз болмасын. 
− Жо, болады… Жаман неме, өзіңше сен де текешіктенейін дедің бе? Байқа, 
етіңді сылып алам. 
− Ақсақал, айтар сөзіңізді ойланып айтыңыз,- деген лезде өрттей боп 
қызарып кеткен Бектай көзін алақ еткізіп. 
− Өй, мынаны қара, маған ақыл үйретеді-ей! 
− Аға-ау, осындайлармен де тәжікелесіп тұрасыз ба, дырау қамшымен өрім-
өрімін шығармайсыз ба?! — деген шетте тұрған Тұржан кіжіне ұмтылып.- Әй, 
колхоз бастықпен бүйтіп сөйлесетіндей сен кімсің-ей, а?! Кәне, ағамның бетінен 
алмай тарт тіліңді, әйтпесе тура көресіңді көрсетем! 
Бектай да ыққан жоқ, қамшысын оңтайлап безере қарсы тұрды, салғыласып 
және сөз қайтармады. 
− Әй, Тұржан, жүр кеттік. Бұл жүгірмекпен сөзім сонан кейін болсын,- деді 
Байдалы шал. 
Екеуі аттарына мініп, Байдалы шалдың үйіне қарай кетті де, Бектай есепші 
мен Ысқақ шал үшеуміз кеңсенің алдында қала бердік. 
− Әнеугүнгі жиналыстан кейін-ақ соңыма түсіп алды,- деді Бектай 
шағынғандай. 
− Е, шырағым, бастықтың қырына іліге беріп қайтесің, айтқаныңыз құп деп 
жүре бермейсің бе? — деді Ысқақ шал. 
− Сөйтпегенде қайтіп жүрмін енді. 
Мұнан әрі мен өз жөніммен мектебіме кеттім. Қалтамдағы иісі аңқыған 
бауырсақтан басым айналғандай болса да, жол бойы, ең болмаса, біреуін аузыма 
салмадым. Балалардың алдына барғанымда, қалтам ортайып қалатындай көрінеді. 
Үзіліс кезі екен, класқа кірер-кірмесімнен мені де балалар жапырлай қоршап ап: 
«Иә, неге шақыртады екен? Не істедің?» — деп үздіге сұраған. Санат құсап мен де 
олардың төбелерінен қарай тұрып: 
− Жай, әншейін,- дей салдым немқұрайлы үнмен.- Онан да мә, бауырсақ 
жеңдер,- деп жеткенше бір-бірден үлестіріп бердім. Өзім бір бауырсақ қана алып 
қалғам. 
− Қанат, мен құр қалдым ғой,- деген кластағы ең кішкене бала Көпен 
жүгіріп кеп. Амал жоқ, соңғы бауырсақты соған ұстата бердім. Сөйтіп, бір қалта 
бауырсақтан өзім ауыз да тие алмадым. Оның есесіне Санат сияқты кластағы 
балалардың алдында менің де шоқтығым бір өсіп қалды. 
* * * 
Түстен кейін ертеңгі үйге берілген тапсырманы орындап сабақ оқып 
отырғам, сырттан кірген әжем: 
− Әй, Қанат, шық, әне, Қыдырман шөбіңді әкелді, түсірісіп жібер,- деді. 
Тонымды иығыма іле сап атып сыртқа шықсам, Қыдырман шананың үстінде 
тұрып ортадан аз тиелген шөптен қораның төбесіне қарай лақтыруға кірісіпті. Мені 
көріп: 
− Жоғарыға шық, тез түсіріп алайық,- деді. 


Мен қораның арт жағындағы күнделікті өзім шығып жүрген басқышпен 
төбеге көтеріліп, Қыдырман әперген шөпті іліп ап, кейін тартып жаймалай 
бастағам. 
− Әй, иттің балалары, тоқтаңдар, кәне! — деп ақыра боқтаған Байдалы 
шалдың даусы селк еткізді. 
Кеңседен шыққан беті болу керек, торы жорғасын борбайлата қамшылап 
құйындата шауып келеді екен. Жетпіс жеті атамыздан бері қарай сыбап келеді. 
− Иттің ғана балалары, тапайдың тал түсінде колхоздың шөбін ұрлап… 
Құртам екеуіңді де… Түрмеде шірітем!.. 
Ағып келген бойда дойыр қамшысымен жеткенше сілтеп шана үстінде 
бейқам тұрған Қыдырманды салып-салып жіберген. Қыдырман шөпке шаншып 
тұрған ашасын суырып ап өзіне қарай ұмтылғанда ғана, атының басын кілт бұрып, 
кейін тайқыды. Бірақ боқтауын тоқтатар емес, бүкіл ауылға естіртіп азан-қазан боп 
тұр. Әуелде «иттің балалары» деп екеумізді қоса қабаттап боқтаудан бастаған, 
енді аша ала ұмтылған соң Қыдырманның жеке өзіне ауысты: «ұры» дейді, 
«қаскүнем» дейді, «пәшіссің» дейді, «колхоздың жауы» дейді, тақпаған айдары 
қалып жатқан жоқ, «ертең айдатам», «түрмеде шірітем», «тұқым-тұғияныңмен 
тұздай құртам» — деп, зәре-құтты алатын сөздерді және қосақтайды. Әлден 
уақытта Байдалы шалдың соңын ала кеңседен шыққан беттері екеуі екі атқа мінген 
шолақ қол өкіл мен Зибаш та жетті. Екеуі бар жайды анадайдан-ақ көріп, біліп 
келеді. Әсіресе басқа білмесе де бұл шөптің жайын Зибаш жақсы білетіні анық. 
Сондықтан Байдалы шал алғаш ақырып аттандай жеткенде, зәрем ұшып 
кеткенмен, Зибашты көріп ес жиғандай болдым. 
− Бұл біздің өзіміздің меншікті шөбіміз, жазда Нәзира әпкем екеуміз 
шалғымен шауып жинағанбыз, нанбасыңыз, әне, Зибаштан сұраңыз,- дедім төбеде 
тұрып айқайлап. 
− Мен саған көрсетем өз шөбіңді, иттің күшігі, кәне, осыдан түсші бері! — 
деп, Байдалы шал атымен қораның төбесіне шығып кетердей емініп қойып 
қамшысын сілтей ақырды. 
− Рас айтады, бұл Қанат пен Нәзираның өздері шапқан шөбі, мына Зибаш та 
біледі ғой,-деп енді Қыдырман да соны арқалана сөйлеген. 
Зибаш шолақ қол өкіл екеуі қатарласа кеп тоқтаған, қазір бірдеңе дейтін 
шығар, шындықты айтып ара түсетін шығар деп Қыдырман да, мен де енді соған 
жалтақтай қарағанбыз. Зибаш қабағын шытынып томсырайған күйде шанадағы 
шөпке, одан сендерді қайда көрдім дегендей, әуелі Қыдырманға, одан қораның 
төбесінде тұрған маған бажырая бір-бір қарағаны болмаса, не дұрыс деп, не бұрыс 
деп бір ауыз сөз айтпастан сызданып, үнсіз тұрды да қойды. 
− Айтсаңшы! — деген Қыдырман оған шаншыла қарап. 
− Зибаш тәте-ау, әнеугүні шөпке бірге барғанымызда, мен өзім бастап 
апарып, Нәзира әпкем екеуміз жазда жиған бір шошақ шөбімізден жарты шана 
тиеп әкеліп едік қой. Мынау сол шөп емес пе? — дедім. 
Зибаш үндеген жоқ, тіпті жұмған аузын ашқан жоқ. Біздің сөзімізді естімеген 
адамдай сол безерген күйі атын тебініп қалды да, жүріп кетті. 
− Әй, қарағым,- деді осы кезде әжем шолақ қол өкілге.- Мен мына 
Байдалыға сөзімді қор қылып ештеңе демеймін. өйткені бұл өзімізге белгілі 
Байдалы. Мен айтарымды жөн білер деп өзіңе айтам. Соғысқа барып қан кешіп 
қайтқан азамат екенсің. Ал менің балам сол соғыста қаза болды. Келінім осы 
колхоздың жұмысында жүріп ұры-қарының қолынан опат болды. Үлкен немере 
қызымды күні кеше үкімет бұзылған қалаларды салғызамыз деп және әкетті. 
Қалған шиеттей балалар мен өлмелі кемпір менің түрім мынау. Енді өзіміз шапқан 


шөпті зорлық қып тартып әкетсеңдер, сонда біздің күніміз не болады? Әскер 
семьясына жасаған жәрдемдерің осы ма сонда? 
Әжемнің сөзін үнсіз тыңдаған шолақ қол өкіл ымдап қасына Байдалыны 
шақырып алды да, бізге естіртпестен бірдеңе-бірдеңе деп күңкілдеді де, атын 
тебініп Зибаштың соңынан жүріп кетті. Өзі қалған Байдалы шал қаһары қайтпаған 
сол ашулы қалпында Қыдырманға қарап: 
− Ендігі жерде ісім сенімен болсын, тойтық ит! — деді кіжініп.- Мына шөптің 
жартысын ғана түсір де, жартысын қайтадан колхоздың мал қорасына алып жүр. 
− Өзі азғантай шөптің не жарты дейтіні бар,- деген Қыдырман. 
− Әй, тойтық, дәл бірдеңе көрейін демесең, айтқанды істе! — деп ақырды 
Байдалы шал. 
− Әй, Байдалы, өз шөбімізді өзімізге қимай тұрсың ба? — деген әжем. 
− Колхоздың малы ашығып жатқанда, мен сендерге шөптеріңді колхоздың 
шанасымен тартыңдар деген жоқпын. 
− Сонда біз арқалап әкелеміз бе? 
− Арқалап әкеліңдер, бірақ колхоздың көлігіне тимеңдер. 
Сөйтіп, Байдалы дігерлеп тұрып алған соң, Қыдырман амалсыздан шанадағы 
өзі аз шөптің жартысын ғана түсіріп, қалғанын колхоздың мал қорасына қайтадан 
алып кетті. 
Қораның төбесінде азғантай шөпті жинастырған боп қала бердім. Көзіме ып-
ыстық жас құйыла береді, өзіме-өзім тығылып не істерімді білмей қыстығып 
тұрмын. Кімге барарсың, кімге шағынарсың? Егер балалар зорлық жасаса, 
үлкендерге барып шағынуға болар еді, ал үлкендердің өзі зорлық жасаса, кімге 
шағынарсың? Нәзира әпкем екеуміздің таң алагеуімнен тұрып жүріп тірнектеп 
шауып, тірнектеп жинаған шөбімізді зорлық қып тартып әкеткеніне қалай 
жыламайсың. Тапайдың тал түсінде бүкіл ауылдың алдында бақырайтып қойып 
тартып әкетті ғой. Әне, әркім үйді-үйіне кіріп жүр, әншейінде ағайынсымақсып 
өбектей қалатындарын қайтерсің, ал жаңа Байдалы кеп жер-жебірімізге жетіп, 
зікінеп, тапап кеткендей боп тұрғанда, ең болмаса біреуі келіп: «Әй, мұның 
қалай?» деуге жарамады-ау. 
Әжем маған төменнен аянышпен қарап: 
− Жә, қапаланба, қозым, тіршілікте мұндайдың әлі талайын көресің, тек бас 
аман болсын дейік,- деді жұбата сөйлеп.- Құдайдан тапқырлар… Уһ-а-а…- деп 
сөзінің соңын ауыр күрсініспен аяқтады. 
Сонда бұл дүние әлсізге әлі жеткен, өстіп қиянат жасаудан тұрғаны ма? 
Жарайды, Байдалы шалға әлгіндегі әжем айтқандай сөз тауыспай-ақ қоялық, ал 
сонда Зибаштың жаңағы көрсеткен мінезі қай мінез? Бригадир болғанына бес-ақ 
күн етті ғой, әйтпесе қысы-жазы бірдей Нәзира әпкеммен бірге осы колхоздың ең 
ауыр жұмыстарында телім-телім боп жүруші еді ғой. Жағдайымызды, халімізді 
басқа білмесе де, Зибаш біледі емес пе. Әнеугүні Нәзира әпкем көз қырыңды сала 
жүр деп бізді тапсырғаны да осы Зибаш еді ғой. Әжем айтқандай: «О-о, опасыз 
дүние… Опасыз адамдар…» 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет