Алаш прозасы Сайын МҰратбеков: «Жабайы Алма» бірінші бөлім көкінай



Pdf көрінісі
бет5/5
Дата01.03.2022
өлшемі1,42 Mb.
#133831
1   2   3   4   5
Байланысты:
Сайын Мұратбеков - Жабайы алма

ПЕТЬКА, ОТТО, БӘККЕ 
Қыс бітіп, көктем айы туғанымен, сірескен қардың діні бұзылар емес. Бір-екі 
рет құс қанаты жауып, ескі қардың кем-кетігін толтырып, сөгілген тұстарын жамап-
жасқап, қыстың соңын онан әрмен созып кетті. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің 
үзілер шағында қыстың бүйтіп созбалаңданғаны адамды да, малды да күйзелтіп, 
есеңгіретіп-ақ тұр. Қаншама үнемдесем де шөбіміз таусылған. Сонда де қораның 
үстіне күніне бір шығып, қоқым-соқымды тырмалап түсірген болам. Ендігі жерде 
сабанды да бұрынғыдан аяқ асты тастай салмай, қоңыр сиыр мен екі ешкіге 
уыстап, үнемдеп беретін болдым. 
Сүті уызданып барады деп, әжем қоңыр сиырды саууын тоқтатқан. Енді 
мүлде қара талқан мен қара суға қарап қалған едік. Ертеңді-кеш құр суға 
шыланған қара талқан мен (әрқайсымызға үш қасықтан ғана өлшеп) шай (шай 
деген аты болмаса қайнатқан қарасу ғой) ішеміз, ал түсте бір мезгіл іштеріңе 
ыстық нәр барсын деп, әжем қайнаған қара суға бір қасық тоң май салып атала 
көже жасайды. Біз осыған да шүкіршілік айтып тамағымызды тоқ санаймыз. Ал 
кейбір үйлерде осы үш мезгіл қара талқан да бола бермейді. Ендігі жерде көңілге 
бір демеу — қоңыр сиырдың сүтінің уызданғаны. Демек, амандық болса бірер 
айдың ішінде бұзаулайды деген сөз. Әлі-ақ аузымыз аққа жарып тойынамыз ғой 
дейміз. Өзіміз ғана емес, көрші-көлемдер де бір жетісіп қалады, әлі. Өйткені қоңыр 
сиыр бұзаулаған кезінде өте сүтті болады, бір сауғанда бір шелек сүт береді. Сол 
кезде біздің үйден шайлық сүт алмайтын көрші-көлем кемде-кем. Сондықтан 
қоңыр сиырдың аман-есен тезірек бұзаулауын тілеушілер көп-ақ. Осы күні Петька 
мен Отто да қоңыр сиырдың қамын менен кем ойлап жүрген жоқ. Қолдары сәл 
босаса-ақ, біздің үйге қарай тартады. Есік алдында шашылған азын-аулақ шөпті 
отша жалаңдаған тілімен сыпырып-сыпырып жүрген қоңыр сиырды айналшықтап, 
соның желінінің қандай боп өсіп келе жатқанын, шөпті қалай жейтінін сөз етеді: 
«Кеше желіні анадай еді, бүгін мынадай боп өсіп қапты», «Кеше анау шөпті өйтіп 
жеп еді, бүгін мына шөпті бүйтіп жеп тұр»,- десіп мәз болады. Онан соң қоңыр 
сиырдың бұзаулайтын күнін сөз қыламыз, ол күн — уызға бір тоятын күніміз 
дейміз. Енді бірде уызды кімнің үйі қалай пісіреді және не қосып пісірсе тәтті 
болады, соны әңгімелейміз, өткен жылғы уызды қалай жегенімізді еске аламыз. 


− Сенің әжең тура бір шелектей уыз берген бізге, мамам соны дәу табақ қып 
пісіріп, екі күн талқан қосып жеп едік,- дейді Петька сол уыздың дәмі әлі күнге 
таңдайында тұрғандай тамсанып. 
− Ал менің мамам жұмыртқа қосып пісіріп еді,- дейді Отто. 
Шіркін, қарның ашып жүргенде, тәтті тамақты сөз еткеннен асқан қандай 
жақсы әңгіме болушы еді. Піскен ыстық сүттің иісін, қазанның түбіне жабысқан 
қаспақтың, сүттің бетіне бір елі боп тұратын сары қаймақтың дәмдерін еске түсіріп, 
сілекейіміз шұбырады. Біріміздің сөзімізді біріміз киіп-жарып ес таппай кетеміз. Тек 
қоңыр сиыр тезірек бұзауласа екен. Ал оны ашықтырмау біздің міндетіміз. Екі күн 
болды үшеуміз мектепке баруды да қойдық. Әжеме: «Оқудан шаршап жүрміз, біраз 
күн демалғымыз келеді»,- деп едім; «Мейілдерің, құлыным, өздерің біліңдер»,- дей 
салды. Қайран әжем-ай, басқалар құсап оқуға дегенде дігерлемейді-ау әсте, тіпті 
мен мүлдем оқымай қойсам да қыңқ демейді, «тек денің сау болсыншы, құлыным, 
қой бақсаң да өлмессің»,- дейді. 
Петька мен Отто таңертеңгісін үйлерінен шыққан бойлары кітап-қағаздарын 
салған боқшаларын құшақтап, шет көшелермен тасаланып біздің үйге келеді. 
Өйткені олардың мамалары қатал, оқудан қашып жүргендерін біліп қойса, 
оңдырмайды. Ал менің әжем болса ол екеуін мүсіркеп, аяп: «Қарақтарым-ай, 
өзектерің талып, қажып жүрсіңдер-ау, ә?! Осы оқу деген пәлені кім ойлап тапты 
десеңші»,- деп қояды. Сондықтан сабақтан қашқан үшеуміз біздің үйде емін-еркін 
жүреміз. Ұзақты күнге сөзіміз де, шаруамыз да қоңыр сиырдың қамы, қайтсек 
соған шөп тауып береміз, қайтсек соны аш қылмаймыз деп мазамыз кетеді. Егер 
осыдан ашығар болса, әлі күні ертең бұзаулағанында уыз шықпай қалады ғой. Ал 
уыз шықпаса оның бұзаулағанынан не пайда?! Осыны ойлағанда үшеумізде де ес 
қалмайды. Көшеде көзімізге түскен бір уыс шөп болса жерден жеті қоян тапқандай 
қуанып, талшығына дейін қалдырмай жинап аламыз. Сол бір уыс шөпті қоңыр 
сиырдың алдына әкеп, соны қалай жегенін қызықтап қарап тұрудың өзі қандай 
қуаныш! Қызыл тілін жалаң-жалаң еткізіп, азғантай шөпті қарбыта асағанында, 
таңдайына жұқ та болмай қалатын. «Әттегене-ай, аз боп қалды-ау! Өстіп тағы бір-
екі асайтындай шөп болар ма еді?! Бір тойып қалар еді-ау»,- дейміз, қоңыр 
сиырдың емес, өзіміздің ішіміз жаланып тұрғандай. Бірақ онша шөпті қайдан 
аларсың. 
Әне, Байдалы шалдың қорасының төбесінде мол шөп бар. Көк жауқазын 
шөп алты ай қыс үстемелене түспесе, еш азайған емес. Бес күнде бір Махмұд 
жоңышқалы шөптен ғана қанатты кең шанаға таудай ғып ыңқита тиеп әкеп түсіріп 
тұрады. Шіркін, Байдалы шалдың ай мүйіз қызыл сиыры бақытты сиыр ғой! Күндіз-
түні сол көк жауқазын шөпке тұмсығын тығып қойып күрт-күрт күйіс қайтарып 
тұрғаны. Әнеу бір күні біздің үйдің тұсынан өтіп бара жатып Махмұд шірей тиелген 
көк жауқазын шөпке қызыға қарап тұрған маған күлімсірей көзін қысып, бір 
ашадайын сырғытып түсіріп кетті. Сырт көзге шөп өзі сырғып түскендей көрінді. 
− Тұржан көрмесін, тез кіргізіп ал,- деді. 
Сол бір аша шөпті қоңыр сиырдың қомағайлана жегені-ай! Дәл бір әлгі шөпті 
алдынан біреу жинап әкететіндей көзі шарасынан шыға аларып, пыс-пыс етіп 
шайнамай жұтты-ау! Кеше Петька пошташы Мақым шалдан сұрап алдым деп бір 
құшақ шөп әкелген. Сабанға араластырып беріп едік, қоңыр сиыр күні бойы соны 
қаужақтады. Бүгін мынау бір құшақтай шөпті Отто тауып әкелген, көшеде 
шашылып қалған екен, сыпырып жинап алдым,- дейді. Кеше кешкілік көрші 
колхоздағы етікші Жақыпбай шал келіп жүрген, сірә, соның шанасынан түскен 
болу керек деп түйдік. Қоңыр сиырдың қазір ашқарақтана жеп тұрғаны сол шөп. 


Бұл шөп қоңыр сиырға бүгінше ғана талшық, ал ертең не жейді? Ертеңгі 
шөпті қайдан аламыз? Петька, Отто үшеуміздің басымызды қатырып тұрған осы 
жай. Алыстығына, жолдың ауырлығына қарамастан Қоғалы бұлаққа барып 
өзіміздің шөпті-ақ тартып әкелуге болар еді, бірақ, әнеугүнгі Тұржанның 
жауыздығынан кейін жүрегіміз шайлығып қапты. Ол тұрғанда біздің үйге күндіз бір 
уыс шөп әкелу мүмкін емес екеніне көзіміз жеткен. Қайдан тапсақ та Тұржанға 
көрсетпей кештетіп әкелуіміз керек. Қайдан табамыз? Қайдан әкелуге болады? 
Ойлана тұрып бір-бірімізге қараймыз. Соқталдай-соқталдай үшеуміз бірігіп, бір 
сиырға шөп тауып бере алмағанымыз ба?! 
− Зоя келе жатыр! — деді кенет көше жаққа қарап тұрған Петька зәре-құты 
ұшып. Өзі еңкейе қап, зып етіп аузы ашық тұрған қораға кіріп кетті, оның соңынан 
Отто екеуміз де еңкеңдей бұғып, қораның ішіне зып-зып бердік. 
Зоя — Петьканың әпкесі, бізден төрт-бес жас үлкен. Мамасына тартқан 
бойшаң, қысы-жазы жұмыста жүріп қол-аяғы балғадай боп алған, еркек тұрпатты 
ірі қыз. Бұрын көк көзі күлімдеп, ақ сары өңі нұрланып сұлу көрінуші еді, соңғы 
кезде қарайып, тотыққаннан кейін бе, мұрны добалдай боп үлкейіп, бет-әлпеті 
қатпарланып, жібектей көрінетін ақ сары шашы да, қасы да, кірпігі де өңіне онша 
жараспай тұратын сияқты. Бәлкім, басқаларға ол қазір де сұлу көрінетін шығар, 
бірақ Петьканың жолдастары бізге ұнамайтын болып жүр. Өйткені Петьканың 
аяғын қия бастырмайды, көшеде көбірек ойнаса да, киімінің бір жерін жыртып алса 
да, аяқ киімін суласа да, сабаққа бармай қалса да мамасы емес, оны осы әпкесі Зоя 
құлағынан бұрап шырылдатып-ақ жатқаны. Сондықтан да ол соңғы кезде бізге 
сүйкімсіз қыз боп көрінетін. Қазір де, міне, қолына оқтаудың жуандығындай көк 
таяқ алып, біздің үйге қарай ентелей басып келеді. Қатулы екені жүрісінен де, 
алақ-жұлақ етіп жан-жаққа қарағанынан да білінеді. Үйге кіріп-шығып жүрген 
әжемнің қасына кеп «амансыз ба» деп дүңк ете түсті де: 
− Әлгі үш қу кешеден бері сабаққа бармапты ғой,- деді зілденіп. Және «үш 
қу» дегенді ерекше мәнерлеп, ызамен созып айтты. «Қу» деген дүниедегі ең 
ұнатпайтын сөзім еді. «Залым», «екі жүзді», «жауыз» тағы басқа осындай небір 
адамды ластайтын жаман сөздердің бәрі осы бір сезге сыйып жататын сияқты 
көрінетін. Сондықтан осы сөзді естігенде, Зояға деген ызадан өне бойым дірілдеп 
кетті. 
− Оқудан шаршадық деген соң, дем алыңдар деген мен едім,- деді әжем түк 
болмағандай жайбарақат үнмен бізге ара түсе сөйлеп. 
Шаршағандары қалай, әже-ау, олардың көктемгі демалыстары әлі 
басталған жоқ қой,-деп, Зоя әжеме оқу жылының тәртібін түсіндіре бастаған. Бірақ 
әжем оның айтқандарының бірін де түсінген жоқ және түсінгісі де келмеді білем: 
− Әй қарағам, осы қаршадай балалардың миын ашытпасаңдаршы. Оқымаса 
да бір нанын тауып жер, тек дендері сау болсын де,- деген. 
Әжемнің бұл сөзіне Зоя шарт кетті. 
− Әже, сіздің балаңызда жұмысым жоқ, ал оқудан қашқаны үшін анау інімнің 
жанын шығарам қазір,- деп қаһарланып қораның аузына қарай жүрді.- Петька, 
кәне, шық бері! -деді ақырып,- Егер өзің шықпасаң, қолымда, міне, таяқ бар, сабап 
шығарам. 
Үрейі ұшқан Петька: 
− Мен өзім шығам, тек сен сабамашы,- деген жыламсырай шырылдап. Осы 
кезде әжемнің: 
− Әй, Зоя, орыс болсаң қайтейін! Әй, менің көзімше сол балаға қолыңды 
тигізіп көрші осыдан,- деп, оған қарай тап бермесі бар ма. 


− Жо, сабамаймын, әже, жай қорқытқаным ғой,- деді сасып қалған Зоя 
сыбырлай сөйлеп. Бірақ айтқандары бізге анық естілді. 
− Қорқытпа да! Оқуың бар болғыр, онысы несі-ей, баланың зәресін алып! — 
деді әжем онан әрмен қатулана сөйлеп. 
Зоя да қайсар қыз ғой, ә дегенде сасып қалғанмен, өз дегенінен қайта 
қоймады. 
− Оқу керек, әже. Оқымай қалса бұлар адам болмайды,- деген. 
− Оқымаған жұрт адам болмайды екен ғой сонда. 
− Адам болады, әрине, бірақ нашар адам болады. 
− Әдірем қал! Әдірем қалғыр! Оқымаған ата-бабам нашар болған екен ғой 
сонда! 
Мұнан әрі әжеммен сөз таластырғысы келмеген Зоя: 
− Әже, мен сізді айтпаймын, мен өз інімді айтам,- деді жалтара сөйлеп. 
− Е, онан да сөйлемейсің бе жөніңмен. 
− Петька! — деді енді шындап ашуына мінген Зоя шаңқылдап.- Шығасың ба, 
жоқ па? 
− Сен тиіспесең, шығам,- деді Петька сәл жыламсыраған үнмен. 
− Жарайды, егер өзің шығып, алдыма түсіп жүрсең, тиіспеймін. 
− Жоқ, тиісесің. 
− Тиіспеймін! Міне, таяғымды әжеге бердім. 
Ала көлеңке қораның ішінен үшеуміз саңылау тесіктерден сыртқа сығалай 
қарағанбыз, айтқанындай-ақ Зоя қолындағы таяғын әжеме берді. 
− Жә, тимейді енді, шығыңдар! — деді әжем де. 
Петька Отто екеумізге кезек қарап: 
− Жүріңдер, сендер де шығыңдаршы,- деді қиыла өтініп. Әрине, жалғыз 
шығуға қорқып тұр. 
− Жүр, бірге шығайық, не көрсек те бірге көрейік,- деп, Отто екеуміз де 
есікке беттедік. Алдымен мен, менен кейін Петька, ең соңымыз Отто болып 
қорқақтай басып сыртқа шыққанбыз. 
Зоя көк көзі тұздай боп шақырайып, бізге жеп қоярдай ызалана қарайды. 
Әттең, әжемнен батпай тұр да, әйтпесе оңашалау қолына түссек, үшеумізді де 
желкемізден алып бүріп жіберер еді. 
− Алдыға түс те, сабағыңа жүр! — деді інісіне келте бұйырып. Петька 
жаутаңдап бізге қараған, Зояның алдына түсіп жалғыз кетуге бізді қимай тұр. Соны 
сезген Зоя енді Отто екеумізге де: 
− Сендер де жүріңдер, оқудан шаршаған түрлеріңді көріп тұрғам жоқ,- деді. 
− Әй, бұл екеуіндегі жұмысың не?! — деген әжем Отто екеумізге ара түсіп. 
− Босқа тентіреп жүретін түк те жоқ, сабақтарын оқысын,- деді Зоя енді 
әжемнің ара түскеніне де илікпеген түрмен, онан соң мені нұқып тұрып: — Егер 
осыдан мына бала оқымай қалса, ертең Нәзира келгенде сізді емес, мені сөгеді 
ғой,- деді. 
Зоя Нәзира әпкемнің атын атаған соң-ақ, әжем тосылып қалды. 
− Қарғам… қарғам… қайтып қана жүр екен жаудырап,- деп, даусы бұзылып, 
теріс айналып кетті. 
Енді әпкесінің алдында жаутаң-жаутаң етіп тұрған Петька да бізге қарап: 
− Жүрсеңдерші,- деді. Жалғыз кетсем мына Зоя жолда оңдырмайды ғой 
дейтін сияқты. Амал жоқ, жолдасыңды жалғыз жіберуге қимайды екенсің. Отто 
екеуміз де боқшаларымызды алып, үшеуміз Зояның алдына түсіп мектепке қарай 
жүрдік. Әжемнің қолындағы көк таяғын қайтып алған Зоя соңымыздан ентелеп 
келе жатқан, былай шыққан соң: 


− Қулар,- деді тағы да ұрса сөйлеп.- Оқымаған әжені алдап, сабақтан 
қашқандарыңа мәзсіңдер. Үшеуіңді де осы көшенің ортасында көк таяқтың астына 
алып, масқаралайын ба?! Біздің әскерлер ғой, әне, немістерді талқандап қуып 
барады, көп ұзамай жеңеміз енді. Сонда сен үшеуің не бітірдік дейсіңдер-ей? 
− Ал сен не бітірдім дейсің? — деп, осы тұста алда келе жатқан Петька 
әпкесіне шап ете қалған. 
− Менімен салыспа. Менің жөнім бөлек. Мен жұмыс істеп жүрмін,- деді Зоя 
маңғаздана. 
− Біз де жұмыс істейміз. 
− Сен алдымен мұрныңды сүртіп ал. 
− Ой, үлкен бола қалғанын. 
− Үлкенмін. 
− Үлкен болсаң, онда күйеуге тиерсің. 
Петьканың бұл сөзі, әрине, Зояның жынына тиетін сөз. 
− Мә, саған, күйеуге тию! — деп, Зоя ұмтылып барып таяғымен Петьканы 
қойып қалған. 
− Ой, ой, ой…- деп, Петька иығын сипап отыра кетті. 
− Тұр! Әйтпесе бұл соққан соққан ба, тура жаныңды шығарам,- деп, Зоя 
оның үстіне төне түсіп кеп, жұлқып-жұлқып қалды. 
Петька ыңырсып жылап орнынан тұрды. 
− Тұра тұр, бәлем, мамама айтам әлі,- деген. 
− Айт, айт. Мамам кімді жақтар екен. Сабақтан қашқан сені жақтар ма екен, 
әлде мені жақтар ма екен. 
− Ал мен Манар екеуіңнің хат жазысқаныңды айтам. 
− Өтірікші, жаның шыққыр!..- деп бажылдаған Зоя інісінің құлағынан ұстап 
бұрай жөнелді. 
− Ой, ой, ой…- деп Петька шыңғырған. 
Зоя қып-қызыл боп түтігіп, оның құлағын онан әрмен бұрайды. 
− Қоясың ба осы сен, жоқ па? А?! 
− Ой, ой, ой… Қанат!.. Отто!.. Аяғынан тартып қалыңдаршы!..- дейді 
шыңғырған Петька бізді көмекке шақырып. 
− Тартып көрсін!.. Мына көк таяқпен аяқтарын сындырайын,- дейді 
өршеленген Зоя біздерге қарап қойып, бір қолымен таяғын оңтайлай ұстап. Біз 
Отто екеуміз әуелі жолдасымызды құтқармақ болып ұмтылыса түстік те, Зояның 
түтіккен түрін көріп тоқталдық. Рас, кейде біз Петькаға көмектесіп, Зояға жабыла 
кететінбіз, өйткені Зоя онша ашулы болмайтын, сондықтан біздің жабылғанымызды 
кек алмайтын, ал қазіргі мына түрі қатқылдау көрінді. 
− Қоясың ба? 
Бізден жәрдем болмасын білген Петька ақыры: 
− Қоям, қоям! — деді жалынып. 
− Міне, қиқарлансаң осылай болады,- деді Зоя енді оны орнынан өзі 
тұрғызып, үсті-басын қаққыштап. 
Петька қызарып кеткен құлағын сипалай тұрып біздерге қарады. 
− Сендер неге көмектеспейсіңдер? — деді бұртыңдай өкпелеп. Біз Отто 
екеуміз оның бұл өкпесін үнсіз мойындап, үндегеніміз жоқ. 
− Петька, сен нағыз ақымақсың! — деді Зоя оның үсті-басын әлі де 
жөндестіре тұрып.-Сонда, немене, жолдастарыңмен мені төбелестірмексің бе?! 
Ақымақ!.. 


Мектепке келген соң Зоя бізді класқа кіргізіп, Әнипа апайымызға тапсырды 
да, өзі үлкен іс тындырғандай бізге ернін шүйіре қарап сыртта қалды. Әнипа 
апайымыз да бізге ренжулі екен. 
− Үшеуіңмен сабақтан кейін қалып сөйлесеміз,- деді қатулы үнмен. 
Әрине, Әнипа апайымыздың сабақтан кейін алып қалғанда не айтатыны 
белгілі ғой, баяғы оқу-білімнің пайдасы туралы да. Талай естіп жүрген сөзіміз. 
Сондықтан өтіп жатқан сабақты тыңдаған боп отырып, қоңыр сиырдың қамын 
қайтадан ойластыра бастадым. Не істеймін? Шөпті қайдан табам? Қайдан алуға 
болады?.. Бір сәт көңіліме үрей ұялайды. Қоңыр сиыр да қыстағы аштан өлген 
өгіздер құсап ыңыршағы шығып, бұралып жатып өлетін сияқты боп көрінеді. 
Ондайда жаным шырқырап, партада отыра алмай кетем. Не істеуім керек? Не амал 
бар? 
− Мен таптым,- деді осы кезде Петька құлағымның түбінен сыбырлап.- 
Күнде кешкісін Мақым шал жатқан кезде, Шағыр көз жиреннің алдындағы шөптен 
алу керек. Түгел алмай, жартысын ғана алсақ, ешкім де білмейді. Ал почтаның 
атына колхоз шөпті күнделікті беріп тұрады. Сонда күн жылынып, жер қарайғанға 
дейін күнделікті алып тұрамыз. 
Шынында да, мынау — табылған ақыл. Маладес, Петька! Қуанғаным сондай, 
күліп жіберсем керек. 
− Қанат! — деді Әнипа апай саңқ етіп, даусы қатты, ашулы шықты. Селк ете 
қалдым.-Сабақ тыңдамасаң, бар, далаға шығып күл! — деді. 
− Апай, байқамай қаппын. 
− Бар, бар, далаға! 
Әнипа апай көзілдірігінің астынан тесірейе қарап, қарсы алдыма кеп тұрып 
алды. Маған аса ренішті, ашулы еді. 
− Мен кімге айтып тұрмын?! Бар далаға! 
Амал жоқ, кластан шығуға тура келді. Бұл менің төрт жыл оқығандағы алғаш 
рет кластан қуылғаным еді. Көңілім жабығып, өзімді де кінәлі санап, жайымды 
ұқпаған Әнипа апайға да іштей ренжіп, сыртқы есіктің көзіне шықтым. Қайда 
барам? Балалардың бәрі класта отыр, үйге баруға зауқым жоқ, мектеп есігінің 
алдынан ауыл түгелге жуық көрінеді екен, келесі үзіліске дейін осы арада тұруды 
ұйғардым. 
Сұрқай тартқан бұлыңғыр аспан. Бір апта болды, өстіп түтін басқандай 
түнереді де тұрады. Күннің көзін көруден де қалдық. Күннің көзі көрінбеген соң, 
ауа да жылынбайды екен. Түстіктен бір өкпек жел үрлейді де тұрады. ЬІзғары 
қозғалмай тұрсаң лезде бойды қалтыратып, сүйектен өтеді. Қардан құлантаза тау 
күнгейі де күннің көзі болмаған соң бойы құрысқандай боп сұрықсызданып, тоң-
торыс жатыр. Жауын-шашын мен жел мүжіген ауыл үйлері қабырғалары алапес-
алапес болып, қалай болса солай тігілген қотыр асықтар құсап сол сұрықсыз тауды 
алқымдай орын теуіпті. Бір қарағанда тіршілік белгісі жоқ сияқты, тым-тырыс, тек 
кейбірінің төбесінен түтін будақтайды… Көшеге шыққан мал да, адам да 
шеттерінен жүдеу, аяқтарын қалт-құлт басады, бүрсек-бүрсек етіп жел өтіне 
шыдай алмай, әлгі қотыр асық үйлердің ықтасын, тасаларына тығылады. 
Албыр-жұлбыр домаланған біреу көшенің басынан бері қарай үйден үй 
аралап келеді. Бұл — жетім қыз Тоштан. Бүбітай боранда ұшып өлген соң, оның 
мал-мүлкін жамағайындары бөлісіп алды да, бұл мүлде панасыз қалды. Содан өстіп 
күніне бір ауық үйден үй аралап қайыр тілейді. Біреу бір уыс бидай салып береді 
қалтасына, біреу бір кесе айран ішкізеді, енді біреулер құрт-ірімшік ұстатады, бір 
кезде әкесін-шешесін көргендер мүсіркеп, аяушылық білдіреді де, ал ештеңесі жоқ 
үйден сүмірейіп бос шығады. Осы күні ауылда өстіп қайыр тілейтіндер шыға 


бастады. Тоштаннан кейін үйден үй аралауға кішкентай Көпен шығады. Кәдімгі 
бізбен бірге оқитын Көпен. Біраз болды, ашыққан соң оқуды тастап кетті. Шешесін 
колхоз қыс ортасында ағаш қиюға жіберген, жетпістен асқан атасы екеуі ғана 
тұрады. Бұрын атасы колхоздың малын бағатын, біраз болды, аяқ асты көзі көрмей 
үйінде отырып қалды. Азын-аулақ жиған-тергендері біткен соң, соқыр шал мен 
немересі қайыр-садақамен күнелтуде. Бұлардан да гөрі жағдайы ауыр бір 
қайыршы бар ауылда. Ол — шешен әйел Хауа. Мұрны қоңқиған, көзі шүңірейген 
ұзын бойлы әйел кішкентай қызы Айнаны ертіп алып, үсті-басы алым-жұлым боп 
ертеден кешке дейін ауылды дамыл таппай аралайды. Бір кірген үйіне бірнеше рет 
кіреді. Сонда да байғұсқа ешкім ештеңе бере қоймайды. Аяп кеткендері қызына сүт 
немесе айран ішкізеді, ал Хауаның өзі мүлде аш жүреді десе де болады. Кейбір 
қатыгездер: «Саған бірдеңе бермек түгілі, өзіміз де аш отырмыз, әрі, аулақ жүр!» 
— деп, есігі нің алдынан малды қуғандай таяқпен ұрып қуып жатады. Ондайда 
Хауа байғұс шешенше бірдеңелерді айтып, ыңырси сөйлеп, соққыдан басын 
қорғалап өңкеңдеп қашпақ болады. Соңғы кезде өзінің аяқ-қолы, бет-аузы 
домбығып ісіне бастаған сияқты. Тәлтіректей ілбіп әзер жүр. Біз балалар жалғыз-
жарым, бетпе-бет кездесіп қалғанда Хауадан қорқамыз да. Жо, ол тиіседі, тарпа 
бас салады деп қорықпаймыз, тірі аруақтай түрінен қорқамыз. 
Қазір де ауылдың әр тұсында жүрген осы қайыршылардан өзге ешкім 
көрінбейді. «Тезірек қоңыр сиырымыз бұзауласа, Тоштанға да, Көпенге де, Хауа 
мен қызы Айнаға да уыз берер едік-ау,- дедім оларға жаным ашып.- Тіпті 
күнделікті сүт те беріп тұрар едік». 
Бір сәт Байдалы шалдың үйінен шыққан Тұржан сол төңіректегі біраз иттерді 
улыған-шулыған ғып, мал қораға қарай шауып өтті. 
Осы кезде іштегі кластың есігі ашылып, Петька жүгіріп шыққан. 
− Жүр, Әнипа апай ішке кірсін деді,- деп, жеңімнен тартты. 
Әнипа апай әлгіндегідей емес, түк болмағандай жылы жүзбен қарсы алды. 
− Отыр орныңа, ендігәрі сабақ үстінде күлуші болма,- деді ескертіп. 
Сонымен кешкісін Шағыр көз жиреннің алдындағы шөптен ұрламақ болып 
бекіндік. Мақым шал күнделікті Шағыр көз жиренді далаға, қорасының іргесіндегі 
қолдан тоқылған шарбақ ақырға байлап, алдына шөпті үйіп салып қояды. Оны 
күнде көріп жүрміз. Біз сол ақырдағы шөптен үшеулеп көтергенімізше алуымыз 
керек. Онымыз қоңыр сиырдың бір күп тойып жегеніне әбден жетеді. Келесі күні 
тағы да аламыз. Қысқасы, сөйтіп, қоңыр сиырды қыстан асырап шығарамыз. Шөп 
іздеп те бас қатырмаймыз, ешкімге жалынбаймыз да, көз түрткі де болмаймыз. 
Және мұнымызды ешкім білмейтін болады. 
Әуелі күндіз ойнаған боп жүріп Мақым шалдың үйін төңіректеп, ақырға қай 
жақтан барып, шөпті қалай алып, қалай әкетуді ойластырдық. Әрине, шөпті 
көтеріп көшенің ортасымен жүруге болмайды, шет-шетпен тасаланып айналып, 
жүруіміз керек. Ол жолымызды да мөлшерлеп көрдік, біраз үйлердің сыртын 
айналып өтуіміз керек екен. 
− Ал енді үшеуміз шөпті құр құшақтап алып жүреміз дейміз, меніңше, 
онымыз жарамайды,- деді Петька әлгі шет жолымызды көзбен шола отырып.- 
Қанаттың үйіне жеткенше, құшақтаған шөбіміздің жартысы жолда шашылып түсіп 
қалады. 
− Онда бір-бір жіппен буып байлап алайық,- дегем мен. 
Сонымыз дұрыс сияқты көрінген. Бірақ біраздан кейін Отто: 
− Өйтіп алып жүргенде де шөп шашылады,- деді,- Шөптің аты шөп қой, 
қанша мықты байласаң да бәрібір шашылады. Арқалап тасығанда көріп жүрміз ғой. 


Ертең шашылған шөптің ізі Мақым шалдың ақырынан Қанаттың үйіне дейін жол 
боп жатса, масқара боламыз ғой. 
Расында да, жаны бар сөз, шөпті шашпай алып жүру мүмкін емес қой. 
− Ең дұрысы, шөпті үлкен қапқа істелеп-істелеп салып алып жүру керек,- 
деді Отто.-Сонда қапқа шөп көп сыяды және еш шашылмайды, үшеулеп көтеріп 
жүруімізге де оңай. Біз күзде матрац жасаймыз деп сабан тасығанымызда, екі 
матрацтың қабына жарты арба сабан сыйып кеткен. 
Бұл тіпті табылған ақыл болды. 
Енді, міне, кештің батуын, қараңғылықтың тезірек түсуін күтіп, үшеуміз 
Оттоның үйінде отырмыз. Себебі бұл үйдің терезесінен Мақым шалдың үйі, қора-
қопсысы алақанға салғандай көрініп тұрады екен. Біздің бүйтіп қызыл іңірден үйге 
топырлай қалғанымызға Оттоның мамасы таң. Өзі әуелде бұлыңғыр ымырт 
жарығында, онан соң сығыраңдаған май шамды жағып ап тоқыма тоқып отыр. 
Немісшелеп ұлына сөйлеп қояды. Сірә, үйге топырламай сыртқа барып 
ойнасаңдаршы дейтін сияқты. Отто болса немісше мен қазақшаны араластыра 
сөйлеп жауап қайырады. 
− Кішкене жылынып алайықшы, мама, сонан соң тағы да ойнауға кетеміз,- 
дейді. 
Біз Петька екеуміз онсыз да тар үйде отыра бермей кетейік десек, Отто 
екеумізді де қозғалтпайды. 
− Асықпасаңдаршы, кішкене қараңғы болсын да,- деп безектейді. 
Оттолардың үйі — ауылдағы көп үйлер сияқты шағын-шағын екі бөлме. 
Қыста отын үнемдеу үшін үй-іштері тегіс: мамасы, екі әпкесі Ирма мен Берта, 
Оттодан үш-төрт жас үлкен ағасы Лио — барлықтары осы төргі бөлмеде жатып-
тұрады да, ауыз бөлмеге отын-су қойылады. Ал төр бөлме айтарлықтай кең де 
емес, жалғыз терезесі бар, оның алдында тамақ ішетін биік стол мен қолдан 
жасалған (Лио жасаған) үш-төрт орындық қойылған. Төрде жалғыз темір төсек, 
оның үстіне қампиған сабан матрацтар жиналған, қозғап қалсаң сыбдыр-сыбдыр 
етеді. Көрпе деген атымен жоқ, бәрі осы сабан матрацтардың арасына кіріп жатып 
ұйықтайтын болуы керек. Өйткені кейде ертеңгісін кіріп қалсаң, Отто әлі 
матрацтың арасынан басы ғана қылқиып сары бас шымшықтың балапаны құсап 
жататыны бар. Үйдің бір жақ қабырғасын ала салынған кән пеш бар, ылғи жып-
жылы боп тұрады. Оттоның мамасы қашан келсең де көзі сығырайып, терезеден 
қашық болса да, әлгі кәннің үстінде тоқыма тоқып отырады. Бұдан өзге үйлерінде 
ешқандай дүние де, мүлік те жоқ. «Еділ бойынан көшкен кезімізде, дүние-
мүліктеріміз тегіс сонда қалыпты»,- дейді Отто. 
Оттоның үйінен ымырт үйіріліп, қараңғылық түсе бастаған кезде шықтық. 
Әуелі біздің үйге соғып, әжеме білдірмей ауыз үйде тұрған екі ала қаптың біреуін 
бүктеп алдық. Басқа балалардың көзіне түспеуге тырысып, өзімізше ойнаған боп 
Мақым шалдың үйін айналшықтап жүрміз. Перде ұсталмаған терезесінен үйдің іші 
қараң-құраң ғана көрінеді. Мақым шал МТС-тан бүгінгі почтаны бесін кезінде 
әкелген болатын. Шағыр көз жиренді содан бері мама ағашқа қаңтарып, қазан 
суытып қойып, өзі күнделікті әдетінше шайға бас қойған. Күніне бір ішетін шайы 
болғандықтан, асықпай, терлеп-тепшіп отырып ұзақ ішеді. Ауылда осы Мақым 
шалдың шайды көп ішетініне байланысты тараған күлкілі әңгіме де бар, кемпірімен 
сөйлесіп отырып бір самаурынды тегіс тауысатын көрінеді, сондайда шалының 
көңіл-күйін бұзғысы келмеген кемпірі ыстық су болмай қалса, самаурынды жылы 
сумен-ақ үстемелеп қойып, шалы ұсынған шыны-аяққа жай судан құйып береді 
екен де, ал Мақым шалға шұрылдап самаурынның шүмегінен құйылса болғаны, 


басқа ештеңеге көңіл аудармастан тершіген маңдайын орамалымен сүртіп қойып, 
әлгі жылы суды да рақаттана отырып сораптай түседі екен. 
Бүгін де Мақым шал әдетінше шайды ұзақ ішті. Орнынан іңір шақта бір-ақ 
көтерілді. Тысқа шығып, есік алдында жүрген ұсақ малдарын қоралап, онан соң бір 
уыс шөпті бүктеп ап, сонымен Шағыркөз жиреннің үсті-басын сүрткіштеп, терін 
үгіп, сылап-сипады да, қора іргесіндегі ақырға мол етіп үйіп шөп салып, атты соған 
апарып байлады. Онан соң үйінің алды-артына шығып, қараңғыда ананы-мынаны 
қарап шұқылаған болып біраз жүрді де, бар шаруасын тындырғандай үйіне кірді. 
Мұнан кейін тысқа кемпірі шығып, әлгіндегі шалының шұқылаған тұстарын 
байқастап қарап, қалай жабылып, қалай қойғандарын тексеріп өтті. 
Сәлден кейін ұйқыға жатқан болу керек, май шамдары да сөнді. Біз әр 
тұстан ашылып-жабылған ауыл үйлерінің сықырына, әрбір тықыр еткен дыбысқа 
елеңдеп құлақ түре тұрып, Мақым шалдың үйінің біраз ұйқыға кеткенін күттік. 
Ауыл-үй арасындағы жүріс-тұрыстар, кіріп-шығулар басылғандай болған кезде, 
Шағыркөз жиреннің шөпті күтір-күтір шайнағанына дейін анық сөтілді. Ауық-ауық 
пысқырып қойып құрғақ шөпті тары жегендей күтірлетеді. Сірә, жоңышқалы, 
шұрайлы шөп болу керек, күтірлетіп шайнағанына адам қызыққандай. 
Мақым шалдың үйі ұйықтады-ау деген мезетте, күні бұрын белгілеп қойған 
тұсымыз -қораның сырт жағынан тасаланып, біріміздің соңымыздан біріміз ептеп 
басып ақырға қарай жүрдік. Алда — Петька. Алдыңғы күні шөп алғанда, ақырдың 
қандай екенін көрген адам. Ақырдың шетіне жете беріп: 
− Қап қайда? Аузын керіп ұстап, әзірлеңдер! — деп, ол сыбырлай сөйлеп 
бұйрық беріп шөптен құшақтап ала бергенінде, бірдеңе сақ ете қалды. Петька 
кейін қарай шалқалай барып құлап түсті. Сөйткенше болған жоқ, қатар тұрған 
Отто екеуміздің бетімізге бірдеңе сарт етті. Сол бір қас қағым сәтте аттың бізге 
қарай құлағың жымырып, аузын арандай ашып тістемек болып ұмтыла бергенін 
көріп қалдым. Үшеуміз бірімізді-біріміз баса-жанша кейін қаштық. Бір көрімі 
байлаулы ат жете алмады. Орнынан тұрған Петька: 
− Мынау керемет тістейді ғой-ей! — деді есі шыға. Енді білдік, әлгіндегі Отто 
екеуміздің бетімізге тиген Петьканың құлақшыны екен. Шағыркөз жирен тістеймін 
деген кезде, аузына сол Петьканың құлақшыны ілігіп, соны тістеп лақтырып 
жіберсе керек. 
Үшеуміздің де есіміз шығып қалды. 
− Арам қатқырды қара-ей! 
− О, шағыр көзіңді… қыршаңқы ит! — десіп, біраз сыбап боқтап алдық та, 
енді ақырға аттың басы жетпейді-ау деген тұстан келмек болдық. Бірақ қай 
тұсынан жақындамақ болсақ та, ІІІағыркөз жирен құлағын жымырып, тісін сақ-сақ 
еткізіп, тіпті маңайлатпады. Ойпыр-ай, малдың да мұндай тістеуігі болады екен-ау! 
Тура қабаған ит дерсің. Қораның арт жағынан сипалап жүріп, бір ағаш таяқ тауып 
алып, сонымен жасқамақ болып көргенбіз, енді Шағыркөз жирен тістегенді қойып, 
қос аяқтап тебіне бастады… Ақыры Шағыркөз жиреннің алдындағы ақырдан бізге 
шөп алдырмайтынына көзіміз анық жетті. Мұнан гөрі Мақым шалдың қолынан 
жұлқа қашып тартып әкету оңай шығар. 
Үшеуміз де шарамыз таусылып, не істерімізді білмей ыза боп тұрмыз. 
− Аша әкеп қарнына қорс дегізіп сұғып алар ма еді,- дейміз. 
Бірақ сол ашаңды әкелсең де, мына Шағыркөздің маңайлатпайтынын, 
қарнына сұқтырмайтынын сезіп тұрмыз. 
Салымыз суға кетіп, шөптен күдер үзіп, қабымызды сүйретіп үйге қарай 
қайттық. Мұндай мазақ, мұндай қор болмаспыз. Әлдеқандай болған үшеумізге бір 
жаман қыршаңқы алдындағы шөптен алдырмады-ау. Мұнымызды басқа балалар 


естісе, мазақтап қалай күлер еді. Балаларды қойып, бүкіл ауылға күлкі болар едік. 
Тіпті мазақ пен күлкіні де қойып, бәрінен де бататыны — ертең қоңыр сиырға не 
берем? Жесең де осы, жемесең де осы деп құр сабанға қаратам ба? Шөп жоқ 
болса екен-ау!.. Бар ғой. Қоғалы бұлақта жарты шошақ шөбіміз қалды, жарты 
шана шөбімізді колхоздың малы жеп қойды… 
− Кеттік! — дедім кенет мен Петька мен Оттоны тоқтата тұрып.- Жүріңдер, 
колхоздың шөбінен ұрлаймыз. Біздің жарты шана шөбімізді колхоздың малы жеп 
қойды ғой, соның есесіне ұрлаймыз,- дедім кеткен есемді қайтарғым кеп. Сыртқа 
білдірмегенмен, көптен ішімде жүрген қыжылым еді. Тіпті анау екеуі бас тартса, 
жалғыз кетуге бекіндім. 
− Шынында да, мал қорадан алайық та,- деді Петька мені іле қостап.- 
Әнеугүні ғой Тұржан біздің қанша азаппен сонау Қоғалы бұлақтан сүйретіп әкелген 
шөбімізді өртеп жіберді. Сол итке ерегіскенде колхоздың шөбінен алайықшы. 
Немене, колхоздың малы мал да, қоңыр сиыр мал емес пе?! 
− Колхоз үшін ата-аналарымыз қан төкті дейміз. Ал сол колхоздың пайдасын 
Байдалы шал мен Тұржаннан басқа ешкім көріп жүрген жоқ. Шөптің жақсысын 
солардың малы жейді, майға пісірген бауырсақты өздері жейді. Сонда осындай 
колхоз бола ма? 
− Шынында да, олар бұрынғының байлары да, біз кедейлері сияқтымыз,- 
деді Отто да көңіліндегі наразылығын білдіріп. 
Сөйтіп, үшеуміз ойдағы колхоздың мал қорасына қарай тарттық. Қораға 
баратын жолмен тура жүрмей, талай жерді айналып сырт жағынан келгенбіз. 
Сиыршының үйі жатып қалған екен, қораның төңірегі тым-тырыс, қыбыр 
еткен жан жоқ. Тек іштегі малдың жөтеліп-пысқырғандары, қасынғандары, күтір-
күтір шөп жегендері, күйіс қайырғандары естіледі. 
Бойы бізден биіктеу болғандықтан, Оттоны Петька екеуміз екі жақтан 
аяғынан көтеріп қораның төбесіне шығардық та, өзіміз қабымыздың аузын ашып, 
жоғарыдан түсірілген шөпті салып тұруға оңтайландық. Отто шыға сала шөпті 
жұлқылап суыра бастаған, бірақ бір уыс, жарым уыс шашылғаны болмаса ештеңе 
түсе қоймады. 
− Әй, түсірсеңші енді, неғып жүрсің? — дегенбіз төменнен шыдамсызданып. 
− Басылып қалған шөп екен, алу қиын,- деді Отто.- Қазір үстіне қарай 
шығайыншы… 
Осы кезде қораның екінші жақ басынан арс-арс етіп шыға келген 
сиыршының тайыншадай көк төбеті бізге қарай шабалана ұмтылған. Жайшылықта, 
күндіз келгенімізде, бізді адам екен деп көзіне де ілмей маңқиып тұратын көк 
төбеттің бүйтетінін кім білген?! Петька екеуміз жан ұшыра далаға қарай безіп 
жөнелдік. Бірақ адуынды төбет бізді аттатсын ба, әудем жер қашып үлгермей-ақ 
артта келе жатқан мені бүйірлете жамбасымнан жұлқып қалып, бір-ақ бүктеді. Сол 
сәттегі жан дауысымның шырқырап шыққаны өзімдікі емес, өлім алдындағы басқа 
біреудікіндей, өз құлағымды жарып жіберердей болып естілді. «Ар-р-ар-р» еткен 
ашулы төбеттің тістерінің сақылдағаны, тамағының гүріл-сырылына дейін төбемнен 
құлағыма дейін анық білініп тұрды. Осымен өлген шығармын деген ғана ой келді. 
Онан әрі не болғанын білмеймін… Есімді жиғанымда, әлі тірі екенімді ұқтым, тәбет 
мені со бір бүктеп алып соққаннан кейін, қайтып тиместен, кейін қора жаққа қарай 
үріп кетіп барады екен. Сол арсылдап үрген бойында алыстай берді де, бір кез 
қараның арғы жағына кетті. Өйткені арпылдай үргені тасадан талып қана жетіп 
тұрды. Мен ұшып тұрып жан дәрмен бетім ауған жаққа қарай жүгіре жөнелдім. 
Біраз жүгіргеннен кейін алдымнан Петьканың: 
− Қанат! — деп шақырған даусы естілді. 


Екеуміз қосылып ап тағы біраз жүгірдік. Едәуір ұзадық-ау деген кезде барып 
тоқтап, есімізді жиып, артымызға қайырылғанбыз. Төбеттің үргені тіпті алыстан 
әзер естіледі. 
− Сені қапты ма? Сонша қатты шыңғырдың ғой? — деді Петька. 
− Қапты,- дедім мен өзіме-өзім келе алмай дір-дір етіп. 
− Қай жеріңді? 
− Жамбасымды болу керек, ауырып тұр. 
− Кәне? — деп, Петька қараңғыда еңкейіп кеп шалбарымның ит жыртқан 
жерінен сипалап көрді де,- Бір тісі аздап қана батқан болу керек, кішкентай ғана 
қарайып, қанап тұр,- деді жұбатып.- Бірақ тоныңның етегін дал-дұл ғып тастапты. 
Сені сақтап қалған да осы тоныңның етегі болар. 
− Енді үйге қайтамыз ба? 
− Әлгі Отто қайда, ол не болды екен? 
Демімізді ішімізге тартып, тың тыңдадық. 
− Кәне, ысқырайыншы,- деп, Петька қос саусағын аузына салып қатты бір 
ысқырған, іле-шала жауап ысқырық шықты. Оттоның ысқырығы. Петька қайыра 
ысқырды, жауап ысқырық тағы шықты. Бізге қарай жақындап келе жатқаны 
байқалады. 
− Біз мұндамыз? — деген Петька дауыс беріп. 
− Келе жатырмын,- деді Отто. 
Алқына жүгіріп қасымызға келді де: 
− Біреуіңді қапты-ау деймін? — деді үрейленіп. 
− Иә, мені қауып алды. 
− Қалай? 
− Қорқатын ештеңе жоқ, тек тонын далалап жыртып тастапты,- деді Петька. 
Отто өзі дін аман екен. Қораның төбесінде тығылып отырыпты да, төбет үріп 
әрі қарай басқа жаққа кеткен кезде, секіріп түсіп зытыпты. 
Осылайша колхоздың мал қорасынан шөп ұрлау жорығымыз да сәтсіз 
аяқталып, үшеуміз сүмірейіп үйге қайттық. Ала қабымыз сол қораның артында 
қала берді. 
Тастай қараңғы түн тұмшалап тастағандай, не жұлдыз көрінбейді, не жылт 
еткен жарық жоқ. Сүйектен өткен өкпек жел өне бойды қалтыратып жіберді. Ауыл 
үйлердің арасында да иттердің үргенінен өзге дыбыс та, жүріс-тұрыс та жоқ, тым-
тырыс. Мынау түнде бәрі де тұншығып жатқан сияқты. 
Төбеттің тісі батқан жер енді ғана сыздап ауыра бастады. Әлде сол жаныма 
батты ма, әлде шарасыз хал қинады ма, еңіреп жылағым келді. Даусымды 
шығарып өксіп-өксіп жыласам деймін. Бірақ жолдастарымнан Петька мен Оттодан 
ұялдым. Бұлар да небір қиындықтарды көріп жүр ғой. Тек ешқайсысы еш уақытта 
жылаған емес. Сондықтан мен де жыламауым керек. Үйлеріміздің тұсына жеткен 
үшеуміз үш айрылдық. 
− Ал жақсы, ертең тағы бірдеңе ойластырармыз,- деді Отто. 
− Әрине, қол қусырып отыра алмаймыз,- деді Петька оны іле қостап. 
Құдай-ау, бұл не деген созылмалы ауыр қыс?! Күн неге жылымайды?! 
Көктем айы болды емес пе? Қашанғы өстіп қыса бермек. Тақа діңкелетіп барады 
ғой. Құдай-ау, бар болсаң, естісеңші! Көктеміңді келтіріп, күніңді жылытсаңшы. 
Сонда саған сенейін: Сенің бар екеніңе сенейін! Еш уақытта сені жоқ деп 
айтпайын… Құдай-ау… 
* * * 
Ертеңгісін боз ала таңнан оянғам. Әжем болса менен де бұрын тұрып, 
күнделікті әдетінше далаға шығып, қорадағы қоңыр сиыр мен екі ешкіні қарап, 


одан от жағып, шай қойып, балалардың түнде жатарларында қалай болса солай 
шашып тастаған киімдерін жинастырып жүр екен. Бір сәт көзі түнде кеп босаға 
жақтағы шегеге іле салған менің тоныма түсіп кетіп, сығырайып барып соны ұстап 
көрді. 
− Қарағым-ау, мына тоныңа не болған, ит талаған ба? — деді тонымның 
албыр-жалбыр шалғайын жарыққа тоса тұрып. 
− Түнде ойнап боп үйге келе жатқанымда, арт жағымнан кеп бір бұралқы ит 
арс етіп ала түсіп жыртып кеткені,- дедім әжемді қалай да сендірмек боп 
қисындыра сөйлеп. 
− Әй, осы түнде ойнаған дегенді қоймадыңдар-ау,- деді әжем кейіп,- 
Әйтеуір, еш жеріңе, денеңе тісі тиген жоқ па? 
− Тиген жоқ,- дедім түнде иттің қапқанын жасырып. Өйткені оны айтып, 
әжемді құр несіне үрейлендірем… Тек шалбарымның мына жерін жыртып жіберіпті, 
тігіп берші,- деп, төсегімде көрпеге оранып отырған күйде шалбарымды алдына 
қарай лақтырып тастағам. 
Әжем тебендей жуан инесі мен шуда жіп әкеп өзіме сабақтатып алды да 
терезенің алдына жарыққа барып отырып әуелі шалбарымның жыртығын, онан 
кейін тонымның жалбыраған шалғайын жамап берді. Жамап отырып өзі біраз 
кейіп, ұрсып алды, көп ойнайтынымды, әсіресе түнге қарай көп жүретініме ренжіді. 
Мен бүгіннен бастап түнге қарай үйден шықпаймын деп уәде бердім. 
Сыртқа шығып, қоңыр сиыр мен екі ешкіні қорадан шығарып, алдарына біраз 
сабан шашып, сол сабанға араластырып беру үшін қораның үстіндегі шөптің ең 
соңғы қоқым-соқымдарын сыпырыстырып тұрғам. 
− Қой деймін, қойсаңшы! — деген дауысқа жалт қарасам, көшенің 
ортасымен біздің үйге қарай Отто бір бау шөпті арқалап келеді екен. Бір қолымен 
шалбарының ышқырынан ұстап алған. Соңынан ере жүрген Бәтен тырқылдай 
күліп, оның шалбарын төмен түсіріп жібермек боп тартқылап келеді. Бір ауық Отто 
қайырылып, оны теуіп жібермек болады, ондайда Бәтен кейін қашып барып 
тоқтайды да, Отто қайтадан кете берген кезде, жүгіріп кеп шалбарының артынан 
төмен тартып қап мәз болады. 
− Қой деймін-ей, әйтпесе, мына шөпті тастай сап көресіңді көрсетем ғой,- 
дейді ыза болған Отто қызараңдап. Бірақ өзі шөбін тастамайды. Әрине, шөбін 
тастай салып, бас салып ұстаған күнде де Бәтенге ол ешқандай көресінің көрсете 
алмайды. Әлі де жетеді. Бәтенге қарағанда күші де басым, бірақ үстемдік жасап 
ұра алмайды. Оны Бәтен де жақсы біледі. Сондықтан ол Оттоның соңынан 
қылжақтай еріп, біздің үйдің қасына дейін келді де, қораның төбесінен түсіп, 
өздеріне қарсы жүрген мені көрген соң ғана, кейін қайтты. 
Бір бау шөпті Отто жаңа Мақым шалдан кәдімгі Шағыркөз жирен атын 
тұмаға апарып, суғарып кеп, со кісіден сұрап апты. Жібі болмаған соң, қайыс 
белбеуімен буып, арқалап алған ғой, бір қолымен шалбарының ышқырынан ұстап 
жүргені содан екен. 
− Бәрінен де Шағыркөз жиренді тұмаға апарып суғарып қайтқанша, қос 
өкпеге тепкілеп, түндегі кегімізді бір қайтардым,- дейді Отто мәз бола күліп. 
Сонымен қоңыр сиырға бүгіндікке де біраз шөп табылған еді. 
Мектепке келген соң да сабақ арасы Петька, Отто үшеуміздің қыбыр-
жыбырымыз, сөзіміз онан әрі жалғасқан. Шыдай алмай кетті-ау деймін, бір сәт 
қасымызға келген Санат: 
− Соңғы кезде үшеуің ерекше бөлініп, сыбырласып кеттіңдер, жайшылық па, 
айтсаңдаршы? — деген. Сырымызды басқа балалардан жасырсақ та, Санаттан 
жасырғымыз келмеді. Бар шөбімізді Тұржан атқарушының қырсығынан жеткізіп ала 


алмағанымызды, енді, міне, бұзаулайтын шағында қоңыр сиырдың ашыққалы 
тұрғанын, соған шөпті қайдан аларымызды білмей, басымыздың дал болып қатып 
жүргенін айттық. Санат та ойланып қалды. Келесі үзілісте ол үшеуміздің қасымызға 
қайта кеп, көңілге қонар бір ақыл берді. Мынау ауылдың іргесінде, Жарбұлақтың 
бергі тұсында, жолға жақын жерге қара күзде тасып алынған екі маяның орны бар 
ғой, талай шөп ысырап боп шашылып қалған, сол араның үстінің қарын аршып 
көрсе қалай болар еді? 
− Иә, ол жерді мен білем ғой, талай шөптің шашылып қалғанын өз көзіммен 
көргем,- деді Отто жұлып алғандай. 
− Мен де білем,- деді Петька да. 
Ол екі маяның орны менің де көз алдымда еді. Күзде талай рет Нәзира 
әпкем арба айдап келе жатып «шашылып қалған шөптен жинап ала келсем бе 
дедім де, колхоздікі болған соң алуға қорықтым»,- дейтін. 
Иттің тісі батқан жер қанша сыр бермеймін десем де сыздап ауырып, 
аяғымды аттатпайды. Сабақтан шыққан соң үйге қайтарда сүйретіліп әзер жүрдім. 
Бұл күйде Жарбұлаққа қалай шөпке барам? Бір үйдің тасасына келгенде Петька 
бой бермей шалбарымды түсіріп, жамбасымды сипап қарады да: 
− Tic батқан жердің төңірегі қызарып ісіп тұр екен,- деді жаны аши сөйлеп.- 
Сен бүгін үйіңде бол, Жарбұлаққа Отто екеуміз барып қайтамыз ғой. 
− Жо, мен өзім бармасам, сендер де бармайсыңдар. 
− Немене, бізге сенбейсің бе? 
− Сенем, бірақ өзімнің де барғым келеді. 
− Вот қиқар,- деді Петька мырс етіп күліп.- Жарайды, біз Отто екеуміз сені 
шанаға отырғызып ап сүйретіп апарамыз. 
− Шанаға сүйретпей-ақ мен өзім барам… 
Сөйтіп, үшеуміз бір-бір күрек алып, үш кішкентай қол шанамызды сүйретіп, 
Жарбұлаққа қарай тарттық. Бұл жолы қайда баратынымызды, не әрекет 
жасайтынымызды үйден жасырғамыз жоқ. Қоңыр сиырға шөп табу үшін маялардың 
орнын аршимыз дегенімізге Петьканың мамасы да, Оттоның мамасы да қарсы 
болмады. Әжем болса: 
− Қарағым, абай болыңдар, әйтеуір. Қар басып қалған шөпті аршып алу да 
оңай болмас, мұз боп қатып жатқан шығар,- деген. 
Егер аршып алғандай болсақ, шөбімізді Тұржан көрмеуі үшін қапқа, мөшекке 
салып әкелеміз деп үйлерімізден бір-бір ыдыс алғанбыз. Мен жалғыз қалған ала 
қапты алдым. «Біреуі ғана қалыпты, біреуі қайда кеткенін білмеймін»,- деп, әжем 
ауыз үйдің қуыс-қалтарыстарын тінткілеп қалды. «Іздемей-ақ қой, ол қап 
табылмайды»,- деп айтуға дәтім бармады. «Іздер-іздер, табылмаған соң қояр»,- 
деп ойладым. 
Жарбұлаққа барар жолдағы қар қыстағыдай емес, жұқарып, қатқақтанып, 
мұздаққа айналыпты. Ауылдан шыққан соң оймауыт тұстарда үшеуміз үш шанаға 
отырып, жарыса сырғанаймыз да, өрге келгенде Петька мен Отто мені қосақталып 
сүйрелей жөнеледі. Мұздақ қардың үстінде шана да лыпып сырғанайды. 
Маялардың орнын оп-оңай таптық. Жолдан жүз метрдей жерде кедір-бұдыр 
төмпешік-төмпешік болып жатыр екен. Кей жерлерде еріп, мүжілген, қар астынан 
селдіреп шығып қалған шөп те көрінеді. Қуанғанымыз сондай, шаналарымызды 
тастай бере әлгі шөбі көрінген тұстардан кеп үшеуміз үш жерден тұра қап, оюға 
кірісіп те кеттік. Күректерімізді тіктеп шаншып, шөпті бүркеп жатқан көрпе сияқты 
жұқа қаңылтақ қарды лездің арасында қопарып-қопарып тастамақ болғанбыз. 
Бірақ жұқа көрінгенмен, қар деген аты болмаса, сіресіп қатқан мұздан бір кем емес 
екен. Күректеріміз тасқа тигендей шақ-шұқ ете қалды. Сонда да бой бермей 


ұрғылай бердік. Әлі-ақ мына төмпешіктеніп жатқан мұздақ қарлардың тас-
талқанын шығарып ойып-ойып, астындағы шөпке қарық боламыз да қоямыз. 
Алайда күзгі жауында әбден шылқып су болып, жерге басылып, одан үстінен қар 
жауып, алты ай қыс қатып жатқан шөпті аршып алу деген оңай емес екен. 
Біраздан кейін-ақ алғашқы аптығымыз басылып, меселіміз қайтайын деді. Өйткені 
тас уатқандай шақылдатып ұрғылап жүріп ойып алғандағы бір уыс, жарым уыс 
шөбіміздің жартысы мұз боп шығады. Тастайын десең, онан кейінгі ойып алған 
шөбің де сондай. Жалпы көзіміздің бір жеткені маяның орнында қалған шөптің бәрі 
осындай жартылай мұз боп жерге жабысып қатып қалған екен. 
− Мейлі, осы мұзымен болса да үйге алып барайық,- дейді қара терге түсіп 
түтіккен Петька әлгілерді бір жерге жинастырып.- Мұзын ерітсек, шөбі қалады ғой. 
Онысы да ақыл Әйтеуір, шөп аты бар ғой. Жоқтан гөрі бар. 
Ит қапқан саным күректі қолыма ұстап, қар оюға кіріскенімде-ақ сыздап 
ауыра бастаған, бірақ оған бой бермеуге тырысып қимылдай бердім. Күректі 
құлаштап көтеріп зірк-зірк ете бергеннен соң ба, біраздан кейін жанға батып 
ауырайын деді. Енді қаттырақ қозғалған сайын, саныма ине сұғып алғандай 
болады. Бүкіл аяғым тұтасып, зіл батпан боп ауырлай түседі. Тағы біраздан кейін 
ауырғаны сондай, шыдай алмай шанама барып қисайып отыра кеттім. Жамбасым 
тегіс өртеніп бара жатқандай сыздап, ес таптырар емес. Өне бойым тегіс ауыр 
тартып, көзім қарауытып кетті. Жатқым келеді. Бірақ жатсам қайтіп тұра алмайтын 
сияқты көрінем, сондықтан өзімді-өзім: «Түу, осы да сөз бе екен, иттің бір тісі 
батқанға ауырып»,- деп, жігерлендіріп, бір ауық Петька мен Оттоға қараймын. Ол 
екеуі менің мына хәлімді де, отырғанымды да байқар емес. Еттері қызып алған, 
қара терге түсіп, күректерімен мұздақ қарды гүсілдете ұрғылайды. Мұз боп қатқан 
бір кесек шөпті ойып алса, мәз болады. 
− Міне, мынаның шөбі көп екен! — дейді қуана дауыстап. Одан әрі күректі 
қайта құлаштайды. «У-ух, У-ух» дейді бірінен-бірі қалыспай. Енді бір сәт көзімді 
жұмып, талықсығандай боп отырған маған екеуі мұздақ қар емес, тау ойып 
жатқандай естіледі… Қанша отырғанымды білмеймін, бір кездері Петька мен 
Оттоның: 
− Әй, анау Қанат неғып отыр? Ауырғаннан сау ма? 
− Өзінің отырысы бір түрлі ғой?! 
− Әй, Қанат! — деген дауыстары алыстан талып естілді. Оларға жауап 
қайырмақ болып едім, шамам келмеді. 
Қасыма жүгіріп келіп, біреуі маңдайымды ұстап көрді де: 
− Ой, ой, ой!.. Күйіп тұр ғой! — деді. 
− Қап, ауырып қалатын болды-ау! 
− Бүгінше осы ойғанымыз жетер, енді қайтайық. 
− Қайтайық. Ертең екеуміз кеп тағы оямыз ғой. 
− Әрине… 
− Давай, Қанатты өз шанасына жатқызып сүйретейік. Ал екеуміздің 
шаналарымызды бір-біріне тіркеп, үстеріне мешоктар мен қапқа салып мына 
шөптерді тиейік. 
− Жарайды… 
Екеуінің ақылдаса сөйлесіп жүріп, мені шанама жатқызып, одан ойған мұз 
шөптерін ыдыстарға салып шаналарына тиегендерінше қанша уақыт өткенін 
білмеймін, бір ұйқыдан оянғандай болған кезімде, өзімді сүйретіп келе 
жатқандарын аңғардым. 
− Ыңқылдайды, жанына батып келеді-ау деймін. 
− Аяғы тегіс күп боп ісіп кетіпті. 


− Әне, тағы да ыңқылдады. 
− Шыда, Қанатай, шыдашы, бауырым, қазір ауылға жетеміз. 
Мұнан әрі тағы да ұйықтап кеткем… Біреу көтергендей болды. Әлуетті күшті 
қолды сездім, үлкен адам сияқты. 
− Түу, жеп-жеңілі-ай! — деген ер адамның бейтаныс даусы құлағыма жетті. 
− Мына араға жатқыз,- деген екінші үлкен адамның даусы. Мұны айнытпай 
таныдым, Мақым шал ғой. Мені әлгі күшті қол жайлап әкеліп жұмсақ шөптің үстіне 
жатқызды. 
− Бұл әлгі Ықсанның баласы ғой,- деген Мақым шал. 
− Қанат па? Бойы сыриып дырдай жігіт бопты ғой,- деді әлгі бейтаныс адам 
мені танып, еңкейіп кеп мені бетімнен сүйді.- Тү-у, ыстығы қатты көтеріліп жатыр 
екен. 
− Мыналар ит қапқан деп тұр ғой, үйге барған соң ұшықтап жіберсе, бір-екі 
күнде жазылып кетеді,- дейді Мақым шал жайбарақат үнмен. 
«Мынау мені бетімнен сүйген ер адам кім болды екен?» — деп ойлаймын. 
Көзімді ашқам, айдалада тоқтап тұр екенбіз. Почташы Мақым шал соңымыздан 
қуып жетіп, мені өз шанасына жатқызыпты. Бас жағымда бір жақ шекесі тегіс 
ойдым-ойдым, бір көзінің үстін бастыра қара былғарымен байлап алған түсі суық 
біреу екен. Киімдеріне қарағанда әскерден қайтып келе жатқан адам сияқты. 
− Мынау кімнің баласы? — деп сұрады әлгі адам. 
− Бұл кәдімгі соғыстан бұрын колхоздың шошқасын баққан Крешке деген 
орыстың баласы ғой,- деді Мақым шал. 
− Бәрекелде, Крешкенің баласы ма-ей? Әй, бері келші. Атың кім? 
− Петька. 
− Ой, үлкен жігіт боп қапсың ғой, Петька,- деп әлгі адам Петьканы 
құшағына алып, бетінен сүйді. 
− Әй, сенің әкеңмен бірге талай арақ ішіп, ел тыржыңдап қашып жүргенде, 
шошқаның етін жеп ем,- деді мәз бола күліп. Онан соң Оттоны нұсқап: 
− Ал мынау кімнің баласы? — деген. 
− Бұл соғыс басталғанда көшіп келген немістің баласы, Ота деген жігіт. 
Қазір өзіміздің ауылдың баласы боп кетті ғой. 
− Кел бері, біздің ауылдың баласы екенсің, сенің де бетіңнен сүйейін,- деп, 
әлгі адам Оттоны да шақырып ап бетінен сүйді. 
− Әй, Бетке, Ота! Шаналарыңды мына менің шанама тіркей салыңдар да, 
ауылға жүгіріңдер сүйінші сұрап. Соғыстан Көпеннің әкесі Әбен аман-есен келе 
жатыр деңдер. 
«Көпеннің әкесі екен ғой! Байғұс Көпен, кіп-кішкентай, ап-арық боп үйден үй 
аралап, соқыр боп қалған атасы екеуіне қайыр-садақа сұрап жүруші еді. 
Маңдайының бағы бар екен де. Енді аштан өлмейтін болды. Ол енді әкесі бар бала. 
Ауылдағы ең бақытты бала сол болды ғой!..» деп ойлаймын. 
Содан мен бір аптадай ауырып жаттым. Бүкіл бір жамбасым, аяғым тегіс күп 
боп ісіп, алғашқы күндері мүлде қозғалтпай қалды. Мақым шал сиыршының мені 
қапқан көк төбетінің қылшығын жұлып әкеп, сонымен үшкірген. Екі-үш күннен 
кейін кезек алып, біртіндеп жараның уыты қайтайын деді. 
Мен жатып қалған кезде, қоңыр сиырдың бар тауқыметі Петька мен Оттоға 
түскен. Екеуі сабақтан шыққан соң, күнде түстен кейін Жарбұлақ жақтағы маяның 
орнынан ойып шөп әкеледі, оның мұзын ерітіп, желге жайып кептіріп, сабанға 
араластырып, қоңыр сиырдың алдына тастайды. 
− Жақсы жейді,- деп екеуі де мәз болады. 


Мен жатқан күндері екеуі сырттағы жаңалықтарды түгел күнделікті жеткізіп 
тұрды. Біртіндеп күннің жылынып, қардың кете бастағанын солардан естідім. Ауа 
райы осылай боп тұрса, енді біраз күнде жайма-шуақ көктемнің келетінін, сонда 
малды тау бөктерлетіп, жайылымға шығаруға болатынын сөз етеді. Келесі 
келгендерінде қардың астынан қалың көктің қылтиып қаулап келе жатқанын 
жарыса айтады. Осыларды естігенде тезірек аяғымның ісігі қайтса екен деп 
шыдамсызданам. Күнде ертеңгісін әжем тұрған кезде, мен де басымды көтеріп, 
мойнымды созып, терезеден сыртқа қараймын. Күн ашық болса қатты қуанам, 
көктемнің жақындай түсуі осы күннің ашықтығына байланысты ғой. 
− Қалайсың? — дейді әжем. 
Мен аяғымды қозғап қойып: 
− Жақсымын,- деймін. Әжем кеп көрпемді ысырып, аяғымды сипап ұстап 
көреді де: 
− Ісігі әлі қайтпапты, қозғалмай жат,- дейді. 
Одан соң ұзақты күнге терезеден бозара қарап жатып кешті батырам. 
Түстен кейін бір ауық Петька мен Отто кеп отырып кетеді, сонда біраз серпіліп 
қалам. Қалған уақытта сарылып жата берген адамға таңның атуы да, күннің батуы 
да қиын екен. 
Бір күні ертеңгісін сыртқа шыққан әжем сәлден кейін абыржып кірді үйге. 
− Қанат-ай, балам-ай, қоңыр сиыр жоқ,- деді есі шыға. 
− Қайда. кетіпті? 
− Білмеймін. Түнде мықтап байлап қойған сияқты едім. Қораның аузын да 
мықтап бастырып жауып ем. Әлде жібі шешіліп, бошалап шығып кетті ме?.. 
Осыны айтты да әжем қоңыр сиырды іздеуге бел буған түрмен қайта шығып 
кетті. Ұшып тұрып киініп, бір аяғына ағаш байланғандай сүйретіліп мен де іздеуге 
шықтым. Қоңыр сиырдың жоғалғанын ести сала Петька мен Отто да безек қағып, 
ауылдың төңірегін айналып зыр жүгірді. Бүкіл көрші-көлем тегіс тік тұрып, аяқ 
жетер жерді аралап, бірге іздесті. Бірақ қоңыр сиырдың ізі де білінер емес, ұшты-
күйді жоқ. Сол күні кешке дейін аяғымның ауырғанына қарамастан талай жерді 
шарлап, сілем қатып кешкісін үйге келсем, кішкене балалар ұлардай шулап жылап 
отыр екен. Көп жүргеннен бе, әлде суық тиді ме, менің аяғым тағы да күп боп ісіп 
кетті. Төсегіме сылқ етіп құлап түстім. Біраздан кейін шаршап-шалдығып әжем де 
келген. Көзі шүңірейіп, екі жағы мүлде суалып, бір уыс қана боп шүпиіп қапты. 
Алдынан шуылдаса шығып, жылап қарсы алған балаларға қабағын түйіп: 
− Жә, түге, олары несі кісі өлгендей күңіреніп! — деп қатты ашумен басып 
тастады.-Жыламаңдар әрі, жаман ырым бастап. Басымыз аман болсын деп 
тілеңдер! 
Кішкене балалар әжемнің мына қату түрін керіп жылағандарын пышақ 
кескендей қойып, тыйыла қалды. 
− Әй, Болат, от жағып, шай қойып жіберші, балам! — деді бұйырып. Сөйдеді 
де төсегімде сұлқ жатқан менің қасыма кеп еңкейіп, аяғымды сипалап ұстап көрді.- 
Балам-ай, әттеген-ай, аяғыңды тағы ісіріп апсың ғой,- деді жабырқай кейіп.- Бекер 
көп жүргенсің. Тәуір болғаныңда тағы жатып қалатын болдың-ау. 
Пысылдап жүріп ошаққа от жағып, Болат қайнатқан шайға отырдық. Әжем 
қара суға шыланған талқаннан бір-екі рет қана таңдайына салып, қайнаған суды 
тұз салып терлеп-тепшіп ұзақ ішті. Шай үстіндегі әңгімелеріміз ұсақ-түйек үй тірлігі 
төңірегінде: «Су әкеліп қойдың ба?», «Отын жардың ба?» тәріздес болды да, 
қоңыр сиыр туралы ешқайсымыз жарып аузымызға алмадық. Ащы жараны 
тырнаудан қашқандай маңайлағымыз келмейді. Онан бір ауық әжем осындай 


жадап-жүдеп тарыққан кезімізде, көңілімізді жұбататын дағдысына бағып, ертегі 
тәріздес әңгімелердің бірін бастап кетті. 
− Баяғыда, осы сендердей кезім, бір қатты жұт болып, мал тегіс қырылып 
қалды. Әй, сол жылғы қыс та ерекше қатты болып еді. Жауған қардың қалыңдығы 
сондай, мына Қоғалы бұлақтай жерде отырғандарға алты ай қыс бір қатынаса 
алмадық қой. Ол заманда бүгінгідей колхоз деген жоқ, пішен шабу, қысқа шөп 
дайындау дегенді білмейді жұрт. Содан қалың жауған қарда мал тебіндей алмай 
аштан қырылды дейсің. Көктемге қарай қалың елде тігерге тұяқ қалмады ғой… 
Терезе қағылды да сырттан: 
− Қанат, Қанат! Тез далаға шықшы! — деді біреу дауыстап. 
Әрине, аяғым ауырып отырған мен тұра қоймадым да, менің орныма сыртқа 
Болат жүгіріп шықты, лезде тапырақтай жүгіріп қайта кірді де: 
− Әже, Бәкке біздің қоңыр сиырды әкеп тұр! — деді жан даусы шыға 
айқайлап. 
Үй ішімізбен ауырған-сырқағанымызға қарамастан дүрліге көтеріліп, сыртқа 
ұмтылдық. Шынында да, есік алдында Бәкке қоңыр сиырды жетектеп кеп тұр екен. 
Қуаныштан есіміз шығып кетті. 
− Қайдан таптың? 
− Қайдан әкелдің? — дейміз шуылдаса жамырап. 
− Мына жақтан,- деп Бәкке қараңғыда белгісіз жақты нұсқағандай болды. 
Есі шыққан әжем: 
− Ой, өркенің өскір қарағым-ай, мың бол, мың болғыр!.. Көзің жамандық 
көрмесін!.. Өмірің қызыққа толы болсын!..- деп, Бәккеге алғысты батасын үсті-
үстіне жаудырып, айналып-толғанып жүр. Онан қоңыр сиырды бас жібінен алып, 
қораға қарай жетелей жөнелген. 
− Әже, қораға емес, ауыз үйге кіргізіп байлаңызшы,- деді Бәкке. 
− А! Сөйтейін бе? О да жөн екен,- деп, әжем енді қоңыр сиырды ауыз үйге 
қарай жетектеді. Қоңыр сиыр үйренген қорасына қарай тартқылап қиқалақтай 
бастаған, бәріміз артынан қаумалай айдаған соң, амал жоқ, ауыз үйге кірді. Әжем 
ауыз үйдегі май шамды жағып, білтесін көтеріңкіреп, сиыр тұратын жақ бұрыштағы 
ондық-мұндық заттарды басқа жаққа алып қойды. Қоңыр сиыр тап-таза ауыз үйді 
жатырқағандай көзі шарасынан шыға пыс-пыс етеді. 
− Өзі тоқ екен,- деді әжем бүйірінен сипалап.- Әй, Болатжан, балам, астына 
бір құшақтай сабан әкеп тасташы, жатқанына жұмсақ болсын. 
Болат лып етіп барып сабан әкеп төседі әлгі бұрышқа. 
Онан соң «сақтықта қорлық жоқ» деп екі ешкіні де ауыз үйге кіргіздік. 
Сыртқы есіктің ілгегін жауып ап, қуаныштан есіміз шыға абыр-сабыр боп, ауыз 
үйде қоңыр сиырдың қасында бір шай қайнатым тұрдым-ау деймін. Ішкі үйге 
кіргіміз келмейді. Ауыз үйдің аты ауыз үй емес пе, тек тоңа бастағаннан кейін ғана 
ішке кірдік. Болат от жағып, қайтадан шай қайнатты. Мына қуаныштың үстінде 
әжем мырзалығы ұстап, тағы бір-бір қасықтан талқан шылап берді. Ризалығын 
білдіріп Бәккенің алдына, жеке өзіне жарты тостаған талқан шылап қойды. 
− Мен үйден шай ішіп келдім, рақмет, әже,- деп Бәкке бас тартқан. 
− Жоқ, қарағым, рақметіңді қоя тұр. Сен бүгін талқанмен емес, мал сойып 
құрметтейтін қонағымызсың, ұялмай же,- дейді әжем жаны қалмай қалбалақтап. 
Шай үстінде мен Бәккені өзімсіне: 
− Қайдан таптың? — деймін анықтай білгім келіп. Осы сәтте балалардың 
бәрі тегіс: Болат та, тіпті кішкентай Жанарға дейін көздері жайнаңдап Бәккенің 
аузына қарай қалған. 


− Ат суарайын деп барсам, тұманың басында жүр екен, шөп беріп ұстап 
алдым да, үйлеріңе жетелеп әкелдім,- деді Бәкке міз бақпастан. Соған бәріміз 
иландық. Әрине, мен іштей иланғам жоқ, Бәккенің шынын жасырып отырғанын 
сездім, бірақ кішкене балалардың көзінше қазбаламадым. 
Шай ішіп болған сон, Бәкке маған: 
− Мен сендердікіне жатайыншы,- деді. 
− Жат. Екеуміз бірге жатамыз,- дедім мен қуанып. Әжеме айтып ем, ол кісі 
де қуана құптады. 
− Қарағым-ау, үй кең ғой, оның не қысылатыны бар, жатсын,- деді. 
Сөйтіп, менің төсегімді кеңейтіп салып Бәкке екеуміз бірге жататын болдық. 
Әжем ауыз үйге шығып тағы да қоңыр сиырды сылап-сипап жататын жерін 
ыңғайластырды. Қоңыр сиыр тұмсығын созып ыңырана ақырын мөңіреген. 
− Ойбұй, байғұсым-ай, шөлдеп тұр екенсің ғой,- деп шелекті салдырлатып 
су берді. 
Енді шамды сөндіріп жатқалы отырғанымызда, сыртқы есімізді біреу жұлқа 
тартып, онан тықылдата қақты. 
− Ол кім? — деген әжем есік ашпас бұрын. 
− Мен Бакка апа! — деді әйел даусы. 
− Менің апам ғой,- деді Бәкке елең етіп. 
Әжем есікті ашып, үйге Бәккенің шешесі Зейнат кірді. Бұл баданадай қой 
көзді, пышақпен қырнап жасағандай қыр мұрынды, өңі ажарлы болса да, бір түрлі 
суық көрінетін, орта жастағы ақ сұр әйел еді. Бәккенің кескін-келбеті әкесі Адудан 
гөрі осы шешесіне көбірек ұқсайтын. Ал әкесі Аду сақал-мұрты қап-қара, қоңырқай 
жүзді, доғал мұрын, кішірек көзі күлімдеп, жұмылып кете жаздап тұратын адам. 
Зейнат кірген бойда әуелі әжеме: 
− Амансыз ба,- деп амандасты да, (Бәккенің шешесі қазақша басқа сөздерді 
сөйлей алмаса да, «амансыз ба?» дегенді өте анық және дұрыс айтатын) шәлісінің 
астына тығып әкелген бір күлше дөңгелек наны бар екен, соны ұсынды.- Бала тіс 
жейді,- деді күле сөйлеп. Әлгі күлшенің жүгерінің ұнынан пісірілгенін мен 
айнытпай танып отырмын. Анда-санда Бәккенің үйіне кіре қалғанда жейтінбіз. Өте 
тығыз боп піскен, тәтті болады. 
− Рақмет, қарағым,- деді күлше нанды алған әжем. 
− Балалар тас берсең де жеп қояды ғой. 
Мұнан әрі Зейнат баласына шешеншелей жөнелген. Даусы қатқыл, әр сөзі 
ұрысқандай естіледі. Бір жылдан бері шешенше пәлендей сөйлеп үйренбесем де 
біраз сөзін түсінетінмін. Сондықтан Бәккенің шешесінін айтқандарын түгел ұқпасам 
да, ұзын-ырғасын сезіп тұрмын: әкең жұмыстан қайтқанша неге шыдамадың, дейді 
жазғырып. Бәкке де қатты сөйлеп жауап қайырды: «Әкем келгенше, олар сиырды 
сойып алса не істеймін» дейді. Шешесі тағы да жазғыра сөйледі: «Егер қолдарына 
түсіп қалсаң қайтетін едің, олар өлтіріп тастаудан тайынбайды ғой» деген. «Жоқ, 
өлтіре алмайды, мен оларға өлтіртпеймін»,- дейді Бәкке де қайтпастан. Шешесі 
мұнан кейін де жазғырып ұрысқан, бірақ Бәкке де өз дегенінде тұрып алды, 
шешесіне көзін аларта қарап «уай-уай» деп шатынай сөйлейді. Осылайша шешесі 
мен баласы біраз дауласып сөйлесіп алды да, ақыры Зейнат шарасы таусылғандай 
лажсыз күлімсіреп әжеме қарады. 
− Бала жаман… жаман…- деді қолын сілтеп. 
− Жоқ, қарағым. балаң жаман бала емес, жақсы бала,- деді әжем оған 
қарсы дауласа сөйлеп.- Осы үйге келгенде байқаймын ғой, тәрбиесі де, тәртібі де 
жақсы бала. 


− Вай, вай,- деп Зейнат қарсылық білдіргендей басын шайқап күлді де.- Мен 
бала, сен бала…- деп бастады да, әрі қарай аузына қазақша сөз түспей тұтығып 
тұрып қалды, онан соң баласына сен түсіндіріп жіберші дегендей айтар сөзін 
шешенше жалғастырып әкетті. Бәкке күлді де: 
− Әже, менің апам айтады, менің балам сізді өзінің әжесіндей жақсы көреді 
деп,- деп аударды. 
− Е, айналайын, мен де сені мына отырған Қанатымнан кем көрмеймін,- деді 
әжем де. 
Бәкке енді өз шешесіне әжемнің сөзін аударған. 
− Вай, вай! — деп Зейнат сақылдай күлді. 
Мұнан әрі шешесімен Бәкке тағы біраз сөйлесті де, ақыры шешесі кетуге 
ыңғайланды, әжеме қарап: 
− Мен бала…- деп қолымен ишараттап Бәккені нұсқап, осында қонады 
дегенді білдірген. 
− Қонсын, қонсын. Қорықпа, балаңды сабамаймыз,- деді әжем әзілдеп. 
Әжемнің әзіліне бәріміз де мәз болып күлдік. 
Зейнат кеткен соң шамды өшіріп жатқанбыз. Әжем мен балалар тез ұйқтап 
қалды да, Бәкке екеуміз қатар жатып ап алаңсыз еркін әңгімеге кірістік. Әуелі 
Бәкке: 
− Қанатай, бұл әңгіме тісіңнен шықпасын, әйтпесе екеумізді де өлтіреді,- 
деп, маған өзінің қоңыр сиырды қалай тапқанын айтып берді. 
Қоңыр сиырды бір шешен (Бәкке ол шешеннің де атын айтпады) өткен түні 
таң алдында кеп әкетіпті. Содан күні бойы алдына шеп салып қораның түкпіріне 
қамап қойыпты. Ондағы ойы алғашқы күнгі абыр-дабыр іздеу басылған соң, бүгін 
түнде сойып алу екен. Мұның бәрін Бәкке әлгі шешеннің бес жасар баласының 
айтқанынан (балалы үйдің ұрлығы жата ма) естіпті. Оның үстіне Бәккенің өзі де 
сабақтан қайтып келе жатқанында, әлгі шешеннің қорасына шөп кіргізіп жүргенін 
байқап қалады. «Мұның ешқандай малы жоқ еді ғой, шөпті неменеге салып жүр 
екен?» деп ойлады. Сөйткенше болмай ойнап жүрген баласы «Бүгін менің әкем 
сиыр сояды» деп мақтанып, бар жағдайды айтып береді. Содан Бәкке әлгі 
шешеннің үйін сырттай аңдиды. Әкесі болса жұмыста, басқа ақылдасатын адам 
жоқ. Бәкке не істерін білмей аласұрады. Бізге кеп айтса, ұрлығын ашқаны үшін әлгі 
шешен мұны бауыздап тастайды, өйткені шешендердің заңы солай. Кешке қарай 
көрші колхоздан жасырынып әлгі шешеннің бір-екі сыбайласы келеді. Үшеуі үйге 
кіріп, пышақтарын қайрап, қараңғылықтың түсуін күтіп отырған кездерінде, Бәкке 
ақырын барып есіктерін сыртынан бекітіп, қоңыр сиырды жетектеп, біздің үйге 
қарай тайып тұрыпты. Әлгі шешендер әзірге өздерін кімнің тотитып кеткенін, 
әрине, білмейді. 
− Ал егер білсе ше? 
− Тіпті білсе де бұл шешендер үшін кешірімді. Олар ұрлады, олардан мен 
ұрладым. Мықты болса ұрлатпаулары керек еді. Ал егер ұрлағандарын келіп 
айтсам, онда кешірмес еді. Өштесіп, кек қайтарар еді. Сондықтан ертең ешкімге 
ештеңе демей, түк білмегендей болайық. Сұрағандарға тұма жақта жүрген жерінен 
тауып алдық дей сал. 
− Мақұл, Бәкке. 
Көзіміз ұйқыға енді ілініп бара жатқан, үйдің түбінен жүріп өткен дүбірден 
Бәкке де, мен де қатар оянып, басымызды көтеріп-көтеріп алдық. 
− Біреу жүрген сияқты болды ғой. 
− Иә, біреу есік алдында жүр. 


Ұмтылып барып терезеге жабыса тұрып, тастай қараңғы сыртқа қарағанбыз. 
Қараңдаған еңгезердей біреу қораға кіріп кетті де сәлден кейін қайта шықты, ары-
бері ұрлана қарап біраз жүрді де, енді кеп есікті тартқылады. 
− Соның өзі,- деді Бәкке сыбырлап. 
− Киініп алайық. 
Қараңғы үйде сипаланып тұрып, тез киініп алдық. Бәккені қайдам, менің өне 
бойым безгек ұстағандай дірілдеп кеттім. Әуеліде есікті жай тартқылағандай 
тықырлатып тұрған, әлгі бір кез сарт еткізіп жұлып алғандай болды. Бәкке екеуміз 
жүгіріп ауыз үйге шыққанбыз, жоқ, есік ашылмапты. Сырттағы адам бар күшін 
салып тағы да жұлқып-жұлқып қалды, бүкіл үй солқ-солқ еткен. 
− Қанат, балта бар ма? — деген Бәкке. 
Мен қараңғыда сипаланып барып, босаға жақта сүйеулі тұратын балтаны 
тауып әкеп Бәккенің қолына ұстаттым да, өзім ашаны алдым. 
− Сен не алдың? — деп сұраған Бәкке. 
− Ашаны алдым. 
− Дұрыс. Енді қорықпаймыз. Егер есікті бұзып кіретін болса, мен оны тура 
балтамен шабайын, ал сен қарнына ашаны сұғып ал. 
− Мақұл. 
− Әй! — деді енді Бәкке сырттағы есікті тықырлатып тұрған адамға: — Біз 
біріміз балтамен, біріміз ашамен қаруланып тұрмыз. 
− Бәкке?! — деген сырттағы адам таңырқап. 
− Иә, Бәккемін. 
Анау шешеншелеп бірдеңе-бірдеңе деген, менің ұққаным: сенің бұл үйге 
қандай қатысың бар дейтін сияқты. Бәкке де шешеншелеп жауап қайырды: бұл 
менің досымның үйі дейді. Анау: «мен қазір сені досыңмен қосып бауыздаймын» 
дегендей болды. Бәкке: «Бауыздап көр, менің әкем сені бауыздасын деді». Анау: 
«Мен сенің әкеңнен қорықпаймын» деген. Бәкке менің әкем күшті, сені құртады, 
деді ызақорлана дауыстап. Сырттағы адам бар күшін сап есікті тағы да жұлқып 
қалған. Осы кезде сырттан, арғы жақтан шешенше айқайлап ақырған еркектің 
даусы да шықты. Есікті жұлқып тұрған адам тапырақтай жүгіріп ары қарай кетті. 
Сөйткенше болған жоқ, әлгі екі адамның дабыр-дұбыр сөйлескендері әріректен, 
көше жақтан естілді. 
− Менің әкемнің даусы ғой! — деді Бәкке. Жүгіріп барып есіктің ілгегін ашып 
жіберіп, сыртқа атып шыққан. Мен де ілесе шығып, есіктен аттап барып тоқтадым. 
Анадай жерде ақ қардың үстінде арсыл-гүрсіл алысып жатыр екен. Жүгіріп барған 
бойда Бәкке де қазақша боқтанып кірісіп кетті. Үлкендер шешенше боқтасып жүр, 
ара-арасында: «О-о», «а-а»…», «Вай, Миск!..» деп ышқына ыңыранғандары 
естіледі. Бірін-бірі сарт-сұрт ұрғандары, ыңыранған, ыңк-ыңқ еткен дыбыстары 
естіледі. Бір сәт Бәкке: «А-а… әкеңнің!..» — деп баж ете қалған. Жаным шыға 
жаздаған мен: 
− Бәк-ке! — деп жүгіре ұмтылғам. Осы мезетте үлкендердің бірі кескен 
теректей сереңдеп барып анадай жерге ұшып түсті. Мен жандарына таяп 
келгенде, екінші үлкен адам әлгі сұлап түскеннің үстіне төніп, еңкейіп қарады да, 
тістене тұрып шешеншелеп: 
− Тірі екен,- деді. Даусынан таныдым, Бәккенің әкесі екен. Мені көріп: 
− Хээт, Хээт! — деді зеки дауыстап. Онан соң Бәккеге бірдеңе-бірдеңе деп 
тез-тез сөйлеген. Бәкке жүгіріп кеп мені үйге қарай жетелей жөнелді де: 
− Қанат, тісіңнен шықпасын. Мұны ешкімге айтушы болма. Онда менің 
әкемді құртады. Бар үйіңе! — деді сыбырлай сөйлеп. 
Үйге кіріп, есікті іліп ішкі бөлмеге енгенімде, әжем: 


− Қанатпысың?! Не боп қалды?! — деген. 
− Жай. Далаға шығып жүрмін,- дедім дауысымнан бойымды билеген үрейді 
де, тоңғанымды да білдірмеуге тырысып. 
Бірден жата қоймай, терезенің алдына барып көше жаққа қарағам. Бәкке 
мен әкесі көрінбейді, кетіп қалса керек, ал әлгі серейіп жатқан адам әлден соң 
орнынан тұрды. Тағы да біздің үйге кеп есікті бұзып жүрмесе деп зәре-құтым 
қалмады. Жоқ, бері қарай жүрмеді, бір аттап, бір тоқтап, ілби басып қараңдап ары 
қарай кетті. Тәлтіректеп бара жатқаны байқалады. 
Ертеңгісін тұра сап қоңыр сиыр мен екі ешкіні сыртқа шығарып, ауыз үйді 
тазалап, онан соң түндегі арпалыс болған жерге барғам, әр жерде қардың үстіне 
тамған қанның ізі қапты. Сірә, шешендер пышақтасқан болу керек. Түндегі Бәкке 
алып шыққан біздің балта анадай жерде жатыр екен. 
− Әй, Қанат, бірдеңе жоғалттың ба? Не іздеп жүрсің? 
Мен қапелімде ұрлығымның үстінен түскендей селк етіп қалдым. Үйінен 
шыққан Петька боқшасын арқалап бері қарай келе жатыр екен. Мен жауап берем 
дегенше болған жоқ, ол есік алдында жүрген қоңыр сиырды көргенде қуанғаны 
сонша: 
− Табылыпты ғой! — деп есі шыға жүгірді. 
Петьканың көңілі басқа жаққа ауғанын пайдаланып, мен де балтаны алып 
үйге қарай жүрдім. 
Түнгі оқиғаны — шешендер төбелесін Бәкке екеумізден басқа ешкім білген 
де, естіген де жоқ. Егер МТС — тағы шешендерді бақылайтын коменданттың 
құлағына болар-болмас сыбыс тисе-ақ, ұры шешенді де, Бәккенің әкесін де айдап 
әкететіні сөзсіз еді. Сондықтан Бәкке екеуміз кездескен жерде көзімізбен ғана 
ұғысып, болған оқиға жайлы ләм-мим деп сөз қозғағамыз жоқ. Бәкке біраз күнге 
дейін мектепке де барған жоқ, оң қолымды темір пешке күйдіріп алдым деп 
мойнына асынып байлап, үйінде отырды. Ал әлгі біздің қоңыр сиырды ұрламақ 
болған Солтымұрат деген шешен екен. Оны білгенім, сол Солтымұрат қорадан 
құлап, қазыққа жығылдым деп, екі қабырғасы сынып, үйінде бір айдай төсек 
тартып жатты. 
Петька, Отто үшеуміздің тірлігіміз со бұрынғыша — сабақтан шыға сала 
қоңыр сиырдың қамына кірісеміз. Әр жерден үзіп-жұлқып бір уыс шөп тапсақ, 
алтын тапқандай қуанамыз. Сірескен қар өмірі кетпестей боп мұрты шетінер емес. 
Шіркін-ай, жер қарайған көктемге жетеміз бе, жетпейміз бе деп зарыға күтіп 
жүргеніміз. Амал-әрекеттің бәрі таусылған, ешкімнен қайыр болмайтынына көз 
жеткендей үміттің де үзілген шағы. 
Сол күндері Нәзира әпкемнен хат алғанбыз. Бұл — үйден аттанып кеткеннен 
бергі үшінші хаты еді. Амандық-саулығын айта келіп, өздерінің — ылғи 
Қазақстаннан барған қыздардың — Еділ бойындағы жаудан азат етілген қаланы 
қалай қалпына келтіріп жатқандарын жазыпты. Әр тараптан барған талай 
қыздармен достасып, апалы-сіңлідей туыстасып кеткендерін, қандай 
қиыншылықтар болса да солармен бірге көтерісіп «көппен көрген ұлы тойдың 
ішінде жүргенін» мақалдап білдіріп, әжем мен бізге — іні-сіңлілеріне: «Мені ойлап 
қайғырмаңдар, халім жаман емес, ойнап-күліп жүріп жатырмын»,- деп қойыпты. 
Бірақ хатының кейбір тұстарындағы бірді жарым сөздерді аңдап отырған әжем: 
«Тоқта, жаңағы жерін қайта оқышы»,- деп маған қайталай оқытты да: 
− Не дейді, құдай-ау, аяқ астынан жарылатын…- дей ме? — деп сұрайды. 
− Минаны айтқаны ғой,- дегем мен білгішсініп. 
− Е, бір алла өзің жар бола гөр,- деп әжем күбірлей күрсінді.- Бүгін хат жаз, 
абайлап жүрсін деп жаз. Дауыстап айтпаса да іштей аллаға сиынып жүрсін. 


− Ой, Нәзира әпкем құдайға сенбейді,- дегем мен әжемнің не болса содан 
қорқатынына қитыға сөйлеп. 
− Тә! Өйдеме! — деп, әжем кәдімгідей қатуланып сөгіп тастады. Әжімдері 
қатпар-қатпар боп тереңдеп, өңі қатты сұрланып кетті.- Осы кесір сөздерің ғой 
сендердің… 
Әжемді дәл бұлай ренжір деп ойламаған мен сасқанымнан: 
− Жарайды, жазам, аллаға сиынып жүр деп жазам,- деп әзер жұбаттым. 
Міне, сол хатының соңында әпкем ауылдағы ағайын-туғандарға тегіс сәлем 
жолдай отырып, Зибашқа да бір-екі ауыз сөз арнапты: «Зибаш жеңгеме көп-көп 
сәлем айтыңдар, талай жауынның астында бірге суға малтығып, талай боранда 
бірге тоңып ек. Қайран жеңгем, азаматтан бір кем емес еді, сендерге де көз қырын 
салып жүрген шығар. Аман-сау елге оралсам, мен де қарыздар болып 
қалмаспын…» 
− Е-е, қарғам-ай, жұрттың бәрін өзіндей көреді ғой,- деді осы тұста әжем 
еріксіз қатты күрсініп. 
− Зибаштың опасыз екенін қайдан білсін,- дедім мен де шыдай алмай. 
− Қайтесің, дүние шіркін деген сол ғой, балам. «Адам аласы ішінде» деген 
емес пе. Нәзираға жазып қойып жүрме. Алыста жүрген адамға ауылдағыны 
жамандамайық,- деді әжем. 
− Онда әпкемнің сәлемін Зибашқа айтпайық па? 
− Айтайық. Хатын апарып өзіне оқытайын,- деп түйді әжем. 
Сол күні әжем Нәзира әпкемнің хатын алып Зибаштың үйіне кеткен, біраздан 
кейін қуанышпен оралды. 
− Балам, әлгі Зибаш сиырларыңызға шөп берейін, кешкісін балаларыңызды 
жібере қойыңыз деді. 
Айтқанындай кешкісін іңір кезінде Болат екеуміз екі жіп алып Зибаштың 
үйіне келгенбіз. Зибаш сыртқа өзі шыққан. Кешкі апақ-сапақта жүзі аппақ боп 
айдай жарқырап керемет әдемі көрінді, қиылған қастары сәл түйіліп, бізге жай 
ғана бір көз тастады да, былқылдай басып кеп қораларының іргесіндегі тал 
шарбақтың ішіне жиналған шепті иегімен мегзеп: 
− Көтергендеріңше буып алыңдар,- деді. 
Біз Болат екеуміз көк жауқазын шөптен өзіміз жейтіндей боп, қуанғаннан 
есіміз шыға жіпке бууға кірістік. 
Дәл осы сәтте ауыл иттерінің азан-қазан үргені, айқай-шу естілген. Әрине, 
атқарушы Тұржанның көшеден өтіп бара жатқанын айтпай-ақ ұқтық. Сөйткенше 
болған жоқ оның: 
− Әй, Зибаш сұлу, а-а-а…- деген дарақы күлкілі даусы естілді.- Естідің бе, 
жоқ па, әлгі сенің шолақ қол өкілің, Әлтаевың басқа жаққа жұмысқа ауысып 
кетіпті, а-а-а… 
− Оны кім айтты? 
Естідік қой, а-а-а… Енді сен бұл ауылда біргәдір боп қалар ма екенсің, а-а-
а…- деп сол еліре мәз боп күлген күйі, атын қамшылап әрі қарай шаба жөнелді. 
Зибаш болса, сол шарбақ қоршаудың есігіне сүйенген күйі, Тұржан басынан 
қамшымен осып-осып өткендей боп, сілейген күйі Тұрып қалған. Біз ініміз 
екеуміздің қанша шөп алғанымызда да, кеткенімізде де шаруасы болған жоқ. Тіпті 
айтқан рақметімізді де естіген жоқ. Үйіріле бастаған ымырт қараңғылығында 
әлгінде ғана аппақ боп жарқырап тұрған айдай ақ жүзі біртіндеп солғын тартып, 
бір түрлі шаршаған, қалжырағандай күйде қала берді. Бүкіл иттерді шулатып 
ауылдың екінші басына шыққан Тұржанның есірік күлкісі ымыртта бұрынғысынан 
да гөрі жаңғырығып, екіленіп, еліріп естіледі: «А-а-а!..» 


Біз, Болат екеуміз, буып алған шөптерімізді бүкшеңдей көтеріп, үйге қарай 
жан дәрмен ышқына ұмтыламыз, құдайдан бар тілегіміз, Тұржан кейін қарай қайта 
шаппаса екен, бізді көрмесе екен дейміз. Тілегіміз қабыл боп, Тұржан қайтып кейін 
қарай шаппады, біз аман-есен Зибаш берген шөпті арқалап үйімізге жеттік-ау. Сол 
күнгі қуанышымызда шек жоқ еді. Қоңыр сиыр да, екі ешкі де шөпті көргенде, бас 
жіптерін үзе жаздап тұмсықтарын созып мөңіресіп-маңырасып естері шықты. 
Обалы не керек, Зибаш берген сол шөп бізге біраз күнге әжептәуір талғажу 
болды. 
Ал сол күнгі Тұржан айтқан хабар ертеніне-ақ бүкіл ауылға тарады: шолақ 
қол өкіл шынымен-ақ басқа жаққа қызметке ауысқан екен. Ауыл адамдары ендігі 
жерде Зибаштың бригадирліктен түсетінін де сөз етісті. Қолдаушысы, қорғанышы 
жоқ әйел қанша тұрар дейсің, Байдалы шал аман болса, әлі-ақ қағып тастайды ғой 
десті. Әрине, бригадир етіп Тұржанды сайлап алады. Осы пікірге тірелгенде елден 
маза кетейін деді. Атқарушы боп істеп жүргені мынау, ал егер бригадир бола 
қалса, бұл Тұржан шетімізден жон арқамыздан таспа тілер десті. Жоқ бұл 
оңбағанды, бұл лағынетті бригадирлікке жолатуға болмайды. Амал табу керек. 
Әрекет жасау керек. 
Зибаш болса екі-ақ күннің ішінде үсік ұрған жапырақтай боп өңі қуарып, 
көзінің асты қалталанып, түрі мүлде түр болмай қалған. Үшінші күні Байдалы шал 
колхоз активтерін жинап жиналыс өткізіпті. Сонда арт жақта отырған біреу әзіл-
шыны аралас: 
− Шолақ қол өкіл кетіпті ғой. Енді колхоздың кейбір басшыларын өзімізше 
сайлайтын шығармыз,- деген екен, Байдалы шал көзі шақшаң етіп әлгі адамға: 
− Шолақ қол өкіл кетсе, мына бүтін қол біз бармыз ғой, тізгінді өзім-ақ 
алам,- деп жауап беріпті. Сөйтіп екі-үш күн ауылды кеулеген қаңқу сөзге бірден 
тыю салған екен. Әлгі адам да, басқалар да жым болса керек. Содан кейін-ақ 
Зибаштың жүзіне қайтадан қан жүгіріп жадырай бастады. 
Сол жиналыс өтіп жатқан кезде, Санат бір топ баланы кеңсенің қасына 
шақырған: 
− Келіңдер, қазір бір қызық болады,- деп. 
Үлкендер жиналыстан шыққан кезде, біздер анадай жерде жентектенген сүр 
қарды домалатып ойнап жүрдік. Кеңседен бірінші боп Тұржан шыққан, бізді көре 
сала елірмесі ұстағандай: 
− Әй, күлигандар, қазір сендерді ме! А-а-а!..- деген сақылдай күліп. 
Кеңседен Байдалы шал бастаған басқа активтер де шыққан. 
− Әй, Тұржан! — деді Байдалы шал дауыстап.- Әйел адам ғой, анау 
Зибашты атына мінгіз. 
− А-а-а… мақұл аға,- деді Тұржан ыржалақтап. 
Тұржан барып Зибаштың атын шешіп әкеп, алдына көлденең тартып, 
қолтығынан демеп мінгізді. 
− Енді менің атымды әкел! — деді Байдалы шал. Тұржан енді Байдалы 
шалдың атын шешіп әкеп алдына көлденең тартты да, оны да қолтығынан демеп 
жіберді. 
Атына мініп, қоқилана отырған Байдалы шал: 
− Әй! — деді тағы да Тұржанға иегін көтере тұрып,- Біз ұзап кеткенше, сен 
осы арада кідіре тұр, әйтпесе сен атқа мінсең, бүкіл ауылдың итін улыған-шулыған 
қыласың. 
− А-а-а… Мақұл аға,- деді Тұржан бұл жолы да ыржалақтап. 
Байдалы шал мен Зибаш ауылдың ортасымен қос жорғамен қатарласа жүріп 
мал қораға қарай кетті, басқа активтер де әрқайсысы өз шаруасына бет алған. 


Жұрттың ең соңында қалған Тұржан қамшысын үйіріп қойып, көзі құтырына 
ойнақшып біздер жаққа бір қарап: 
− Әй, күшіктер! — деп қойып атына қарай жүрген. 
− Ойбай, қашайық! — деді балалардың бірі зәресі ұшып. 
− Қорықпаңдар! — деді Санат күле тұрып. 
− Қазір қызық болады. 
Сөйткенше болған жоқ, еліре басып барып атының басын шешіп, ерге енді 
қарғып міне берген Тұржан, аты осқырынып мөңкіп кеткенде, ер-мерімен жалп 
етіп ұшып түсті. Мөңкіген аты құлап бара жатқан оны қос аяқпен тепкен, көрім 
болғанда аттың қос тұяғы Тұржан құшағындағы ер-тоқымға тиіп, аман қалды. Біз, 
балалар, қыран-топан күлкіге баттық. Біразға дейін тұра алмай тырбаңдап жатқан 
Тұржанды мазақтамағанымыз жоқ. Енді байқадық, Тұржанның ер-тоқымының 
айылдарын біреу пышақпен қиып, іліндіріп қана қойған екен. Міне бері ұшып 
түскені содан. Сәлден соң тәлтіректей көтерілген Тұржан бет аузы қан-қан боп: 
− Күшіктер!.. Кулигәндар!.. Көрсетем мен сендерге! — деп шарылдай 
бастады. Біз тым-тырақай қаша жөнелдік. 
− Кім істеді? Кім қиды айылдарын? — деп бір-бірімізден сұраймыз.- Кім 
болса да жарады! -дейміз сүйсініп. 
Сөйтіп, барлығымыздың өшіміз бір қайтқан еді Тұржаннан. Ол бір аптадай 
үйінде төсек тартып ауырды, сірә, қатты жығылса керек. 
Сол екі арада бір күні түстіктен лекілдеп жылы жел соғып берсін. Қар 
суының күлімсі иісі әлгі желмен аңқи жөнелсін. Леки соққан бір күннің ішінде-ақ 
сіресіп жатқан қарды тоз-тоз етіп сөгіп, шоқпыт киіздей іргелете түріп, сілікпесін 
шығарды. Тіпті шыдатар емес. Үлкендердің айтуынша, бұл молшылық болар жылы 
соғатын ескек желі еді. 
Ой, дүние-ай, сөйтіп, көктемге де жеттік-ау! 
Бұл — зарыға күткен жеңіс көктемі еді! 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет