Хазіреті Әбу Бәкірдің жұбатуы Хазіреті Әбу Бәкір Пайғамбарымыз фәнимен қоштасқан мезетте
«Сунх» деген жердегі үйінде отырған. Қаралы хабар құлағына жетісімен
апыл-ғұпыл Пайғамбарымыз жатқан үйге - Айшаның отауына келді. Жүрегі
қан жылап тұрса да өзіне арқа сүйер халқының жайын ойлап
салмақтылығынан танбауға тырысқан ол келген бетте Хазіреті Мұхаммедтің
(с.а.у.) бетін ашып, нұр тұнған мүбәрак маңдайынан үш рет сүйді. Екі
дүниенің Сыйлысы, барша жаратылыстың Нұры - нұрға малынып жатқанын
көрді.
"Өлімің де өмірің сияқты пәк, уа, Расулаллаһ!" - деді көз жасын тыя
алмаған Сыддық дос. Мұнан соң әһли бәйтке, яғни Пайғамбарымыздың
құрметті
ағайын-туыстарына,
ақ
некелі
зайыптарының
қайғысына
ортақтасып, басу айтты да мешітке қарай аяңдады. Суыт хабарды естіген
көпшіліктің "енді не болар екен" деген қам көңіліне қолдау болар өрелі сөз
айтпаққа бекінген. Мешітке жақындағанда Хазіреті Омардың "Мұхаммед
(с.а.у.) өлген жоқ, ол тірі..." деп айқайлаған даусын естіген соң жылдам
басты. Атпал азаматтың келе жатқанын көрген жамағат жарыла жол беріп,
"не дер екен?" дегендей Әбу Бәкірге жаутаңдай, үміттене қарады.
Хазіреті Әбу Бәкір Хазіреті Омардың әлгі сөзінің әсерінен айыға
алмаған, ентігін де баспастан:
"Кімде-кім Мұхаммедке (с.а.у.) табынатын болса, біліп қойсын,
Мұхаммед (с.а.у.) бүгін өлді. Кімде-кім Аллаһқа құлшылық жасап табынса,
Аллаһ - Хай, еш өлімсіз екенін ескерткелі келдім", - деді де сөзін нақтылай
түсу үшін Али Имран сүресінің 144-аятын оқыды: