ЕКІНШІ ТАРМАҚ. НАРТАЙ
МЕН ЕРТАЙ
Нартай əу бастан осының бəріне күмəнмен қараған. Сенбеген.
Əйтсе де көңілі түйткілді еді. Үмітті түйткіл.
Өзін танып алған Тілеубай деген кісі кейде қолынан жетелеп, кейде
еркіне қоймай көтеріп, қыр астындағы аулына апарғанша көп əңгіме
айтты. Қайда екенін білмей жүреді екен. Əйтпесе іздеп бармай ма.
Ақыры қайыр болды. Баласының өзі келді. Көрген бетте мынау менің
Нартайым деп жылап жібере жаздадым дейді. Ол жерде жылаған жоқ,
енді ғана жылап келеді. Менің көкемнің сақалы жоқ, мұрты ғана бар
болатын. Сақал кейін шықты дейді. Əуелде ештеңе болмайды. Содан
соң мұрт шығады. Содан кейін сақал. Рас айтады. Бұрын мұртпен ғана
жүретін. Сақал кейін өсті. Сенбесе қазір үйге барған соң қырып
тастайды. Сонда біледі өзінің көкесі екенін. Менің көкем жас болатын.
Мен де жас болғам дейді. Осы ауылда жүріп қартайдым. Бейнеттен,
қайғыдан. Маңдайға басқан жалғыз ұлдан айрылған оңай дейсің бе.
Сол ұлды қайта тапты. Енді жасарады. Сөзі дəлелді еді. Нартай сеніп
қалды. Қосылып аңырағысы келді. Мойнынан құшақтады. Тер сасиды
екен. Қайта құшақтамады. Бетінен сүйгізді. Сақал, мұрты жыбыр-
жыбыр еткізіп, қытығын келтірді. Бірақ күлмеді. Күле алмады. Есіне
Ертай түсті. Оның жылағаны. Өзінің жылағаны. Оның ағасының, яғни
мұның, мойнынан тарс құшақтап ап айрылмай қойғаны. Өзінін оның,
яғни інісінің, соңынан жүгіргені. Оның қара мұрты ширатылған ағаш
аяқ адамның мойнында кетіп бара жатып артына қайрылып боздағаны.
Өзін əлдекімдердің ұстап ап, мына сақалды шалға əкеп бергені. Ертай
менің баурым деді. Иə, айналайын деді. Өзі сақалынан тарам-тарам
жас ағып əлі жылап келеді. Ертай кішкентай, мен жоқта оны балалар
ұрып тастайды. Ешкім ұрмайды деді сақалды. Неге сен оны да
алмадың. Өз əкесі табылды деді сақалды. Нартайдың көңіліндегі
күмəн қайта тірілді. Ол менің туысқаным, екеуміздің əкеміз бір деді.
Жыламай айтты. Мен қайтейін деді сақалды. Ол да жылағанын қойды.
Мен қайтейін. Жаңа көрдің ғой. Алайын дедім. Бермеді. Өзімді сабап
тастай жаздады. Қамшысына қарадың ба. Қос өрім дырау қамшы.
Сонымен бір салса нем қалады. Қорықтым. Əлім келмейді. Əйтпесе
Ертайды тартып алатын ем. Нартай үндемеді. Осыған да тəуба деді
сақалды. Сені тағы біреуі алып кеткенде қайтетін ем. Рас, деп ойланды
Нартай. Мені басқа біреу алып кеткенде қайтетін ем. Көкемнің...
кімнің... осы сақалдының... кімнің... көкесінің алғаны жақсы болды.
– Міне, ауылға келдік, – деді сақалды көкесі.
Ауыл – сай етегіне тігілген жалғыз киіз үй екен. Үй алдыңда құлын
байлаулы тұр. Анадайда сиырдың баласы мен бес-алты қозы-лақ жүр.
Тура суреттегідей. Мө-ө-ө!.. Мə-ə-ə!.. Сиырдың баласы да, қозы да,
құлын да мə-ə-ə, мө-ө-ө демеді. Ешқайсысы бұған мойын бұрмады.
Бері жүрмеді. Оның есесіне үйден бір кемпір шықты. Басына аппақ
ораған. Аппақ боп арқасын да жауып түр. Тура бағанағы апаныкіндей.
Сонда сұраған. Кимешек-шаршы дейді. Кимешек-шаршы. Кимешек-
шаршы тартқан кемпір қолымен көзін көлегейлей қарап сəл тұрды да,
бері жүрді. Бейтаныс кемпір. Ол да мұны танымайтын сияқты. "Əкем-
ау, мынау мұсылман ғой" деді. "Жарығым-ау, қазақ қой" деді содан соң.
Сүйдеді де Нартайды бас сап құшақтап, аңырап қоя берді. Өлең айтып
жатыр. Жылап айтып жатыр. Ара-тұра: "Арманда кеткен жалғызым-ау,
аһ..." деп қайырады. Мұның жалғызы кім екен деп ойлады Нартай.
Кемпірдің көз жасымен бет-аузы түгел су боп қалды. Тамағы мен
мойнына дейін шыланды. Тіпті, аузына да тиіп кетті. Ащы, кермек
екен. Нартай түкіріп тастады.
Көкесі бұл жолы жыламапты. Нартайды көтеріп, кемпірді
сүйемелдеп, киіз үйдің ішіне кірді. Кемпір мойны ұзын сары құман
əкеп көкесінің қолына су құйды. Үшеуі де беттерін жуды. Содан соң
кемпір ортаға дөңгелек стол қойды. Дастарқан жайды. Ыдыс-аяқты
салдыратып, босаға жақтағы ши ішіне енді.
– Əже неге жылады, жалғызы кім? – деп сұрады Нартай сонда ғана
көкесіне сыбырлап.
– Жалғызы сенсін. Сенің табылғаныңа қуанғаннан жылады, – деді
көкесі. Нартай ұға қоймады.
– Бұл кім? Біздің туысқанымыз ба?
– Иə, – деді көкесі. – Сенің апаң осы кісі.
– Менің апам өліп қалған, – деді Нартай.
– Апаң өлген жоқ, – деді көкесі. – Өлген адам тірі жүрмейді. Міне,
көріп тұрсың ғой. Тірі ме?
– Тірі... – деді Нартай.
– Міне, осы – сенін анаң, – деді көкесі.
– Бұл тірі апа – менің апам емес. Менің апам өлген апа. Жерге
көмгенін де көргем, – деді Нартай.
– Сонда өлмей қапты, – деді көкесі. – Өзім қазып алдым. Содан
бері тірі. Қарашы өзің. Тірі болмаса өстіп жүре ала ма.
Рас. Тірі емес, яғни өлген адам қозғалмай жатады. Өлген адамға
қозғалуға, жүруге болмайды. Апасы қозғалмай жатқан. Əлі ұмытқан
жоқ. Одан бері екі рет қыс болды.
– Өзің сұрап көрші, тірі ме екен? – деді көкесі.
– Апа, сен тірісің бе? – деді Нартай.
– Не дейді?
– Тірімісің, денің сау ма дейді.
– Тірімін, шырағым, тірімін. Денім сау. Ірімшік же, айналайын.
Қаймаққа қосып же.
– Енді өлмейсің бе?
– Өлмеймін, құлыным, өлмеймін. Сен барсың, неге өлейін. Енді
өлмеймін.
Нартай сенер, сенбесін білмей, ойланып аз отырды.
– Бидай жоқ, айналайын. Енді мына əкең тауып əкеледі ғой.
Қырманға астық түссін. Сосын бəрі де болады. Же, – айналайын, құрт
же.
Нартай құрт та, ірімшік те жемеді. Нан болса да жемес еді. Іші
алай-түлей.
– Алматыдан қашан келдің? – деді бір кезде.
– Ойбүу, жарығым, Алматы менің не теңім. Мына тұрған Нарынды
да көргем жоқ.
– Оттапсың, – деді Тілеубай.
– Сен менің апам емессің, – деді Нартай. – Сен тірі апасың. Əжесің.
Менің апам өлген. Ол əлі Алматыда тұрады. Таудың басында. Сол
жерге апарып, шықпайтындай етіп, топырақтың астына көмген. Менің
апам өлген апа.
Сақалды көке шай аяғын күтпей жұмысына кетті. Нартай да
орнынан тұрды. Кимешекті кемпірдің өзін белінен орай құшақтаған
қолын жазып, сілкіп тастап, сыртқа шықты. Үй іргесіне, көлеңкеге кеп
біраз отырды. Дəл қасында жатқан, тілі салақтаған ала төбетке де
қараған жоқ. Содан соң төбе басына шықты. Көк ала таудан бері,
бөктерде бытырап мал жайылып жүр. Көп емес. Тегіс ірі қара. Бірақ
көзге əрең ілінеді. Алыстан қарағанда бəрі солай. Үлкен нəрсе
кішірейіп көрінеді. Ал кішкентай нəрсе мүлде көрінбейді. Сол арада
тұрса Ертай да көрінбес еді. Бəрібір тауып алады. Көрінбесе де. Тек
қайда кеткенін білу керек. Жаңағы көп ауылда болса табу оңай. Рас,
ауыл да көрінбейді. Өйткені қырқаның астында. Ана көлденең қоңыр
белден ары. Жап-жақын. Көкке ширатылған түтіндерін қарашы. Сол
ауылда жүрсе табу оңай. Ертай барған үйдің апасы қандай екен. Біздің
апамыз сол жақтан табылмас па екен. Жоқ. Табылмайды. Біздің апамыз
өлген. Өлген адамды тұра алмайтындай етіп жер астына көмеді. Үстіне
көп топырақ үйеді. Қайтіп шықпайды өлген адам. Шығуға болмайды.
Ертай əлі жылап отыр. Жылап отыр. Барған үйінде қозы-лақ болса ғой.
Ойнар еді. Жыламас еді. Қайтадан етекке түсті. Есік алдында жайылып
жүрген бұзауға мінді. Мөңкіп-мөңкіп жығып кетті. Əжесі қорқып
қалды. Бірақ еш жері ауырған жоқ-ты. Ұстап ап қайта мінді. Тағы
жығылды. Шынтағы сыдырылып, қызылшақаланып қалды. Сонда да
жылаған жоқ. Күлді. Өтірік күлді. Қозыға мінді. Көтере алмайды екен.
Лаққа мінді. Ол да. Құлынға мінуге бойы жетпеді. Əрі батылы
бармады. Əжесі айран əкеп берді. Ағаш тостағанмен. Ағаштан
ойылған сырлы қызыл тостаған. Ішті. Тостағанның айраны тəтті екен.
Əжесімен бірге үйге кірді. Жан-жағына бажайлап қарады. Отты
ортаға жағады. Жаңа көрген. Төбедегі түтін шығатын дөңгелек
ағаштың аты шаңырақ екен. Уық. Кереге. Ши. Алматыда мұның
ешқайсысы да жоқ болатын. Киіз үй де жоқ-тұғын. Жүкаяқ. Беті
қаңылтыр өрнекті үлкен сандық. Қайқыбас сүйек төсек. Ағашы
оюланған қара кебеже. Бəрі басқаша. Ал кітаптың ізі де, исі де жоқ. Бір
де бір кітап жоқ. Сандық түбінде бір кітап жатыр деді əжесі. Құран.
Көргісі келмеді. Екі кітап емес. Үш кітап емес. Жүз, жүз, жүз, тағы
неше жүз кітап емес. Бір кітап. Оның өзі ескі кітап. Жоқ! Бұл – басқа
үй. Басқа кісі. Басқа кісілер. Басқа көке.
Мен сенің көкеңмін деп өтірік айтқан сақалды ата кешке жұмыстан
шаршап келді. Не қағазы, не қаламы жоқ. Жалғыз кітаптың өзін
қолына алмады. Келесі күні де. Арғы күндерде де. Таң бозынан кетеді.
Қас қарая шалдығып əрең оралады. Нартайды баурына басып, бет-
аузынан, мойнынан сүйе береді. Қуырылмаған бидай сасиды. Ата.
Жақсы ата.
Өзімен бірге қырманға, тағы бір үйлерге ерте бармақ еді, əжесі
жібермеді. Шөлдейді деді. Ұйықтап қалады деді. Үйге үйренсін деді.
Нартайдың өзінің де шыққысы келмеді. Ойлануы керек еді.
Неше бөлме екені есінде жоқ. Үй кең еді. Барлық бөлмелердің
еденіне кілем төселген. Сəнді. Отыратын, жататын – сəкі ме, төсек пе,
атын білмейді, – толып жатқан жұмсақ нəрселер. Əлденеше құлақты
шам жарығына шағылыса жарқыраған неше түрлі ағаш – шкафтар,
кебежелер. Шамға ілінген шыны қаншама; кебеже, шкафтардың үстіне
қойылған құман ба, не ме... əлекей-шəлекей дүние қандай көп. Бірақ
бəрінен көбі кітап еді. Бір үй толы кітап. Бұл – көкесінің кабинеті.
Кіруге рұқсат жоқ. Үнемі берік. Көке жұмыста жүргенде кейде апа
ашады. Қағаз, не кітап алады. Қолма-қол қайта жабады. Көке үйде
барда да бұл бөлме ашық тұрмайды. Көке іштен бекітіп алып отырады.
Кіру қайда. Маңынан жүруге болмайды. Тіпті, алыстан шулауға да.
Бірақ Ертай ештеңені тыңдамайтын. Ақымақ. Өзі құралпас балалардан
есті дейтін апасы. Тек əлі кішкентай. Айтқанды ұқпайды. Сондықтан
да ақылы аз. Қалтақтап кабинеттің алдыңа жетіп келеді. Тұра қап
сығалай бастайды. Не көрсін. Ештеңе көрмейді. Ол түгілі Нартай да
ештеңе көріп тұрған жоқ. Есіктің шынылы көзіне көкшіл перде
тартылған. Бір жақ бұрышындағы саңылаудан жазу столының бір
сирағы, көкесінің кебіс киген екі аяғы көрінеді. Столдың сирағы
қозғалмай бір орында тұрады. Ал көкесінің аяғы кейде қимылсыз
қалады, кейде өзара айқасып, тербеле бастайды, ал кейде мүлде
жоғалып кетеді. Яғни көке орнынан тұрды. Бірақ сыртқа шықпайды.
Кабинет ішінде ерсілі-қарсылы жүрген дыбысы естіледі. Осы кезде
ақымақ Ертай аңырап қоя береді. Көке өзі қояр деп бір сəт үнсіз
қалады. Ертай қоймайды. Жылауын үдете түседі. Көке сонда ғана
дауыстайды. "Апасы-ай, əкет мына бандиттеріңді". Апа естімейді. Ас
үйде. Шыж-ж... Быж-ж... Тамақ пісіріп жатыр. Көке амалсыз есік
ашады. Бұларды бəрібір ішке кіргізбейді. Есік саңылауын аяғымен
көлегейлеп
тұрып,
қаттырақ
дауыстап
апаны
шақырады.
Алжапқышына қолын жүре сүртіп, асығыс басып апасы келеді.
Жылап, көкесінің жұмысына бөгет жасаған Ертайды да, ешқандай
жазығы жоқ Нартайды да жетектеп басқа бөлмеге апарады. Алдарына
көп етіп ойыншық үйіп береді. Өзі тағы да кухняға кетеді. Апасының
көзі тайса болды Нартай аяғының ұшымен басып, кабинеттің есігіне
келеді. Ұзамай қалтақтап, аюын құшақтаған, не машинасын сүйреткен
Ертай да жетеді. Тағы да сығаласып жатқаны.
Көкесінің жеке бөлмеде іші пыспай ұзақты күн өз еркімен қамалып
отырғанда не шаруамен айналысатынын ұқпаған. Сол ұқпаған күйі
қалды. Кабинеттің ішінде нақты не барын да білген емес-ті. Ақыры
білді. Көкесі жоғалып кеткен соң. Ашық қалған сəтін аңдып жүріп,
жалғыз өзі армансыз көрді. Төрт қабырға толы кітап екен. Еденнен
төбеге дейін. Тегіс шыны астында. Неше түрлі əдемі кітаптар. Алып
қарауға батпады. Тіпті, жерде, қызыл ала кілем үстінде шашылып
жатқандарын да сыртынан ғана сипады. Стол үстінде, еденде қобырап
жатқан қағаздарға да тимеді. Кейбіреулерін ғана ұстап көрді. Суреті
жоқ. Ылғи жазу. Шимай-шимай.
Көп ұзамай бұлар басқа үйге көшті. Ертай да үлкейіп қалды. Тілі
шықты. Мұнымен күресіп ойнауға жарады. Өзі мықты. Тек ақылы аз.
Нартайдан аз. Басқа балалардан ақылды. Түрі көкесіне тартқан дейді
апасы. Нартайдың ақылы тартқан. Көкесіне. Апасы да жақсы. Ол да
көкеге тартқан. Бірақ өліп қалғаны жаман болды. Машина баспаса
өлмейтін еді. Ақылсыз машина. Жауыз машина. Ақылсыз машина түзу
көшеде де тура жүре алмайды. Жауыз машина қашанда жақсы адамды
басады. Бір тəуірі бұл ауылда машина жоқ екен. Машина жоқ. Ат бар.
Арба бар. Соқа, тырма бар дейді. Олар да кісіні баса алады. Бір
жерден, тіпті, тоғайдың арасынан машинаның да шыға келуі мүмкін.
Ертайды басып кетсе қайтеді. Ертайды... Жалғыз баурын...
Үш-төрт күн өткен соң əже кешке той жасаймыз деді. Той деген
қызық болмайды екен. Он-он бес адам жиналды. Ылғи кемпір-шал,
қатын-қалаш. Ойнамайды, күлмейді. Ет жеп алып өлең айтады. Шай
ішіп алып өлең айтады. Бұл – əйелдер жағы. Ал еркектер ара-арасында
күрсініп қойып, қырман дей ме, қызыл керуен дей ме, күбір-күбір
əңгімеден аспайды. Сондай көңілсіз. Бірінің əнін тыңдасаң жылағың
келеді, екіншісінің сөзін тыңдасаң ішің пысады. Той деген – түкке
керегі жоқ, мазаны алатын артық жұмыс екен.
Бір жақсысы, Нартай еттен соң қонақ балалармен бірге сыртқа
шығып, үй артында ақсүйек ойнады. Түгел ауыл балалары. Нартайдың
танитыны – Рəшит қана. Оның көкесі колхоздың бастығы көрінеді. Өзі
мақтанған жоқ. Басқа балалар айтты. Зигфрид те, Яков та келмеген.
Ертай да... Оның есесіне тақырбас дүңген қызы Оля келіпті.
Шешесімен бірге. Сақылдап күліп, ұшып-қонып отыр. Шешесі емес, –
шешесі – беті үлкен, өзі де үлкен, орта жастағы дəу қара əйел екен,
мойнын қисайтып, мықынын таянып, тапжылмай отырған қалпы
аңыратып өлең айта береді, – сықылықтаған Оля. Ұлдармен ере
шығып еді, Нартай желкесінен алды да, қыздар ақсүйек ойнамайды
деп итеріп үйге кіргізіп жіберді. Бірақ бұлар бəрібір жөндеп ойнай
алған жоқ. Кішкентайлары ойынға жарамады, ересектерінің саны аз
болды. Бірін-бірі қуып, бос шулап, үйді айнала жүгіре берді. Тіпті,
тобымен оты сөнбеген жерошаққа түсіп кете жаздады. Ақыры атасы
мен əжесіне бауы берік болсын айтып, Нартайдың бетінен сүйіп,
үлкендер үйді-үйіне тарай бастады да, ойын мүлде тыйылды.
Түні бойы қайта-қайта шошып оянып, жөнді ұйықтай алмай
шыққан Нартай таңертеңгі тамағын апыл-құпыл ішті де, əжесіне
анықтап жөн де айтпастан көпауылға тартты. Рəшит сілтеген жобамен
Ертай тұратын үйді оңай тапты. Ертай да мұны сағынып қалған екен,
анадайдан көріп, алдынан жүгіріп шықты. Келе мойнына асылды.
Үстіне тегіс жаңа киім киіпті. Екі иығына қызыл қадаған ақ көйлек,
балағын көкпен əдіптеген қызыл шалбар. Тек аяғындағы ескі сандалы
ғана бұрынғы. Екі қолымен бірдей Нартайдың ышқырынан ұстап ап,
үйге қарай сүйреді. Есік алдында жатқан қара төбетті: "Кет, былай,
атанның аузы..." деп тезекпен ұрып, қуып жіберді. Нартайды артынан
итеріп ішке кіргізді.
– Мынау менің апам, – деді төсек алдында, тулақ үстінде ұршық
иіріп отырған, басына сары екені, қызыл екені белгісіз, түсі оңған
көнетоз шəлі тартқан жасамыс əйелді көрсетіп. – Апа, мынау менің
ағам. Налтай. – Апасы Нартайға салқын жүзбен, қабағының астынан
қарады да, ұршығын иіріп отыра берді.
– Көкем жұмыста, – деді Ертай. – Менің көкем білгəді. Мықты
менің көкем.
Екі қамшысы бар екен. Бірін өзі алып кетіпті. Екіншісі – төрде ілулі
тұрған. Тобылғы сап, сары ала шырмауықты үш айыр қамшы. Ертай өз
бетімен ала алмады. Апасы əпермеді. Енді Ертай басқа қазына-
мүліктерін көрсетуге кірісті. Он бес-жиырма асық. Солақай сампай. Ит
екені, мысық екені белгісіз, сыры көшкен шиқылдақ рəзеңке қуыршақ.
Күнге қарайтын жасыл шынының сынығы. Ағаштың қу бұтағынан
жасаған екі айыр аша мен төрт тісті тырмауыш.
– Апа, бауылсақ бел бізге, – деді Ертай бар байлығын көрсетіп
болған соң.
Апасы ұршығын жерге қоя сап, орнынан қозғалмаған күйі төсек
астына үңілді де, бірдеңе алып шықты. Үн қатпастан алға қарай
емініп, Ертайдың қолына ұстатты. Жалғыз бауырсақ екен. Ертай
жалғыз бауырсақты ары-бері айналдырып, не істерін білмей аз бөгелді.
Содан соң Нартайға ұсынды.
– Мə. Же. Біздің үйде бауылсақ көп.
Нартай алмады, өзің же деді. Ертай ойланып тағы біраз отырды,
əйткенмен жемеді.
– Апа, тағы біл бауылсақ.
Апасы сонда ғана тіл қатты.
– Алдымен анауыңды жеп алсаңшы. Кешегідей ит алып кетеді. –
Үні ызбарлы екен.
Ертай бауырсақты аузына сала салды. Апыл-құпыл шайнап, асығыс
жұтты. Тамағына тұрып, қақалып қала жаздады. Көзінен бір тамшы
жас шықты.
– Апа, тағы біл бауылсақ.
Апасы естіген жоқ. Сұп-сұр қалпы қырын қарап, ұршығын соза
тартып отыра берді.
– Апа...
– Ақымақ! – деді Нартай. – Сенің апаң өліп қалған. Мынау – бөтен
кісі.
– Əй, не дейсің? – Бөтен кісі ұршығын бұрқ еткізіп ортадағы күлге
лақтырып, қолына темір көсеу алды. – Не дейсің ей, жетімек!
Нартай орнынан тұрып, есікке қарай беттеді. Қашқан жоқ. Дəл
босағаға барып, кері бұрылды да, жаңағы сөзін толықтырып айтты.
– Екеуміздің шешеміз бірақ адам. Өлген. Алматыда, таудың
басында жатыр.
Ашулы апа көсеуін көтеріп қоқақтағанымен, жіберіп ұрмады.
– Жоғал! Батыр қараңды! Енді қайтіп бұл үйдің маңынан жүрсең
оңдырмаймын, – деді барылдай айғайлап.
Нартай көзінің алдыңдағы бір тамшы жас əлі құрғамаған, айран-
асыр боп отырып қалған Ертайға тағы бір рет қарады да, бұрылып
жүре берді. Көсеулі ападан қорыққан жоқ. Тіпті, іргеде жатқан итті,
оның тісін ақсита ырылдап, өзіне ұмтыла жаздап барып тоқтағанын да
аңдамады. Жайлап басып, белге шықты. Содан соң ғана артына
қарады. Бауыры қалтиып есік алдыңда тұр екен. Нартай бұдан ары
шыдай алмады. Бұрыла сап, ылдиға қарай жүгіре жөнелді. Үйге
жеткенше жүгірді. Үйге жеткенше жылады.
* * *
Көп ұзамай оқу уағы болды. Ересек, үшінші, төртінші кластың
балалары бұрынғыша қырман басында жұмыста қалды да, бірінші,
екінші класта оқитын ұсақ балалар тегіс колхоз орталығына кетті.
Тілеубай да Нартайды мектепке берді. Өзімізге бауыр басып əбден
үйренсін, биылша қоя тур деген кемпірінің ырқына көнбеді. Жасы
сегізде, онсыз да оқудан қалған бала, тағы бір жыл бөгеу – обал
болады деді. Аталас ағайындарының бірінің үйіне тұрғызды.
Баламның азығы деп жарты қарын май, жарты қап құрт пен ірімшік
апарып берді. Қысқа қарай бір қой, бір пұт талқан əкелем, тағысы тағы
бола жатар деп, үй иелерін риза етіп қайтты.
Колхоз орталығы қырман басына жақын, он шақты шақырымдай
ғана жер еді. Тілеубай кейде құлынды биеге мініп, түнделетіп, колға
түскен бір қадақ, жарым қадақ бидайын жеткізіп тастайтын,
баласының бетінен сүйіп қайтатын. Ал демалыс күндерін Нартай
үнемі үйде өткізеді. Тілеубай сенбі күні жұмыстан соң, түнде барып,
алдына мінгізіп əкеледі де, дүйсенбіде таң қараңғысымен қайта
апарып тастайды. Бала аунап-қунап, көтеріліп қалатын. Қырман
жиылып біткен соң ауыл арасы ұзады. Тілеубай бір қора қой алып, тау
ішіндегі шалғай қыстауға көшті. Бұрынғы күнара қатынас тоқтады.
Тіпті, ай бойы ат ізін салмады. Қысқы он күндік демалыста ғана түн
қатып, борандатып жүріп, баласын əрең жеткізіп алды. Ал қар
қопсыған, мал төлдей бастаған аласапыран марттағы алты күндікте
хабарласуға мұршасы келмеді. Нартай өзінің жаңа ата-анасын оқу
жылы бітіп, жер аяғы кеңіп, ел ойға, өзен бойына түскен соң ғана
көрді.
Ертаймен де осы кезде əрең табысты.
Қыс бойы сағынып жүрген, қыс бойы көре алмаған. Тіпті, онкүндік
кезінде де. Алыста, басқа бір қыстауда болды. Сондықтан бара алмады.
Басқа бір бала барды. Үшінші класта оқитын ересек бала. Үйлері
Ертайлармен бірге екен. Онкүндікте де, алтыкүндікте де барды.
Онкүндікте де, алтыкүндікте де Ертайды көріпті. Кішкене ақ тон киіп
алған дейді. Басында қаракөл малақай, аяғында сырма пимасы бар.
Тентек дейді. Боқтампаз дейді. Бірақ Нартай қайшымен жапырақтап
қиылған газеттің бетіне салып беріп жіберген аттың, қошқардың,
текенің суреттерін алыпты. Қатты қуанған көрінеді. Ағама апарып бер
деп екі бауырсақ жіберіпті. Алтыкүндік демалыс кезінде Нартай
сəлемдемеге ат үстіне мінген батырдың суретін жіберді. Бір бет ақ
қағаз тауып алып, көк қарындаштың тұқылымен əдемілеп салған.
Ертай бір бауырсақ беріпті. Шеті кішкене тістелген. Нартай үш
бауырсақты көпке дейін жеген жоқ. Тіпті, қарны ашқанда да. Жаңа ақ
киізден тігіп жасалған портфелінің түбіне сап қойды. Ертайды қатты
сағынған кезде алып көретін. Ақыры жазғасалым, өзегі талып, көзі
қарауытқан ұзақ күндердің бірінде сабақ соңынан жеді. Тас боп қалған
екен, тісі өтпей, көп кемірді.
Інісі суреттерді жоғалтпапты. Қырық бүктеліп, қалтасында жүр
екен. Жазып көрсетіп еді, ештеңе табылмады. Бүктесіндері қырқылдап
əбден тозған, жем-жем боп іріп кетіпті.
Ертайдың бойы өсе қоймапты. Бірақ денесі іріленгені байқалады.
Басы үлкен, мойны қысқа, кеудесі зор. Ұрты салбыраған жалпақбет,
төртбақ. Тіпті, танауы да тəмпіш. Нартайдай сұңғақ, əрі сұлу емес.
Елден асқан сотқар боп шықты. Үйінің маңынан бала жүргізбейді.
Ит қосады. Тас лақтырады. Тек Нартайға ғана оғаш мінез көрсетпейді.
Нартайдың өзі де бригадирдің үйі жаққа бармайтын. Ертаймен далада,
ойын басында ғана кездеседі. Оны өші кеткен, қарымта қайырғысы
келген балалардан қорғаштап жүреді. Бірақ кіп-кішкентай Ертайдың
өзі ешкімге есесін жібермейтін. Ештеңеден қорықпайтын. Өзінен
əлдеқайда үлкен балалармен де төбелесе кетуге əзір тұрады. Таяқта
жейді. Кейде Нартайға да өзімен бірге таяқ жегізеді. Бірақ қайтпайды.
Жəне бас, көзге қарамайды. Аяушылық дегенді білмейді. Қолына тас
түссе де, таяқ түссе де іркілмей жұмсайды. Бүгін жеңілсе, ертең қайта
бастайды. Сөйтіп, тентектерді тегіс ықтырып алды. Əлі келетін
балалардың өзі онымен байланысудан қашатын.
Күзде оқуға алынды. Берденнің баласы да Тілеубайдың баласындай
зирек деп жүрді мұғалім. Ал Нартай баяғыда-ақ білген, Ертайдың үздік
оқитынын. "Тілі шықпай тұрғанда қолына қағаз ұстап отырғанды
жақсы көретін. Көкесінің кабинетінің есігінен сығалап жүретін, не
істеп жатыр екен деп. Солай. Ертай ақылды. Ертай бірінші кластың
барлық баласынан артық оқиды. Екінші класта да, үшінші класта да,
бесінші класта да... сөйтеді. Ертай көкесіне тартқан. Көкесі сияқты көп
оқиды. Нартайдың өзі де. Ертай да. Нартай да. Əсіресе Ертай.
Ешкімнің мұндай інісі жоқ. Рас.
* * *
Көктемде соғыс бітті.
Жұрт қуанған. Мəре-сəре болған. Көпшіліктің қабағы ашылды.
Кейбіреулер, тіпті, той жасады. Бірақ бəрі бұрынғыша қала берді.
Мұғалім төрт класты қосып оқытатын сабағын тəмамдап, жылдағы
уақытында балаларды таратты. Тілеубай қыс бойы баққан қойын
колхозға қайырып беріп, соқаға шықты. Бригадир Берден дырау
қамшысын алып, тағы да ақтабан атқа мінді. Қырманға тақау жерге,
өзен жағасындағы үйреншікті орнына бастықтың боз үйі бастаған,
қоңыры, қарасы аралас он шақты шаңырақ орнады. Жұрт қатарлы егіс
жұмысына жегілгенмен, жеке отырғысы келген төрт-бес үй қозы-лақ,
бұзау-торпағымен аяқ жетер таяу маңға көшіп қонды. Ересек балалар
соқаның басын жетектеп, тоған байласып, үлкендермен бірге жұмысқа
кірісті. Ұсақ балалар сирақтары жарылып, табандары дүңкіп, күнұзақ
жар жағалап жүгіруге, ертеден қара кешке дейін шалпылдатып суға
түсуге, малта тас жинауға, көйлектерінің жаға, жеңін, дамбалдарының
балағын буып, шабақ балық сүзуге кірісті.
Бəрі де бұрынғыша. Тек бəрі де өзгеше сияқты.
Неге бұлай екенін Нартай көп ұзамай білді. Ауылға бірлеп,
жарымдап бейтаныс кісілер келе бастады. Үстері жыртық, жамау емес.
Алба-жұлба, алқам-салқам емес. Тегіс жана киінген. Тегіс жинақы,
əдемі киінген. Суреттегідей. Басқа бір жақтың, ырысты, берекелі
ауылдың адамдары сияқты. Алыста тұратын бөтен біреулер сияқты.
Бірақ бөтен емес. Осы ауылдың кісілері. Біреудің ағасы. Біреудің
көкесі. Осындай ағасы бар балалар қандай бақытты. Осындай көкесі
бар балаларда не тілек, не арман қалды екен.
Ағалар үздік-создық келіп жатты. Біреу. Екеу. Үшеу. Содан соң
төртінші аға. Бесінші боп Рəшиттің ағасы келді. Рəшиттің ағасы.
Басқарманың баласы. Алдыңғы жылы өлген еді. Өлді деген хабар
келген еді. Рəшит, Рəшиттің басқарма көкесі, бүкіл ауыл өлді деп
отырған. Өлмепті. Келді. Бір аяғы жоқ. Бір қолы жоқ. Бір қолының бес
саусағы мен алақаны жоқ. Басы бар. Бір аяғы, жарты қолы бар. Аузы,
мұрны, көзі тегіс орнында. Тірі. Бір орыс тəте ертіп келді. Аты Сестра.
Шашы сары. Көзі көк. Жүзі жылы. Рəшиттің ағасын ертіп келді де,
бөгелмей қайтып кетті.
Басқарма той жасады. Өзінің баласының, яғни Рəшиттің ағасының
бір бас, бір кеуде, бір аяқ, жарты қолымен аман-есен келгеніне. Бүкіл
ауыл жиналды. Колхоздың орталығынан да, фермадан да кісілер келді.
Нартай да барды. Ертай да болды.
Рəшиттің ағасы көп əңгіме айтты. Тілі кəдімгі тіл. Снаряд
жарылғанда аузына оқ тимепті. Оқ тимеген соң дəрігерлер тілін де,
басын да кеспепті. Айтпақшы, басына да оқ тиіпті. Миына жетпей
тоқтаса керек. Кішкентай ғана жарықшақ дейді. Дəрігерлер құйқасын
сыпырып қаншама іздеп, əрең тауып алыпты. Құйқаны ғана тілгілеп,
бастың өзін орнында қалдырған. Əйтпесе шын өледі екен. Басына
тиіспей, аяқ-қолын ғана кескен соң қайта тіріліп кетіпті. Көп жұрт
жылады, көп жұрт қуанды. Жаны ашығандар жылады. Мүмкін, біздің
де баламыз тіріліп кетер деп үміттенгендер қуанды. Қаралы қағаз
алғандардың бəрі жапырлап Рəшиттің ағасының қасынан шықпады.
Пəленді көрдің бе дейді. Түген қайда дейді. Көрмеген. Білмейді. Тек
Орақтың көкесімен ғана бірге соғысыпты. Қара қағаздың айтқаны рас
деді. Менен жарты сағат бұрын өлді. Тура осылай, көз алдымда жатып
жан тапсырды деді. Орақтың апасы бетін жыртып, дауыс салып қоя
берді. Нартайдың төбе құйқасы шымырлап, зəресі ұшып кетті.
Рəшиттің ағасы да сөйте керек. Маңдайынан бұршақтап тер шығып,
өңі көгере бозарып, сіресіп қалды. Жаман болды.
Көп ұзамай қайтадан күліп, əңгіме айта бастады. Туған жердің
топырағын басып, суын іштім, тағдырға ризамын дейді. Манағыдай
дабырламағанмен, əркім өзіне керегін сұрап жатыр. Бірақ Рəшиттің
ағасы Орақтың көкесінен басқа жұрттан бейхабар боп шықты.
Бригадир Берденнің балаларының, яғни, Ертайдың екі ағасының да
хабарын білмеді. Нартай білетін. Ертайдың ағасы өзіне аға
болмайтынын. Өзінін ағасынын Ертайға аға болмайтынын да. Өйткені
Тілеубай мен Берден бұлардың əкелері емес. Аталары да емес. Жай
туысқан. Ол екеуі, яғни, Тілеубай мен Берден өзара араз, бөтен
адамдар, ал бұл екеуі, яғни, Нартай мен Ертай бірге туған. Ағайынды.
Апалары өлген. Көкелері жоқ. Көкелері... Мүмкін...
Нартай денесі бір қызып, бір суып, бата алмай көп отырды. Сосын
сұрады.
– Менің көкемді көрдіңіз бе? – деді
– Кім? – деді Рəшиттің ағасы. – Кім ол?
– Ертай екеуміздің көкеміз.
– Кім? – деді Рəшиттің ағасы жан-жағына мойнын бұрып.
Ешкім жауап бермеді. Бəрі көзімен жер сүзіп қалған.
– Кімнің баласы?
– Тілеубайдың баласы, – деді əлдекім. – Детдомнан
3
асырап алған.
– Тəйт! – деді біреу зекіп. – Бұл – Тілеубай ағаңның шаңырақ иесі –
азаматы. Аты Нартай. Тілекең көкпарда аттан жығылып, аяғы сынып
жатыр, өзі келе алмаған соң баласын жіберген ғой, сізге сəлем берсін
деп.
– Е–е... – деді Рəшиттің ағасы. – Е, пəлі, – деді демігіп. – Тілекеңнің
кенжесі екен ғой. Менің Рəшитімнің жолдасы екен ғой. Кел,
айналайын, бетіңнен сүйейін.
Нартай бармай қойды. Омырайған иықтан, шолтиған жарты қолдан
қорықты. Əйтсе де біреулер қолтығынан көтеріп, Рəшиттің ағасынын
алдыңа отырғызды. Рəшиттің ағасы бетінен сүйді. Ерні мұздай.
Білегімен, яғни, жарты қолының ұшымен басынан сипады. Жұп-
жұмсақ.
– Жігіт-ақ еді шіркін, – деді күрсініп. – Əй, тамаша жігіт еді...
Əуелде бірге ойнадық. Сосын бөліп жіберді. Мен атты əскерге кеттім.
Оны снайпірге
4
шығарды. Біздің балалардың көбі не атты əскерге, не
снайпірге тіленді. Жаяулағаннан гөрі ат үстінде жүрген тəуір ғой дедік.
Көз ашқалы көргеніміз ат. Жаяу соғысады деп кім естіген...
Снайпірлер атты əскерлердей қырылған жоқ. Олар да өлді, бірақ біздей
тобымен кеткен жоқ. Мерген-ақ еді ғой шіркін... Мақтағанын майдан
газетінен де оқыдым... Содан соң... Жылама, айналайын... Тірі... тірі
шығар. Мен қайдан білейін. Мың мілион əскер... Өлгенін өз көзіммен
көргем жоқ. Бір жерде жүр ме, кім білсін... Мына мен де кескен
ағаштай кеудемді сүйретіп... Не өмір... Не тірлік... Өлгендерде арман
бар ма... – Рəшиттің ағасы қыстығып сөйлей алмай қалды. Жұрт
қауқылдасып, жамырап жатты. Нартай көзінен жасы сорғалаған күйі
алды-артына қарамай сыртқа бір-ақ атқып шықты. Осы ауылға
келгеннен бері екінші рет жылағаны. Бірақ бұл жолғысы – қуаныш
жасы еді.
Бірге ойнадық, көрдім дейді. Тірі болуы да мүмкін дейді. Тірі. Бір
жерде жүр. Қолы тимей. Əскерден босатпай. Келеді. Ертең-ақ келеді.
Нартай көкесінің келуін күтті. Таң атқаннан кеш батқанға дейін
қарауылдап төбе басында жүреді. Ауданға баратын үлкен жолды
күзетеді.
Кейде жалғыз салт атты көрінеді. Кейде екі-үш атты көрінеді.
Кейде бірінің артынан бірі шұбатылған өгіз арбалар, не қайтқан қаздай
тізілген түйелер келе жатады. Нартай жүрегі лүпілдеп, көзі жасаурап
төбе басында ұзақ отырады. Сосын жолаушыларды ауылға тақағанда
ғана көрген басқа балалармен қоса жүгіреді. Балалардың көбі арбаға
міну, атқа мінгесу үшін. Ал бұл көкесі үшін. Бірақ көкесі жоқ боп
шығады. Аяңдай басқан жалғыз атты – орталықтан келе жатқан
басқарма; жүгіріп шыққан балалардың ең бұрын жеткенін алдына,
одан кейінгісін артына мінгізеді, сəлден соң бұларды басқа балалар
алмастырады; Рəшитке кезек ең соңынан, əкесі ауылға жетіп, аттан
түскен соң ғана тиеді, бірақ ол ешкімге мінгеспей, ешкімді
мінгестірмей, атты жалғыз өзі иеленеді. Желе жортқан екеу – ауданнан
шыққан уəкіл мен əктеп
5
Дəуренбек; олар ешкімді де алдына
мінгізбейді, жамырап жеткен балаларға оқшырая қарап, қара жолдың
шаңын бұрқыратып өте шығады. Нағыз қызық – арбалылар мен
түйелілер келгенде болады. Бұл – қоймаға астық өткізіп қайтқан
керуен. Кейде арбаға ілесіп, ие түйеге мініп əскерден оралғандардың
бірі келеді. Ондайда керуен көрінісі əдеттегіден өзгешерек болады.
Қанша мимырт келе жатқанымен, дəл ауылға тақағанда суыт жүреді.
Өгіздерін үсті-үстіне қамшылап, арбаларын салдыратып, бірер
шақырымнан айғайлай бастайды. Немесе біреу жүрдек түйеге міне
сала ауылға қарай шабады. Тымағын бұлғап айдаладан сүйіншілейді.
Мұндайда балалар тұрғай үлкендердің өзі орымдарында отыра
алмайды. Тайлы-таяғы қалмай бүкіл ауыл боп қарсы жүгіреді.
Үлкендерден шырқап ұзаған балалардың ішінде Нартай да кетіп бара
жатады. Ақыры балалар керуенге тақайды. Бұлар жете бергенде
арбадан əскери киінген біреу қарғып түседі. Балалар оның кім екенін
анық білмейді. Білмесе де қойып кетеді. Шулай жапырлап бірі
мойнына асылады, бірі арқасына мінеді, бірі аяғын құшақтайды.
Үлкендер де жетеді. Құшақтасып, көрісе бастайды. Біреу жылап, біреу
күліп əжептəуір уақыт өтеді. Нартай сонда ғана біледі, келген адамның
кім екенін. Басқа бір баланың көкесі. Басқа бір баланын ағасы. Басқа
бір баланың жақыны.
Үмітпен келер күнді тосады.
Ертеңіне де, бүрсігүні де, арғы күні де көкесі келмеді. Апта өтті, ай
өтті – келмеді. Тіпті ешқандай хабары естілмеді. Күз болды, оқу
басталды – жоқ. Күн суытты, қара жаңбыр жауды – жоқ. Қыс түсті –
əлі жоқ. Нартай сонда ғана түсінді. Күтуі бекер. Келмейді. Мұнда
келмейді. Қайдан келсін, балаларының осында екенін білмейді.
Ертайға айтты. Ол қазір кішкентай кезіндегідей ақымақ емес. Жасы
сегізден асты. Екінші кластың озат оқушысы. Миы көп. Бəрін түсінеді.
Біздің көкеміз келді деді Нартай. Біздің көкеміз. Алматыда. Екеуіміздің
қайда жүргенімізді білмейді. Алматыдағы кең, жарық үйімізде
кабинетінің есігін бекітіп алып, көп кітаптың ортасында отыр. Бізді
таба алмай отыр. Өзіміз баруымыз керек. Үйді табам деді Нартай. Биік
үй, үш қабат. Қасында фонтан бар. Фонтан деген – суы көкке шапшып
жататын бұлақ. Иə, көгалы да бар. Сол арада сен де ойнағансың.
Алматыға жетсек болды, табам. Ал Алматыға жету үшін поезға отыру
керек. Барлық поезд Алматыға барады. Нарыннан мінеміз. Нарын бұл
арадан жүз тоқсан шақырым. Есеп кітабында айтылған, жаяу адам
сағатына бес километр жер жүреді. Отыз сегіз сағаттық қана жол.
Шаршаса дем алады. Түнде қар астына кіріп ұйықтайды. Ана тілі
кітабында солай жазылған.
Ертай бəрін де құптады. Тек онкүндікке қашан келеді деп күтіп
отырған көкесін қимайды екен. Мен де осындағы атамды сағындым
деді Нартай. Бірақ бізді өз көкеміз іздеп жатыр. Осында жүре берсек
бізді жоғалып кеткен екен дейді де, өліп қалған апамыздың орнына
бөтен апа кіргізіп алады, басқа бала тауып алады. Содан соң мүлде
көкесіз қаламыз. Бұл соңғы сөз Ертайға əсер етті. Онда кеттік деді.
Бірақ дайындықсыз кете салуға болмайды. Алматыға барғанша
жетерлік азық əзірлеп алу керек. Екеуі бірнеше күн тамақтарынан
жырып, құрт, ірімшік, бауырсақ жинады. Енді қарайлайтын ештеңе
қалған жоқ.
Келісім бойынша жұрт көзіне түспей, таң қараңғысынан тұрып,
суат басында кездесті. Ертай уақытында келгенімен, əлі қобалжып тұр
екен. Осындағы апасын қимайды. Осындағы көкесін қимайды. Нартай
ұрса алмады. Өзі де атасы мен əжесін қимай тұрған. Бірақ сыр бермеді.
Барған соң хат жазамыз деді. Жазда демалысқа келеміз. Тез Алматыға
жету керек. Əйтпесе өз көкелерінен айрылады.
Екеуі бұдан ары бөгелмеді. Шана салған жол ирелеңдей созылып,
көзкөрім жерге дейін сайрап жатыр. Жүре бересің, жүре бересің, жүре
бересің. "Қызыл ту" колхозына жетесің. Аялдамайсың, əрмен асасың.
"Азат" колхозына барасың. Одан да өтесің. Жүре бересің, жүре
бересің... Нарын... Алматы... Алатау...
Балалар ауылдан қозыкөш жер ұзағанда оқыс күн суытып,
жапалақтап қар түсе бастады. Алда келе жатқан Нартай екі ойлы боп,
бөгеліп қалды. Артынан жеткен Ертайға қарады. Танауынан бу
бұрқырайды, екі беті қып-қызыл.
Аспан тұтасып, қар қаба жаууға айналды. Нартайдың көңіліне
қорқыныш енді.
– Қайтайық, – деді. – Адасып кетеміз.
– Адаспаймыз, – деді Ертай. – Міне, алдымызда жол жатыр.
– Қайтайық, – деді Нартай.
– Оқудан қалып қойдық, мұғалімге не айтамыз?
– Қайтайық, – деді Нартай жалынышты үнмен. – Үсіп өлеміз.
– Үсімейміз, – деді Ертай. – Енді бір сағат жүрсек сиыр фермаға
жетеміз.
– Жете алмаймыз.
– Тұмсық астында тұрған фермаға жетпегенде, алыс қалған ауылға
қалан барамыз?
– Жел арттан. Қуалап отырады. Қайтайық.
– Өзің қайта бер, – деді Ертай. – Мен кеттім. Тура Алматыға. Сен
бəрін білесің. Апаны да, көкені де көрдің. Мен ештеңе білмеймін.
Апаны да, көкені де көргем жоқ. Менің де көргім келеді. Сен айтқан
үйді өзім-ақ табам.
Өзін ұстамақ болған Нартайдың қолын сілкіп тастады да, шана
табанымен тығыздалған қарды сықыр-сықыр басып, алға қарай жүре
берді. Ілгерінді-кейінді жалтақ- жалтақ қарап сол тұрды да, Нартай
інісінің соңынан ерді.
Қар ұйтқи жауып, үйіріліп соға бастады. Жел күшейіп, аяз қатая
түсті.
* * *
Жоғалып кеткен балалар боран басылған соң, тоғызыншы күн
дегенде əрең табылды. Алдымен Нартай жығылыпты. Сынар пимасы
бір жақта, малақайы бір жақта. Тонының омырауы ашық. Суық əбден
жеңген кезде жанталасып, үстіндегі киімдерін шешіп, лақтыра
бергенге ұқсайды. Ақыры пималы аяғын бүге, шалқалай, ұзынынан
сұлап түсіпті. Ертай көкке қарап тізерлеп отыр екен. Ағасының
жалаңаш басын тас қып құшақтап алған. Сол құшақтап отырған күйі
қатып қапты.
Балалар бораннан құтылып, ықтасын тау ішіне ілінген кезде ғана
бағдардан айрылса керек. Сиыр фермасы үш-ақ жүз қадам жерде тұр
екен.
|