Бір атаның балалары хикаят



Pdf көрінісі
бет4/4
Дата21.05.2022
өлшемі395,61 Kb.
#144258
1   2   3   4
Байланысты:
Бір атаның балалары 5-7

ҮШІНШІ ТАРМАҚ. ЯКОВ –
ЖАҚЫП
Қай ұлт екенін өзі де білмейді.
Алғаш келгенде орыс дейтін. Ғажап емес. Тіпті, күмəнсыз нəрсе.
Бірақ қазақтар əдетте түр-тұлғасы өздерінен бөтен, көзі көкшіл, өңі
сары адамдардың бəрін орысқа балайды. Сондықтан ересек тартқан
кезінде өзінің орыс екеніне шүбалана бастаған. Бəлки, украин, иə
белорус шығар. Немесе поляк, тіпті, еврей болуы да мүмкін.
Əйткенмен өзін орыс санайтын. Орыс и все!

Ал бұл кезде
ауылдастары мұның орыс екенін де ұмытып кеткен. Жақып. Жақып
Көбегенов. Өзара "əлгі Жақып", басқа Жақыптардан айырып айту
керек болса "Көбегеннің Жақыбы деп сөйлейтін. Жақып: "Осы мен
қазақ емеспін бе" деп ойлай бастаған. Шет жақта жүрген қазақтардың
бірі орысқа немесе полякқа, немесе еврейге үйленуі мүмкін ғой. Бірақ
қанша ойланғанымен əкесін көзіне елестете алмайды. Сары ала
киінген əскери адам екенін біледі, жалпақ қоңыр белбеуі, былғары
қапты ауыр тапаншасы болғанын біледі. Түр-түсі, аты-жөні тегіс
ұмытылған. Бəрін ұмытқан.
Есінде қалғаны – күздің қара суығында əлдебір қалада шешесі
екеуі поезға отырды. Жұрт абыр-сабыр. Өңдері жадау, жүздері сынық.
Ал бұған бəрі қызық көрінген. ЬІсқыра пысылдаған паровоз да, бірінің
үстіне бірі шыға сығылысқан, шаң-шұң ұрысып, абұр-дұбыр
сөйлескен қатын-қалаш, кемпір-шал, бала-шаға да. Жол бойы көңілді
болды. Поезд аз жүріп, көп тоқтайды. Жүрсе жұрт тыншып, тоқтаса
берекесіздене бастайтын. Бұған бəрібір еді. Көргендерінен көз ала
алмады. Істіктері сорайған ұзын мылтық асынған, сұр шинельді жаяу
əскерлер. Артына зеңбірек тіркеп, үстіне батыр солдаттар тиелген
ашық, иə жабық машиналар. Танктер! Көп танк. Бірінің соңынан бірі
тізіліп, қоңыздай өріп барады. Бір ғажабы, əскерлер де, машиналар да,
танктер де поезбен бірге жүрген жоқ, қарама-қарсы бағытқа бет


түзеген. Бəрі де бұлар шыққан жаққа қарай бара жатыр. Қоса жүрсе
қызығырақ болатын еді. Ең жаманы, самолет көре алмады. Көрсет деп
шешесін мазалай берген. Ақыры арада екі түнеді ме, үш түнеді ме, оны
да көрді. Поезд таң атқаннан бері əлдебір кішкене станцияда бөгеліп
тұрған. Асыға күткен самолеттері түс кезінде жетті. Өздері шыққан
жақтан. Лек-легімен, қатар-қатар тізіліп. Көп. Мұның екі қолындағы
саусақтары шамалас. Жұрт қызыққа қараудың орнына бытпырақай
болды. Шешесі самолет санауға да мұршасын келтірмей, мұны
қолынан жетектеп алып, жұртпен бірге аулаққа қарай жүгірді;
топырағы алынған əлдебір шұңқырға жетер-жетпесте, қаусыра басып,
етпеттеп жата кетті. Яков осы кезде ғана қорыққан. Тұншыға жылап
қоя берді.
Бұдан ары не болғаны еміс-еміс қана есінде. Тарсыл-гүрсіл
дауыстан аспан шайқалды, беліне тиген соққыдан жер теңселді. Көк
ала түтін, қызыл ала жалын. Жер тулаған шақта жұлын тұлғасының
үзіліп кете жаздағанын біледі. Шешесінің өзін баса-жаншып, үстінен
аударылып түскенін біледі. Дүние құлаққа ұрған танадай тым-тырыс
бола қалған кезде көзін ашқанын біледі. Шешесінің оң жақ қолымен
жер тырнап, оң жақ аяғымен жанталаса тебініп, тулап жатқанын біледі.
Шынтақтан сынып салбыраған сол қолдан, қара саннан үзілген сол
аяқтан шүмектей шапшыған қызыл ала қан көз алдында. Мыж-тыж
болған, əлдебір сіңірге ілініп, аяқ-қолдың тұқылымен қоса шоршып
жүрген қып-қызыл ет, жартылай қанға бояла сорайған аппақ сүйек көз
алдында. Бұдан соң не болғанын білмейді.
Жадында сақталған келесі үзік сурет дəрі иісі шыққан таза, жылы
бөлме, ақ халатты тəтелер. Жүрген дыбыстары естілмейді.
Сөйлемейді, тек ауыздары ғана жыбырлайды. Дүние бойындағы бар
дыбысынан айрылған, сілтідей тынады да тұрады. Басында бұл ғажап
құбылысқа таң қалған. Екі-үш күннен соң бір жақ құлағы
жеңілейгенде ғана аңдады, дыбыстан айрылған өзі екен. Əр адамның
аяқ басысына, тысыр еткен дыбысқа, əрбір сөзге үрке қарады. Өзімен
бірге жатқан үлкен-кішісі аралас адамдардың, аппақ, тап-таза
тəтелердің кім екенін ұқпады. Тіпті, өзінің кім екенін, қайдан кеп,
қайдан тұрғанын да есіне түсіре алмады. Төңірегіндегінің бəріне
таңырқаумен, үнсіз таңырқаумен болды. Сол күні түс көрді.


Шешесінің қолынан ұстан алған, қашып келе жатыр. Өкпесі өшкен,
буындарынан əл кеткен. Бірақ арттан тықсыра қуған əлдебір
құбыжықтан зəресі ұша қорқып, шаршағанына қарамай жүгіре берді.
Көп жүгірді. Күні бойы, түні бойы. Құбыжық соңдарынан қалмайды.
Шешесі екеуі бірдей шаршап, бұдан ары жүгірмек түгілі аяқтарын да
басып тұра алмай, еңбектеуге көшті. Осы кезде ғана артына қарады.
Самолет екен бұларды қуған. Мотор орнында басы тұр. Тұмсығы имек,
үшкір, көзі оттай жанады. Қу ағаштың бұтағындай тарбиған ұзын
тырнақтарын жайып жіберген, жер бауырлай ұшып келеді. Жақындап
қалды... Жетті... Бүреді енді... Бүреді!.. Самұрық самолет мұны
қанатының ұшымен қағып жіберді де, шешесін іліп ала жөнелді.
Шешесі шоршымайды, туламайды. Құбыжық құстың тырнағында қол
бұлғап, күліп кетіп барады. Бұл қорқып, бақырып қоя берді. Біреу лып
еткізіп, жерден көтеріп алды. Бауырына баса құшақтап, жұбатып отыр.
Бұл бақырып, жылай берді. Ақ халатты тəтелер абыр-сабыр боп
қасына жиналып қалды. Кезекпе-кезек қолына алды. Бірі аймалап, бірі
сүйіп жатыр. Бұл жылауын үрдіс күшейтті: шешесінің қан атқылап,
сүйектері ырсиған аяқ-қолы көзіне елестеген; əкесінің жалпақ қоңыр
белбеуі мен былғары қапты ауыр тапаншасы есіне түскен, өзінің кім
екенін ұққан. Бірақ үш ай бойы құлақ, тілден қабат айрылып, өмір мен
өлімнің арасында жатқанын, бір құлағы алдыңғы күні ғана ашылып,
тілі бүгін, осы жаңа ғана шыққанын білмейтін.
Тəтелер жабыла жұбатып, ақыры жылағанын қойғызды. Біреуі
жарты шақпақ қант əкеп берді. Екіншісі əлдебір шиқылдақ ойыншық
ұстатты. Ананы-мынаны сұрап, сөйлеспек болды. Бірақ мұның басы
ауырып тұр еді. Сөздерінің көбін анық естімеді. Естігендерін нақты
түсінбеді. Түсінгендеріне жауап бергісі келмеді. Тек болмай қойған соң
бір-ақ сауалға жалғыз сөзбен жауап қайырған.
– А... а... ақ-ып!
– Яков! – деді тəтелердің бірі. Қосылып бəрі жылады.
Тəтелер тамаша еді. Емхана жақсы еді. Балалар үйі. Яковқа
ұнамады. Əлденеше рет поезға мінді. Əлденеше рет орын ауыстырды.
Бəрібір. Айырмасы аз. Жиырма-отыз балаға бір-ақ шеше. Оның өзі
кезекпен ауысып отырады. Үлкен балалар тентек. Кішкене балалар


шақар. Тіліне, сөзіне күледі. Айтқанды уақытында естімей қалғанына
немесе шала, я жаңсақ ұққанына күледі. Айналасы екі жыл ішінде
тұйықталып, тағы тартып кетті. Үнемі саяқ жүреді, үнемі түнеріп
жүреді. Келе-келе мүлде тасбауыр боп алды.
Ол өзінің алыстан келгенін, бұл – түр-тұлғасы бөлек жат жұрт
жайлаған жер екенін білетін. Білетін де өзін жай жетім емес, мүлде
бөтен сезінетін. Бірге жүрген балалардың басым көпшілігі өзі түстес
екенін мүлде есепке алмас еді.
Неге екенін білмейді, үнемі əлденендей өзгеріс, ғажайып іс күтті.
Ақыры жаздың жылы күндерінің бірінде тəтелері көп ұсақтың ішінен
жастары шамалас он шақты баланы бөліп алып қалды да, олардың
ауылға баратынын, ал ауылда əке-шешелері күтіп отырғанын
хабарлады. Балалар қуанып шулап, азан-қазан болды. Яков та қуанды.
Бірақ ол құлағы сау, тілі бүтін балалар құсап ойнақтап жүгірген жоқ.
Осылай болатынын, əкесі мен шешесінің өзін тауып алатынын баяғыда
білген.
Ауылға баратын бұлар ғана емес екен. Көп бала. Дені ересек, он
төрт, он бес жастағылар. Олар өздерін еркін, тəуелсіз кейінге ұстады.
Қалталарына қолдарын салып, шырт-шырт түкіріп, бұрқыратып темекі
тартып, кердеңдей басады. Алып кетуге келген кісілерді көп елеп,
тыңдай қойған жоқ. Жол бойы да, кейде арбадан ескіріп түсіп, алысып,
кейде бірін-бірі қуып айдалаға қашып, кейде, тіпті, өзара төбелесіп,
жұрттың берекесін кетірді.
Он шақты өгіз арбадан құралған керуен аудан орталығына төрт
қонып əрең жетті. Жол ауыр болды. Əсіресе соңғы күн титықтатты.
Арбаға жегілген өгіздер сілекейлері шұбырып, мүйіздерін шайқап
қойып, бірқалыпты ілбіген аяннан танбайды. Майы таусылған
дөңгелектер сықыр-сықыр етіп, оңды-солды қиралаңдап əрең
айналады; шабағын санап отыруға боларлықтай. Бірде тобылғы,
көкпек, бірде қалын көде арасымен ирелеңдеген қара жол
таусылмайды, ұшы қиырсыз. Бір белестен екінші белеске, бір қырдан
екінші қырға жалғасып, шұбатылып жатыр. Балалар өнімсіз мимырт
жүрістен əбден қажыды. Алғашқы күндегідей жолды кесе қашқан
қоянға, көз көрім беткейде мойнын соза секемденіп тұрған дуадақтарға


қарауды да қойды. Тентектер де төбелестен, алыс-жұлыстан тыйылды.
Түскі аялда бұларға үш күннен бері қорек боп келе жатқан сабадағы
іркіт те таусылды. Үлкендерінің қарны ашып, кішілері шөлдей
бастады. Ақыры кеш бата көше тəртібінсіз, бірде іркес-тіркес, бірде
ұйлығыңқы, бірде шашыраңқы салынған, өңкей жайпақ төбелі,
жатаған үйлерден құралған үлкен селоға келіп кіргенде бəрі қуанды.
Ертеңіне таңертең бұларды көруге кісілер келді. Іштерінде əскери
киініп, пистолет асынған ешкім жоқ. Түгел өңдері тотығыңқы, қара
көз, қара мұрт, қара сақалды, тымақ, шапанды қазақтар. Мына балалар
менікі болады деп жеті-сегізден бөліп əкетіп жатты. Көп ұзамай,
түндегі елу-алпыс бала түнеп шыққан аткомның кеңсесінде он-он бес
ұсақ бала ғана қалды. Сорпа, шалап ішісіп, бұлар кеңсеге тағы бір
қонды.
Азаннан оянып, қайтадан арбаға міністі. Көбі ұйқысын да ашып
үлгермеген еді. Таңғы салқынмен дірілдеп тоңып, əрі қарындары ашып
жылай бастаған. Арбамен қабаттасып ат үстінде келе жатқан маңдайы
əжім-əжім, шегір көз, жалпақ бет, сирек мұртты қартаң қазақ қазір
үйлеріне барасыңдар, əке-шешелеріңді тауып аласыңдар деген соң
жылағандарын қойды. Мұртты қазақ қыңқылдаған балаларды кезекпе-
кезек алдына алып, жол бойы əңгіме айтып отырды. Зер сала тыңдаған
Яков бəрін де естіді, бірақ ештеңе ұққан жоқ. Кəрі қазақтар орысша
сөйлемейді екен. Яков жүзі жылы болғанымен орысша сөйлемейтін
боз атты кəрі қазаққа да, орысша білгенімен өңі суық, арбамен қатар
жүрмей, кейде озып, кейде қалып, үнемі тыпыршумен болған құла
атты жас қазаққа да, арба айдап отырған, бір ауыз тіл қатпай, жан-
жағына бірде-бір рет бұрылып қарамай, жол бойы ыңылдап өлең
айтумен болған мосқал қазаққа да күмəнмен қарай бастады. Əкесі мен
шешесі түр-тұлғасы да, тілі де бөтен осындай адамдардың арасында
тұрады дегенге сенгісі келмеді.
Яковтың күмəны шындыққа айналды. Бірге келген балалардың бəрі
де ата-анасын тапты. Өздерін əкелген кəрі қазақ – Рəшиттің əкесі боп
шықты. Жол бойы қайта-қайта алдына ала беріп еді. Зигфридтің əкесі
– Чапай сияқты ширатылған ұзын бурыл мұртты, оған қоса аппақ
сақалы бар, Чапай сияқты арғымақ ат мінген, қылыш орнына сары ала


қамшы ұстаған тəкаппар ақсұр шал екен. Бірі əке-шешесімен қауышты.
Ең аяғы тақырбас Оля да. Тек Яков қана əкесіз қалды. Шешесін таба
алмады.
Рас, далаға тастаған жоқ. Ақыр аяғында мұны да біреу ертіп əкетті.
"Я твой мама"

дейді. "Я твой мама" дей береді. Яков өзінің мамасын
ұмытқан жоқ. Көзі тұнық көк, шашы қызыл жирен, екі бетінен қаны
тамған ұзын бойлы, толық ақсары кісі еді. Ал мынау қара көз, қара
шашты, талдырмаш дене, орта бойлы, қараторы келіншек. Мамасы
орысша сөйлегенде ағын тұратын. Ал мынау – орысша бір-ақ ауыз сөз
біледі. Оның өзін қате айтады. Оның өзін өтірік айтады. "Я твой мама".
Қайдағы мама. Бөтен адам. Бөтен мама.
Бөтен мама мұны қолынан жетектеп, ауыл шетіндегі өз үйіне алып
келді. Басқа үйлердей еңселі емес, жапырайған кішкентай қос екен.
Үлкен кісі қақ ортасында тұрмаса бой жаза алмайды. Отырғанда екі
адам əрең сиярдай. Əйткенмен қос Яковке қатты ұнады. Ойынға
арналған үйшік сияқты. Өзін еркін сезініп, қоқиланып қалды.
Алдына шеті кетік ағаш тостағанмен кішкене қаймақ, қол басындай
жұмсақ ірімшік келген соң тіпті көңілденіп кетті. Жаңа ана үйде
отырғанда ас батпап еді, тəбеті ашылып, дымы шығып тұрған сары
ірімшікті қарбыта асап, қою, тəтті қаймақты түбіне дейін жалап-
жұқтап жеп қойды. Содан соң бір аяқ айранды тағы ішіп алды.
– Оһ! Оһ!.. – деді қарнын сипап, мəз боп күліп. Іші сыздап кеткен
еді. Бөтен мама да күлді.
– Апа, – деді сұқ қолын шошайтып, өзін нұсқап. – Апа! – Аты Апа
екен.
– А-па, – деді Яков. Айтуға оңай, тілге жеңіл жақсы сөз. – Ана, –
деді екінші мəрте қайталап.
Апа қуанып кетті. Басынан сипап бірдеңе деді. Яков түсінбесе де
көңлі өсіп, марқайып қалды. Əйтеуір бір жақсы сөз айтып тұрғанын
сезген.


Апа айран ішіп, құрт жеді де бір жаққа кетті. Яков үйде жалғыз
қалды. Есік ашық болса да сыртқа шыққан жоқ. Апа іргені түріп
берген. Құрым киіз үстінде етпеттеген қалпы, үй-үйден бытырай
шығып, əлдеқайда беттеген қатын-қалаш пен кəрі шалдардың артынан
қарап жатты. Апа сол жадау топтың орта шенінде кетіп барады.
Сəлден соң жардан асып, көзден тасаланды. Үлкендердің соңынан
балалар шықты. Көбі өзі қатарлас. Сəл-пəл қалқыңқылары да бар.
Ішінде өзімен бірге келгендерден ешкім көрінбеді. Түгел бейтаныс.
Жар жағалай жүгіріп, улап–шулап олар кетті. Содан соң саф
тыныштық орнады. Тек өзеннің ар жағынан машина ма, трактор ма,
əлдененің қақалып-шашалып тырылдаған даусы ғана үзіліп-талып
естіледі.
Бағзы бір заманда алыстағы, жердің екінші жақ шетіндегі əлдебір
қала, əлдебір станцияда жүк поезына мінгені, оның көп тоқтап, аз
жүрген, бірқалыпты тарсылдай тербелген мимырт қозғалысы, жүздері
түнерген солдаттар тиелген машиналар, мойындарын алға еміне
созып, жолды шандата шұбырған танктер ойына оралды. Самолетті
көруге құмартқаны, ақыры көргені, жұрттың тым-тырақай қашқаны
есіне түсті. Аяқ-қолы мылжа-мылжа, үсті-басынан шапши атқылаған
қып-қызыл қанға көміле шорши тулап жатқан шешесі көз алдына
келді. Бұрын осы көрініс қиялына оралған сайын денесі түршігіп
кететін. Бұл жолы өйткен жоқ. Тым көмескі. Басқа біреу көрген, басқа
біреудің басынан өткен. Қорқынышты, бірақ сенімсіз ертегі. Баяғыда
болыпты-мыс оқиға. Əйтсе де көзіне келген жасын ірке алмады.
Қайғысыз, əрі үнсіз жылады. Жылап жатып ұйықтап қапты.
Тағы да түс көрді. Тағы да қашып келеді. Жалғыз. Жалғыз өзі
қашып келеді. Соңында жербауырлай шүйілген самолет. Жегіп ап,
мылтығының аузын тіреп тұрып атпақ. Екі аяғын, екі қолын бірдей
қырқып түсірмек. Тек жете алмай келеді. Бірақ Яковтың да əлі
құрыған. Аяқтан да, қолдан да жан кетіпті. Өзінікі емес. Ағашқа
айналып барады. Самолет жетті. Енді атады. Енді қырқады... Сөйтсе,
қуып жүрген өзінің папасы екен. Бұлттан қарғып түсіп, бас сап
құшақтайды. Бетінен сүйеді. Ерні жұмсақ. Маңдайында бес бұрышты
қызыл жұлдызы бар. Өзінің папасы. Тағы да бетінен сүйеді. Ерні
тікенекті. Тағы сүйеді. Тікенегімен тырнап сүйеді. Қараса, папасы


емес. Басқа біреу. Маңдайында төрт қырлы қара кресі бар. Фашист.
Яковтың зəресі ұшып кетті. Қашайын деп еді, қозғала алмады.
Айғайлайын деп еді, даусы шықпады. Ал жаңағы қорқынышты кісі
тікенекті ернімен бет-аузын тырнап, өне бойын тегіс сілекейлеп сүйе
берді, сүйе берді. Мені танып ал дейді. Мені танисың дейді.
Маңдайыма қара. Маңдайында жұлдыз да, крест те жоқ. Жалғыз көзі
бар. Жалғыз көзді, жалғыз қолды жалмауыз. Таниды. Бағана өздерін
əкеліскен Дəуренбек деген кісі екен.
– Өк-əй, өк!
Яков оянып кетті. Қас қарайған. Аяқ-қолы ұйып қапты. Манадан
бері іргеден бет-аузын жалаған – тайынша бұқа екен. Апа да үйге кірді.
Арқасынан қағып, бірдеңе деп жатыр. Əйткенмен Яков өне бойы
дірілдеп, көпке дейін өзіне-өзі келе алмады.
Апа қостың қақ ортасына тезек қалап, от жақты. Мосы көтеріп,
шөңке асты. Сүт пісіріп, оның үстіне су құйып қайнатты да, талқан
салып ас пісірді. Өзіне үлкен кесеге, Яковқа кішкене кесеге құйды. Екі
кесе де құрсаулы, жамау-жамау. Жамау кесемен ішкен тамағының аты
– қара көже екен. Тəтті. Яков сұрап, тағы жарты кесе ішті.
Үйде төсек жоқ. Апа бір бұрышқа жиналған дүниелерін алып,
жертөсек салды. Яковтың үстіне іріп тоза бастаған, əр жерінен жүні
шығып тұрған үлкен көрпе тастады. Өзі тон жамылды. Жастық етіп
бүктелген ескі сырма күртеге басы тиісімен қор ете түсті.
Яков алағызып ұйықтай алмады. Қоламтада екі-үш шоқ
жылтырайды. Маңдайшаның үстіндегі тесіктен бір-екі жұлдыз
жымыңдайды. Шоқ беті күлгін тартты. Бейне ауамен дем алып
жатқандай, жарығы бір көтеріліп, бір басылады. Осы, солықтаған күйі
уақыт өткен сайын əлсірей берді. Келе-келе өшуге айналды. Өшті.
Оның есесіне жұлдыздар жарқырай түсті. Мінгесе біткен екі жұлдыз.
Екеуі де жымың-жымың етіп, қол бұлғап шақырғандай. Кенет
жұлдыздар өшіп қалды. Қайта көрінді. Қайта өшті. Əлдекім
қалқалаған екен. Əлдекім есік алдында кеп, тың тыңдап тұр екен.
Тықыр-тықыр еткізіп, жабықтан қол сұқты. Есіктің ілгегін ағытпақ.
Қолы еркін жетпесе керек, ағыта алмады. Қараңғы үйге кірген


көрінбейтін қол екі-үш рет бос қайтты. Белгісіз кісі тағы да тың
тыңдап аз бөгелді. Сосын ысылдай сыбырлады.
– Сақып... Ай, Сақып...
Яков бірден таныды. Дəуренбек! Жол бойы қабағының астымен,
түнере қараған. Ұра ма деп ойлап еді, ақсақалдан именген болу керек,
ұрмады. Арбаны маңайлаған сайын Зигфрид екеуін тапай жаздап, төне
түсіп келетін де, көзімен атып, кері шегінетін. Зигфридті білмейді,
Яковтың өзі жол бойы көңлі қобалжып, əбден берекесі кеткен. Енді сол
Дəуренбек түн жамылып, оңашада кеп тұр. Сабайды, буындырады,
атады. Яков зəресі ұшып, сіресіп қатып қалды. Дем алуға, қыбыр етуге
шамасы жоқ.
Дəуренбек тағы бір-екі дыбыстады да, қайтадан жабыққа қол
салды. Қостың қабырғасын сықырлатып, құлатып барады. Ақыры
Яков ілгектің сырт етіп ұясынан шыққанын ап-анық естіді. Сол сəтінде
топсасы шиқ етіп есік те ашыла берді. Жан қорғар амалы түгесілген
Яков бар даусымен бақырып жіберді. Үйге кіріп үлгерген Дəуренбек те
қалт тұра қалды. Ыңырана қорылдап жатқан Ана да оянды. Яков
домалап Апаның бауырына, тонның астына кіріп кетті. Бұдан əрі не
болғанын анық білген жоқ. Бар ұққаны, Апа оянып кеткен соң Яковты
ұрлап əкете алмайтынына көзі жеткен Дəуренбек ашуланып, аяғымен
теуіп қап шөңкедегі көженің қалғанын төкті, шəугімдегі суды ақтарды.
Сыртқа шыға бере қамшысымен сарт еткізіп, қосты ұрып кетті. Апа
қармалап жүріп шəугім мен шөңкені орнына қойды, есікті мықтап
бекітіп жапты, содан соң жүрегі дүрс-дүрс соғып, тонның астына
тығылып жатқан Яковты құшақтап, бауырына басып алып ұзақ
жылады.
Таңертең үйде қалуға қорқып, Анамен бірге кетті. Қырманда
жұмыс істейді екен. Кеше тырылдаған даусы шыққан нəрсе – астық
бастыратын машина боп шықты. Аты ма-ла-тилка. Жүргенінен
тұрғаны көп. Тырылдай жөнелсе Апа ауызда тұрған кісіге бау-бау
бидай əпере бастайды. Шаңнан жылтыраған көзі ғана көрінеді. Ерні
қап-қара боп, бет-аузы түтігіп жанталасады да жатады. Бір тыным
таппайды. Тек молотилка тоқтап қалғанда ғана тыныстайды. Тұрған
жерінде сылқ етіп отыра кетеді. Бірақ маза жоқ. Қайдан келгені


белгісіз, Дəуренбек сап ете түседі. Жұрттың бəріне ұрса бастайды.
Əсіресе Апаға. Ешкім қарсылық айтпайды. Апа да. Тек басқалар құсап
тұқия бермей, Дəуренбектің бетіне тік қарайды. Қорықпайды. Яков та
қорыққан жоқ. Көптің көзінше өзіне ешкім тиісе алмайтынын білетін.
Қырман маңында шегіртке қуып ойнап жүре берді.
Кешке ел жатқан соң Дəуренбек тағы келді. Апа əлі ояутұғын.
Дəуренбек өткен түндегідей əкіреңдеген жоқ. Даусында өтініш, тіпті,
жалыныш бар. Көп жалбарды. Бірақ Ана жібімеді. Тіпті болмай қойған
соң өтірік ұйықтай қалған Яковты оятты.
Дəуренбек кеткен соң Апа кешегідей жыламады. Күрсінді де
қойды. Көп күрсінді. Сол күрсініспен таңды атырды.
Көп ұзамай Яков ептеп қазақша түсінетін дəрежеге жетті. Апаның
аты Апа емес, Сақыпжамал екен. Тіл келмейтін, ұзақ əрі киын ат. Апа –
мама деген сөз көрінеді. Яков Сақыпжамалдың өзінің мамасы емесін
білгенмен, бұрынғыша апа деп атай берді. Қаншама уақтан бері ешкім
іш тартып көрмеген бала бейтаныс əйелге бауыр басып қалған еді.
Жалғыз Сақыпжамал ғана емес, бұрын кейіптері мүлде бөтен көрінетін
ауыл қазақтарын да əуелгідей жатырқамайды. Үркектігі де азайды. Үй
арасында еркін қыдырады. Тек оңаша жүреді. Балалармен көп араласа
алмайды. Əйткенмен, ауыл өміріне үйреніп қалды.
Таң бозарып атар-атпаста үй сыртынан ат дүбірі естіледі. Бригадир
Берден.
– Сақыпжамал! Ай, Сақыпжамал! – дейді барқырап.
Бұл кезде апа ояу. Шөкелеп еңкейген күйі қоламта астында қалған
кішкене шоқты үрлеп, от тұтатып, тезек қалап жатады.
– Е, қайнаға, – дейді дауыстап.
– Көктегір, тұрсаң бопты, – дейді Берден. Жерошақ басында ат
ойнатып, он қадам жерде тұрған көрші үйге барады.
– Күлиман! А, Күлиман!


Ешқандай жауап естілмейді.
– Күлиман! Əй, көк соққан Күлиман! Жерік болмасаң тұр енді.
Күлиманның тоңқ еткен даусы шығады.
– Е, жолын болғыр, ояу жатсаң неге дыбыс бермейсің, күн шықты,
– дейді Берден. Ақтабан атты ескіртіп, келесі үйге көшеді.
– Бекет, ай, Бекет!
Бекеттің де үні естіле қоймайды.
– О, жүгірмек! Сенің жасыңдағы орыстың балалары тіленіп
соғысқа кетіп жатыр дейді. Сенің сиқың мынау. Бекет!!
Əлі дыбыс жоқ.
– Тұрасың ба, жоқ па?! Бекет! Ай, Бекет!
Сірə, Бекет те дыбыс берсе керек. Берден:
– Ой, айналайын, он үште отау иесі деген, тез бетіңді жуып,
тамағыңды іш, – дейді де ары қарай жылжиды.
– Əй, құдай ұрған Тілеубай... Елден жырылып қонған жеке шаруа...
Əлі көрінбейді. Оны да барып оятуым керек пе! – деп көп ауылдан
аулағырақ қонған Тілеубайды сыбап бара жатады.
Елмен бірге оянып, іргеден сығалап жатқан Яков бəрін де көреді,
бəрін де естиді. Бригадир ауылдың екінші жақ шетіне ауысып, ұзап
кеткенде ғана орнынан тұрады.
Апа сиыр саууға кіріседі. Маздап от жанып жатады. Ызылдап шай
қайнай бастайды. Апасы жерге кішкентай алаша дастарқанды жаяды.
Яковқа бір кесе етіп түннен қалған көжені құйып береді. Өзі шай
ішеді. Шайы – қайнап қана шыққан қара судың өзі. Бар қасиеті – сүт
қатқан. Сондықтан ақсу аталады. Апа терлеп-тепшіп отырып жыртық
кесемен төрт-бес шыныаяғын ішіп алады.


Шай жиналып бітер-бітпесте үй сыртынан тағы да ат дүбірі
естіледі. Тағы да бригадир Берден. Бірақ бұл жолы бөгеліп тұрмайды.
– Сақыпжамал! Күн көтеріліп кетті!
– Күлиман, а, Күлиман! Шұбатылмай тез шық!
– Бекет! Осы ырғалғаныңда жарар, шырағым. Мұндағы сен түгілі
жер түбіндегі Тілеубай шал да қырманға жетіп қалды. Бол енді! – деп,
бір-бір айғайлап өте шығады. Бұдан соң ешкім бөгелмейді. Шұбыра
ілбіп жұмыс басына қарай беттеседі.
Яков əуелде елмен бірге қырманға баратын. Күнұзақ сол төңіректе
жүреді. Өзін жақын тартқан əйелден айрылғысы келмегеннен, əрі
Дəуренбектен қорыққаннан. Келе-келе өз басына ешқандай қауіп
жоғын аңдады. Əрі үнемі қырман маңында жүре бергеннен іші пысты.
Сондықтан азаннан оянғанымен көбіне үйде қалатын болды. Онша
жұғысып кетпесе де ауыл балаларымен ойнайды. Ішінде бірді-екілі
ескі таныстары да бар. Əйткенмен тілінін мүкістігі жұрттан
оқшауландыра беретін.
Бірақ оу бастан оңаша ойнап үйренген Яковтың өз қызығы өзінде
еді. Бұзауға мінеді. Сиырды көздейді. Кейде қап алып, тезек теріп
кетеді. Əрі ойын, əрі қолғабыс. Апа да, көлденең жұрт та риза боп
қалатын. Тіпті, үнемі суық қарайтын Дəуренбектің өзі бірде Яковтың
жуан қап тезекті мықшыңдап, əрең көтеріп, қырдан түсіп келе
жатқанын көргенде: "Жарайсың, жойытым! Жарайсың, орысым!" деп
мақтағаны бар.
Қар жауа Сақыпжамал қойға, шеткері қыстақтардың біріне көшті.
Бір жақ – меңірейген тау. Екінші жағың – əлі жазық. Отыз-қырық
шақырым таяу маңда ел жоқ. Төңіректе ертемен еріп, кешке қораға
оралатын қой шиырынан, қар бетіне жамырай шашылған құмалақтан,
жортып өткен аң ізінен басқа тіршілік белгісі білінбейді. Күнұзақ қора
маңында бір топ алақанат сауысқан жүреді. Түнде тау беттен
бөрілердің ұлыған үні естіледі. Сыртқы дүниеден бұл ауылға сыбай
жан иесі осылар ғана. Бірақ ауыл адамдарының іші пысар,
жалғызсырар жайы жоқ еді.


Сақыпжамал қораның күнес жағындағы тал шарбаққа қамалған
жаман-жəутік қой-ешкі, тоқты-торымды күтеді: шөп салады, астын
тазалайды, бұлақ басына, суатқа айдап апарады. Қойшы Көбеген
шалдың дімкəс кемпірінің ештеңеге себі жоқ. Малдың екінші жақ
шетінде жұрттың тілі келмегендіктен қазақыланған Жақып деген атты
иемденген Яков жүреді. Қора маңындағы жұмысының бір парасын
атқарып болған соң Сақыпжамал мұрны тесік ала өгізді сүйреткіге
жегіп шөп тасуға шығады. Яковтағы бірге кетеді. Сүйреткінің үстіне
тұрып ап, ашамен əперген шөпті таптағаннан басқа көмегі жоқ. Соның
өзін əжептəуір шаруаға балап, мəз боп қайтатын.
Бəрі бір үйде тұрады. Төргі бөлмеде Көбеген кемпірімен. Ауызғы
бөлмеде Сақыпжамал мен Яков. Сыры кеткен төсек, тозған сандық,
ескі көрпе-жастықтың жиналу реті солай. Əйткенмен бəрі бірге
отырады, бірге тамақ ішеді.
Яков кешкі, қой қамап келгеннен соңғы отырысты жақсы көретін.
Көбегеннің кемпірі үнемі от жағып, су қайнатып қазан-ошақ
маңында жүреді. Сақыпжамал диірмен тартып, не талқан түйіп
отырады. Кейде құрт езіп, ара-тұра, тіпті, кеспе жайып жатады.
Ортада, қиюы қашқан дөңгелек сары столдың үстінде сынық кесенің
түбіне тұтатқан білте шытырлай жанып тұрады. Столдың төр жағында,
құрым киіз үстінде тізерлеген Яков, пеш жағында ешкі тулағының
үстінде малдасын құрған Көбеген. Бірер шыныаяқ шай-пай ішіп
жылынған соң қойшы ата көзін ашып-жұмып, мандайын сипап, онды-
солды теңселіп біраз отырады да көмейлеген қоңыр даусымен бастап
кетеді.
– Ерте, ерте, ерте екен, ешкі құйрығы келте екен, бөрі бақауыл
екен, түлкі жасауыл екен... – Үнемі осылай бастайды. Үнемі жаңа
ертегі айтады.
Көбеген шал ертегі айтуға кіріскен сайын:
– Пішту, – дейді дімкəс қара кемпір. – Ертегі сенін не теңің!


Көбеген кемпірінің үйреншікті сөзіне назар аудармайды. Мұртын
сылап, сақалын сипап қойып желдірте жөнеледі.
– ... Баяғыда бір бай бопты, төрт түлігі сай бопты, бір перзентке зар
бопты...
– ... Баяғыда бір бекзада елден елді аралап, тектіден текті саралап
сұлу қалыңдық іздепті...
– ... Баяғыда жалаң аяқ, жалаң бас бір жетім бала Бағдаттың
базарында жүреді екен. "Ақылымның көбі-ай, ақшамның жоғы-ай!"
деп жылап...
– Сенің бай, бағланын кімге дəрі, бекзада, ханзадаң кімге тұлға, –
дейді қара кемпір.
– Бағдаттың базары неңді алған. Сорлы-ау, отырмаймысың тыныш
қана, көжеңді ішіп. Кімге керек сенін ертегің.
Шынында, қазанның маңынан шықпайтын дімкəс қара кемпірдің
де, шаруадан қолы босамайтын Сақыпжамалдың да ертегі тыңдауға
мұршасы келмейді. Ал əзір тілді еркін үйреніп жетпеген, əрі
құлағының мүкісі бар Жақып қанша зер сап тыңдағанымен хикаяның
ұзын-ырғасын əрең түсінетін.
– ... Ата-анасымен табысып мауқын басыпты.
– ... Отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, барша мұратына
жетіпті.
– ... Елге аға, тонға жаға болыпты.
Үлкенді-кішілі төртеу жатар мезгілде бөлектенеді.
Кемпір аһылап-үһілеп ескі ағаш төсекке жатады, тынымсыз сарнап,
кейде құдайды, кейде адамды қарғап-сілеп түні бойы көз ілмей
шығады.


Көбеген шал төр алдыңа ұйықтайды. Шешінбейді. Төсенбейді.
Үлкен қара тонға оранады да, қор ете түседі. Түнде екі-үш рет тысқа
шығып, үйді айнала жүріп, айтақтап келеді. Көбегеннің əн салғандай
күмбірлеген айғайына қос төбеттің екілене үрген даусы ұласып, тау
жаңғырығады.
Яков пен Сақыпжамал ауыз үйге, пеш түбіне жатады. Сақыпжамал
да Көбегеннің дімкəс кемпірі сияқты, түні бойы мазасызданып
шығады. Ұйықтауы да, ояна салуы да оңай. Бірақ ешкімді қарғап,
сілемейді. Ақырын күрсінеді. Кейде етпетінен түсіп, əлсіз ыңырсып
жатады. Көбегенмен кезектесіп малды байқап, қораны айналып
қайтады. Яков өзін ешкім шақырмаса да үнемі Сақыпжамалмен бірге
тұрып, қоса шығатын. Жұлдыз тоңған, аспан дірілдеген аязды түнде
екеуі қарауытқан тау жаққа қарап қатар тұра қап айтақтайды. Бір
қызығы, бұлар айғайлағанда ешқашан ит үрмейтін. Қораның ығында,
салам арасында бұйығып жата береді. Қасына барса бастарын
болмашы көтеріп, құйрықтарын бұлғаңдатады. Иттердің бұл мінезіне
үйренген Сақыпжамал мен Яков оларды орындарынан тұрғызып
əурелемейді, – бəрібір үрмес еді. Дауыстары қарлыққанша айғайлап,
айғайлап, бойлары тоңазығанда үйге кіреді.
Азанда жұрттың алды боп Көбеген тұрады. Содан соң Сақыпжамал
мен Яков. Күнделікті тіршілік күйбеңі басталады.
Яков ертеден кешке дейін тыным таппайтын. Бірақ қи ойған қауырт
күндерде болмаса, үлкендер құсап жығыла шаршамайды. Үнемі сергек
жүреді. Көктем шыға оның да жұмыс астында қалуына тура келді. Мал
төлдеген. Бар қиындық Сақыпжамал екеуінің басына түсті.
Көбеген қойда. Дімкəс кемпірден пайда жоқ. Сақыпжамалдың
қыстан сіңіріне ілініп əрең шыққан көтеремдерді бағып-қағудан,
саулықтарға шөп салып, қора тазалаудан қолы босамайды. Төлге қарау,
оны емізу, күту негізінен Яковтың еншісіне тиді. Қанша ауыр, қанша
мазасыз болғанымен қызық. Əрі уыз мол. Қарның үнемі тоқ жүреді.
Апаның да көңлі көтеріңкі. Тіпті, қара кемпір де құдайды қарғағанын
азайтты.


Күн жылынып, жер аяғы кеңи бастады. Қар тау етегінде ғана
қалды. Қора төңірегі көктеп кетті.
Яков күні бойы қозы, лақпен ойнайтын. Кешке қызық ертегілер
тыңдайды. Өзін Көбегеннің баласы санай бастады. Сақып пен
Көбегеннің асыранды баласы.
Бекер екен. Мал жайлауға шыққанда Сақыпжамал шөпауылға
көшірілді. Көпеші болды.
Яков Көбегенді де, оның ғажайып ертегілерін де ұмытып, жаз бойы
тақырда асық ойнады. Бұрынғыдай өзін бөтен сезінген жоқ.
Күрескенмен күресті. Төбелескенмен төбелесті. Айғайлап жүгірді.
Дауласып шулады. Жұрттың айтқанын тегіс түсінеді. Қазақшаға судай.
Тек ойша ғана. Құлақпен естігенге. Əрине, онда да қатты, анық
айтылса. Ал сөзге келгенде бөгеле береді. С-з, т-д, р-л тегіс т-д боп
шығатын. "Асық" демейді, "атық" дейді. "Тақа" дегені – сақа. "Қақта
өдім, киыд өдім" – қақса өзім, қиыр өзім. Көлденең естіген жұрт
ұқпағанымен, балалар тегіс түсінеді. Сонда да именшектей беретін.
Аса қажет болмаса, сөйлемеуге тырысады.
Шөп біте үйі егінге ауысты.
Егін жиналған соң қайтадан баяғы қыстауға көшті.
Өстіп тауқыметі мол тіршілік үстінде уақыт өте берді.
Үшінші жылы күзде, алғашқы қар жауған күні Көбегеннің кемпірі
өлді. Соңғы айда мүлде төсек тартып жатып қалған. Түні бойы:
"Пішту... ертегі... ертегі сенін не теңің... ертегің кімге керек, өзің кімге
керексің", – деп сандырақтап шығатын.
Ауылға мал санауға Дəуренбек бастаған екі-үш адам кеп жатқан.
Санақ жайына қалды. Біреуі қойға шықты да, қалған секеуі
Көбегенмен бірге əудем жердегі төбесі ойылған күмбезді ескі зираттың
іргесінен қабір қазуға кірісті. Жері тастақ қатты боп, күні бойы
азаптанды. Мəйітті ертеңіне таңертең түсірді. Артынша малдың есебін


алып, уəкілдер келесі қыстаққа жүріп кетті. Көбеген де қойын өріске
шығарды. Сақыпжамал мен Яков екеуі иен қорада қала берді.
Кемпірдің аты бар да, заты жоқ-ты. Сөзіне де, жүріс-тұрысына да
ешкім назар аудармас еді. Ешкім елеп, адам қатарына санамайтын.
Енді орны үңірейіп қалды. Оны Көбеген мен Сақыпжамал түгілі Яков
та сезді. Көбеген көзін жұмып, теңселіп отырып ертегі айтқанын
токтатты. Сақыпжамал күнделікті жұмысын жүрдім-бардым істейді.
Яковты жалқаулық пен ұйқы басты. Қыс өтпей қойды.
Ақыры көктемге қарсы Яков бұл үйге əлденендей өзгеріс енгенін
байқады. Бір күні кешке Көбеген қайтадан ертегі айта бастады.
Жатар мезгілде Сақыпжамал төсегін төргі үйге, Көбегенмен бірге
салды.
Көбеген бір айтқан ертегісіне өмірі оралмайтын. Үнемі жаңасын
бастайтын. Мал төлдей бастаған шақта ол қасиетінен айрылды.
Жаңылысып, осыдан үш-төрт күн бұрын айтып кеткен ертегіні қайта
туындатып, кейде, тіпті, бірінің басын екіншісінің аяғына қосып,
шатыстырып та алып жүрді. Биязы, момын Сақыпжамалдың да мінезі
өзгерді. Ананы-мынаны сылтау етіп, Көбегенге мыжыңдап сөйлеп
отыратынды шығарды. Яковқа мүлде суық тартты.
Бұрын қара кемпірдің сөзіне мүлде мəн бермейтін Көбеген
Сақыпжамалдың қабағынан-ақ ығып, ал ол сөйлей бастаса мүлде
жасып, мыж-тыж боп отыратын болды. Кешке екеуі екі көрпе
жамылып, екі жаққа қарап жатады. Əйткенмен төсекті қатар салып
жүрді. Соған орай Яков биыл жайлауға Көбегенмен бірге шығармыз
деп жүрген. Олай болмады. Бұлар шөпауылға кетті де, Көбеген бір
қора қойымен жалғыз қала берді.
Көп ұзамай Яковтың да жалғыз қалуына тура келді. Жеккен
өгіздері оқалақтап, Сақыпжамал шөп машинаның шалғысына түсіп
өлді. Яков жыламады. Сақыпжамалдың бұрын бала көтермегендігінен,
иə жастығынан ба, əлде Яковтың ересектігінен бе, немесе қам көңіл
мен мүкіс тіл үйлестік таппады ма – əйтеуір бірі бала, бірі ана боп кете
алмаған. Яков – тұлдырсыз жетім де, Сақыпжамал – жамағайын


баурын қолына алған жақсы туыс сияқты еді. Кейінгі кезде аралары
суып кеткен. Алайда Яков шын жетімдік дегеннің не екенін
Сақыпжамал өлген соң ғана көрді.
Бұрын үйде барды именбей жейтін; өз үйінде жүргендіктен
аштыққа да, тоқтыққа да назар аудармайтын. Енді кісі қолына қарауға,
бардың өзін өлшеп ішуге көшті. Бұрын Сақыпжамалдың баласы деп,
ешкім шетке қақпайтын, енді ешкім де мұның көңліне қарамайтын
болды. Айналасы екі-үш айдың ішінде жүдеп-жадап, азып-тозып кетті.
Ел қыстауға қона əлдекімдермен ілесіп. Көбегеннің үйін тапты.
Басқа барар жері де жоқ еді.
Көбеген былтыр əскерден келген ойық шеке кісімен бірге тұрады
екен. Бет сүйегі сорайып, көзі адырайып, мүлде өзгеріп кетіпті.
Тұнжырайды да отырады. Тіл қатып, өз бетімен сөйлемейді. Өзіне
қарата айтылған сөзді көбіне естімейді. Естісе бас изеп, не бас шайқап
қана жауап береді. Яковтың келгеніне қуанып қалды. Қасына алып
жатады. Бірер рет артына мінгестіріп, қой бағуға да ертіп шықты. Яков
өзін қайтадан панасы бар, үйлі-күйлі адам ретінде сезіне бастады.
Бірақ бұл сезім де ұзаққа бармады. Қыс ортасында Көбеген шал да
қара кемпір мен Сақыпжамалдың соңынан аттанды. Ерте тұрып, қой
қораның түбінде шылбырға асылып қапты. Бұл жолы Яков жылады.
Егіліп, шын жылады. Көнпіс Көбеген үшін. Бақытсыз Сақыпжамал
үшін. Оқ астында қанға батып өлген бейтаныс əйел – өзінің туған
анасы үшін. Тіпті, өмірін аурумен, азаппен өткізген сөйлеуік қара
кемпір үшін. Түптеп келгенде өзі үшін. Кісі қолына қарап, біржола
жетім қалғаны үшін. Өзін қанша басқанымен тоқтай алмады.
Көбеген барлық ертегісімен жер койнына еніп, біржола көзден
ұшқан соң-ақ Яков қайтадан қатайып алды; өзін панасыз, бірақ өз
бетімен жан сақтай алатын үлкен азамат сезінген. Шынында да, бұл
кезде Яков ержетіп қалған еді. Жасы он төртке аяқ басқан. Бірақ үнемі
таза ауада, жұмыс басында жүргендіктен өзі құралпас балалардан
денесі де ірі, күшке де мығым. Сырттай колхоздың еңбекке жарамды
мүшелерінің санатына енген.


Жаз бойы балакөшшілермен бірге сіңірі созылып, мая салды. Күзгі
қара суықта балшыққа батып ескі қораларды жөндесті. Қыс бойы
бірде қи ойып, бірде шөп тасып, бір қыстаудан соң екінші қыстауды
адақтаумен жүрді. Айналасы үш-төрт жылдың ішінде зіңгіттей азамат
болды да шықты.
Ес білген соң ата-анасын іздестірген. Дəлірек айтсақ əкесін. Өзінің
қайда туып, қайдан келгенін. Фамилиясының кім екенін. Жалғыз ауыз
жауап алды. Неизвестный. Бұл – фамилиясы. Неизвестный – беймəлім
деген сөз. Кім екені беймəлім болған соң осындай фамилия беріпті.
Неизвестный – қайдан кеп, қайдан тұрғаны белгісіз деген сөз. Қазақ
тексіз дейді. Атасыз дейді. Жолдан табылған дейді. Яковтың бұған
көнгісі келмеді. Қабылдамады ондай фамилияны. Сонда кім? Иванов
па? Əлде Петров, немесе Сидоров па? Белгісіз. Бəрі сол
Неизвестныйдың ағайыны. Ақыры, ойлана келе өзіне фамилия тапты.
Сақыпжамалов деген болмайды. Əйел. Көбегенов. Дұрысы осы. Яков
Көбегенов. Осылай жаздырды.
Ай артынан ай, жыл артынан жыл өте берді. Яков есімі тілге
ыңғайлы Жақыпқа айналып, біржола тұрақтады. Көлденең жұрт көпке
дейін қоймай жүрген орыс аты да, əктеп Дəуренбек таратқан жойыт
аты да ұмтылды. Көзінің көк екені де, мұрнының үлкен екені де, бет
бейнесінің өзгешелігі де оны жұрттан ерекшелейтін белгі болудан
қалды. Желге, күнге тотыққан, сырма шалбар, тері тонды көп
колхозшының бірі болды да шықты.
Жақып ферма бастығы, немесе, бригадир жұмсаған жердей
тартынуды, анау-мынау сылтау айтуды білмейтін. Жəне қолға алған
ісін тиянақты атқарды. Не жұмысқа түссе де опырып жібереді.
Алдарқатпайды, аяншақтанбайды. Соны білетін басшылар оны қайда
қиынға салады. Қай ара кетілсе, сонда апарып тығындайды. Жұт жылы
жылқы бақты, қуаңшылық жылы құдық қазды. Тас тасып, қой қоралар
қалады, балшық құйып тұрғын үйлер салды, арық тартып егін суарды;
пішен шапты, шөп үйді – істемеген жұмысы қалмады. Біреулер мұны
Жақыптың дүлейлігінен көрсе, біреулер адалдығына, еңбекшілдігіне
балайтын. Əттең, тілі мүкіс, əйтпесе қазаққа бергісіз деп мақтасатын.


Шаңырақ көтеріп үй болса, қатарға қосылып кетер еді, ой, не керек
деп өкінісетін. Жанашыр ағайындардың ішінде қыз қарастырғандар да
болды.
Бұлардың алғаш нысанаға алғаны – Полина дейтін аспаз əйел еді.
Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын қаладан жазғы жұмысқа келгенде ауыл
жігіттерінің бірі алып қашып, жібермей қалған. Артынан қоя берді.
Бірақ Полина осы ауылға біржола тұрақтады. Күні бойы қазанның
маңында жүретін бес-алты жасар қарадомалақ ұлы бар. Өзі де
балтырлы, бөкселі, доп-домалақ əйел. Жиырмадан жаңа астым дейді,
онысын кім білсін, əйтеуір қырыққа жетпегені анық. "Жақыптың
қолы" десті қамқор ағайындар. Бірақ құдалық жайын сөйлескенде
Полина: "Құдай сақтасын! Мылқауға қатын боп не қара басыпты.
Аулақ! Аулақ!" деп азар да безер болды. Салы суға кетіп қайтқан
құдалар ауылда Жақыпқа лайық тағы кім барын ойластыра бастаған.
Бұл кезде Яковтың көңлі əйел мəселесінен тысқары – мүлде басқа
жақта еді. Сырттай бұрынғы тұнжыраңқы қалпында, бірақ іш пікірі
өзгеріп, мүлде бөтен кейіпке түскен.
Бұрын мен кіммін, қайда жүрмін, неге жүрмін, бүгінім неге
осылай, ертеңім не болады деген тəрізді сауалдар төңірегінде
ойланбаған. Жұрттың бəрі өзіндей. Мал бағады, шөп шабады, егін
жинайды. Кəрісі де, жасы да, еркегі де, əйелі де қысы-жазы тыным
таппайды. Яков та сол көптің бірі боп жүре берген. Сөйтсе, басқаша да
өмір сүруге болады екен. Мұны жайлаудағы ауылдың іргесінде кілең
ақ шатыр құрып, жаз бойы жатқан кен іздеуші геологтардан білді.
Геологтар кіл қазақ жайлаған шалғай ауылда жүрген жалғыз орыс
ретінде Яковты бауыр санап, іш тартқан. Шақырып қонақ қылғанда да,
бейсауат кездесіп əңгімелескен шақтарында да жат өлкеде бұлай
жүруінің бекер екенін, қалада тұрмаған күннің өзінде орысы бар,
жемісі мол, тұрмысы жеңіл жерлердің біріне кетуі керектігін айта
берген. Рас, Яковтың орысша шалағайлығынан жөндеп ұғыныса
алмады. Бірақ орыс жігіті орысша білмейді деп ойламаған геологтар
Яковтың əрнені қайта-қайта сұрай бергенін, өзі де жарытып ештеңе
айта алмағанын құлақтың тосаңдығынан, тілдің мүкістігінен көрген.
Əлденеше рет қайталап, байжайлап түсіндірді. Яковтың бар ұққаны:


шаһар өмірі нұрлы бейіш; сағатпен ғана істейсің, уақытында
тынығасың, сенбі – қысқа күн, жексенбіде жұмыс жоқ, жылында бір ай
демалысты былайша тағы аласың: асхана, ресторан – қалаған тамағың
əзір, кино, театр – не қызық көрем демейсің. Жан рақаты қалада.
Мұндай ит байласа тұрғысыз жерден кету керек. Созбай, тез кету
керек.
Осы əңгімелерден соң Яков өмірінде тұңғыш рет өзінің басқа ұлт
өкілі екендігі туралы шындап ойлады. Көңіл түкпірінде сақталған
бұлдыр суреттерді қайта тірілтіп, ата-анасын еске алды.
Ешқайсысының да атын білмейді. Бірі, əрине, өлді, ал екіншісі тірі
болған күннің өзінде мұнымен ешқашан ұшыраспақ емес. Ешкімі жоқ.
Тек өзі ғана. Тек өзін ғана ойлауы керек, тек өзі үшін ғана өмір сүруге
тиіс. Ал қазіргісі – өмір емес. Жат жер, жат орта. Қарайлайтын ештеңе
жоқ, кетуі қажет. Тумаса да туысқан, қандас бауырларының арасында
жүргенге не жетсін. Өз ойлап тапқаны ма, əлде өзгенің пікірі ме –
білмейді. Əйтеуір осы ой көңілінен мықтап орын тепті. Қайтсе де
кетуге, қалаға кетуге бел байлады.
Алайда, бірден кете алмады. Науқан уағында жұмыстан босау
мүмкін емес еді. Оның үстіне колхоз қандай қиынға салсаң да
көтеретін белді жұмысшысынан айрылғысы келмеді. Науқан уағы
біткен соң да сөзбұйдаға сала берді. Үгіттеді, ақыл айтты, қорқытты –
болмады. Яковтың аузынан "Қадаға кетемнен" басқа сөз шықпады.
Ақыры бірталай машақат кəріп жүріп есебін алды. Ешкіммен
қоштаспастан, сол күні-ақ қалаға тартып кетті.
* * *
Арада жыл өткен. Ел жайлауға жаңа шыққан кез еді. Жақып аудан
орталығы Сартерекке келіпті-міс деген сөз тарады. Пəленшекең
көріпті. Түгеншекең сөйлесіпті. Əңгіме неше саққа жүгірді. Біреулер:
"Байғұстың документі жоқ екен, еш жерге жұмысқа орналаса алмаған
соң амалсыз қайтыпты" деді. Енді біреулер: "Документі бар көрінеді,
тек орысша білмегендіктен қалаға сыймапты" десті. Тағы біреулер:
"Бəрі бос сөз. Жұмыс та істейді, сыйысып та жүр. Демалысқа
шығыпты. Колхозда көп ақшасы қалған екен, соған оралыпты", – деді.


Көп ұзамай "Беларусь" тракторына мінгесіп, Яковтың өзі де келді.
Шыттай киінген. Үстінде шоқпардай етіп галстук таққан ақ нейлон
көйлек, аз-мұз қыры кетіп тізесі қалталанған жаңа қоңыр костюм,
басында күнқағар пісті қайқиған сұр шляпа. Жаздық ала пальтосын
немқұрайды бүктеп, сол жақ білегіне аса салған. Екінші қолында үлкен
қара шабадан. Шаш қойған, мұрт қойған. Түрі мүлде өзгеріп кетіпті.
Бұрынғы жүзі тотыққан қара Яков емес, еңгезердей сары орыс.
Жұрт бірден танығанымен, жатырқай амандасқан еді. Құрбы өсіп
қатар жұмыс істеген бір-екі жігітті Яковтың өзі кеп құшақтады. Одан
соңғы елмен де шұрқырасып табысты. Шалдардың арқасынан қағып,
балалардың бетінен сүйіп, ыржия күліп, былдырлап сөйлеп жүр. Түр-
тұлғасы ғана емес, мінезі де өзгерген тəрізді.
Екі-үш күн ішінде ауылдағы үйге тегіс қонақ боп шықты.
Шабаданның іші толған інжін шəй мен əлекей-шəлекей ойыншықтар
екен. Шəй – кəрі шешелерге, ойыншық кішкене балаларға. "Апыр-ай,
қала – білім мен мəдениет ордасы деген рас-ау, қараңғы Жақыптың өзі
бір жылда осындай дəрежеге жетіпті" деп таңырқамаған адам жоқ.
Былтыр бəрі сөгіп еді, енді тегіс қостап отыр: "Е, мұнда не бар, əйтеуір
туған жер деп жүре береміз, кеткені жөн болған" десті. Яковтың
қайтуын күтті. Сыйға сый ретінде тəбəрік əзірлесті.
Алайда, ешкім күтпеген оқиға болды. Ауылмен көрісіп, қымыз
ішіп, ет жеп, аз-маз аунап-қунаған соң Яков бір күні таңертең
шабаданының түбінен жаңа көк комбинезон алып киіп, шөп маялауға
шықты. Ертеңіне де, арғы күні де кетпеді. Арада бірер ай өткенде жұрт
ойламаған тағы бір ғажайып болды: Яков Күлиман кемпірдің қолына
кіріп алды. Күлиманның анау жылы балалар үйінен Яковтармен бірге
келген Оля деген қызы үйде отырып қалған еді. Көпеде жүретін. Түскі
үзілісте көп əйелдің ортасында дем алып отырған кезінде қасына
барыпты да: "Сен жақсы қатын, мен күшті жігіт, күшті жігітке жақсы
қатын керек" депті. Құрдастары шығарған қалжың. Жанында тұрған
ешқайсысы жоқ. Ал куə болған əйелдер т-т-т, д-д-д дегеннен басқа
ештеңе ұқпадық деседі. Бұлардікі де əзіл. Шыны – сол күні кешке Яков
үйленіп шықты. Алай-былай емес, кəдімгідей. Ертеңіне бригадирден


сұранып аудан орталығына барып, неке куəліктерін алып келді. Қолма-
қол той ырымын жасады.
Сонда ғана Жақыптың ауылға біржола келгеніне, енді ешқайда
кетпейтініне жұрттың көзі жетті.


АРНА
Газетте істеп жүрген кезім. Жеңіс күні қарсаңында майдангерлер
өмірінен ерлік жөнінде көркем очерк жазуға тапсырма алдым. Бұрын
журналистер назарына мүлде ілінбеген адам туралы тың дүние болуға
тиіс. Редактордың кеңесімен бірден Отан соғысы мүгедектерінің
қалалық госпиталіне тарттым.
Істің мəн жайына қаныққан бас дəрігер мені Тоғрыл деген қазаққа
сілтеді. Жиырма жыл ішінде алдымнан талай адамды атқардым, бірақ
дəл мұндай берік, мұндай қайсар, мұндай өмірге құштар адам көргем
жоқ деген сөз менің көңлімде ешқандай күмəн қалдырмады. Іздеген
кісімнің осы екенін айттым да тезірек табыстыруын өтіндім.
Тоғрыл госпиталь багында дойбы ойнап отыр десті білетіндер. Мен
таңырқап қалдым. Жаңа ғана екі қол, бір аяғы жоқ деп естігем. Көз
алдыма, неге екені белгісіз, құлағы жұлынған, түбі тесік ескі самаурын
елестеген. Қалай дойбы ойнайды? Жарайды, тасын біреу қозғап беріп
тұрсын. Сонда несіне жетісіп ойнайды? Тамақты қалай ішеді, киімді
қалай киеді?.. Не тірлік, не өмір!
Жерге қазып орнатқан добал стол басында теріс қарап отыр екен.
Біз тақай бергенде қарқ-қарқ күлген даусы естілді. Түрі Котовскийге
ұқсаған тақырбас, толық қазақ орнынан оқыс тұрып, қолы дір-дір етіп
шапанының омырауын түймелеп жатты.
– Ойбай, Сəке, кешіріңіз. Байқамай ұттым. Ойын жолы болсын.
Қайта ойнайық.
– Тағы ұтасың, – деді Сəкең. – Ойнамаймын. – Айтқанындай,
столға сүйеулі тұрған таяғын алды да, бұрылып жүре берді. Дойбышы
əріптесінен тезірек құтылғысы келгендей, ақсаңдай, асыға басып,
келесі столға қарай беттеді.


– Қап, өзіме де обал жоқ. Ұтыла салу керек еді...
Екі үлкен кісінің балалық мінезіне енді біздің күлуімізге тура келді.
– Уақа емес. Сізбен дойбы ойнауға мына жігітті əкелдім, – деді бас
дəрігер.
Тоғрыл сонда ғана бізге бұрылды. Шашы аппақ қудай. Тіпті,
қасына дейін боз қылауланыпты. Бірақ көзі өткір, өңі жас еді. Əлі
елуден аспағаны айқын танылады. Мүгедектігі де мен ойлағаннан гөрі
өзгешерек сыпатта. Рас, бір қол иықтан кесілген. Ал екінші қолдың
басы ғана жоқ екен. Кəрі жіліктің қос шабағын қышқаш іспеттес етіп,
ортасынан айырыпты. Маған өте епетейсіз, еш ыңғайға келмейтін
тəрізді көрінді. Мұнымның қате екенін келер сəтте-ақ аңдадым. Тоқаң
қос "саусағымен" дойбы тігуге кірісті. Əрине, табиғи саусақтардай
нəзік емес, бірақ иесіне қажетті істі өз қадарынша атқаруға
машықтанып қалғаны байқалады.
Жұмыс үстіндегі адам, дəрігер бөгелмеді, мені таныстырды да, өз
жайына кетті.
Тоғрыл ақжарқын, ашық кісі екен, тез тіл табыстық. Жараланған
соң екі жылға жуық, ұзақ уақыт бойы өлім аузында жатқанын, одан
соңғы көрген мехнаттарын, хирургтердің снаряд жарықшағы қалған
тұқыл қолдың өзін кеспек болғанын, оған келісім бермей, ақыры ауыр
операциямен құтылғанын тегіс əңгімеледі. Ештеңе жасырған жоқ.
Өзінің көңіл күйі, қамыққаны, торыққаны, неше рет өліп, неше рет
қайта тірілгені, тіпті, азаптан қажып, талай рет егіліп жылағаны
туралы да айтты.
Неше партия ұтқызғаным есімде жоқ, əйтеуір екі-үш сұхбаттан
соң-ақ өзіме қажетті деректі тегіс жиып алдым. Қаламым жүріп, арқам
қозып тұрған бір сəтті кез еді, ұзатпай жазып та тастадым. Ойдағыдай
шықты. Өзіме-өзім риза боп, көңлім өсіп қалды. ЬІстық-суығымыз
басылғанымен, əзір менің жазғыштығыма күмəн келтірмейтін əйеліме
үш қайтара оқып бердім. Тым құрыса елу-елу бес сом алатынымызды
естіп, ол да мəз болды.


Бірақ амал не, очеркті редактор жаратпады. Бұл өзі кім, қандай
адам, не бітірген? Танк қиратқан ба, дзот бұзған ба? Неше ордені бар?
Хош, рухани ерлік көрсетсін. Сонда кім үшін? Өзі үшін, өз өмірі үшін.
Ал бұл өмірден қоғамға келетін пайда қандай? Не керек, қанша күнгі
еңбек далаға кетті. Оның үстіне газетке қажетті материалды уағында
дайындап бере алмағаным үшін сөгіс алдым. Бұл жолы ауызша. Бірақ
сөгістің аты сөгіс.
Алайда, менің жаныма батқан – зая болған енбек те, көп алдында
арқалаған сөгіс те емес еді. Арттағы елден ұялдым. Гонорардан
қағылған əйелді қойшы, алдап-сулап бір ебін табармыз. Тоқаңа не
бетімді айтам. Бүгін-ертең жарияланады деп кетіп ем. Сонша
алақайламасам қайтетін еді. Басқа пəле тілден деген осы екен ғой.
Əлде тастай батып, судай сіңіп дегендей, үнсіз жоғалсам ба екен.
Абзалы осы болар еді, бірақ намысым жібермеді. Өтірікші атанғым
келмеді. Бар пəлені редакторға жауып, ақталып қайтпақ ниетпен
госпитальға тағы бардым.
Бұл жолы бақ ішінде серуендеп жүр екен. Протез киген көп жұрт
құсап аяғын қадай баспайды, сылтып алады. Кеудесі шалқақ. Қасында,
сірə, қала тұрғыны болса керек, интеллигент кейіпті жас жігіт бар.
Уақытым тығыз еді, оңаша қалуын күтуге шыдамым жетпей, салып
ұрып Тоқаңның өзіне тура беттедім. Шаруасы тəмамдалса керек,
бейтаныс жігіт те мені көрісімен кетуге ыңғайланды. Соңғы сөздерін
ғана естідім.
– Жарайды, аға. Тым құрса он шақты күн жатып кетіңіз. Əйтпесе
Балым өкпелейді.
Тоқаңа құрметпен сəлем берген маған салқын ғана бас изеп
амандық ишаратын жасады да, бұрылып жүре берді.
– Телефон соғыңыз, біреуіміз машина əкелеміз, – деді анадайдан
дауыстап.
Мен аңтарылып қалдым. Бейтаныс жігіттің қазақша сөйлегеніне.
Үйткені қазақ емесі анық-ты. Татар ма, башқұрт па, əлде шұбаш па.


Тіпті, орыс болуы да. Аузымды ашып үлгергем жоқ. Тоқаң мені одан
əрмен таңырқатты.
– Балалар мені көшіріп алғысы келеді, – деді, қалын бұға шоғын
айнала бере көрінбей кеткен жігіттің соңынан қарап тұрған күйі.
Үнінде ризалық, масаттық бар. – Жылда қолқалайды. Өзімнің де
көшкім келеді-ақ. Не амал, сақараға үйренген жандармыз. Көк
шалғын, сары қымызсыз күніміз жоқ. Анда-санда бір келгенде ішің
пысып өле жаздайсың. Есейсін деп жүрмін, келер жылы Болатымды
жіберем. Қолдарында тұрып оқысын.
– Бұл жігіт күйеу балаңыз ғой, – дедім мен.
– Жоқ, інім, – деді Тоқаң. – Туған інім.
– Аты кім?
– Рəшит.
Інісі. Сірə, əкесі бір, шешесі бөлек болды. Осымен қоя салуға болар
еді, бірақ біздің қазекең ат сұрасып бастаса, жеті атадан беріден
тоқтамайды. Сол сүйекке біткен əдетпен мен де періп кеттім.
– Түрі нағашы жұртына тартқан екен.
Тоқаң шарт ашуланды. Менікі де рабайсыз қылық еді. Үлкендігін
сыйлап, кешірім өтіндім. Əлгі іске жарамай қалған мақаланың айыбы
тағы бар.
Тоқаң сабасына тез түсті.
– Ғафу ет, айналайын, – деді сыңар, əрі келте қолын менің иығыма
салып. – Саған айып жоқ, көрініп тұрған нəрсе ғой. Бірақ Рəшиттің
тегі бөтен деп көзтаныс жұрт та, жай таныс жұрт та айтып көрген жоқ
еді. Сұрағаның – білместігің емес, аңғырттығың. Оның мəні былай еді,
қалқам...
Сөйтіп, Тоқаң маған ата-анадан тұлдырсыз қалған Рəшиттің жəне
тағы бірнеше баланың сонау соғыс кезінде алыстағы қазақ аулына


келуі, жаңадан туыс табуы туралы əңгімелеп берді. Көп қазбаламай,
шет жағалап қана айтты. Денін көңілмен ұқтым. Көркемдік,
қызғылықтылық жағын қайдам, мен бірден-ақ хикаяның идеялық
мəніне назар аудардым. Баспасөзімізде көп айтылып жүрген, бірақ
құрғақ айтылып жүрген халықтар достығы дейтін тақырып үшін
таптырмас материал. Сол арада-ақ жаңа бір көлемді очерк жазуға,
сөйтіп алыс-жақын, үлкен-кіші жұрттан алдыңғы сəтсіздігім үшін
кешірім алуға ой кетті. Бірақ əлі де материалым жеткіліксіз еді. Сол
алыс түпкірдегі ауылға барып, бəрін өз көзіммен көруге, болашақ
шығарманың кейіпкерлерімен жүзбе-жүз танысып, ауызба-ауыз
сөйлесуге тиіс едім.
Жаңа идея туғанын салтанатты түрде редакторға мəлімдедім.
Інісінің үйінде қонақтап жатқан Тоқаңды күтуге де мұршам келмей, –
бұл жолы құпия сақтағам: кездейсоқ айтқан əңгімесінің беделді газет
арқылы жер жүзіне тарағалы тұрғанынан ол кісі мүлде бейхабар, –
қолма-қол аттанып кеттім.
Іздеген адамым тегіс бір ауылдан табылды.
Бала Зигфрид қазір совхоздың бас зоотехнигі. Отызды еңсерген
жігіт ағасы. Зигфрид Вольфгангович Бегімбетов. Келіншегі мұғалима
екен. Университетте оқыпты. Мен түсерден бірер жыл бұрын бітіріпті.
Əңгімелесе келе толып жатқан ортақ таныстар табылды. Жайдары
мінезді, мейірбан кісі көрінді. Баяғының бəйбішелері осындай-ақ
болған шығар. Əрі мəдениетті, əрі кең. Тамақты қандай дəмді пісіреді.
Үйі толған бала. Жетеу ме, сегіз бе, шүпірлеп жүр. Санына жете
алмадым. Түгел əдемі. Түгел қойкөз аққұба. Жалғыз баланы
ауырсынып жүрген көп жасағыр өз əйелім есіме түсіп, киын емес пе
деп ем, күлді. Қиын дейді. Атам барда жақсы еді. Бəйбішесі өлген соң
балаларының қолында қалған Ахмет ақсақал осыдан үш-төрт жыл
бұрын дүние салған екен.
Яковты шөпауылдан таптым. Онымен не орысша, не ымдасып
сөйлесетін шығармыз дегем. Қажеті болмады. "Т-т, д-д"-сына тез
үйрендім. Жақсы түсіністік.


Осы Яковтың үйінде отырған кезде мені совхоз басшыларының бірі
Дəуренбек ақсақал іздеп тапты. Жайлауда жүріп, Алматыдан
журналист кеп жатыр деген хабарды кеш естіпті. Əйтпесе бірден
жетеді екен. Ұлы Отан соғысының мүгедегі, осы ауылға көп еңбегі
сіңген қадірлі адам көрінеді. Мені қызықтырған істің бүге-шігесінен
нақты хабардар. Жетім балаларды алғаш ауылға əкелген де осы кісі
боп шықты. Түгел кішкентай еді дейді. Заман деген осы. Бірде алай,
бірде былай. Қалай өткенін білмейсің. Кешегі шиборбай балалар бүгін
тегіс зіңгіттей азамат. Бір адам, екі адам емес, бүкіл коллектив боп
тəрбиеледік. Енді соның зейнетін көріп отырмыз.
– Мына, қарадомалақ, – деді маған Яковтың төрт-бес жасар ұлын
көрсетіп, – кім қазір. Ойлап көріңіз, енді он-он бес жылдан соң кім боп
шығарын. Бақыт, бері келші! – Бала Дəуренбектің алдына келе
қоймады.
– Бұл өзі бір қу, – деді отырғандардың бірі. – Білмейтіні жоқ.
Бақытжан, Алматыдан келген ағаға айтшы, кімсің?
– Кімсің, айналайын, айта ғой, – дедім мен де.
– Əкем орыс, шешем қалмақ, өзім татар, – деді бала. Күліп
жатырмыз.
– Əкең де, шешең де қазақ, сен ақымақсың, – деді біреу. Еркелете,
зілсіз айтты.
– Бұралқы сөз күлуге жақсы, деп кішкене баланы қазірден бастап
ата-тек таратуға үйреткендерің жөн емес, – деді екінші біреу.
– Айта берсін, – деді Дəукең. – Бүгін айтады, ертең ұмытады. Бірақ,
балам, əкең орыс болар, орман болар, шешең қалмақ болар, шүршіт
болар – өзің советсің. Осыны жадыңа тұт. Осыны ұмытпа.
Өңі қайтқанмен, даусы əлі қатқыл. Күш-қайраты бойында екені
аңғарылады. Турашыл, ашық Дəукең маған қатты ұнады. Ықыласымды
таныса керек, Дəукең машинасының билігін маған берді де, қашан
жүріп кеткенімше қасымда болды. Өзіме қажет мағлұматтың денін осы


кісіден алдым. Ештеңе жасырған жоқ. Бар шындықты айтты. Тек
Ертай мен Нартай туралы əңгімеден ғана тайқақтай берді. Бар
болғаны, Берден байғұс өле өлгенше арман қып аһ ұрып кетті,
ақсақалға соғыс жұтқан екі баласының күйігінен гөрі кішкентай
Ертайдың қазасы қаттырақ батты деді. Қартайған шағында Тілеубай
екеуі ағайынды адамдардай қатар көшіп, қатар қонып, бірге жүрді,
қазір екі үйден де жан қалған жоқ, түтіндері өшті деді. Ал Ертай мен
Нартайдың қазасына келсек, оған не колхоздың басшы ұйымдарының,
не мектептің жазығы жоқ, оқыстан, балалардың балалығынан болған
іс, қайта қоздырғанмен түк өнбейді деді. Бұдан ары ештеңе айтпады.
Əйтсе де балалардың басына барып қайтуды парыз санадым.
Көп зираттың шет жағына қойылыпты. Ұзындығы құлашқа
толмайтын қос төмпешік. Кезінде бесіксыпа орнатылса керек, жауын
шайып, үстіне боз жусан, қызыл изен шығып кетіпті. Екеуінің басына
бір-ақ құлпытас қойылған екен. Таудың ұзыншақ, төртқырлы көк тасы.
Бетіне ай суреті ойылып. "Ағайынды Нартай жəне Ертай
Арыстанбеков" деп жазылған екен.
Мен бұл балалардың əкесін білетін ем. Газеттің мерекелік
номерлерінің біріне интервью алғаным бар. Мені кеңседе емес, өз
үйіндегі жұмыс кабинетінде қабылдады. Қасында бес-алты жасар ғана
кішкене ұл ойнап жүр. Аса мазасыз екен. Көзге көрінбейтін жаулармен
қылыштасты, айғайлап өлең айтты, кілемге аунады, столдың астына
кіріп кетті, ең ақырында сөрелерді ақтарып, суреті мол кітаптар іздей
бастады. Тым еркелетіп жіберіпті. Немересі болар дегем. Өз баласы
екен. Сонда сөзден сөз шығып айтып еді. Қанша сұрастырса да ізін
кесе алмапты.
Алматыға түскен бетте бірден Арыстанбеков ақсақалға жетпек ем.
Қабырғаммен кеңесіп, мұның парықсыздық боларын аңғардым.
Қаралы хабар айту да мұрат па екен. "Биыл үлкені отыз беске, кішісі
отыз үшке келеді, – деген еді. – Қазір олардың балаларының өзі мына
Алтайдай болған шығар. Бір жерде жүр. Ерте ме, кеш пе, табылуға
тиіс". Жарық дүниеде үміттен артық не бар. Қайтадан түтін түтетіп,
қайтадан шаңырақ көтеріп отырған аяулы азаматтың көңіліндегі үміт
сəулесін біржола үзуге дəтім бармады. Жендет рөлін атқарғым келмеді.


Газет берген арнайы командировкамның да орнын толтыра
алмадым. Айрылысар сəтте Зигфрид: "Атасын жасырған – нəмəрт. Мен
өзімді тəрбиелеп өсірген даланың дархан перзенті – бүкіл семьямыз
фамилиясын алып отырған көкем, сіздерше Ахмет ақсақалды ғана
емес, фашистермен айқаста испан республикашылдары қатарында қаза
тапқан, маған өмір берген ғазиз əкем Вольфганг Вагнерді де мақтан
етем. Бірақ неміспін деп айта алмаймын. Бұл – менің қалауымнан
тысқары нəрсе. Қазақ тағдыр ісі дейді. Анық: мен неміс емеспін.
Қазақпын деп кесіп айтуда киын. Шыққан тегім неміс десем қисынға
келер. Ал балалар... Жалпы, арғы текті қазу – азаматтың ісі емес. Қазір
бəріміз бір өзеннің арнасы, бір атаның баласымыз. Бір семьяның
мүшесі, бір ұлыстың ұлымыз. Ескі жараның аузын тырнап қайтесіз", –
деген еді. Тек өзінің ғана емес, Яковтың, Рəшиттің, бүкіл қауымның
атынан айтқандай көрінген. Қабылдамай кетіп ем, ойлана келе сөзінің
дұрыстығына ден қойдым.
Əйтсе де, осы сапарда естіген-білгенімді, көзбен көріп, ойша
түйгенімді толайымен мансұқ етуге қимадым. Өмірде шын болған
адамдардың бəрінің атын өзгертіп, көкейімдегі тірі суреттерді ептеп
тұздықтап, повесть пе, əңгімелер циклы ма, əлде, тіпті, роман ба,
əйтеуір бірдеңе жазып тастадым. Журналист шықпады, бəлки жазушы
боп кетермін. Менікі үміт. Мүмкін орындалмас. Қайтеміз. Көнеміз.
Көтеріп аламыз.
Бір жақсысы, оған дейін əлі көп уақыт бар.
1973,
Переделкино – Алматы.

Document Outline

  • БІР АТАНЫҢ БАЛАЛАРЫ
  • БІРІНШІ ТАРМАҚ. ЗИГФРИД АХМЕТҰЛЫ
  • ЕКІНШІ ТАРМАҚ. НАРТАЙ МЕН ЕРТАЙ
  • ҮШІНШІ ТАРМАҚ. ЯКОВ – ЖАҚЫП
  • АРНА


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет