САРЫН ЖЕТТІ!
Бэк бес минуттің ішінде бір мың алты жүз доллар тауып берген соң
Джон Торнтон əлдебір қарыздарын қайтарды да, аты дəл осынау өлкенің
тарихындай аңызға айналған алтын аралас топырақты іздеу үшін
жолдастарымен бірге шығысқа қарай бет түзеді. Алтынның соңына
түсушілер көп еді, тапқандар некен-саяқ, ал іздеушілердің көпшілігі сол
сапарынан оралмаған. Оны алғаш болып кімнің ашқаны да белгісіз еді.
Талай қасіретке бастаған, ертегіге айналған топырақ төңірегінде жұмбақ
көп. Тіпті, ең ежелгі аңыздардың өзінде ол туралы ештеңе айтылмайды.
Жұрт тек сол орында қисайған, ескі лашық тұрғанын ғана біледі. Кейбір
алтын іздеушілер өлер алдында құлағалы тұрған үй мен топырақты
кездестіргенін айтып қарғанып, сөздерінің дəлелі ретінде бүкіл Сібірде
теңдесі жоқ алтын кесектерін көрсеткен. Алайда тірілердің арасынан сол
қазына қоймасынан əлдене тауып алудың сəті түскен ешкім болған емес, ал
өлгендер өліп кетті. Джон Торнтон, Пит пен Ганс та өздерімен бірге Бэкті
жəне тағы басқа бес-алты итті алып, өзге адамдар мен иттердің аяғы
баспаған жерге жетуден үміттеніп, тың жолмен бағытты шығысқа қарай
түзеген еді. Бұлар Юконмен жоғары қарай жетпіс миль жүрді, одан Стюарт
өзені арқылы солға бұрылды, Стюарт тұтас құрылыққа дендей еніп, биік
тау жоталарының айналасындағы бұлақтарға айналып ирелеңдей ағып
жатқан Мэйо мен Мак ─ Квещеннің тұсынан өтті.
Джон Торнтонның адамдар мен табиғатқа қоятын талабы аса қатал
емес-ті. Қуаң, жабайы орындар оны сескендіре қоймайтын. Қалтасында бір
шымшым тұз бен иығына асқан мылтығы болса жетіп жатыр, ормандар
түкпірінде қанша жүргісі келсе, сонша жүреді. Оның тіршілігі
үндістердікіне ұқсас, ешқашан да ешқайда асыққан емес һəм сапар кезіне
азығын аңшылықпен табады. Аң-құс ұшыраспаса сол баяғы үндістердің
сабырымен оған ертелі-кеш бір кездесетініне деген бекем сеніммен жолды
жалғастыра береді. Олардың шығысқа тартқан ұлы саяхаты кезіндегі
азықтары да аңшылықтан түскен жас еттен тұратын еді, ал шанадағы
жүктері - негізінен жабдықтар мен қажетті құрал-сайман, жоспарлары ұзақ
уақытқа лайықталған болатын.
Аңшылық, балық аулау, жаңа, бейтаныс орындарда адасу Бэкті алаңсыз
сайрандатты. Бұлар бірде апталап жол жүрсе, бірде əлдебір жерлерге
жеткенде шатыр тігіп тастап жетілеп жатады, сондайда иттер босайды, ал
алтын іздеген адамдар тоң жерді немесе жынысты қопарып, оны от
жанында науамен ертелі-кеш шаймалауға кіріседі. Кейде аш жүреді, кейде
ас та төк молшылыққа кенеледі - оның бəрі жолшыбай кездесетін аң-
құстың мөлшері мен саятшылықтың сəтіне байланысты келеді. Жаз да
жетті, жүктерін сүйреткен адамдар мен иттер салға отырып көгілдір тау
көлдерімен жүзіп өтті, ағаш дінінен шабылған ескі қайықтарға мініп,
бейтаныс өзендердің ағысы арқылы бірде жоғары өрлеп, бірде еңіске қарай
құлдилады.
Айлар өтіп жатты, бұлар осынау жан баласы жоқ, ал егер айдаладағы
лашық туралы аңызға сенсе, кезінде біреулер жүрген беймəлім өңірдің
жабайы алқабын кезіп шарқ ұрды да жүрді. Өзендер арасын бөліп тұрған
тау жоталарынан асты, қаншама мəрте боранға да ұрынды. Жалаңаш шың-
құздарда, ормандар мен мəңгі қар шекарасында суық күн сəулесіне жылына
алмай талай дірдек қақты. Шыбын-шіркейлер бұлты қаптаған жылы
алаптарға түсті, көшпе мұздардың аясынан піскен қойбүлдірген мен
əсемдігі жағынан Оңтүстіктің гүлдерімен тайталасатын гүлдерді терді.
Күзде кезінде құс базары болған, ал қазір мұңды да үнсіз, əлдебір тіршілік
белгісінен ада тек өкпек жел гулеген, таса тұстарында су қатып, баяу
сылдырлаған күйрек толқындары қуаң жағалауға ұмтылған сиқырлы
көлдер мекеніне жеткен.
Сөйтіп мұнда өздеріне дейінгі баяғыда-ақ ескіріп кеткен адам ізін іздеп
екінші қысты өткерген. Бірде мүлгіген орманда əлдебір сүрлеуге тап болды.
Бұл өте ескі соқпақ еді -оларға тозған лашық тіпті қол созым жерде
тұрғандай көрінді. Алайда осынау жалғыз аяқ жолдың қайдан басталып,
қайдан аяқталатыны белгісіз еді жəне мұны кімнің не үшін таптағаны да
жұмбақ-тын.
Тағы бір жолы бұлар аңшылардың уақыт тоздырған жер кепесіне
кездесті онда Джон Торнтон шіріген көрпе арасынан шақпақ таспен
атылатын ұзын ұңғылы мылтық тауып алған. Ол мұндай қару түрін жұрт
солтүстік-батысқа жаппай ағыла бастаған алғашқы жылдары Гудзонов
шығанағы компаниясы шығарғанын білетін, онда дəл осындай бір мылтық
алу үшін осынша биік қатталған құндыз терісінің теңін беретін. Қираған
заттар ішінен кезінде осынау күркені салып, көрпе арасына мылтығын
тастап кеткен адамды еске түсіретіндей басқа ештеңе табылмады.
Одан қайтадан көктем келді, бұлар ұзақ қаңғығаннан кейін ақыр
аяғында аңызға айналған лашыққа емес, кең алқаптағы алтын топырағына
кезіккен. Кеннің молдығы сонша, шаятын науа түбіне сары майдай іркіліп
қалатын еді. Үш жолдас кезуді доғарды. Бұлар күніне мың доллардың таза
алтын құмы мен кесек алтынын шаймалауға кіріскен. Ал жұмыс күнде
істеледі. Алтынды əр қалтаға елу фунттан бөліп, бұлан терісінен жасалған
қапшықтарға салды. Ал оларды шырша бұталарынан тоқып салған
күркелерінің алдына ағаш қаттағандай қалап қойды. Өздері ауыр жұмысқа
əбден берілгендіктен уақыттың да қалай заулап жатқанын аңғармаған еді.
Күндер көрген түстей зулай берді, ал қазына қоры үйілген үстіне үйіле
түсті.
Иттер мүлде іссіз қалған — тек анда-санда Торнтон атқан жабайы
құстарды алып келеді, сөйтіп Бэк от жанында күні бойы ойланып жатады
да қояды. Осынау бос сағаттарда көзіне əлдебір қысқа аяқты жүндес адам
жиі елестер еді. Солайша алауға сығырая қараған Бэк еміс-еміс есіне
түсетін əлгі адаммен қиялында өзге бір əлемді кезіп жүреді.
Сонау басқа дүниеде, тəрізі, үрей салтанат құратын болуы керек. Басын
тізелерінің арасына тығып, алау қасында бүк түсіп ұйықтап жататын
жүндес адамды бақылаған Бэк оның қатты мазасызданатынын, түсінде жиі
шошынатынын, ал оянған сəтінде түн-түнекке үрке қарап, отқа тамызық
тастайтынын аңдар еді. Егер бұлар теңіз жағасында жүрсе бақалшақ
жинаған жүндес оның ішін сол бойда-ақ қаузап жеп алып, жан-жағына
алақ-жұлақ қорқа соқтай қарап, қатер белгісі білінген алғашқы сəтте-ақ
құйындай ұшып безе жөнелуге даяр тұратын. Орман арасымен ың-шыңсыз
өтеді - алдыда жүндес, артта Бэк. Екеуі де əрдайым аса сақ, құлақтары
елеңдеп, танаулары желп-желп етеді, өйткені адамның да есту мен сезу
қабілеті тура Бэктікіндей өте күшті. Жүн басқан адам жердегі жүйріктігіне
сай ағашқа да тым шебер өрмелейді. Бір бұтақтан екінші бұтаққа
жармасқан ол кейде он-он бес фут ара қашықтықтағы ағаштан-ағашқа
əуеде құстай қалқып, емін-еркін секіре береді. Өзін ағаш басында жерде
жүргендей-ақ өте епті сезінеді. Бэк жүндес адам қолдарымен бұтаққа қатты
жармасып ұйықтап тұратын ағаш түбін қорыған түндерін есіне жиі
түсіреді.
Бэкке елестейтін түкті адаммен тектес бұрынғыша қараңғы орман
түкпірінен естілетін əлдебір сарын пайда болған. Ол Бэктің тынышын
алып, түсініксіз құмарын оятады. Бэк əлдебір бұлыңғыр шаттықты,
мазасыздықты, неге екені беймəлім сарынды сағынышты сезінеді. Кейде
сонау сарын естілетін орманға қарай жүгіріп, оны көзге көрінетін нəрседей
сол жақтан іздейді, сөйтіп көңіл күйіне қарай кейде ақырын, кейде
өршелене үреді. Тоғайдағы суық мүкке немесе биік шөп арасындағы ылғал
топыраққа тұмсығын тығып, солардың иісін тұшынып, рақаттана
түшкірінеді. Немесе бейне бір торуылда жүргендей дауылдар құлатқан
ағаштардың тасасын да сағаттап жатады, айналадағы əрбір дыбысқа жіті
құлақ түріп, көзін бақырайтып селт еткен қозғалысты аңдиды. Мүмкін
осында жатқанда өзінің тынышын алған сонау түсініксіз сарынды торитын
болар. Осыны не үшін жасайтынын өзі де білмейтін еді: еркінен тыс
əлденеге бағынған ол бəрін де ырықсыз атқаратын.
Осылайша қазір жеңімпаз түйсіктің құзырына бағынып алған. Кейде
станда жылы жерде қалғып жатады да, кенеттен басын шалт көтеріп,
əлденені тыңдағандай құлақтарын түреді, одан атып тұрып айдалаға қарай
безе жөнеледі, сөйтіп орман арасында немесе жазық алаңқайда ерсілі-
қарсылы сағаттап шапқылайды. Кеуіп қалған өзендердің табаны бойымен
жүгіріп, орман өмірін бақылауды қатты ұнатады. Күні бойы көк майсада
маңғаздана басқан яки қанаттарын сілкіп бір орыннан екінші орынға ұшқан
құрларды бақылауға ыңғайлы шілік түбінде жатады. Бірақ Бэк бəрінен
бұрын жазғы ақ түндерде шапқылап, тоғайдың мимырт, бұйығы
сыбдырына құлақ түруді, адамның кітап оқығанындай, дыбыстар мен
белгілерді пысықтауды, сонау өңінде де, түсінде де өне бойы естілетін
тылсым сарынды іздеуді көбірек ұнататын.
Бірде түн ішінде шошына атып түрегелді де, көздерін кең ашып,
дірілдеген тұмсығын ауаға тосты. Түк терісі тік тұрып, одан жел тербеген
толқындай жапырылды. Орманнан əлгі сарын алғаш рет ап-анық естілген.
Бұл жегімдегі иттердің даусына ұқсайтын да, ұқсамайтын да күңірене
ұлыған үн болатын. Бэкке өте таныс көрінді, - иə, мұны бір кездері естіген!
Ол бірнеше аттап ұйқыдағы стан бойымен жүгіре жөнеліп, ың-шыңсыз
заулаған күйі орманды бетке алды. Ұлу өте жақын жерден жеткен сəтте Бэк
керемет сақтық сақтап, ақырын жүріске ауысты. Ақыр аяғында ашық
алаңқайға тақалды да, ағаштардың арасынан басын қылтитып тұмсығын
көкке көтере ұлып отырған үлкен арық қасқырды керді.
Бэк тырс еткен дыбыс шығармаған-ды, бірақ мұны сезе қалған қасқыр
ұлуды кілт доғарды. Ол дұшпанның қайда екенін анықтауға тырысып
ауаны иіскелеген. Бэк құйрығын қайсайтып алып бұққан күйде айрықша
сақтықпен табандарын санап басып алаңға шықты. Оның əрбір қимылында
қатер бар еді, сонымен бірге бейбітшіл достығын ұсыну ниеті де жоқ емес-
ті. Орман жыртқыштары дəл осылайша жолығады. Алайда Қасқыр Бэкті
көрді де безе жөнелді. Бэк оның соңынан қуып жетуге екілене құмартып
аршындай ұмтылған. Ол оны жағалай тал-шілік қопасы жапқан кепкен
бұлақтың жырасына қуып тықты. Қасқыр Джо мен басқа да иттердің
тығырыққа тірелгендегі əдетінше артқы аяқтарына шоңқия кетіп,
əбігерленіп, шыр айналды да қалды. Ырылдап, жалын күжірейтіп, тістерін
сақылдатты.
Бэк шабуылдаған жоқ, қайта өзінің бейбіт ниетін қалайда байқатуға
тырысып, көкжалды төңіректеп көп жүрді. Əйткенмен қасқырдың күдігі
басым еді жəне Бэк өзінен үш еседей ірі, əрі бір бастай биік болғандықтан
қатты үрейленді. Бөрі бір мезетте сəтін тауып қашып берді де, қуғын қайта
басталды. Анда-санда Бэк оны тағы да əлдебір қуыстарға қуып тығады да,
бəрі қайтадан басталады. Қасқыр өте арық еді, əйтпесе Бэкке оны қуып
жету оңайға түспесі анық-ты. Ол қашып бара жатып Бэктің басы бүйір
тұсына іліккен кезде қорғана кету үшін орнында тұра қалып шыр айналады,
бірақ алғашқы мүмкіндік туған сəтте салып ұрып жорта жөнеледі.
Ақыр соңында Бэктің табандылығы ақталды. Бөрі оның ниетінің
зиянсыздығына кез жеткізген соң тоқтап бұрылды да, екеуі иіскелесе
бастады. Осылайша достық қатынасқа көшкен бұлар өзара ойнауға
кіріскен, бірақ ойындарында түз тағыларының қатігездігін жасыратын
ширыққан, үрейшіл сақтық бар-тын. Қасқыр Бэкпен ойнап болған соң бар
қимыл-əрекетімен өзінің ешқайда асықпайтынын көрсетіп һəм Бэкті
соңынан еруі керектігін байқатып əрі қарай бүлкілдей тартты.
Екеуі ымырт қараңғылығында өзен арнасының бойын өрлей, одан
түнерген тау сілемі басталған тұстан жоғары қарай қатарласа салды.
Су айрығының қарсысындағы ылдимен үлкен ормандары мен көптеген
айдындары бар жазыққа түсті, солайша осы ағаш арасымен алға қарай желе
берді. Сағаттар өтіп жатты, бір мезгілде күн де ту биікке көтеріліп, төңірек
едəуір жылына түскен. Бэк ғажайып шаттыққа кенелді. Енді ол өзінің
орманда ұшырасқан ағайынымен бірге түсінде де, өңінде де естіген сонау
құзыретті сарынға қарай бірге беттеп бара жатқанын білді. Санасында
əлдебір ежелгі естеліктер жедел жаңғырып, кезіндегі елес іспеттес
шындықты қабылдағанындай осы түйсікке де тезірек үн қатуға құмартқан.
Иə, дəл қазіргі құбылыс бұлдырап есіне түскеніндей, бұрын өзге бір
дүниеде де басынан өткен болатын: бұл онда да дəл осылай еркін заулап
келе жатты, аяғының астында жан баласының табаны тимеген жер, ал
төбеде зеңгір көк төніп тұр еді.
Бұлар су ішу үшін бұлаққа аялдаған. Сол сəтте Бэктің есіне Джон
Торнтон түсті. Ол отырды. Қасқыр қайтадан сонау сарын естілген жаққа
қарай сала жөнелді, бірақ Бэктің орнынан қозғалмағанын байқап кері
оралды да, мұны қалайда ілестіре кетудің əрекетімен тұмсығымен
түрткілеген. Алайда Бэк одан теріс айналып, баяу басып, келген тұстарына
қарай қайта тартты. Жабайы қандасы бір сағатқа таяу қатар жортып,
ақырын ғана қыңсылаумен болған. Содан соң отыра кетті де танауын көкке
көтеріп ұлуға кірісті. Бэк осынау қамыққан үнді əбден үзілгенше кетіп бара
жатып ұзақ естіді.
Джон Торнтон Бэк станға құстай ұшып келіп өзіне бас салған сəтте
түстеніп отыр еді. Ол қожайынына деген ессіз сүйіспеншіліктен оны жерге
аударып тастап, үстіне қонжия кетті де бет-аузын жалап, қолынан тістелей
бастады - бір сөзбен қайырғанда, Джон Торнтон айтпақшы "ақымақтануға"
кірісті, ал иесі өз кезегінде итті басынан шап беріп, жұлқылап, аузына
келген сөзді айтып əдетінше сүйсіне боқтаған.
Бэк екі тəулік бойы стан аумағынан шықпай өкшелеп, Торнтонды
аңдумен болды. Соңынан бір елі қалмай, кенішке барса бірге барып, тамақ
ішкеніне, кешке көрпе астына кіргеніне, таңертең одан шыққанына дейін
бақылаумен жүрді. Əйткенмен арада осынау екі күн өткенде орманнан
жеткен сарын Бэктің құлағына бұрынғыға қарағанда өткірірек һəм
өктемірек естілген. Қайтадан дегбірсіздене бастаған оның есіл-дертін
таулардың арғы бетіндегі дүбірлі алқап туралы, ормандағы қандасы
жөніндегі, онымен бірге ұшы-қиыры жоқ тоғай кеңістігінде қатарласа
жортқаны жайлы ойлар ала берді. Сөйтіп қайтадан орманға қашуды
бастады, бірақ жабайы бауырын кездестіре алған жоқ. Құлағын ұзақ
түндерде қанша түргенімен Бэкке оның жабығыңқы ұлуын қайтадан есту
жазбапты.
Бірнеше күн бойы қайда болса сонда түнеп, станнан безіп кететін əдет
тапқан. Бірде таныс су айрығы арқылы өтті де, қайтадан тоғайлар мен
өзендер мекеніне жетті. Мұнда жыртқыш бауырласының ізін іздеп əуреге
түсіп бір аптадай жүрген. Жолда өзі қаққан жабайы құс етімен қоректенді;
сөйтіп еш бөгелместен жеңіл желіп алға қарай бүлкілдете салды да отырды,
салды да отырды. Ол арғы сағасы алыстағы теңізге ұласып жатқан үлкен
өзеннен арқан балық аулап жүрді. Осы өзенде бір ірі қара аюды жарып
тастаған. Аю да тура Бэк секілді осында балық аулап жүр еді, кенет
жабылып кеткен қалың маса түк көрсетпей, долданған күйі жандəрмен
орманға қарай безе жөнелді. Оның дəрменсіздігіне қарамастан қиянкескі
өткен айқас Бэктің бойында қалғып бара жатқан тағылықты дүр
сілкіндірген еді.
Екі күннен кейін аю өліп жатқан жерге оралғанда он шақты құнудың
осы олжаға таласып қырқысып жатқанын көрді. Бұл бара сала бəрін ту-
талақай етіп жан-жаққа лақтырып тастады; қауып үлгермеген екеуі
мертігіп, сол орында қалған.
Бэк тамақ асырау үшін жолыққан жан иесін жалғыз өзі жайпап, жеке
күш-қуаты мен жаужүректігіне арқа сүйеп, жабайы табиғатқа үстемдікпен
қарап. тек мықтылар ғана тіршілік ететін жағдайға дағдыланған нағыз
қанқұмар тағыға айналды. Өз бойындағы күшті сезіну өрлікті оятқан. Бұл
оның қозғалысынан, барлық бұлшық етінің қимылынан көрініп тұрар еді,
əрбір əрекетінен сөзсіз-ақ əйгіленетін осы тəкаппарлық, тіпті, мұның
онсыз-ақ тамаша түгіне де жаңаша өң беріп, жарқырата түскен. Егер
тұмсығы мен көздерінің үстіндегі қоңыр дақ пен кеудесіндегі ақ жолақ
болмағанда оны алып қасқыр екен деп қалар едіңіз. Əкесі сенбернерден
тұлғасы мен салмақты алғаны болмаса, қалған қасиетінің бəрі овчарка
шешесінен дарыған-тын. Тұмсығы қасқырдыкіндей ұзын, бірақ оныкінен
үлкен, бас сүйегі де жалпақ əрі шомбал демесеңіз, пішіні бəрібір
көкжалдардың бас қаңқасын есіңе түсіреді.
Өзіне нағыз қасқырлық айлакерлік, жабайы жыртқыштардың қатерлі
əбжілдігі тəн. Бұғап қоса овчарканың ақылдылығы мен сенбернердің
ұғымталдығы бірдей жұққан еді. Осының бəрі өмірдің қатал мектебі
арқылы жинақталған тəжірибеге қосылып Бэкті тағы ормандарда ақырған
кез келген аңнан да қауіптірек қыла түскен. Енді тек шикі етпен ғана
қоректенетін бұл ит күші кемелденіп, өмірлік қайрат-жігері арнасынан
асып-төгіле бастаған. Торнтон арқасынан сипаған кезде Бэктің түгі
бейнебір əр талының түбінен жасырын магниттік ұшқын шашырағандай
сытыр-сытыр ететін. Оның бойындағы, денесі мен миының əрбір клеткасы
барлық сіңірі мен бүкіл жүйке талшықтары біркелкі ғажайып ырғақпен
толықтай тепе-тең, ширыға тіршілік етер еді. Не көрсе де, не естісе де,
жауап қатуды талап еткен нəрсенің бəріне Бэк найзағай оғындай
ұшқырлықпен əрекет жасайды. Солтүстік тұқымдас иттер тез қимылдап,
шабуылдан жылдам қорғанады. Ал Бэк мұны олардан екі есе жедел
атқарады. Өзге иттер қимылды көріп, дыбысты естіп, мəн-жайды ұғып
болғанша Бэк барлық қимылды олардан бұрын жасап үлгереді. Бэк істі
қабылдау, шешімге келу, əрекет етуді бір мезгілде орындайды. Осынау үш
сəт - қабылдау, ұйғарымға келу, қимылдаудың бірінен кейін бірі
атқарылатыны белгілі. Алайда Бэк үшін бұлардың аралығындағы
мезеттердің жоққа тəн көрінетіні сонша, осының бəрі бір мезгілде
өтетіндей болатын. Күш-қуатқа толы бұлшық еттері болат серіппе секілді
жылдам, əрі дəл қозғалады. Тұла бойын кернеген асау арыны денсесін күл-
парша етіп жарып шығып, арнасынан лықси-төгіле, бүкіл дүниені
жайлайтындай əсер туғызады.
─ Бұл əлемде дəл осындай ит жоқ, болмаған да! - деді бірде станнан
асқақ басып шығып бара жатқан Бэкті бақылап отырған Джон Торнтон
жолдастарына.
─ Иə, қалыбы бұл құйылып біткеннен кейін қақырап қақ айырылып,
түкке жарамай қалған шығар! - деп төндіріп қойды Пит.
─ Құдай ақы, мен де солай ойлаймын, - деп қоштады Ганс.
Бұлар Бэктің станнан қалай шыққанын көрген еді. Бірақ орманға еніп,
адам көзінен тасалаған бетте оның бойындағы сонау мезеттегі үрейлі
өзгерісті байқай алмаған-ды. Тоғайда ол мұншалықты маңғазданбайды,
онда бірден жабайы жыртқышқа айналып, ағаштар арасында сыбдырын
білдірмей мысықша бұға басып, ормандағы көп көлеңкеге астасып кетеді.
Кез келген жерге жасырына қояды, бауырымен жыланша жылжып,
тұтқиылдап жыланша шабуылдап, соққы береді.
Құрды соншама ептілікпен ұясынан суырып ала салады, ұйықтап
жатқан қоянды қағады, ағашқа шығудан бір мезет кешіккен ала
тышқандарды қалт жібермейді. Бұдан қаптаған судағы балықтар да құтыла
алмас еді. Тіпті өздерінің тұрақтарын жөндеп жатқан құндыздардың аса
сақтығы да іске аспай қалатын. Бэк жемтігін мақсатсыз қатыгездікпен емес,
қарын тойғызу үшін өлтіреді. Жəне өзі қаққан азықты ғана жеуді ұнатады.
Аңға шыққанда кейде ерігетін мінезі де жоқ емес-ті. Мəселен, ақ тиінге
ұрланып жетеді де, сəл қимылдаса-ақ аузына түсіп тұрған оған өлердей
зəресін ұшырып ағаш басына құстай ұшып шығуға мүмкіндік береді.
Күзге қарай орманда бұлан көбейді - олар төмендегі жылылау алқапқа
қыстау қамымен баяу жылжи көшіскен. Бэк табыннан қалып қойған
бұзаулардың бірінің сілікпесін шығарып қуды. Əйтсе де оның ірірек
жемтікке түскісі келген еді де, бірде тілегеніне тay бөктеріндегі өзен
сағасында ұшырасып қалған. Мұнда орман мен өзендер өңірінен тұтас
табын - жиырма бастай бұлан келген екен, көсемдері бойы алты футтан
асатын ірі бұқа көрінеді. Өзі ызадан аласұрып-ақ үлгерген. Бэкке бұдан
қатерлі қарсыласты тілеудің өзі қиын еді. Бұлан он төрт тармақты алып
мүйізін шайқап тұр. Кішкене көздерінен долы өшпенділік оты ұшқындаған
ол Бэкті көрген бойда құтырынған ашудан өкіріп жіберді.
Бұланнын кеуде тұсында қауырсынды жебе қадалып тұр еді, оны жанын
жай таптырмай ызаландырған да сол болатын. Бэктің ежелгі дүниедегі
ормандарда аң қаққан бабаларынан жеткен түйсігі ең алдымен көсемді
табыннан ажыратып тастау қажеттігін ескерткен. Оңай міндет емес-ті.
Ырылдаған ит бұланның алдында еңгезердей мүйізі мен бір соққысы
дарыса-ақ мұның жанын жаһаннамға жіберетін темірдің тұяғы тиіп
кетпейтіндей ара-қашықтықта ойнақ салды. Осынау азулы періге арқасын
беріп, тайып отырудың ыңғайын таппаған бұлан қаһарына əбден мінді.
Ызадан екіленген ол Бэкке бірінші болып тұра ұмтылған. Ал анау жорта
қорғансыз көрініп. аса ептілікпен тайқып шыға беріп, сонысымен де
бұланды біртіндеп алдап оқшаулата түсті. Бірақ кəрі бұлан топтан ұзай
берген сайын екі-үш дөнежін жаралы көсемнің табынға қайта қосылуына
жағдай жасап, Бэкке қарай тап-тап береді.
Жыртқыштарға, мəселен, өрмектегі өрмекшіге, шеңберлене жиырылған
жыланға, тосқауылға бұққан ілбісінге бірнеше сағат тапжылмастан
отырғызатын, өмірдің дəл өзі секілді айрықша төзім тəн. Мұндай
шыдамдылықты тірі жемтігін аңдыған жан атаулының бəрі көрсетеді. Қазір
соны бір бүйірден соқтығып табынды бөгеп, жас бұқашықтарды
ызаландырып, құнажындар мен бұзауларды үркітіп, жаралы көсемді
қауқарсыз ашудан жарылардай етіп Бэк те жасады. Бұл əрекет тура жарты
күнге созылған. Бэк тап бір бірнеше бөлікке бөлініп алғандай тұс-тұстан
шабуылдап, табынды əлдебір үрей құйынымен матап, оралып соққан сайын
онсыз да үріккен тобырдың дегбірін алып, жемтігін оқтаулаған сайын
оқшаулай берді.
Кешке қарай, күн еңкейген шақта (күз құзырына кіріп, көз ерте
байланып,
түн
алты
сағатқа
созыла
бастаған)
жас
бұландар
көшбасшыларына көмектесуге құлықсыздық көрсетіп, табыннан ұзамауға
тырысқан. Қыс тақалып келе жатқандықтан алқапқа қарай асығу қажет-ақ
еді, ал мынау жолды бөгеген қайсар хайуаннан құтылу мұңға айналып
барады. Оның үстіне қатер тұтас табынға, жас бұландарға емес, бір ғана
кəрі бұланның басына төнген еді де, əркімнің өз жаны өзіне тəтті
болғандықтан, əлгілер ақыр аяғында көсемді құрбан етуді ұйғарған.
Ымырт жабыла бастады. Басы салбыраған кəрі бұлан өз табынына:
талай серік болған ұрғашы бұландарға, бұзауларына, ырқына бағындырған
дөнежіндерге қарады. Олардың батқан күннің шұғыласына шомылып асыға
басып бара жатқанын көрді. Бұл оларға қосылып ілесе жөнеле алмады,
өйткені тұмсығының түбінде ойнақтаған қатыгез азулы албасты тырп
еткізбеді. Салмағы жарты тонна бұл күрес пен мұқтаждыққа толы қатал да
ұзақ өмір кешкен, міне енді, ажалы сіңірі білем-білем тізесіне зорға жететін
қайдағы бір аласа мақұлықтың азуынан келгелі тұр!
Осы сəттен бастап күндіз-түні жемтігінің қыр соңынан қалмаған Бэк
жаралы бұланға бір мезетте тыныштық бермеуге айналды. Ол оған жас
қайың мен қызыл талдың жапырақтары мен жасыл желегіне ауыз тигізбеді,
өздері өткен бұлақтардың суын ішкізбеді, бұлан қатты қысқан шөлін баса
алмай қор болды. Жиі-жиі жан сауғалап тұра қашады. Бэк оны тоқтатуға
тырыспайды, бірақ өзінің осынау ермегіне сүйсініп, артынан бір елі
қалмай, ақырын ғана бүлкілдейді де отырады. Бұлан бір орнында тұрған
мезгілде Бэк жата кетеді; анау оттауға немесе су ішуге ыңғай білдірсе бас
салып, жағаласа жөнеледі.
Бұланның мүйізі тарам-тарам ағаш іспеттес алып басы бірте-бірте
салбыраған үстіне салбырап, өзі сүйретілген үстіне сүйретіле берді. Енді ол
тұмсығын жерге тіреп, құлақтары салбырап ұзақ меңірейіп тұруды əдет
қылған, ал бұл мезгілде шауып барып шөл қандырып алған Бэк дамылдауға
кіріседі. Ауыр тыныстап, қызыл тілін салақтатып, еңгезердей бұланнан көз
айырмай жатқан сəтте маңайдағы дүние өзгеше күйге түсе бастағандай
көрінеді. Түйсінеді: айнала төңірек құбылып барады. Мұнда бұландармен
бірге көзге көрінбейтін басқа да бір тіршілік иелері пайда болған
сияқтанады. Солардың келуінен орман да, су да, ауа да діріл қағып
тұрғандай сезіледі. Мұны Бэкке өзінің көзі де, құлағы да, тұмсығы да емес,
ішіндегі əлдебір жаза баспас ғажайып қабілеті жеткізеді. Бəлендей тосын
құбылысты көрген де, естіген де жоқ, алайда қоршаған ортада өзгеріс
болғанын, айналада беймəлім бір жан иелерінің аласұрып жүргенін білді.
Сөйтті де қазіргі бастаған ісін аяғына жеткізіп болғаннан кейін төңіректегі
дүниені жақсылап зерттеуді ұйғарды.
Ақыр аяғында төртінші күннің соңына қарай кəрі бұланды титықтатып
біткен. Бір күн, бір түн бойы жемтігінің маңайынан ұзамай, ішініп,
тойынып алды да, соның қасында айналшақтап жүрді де қойды. Одан
дамылдап, отығып алған соң Джон Торнтон есіне түсті де, желе жортып
станға қарай бет түзеді. Ол үйге қарай шым-шытырық жолда шатыспастан,
компас ұстаған адамның өзі қиналатындай бейтаныс мекендерде ешбір
жаңылыспастан, сенімді түрде бірнеше сағат бойы жүйткіді.
Бэк жолшыбай маңайдағы үрейлі жаңа өзгерістерді біртіндеп қаттырақ
сезіне түскен. Енді жағалай мұның жаз бойы бақылаған көріністерінің
мүлдем бөлек тіршілік басталған секілді. Мұны бұл жолы Бэктің ішкі
түйсігі ғана сездірмеген болатын. Жоқ, ол жөнінде құстар сайрап, ақ
тиіндер өзара күңкілдесіп, тіпті желдің өзі сол туралы гулеген. Бэк бірнеше
мəрте аялдады, таңғы самалды иіскелеп, одан өзін жылдамырақ жүруге
итермелеген хабарды андады. Əлде енді ғана таянып келе жатқан, не болып
үлгерген жайсыз оқиғаның лебі дегбірін қашырған. Ол ең соңғы су
айрығынан өтіп стан орналасқан алқапқа түскенде абайлап, жүрісті
баяулатты.
Үш мильдей өткен соң жаңа іздің үстінен түсіп, желке түгі тікірейіп
кеткен. Іздер станға, тура Джон Торнтонға қарай бастайды! Бэк сақтықты
бұрынғыдан да күшейтіп жөнеп берді.
Бүкіл түйсік сезімдері ширыққан ол бəрін бірдей жайып салмағанымен
талай жайттан хабардар еткен деректерді жіті қабылдады. Өзі жүгіріп келе
жатқан жолмен мұның алдында ғана беймəлім адамдардың өткенін иісінен
білді. Мүлгіген орман өзінің тыныштығымен-ақ ішіне əлдебір қатерді бүгіп
тұр. Құстар да үнсіз қалыпты, барлық ақ тиіндер де ғайып болған, Бэктің
көзіне бір ғана нəрсе түсті: өзінің жалт-жұлт еткен сұрғылт сұлбасы кепкен
сұп-сұр бұтақтармен астасып, ағаштардың бөлшегінше солармен біте
қайнасып кетіпті.
Бэк көлеңке іспеттес сонша жеңіл, əрі жылдам жылжыған, кенет оның
тұмсығы белгісіз көлденең күштің ықпалымен бір бүйіріне қарай жалт
бұрылды. Тосын, бейтаныс иіс ырқымен жүрген ол бұта арасынан Нигті
көрді. Төбет бір қырынан жатыр. Өліп қалған. Тəрізі, осы жерге дейін
сүйретіліп келіп жан тапсырған сияқты. Қос бүйірінен бір-бір жебе
сорайып тұр.
Тағы да жүз ярдтай өткен Бэк Торнтон Доусонда сатып алған жегім
иттердің бірінің үстінен түсті. Ажал тырнағына іліккен ит тура жол
жиегінде ирелеңдеп жатыр. Бэк оған қайырылмай айналып өте шықты.
Стан жақтан бірде баяу, бірде күшейе түскен дауыстар күмбірі жетеді, - ол
бірқалыпты əуен ырғағы болатын. Жер бауырлай жылжыған Бэк орман
жолының аяғына шыққанда қадалған жебелерден жайраға ұқсап етпеттеп
жатқан Ганска тап болды. Дəл сол сəтте Бэк шырша бұтағынан жасалған
өздерінің лашықтары жаққа басын бұрғанда назарына іліккен көріністен
қатты тіксінді. Тұла бойы ызадан жарылып кетердей қалшылдаған. Ол
қаһарлана, кəрлене ырылдай бастағанын өзі де аңғармады. Бір сəт бұрқ
еткен долылық ақыл-айлаға ерік бермеді. Бэк естен айырылған еді, оған
себеп Джон Торнтонға деген ғажайып махаббат болатын.
Күркенің орнын айнала билеп жүрген ихеттер кенет өздеріне қарай
заулап төніп келе жатқан бұрын-соңды кездеспеген аңның үрейлі ырылын
естіді. Бойын кек құмары билеген Бэк бұларға өртке тиген дауылдай
соқтыққан. Ол ең жақын тұрған біреуді бас салып (ихеттердің көсемі-тін),
кеңірдегін суырып алғанда қан фонтанша атқыды. Бэк құлап түскен үндіске
қайта тиіспей келесісіне ұмтылып оны да алқымдап тастады. Енді оны
тоқтату мүмкін емес-тін. Тобырға қырғидай тиген ол өзіне қарай қардай
бораған жебелерге қарамастан бəрін баудай түсіріп қырып-жоюға кіріскен.
Ол найзағай отындай ойнақтап жүргендіктен өзара тығыз ұйлыққан
үндістердің атқан оғы бұған дарымай, өз адамдарын жайрата бастаған. Бір
жас аңшының алапат күшпен Бэкке лақтырған найзасы екінші бір
аңшының кеудесінен тиіп, арқасынан бір-ақ шықты. Сол тұста сұмдық
үрейге бой алдырған ихеттер жын-шайтанға тап болдық деп бақырып-
шақырып орманға қарай тұра безді.
Бэк ағаш арасымен бұландарды қуғанындай өкшелеп бұлардың да
іздеріне түскен сəтінде, расында да, дию-періге ұқсап кеткен еді.
Бұл ихеттер үшін қарғыс атқан күн болды. Тоғайдың тұс-тұсына ту-
талақай болып қайтқан олардың аман қалғандары арада бір жеті өткенде
ғана түкпірдегі алаңқайда бас қосып, шығындарын түгендеуге кіріскен.
Ал бұларды қуудан шаршаған Бэк бос қалған станға қайта оралды. Ол
ұйқыда жатқандықтан əлгілер көрпесінің астынан шығып үлгертпей өлтіріп
кеткен Питті тауып алды. Айнала төңіректе Торнтонның аянбай
шайқасқанын əйгілеген белгілер сайрап жатыр. Бэк сол іздерді жағалай
иіскелеуге кіріскен. Іздің шеті терең тоғанның жағасына алып келді.
Жиектегі суға басы мен алдыңғы аяқтарын сұғына, қожайынына адалдық
танытып,
ең
соңғы
сəтке
дейін
ұзамаған
Скит
жатыр.
Кен
шаймаланғандықтан лайланып кеткен балдырлы тоғанның түбінде не бар
екені белгісіз. Ал онда Джон Торнтон жатыр еді. Бэк оның табан ізінің суға
дейін барғанына көз жеткізді, бірақ қайтқан ізі жоқ.
Бэк күні бойы біресе тоған басында отырып, біресе стан ішін шарқ
ұрып шарлаумен жүрді. Ажалдың не екенін білетін еді: адам қимылдауды
доғарады, одан тірілер арасынан мүлде жоғалады. Ол Джон Торнтонның
өлгенін, енді қайтып келмейтінін түсінді де, құлазып сала берді. Бұл аштық
секілді түйсік екен, бірақ азынаған осы бостық жанға бататын сияқты, ол
қуысты ешбір азықпен толтыра да алмайсың. Аталған сырқаттың аялдан
ихеттердің өлігіне қараған кезде ғана басылатынын аңдады. Сол сəтте оның
кеудесінде керемет өрлік пайда болды, ол ешқашанда өз-өзін дəл мұнша
асқақ сезінш көрмепті. Өйткені бұл ең асыл аң адам өлтірді ғой, түптеріне
сойыл мен азу заңы бойынша жетті. Өліп жатқандарды тамсана иіскелеген.
Сөйтсе, адам өлтіру оп-оңай көрінеді! Əшейін итті өлтіруден де жеңіл.
Жебелері мен найзасы жəне сойылдары болмаса олар мұнымен, мына
Бэкпен күш сынасуға дəрменсіз екен.
Көз байланды, ағаштардың ұшар басынан төнген толық ай төңіректі
күміс нұрға бөледі. Осы түні тоған түбінде торығып отырған Бэк орманда
өзі үшін өзге бір өмірдің басталғанын айқын сезінді. Ол орнынан тұрды,
айналаға құлақ түріп, ауаны иіскеледі. Алыстан əлдебір əлсіз, бірақ өте
анық ұлыған үн естілді. Одан оған тұтас хор қосылған. Ұлу біртіндеп
күшейе түсті де, сəт сайын тақала берді. Бэк қайтадан бұл дыбысты өзінің
сана түкпірінде сақталған өзге бір əлемде естігендей болады.
Сөйтіп ашық алаңқайға шықты да, құлақ түрді. Иə, бұл сонау сарынның
өзі, сол көп дауысты сарын! Бұрын дəл мұнша күшпен сарнамаған болар,
дəл қазіргідей арбамаған да шығар, Бэк оған ілесе жөнелуге даяр еді. Джон
Торнтон өлген. Соңғы дəнекер үзілген. Бэк үшін оның талаптары мен
құштарына ие болатындай адам енді жоқ.
Үндістерге ұқсап тірідей олжа қаққан қасқырлар үйірі көшкен
бұландардың ізіне түсіп, ормандар мен өзендер шетімен өтіп бара жатқанда
Бэктің алқабына тап болған-тын. Олар ай шапағына шомылған алаңға
сұрғылт ағындай лықсып шыққанда бұларды дəл ортада тас мүсіндей
қасқайып Бэк күтіп тұрды. Осынау тапжылмаған алып хайуан
қасқырлардың зəресін алған еді, бірақ бір сəттік қобалжудан кейін олардың
арасындағы ең батылы Бэкке қарай қарғыды. Көз ілеспес жылдамдықпен
соққы беріп үлгерген Бэк оның мойын омыртқасын үзіп жіберді. Ол
бұрынғысынша, бірталай уақыт қалт етпестен тұра берді, ал оның сырт
жағында жанталасқан қасқыр дөңбекшіп жатты. Одан соң тағы да үш
көкжал кезек-кезек шабуылдауға тырысқан - бірақ бəрі де қанға боялып
кеңірдегі немесе иығы жұлмаланып кері серпілді.
Ақыр аяғында Бэкке бүкіл топ жабылды. Жемтікке құмартқан бөрілер
оған бір-бірін кимелеп иін тіресе ұмтылған. Алайда Бэктің керемет əккілігі
мен ептілігі көмекке келді. Азу мен тырнақты іске қосып, артқы аяқпен
шыр айналған ол басқыншылардан қорғанып бақты. Əлгілерге сырт жағын
беріп қоймау үшін шегінуіне тура келген. Ол тоғаннан ұзап, кепкен өзеннің
арнасына іліккенше шегіншектей берді.
Сөйтіп биік жарға тірелді де, одан өтіп алғаннан кейін қожайындары
шаймалауға құм алып жүрген орға дейін жетті. Бұл тұста үш жағынан
бірдей қорғанып алған болатын. Енді жауды тек маңдайдан тойтару ғана
қалған-тын.
Мұны ойдағыдай атқарғаны сонша, қасқырлар жарты сағаттан кейін
əбден абдырап, кейін ысырылды. Тілдері салақтап зорға демалады. Алмас
азулары ай жарығында жылт-жылт етеді. Біреулері тұмсықтарын көтеріп,
құлақтарын тікірейткен күйі жата-жата кетісті. Екіншілері Бэкті аңдып тұр.
Кейбіреулері тоған суын қомағайлана жұтады. Бір мезгілде ірі, арық қасқыр
ақырын басып алға шықты. Қимылынан достық пейілі айқын байқалады, ─
сонда ғана Бэк тəулік бойы орман арасында қоса жортқан жабайы бауырын
таныды. Көкжал ақырын ғана қыңсылады да, Бэк те оған дəл солайша
жауап қатты; сөйтіп өзара иіскелесе бастаған.
Бұдан кейін Бэкке таласудан тұла бойында сау тамтығы қалмаған тағы
бір кəрі қасқыр таяу келді. Бэк бастапқыда тісін сақылдатқанымен, онымен
де иіскелесті. Осынау салтанаттан соң қарт қасқыр шоқиып отырды да,
тұмсығын айға көтеріп созылтып ұли бастады. Қалғандары да сөйткен. Бэк
ұзақ түндерде мазасын алған сонау сарынды таныды. Бұл да отыра қалып
ұли жөнелді.
Бəрі тыншыған мезгілде қорғанған орнынан шықты да, мұны қоршай
алған бүкіл үйірдің тең жартысы достықпен, екінші бөлігі жауыққан түрде
жағалай иіскелеуге кіріскен. Көсемдер ұлуды тағы жалғастырып, орманға
қарай жөнеді. Соңдарынан ілескен бөрілер де қосыла ұлып келеді. Жабайы
туысына еріп Бэк те жүгіріп берді. Ол да жортқан бойда ұлып қояды.
Осымен Бэк туралы əңгімені аяқтаса да болар еді.
Арала біраз жылдар өткенде ихеттер ормандағы қасқырлар тұқымының
едəуір өзгергенін аңдаған. Басы мен тұмсығында қоңыр дағы, омырауында
ақ жолағы бар көкжалдар ұшыраса бастады. Ең кереметі ихеттердің
айтуынша, қасқырлар үйірін Ит Рухы бастап бара жататын көрінеді. Бұлар
осы иттен қатты қаймығатын еді, өйткені ол айлакерлеу. Қақаған аяздарда
қорларын ұрлайды, қақпандағы олжаларын алып кетеді, иттерін жеп қояды
жəне ең жаужүрек аңшылардан да сескенбейді.
Бұдан да қорқынышты нəрселер айтылып жүрді: кейде орманға кеткен
аңшылар тұраққа қайтып оралмайтын, кейін қайсыбіреулерін кеңірдектері
жұлынып өліп жатқан жерлерінен тауып алған. Ал айналасындағы қардағы
із қасқыр табанынан ірірек дейді.
Иттер күзде бұлан аулауға шыққанда бір алқапты ылғи айналып өтеді.
От басында сол алқапты Жын-Шайтанның баспана қылып алғаны туралы
əңгіме басталғанда олардың əйелдерінің жүзін мұң кіреукелейді.
Иттер бұл алқапқа жазда бір орман жыртқышының соғатынын білмейді.
Ол - өзге бөрілерге ұқсайтын да, ұқсамайтын да, түгі жалтылдаған алып
қасқыр. Өзі тоғай түкпірінен жалғыз өзі шығып, алқапқа, ағаштар
арасындағы алаңқайға түседі. Мұнда тоз-тозы шығып, ішінен жерге алтын
құм сорғалаған бұлан терілі қаптар жатыр. Араларынан сорайып өскен биік
шөп алтынды күн көзінен көлегейлеп тұрады.
Таңғажайып қасқыр осында бірталай уақыт ойланған пішінмен отырып,
құмыққан үнмен ұзақ ұлып-ұлып, ақырында кетеді.
Кейде топпен де келеді. Ұзақ қысқы түндер басталғанда алқапқа жемтік
іздеген басқа қасқырлар да түседі, сонда оның лек басында жортып бара
жатқанын көруге болады. Ол əлсіз ай сəулесі астында немесе солтүстік
шұғыланың мың құбылған жарығы аясында өз бауырластарының арасынан
жотасы ерек көрініп, барлық үнімен əлемнің сонау балғын кезіндегі əуенді
- қасқырлар үйірінің əуенін күңірентіп бара жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |