Ұябай кесенесі
Өткен ғасырлардағы ата-бабаларымыз қолданған құрылыс өнері мен мәдениетінің ерекшеліктерін сипаттайтын ескерткіштің бірі - Ұябай кесенесі
Қызылорда облысы, Арал ауданы Қарақұм ауылдық округінің шығыс бетіндегі «Қараның құмы», «Қоңыртөбе» аталатын биік төбелер тізбегі созыла келе Тоқабай ауылының арқа бетінде 25 шақырымдай жердегі, ұзындығы 12 км болатын табиғаттың ерекше бір туындысы іспетті «Жантудың тақыры» делінетін үлкен тақырға келіп ұласады. Осы айтақырдың күн батыс тұсындағы биік төбе басындағы үйтам алыстан көзге шалынады. Кесене күйдірілген қыштан тұрғызылған, күмбезді архитектуралық кешен. Бие сүті мен аттың қылын қосып иленген күйдірілген қыш кірпіштерден шығыс үлгісімен, түрлі орамдармен шебер өрілген биік күмбезді кешен көрген жанды еріксіз таң қалдырады. Кезінде еменнен жасалған қаусырмалы есіктері, жанында мейманхана сияқты қосалқы құрылыстары да болған көрінеді. Бірақ арада өткен ғасырдан астам уақыт сәулетті кешеннің бастапқы түр-сипатына үлкен өзгерістер енгізген. Күмбезінің бір бөлігі опырылып, қабырға кірпіштері үгітіліп құлаған. Күмбездің бірнеше жерінде айналдыра терезе тәрізді ойықтар, өрнек түрінде жасалынған. Кірпіштері сол маңайдағы құмдауыт топырақтан дайындалған. Күмбездің тұрғыщылған уақыты күзге салым уақыт болса керек. Ағытып жіберген биелерді қайта байлатып биенің сүті мен жылқының қылын туратып, араластыру арқылы иі қандырылып барып куйдірілген. Нақтылы тарихи дерек жоқ. Дегенмен, ауыз екі тарих айту дәстүрімен межелегенімізде, салынғанына бір жарым ғасырға жуық уақыт болған. Кесененің салынған уақыты шамамен 1893 жылдары. Себебі, Ақжанның кенже баласы Абат, кесене салынғанда мен жеті жаста едім деп, туыстарына естелік қалдырған. Абаттың өзі 1968 жылы 82 жасында қайтыс болды. Сонда, Абат 1886 жылы өмірге келген. Құрылыс басталғанда ол кісінің жеті жаста екендігі қаперге алынса, кесене 1893 жылы тұрғызылған болып шығады. Осы бір дерекке сүйенер болсақ, Ұябай 1868 жылы дүниеге келіп, 1893 жылдары өмірден озған болып саналады. Өзінің салыну стилі, архитектуралық құрылысының бірдейлігі жағынан, күмбезі мен сыртқы қабырға өрнектерінің сәйкестігі тұрғысынан да, Ұябай кесенесі, Сыр бойындағы «Бекетай бидің» мазарына өте ұқсас. Қабырғаның күмбезбен байланыстырылған үстіңгі ернегін бастыра тігінен өріліп жабылған кірпіштерінің өрнегінде де ұқсастық көрініп тұр. Күмбезді айналдыра салынған терезе тәрізді өрнекті ойықтар да, өзінің орналасу формасы жағынан дәл келеді. Ұябаймен бірге туған Көкеннің баласы Балапаннан тарайтын Қуандық ағадан кесенені тұрғызған шебер туралы деректің жоқтығын алға тартты. Бір анығы, шебер ұстаның Хиуадан келгендігі. Бекетай бидің мазарын салған, Нұрымбет баласы Әбілбай шебер де қыш қалау тәжірибесін Хиуада жүріп әкесінен үйренген. Ұябай кесенесін тұрғызу кезінде де, тапсырыс беруші ағайындарымен келіспей қалған ұста жоғарғы жағындағы екі-үш кірпішті байланыстырмай кеткен. Себебі, Ақжанның бір баласы Ашубай, ұсталарға күз болып қалды тездетіп бітіріңдер деп қысым көрсеткен. Кейіннен ағайындары сол жерлерін өз мүмкіндіктерімен жапқан. Қазіргі күнде кесене мәдени ескерткіштер тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған.
Кесенеге Ұябайдан кейін әкесі Ақжан мен әжесі Бөбекен және Ақжанның адал қызметші, жылқышысы жерленген. Төрт адамның мүрделері бар. Әкесі Ақжан өте киелі, қыдыр көрген, құманына қара су ұйыған қасиетті адам екен. Жылқышысының адалдығы сонша, ұйыған қара судан ерініне тигізіп, ауыз тиместен Ұябайға әкеліп беретін көрінеді. Есігін баққан қызметшісі болса да, бірін-бірі құрмет тұтқан, сыйлас жандардың, өнегелі өмірлерінің соңы о, дүниеде де бірге, қатар жатуларында болып тұр.
Кесененің сыртқы қабырғаларының кірпіштері түсіп, күмбездің жоғары жағы құласа да, айналасында көп кірпіш жоқ. Себебі, ХХ ғасырдағы ақ сирақ жұт, ашаршылық қысқан зұлмат жылдары, көп адамдар Ұябай мен Ақжан жатқан кесенеге келіп паналаған. Аштан қырылғандарының сүйектері кешегі күндерге дейін шашылып жатса, көпшілігі осы жерден жандарын сақтап, өмірге жолдама алғандай болды. Осындай қилы замандарда көптеген адамдар кесене кірпіштерін әр түрлі қажеттіліктеріне жаратқан көрінеді.
Ұябай Ақжанұлы - ХІХ ғасырдың 30-жылдары шамасында, өлкетанушы Тәңірберген Дәрменовтың дерегінше 1868 жылы дүниеге келген. Туған жері, ол кезде Қазалы уезіне қарасты бүгінде Өзбекстанның Тамды өңірінің жері. Әкесі Ақжан Қарасақалдың Сарбасынан шыққан Қарақұм өңіріне танымал, беделі жүрген рубасы, мыңғыртып мал айдаған бай болған.Ойшыл көріпкелдігі болған Ақжанның әулиелік қасиеттеріне қыр өңірінің халқы шек келтірмей, мойындап, құрмет тұтатын болған. Қарасақал руының шежіресіне көз салсақ, Ақжаннан өрген жеті бала – Байқадам, Көкен, Шақарбай, Ұябай, Жылқышы, Ашубай, Абат.
Ауқатты ортадан шыққан Ұябай өз заманының салтанатты серісі болған деседі. Өзі ажарлы, сұлу сымбатымен көрген жанды еріксіз өзіне табындыратын жігіттің сұлтаны болған екен. Ұябай жас кезінде дін оқуына ден қойған, Бұхарадағы әйгілі «Көкілташ» медресесінде дәріс алған. Медреседе тәжік әдебиетінің классигі Садриддин Айнамен, парсы халқының әйгілі «Шахнама» дастанын қазақшаға тәржімалап, кітап етіп бастырған әйгілі Сыр шайыры Тұрмағанбет Ізтілеуовпен бірге оқыған. Медресені бітіргеннен кейін 4-5 жылдай Хиуа жерінде мектеп ашып, бала оқытқан. Ұябай ескіше діни оқудан аса сауатты ғұламалығымен қоса ақындығы бар, сері, бірнеше күй шығарған күйші, асқан шебер домбырашы да болған «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт болған. Ұябай бойындағы сал-серілік, күйшілік өнер әкесі Ақжаннан дарыған. Өйткені Ақжанның өзі де өнерлі, шебер домбырашы еді. Ұябайдың күйлері, мысалы, «Бекзатым», «Пай-пай» күйлері ғашықтық сезімі оттай күйдірген Қымбат сұлуға, «Жон жорға» күйі Қымбаттың «Паң жорға» деген сәйгүлік атына арнап шығарылған екен. «Пірлі айым» - Қымбаттың үлкен жеңгесіне, «Үрлі айым» - кіші жеңгесіне арнаған. Ал, «Арда бозым» күйі ғашығына арнап шығарған ең соңғы күйі болған екен. Өкінішке орай, ел есінде ұмыт болған куйшінің өлмес туындалары туралы деректер те мардымсыз. Аралдағы өнерге биім Акжан ұрпақтары оның күйлері Қарақалпақ елінде ғана белгілі екендігін айтудан әрі аса алмай отыр.
Киелі өнерді бойына сыйдырған Ұябай, «мені домбыра тартудан кім жеңсе, соған ғана үйленемін» - деп өзіне өзі шарт қойған. Күндердің күнінде бір қызбен күй жарысына түседі. Қыздан жеңілетіндей шамаға келгенде, қыз өзіне соншалықты ұнап тұрса да аяқ киімін шешіп жіберіп, башпайымен күй тартқан. Көптің алдында әдептен аса алмаған қыз жеңілгендігін мойындапты. Сонда әкесі Ақжан «сезіміңді намысқа жеңдірдің, енді саған қыз жоқ. Енді менің алып берген қызымды аласың» деп, өзімен деңгейлес Құлымбай болыстың қызы Қымбатқа құда түседі.
Ұябай атастырылған қызы Қымбатпен қазақтың салтымен қалыңдық ойнап қайтар сапарында айналасы тегіс көрінетін биік төбенің басына шығып таң тамаша қалады. «Әкем Ақжан дүниеден қайтар болса, осы араға жерлеп, асына биік күмбезді кесеене салдырамын» деп өз-өзіне серт береді. Сол сапарынан кейін ауылына келіп ол ауырып, көп ұзамай қайтыс болады. Баласының өліміне қатты қайғырған Ақжан «баламның денесі қарайып кетіпті, көз тиген. Енді баламның баласына аманат, өнерден аулақ болсын» деп, ұрпақтарына өсиет қалдырған. Ұябайды өзі көрген төбенің басына жерлеп, топырақ сол жерден бұйырады. Өзі армандаған еңселі күмбезді кесене, әкесі Ақжанның бас болуымен Ұябайға арнап тұрғызылды. Осылайша өзі туған даланың төсінде аты қалған Үябай кесенесі пайда болды.
Қуатова Бейбіткүл Үргенішбайқызы
Қызылорда облысы
Арал ауданы
№248 орта мектептің мұғалімі
Достарыңызбен бөлісу: |