Компартияның 1927 жылы өткен XV съезі ауылшаруашылығын ұжымдастыру бағытын жариялады. Осылайша «өркениетті кооператорлар қоғамын» құру идеясы КСРО-дағы социализм құрылысының құрамдас бөлігіне айналды. Ауылда кооперативтік қозғалыстың дамуы барысында шаруаларды кооперативтендірудің жоғары формаларына кезең-кезеңмен өту ұстанымдары жарияланды. Оны бір жағынан мемлекеттің қарамағына алынған жерлерде совхоздар (кеңшарлар), МТС-тер (машина-трактор стансалары), екінші жағынан колхоздар (ұжымшарлар) құру арқылы шешу көзделді.
Қазақстанның астықты аудандарында колхоз құрылысының негізгі формасы – ауылшаруашылық артелі, ал малшаруашылығымен айналысатын аудандарында жерді бірлесіп өңдеу мен шөп шабу жөніндегі серіктестік болуы тиіс еді. Онда жарғы бойынша мал қоғамдастырылмай, тек жеке мал мен құрал-жабдықтарды пайдалануға ақы төленуі керек болды.
1928 жылы 1 шілдеде Қазақстанда 41 кеңшар мен 1881 ұжымшар болды. Ұжымдық шаруашылықтардың 76-ы ауылшаруашылығы коммунасы, 1215-і ауылшаруашылығы артелі, 590-ы жерді бірлесіп өңдеу серіктестігі еді.
1928 жылдың маусым айында болып өткен колхозшылардың Бүкілодақтық І съезі жоғарыдағы сталиншілдер бағытына жол ашып, ауылшаруашылығын жаппай ұжымдастыру жолымен әміршіл-әкімшіл басқару арнасына түсіріп, жекеменшіктің орнына қоғамдық меншікті орнықтыруға күш салды.
Осының нәтижесінде Қазақстандағы колхоз қозғалысы едәуір екпін алды. 1929 жылдың 1 қазанында Қазақстанда 117,7 мың жеке шаруашылық ұжымдастырылды. Келесі қараша айында өткен БК(б)П ОК-нің пленумы осы жұмыстарды қорытындылап, жекелеген облыстар алдына жаппай ұжымдастыру міндетін қойды.
Бұл міндетті шешу жолдарын белгілеу үшін ОК-тің Саяси Бюросы арнайы комиссия ұйымдастырды. Оның құрамына Қазақстаннан Ф.И. Голощекин кірді.
Осы комиссия дайындаған жоба Саяси Бюро мәжілісінде қаралып, соның негізінде БК(б)П ОК 1930 жылғы 5 қаңтарда «Коллективтендірудің қарқыны және мемлекеттің колхоз құрылысына көмек беру шаралары туралы» қаулы қабылдады.
Онда Қазақстан коллективтендіруді 1931 жылдың күзінде немесе 1932 жылдың көктемінде аяқтауы тиіс болып белгіленді. Бірақ Қазақ өлкелік партия коммитеті 1929 жылдың желтоқсан айында-ақ ұжымдастыруды егіншілік аудандарда ғана емес малшаруашылығымен айналысатын аудандарда да жеделдетуге нұсқау беріп қойған еді.
Жаппай коллективтендіру науқаны басталардан бұрын 1926-1928 жылдары Қазақстанда «Кіші Қазан» науқанын, яғни ауылды кеңестендіруді, шабындық және жайылымдық жерлерді қайта бөлуді, мал тәркілеуді қатыгездікпен белсенді жүзеге асырған Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голощекин жаппай ұжымдастыруда да Қазақстанға тән өлкелік ерекшеліктерді ескермеді.
Бүкіл Одақтағы барлық көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтың 80 пайызға жуығы (4236 мың адамды біріктіретін 706 мың жеке, ұсақ шаруашылық) Қазақстанда болатын. Ұжымдастыру үшін оларды алдымен жерге орналастыру және жаппай отырықшыландыру керек еді. Бұл екі күрделі процесс (отырықшыландыру мен ұжымдастыру) шұғыл түрде және қатар жүргізілді.
1928 жылы Қазақстандағы барлық қожалықтың 2%-ы ұжымдастырылған болатын. Ал 1930 жылдың 1 сәуіріне қараған тұста ұжымдастыру көрсеткіші 50%-ға, қазанда 65%-ға жетті.
1930 жылғы 1 қаңтар мен 1 наурыз аралығында ғана ұжымдастырылған шаруа шаруашылықтарының саны бұрынғыдан екі есе асып кетті.
Қазақстан басшылығы отырықшыландыру процесін ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі малшаруашылығына, ұлттық салт-дәстүрлерге қарсы қойды.
Қазақстан Орталық Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесі 1928 жылы «Ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» декрет шығарды. Жаппай ұжымдастыру кезінде байлар мен кулактарды тап ретінде жою саясаты да жағдайды одан әрі ауырлата түсті. Осындай қатал шаралар және ет, астық дайындау науқандарындағы асырасілтеушілік, қазақты дәстүрлі даму жолынан күшпен тайдыру әрекеті халықтың жаппай қарулы наразылықтарын туғызды.
Ресми мәліметтер бойынша 1929-1931 жылдары Қазақстанда 372 рет шаруалардың бұқаралық бас көтеруі болды. Тоталитарлық жүйе бұл көтерілістерді аяусыз, әскер күшімен басып отырды.
Көшпелі және жартылай көшпелі шаруаларды зорлап отырықшыландыру жоспары алғашқы бесжылдықта (1932 жылдың соңына дейін) сәтсіздікке ұшырады. Қазақстанда 400 мыңның орнына 70,5 мың шаруа қожалығы ғана отырықшыланды.
1933 жылдың 1 шілдесінде Қазақстан шаруашылықтарының 67,3 пайызы, ал 1937 жылдың 1 шілдесінде 97,5 пайызы ұжымдастырылды. Күштеп ұжымдастырудың және жоспарлы түрде жаппай отырықшыландырудың зардаптары өте ауыр болды. Қазақ халқы бәрінен көп зардап шекті.
Ұжымдастыру қарсаңында республикада 40,5 млн. мал басы болса, 1933 жылғы 1 қаңтарда небәрі 4,5, млн. ғана мал қалған еді. Мұның соңы қазақ халқының ашаршылыққа және жаппай босқыншылыққа ұшырауына ұрындырды. 1929-1933 жылдары миллионға жуық адам Қазақстаннан ауып, Қытайға, Ауғанстанға, Иранға және т.б. елдерге көшіп кетті. Олардың 600 мыңы тарихи отанына оралмады. Аштық құрбандары болғандардың саны 1798,4 мың адам болып, сол кездегі қазақтың 46,8 пайызын құрады.
1932 жылғы шілдеде республика қайраткерлерінің бір тобы – Ғ. Мүсірепов, М. Ғатаулин, М. Дәулетқалиев, Е. Алтынбеков, Қ. Қуанышев аштық және оның себептері туралы БК(б)П өлкелік комитетіне, тікелей Ф. Голощекинге ашық хат жазды. Бұл хат тарихта «Бесеудің хаты» деп аталды.
Голощекин қасіреті
Менің әжем 1923 жылы дүниеге келген. Ашаршылықты көрген ол кісі нан қиқымын шашпауды, ысырапшыл болмауды үйретті. Әжемізден талай аңызға бергісіз естеліктерін де естіп едім. Ол кісінің үнемі айтатын мақалы «Аштықта жеген құйқаның дәмін, тоқтықта ұмытпа» дейтін. «Еее, сендер біз көрген қиындық пен ашаршылықты көрмеңдер, далада масақ теріп, оның басын үгітіп, қуырып жегеннен басқа тамағымыз болмайтын» дейтін әжеміз. Басында мән бермеген бұл әңгімелер бүгінде мен үшін таптырмас дереккөзіне айналып отыр. Осыншама зұлматты қолдан жасаған кім? Голощекин қасіреті деген не? Міне, бұл сұрақтар әлі де тарих қойнауында жабулы қазан күйінде қалып отыр. Ғасырға жуық уақыт өткенмен зұлмат жылдардың жаңғырығы әлі де естіліп тұрғандай, себебі оны көрген ұрпақтың жалғасы бүгінгі күні өмір сүріп келеді.
Колхоздастыру қалай басталды?
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Кеңес Одағы индустриаландыру бағытына көшті. Зауыт фабрикалардағы жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі тұрды. Одақ басшылығы шаруалардан бидай жинауға кірісті. Жай ғана жинап алмай, соңғы дәніне дейін тартып алды. 1927 жылдың соңына қарай астық өндіруде дағдарыс басталды. Бұқарадан жиналған бидай сыртқа жөнелтіліп жатты. Одан түскен қаражат зауыт, фабрикалар тұрғызуға жұмсалды. Қолындағы бар астығын бергісі келмеген байлармен күрес басталды. Билік сол кезде ұжымдастыру науқанын бастап кеткен болатын.
1927 жылдың желтоқсанында бүкілодақтық коммунистік партияның XV съезі өтіп, оның шешімі бойынша 1932 жылдың көктеміне дейін, яғни өте қысқа мерзімде ауыл шаруашылығы колхоздастырылып, бір ұжымға біріктірілуі керек деген шешім шықты.
1928 жылы Қазақ АКСР Атқару комитеті мен халық комиссарлар Кеңесінің «Бай шаруашылықтарын тәркілеу» туралы қаулысы шыққан соң, осының негізінде 700-ге жуық ірі бай шаруашылықтары тәркіленіп олардың иелері қанаушы тап ретінде атылды. Осы саясат кейіннен колхоздастыру кезінде де жалғасып, оған орта шаруалар да ұшырады. Қазақстандағы коллективтендіру аса жылдам қарқынмен жүргізілді. Қазақстандағы коллективтендіру қазақ халқының ғасырлардан бері қолданып келе жатқан көшпелі тұрмысын, әдет-ғұрпын, салт-санасын ескерілместен жүргізілді. Шаруаларды еріксіз, зорлап колхоздарға кіргізді. Қазақтарды күштеп отырықшылыққа көшірді. Халықтың қолындағы мал колхозға тартып алынды. Бұл істердің барлығы дайындықсыз жүргізілгендіктен және қысқы жем-шөптің болмауынан мал шаруашылығы үлкен апатқа ұшырады. 1932 жылдың ақпан айына дейін колхоздардағы малдың 87% -і қырылып қалды.
1928 жылға дейін Қазақстанда 40 миллион мал болса, айналдырған екі үш жылдың ішінде 5 миллиондай ғана қалды. Голощекиннің бұған қатысы қанша деген сауал туындайды осы жерде? Филипп Голощекиннің тікелей қатысы бар. Себебі қазақ даласында басталғанұжымдастырудың басы-қасында осы Голощекин тұрды.
Коллективтендіру жылдары жіберілген өрескел қателіктердің салдарынан қазақ халқының 49% қырылып қалды. 1 миллионға жуық адам шет елдерге қашты. Нан мен әнге толған қазақ даласы молаға айналды.
Голощекин жергілікті халықтың әдет-ғұрпын білместен Қазақстанда ойына келгенін істеп, елді басқаруда командалық-бюрократиялық әдісті қолданып, өзінің жеке билігін орнатты. Ол Қазақстанда «Кіші Қазан» идеясын жүргізді. Оның бұл идеясына Рысқұлов, Нұрмақов, Сәдуақасов, Төрегожин сияқты қайраткерлер қарсы шықты. Бірақ Голощекинді Сталин қолдап отырды. Қазақстандағы аштық және оның себептері туралы Тұрар Рысқұлов Сталинге бірнеше рет хат жазды. Зорлап ұжымдастыру, салықтың көбеюі, мұсылман әдет-ғұрыптарына тиым салу осының барлығы халықтың наразылығын туғызды. Соның салдарынан 1929-1932 жылдар аралығында Қазақстанның көптеген аймақтарында көтерілістер болды.
Ауыл шаруашылығының ұжымдастырылуы өте қатал жағдайда жүргізілді. 1931 жылы көшпенді және жартылай көшпенді шаруаларды жаппай отырықшыландыру жөнінде міндет қойылды. Ұжымдастыру жедел және жоспарсыз жүргізіле бастады.
Бесеудің хаты
Кремльде отырған билік бұл жағдаймен етене таныс еді. Сталиннің атына халықтан толассыз хаттар келіп жатты. Қазақ зиялылары Голощекиннің іс-әрекеттері халықтың қырылуына әкеліп соқты деп жазып, ақыры қудалауға ұшырады. Жазушы Ғабит Мүсірепов, Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі Мансұр Ғатаулин, Комвуз проректорының орынбасары Мұташ Дәулетқалиев, осы оқу орнының проректоры Емберген Алтынбеков және ҚАССР Мемжоспардың энергетикалық саласының меңгерушісі Қадыр Қуанышев бесеуі Мәскеуге хат жазды. Онда Голощекин ұжымдастыруды өткізу бойынша партияның бағытын бұрмалап, мал шаруашылығын жойып, халықты аш-жалаңаш қалдырғандығы жайлы деректер келтіреді. Сондай-ақ бұл хатты жазудағы қазақ зиялыларының мақсаты араздасу емес, керісінше партияның басты қаруы болып табылатын партиялық демократия аясында Өлкелік комитетке өзімізді толғандырып жүрген сұрақтарды қою, Қазақстанда социализмді құруға көмектесу дейді. Сондықтан да біздің сұрақтарымызға партия белсенділерінен шыққан ұсыныс ретінде қарап, бізге жауап береді деп үміттенеміз, - деп хат жолдайды. Алайд абұл хатқа билік тарапынан ешбір жауап болмайды.
Миллиондаған мал қырғынға ұшырады.
Әбден ашынған халық көтеріліске шықты. Қазақстан территориясында осы кезеңде 400-ден астам көтерілестер болып, 80 мыңға жуық халық көшеге шықты. Қазақстанның оңтүстігі Созақ ауданында,Семей өңірінде, Алматы облысының Балхаш ауданында, Ақтөбенің Ырғыз аудандарында бінеше дүркін көтерілістер болды. Билік болса шаруалар көтерілісін әскери жасақтармен тоқтатпақ болып, 5551 адамды қамауға алып, оның 883 ату жазасына кесті.
Ақыры ашаршылық зардабын тартқан халықтың үніне билік құлақ аса бастады. Сөйтіп, бұқара халықтан тартып алынған дүние-мүлік пен малды қайтара бастады. Колхоз, совхоздарға техникалық әрі ақшалай көмек көрсетіле бастады. 1933-1937 жылдар аралығында екінші бесжылдықтың жоспары орындалды.
Екінші дүниежүзілік соғыс алдында 200 совхоз, 7 мыңға жуық колхоз пайда болды. Жер жыртып, тың жерлерді игере бастады. Алқаптарда 41 мыңнан астам трактор, 11,8 мың комбайн, 14 мың жүк мәшинесі жұмыс істеп жатты.
Филипп Голощекин қайда кетті?
Сталиннің қызметшілерінің тағдыры іспетті оның да тағдыры түбегейлі өзгерді. 1939 жылы 15 қазанда қамауға алынып, екі жыл тергеу изоляторында отырды. 1941 жылдың 28 қазанында Голощекинге түрлі айыптаулар тағылып, ату жазасына кесілді. Сөйтіп оның өзі де ұлтымыздың ұландарын жалмаған саясаттың құрбанына айналды. Қазақты қырған жауыз «Халық жауы» атанды. Алайда қазақты қырған қаніпезерді 1961 жылы КСРО ақтап шықты. Бұл тарихқа жасалған ең қатыгез шешім еді.
Голощекин саясаты – сталинизмнің Қазақстандағы айқын көшірмесі болатын. Голощекин патшаның отаршылық саясатын кеңестік тәсілмен пәрменді түрде жүргізген Қазақстандағы кіші Сталин еді. Патшалық Ресейдің екі ғасыр бойы іске асыра алмаған коммунистік жүйесін сегіз жыл ішінде жүзеге асырған нағыз қатыгез адам ретінде тарихта қалды.
Ғасырға жуық уақыт өтсе де Голощекин жауыздығы тарихтан өшпейді. Себебі ашаршылық жалмаған халықтың ұрпағы мұны естен шығармасы анық. Тек бір нәрсе ғана анық. Бұл трагедия енді қайталанбайды.
Достарыңызбен бөлісу: |