Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
27
жайсаң жігіттерді шынжыр кісен кигізіп, зынданға тастамады. Қайсының аты
есте? Ал бүгінгі тұтқын жігіттің аты кім еді?» Әбілқайыр ойлана қалды. «әйтсе де
осы дау болып жатқан жігіттің есімі кім еді? Аян ба, Шаян ба, Баян ба?» Жігіттің
аты кенет есіне түсті. «Иә, иә, Саян екен ғой. Бұл атты бұрын қайда естідім? Иә,
иә, солай екен-ау, маған оның атын Рабиу-Сұлтан-Бегім айтқан еді ғой. Бәсе, не
деп еді? Өзімнен туған екінші балам Сүйіншік сұлтанға көзінің тірісінде осы
Саянды аталық
1
етіп қой деп сұрады ғой? Неге олай өтініп еді? Жадымда жоқ.
Бірақ мен: «әлі тірімін ғой» деп ханымның өтінішін жорта орындамай қойғам.
«Неге орындамадым?» Ханның қабағы тағы түйіліп кетті. «Иә, иә, баяғы бір Орда
өсегі себеп болған. Ханымның сүттен ақ, періштеден таза екенін білсем де, сол бір
өсек маған да әсер ете жаздаған. Тек, әйтеуір, жалған болып шықты ғой... Бәсе, сол
жігіттің де аты Саян еді... Со кез ол жорыққа аттанып, көре алмай қалғанмын.
Артынан бұл әңгіме тіпті есімнен шығып кеткен-ді. Ханым да өзінің өтінішін
қайталаған жоқ... Иә, ол әңгімеге де жеті жылдан асып кетті. Өтіп бара жатқан
өмір!». Хан есік алдында тұрған дәйекшіге кілт бұрылды.
— әлгі Арғын, Қыпшақ арасында дау шығарған жігітті, — деді ол, атын атауға
әлденеге аузы бармай.
— Құп, тақсыр, хан ием.
Әбілқайыр тағы да ойға шомды.
Он жеті жасында «Бату тағы», «Өзбек тағы» деп аталған Дәшті Қыпшақ тағына
отырды. Ол кезде хан ордасы сонау шығыстағы Ертіс өзенінің қойнауындағы
Чинга Тұра қаласына ту тіккен, майданды сол тұстан ашып, жеке-жеке ұлыс
болып отырған қазақ хандарын жеңіп, бірте-бірте Есіл, Тобыл, Нұра өзендерінің
бойын тегіс өзіне қаратты. Сол қарқынмен ол бір кезде, Жошының ордасы
тігілген, Ұлытау бойына жетті. Енді өзінің астанасын Батуханның әскері екі жүз
жиырма жыл бұрын бас қосқан Кеңгір бойындағы Орда-Базар деп аталатын қалаға
көшірді. Ұлытау Дәшті Қыпшақ даласының кіндік ортасы. Батысы — Еділ,
Жайық, солтүстігі — Есіл, Тобыл; шығысы — Ертіс, оңтүстігі — Сыр бойы. Осы
Дәшті Қыпшақ жеріне тегіс ие болғаннан кейін, ол Мауреннахр жеріне көз сала
бастады. Отыз жыл хандық құрған өмірінде Үргеніш пен Самарқантты да шапты.
Мауреннахрдан Сығанақ, Созақ, Отырар, Ақрұқ, Ақ-Қорған тәрізді Дәшті Қыпшақ
елінің көне шаһарларын қайтарып алды. Сөйте жүріп ол бір жағынан Ақсақ Темір
ұрпақтарына қыз беріп, қыз алып, әбден қандасып кетті. Ақырында Әбілқайыр бұл
кездерде түркі, иран елдері «Көк Орда» ал орыс шежірелерінде «Ақ Орда» деп
аталған кешегі Алтын Орданың кең байтақ алып даласына толық ие болды.
Тоқтамыс хан жеңіліп, Сарайдағы хандар сарайы Гүлстанды Ақсақ Темір
біржолата қиратқаннан бері бұрынғы күшті Алтын Орда мүлдем жойылған. Қазір
Әбілқайыр өзін Сайын ханымын десе, тек онысы Бату ханның орнында отырмын
деп өзге елге сес беруі. Бір кезде көне түркі елінен таралған, қазір өзбек, қазақ
болып бөліне бастаған екі елдің, Әбілқайыр шынында Өзбек ханы болуға
айналған. Бұл оның қазір әлсіреген кезі. Демек, Шахрук әмірдің ұлдары Қорасан,
Иракқа көз тіксе, ал Әбілқайырдың әлі де болса, Дәшті Қыпшақ жеріне қоса,
Моғолстанды алмақ ойы бар.
Моғолстан! Бұл бір Әбілқайырдың әзірге тісі бата алмай келген, көлденеңі мен
ұзындығы жеті айлық кең алқап, күншығыс жағы қалмақ жерімен шектесіп, Барыс
1
А т а л ы қ, а т е к е — әке орнына әке болып, баланы тәрбиелейтін адам.
Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
28
көл, Алтын Емел, Ертіс өзендерімен бітеді. Солтүстігінде Көкше теңіз (осы күнгі
Балқаш көлі) бен Қаратал өзені жатыр. Күнбатысында Ташкент пен Түркістан,
Оңтүстігі Қашқар, Ферғана, уәлиеті мен шығыс Түркістандағы, Тұрфан қаласы.
Билеп тұрғандар Иса Бұғы, Шир Мұхамед, Уаис секілді Жағатай ұрпағынан
шыққан хандар. Қарамағындағы елдердің көпшілігі Үйсін, Жалайыр, Дулат,
Қаңлы, Ұйғыр, Найман, Қоңырат.
Әбілқайыр ханның ордасындағы Арғын билерінің де көз тіккені — осы
Моғолстан! Жеке ел боламыз деп Орыс хан ұрпақтары Жәнібек пен Керей
сұлтанның да көше қалса, барар жері осы Моғолстан.
«Мұндай жағдайда, Иран ханы Смайылдың да бас көтеріп, Ақсақ Темір
балаларының тізгінін үзіп кетпек боп тұрған кезде, ел билігін мықты ұстау қажет.
Қыпшақтың дегенін істеймін деп өз ордамда бүлік шығарсам, өзгелердің ордасын
қалай жаулап алам?..»
Дәл осы кезде дәйекші екі нөкермен тұтқын жігітті алып кірді.
— Хан ием, бұйрығыңыз мүлтіксіз орындалды.
Әбілқайыр әлі де терезеге қарап тұрған-ды. Енді ол ақырын бұрылды. Тұтқын
жігітке көз қырын салар-салмастан сұп-сұр болып өзгеріп кетті. Батыр Саянды ол
бұрын көрмеген-ді. Ал мынау қарсы алдындағы жиырма бес жасар батыр... Өзінің
Ұлықбектің қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім сұлудан туған үлкен баласы Сүйіншіктен
аусайшы! Жоқ, Сүйіншік бұдан аумайды. Алғашқы көзі түскенде Сүйіншік екен
деп те қалды. Қалың қабақ, қыр мұрын бозғыл түс, құмай көз... Өз баласындай
еңселі. Қимылы да барыс тәрізді шапшаң, епті болуы керек. Тек Сүйіншіктен
айырмасы — қою қара мұрты бар...
Әбілқайыр хан Рабиу-Сұлтан-Бегім ханымның қабырғасы қайысып мұны неге
«аталық» етуін сұрағанын бірден түсінді. Бойын кенет орасан ашу билеп кетті.
Шешім өзінен өзі келді. «Бұл жігіт, өлуі керек! Бүгін! Қазір! Дәл осы арада!».
Әбілқайыр құндыз жағалы, алтын зерлі көк мақпал шапанының ішінен байлап
алған қорасан құрышынан жасалған болат қанжарының сабына қолының қалай
барып қалғанын өзі де аңғармады.
Ханның құбылған түр келбетінен, оқыс қимылынан, оның қандай қатал әрекет
жасамақ болғанын жас жігіт сезіп тұрса да, орнынан қозғалмады. Тіл қатып өтініш
те айтпады. Тек екі қолы артына кісенделген қалпында арыс кеудесін сәл
шалқайта, Әбілқайырдан өткір көзін аудармай тістене бекініп, қатты да қалды.
Хан түксие қарады. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» тұтқын жігітпен тіл
қатысуды жөн көрді.
— Өзіңе қойылған айыпты мойныңа аласың ба? — деді ол тамағына келіп
тығылған ашуы мен күдік кірбеңін әзер басып, даусы дірілдеп кетіп.
Жігіт сол тұрған қалпынан титтей міз бақпады. Тек басын сәл иді.
— Жоқ, өзге айыбым болғанменен, Қобыланды батыр айтқандай күнәм жоқ,
иланыңыз, хан ием...
«Өзге айыбым болғанменен» деген сөзден хан бұрынғысынан да бетер күйіп
кетті. «Өзге айыбыңның қандай айып екенін білемін. Жасырмай менің бетіме
айтуға қалай тілің барды? Сәл шыда, ол тіліңді де шоқ басылғандай күйдіргенімді
көрерсің!..» Бірақ ханның «өзге айыбың қандай айып?» деп сұрауға дәті бармады.
Бойын билей жөнелген ашу, нағыз бір аузы-мұрнын кигізбен қаптағандай
тұншықтырып әкетіп барады. Ойды алып, жүректі өртеген ызаны ықтай берді. Хан
даусы шағатын жыландай енді ысылдай шықты.
|