Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
29
— Қара Қыпшақ Қобыланды жала жапқаны ма?
Жігіт қысталаң мінез көрсетпеді.
— Қара Қыпшақ Қобыланды неге былай дейтіні менен көрі сізге мәлімірек
болар, хан ием.
Ол осы сөзімен бар жайды бір-ақ жайып салды.
«Бұл не дегені, ә?» Әбілқайыр, екі көзі қанталап сүзетін бұқадай, түйілген
қабағының астынан қарады. «Жоқ, бұл жігіт осал жігіт емес. Өзіне жабылған
жаланың неден туып тұрғанын біледі. Бұл білгенді бөтен Арғындар да біледі ғой.
Бәленің бір ұшы өзімде жатқаны өзге жұртқа да аян болар. Арғынға ала көз
қарайтындығымнан Қобыланды батыр бұл оқиғаны әдейі шығарғансыды. Әрине,
содан соң бүкіл Арғын болып кеше мына жігітті өлімге бермей қалған екен. Сірә,
төбелеске түсуге де бар тәрізді ғой өздері. Сол екен ғой Жәнібек пен Керейдің де
миығынан күліп жүргендері. Жоқ, жоқ, ашу тасыған дария тәрізді, алғашқы
екпінімен жар бұзады, ал уақыт өткен сайын қарқыны бәсеңдей түседі. Шешімді
бірден алмау керек...»
Хан қолын қанжарынан босатты.
— Қай рудансың?
— Маңғыт, Барлас руынанмын.
Жігіт бетіне хан тағы да үңіле, байыздай қарады. Көзінде бір жан түсінбес
ұшқын пайда болды. О да мүмкін... Рабиу-Сұлтан-Бегім «Сүйіншік сұлтан
нағашыларына тартқан» деуші еді ғой... «Барлас руының жігіттерінің бәрі бірдей
осындай қалың қабақ, арыс кеуде келеді. Сонда бұл батырдың қандай айыбы бар?
Жазығы қалың қабақты болғаны ма? Нағашы жұртына жиенінің тартуы табиғи
жүйе ғой. Мені де өзбек нағашыларына тартқан демей ме?» Әбілқайыр хан өзінің
ойының жалған екенін біледі. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Естіген
өсегіне сонда-ақ сенген. Бірақ Сарғыт-Шиман Маңғыт уәзір: «Қуаныштың теңізі,
адамгершіліктің күні, Фаридундай қасиетті Әбілқайыр ханның әйелі, Ақсақ Темір
немересі Ұлықбек мырзаның қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім ханым өсек-аяңнан тыс
тұруы фатиқа. Бұлай ету екі жұртқа бірдей тәлім. Әсіресе үлкен балаңыз Шах-
Хайдарды Самарқантқа хан еткелі тұрғаныңызда» дегеннен кейін ханымның
қылығын қазбалай бермеген-ді.
«Сол өсекті қазір қайта шығарғанда не таппақ? Ондағы күннен қазір Ақсақ
Темір немерелерімен арасы жақын тұр ма? Мен мұны өлім жазасына бұйырсам
жұрт не дейді? Күнәсі ашылмаған батырды өлімге қиды... Бұны хан баяғы өсектің
салдарынан істеп отыр демей ме? әрине, сөйдейді. Өсек те бір, күйе де бір. Көзіме
айтпағанмен жұрт солай жориды. Одан да өз басыма кір келтір-мегенім жөн емес
пе? Иә, сол жөн. Бірақ мына жігіттің күнәсін қалай кешем? Білмеген болып
үндемей қалуым жөн бе? Қара қазаққа намысымды таптатып қойсам, жұрт мені
батылы бармады дейді ғой! Жоқ, жоқ бұл жігіт өлуі керек!».
— Бұл жігіттің тағдырын Шах-Будақ сұлтанның асы өткен соң шешеміз, —
деді дәйекші мен жігітті алып келген нөкерлеріне, — қайғылы ас алдында...
қаһардан қайта тұралық. Әкетіңдер!
Жігіт сәл басын иді де кілт бұрылды. Жендеттер оны тысқа қарай айдай
жөнелді. Ең соңынан шығып бара жатқан дәйекшіге естірте хан:
— Сақ болыңдар. Көздеріңнің қарашығындай күзетіңдер, — деді.
Дәйекші басын иді.
— Құп, тақсыр.
Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
30
Ханның айтқаны шындық еді. Шығыс халқының әдеті бойынша «он бесте отау
иесі». Әбілқайырдың Маңғыт әйелінен туған тұңғышы Шах-Будақ өткен жылы
дүние салған. Хан осы сүйікті ұлының үш күннен кейін асын бермекші. Ас беру —
жерлеу емес, Дәшті Қыпшақ елінің дәстүрі бойынша үлкен той. Асқа Дәшті
Қыпшақ пен Мауреннахрдың игі жақсылары қатысады, сайысқа атақты батырлар
түспек! Қыпшақтың от ауызды, орақ тісті, қарға бойлы Қазтуған жырауы мен
Арғынның ақсандақ жүйрігі, сексеннен асып кеткен, Ақжол бидің әкесі Қотан
жырау айтысады. Төрешіге Үйсін Майқы бидің алтыншы буыны ұлы сыншы,
халық ардагері, жүзден асып кеткен Асан Қайғының өзі келмекші.
Хан саясаты тынып жатқан көл секілді, қай жері тұңғиық, қай жері тайыз
білмейсің. Тағы да күміс қоңырау шылдырлады.
Ордаға әлгі қан-сөлсіз дәйекші кірді, үн-түнсіз басын иіп, тұра қалды.
Хан жайшылықтағы тапсырмаларының бірін бергендей жайбарақат сөйледі.
Ас біткен күннің ертеңіне әлгі жігітке үкім айтылады. Бірақ оған дейін...
Дәйекшінің жарғақтанған жұқа ерні ақырын ғана қимылдады.
— Құп, тақсыр.
ІІ
Әбілқайыр Ордасы бұл кезде Кеңгір өзенінің жағасындағы Орда-Базар
қаласында еді. Ұлы асқа бүкіл Дәшті Қыпшақ пен Мауреннахрдың бек,
сұлтандары тегіс келетінін білген хан, асты кең жайлауда — Ұлытаудың күнбатыс
жағындағы Ақкөл жағасында өткізбек болды. Шілденің бас кезі еді. Бір шеті мен
бір шеті ат шаптырым күміс толқынды Ақкөлдің кең алқап жазира даласы ат
бауырынан келген көк шалғынға бөленген. Қыратты бауырлай біткен хош иісті
көде-көкпектің өзі тізеге жетеді. Алыстан мұнарлана Едіге батыр мен Тоқтамыс
ханның сүйектері қойылған Ұлытау мен Кішітаудың сүйір бастары көрінеді. Көк
шалғынның арасындағы бармақтай-бармақтай боп өскен бүлдірген мен жи-
дектен көз тұнады. Аласа бұталарға сыңси біткен қарақаттың да піскен
кезі... Көл үстінде күндіз-түні тынбаған құс қиқуы... Ортасындағы ақ айдында
қанаттана бастаған көгілдірлерін ертіп бір топ аққу сыбызғы үніндей қоңырқай
дауыстарымен сыңсып ән салады. Сабағы сояуланып қалған, қызғалдақ, лала
жаушымылдық, раушан гүлдерінен жұпар аңқиды. Осынау қызылды-жасылды
өрнекпен безелген жасыл кілем ұшы-қиыры жоқ кең даланың ортасында
төңкерілген күміс кеседей жарқырап, ақ айдын Ақкөл жатыр. Жан-жағы сонау
көкжиекке дейін мидай дала. Ұшқан құстан, жүгірген аңнан бөтен тірі жан
көрінбейді. Тек көлдің батыс жағында көгілдір белес бар. Белестің үстінде сұрғыт
оба тас пен бірнеше балбала тұр. Оба тас мұрты салбыраған, оң қолына қымыз
ішетін тостаған тәрізді ыдыс ұстаған келсаптай шомбал бір ғажайып бейне...
Бұл тастар жөнінде халық арасында екі аңыз бар. Бірі — көне Қыпшақтарда
өлген адамды жаназалағанда, не жетісін, қырқын, асын бергенде оның бейнесіне
сәйкестей ағаштан қуыршақ ойып, үстіне бұрынғы киімдерін кигізіп, өздерінің
ортасына отырғызатын дәстүр болған. Өйткені көне Қыпшақтардың түсінігінше,
адам жаны өлмейді, үнемі туыс-туғандарымен бірге жүреді. Жоқтауға жиналған
кісілердің бәрінің де денесінде өз жаны болғандықтан, өліктің жаны өзінің
қуыршақ бейнесіне барып орналасуға тиіс. Қуыршақ боп ол өзінің жерлеу
тойына, жетісіне, асына қатынасуы керек. Ағайын-туыстарымен бірге отырып, өз
|