Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
141
жоқсың... Бірақ соныңа Алшын көне қояр ма екен? Өз тағдырын өзі шешкісі келсе,
жолын табар. Алшын қайда болады, оны болашақ көрсетер. Жә, менің айтайын
дегенім бұл емес. Басқа. Біздің жауымыз сен емессің — Әбілқайыр! Атаң Қазыны
бауыздаған сол Әбілқайырмен соғысуға келесі жаз бес сан жауынгер бересің бе?
— Беремін!
— Қалғанын кезінде көрерміз.
Темір би Жәнібектің бұл салмақты айтқан сөзінің ар жағында қандай зіл
жатқанын жақсы ұқты.
Бойын кенет бір қауіп билеп кетті. «Иә, Жәнібек хан түбі дегеніне жетпей
тоқтамайды.
Сонда не болғаны, бар қазақты билемек те, біз бұның құлы
болмақпыз ба? Жоқ, Жәнібек, ол ойыңның сәті келмес. Қарамағымыздағы елді біз
де оп-оңай бере қоймаспыз. Саған үлкен хандық керек болса, бізге кіші хандық
керек! әлі алдымызда талай шайқас та, айқас та болар!».
Дәл осы кезде күншығыс жақтан құйындата шапқан салт атты көрінді. Жұрт
елегізе со жаққа қарады.
Сөйткенше болған жоқ, қара терге малынған, сүліктей
жаралған астындағы баран жүйрігін Нұра етегінде отырған Жәнібек тобына
тікелей салған шапқыншы жігіттің «Аттан! Аттан! Жау келіп қалды!» — деген
айқайы шықты. Отырғандар орындарынан үрпиісіп түрегелді.
— Қайдағы жау?!
— Кім келіп қалды?!
Шапқыншы — ұзын бойлы, мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан, қара торы бала
жігіт, ентелей шауып келіп, астындағы атын әзер тоқтатты. Екі бүйірінен демін
алып:
— Тақсыр хан, — деді, — Көк Жыңғыл тұсынан қалың әскер көрінді. Беті осы
Нұраның Қаратұзы. Басқарып келе жатқан Әбілқайырдың үлкен
ұлы Шайх-
Хайдар мен Қарашың баһадур. Мінгендері кілең ақалтеке, текежаумыт.
Бастарындағы сеңсең бөріктері қазандай, мойындарында кілең көк темір алдаспан,
қолдарында көк темір найза. Мұздай қаруланған, түстері де суық, жүрістері де
суыт. Бие сауымындай мезгілде бұл араға да жетіп қалар.
Жәнібектің түрі де, даусы да өзгерген жоқ, әдеттегі байсалды қалпымен:
— Шамасы қанша адам екен? — деді.
— Мың қаралы.
— Көк Жыңғылдың арғы қабағында Керей мен Найманның түйелі қолы бар
емес пе еді, төтеп бере алмады ма екен? әлде аналар аңғармай қалды ма?
— Сөйткен тәрізді. Бұлар Көк Жыңғылдың теріскей жағындағы құм
арасындағы қоба жолмен өтіп кеткендей. Найман мен Керейдің қалқаны
күнгейлеу жатыр.
— Оларға хабар бердіңдер ме?
— Менің серігім соларға шапты.
Жәнібек Ордасындағы өзіне тән адамдарынан «Күзтоқсанның
басында қазақ
руларының басшылары жиналып, бас қосып, бір ханға бағынып, әскер жинап,
Түркістанды басып алмақ болып жатыр» деген хабарды естіген Әбілқайыр хан.
Қазақ рулары бас қосатын кезде, бір түнде тек өзіне ғана бағынатын, кілең шаш ал
десе, бас алатын қырағы сұлжық Түрікмен, Барлас, Маңғыт руларынан құрылған
он сан жігітін, бастығы үлкен баласы
Шайх-Хайдар мен ең сенімді, ер жүрек
батыры Дарвиш-Хусаин Қарашыңды Нұраның Қаратұзына аттандырған. Тек