Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
143
жебесі, кеудесінде жүрек емес, қатып қалған мүйіз бар тәрізді,
бала жастан
қорқудың не екенін білмеген жалын жан. Он сегізге шыққанда арлан жолбарыспен
жекпе-жек алысып, құр қолымен ұрып алған. Әке балаға сыншыл, Жәнібек бұл
баласының батырларға біткен мінез-құлқын ертеден сезіп, үнемі оны соғыс ісіне
үйретуде болатын. Өзге ұлдарына әдемі киім, салтанатты ертұрман істетсе, бұған
арнап найза, жақ, алдаспан жасататын. Осындай батырлығына қарамай, Қамбар
Жәнібектің басқа балаларынан гөрі анағұрлым
кең пейіл, іздегені ерлік.
«Жау келе жатыр!» дегенді естісімен-ақ Қамбар сауытын кие салып, бел-
деуде тұрған қара қасқа тұлпарына мініп-ақ алды. Оң қолына қанжар ұшты, қайың
безеулі найзасын ап, жау келетін күншығыс жақты қырындай берді. Бұл атақты
үш батырдың жауды қарсы алуға шықпақ боп ыңғайланғанын көріп, өзге батырлар
да атқа қонды. Тек сай табанында төселген ақ кигіздің үстінде жасы келіп қалған
Арғын би, Қотан жырау секілді он шақты қарт адам қалды. Ұрыс батырлар ісі
дегендей Жәнібек хан да орнынан қозғалмады.
— Жау келсе жауабын алар, қазақтың қазір ел-жұртын қорғайтын ұлдары бар
ғой. — Ол саптай тізіліп жауға қарсы Нұраның Қаратұзының биігінде тұрған
батырларға сүйсіне көз тастады да Қотан жырауға бұрылды. — Ана ер-азаматтар
жауды қуып кейін
қайтқанша уақыт босқа өтпесін, Қотан ата, көптен бері
тыңдауға құмар боп жүр едім, сізді жақсы біледі дейді. Жошы өлімін естіртуді
айтып беріңізші.
Болайын деп жатқан ұрыс бұларға еш қатынасы жоқтай, өзгелер де қарт
жырауды қолқалай бастады.
— Иә, балалар қайтқанша ермек болсын, — деді Арғын би.
— Көңіл шіркін бір көтеріліп қалсын, — деді Үйсіннің
қарт батыры
Қылышбай.
Қотан жырау көп күттірмеді. Өмір-бақи жанында жүретін кәрі қара қобызын
қолына алып, қарлыққан қарт даусын аңырата жөнелді.
Шыңғысхан өзге балаларынан тұңғышы Жошыны анағұрлым жақсы көрген.
Сөйтсе де айтқанына көне қоймайтын Жошыны жоюға Ұлытау бойына әдейі
арнап кісілер жіберген: Жошы аң аулап жүргенде қастары монғол әдісімен отыз
жеті жасында омыртқасын үзіп өлтіреді. Бұл хабар Ұлы Ордаға жетеді.
Шыңғыстың Жошыны жақсы көретінін білетін хан төңірегіндегі адамдар бұл
хабарды естіртуге бата алмайды. Және оның үстіне өзі арнап кісі жібергендіктен
Жошының қаза табатынына шек келтірмеген әлем әміршісінің өзі де «кімде-кім
Жошының қаза тапқанын естіртсе, соның басын аламын» дейді. Хан жақсы
көретін баласының ажалына өзі себепкер болып отырса да, оның өлгенін естімей
өткісі келеді. Мұндай жағдайда жұрт дағдарады.
Ақырында бұл хабарды жыр
арқылы естіртуді Ұлы Жыршыға тапсырады. Ханның салтанатты көңіл көтеретін
кешінде «ал, Ұлы Жыршы, жыр баста!» деген әмірді естігенде, қарт жырау түркі
жырын аңыратып қоя береді.
Ол:
«Теңіз башынан бұлғанды
Кім тұндыра, а ханым?
Терек түптен жығылды
Кім тұрғызар, а ханым?»