Table of Contents
БІРІНШІ БӨЛІМ
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ҮШІНШІ БӨЛІМ
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ БӨЛІМ
Өскеменнің ар жағында, Бұқтарманың оң жағында әлемге аян
Алтай бар.
Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай
ағып Ертіс түскен, күр-күр еткен Күршім бар.
Алтай Күршім не заманнан қалың Найман мекені. Сол
Алтаймен сол Күршімнің қысы қыспақ, жазы самал, күн жылт етсе
төрт түлік мал қарағайлы Қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының
көкірегін аймаласып, тыраңдасып, мәйек басып, мамырласып
жатқаны.
Қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясында, бал татыған
айна сулы, түрі де аспан, сыры да аспан, шарап сулы Марқакөлі.
Марқакөлді алқалаған, ақ ауылды Алтай елі. Алтай елі — алтай
жазы тау еркесі — киік болып, өзге елдерден биік болып,
Марқакөлдің самалына сайран етіп жатқаны. Марқакөлдің суы
балдай. Марқакөлдің суын ішіп, отын жеген сары қарын, тұтам
емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүт емес-ау құт
сорғалап, көнек-көнек лықылдайды; қара саба емізіктеп, қою,
салқын, сары қымыз, быжылдаған дәрі қымыз шара-шара
шыпылдайды. Бір шарасын ішкен адам дәл хор қызын құшқандай
боп, бегі шиқан дуылдайды; ауызы қобыз гуілдейді; мас болады,
жас болады; жел жетпеске мініп алып, Алтай тауын дүрсілдетіп,
таудың тасын күтірлетіп, көкпар, жарыс, алыс-жұлыс асыр салып
жатқаны.
Әлгі Алтайдың аруларын айтуға тіл жетпейді. Алтын, күміс, —
Алтай кені; алтын сырға алты қарыс алып түсіп құлақтарын, жүзі
Алтайдың айындай боп, көзі құралайындай боп, күлкісі атқан
таңындай боп, бойы Қопа талындай боп, былқ-сылқ етіп
бұраңдасып, күлбіресіп, көлеңдесіп, езу тартса есің кетіп, сұңқыл
қақса, шым-шым етіп, бойың босап, ойың босап, қиялың қиян
кезеді.
Кеп онда емес-ау, жарандар! Бері қараңдар, құлағың сал!
Тыңдаушылар анталаса, кеп құрайын бір тамаша. Ертегі емес,
ертеде емес, ұзын да емес, келте де емес, қарапайым қара сөзбен бір
әңгіме шертейін. Қысыр сөзді қысқартайын, әңгімеме жол
тартайын. Өлең сөзге олақ едім, күйлі емес деп қомсынбаңдар.
Сол Алтайдың бөктерінде жам жолменен жандамайлап, ала ат
мінген жалғыз адам келе жатыр бейсауат. Көтегейті Күршім жақ,
бет алысы — Қара-екем шаты. Қара-екем шаты қамау жартас, дәл
аясы шұңқыр көгал, бір ауызды, тар ауызды. Шұңғыл шатын,
мейірімді Алтай түсі қашып, түнде жорытқан жорықшыға соққан
ғой. Ажал түрткен мал болмаса, мал алдырған жан болмаса, терең
шатқа кім барған?
Ала ат мінген терең шаттың дәл ауызына таянғанда, алақ-жұлақ
қаранды да тоқтады. Тар ауызда тас тасалап, сүр шекпенді, бес
атарлы біреу жатыр, бас бағып. Әлгі шекпен ала аттыны көре сала,
ақ орамал көтерді, ала ат мінген оны көріп, ақ тымағын кетерді.
Сүйтті-дағы ала ат мінген қабтағаймен ат жетектеп, асып кетті әрі
қарай.
Марқакөлде майға бөккен мал мен ел, тау ызғары жамбасынан
өткен соң, етектегі қыстауына еңбектесіп түскен шақ.
Мамырбайдың малайлары қора жамап, пешін қалап, үйін сылап
болған ед. Мамырбайдың бәйбішесі маң-маң басып, малайларға
киіз үйін қағып-сілкіп жинатқызып жүрген ед. Мамырбайдың
Ақбілегі, Ақбілегі — жас түлегі, айы-күні – сұлу қызы, алтын
сырға, күміс шолпы сылдырлатып, былдырлатып, ақ көйлегін
көлеңдетіп, қызыл, жасыл көрпелерін қағып үйге әкелген ед.
Қасындағы қыздарына қабақ шытып, қыңқыл етіп, даусы сыңқыл-
сұңқыл етіп:
— Көзім тартып тұрғаны несі?— деп бір бұраңдап қойған ед...
— Жәй тартат та... Қуанарсың... Қай көзің?..
— Қуанар ем: сол көзім, — деді — бітті. Кім елеген ондайды?
Алымсағын, шөбін жайлап, партияның қамын да ойлап, Мамекең де
кешке жақын жолдасымен кеп түсті.
Тау бетінен андағайлап, жатағына мал келді. Бала у-шу, малай
қиқу, мал маңырап, ит жаң-жұң. Ауыл түтін, өзен күріл. Сарғылт
таңдақ. Жел де қоңыр, қызыл іңір. Малын жайлап, шәйі қайнап, ел
де орынға отырды.
Күн батпай-ақ, көз барында манағы айтқан терең шаттан, іннен
шыққан қасқырларша, шұбап шықты төрт атты. Оның бірі манаты
айтқан, өзің көрген ала атты. Енді үшеуі: қалпағы бар, мылтығы
бар, қылышы бар, көк шекпенді қоқаңдаған, қоқиланған жат адам.
Сол төрт атты шаттан шығып, ылдиға түсе өкшелерін қадады.
Қадап еді, ат пысқырды, ауыздығын қарш-қарш шайнап есілді.
Есілді де екпіндетіп, үңгірдегі бір ауылға жетіп келді саусылдап.
Келе тарс-тұрс. Үріктірді, бүріктірді, елдің апшысын қуырды:
– Ақ, сболыш! Тап атты!.. Мылтық қолда, қамшы жонда, ат
таппасқа әдді не? Атты да алды, шідерді алды, жүген де алды,
кілем, көрпе, қоржын, шалбар... бәрі кетті...«көр ішке».
– Төре...Тақсыр...
– Ой, құдай-ай!
– Аясайшы, бейуазек қой!.. – деуге келді тілдері. Шәйді алдына
жаңа қойып «Бісмілданы» келтіргені сол еді Мамырбайдың бір
малайы жетіп келді ентігіп:
– Келіп қалды!
– Кім, кім?
– Көкпең-көк...
– О кім?
– Өңшең орыс. Мамырбайдың мұршасы:
– Жина, ұмтыл, қаш тығыл! – деуге ғана келді.
Дастарқанымен шәй қалды жайрап, жиюсыз шыны-аяқ қалды
күйреп. Мамырбай күріс-күріс, бір есікке, бір төрге... Жаушы
жалам, бәйбіше де, қыз да жоқ. Сыртқы есікке жетер-жетпесте,
Мамырбайдың кеудесі үңірейген үш мылтықтың аузына тірелді.
Бай шалқалап, мұрттай ұшты.
Мылтық дүмі, қылыштың қырымен айдап шығарылған ауылдың
еркек біткені басын қорғалап, борсаңдап, желкені жей-мей,
Мамырбайдың еттігіне отағасыны бас қыла қамалды да, сыртынан
қара құлып салынды. Ауызында күбір-күбір «Сүбіқан», аяғы
жыбыр-жыбыр еңкең қағып, қораны орағытып бәйбіше келе жатыр
еді, орыс алдынан тап болды.
– Қайдан келесің?
– Мына... Мына...— дей беріп еді, — мә, саған мына, мына!—
деп білеуіт пен ащы айғай басына қабат тигенде, көзінің оты жарқ
етті. Жаулық кетті жапырайылып, ауыз кетті опырайылып.
– Тап деген соң, тап қызды!
– Кімнің қызын, жасаған!
– Сенікі қыз, сенікі.
– Қызым жоқ, ойбай!..
– Қыз бар. Табасың! Орыс қадалып, білеуітін зулатты.
Бәйбіше бадалып, «Қыз жоқ» — деп бажылдап, өтірікті
саулатты.
– Өзім табам, – деп орыс жүгіріп ала жөнелді.
Үш орыс қолдарына шырағдан алып, қораны, үйді, тезекті,
шұңқырды, жүкті, пішенді – бірін қоймай найзаларымен піскілеп
тінтіп жүр. Зым-зия Ақбілек жоқ.
«Орыстар келіп қалды» дегенде, бәйбіше теріскейдегі кішкене
есіктен ептеп шығып, жер бауырлап, бүкеңдеп, Ақбілегін жетелеп,
бір апанға апарып «тырп етпей жат!»— деп кеткен.
Қыз таба алмай, сандалып, долданып қайтқан үш орыс
бәйбішені Терезе алдына етбетінен басып отырып, жиырма бес
қамшы соқты. Үні шықса, Ақбілегінің жаны қабат шығады ғой,
құшырлана тістеніп, ышқына ыңқылдағаннан басқа дыбыс бермеді..
Желге, күнге тигізбей, аялап өсірген сәулесін «кәпірге» қорлыққа
қиғаннан өлгені артық емес пе?
Түнерген түнде абайсыз ауыл абалаған ит даусына айналды.
Ауылдан бажылдаған, балдырлаған жат үн шықты. Бір тайпы ауыл
үш мылтықтың албастысы басып тұншықты.
Үрейлі ауылды торып, екі ат жетелеп, ойқастап, құлағын түріп,
түсі жаман, ойы қараңғы бір адам жүр. Ауылдан бажыл шыққанда
әлгі адам бір тұрып, бір жүріп, ауылға таман ұмтылды. Ұмтылып
еді, астындағы жануар қорыс етіп, лоқып қалды. Аяғын үзеңгіден
ептеп шығарып, сыбдырын ұрлап, жұмсақ шөпті жапыра басып,
жерге түсті. Атын артқы қасына қайқита қаңтарып, қыл
шылбырмен тұқырта тас қылып тұсап, үш атты матастырды да,
қотанға кіретін епті қасқырша, бүкеңдеп адымдады, Қарауытқан,
қара жамылған ауылдың иті ұлып тұр. Бес-алты адым аттады ма,
жоқ па, әлде шөптің, әлде шүберектің сыбдырындай судыр еткен
бір дыбысты құлағы шалып қалды. Енді бір басып еді — аяқ асты
қарауытқан шұқыр болды, шұқыр түбінде бірдеме ағараңдаған
тәрізді, қимыл етті:
— Ағатай-ай! – деді біреу ышқына сыбырлап.
— Ақбілекпісің?— деді әлгі адам біліп қойғандай.
— Мен едім, құтқар, ағатай! — деп апанның ернеуіне таман
өрмелеп еді;
— Құтқарам. Бұқ. Жата тұр,— деді де, қазақ қалбаңдап жоқ
болды.
Екі қолы алдына созулы Ақбілек қалшиып қалды.
Әлгі адам жүгіріп барып тоқтағандай, ат ышқынғандай, үзеңгіге
аяқ салғандай, тебінгі тырс еткендей болды. Атына мініп келейін
деген екен ғой, енді ажалдан құтылдым ғой. Жасаған-ай! Тәуба, дей
беріп еді, дүбірлеген аттың тықыры жақындамай, теріс айналып
кеткен тәрізді болды. Қолы әлі жәрдем тілеуде, жарылқаушы
періште келетіндей, дәмелене күтсе де, тықыр алыстап, дүбірлетіп
шауып кетті. Қолдары сылқ ете түсті, аяғы тайғанап кетті, сырғанап
түпсіз зынданға түсіп бара жатқандай көрінді...
Ауыл жақтағы иттердің манағы шабаланғаны жоқ, анда-санда
сақ қаншықтың безілдеген, жас күшіктің шәуілдеген әлсіз дауысын
төбеттердің күңіренген ұзын сарыны басып тұрғандай. Сүйтіп
тұрғанда, бірдеме ысқырғандай болды. Ауылдан иттерді
шабаландырған аттың дүрсілі тауға қарай кетті. Ит даусы алыстап
барып, қайта жақындап, абалады. Ажал да абалады. Дүрсіл ауылға
қайтып келді. Күбір-күбір адам даусы естілген тәрізденді.
Ақбілектің жүрегі зырқ ете түсті. Зырқ етпей қайтсін, тықыр
шықты. Жүрегімнің дүрсілі болғай еді деп, қолын кеудесіне басып
еді — тас, тас емес-ау темір, темір емес — ажал шықыр еткендей,
құйқа тамыры шымыр етті. Апан көр сияқтанды. Өйткені тажалдай
түсі суық, саудыраған үш адам келіп қалды. Ақбілек бала қамаған
лаққа ұқсап, апанды айнала жүгіріп, өкпесін соққан торғайдай торға
ілінді. Сонда да есінен танбады:
— Апатай-ай! – деген жан дауысы таудың тасына барып шақ
еткендей болды. Мейірімсіз темір қолдар алып ұрып, аузын басып
жатса да, қолды кейін сермеп, басын жұлқып, үзіліп, өзеуреген ащы
айғайы апатайының құлағына сап етті. Жонына шойын
тағалағандай, апасы сіресіп қалса да, елемей, шыңғырған дауысқа
қарай үкідей ұшып келеді. Қызын бүркітше бүріп, илеп жатқан екі
орысты анасы екпінімен келіп игеріп тастап, балапанын басқан ана
құстай, баласын бас салды. Олай сүйреп, бұлай жұлқып, қызды
анасының құшағынан ала алмаған соң, орыстар мылтық дүмін
жұмсады. Жанына мылтық батқанда, анасы қызын тастай беріп,
алыса кетті. Апыр-топыр екі орысты екі алып ұрып, бірінің үстіне
бірін илектеп жатқанда, үшінші орыс тайқып шегіне берді.
Босанысымен қашуға оңтайланған Ақбілек апанның ернеуіне жете
түсіп, анасының қалып бара жатқанын көріл, қайта апанға түскенде,
анасы қызына қарсы ұмтылды. Сол кезде бос қалған орыс анасын
жауырын ортадан басып салды.
— Алла!— деп ана құлады.
Үш орыс қызды көтеріп, ойбайлатып алды да жөнелді.
«Апатайлаған» айғайы жерді, көкті жұлып Ақбілек зарлап,
аттардың дүрсілі тауды дүсірлетіп, абалап иттер қуып бара
жатқанда:
— Қайдашы, қайдалап, төтеден бір топ кісі қуып ала жөнелді.
— Аттаншы! Аттан!
Жер де айғай, көк те айғай. Тау күңгірлеп, тас шықырлайды.
Қуғыншылардың қарасын көріп, қыз өңгергенді қоя беріп, екі
орыс аттарын тежей, мылтықтарын кезей бастады. Екі атты есік пен
төрдей жерге келіп қалды. Тау сатыр-сұтыр етті. Қуғыншының
біреуі, қиялай шауып, атының жалын құша жығылуы-ақ мұң екен,
арттағылары азан-қазан, ұйқы-тұйқы түсе қалды.
Манағы ала атты кім? Қыз алып қашқан орыстар кім? Бұларды
қуам деп оққа ұшқан кім? Олардың кім екенін біз айтайық па?
Өздеріне сөйлетейік пе?
Кәне, осыны дауысқа саламын. Біз айтайық дегендерің
қолдарыңды көтер біреу, екеу... жоқ. Өздері сөйлесін дегендерің
қол көтер... төртеу, бесеу... өзіммен көпшілік. Сонымен сөз өздеріне
берілетін болды.
Достарыңызбен бөлісу: |