Серік Мырзалы философия оқу құралы


§ 18. Қажеттілік пен кездейсоқтық



Pdf көрінісі
бет373/521
Дата07.02.2023
өлшемі3,76 Mb.
#167853
1   ...   369   370   371   372   373   374   375   376   ...   521
Байланысты:
Серік Мырзалы Философия

§ 18. Қажеттілік пен кездейсоқтық
Мүмкіндіктің шындыққа айналуы қажеттілік пен кездейсоқтық 
өзара диалектикалық байланысының нәтижесінде іске асады. Өйткені 
дүниеде, бір жағынан қажеттілік, екінші жағынан, кездейсоқтық бар.
Қажеттілік деп зат, я болмаса құбылыстың дамуындағы болмай 
қалмайтын, әрдайым іске асатын жақтарын айтамыз. Кездейсоқтыққа 
келсеқ, ол болуы, я болмауы да, өмірге енуі, я енбеуі де мүмкін.


426
Сонау көне заманда-ақ ойшылдар дүниедегі қажеттілікті мойын-
даған. Мысалы, Демокрит дүниедегі қажеттілікті атомдардың қозға-
лысы, бір-бірімен соқтығысуы, байланысынан көреді. Оның ойынша, 
дүниеде себепсіз еш нәрсе жоқ, олай болса, кездейсоқтық та жоқ. «Тек 
біз себебін білмеген затты кездейсоқтық деп есептейміз», – дейді ұлы 
ойшыл. Сондықтан әр нәрсенің себебін білуге ұмтылу қажет. «Мен өзім 
танылмаған бір нәрсенің себебін білуге бола, парсылардың тағынан да 
бас тартар едім», – деген Демокрит жөніндегі аңыз осы уақытқа шейін 
сақталған.
Мұндай көзқарасты Жаңа дәуірдегі ұлы ойшылдар (Б.Спиноза, 
П.Гольбах т.б.) да қолдаған болатын. Қажеттілікті себептілікпен теңеген 
ойшылдар заңды түрде кездейсоқтықтан бас тартып, дүниедегінің бәрі 
де қажетті деп түсінді. Олай болса, дүниеде кездейсоқтық болмаса, тек 
алдын ала берілген қажеттілік, тәртіп болса, онда еш нәрсені өзгерте 
алмайсың, тағдырдың тәлкегінің барыне көнуден басқа шара қалмайды 
деген ой келеді.
Мұндай пікірді қанағат етпеген ойшылдар, керісінше, дүниеде еш 
қажеттілік жоқ, бары де кездейсоқтық, олай болса, ешқандай заңдылық, 
тәртіп жоқ деген пікірге келген болатын. Мысалы, А.Шопенгауер: 
«Дүниенің негізі материяда, я болмаса санада емес, өзін бұлдыр 
сезінетін, мақсат-мұраты жоқ, тек өмірге деген талпынысы бар соқыр 
дүниежүзілік ерікте», – дейді. Ал мұндай жағдайда да адам еш 
нәрсе жасай алмайды, бейсаналық ерік оның ісін бір сәтте-ақ жоққа 
шығарады.
Идеалистік философия желісін алып қарасақ, олар қажеттілікті 
дүниежүзілік рухтың, я болмаса Құдайдың құдіретті күші ретінде 
түсінеді. Ал Кант өз философиясында қажеттілікті адамның дүниеге 
енгізетін ойлау формасы ретінде қарады.
Философия тарихында қажеттілік пен кездейсоқтықтың өзара бай-
ланысын терең зерттеген Гегель болды. Қажеттілік заттың өзіндік ішкі 
себептерінен, оның мән-мағынасынан туындайтын болса, кездейсоқтық 
сыртқы құбылысынан, басқа заттармен байланысынан пайда болады.
Алайда мұндай көзқарас та бүгінгі әдебиетте сынға алынады. 
Заттың сыртқы байланысынан шығатын кездейсоқтық, сол затты одан 
да кең жүйенің шеңберіндегі элементі етіп қарағанда, қажеттілікке 
айналады. Оны шексіз кеңіте берсек, дүниеде тағы да кездейсоқтыққа 
орын қалмайды (қараңыз: Материалистическая диалектика., т. 1, М., 
Мысль, 1981, 205 б.). 
Сондықтан бұл тұжырымды жақтайтындар қажеттілікті мүмкіндік 
санатымен байланыстырып қарайды. Онда қажеттілік белгілі бір 
жағдайдағы қалыптасатын жалғыз мүмкіндіктің ертелі-кеш шындыққа 
айналуымен тең болып шығады.


427
Жоғарыда көрсетілген пікірдің әлсіз жағы: ешқашанда қайсыбір 
затты алсақ та, ол жалғыз мүмкіндіктен тұрмайды. Сонымен қатар 
белгілі бір жағдайда бірнеше мүмкіндіктің шындыққа айналуының 
сәтті болуы да ғажап емес. Егер біз асықты лақтырсақ, төрт жағының 
біреуіне тұрады (бір жолы «бүк» болса, екінші жолы «шік», я бол-
маса тағы да «бүк», я «тәйке» болуы мүмкін). Мұны кездейсоқтыққа 
жатқызуға болады. Бірақ олардың бәріне бірдей жалпылық – бір жағына 
қалайда тұру – қажеттілік болып шығады.
Қажеттілік пен кездейсоқтықтың өзара байланысының терең 
мәні – дүниедегі таза қажеттіліктің жоқтығы. Сондықтан қажеттілік 
әрқашанда кездейсоқтық арқылы көрінеді. Кездейсоқтықтың өзі бол-
мыста терең тамырланған, ол заттың дербестікке, тәуелсіздікке деген 
«ұмтылысынан» шығады. 
Кейбір студенттер, таза қажеттіліктің мысалы ретінде мега-үде-
рістерді соның ішінде Күн жүйесін келтіреді. Мысалы, Жер мен Айдың 
айналу координаттарын есептеп, 1000 жылдан кейін жердің неше гра-
дус ендігі мен бойлығының түйісінде қай күні, сағаты, минутында 
Күн тұтылуы басталатынын айқындауға болады. Ал мұның өзі таза 
табиғаттың қажеттілігін көрсетеді. 
Әрине, мұндай мысалды теріске шығару онша қиын шаруа емес. 
Ғарыштағы неше түрлі кездейсоқтықтарға байланысты күнбе-күн жерді 
мыңдаған метеориттер бомбалайды. Көбі жердің бетіне жетпей жанып 
кеткенмен, біршамасы жерге жетеді. Мүмкін, алдағы мың жылдың 
шеңберінде жердің бетіне «Тунгус метеориті» сияқты үлкен болит те 
(көлемі бірнеше шақырымды алатын ғарыштағы үлкен тастар) құлауы 
мүмкін. Сондықтан мың жылдың шеңберінде жер ауырлап, оның орби-
тасына аз да болса өзгерістер енетіні хақ. Ал астрофизиктердің айтуына 
қарағанда, Айдың өзі жыл сайын бірнеше метрге жерден алыстайды 
екен. Олай болса, осы фактордың өзі ғана болашақ «таза» қажеттілікті 
теріске шығарады. Жоғарыдағы айтылған координаттың өзі де 
өзгеріп, сағаты мен уақыты да басқаша болады. Бірақ сол өзгерістерге 
қарамастан, Күн тұтылады, өйткені ол – табиғаттың қажеттілігі. Яғни 
Күн жүйесінің өзінде де таза қажеттілік жоқ, оған да кездейсоқтық фак-
торлар өзгеріс енгізіп отырады.
Келесі мысал – жастардың уақыты келгенде үйленуі, отбасы құруы. 
Ол – табиғи қажеттілік. Бірақ әр жас азамат өзінің өмір шеңберінде 
кімді кездестіріп, сүйеді, таңдайды, ол көп кездейсоқтықтарға байланы-
сты. 
ХХ ғ. 70 жылдарында дүниеге келіп, тез қарқынмен дамып келе 
жатқан жаңа ғылым саласы – синергетика – тіпті кездейсоқтықтың 
қажеттікке қарағанда іргетастығын мойындайды. 13 млрд. жыл бұрын 
«Ұлы жарылыс» басталғанда, сансыз кездейсоқтықтың ішіндегі белгілі 


428
бір кездейсоқтық ғарыштың осы түрін туғызып, дүниеге тіршілік, 
ақыл-ой келді. Басқа кездейсоқтық іске асқанда, ғарыштың басқа 
түрінің келуі мүмкін болатын. Бірақ, қалай дегенде де, ғарыштың 
дүниеге келуі – қажеттілік.
Кездейсоқтықтың мән-мағынасы статистикалық (көп санды) 
үдерістерде әсіресе айқын көрінеді. Мысалы, Қостанай қаласында 
250 мың халық тұрады екен. Сонымен қатар 50 мыңдай мәшине бар. 
Осы екі үдерістің тоғысқан жерінде жыл сайын 25-30 адам өледі. 
Ол, өкінішке қарай, көп санды үдерістердің тоғысуынан шығатын 
қажеттілік. Нақтылы адамның мәшине астында қалып қойып өлуі – 
таза кездейсоқтық. «Ол асықты, біз оған тағы да бір аяқ шай іш деп 
едік, отырмады. Егерде ол 5 минут кейін кеткенде, тірі болатын 
еді», – дейді өкініш пен қайғыдағы оның туысқандары мен жолдастары. 
Ол рас. Бірақ жыл сайын белгілі бір тұрақты сандағы адамдардың 
мәшине астында қалып қоюы – техникалық прогрестен шығатын 
қажеттілік, олар – соның құрбаны. 
Қазіргі кездегі статистика ғылымы қарқынды дамып, компьютерлік 
бағдарламалардың негізінде жұмыс істейтін ғылым саласына айналды. 
Соның арқасында қоғам өміріндегі кейбір үдерістер зерттеліп, оған 
ықтималдық тұрғыдан баға беріліп, жүргізілетін саясатқа өзгерістер 
еніп отырады. Мысалы, әрбір отбасына шаққанда 1,8 баладан келеді, я 
болмаса халықтың саны бүгінгідей құлдырамауы үшін, әр отбасында 
2,6 бала болуы керек, ал оның аз-мұз өсуі үшін кемінде 3 баладан 
болуы керек. т.с.с. Бірақ шынайы өмірде бір отбасында бір бала да бол-
мауы мүмкін, ал келесісінде 6 бала болуы да ғажап емес. 
Нарықтық экономикада миллиондаған адамдардың ынталы жасам-
паздық іс-әрекетінің нәтижесінде, олардың арасында шым-шытырық, 
сан алуан байланыстар пайда болып, кездейсоқтықтың рөлі күрт өседі. 
Біреу кедейліктен байлыққа жетіп, келесі, керісінше, кездейсоқтықтың 
нәтижесінде байлықтан тақырға отырып қалуы мүмкін. Алайда ол 
үшін іскерлік, ізденіс керек. Үйде енжар отыра берсеңіз, ешқандай 
кездейсоқтыққа ұшырамайсыз. Сонымен қатар мемлекет статистикалық 
ақпараттар арқылы экономиканың қажетті сатыларын анықтап, оларға 
неше түрлі бағдарламалар мен заңдар арқылы өз ықпалын тигізе алады.
Сарапталған санаттардың таным үдерісіндегі әдістемелік мәні өте 
зор. Тарихи, ғылымдағы ашылған көп жаңалықтар кездейсоқтықтың 
әсерінде ашылған. Сондықтан ғылым тек қана қажеттіліктерді ашады, 
«ғылым – кездейсоқтың жауы» деген нақыл сөздер, шынына келгенде, 
дұрыс емес.
Мысалы, Луи Пастер бактериялар өсіп жатқан ыдысқа байқамай, 
зеңді (плесень) түсіріп алады. Келесі күні микроскоппен зерттегенде, 
бактериялар жоқ болып шығады. Сол кездейсоқтықтың арқасында ол 


429
зеңнің антибактериялық қасиетін ашып, соңынан пенициллин дәрісін 
ойлап шығарады. Бұл ғылыми жаңалықтың адамзат денсаулығына 
тигізген оң нәтижесін асыра бағалау өте қиын.
Екінші француз ғалымы А.Беккерель лабораториядан кетерінде 
уран тұзын фотоқағазға орап кетеді, келесі күні оны химикаттар-
дан өткізіп шығарған кезде, оның бетінен неше түрлі сәулелердің ізін 
көреді. Соның арқасында уранның радиоактивтік қасиеттері ашылып, 
микроәлемді зерттеуге кең жол ашылады.
Сондықтан әрбір зерттеуші нысанның қажетті жақтарын ашу 
жолында барлық кездейсоқтықтарды тізіп, олардың көрінісін терең зерт-
теу арқылы ғана қажеттілікке жетуі мүмкін. Әрине, ол – ғылымдағы 
көп жолдардың біреуі ғана.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   369   370   371   372   373   374   375   376   ...   521




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет