Национальный конгресс историков казахстана исторический факультет



Pdf көрінісі
бет111/166
Дата20.09.2023
өлшемі3,3 Mb.
#181772
1   ...   107   108   109   110   111   112   113   114   ...   166
Байланысты:
thesis147359

Әбдуақап Қ., т. ғ. д., профессор 
Мимар Синан атындағы өнер университеті 
Ғұлама тарихшы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек сіңірген 
қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық 
Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының халық депутаты, Ш.Ш. 
Уәлиханов атындағы сыйлықтың, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, 
Қазақстан Республикасы Президентінің «Бейбітшілік және рухани келісім» сыйлығының 
лауреаты Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың есімі елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде кеңінен 
таныс. Ғалымның баға жетпес тарихи-ғылыми мол мұрасы – іргелі монографиялық еңбектері, 
ғылыми зерттеулері мен мақалалары еліміздің рухани асыл қазынасы екені сөзсіз. Ұлт 
көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ғалым Манаш Қозыбаев туралы «Ғалымның Отандық 
тарих ғылымы саласындағы сіңірген еңбегі мен артында қалған мол мұрасы, шығармалары 
халықтың игілігі мен қазынасы болып қала береді» – деп зор баға берген болатын. Манаш 
Қозыбаев талай дүбірлі оқиғаларды басынан кешірген ХХ ғасыр перзенті.
Мұрағат қорларында сақталған өз қолымен жазылған өмірбаянында, ол 1931 жылдың 
16 қарашасында қазіргі Қостанай облысы Ұзынкөл ауданының (қазіргі Меңдіқара ауданы) 
Итсары деген елді мекенінде (қазіргі Жарқайық ауылы) шаруа отбасында дүниеге келген екен. 
Қазақтың генеологиялық түп-тамыры шежіре арқылы анықталатындықтан, деректерге 
сүйенсек, олар он екі арыс Ашамайлы Керейден тарайтын іргелі ата. Әкесі Қозыбаев Қабаш 
1898 жылы туған, жиырмасыншы ғасыр басында болыс басқармасы, көпес Ахметжанның қол 
астында жұмыс істеген, кейін ел басқару жұмыстарына араласқан. Аудандық кеңестердің 
барлық шақырылымына депутат болып сайланған. Анасы, Қозыбаева Ақсұлу (Шақан) 
Махметқызы Манаштан басқа Сағымбай, Әлия атты балаларды дүниеге әкеліп, олардың өсіп-
өнуіне барын салған. Сол сияқты, академик Манаш Қозыбаевтың жақын туыстары: 
Әбілмәжін, Әбіл, Сәкен, Оразалы Қозыбаевтар жайында мағлұмат бере келіп, Оразалы 
ағасының Қостанай облыстық партия комитетінде инструктор болып қызмет істегеніне де 
тоқталып өтеді. Қиын-қыстау кезеңдер басынан өтсе де Қозыбай әулетінің өмір сүруге деген 
ұмтылысы ерекше болған. Сол уақыттарда жасы жетпіске келіп қалған Қозыбай ақсақал 
отбасының қамы үшін тыным таппай еңбек етті. Әкесі Қабаш болса, елдің еңселі азаматтардың 
бірі ғана емес, бірегейі болды. Елдің көркеюіне, халықтың әлеуметтік жағдайының 
жақсаруына бел шеше араласты. Жарқайық, Қаратал, Сарқамыс, Байғожа сияқты іргелі 
ауылдардың аштықтан аман қалғандарын жинап, кооператив ұйымдастырды. Жаңатұрмыс 
ауылын басқарды [1, 12 б.].
Қабаш Қозыбайұлы Ұлы Отан соғысы жылдары майданға самолет жібергендердің бірі. 
Авиация маршалы Верещагин Қабаш Қозыбайұлына «Сіз берген самолеттер бүкіл соғыс бойы 
Қарулы күштер құрамындағы транспорт авиациясында пайдаланылды» – деп құрмет 
көрсеткен. Жасөспірім шағы, Ұлы Отан соғысы кезеңімен тұспа-тұс келген Манаш Қабашұлы 
ертерек еңбекке араласып, есепшінің көмекшісі болып жұмыс істеді. Ауылдағы 
жетіжылдықты бітірген соң, аудан орталығындағы педучилищеде оқыған. Ол белгілі оқу орны 
болатын. Мәселен, тарих пәнінен сабақ берген А. Сыров жайында: «Бізді үш жыл үзбей 
оқытқан ұстазымыз А.Д. Сыров деген ақсақал Боровойлық болатын. Ол селоның тарихын 
жақсы білетін, жас кезінде ағартушылықпен айналысқан тәжірибелі ұстаз еді. Кейін 
Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім атағын алды» – деген, ғалымның естеліктері сақталған. 1947 
жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы Меңдіқара педагогикалық училищесін үздік бітіріп, бір 


216 
жыл Үлгілі жеті жылдық мектебінде мұғалім болып қызмет етеді. Дегенмен, тағдырдың 
тәлкегімен шыңдалған жас маман білім қуып сол кездегі еліміздің астанасы болған Алматы 
қаласына жол тартты. Осылайша Манаш Қабашұлы 1948 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ 
мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) тарих 
факультетіне оқуға түсіп, оны 1953 жылы үздік бітірген еді. Ол кезде университ қабырғасында 
М.О. Әуезов, Т. Тәжібаев, І. Кеңесбаев, Усанович сияқты ұлылардың ұлысы қызмет етсе, 
тарих факультетінде Е. Бекмаханов, А. Нүсіпбеков, Б. Сүлейменов, М. Ақынжанов, Фришман, 
Серовский, С. Бейсембаев, Богуславский, Н. Киікбаев сияқты көрнекті тарихшылар дәріс 
оқыған.
Академик Манаш Қозыбаевтың өмірдерегін саралай отыра, ғалым ретінде 
қалыптасуының өсіп-өну жолын төрт кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең, Қостанай 
пединститутында ұстаздық еткен 1953-1958 жылдар. Бұл уақытта ассистент, аға оқытушы 
бола жүріп, Манаш Қабашұлы алғашқы ғылыми еңбектерін дүниеге әкеліп, олардың көбі 
өлкені тану бағытында, яғни Қостанайдың тарихына, онда Кеңес өкіметінің орнауы мен 
Азамат соғысы мәселелеріне, Әліби Жангелдиннің өмірі мен қызметіне арналған еді. Екінші 
кезең, академик Манаш Қозыбаевтың Алматыға келіп, университеттегі ұстазы С. 
Бейсенбаевтың ықпалымен ғалым болып қалыптасқан 1958-1985 жылдар. Үшінші кезең, 
ғұлама ғалымның тарих саласындағы еңбегінің 1986 жылдан, Қазақстан Республикасының 
Ұлттық Ғылым академиясына, оның Тарих және этнология институтына ауысуымен 
байланысты іргелі ғылыми еңбектерінің жарық көруімен байланысты. Төртінші кезең, 
еліміздің тәуелсіздік алуымен ғалымның қайраткерлік еңбегінің нәтижесінде атқарылған 
жұмыстары мен баға жетпес құнды тарихи мұралардың дүниеге келуімен орайласады [2].
Академик Манаш Қозыбаевтың еңбек жолы Қостанай педагогикалық институтынан 
басталды. 1953 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің тарих факультетін үздік бітіріп, 
өзінің сұрауымен Қостанай пединститутына қызметке жіберілді. Бұл жерде Манаш 
Қабашұлының сапалы білімі де, ұйымдастырушылық қабілеті де, әділдік үшін күресе білетін 
қасиеті де көрінді. Жас ғалым зерттелуі кенже қалған өлке тарихының «ақтаңдақ» беттерін 
ғылыми тұрғыда зерделеумен айналысты. Мәселен, «Қостанай» топонимінің шығу тегін, 
Ресей империясының Қостанай өңірін отарлау кезінде жойылып кеткен ұлттық жер-су 
аттарын зерттеумен, өңірде Кеңес өкіметінің орнауы тұсындағы саяси, әлеуметтік-
экономикалық жағдайлармен байланысты бірқатар тарихи оқиғалардың ықпалы жайында 
ізденіс жұмыстары жүргізіліп, ғылыми тұжырымдар жасады. Өлкетанулық зерттеулерін 
жариялады, Қостанайдың ономастикасын ұлтсызданған мазмұннан арылтуға үлес қосты, 
Ыбырай Алтынсариннің есімі мен ісін ұлықтады. Жас ғалым Тобыл жағасындағы 
аудандардың біріне Ыбырай Алтынсарин атын беру туралы ұсыныс жасады. Бірақ, тек еліміз 
тәуелсіздік алғаннан кейін, Қостанай ауданынан Обаған өңірі бөлініп шыққан кезде ғана 
Ыбырай Алтынсарин аты ауданға берілді. Сонымен қатар, Қостанай оқытушылар институтын 
педагогикалық институт дәрежесіне көтеруде және оған жаңа ғимарат салуға да Манаш 
Қозыбаевтың еңбегі ерекше екенін атап өту керек. «Қостанай кезеңі мені өсірді, шынықтырды, 
шыңдады, – деп еске алыпты жастық жалынға толы жылдарды. – Мен азамат болып, есейдім. 
Өзімнің бақытым Сара Пішенбайқызымен отау құрдым, тұңғышым Ілияс дүниеге келді. Ең 
ғажабы, Қостанайға интернационалист болып келген мен Алматыға ұлтшыл болып 
оралдым...», – деген жүрекжарды пікірлері маңызды болып табылады. Дегенмен, өмір 
қозғалыста болғандықтан, көптеген игілікті істердің нәтижелі аяқталуына арқау болған 
Манаш Қабашұлының өмірінде алматылық кезең басталды. 1958 жылы сол кездегі Партия 
тарихы институтының директоры Серікбай Бейсембайұлының шақыруымен келді. 1963 жылы 
жарық көрген «Қазақстан Компартиясы тарихының очерктері» ұжымдық еңбекті жазуға ат 
салысып, келер жылы «Компартия Казахстана в период Великой Отечественной войны» 
монографиясы көпшілікке танымал болды. Сөйтіп, Манаш Қабашұлы аз уақытта Одақ 
көлеміндегі Отан соғысы тарихының көрнекті маманына айналып, айтулы оқиғаның 30 
жылдығына арналған «На защите Советской Родины» атты ұжымдық еңбектің авторы атанды. 


217 
Бұл қиындығы мен қызығы қатар жүретін ғылымның соқпағына түскен ғалымның осы 
тақырыптың майталманы ретінде Отан қорғау, оның тарихнамалық мәселелеріне түпкілікті 
ден қойғандығын көрсетті. Отан тарихында ғұлама тарихшы ғалым Ермұхан Бекмахановтан 
кейін тарих ғылымының шынайы жан-жақты зерттелуіне мұрындық болатын Қозыбаев есімі 
жарық жұртшылыққа танымал болып, қазақстандық ғалымдар қауымдастығы мойындады, 
одақтық әріптестері таныды. 1962 жылы «Опыт коммунистической партии Казахстана по 
руководству промышленностью и транспортом в период Великой Отечественной войны 
Советского Союза (1941 июнь – 1945 гг.)» тақырыпта кандидаттық диссертациясын, 1969 
жылғы «Қазақстан Коммунистік партиясы Ұлы Отан соғысы жылдарында» тақырыбында 
докторлық диссертациясын қорғады.
Еліміздің, Ресейдің мұрағат қорларынындағы ғылыми айналымға енбеген құнды 
деректерді тиімді пайдалана білген ғалым, Қазақстаннан майданға, тыл армиясына 
алынғандардың саны екі млн. жуық екендігін дәлелдеп, шығыстағы ұлттық аймақтар 
генофонының әлсіреуіне тигізген әсерін ғылыми тұжырымдармен дәйектеп берді. Жас 
ғалымның замана ызғарынан қаймықпай айтқан сол уақыттағы теориялық пікірлері бүгінде 
көптеген зерттеулерге арқау болғандығы ақиқат. 1970 жылы тарих саласы бойынша профессор 
ғылыми атағын алды. Ғалымның ғылыми ізденісі арта түсті. Сол жылы тарихшылардың 
Халықаралық конгресінде баяндама жасады, 1971 жылы «Қазақстан – арсенал фронта» 
монографиясы үшін Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Ғылым академиясының 
Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығымен марапатталды. 1980 жылдардың ортасында 
еліміздің тарих ғылымының дамуында айтарлықтай өзгерістер басталды. Манаш Қабашұлы 
ол кезеңді былайша еске алады: «Дүбірлетіп жаңа заман келе жатты. Елдің де, менің де 
жұлдызды сағатым соғатын кез келді». Манаш Қабашұлы осы жылдары Қазақ 
Энциклопедиясына басшы болып тағайындалды. Жылдар бойы жинаған ғылыми тәжірибесі 
мен ұлтына деген сүйіспеншілігі бұл қызметінде айқын көрініс тапты. Энциклопедиялық 
танымды жаңа жолға салды. Кеңестік қазақстандық тарихнаманың жабық бетіне айналған 
Отан тарихының өзекті мәселелерін жарыққа шығара бастады. Мәселен, ол кездері жазуды 
қойып, есімдерін айтуға тыйым салынған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан 
Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұстафа Шоқай, тағы басқа қазақтың аяулы азаматтарының 
өмірбаянын энциклопедияға енгізу туралы мәселе қойды. Ғалымның бұл мәселені көтеруі 
ерлікпен пара-пар еді. Әрине, ұсыныс қабылданбады. Дегенмен, 1985 жылы басталған 
горбачевтік қайта құрудың кеңестік жүйені, социалистік лагердің шаңырағын шайқалтудан 
басталды. Әу баста социализмнің болашағына қалтқысыз сенген көңіл бірте-бірте күдікке 
толып, мұндай көзқарас 1985-1989 жылдарғы шығармаларда көрініс тапты. Ол саяси қуғын-
сүргіннің құрбандарын анықтау және оларды ақтау жолында жалпы мемлекеттік маңызы бар 
көлемді де жүйелі жұмыстарға араласты. Бұл еңбектің қорытындысы кезінде Алашорданың 
туын көтерген қазақ халқының бірегей ұлдары ақталып, энциклопедиялық жинаққа енгізілді 
[3].
Манаш Қозыбаевтың басшылығымен сол кезеңде орыс және қазақ тілдерінде 4 томдық 
Қазақ энциклопедиясы, Алматы, Қарағанды облысы энциклопедиялары, Шоқан Шыңғысұлы 
Уәлихановтың бес томдық толықтырылып, өңделген шығармалар жинағы және тағы да басқа 
іргелі еңбектер басылып шықты. Осы тұстағы атқарылған ірі жобалардың бірі – Ұлы Отан 
соғысы жылдарындағы Қазақстан жайлы 40 сериялы құжатты фильмнің шығарылуы. Бас 
кеңесші-сарапшы ретінде әр серияның сценарийін мұқият оқып, әр фильмді байыптап көріп, 
тележурналистермен, режисерлермен тығыз жұмыс жүргізеді. Сол 40 фильм қазақ 
теледидарының алтын қорына кірді. 1986 жылы Ұлттық Ғылым Академиясының Шоқан 
Шыңғысұлы Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына бөлім меңгерушісі, көп 
кешікпей осы айтулы ғылыми-зерттеу мекемесінің директорлығына тағайындалған Манаш 
Қабашұлы одақ деңгейінде танылған ғалымдығымен қоса ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру 
ісінде де мол тәжірибе жинаған кәсіби басшы болып қалыптасқан болатын. Талай жылғы 
зерттеулерінің нәтижесі ғылыми жұртшылыққа кеңінен танылып, «ақтаңдақ» термині алғаш 


218 
рет қолданысқа түсті. Оның қолдану аясы бірте-бірте кеңіп, Отан тарихының көптеген 
кезеңдерін қамти бастады. Тарихтағы ақтаңдақ дейтін құбылыстың ішкі мәні мен туу 
себептерін зерделей келгенде, патшалы Ресейдің отаршылдары мен кейінгі тоталитарлық 
тәртіпті енгізген большевиктердің саясаты сөз жүзінде бір-біріне қарама-қарсы деп 
жарияланғанымен, жергілікті халықтардың өткен тарихын бұрмалауға және ұлттық сана-
сезімі ояна бастаған зиялы өкілдерін қудалауға келгенде әлгі екіұдайы жүйенің көзқарастары 
мен тәсілдері бір-бірімен ымыраласып, ара-жігі жойылып кететіндігін Манаш Қабашұлы 
көптеген тарихи фактілермен көрсетті. Сол сияқты, автор ақтаңдақтар қатарында қазақ 
халқының этногенезі, қазақ халқының жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық қозғалысы, ұлттың көне 
мәдениет тарихы, Қазақстанның Ресейге қосылу тарихы, көшпенділер өркениеті, қазақ халқын 
күшпен отырықшыландыру әдістері мен шежіре мәселелерін жатқызды. Кеңестік дәуірдің 
құрдымға кетіп бара жатқандығына көз жете бастаған тұста тарихшылардың көшбасшысына 
айналған академик Манаш Қозыбаев Қазақ мемлекеттігі, отаршылдық жүйе, геноцид туралы 
алғашқы идеяларды алға тартты. Осыған орай, Манаш Қабашұлы бастаған институт ұжымы 
Ресей Ғылым Академиясы Тарих институтымен бірлесе отырып Орта Азия мен Қазақстанда 
кеңестік күштеп ұжымдастыру саясатын тарих таразысына қайта салды. Бұл зерттеу 
жұмысының нәтижесі «История СССР» журналында (1990, №7) Манаш Қозыбаев бастаған 
авторлық топтың «Казахстанская трагедия» деген атпен жарық көрді. Кеңестік дәуірдің соңғы 
жылдарында, нақтылап айтсақ, 1989 жылы Манаш Қозыбаев ғылыми атақ-дәреженің асқар 
шыңына көтерілді: Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Ғылым академиясының толық 
мүшесі – академигі болып сайланды. Ал Кеңестер Одағының, демек Қазақстанның да тағдыры 
қыл көпір үстінде қылпылдаған тұста, республика басшылығына Нұрсұлтан Әбішұлы 
Назарбаев келгеннен кейін тарихи майданның алғы шебіне ұлтының жанашыр перзенттері 
шықты. Бұл кезде Манаш Қабашұлы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы 
Кеңесінің депутаты, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының 
директоры қызметінде отырып, Алаш зиялыларын ақтайтын комиссия құрамында белсенді 
еңбек етті, қандықол Ермактың бетпердесін сыпырды, Қазақстанның мемлекеттік шекарасына 
қатысты дерек пен дәйекті методологиялық биік өремен сөйлетті, байларды кәмпескелеудің 
(1928 ж.), кулактар мен байларға қарсы күрестің (1930 ж.) заңсыздығын әшкерелеген комиссия 
жұмысына жетекшілік жасады. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Егемендік туралы 
декларацияда, 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған Мемлекеттік тәуелсіздік туралы 
Конституциялық Заңда қайраткер тұлғаның үлесі бар. Өйткені, 1980-жылдардың соңы мен 
1990-жылдардың бас кезінде ұлттық сана-сезімнің күшеюі, кеңестік мемлекеттік жүйе мен 
коммунистік идеологияның күйреуі және тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің жариялануы мен 
қалыптасуы тарих ғылымының қоғамдағы орнына түбегейлі өзгеріс енгізгені аян. Осы кезден 
бастап академик Манаш Қозыбаев басқарған Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және 
этнология институты Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттеуге орасан зор үлес 
қосты. 
Қазақстан ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігін алды. Тәуелсіздік – киелі ұғым. Сол 
киелі ұғым тарих қойнауына еніп, талай дүниені ақтарып жүрген ғалымның арманы асқақтай 
түсті. Азаттық таңы атысымен қимылы тіпті ширап, Кеңес дәуірінің тарихы ауқымынан 
шығып, әлемдік тарихи үдерістер мен өркениеттегі қазақ халқының орнын анықтауға күш 
салды. Академик М. Қозыбаевтың шығармашылығындағы тағы бір ерекшелік – ұлттық мүдде 
жолында қызмет етудегі азаматтық бейнесінің өз еңбектерінде айқын сезілуі. Сондықтан 
ғалым бір жағынан: Ұлт болмысы, Ұлт намысы, Ұлт тілі, Ұлттық мәдениет, Ұлттың рухы, 
сияқты мемлекет құруда ең қажетті де қасиеттер ұғымдарды ұлттық мүдде тұрғысынан 
түсіндірудің жолдарын қарастырса, екінші жағынан: Тәуелсіздік жолы – үміт жолы, 
Тәуелсіздік рухы, Тәуелсіздік самалы, Егемендік декларациясы – тәуелсіздіктің алдыңғы 
баспалдағы, Тәуелсіздік толғаныстары, – деп тәуелсіздік тарихын мейірлене зерделеді. «Ұлт 
элитасы – қайраткер, жасампаз, дауылпаз жан. Қайраткелік ұлы істе танылады. Ұлы іс халық 
мүддесінен туындайды» – деп азаттық жолындағы қазақ халқының мүддесі үшін күрескен 


219 
азаматтардың тұлғалық қасиеттеріне шынайы баға береді. Ғасырлар тоғысында Отандық 
тарих ғылымының қара шаңырағын басқара жүріп ұлттық тарихнамаға салған екі олжасын 
айрықша атап өткіміз келеді. Бірі – «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру 
тұжырымдамасы» (1995 ж.), екіншісі – бес томнан тұратын «Қазақстан тарихы» академиялық 
басылымның алғашқы үш томын жарыққа шығаруы. Тұжырымдамада тарих білімінің негізгі 
басымдықтары, тарих ғылымының өтпелі кезеңдегі басты мәселелері мен оларды шешудің 
мүмкін бағыттары, тарих білімі мен оқу-ағартуды реформалау жолдары дәйектелді. Академик 
Манаш Қабашұлы Қозыбаев тарих ғылымында алғаш рет Еуразия кеңістігіндегі дала 
өркениетінің дамуы туралы тұжырымының негізін жасады. Патша өкіметінің отарлау 
саясатына қарсы қазақ халқының ғасырларға созылған ұлт-азаттық көтерілісінің ғылыми 
теориялық мәнін ашып, Кенесары Қасымов, Жанқожа Нұрмұхамедов, Әбдіғаппар 
Жанбосынов сынды көтеріліс қолбасшыларын дәріптеді, Алаш қозғалысы мен Алашорда 
автономиясына қатысты тыңғылықты зерттеулер жүргізілуімен, сөйтіп объективті шындықты 
қалпына келтіруде елеулі жұмыстар атқарылуымен ерекшеленді. Сонымен қатар, осы 
кезеңнен бері Қазақ хандығының тарихы жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының 
Отан соғысы, Абылай ханның өмірі мен қызметі туралы және тарихымыздың басқа да өзекті 
мәселелеріне байланысты ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Манаш Қабашұлы басқарған институт Ресейдің, АҚШ-тың, Қытайдың, Жапонияның, 
Ұлыбританияның, Германияның, Түркияның және басқа да елдердің ғылыми орталығымен 
тұрақты ғылыми байланыс жасап келеді. Манаш Қабашұлы Қозыбаев ірі ғалым болуымен 
бірге ғылыми-педагогикалық жұмыстарға да көп назар аударған. Ол талантты ғалымдардың 
тұтас бір шоғырын тәрбиелеп шығарды. Оның жетекшілік етуімен 86 ғылым кандидаттары 
мен докторлары әзірленді. Осылайша, ғалым Манаш Қозыбаев тәуелсіз Қазақстан тарихының 
өзекті мәселелерін зерттейтін ғылыми мектептің негізін құрды. Ол көп жылдан бері Ш.Ш. 
Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы докторлық диссертация 
қорғайтын Ғылыми Кеңестің төрағасы, тарих ғылымдары саласындағы проблемалық ғылыми-
үйлестіру Кеңесінің төрағасы, Мемлекеттік ономастикалық комиссия мүшесі қызметерін 
атқарды. Академиялық ғылымының білім саласымен дәстүрлі байланыстарын дамыта 
отырып, Манаш Қабашұлы Қозыбаев орта мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған 
оқулықтар мен оқу құралдарын шығарды. 1998 жылдан бері ғалымның басшылығымен іске 
қосылған «Отан тарихы» журналы қазір Қазақстанға ғана емес, шетелдік ғылыми қауымға да 
кеңінен танылған. Ұлтының жанашыры, ғұлама ғалым Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың 
көптеген еңбектері бүгінгі таңда ТМД елдері халықтарының тілдеріне аударылған, сонымен 
бірге АҚШ-та, Ресейде, Қытайда, Болгарияда, Германияда, Украинада, Америкада, 
Молдавияда, Жапонияда, Иранда және т.б. елдерде жарық көрді. Ол Қазақстан Республикасы 
Президентінің «1997 жылы жалпы ұлттық келісім және жапай саяси қуғын-сүргін 
құрбандарын еске алу Жылы деп жариялау туралы», «1998 жылы халық бірлігі мен 
сабақтастығы Жылы деп жариялау туралы» Мемлекеттік комиссияның мүшесі ретінде де 
қыруар жұмыстар атқарды. Қазақстан Республикасының өркендеуіне, тарих ғылымының 
дамуына қосқан ерен еңбегі еленіп, 1995 жылы Қазақстан тарихының өзекті проблемаларына 
арналған бір топ зерттеулері үшін ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының 
лауреаты атағына ие болды. Белсенді әрі жемісті мемлекеттік және қоғамдық сыйлығы үшін 
1997 жылы ол Қазақстан Республикасы Президентінің «Бейбітшілік рухани келісім» 
сыйлығының иегері атанды. Сонымен қатар, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, «Ана 
тілі» Халықаралық қазақ тілі қоғамының мәртебелі белгісімен, «Республикаға сіңірген еңбегі 
үшін» және «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» 
төсбелгілерімен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Академик Манаш Қозыбаев 
Шәкәрім атындағы «Семей» мемлекеттік университетінің (1998 ж.) Қарағанды мемлекеттік 
медицина академиясының (1999 ж.), Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік 
университетінің, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің, Қорқыт Ата 


220 
атындағы Қызылорда университетінің, «ҚазГОР» Академиясының құрметті профессоры 
болып сайланған. Ол Қостанай қаласының және Мендіқара ауданының құрметті азаматы.
Манаш Қабашұлының жансерік жолдасы Сара Пішенбайқызы – танымал педагог, ұстаз 
інісі Сағынбай Қозыбаев, баласы Ілияс – тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар, 
қызы Гүлшат тарих ғылымдарының кандидаты. 2003 жылдың 30 мамырында Қазақстан 
Республикасының Үкіметінің қаулысымен оны мәңгі есте қалдыру үшін Солтүстік Қазақстан 
Мемлекеттік университетіне академик Манаш Қозыбаев есімі берілді, ғалымның ескерткіші 
ашылды. Осы уақыттан бері университет ұжымы ғұлама ғалымның өмірі мен қызметін, 
ғылыми еңбектерін көпшілік қауымға насихаттау мақсатында мол мұрасын жинақтап, жыл 
сайын ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп келеді. Тарих ғылымының сан алуан 
мәселелерін қарастыратын бұл ғылыми жиынға еліміздің көрнекті ғалымдары, мемлекет және 
қоғам қайраткерлері, алыс-жақын шетелдерден қонақтар қатысып, маңызды мәселелер 
төңірегінде сөз қозғалады. Унисерситет тарихы музейінің бір залының экспозициясы 
ғалымның өмірі мен қызметіне арналған. Сонымен қатар, академик Манаш Қабашұлының 
құнды ғылыми туындыларын және Отан тарихының іргелі мәселелерін зерделеу үшін 
университет жанынан М. Қозыбаев атындағы ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Бүгінгі 
таңда ғылыми орталық маңызды істер атқарып, зерттелуі кенже қалған қатпарланған өлке 
тарихының беймәлім тұстарын анықтау бағытында және «Манаштану» мәселесін ғылыми 
пайымауда нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Енді міне Манаш Қозыбаев аңсаған күнде туды. 
Мемлекет тарапынан тарих ғылымына назар аударылып, мұны жай ғана ғылым ретінде немесе 
мамандық тұрғысынан қарамай, бүгінгі жаһандану кезеңіндегі еліміздің іргетасын бекем 
ұстайтын тұтас идеологиясының негізіне айналдыру қажеттігі туындады. Осы бағытта 
Елбасының «Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына 
Жолдауында «Мәңгілік Ел» идеясы көтерілуі және «Халық тарих толқынында» Мемлекеттік 
бағдарламасының қабылдануы ұлттық тарихты зерделеуге, насихаттауға жағдай туғызды. 
Мемлекет тарапынан тарих ғылымына, мамандығына ерекше назар аударылып, кезінде түрлі 
себептермен жабылып қалған, басқа мамандықтарға қосылып кеткен Тарих факультеттері 
қайта бой көтерді, ұмытылуға айнала бастаған Қазақстан тарихы кафедралары қайта 
жанданып, бұл саланың дамуына жаңа серпін берді. Бүгінгі таңда Елбасының «Болашаққа 
бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарық көруі қоғамға серпіліс 
әкелді. Гуманитарлық саланың дамуына негіз болған мақаланың аясында тарих ғылымының 
жандануына да мемлекеттік деңгейде үлкен мән берілуде. Осы тұрғыдан алғанда, академик 
Манаш Қозыбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде жасаған маңызды істері бүгінде өзінің 
лайықты жалғасын табуда.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   107   108   109   110   111   112   113   114   ...   166




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет