Жалпы жер асты жұмыстарында өздігінен жүретін жоғары өндірімді жабдықтар кеңінен
пайдаланыла бастады. 9-бесжылдық кезінде түсті металлургия саласында жаңа техниканы енгізу
жөнінде 500-ден астам өте маңызды шаралар жүзеге асырылып, өндіріске жұмсалатын шығын
көлемі 75 млн. сомға кемітілсе, еңбек өнімділігі 7,5%-ға өсті. Осы жылдары кешенді түрде
механикаландырылған цехтар саны 5,7 есе көбейіп, автоматты басқару жүйесінің алуан түрі
молынан пайдаланылды, 50-ден астам автоматтандырылған телімдер жұмыс істеді. Қазіргі таңда
Қазақстанның Тусті Металлургия Өнеркәсібі 50-ге жуық түсті, сирек, асыл металдар өндіреді, осы
металдардың негізінде 70-ке жуық бұйым түрлерін шығарады, олар шетелдерде жоғары
сұранысқа ие және әлемнің 30-дан астам еліне экспортқа шығарылады. Түсті металлургия
құрылымының 47%-ы қорғасын-мырыш, 30%-ы мыс, 8%-дайы алюминий өнеркәсібінің үлесіне
тиеді, ал 15%-ы басқа салалардың (алтын өнеркәсібінің, титан-магний, вольфрам, молибден, сирек
металдар өнеркәсібінің) үлесінде. Қорғасын-мырыш өнеркәсібі Шығыс, Оңт. және Орт.
Қазақстанда, мыс Орт. және Шығыс Қазақстанда орналасқан.
Достарыңызбен бөлісу: