ХІҮ-ХҮ ғғ. Ортағасырлық мемлекеттер. Көк Орда мен Ақ Орда
мемлекеттері.
ХІҮ-ХҮ ғасырларда Орта Азия мен Қазақстан халқы моңғол
шапқыншылығының ауыр зардаптарынан бірте-бірте арыла бастады.
Бүліншілікке ұшыраған шаруашылықты, қираған қалаларды қалпына
келтіруге бағытталған шаралар жемісін беріп, феодал-байлардың
экономикалық және әлеуметтік жағдайлары біраз жақсарды. Сонымен бірге
бұл тұста моңғолдардың қол астында болып келген көптеген ұлыстар мен ел
дербес тәуелсіз мемлекеттер қатарына шықты. Осындай тәуелсіздікке ие
болып Қазақстан жеріне алғаш рет жергілікті этникалық негізде пайда болған
ірі мемлекет Ақ Орда болды. 1227 жылы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы
өлген соң, Ертіс өзенінің Дунай дариясына дейін созылған Жошы ұлысы
(Қыпшақ ұлысы) оның ұлдарына енші ретінде бөлініп, батыс және шығыс
бөлікке айырылды. Жошының Алтын Орда хандығы әскери негіздегі
мемлекет еді. Сондықтан аумақтық қарулы күштердің бөлігіне бағынышты
болды: Алтын Орданың барлық қарулы күштері "оң қол" және "сол қол" деп
екі қанатқа бөлінді. Жошының орнын басқан мұрагері - Алтын Орданың ұлы
ханы Батый қарулы күштердің оң қанатын тікелей өз қарамағына қалдырды,
сол қанатын ағасы Орда-Ежен билігіне берді. Мемлекеттің батыс бөлігі - Еділ
алқабымен және оның батысындағы жерлер, Қырым, Солтүстік Кавказ,
Солтүстік Хорезм және осы өңірлерде мекендеген халықтар Батый ханмен
Тоқай-Темірдің үлесіне тиді де, оны Алтын Орда тікелей басқарды.
Мемлекеттің шығыс бөлігі Алтай таулары мен Ертіс өзені мен Жайық (Орал)
өзеніне дейін, Балқаш көлінен Сырдария алабы мен Арал теңізінің
солтүстігіне дейінгі ұлан байтақ өңір және оған іргелес жерлерді мекендеген
халықтар Орда-Ежен мен оның төрт інісінің (Удор, Торқа-Темір, Шинкум,
Синкум) үлесіне тиді де, бұл өңірде Ақ Орда хандығы кұрылды.
ХІІІ ғ. ортасынан бастап Шығыс Дешті Қыпшақтың аумағында өмір
сүрген Ақ Орданың мирасқорлары іс жүзінде дербес билеушілер, Рашид ад-
Диннің айтуынша, өздерін Батый хан ұрпақтарының вассалдары деп сөз
жүзінде ғана санаған "өз ұлысының тәуелсіз патшалары" болды. Осы Ақ
Орда құрамына қосылған үйсін, қаңлы, қарлұқ, қыпшақ, т.б. тайпалар Батыс
түрік (VІ-VІІІ ғ.ғ.) дәуірі мен түркеш, қарлұқ (VІІІ-Х) дәуірінде өз алдына
халық болып қалыптаса бастаған қазақ халқының негізгі тұлғасы еді. Ол XI
ғасырдан бастап XIII ғасырдың басына дейін кең байтақ қазақ даласына
үстемдік еткен қыпшақ бірлестігіне еніп, қыпшақ елі атанған. ХШ ғ.
басындағы Шыңғыс ханның жорығынан соң Жошы ұлысына еніп, ХІІІ ғ.
екінші жартысында Алтын Ордадан бөлінген Ақ Орданың негізгі халқы
болды. Ақ Ордаға үстемдік еткен моңғол хандары мен билік басындағы
шонжарлар аз санды адамдар еді. Олар жергілікті халықтың шаруашылық
тұрмысы мен мәдениетіне ықпал жасай алған жоқ, қайта өздері ұзаққа
бармай-ақ жергілікті халыққа сіңіп кетті. Сол заманда жасаған әйгілі араб
тарихшысы, моңғолдар туралы жазба хаттардың авторы Әл-Омари бұл
жөнінде былай дейді: "Ертеде бұл мемлекет - қыпшақтар елі болған еді, ал
оларды татарлар (моңғолдар) билеп алғаннан кейін қыпшақтар солардың қол
астына қарап қалды. Сонан кейін олар (моңғолдар) бұлармен
(қыпшақтармен) араласып туыс болып кетті, жер олардың (моңғолдардың)
табиғи және нәсілдік сипатып өзгертіп жіберді, олардың бәрі (бұлармен) бір
атадан туғандай, дәл қыпшақ болып кетті. Осыдан келіп моңғолдар қыпшақ
жеріне мекендеп қалды. Бұлармен неке қиысып, осылардың (қыпшақтардың)
жерінде тұрып қалды".
Ақ Орда хандығының аумағы - қазіргі Қазақстан жерін түгел қамтыды.
Оның халқы этникалық жағынан біріңғай түрік тілдес тайпалар мен халықтар
– қыпшақ, қаңлы, үйсін, жалайыр, алшы, қарлұқ, найман, керей, қаракесек
(арғын), қоңырат, маңғыт т.б. еді. Бұлардың әлеуметтік даму деңгейі
біркелкі, шаруашылық тұрмысы негізінен көшпенді және жратылай көшпенді
мал шаруашылығы болды. Мәдениеттік даму дәрежесі қарайлас, тілі түрік
тілдердің бір тармағы қыпшақ тілі болған. Ақ Орда құрамына кірген
тайпалардың ішіндегі алты арыс ел – қыпшақ, жалайыр, найман, қоңырат,
қаракесек (арғын), алшындар - Шыңғыс ханның батысқа жасаған жорығының
алғашқы кезінде- ақ "алты сан алаш" деген атпен Жошы ұлысына енген.
Жошы хан оларды үйсін Майқы би арқылы басқарған. Алты сан алаштың ол
кездегі қоныстанған жері - Алтай мен Каспий теңізінің аралығы бір шеті
Тобыл мен Сыр бойы, Жетісу өлкесі.
Ақ Ордада хан ордасы алғашында Ертісте және Алакөл маңында, яғни
Орда-Еженнің әкесі Жошы ханның бастапқы отырған жерінде болды. XIV ғ.
бас кезінен Орда-Ежен ұрпақтарының Сыр өңірінің қалалары мен Жетісу
жайылымдары үшін Шағатай ұрпақтарымен күрес жүргізілді. Ақ Орданың
билеушілері XIV ғ. екінші жартысында өздері Алтын Орданың қол астында
екенін сөз жүзінде мойындағанымен, іс жүзінде тәуелсіз саясат жүргізді.
Барлық саяси күш Ақ Орданың өзінде болды. Сол себептен де шығыс
қолжазбаларында Ақ Орда Алтын Ордамен қатар өмір сүрген, одан бөлек
жеке мемлекет ретінде сипатталады. Ақ Орданың Алтын Ордадан
оқшаулануы XIV ғ. екінші ширегінде, Ерзен мен Мүбәрәкқожа хандар билігі
тұсында болған делінеді. Ол XIV ғ. 60-70 билік еткен Ұрыс хан кезінде едәуір
нығайды.
Мұсылман хандығының хронологиялық кестесінде көрсетілген Ақ Орда
хандары - Орда-Ежен, Сартақ, Қонишы (Қойшы), Баян, Сасы-Бұқа, Ерзен,
Мүбәрәк, Шымтай, Орыс хан, Қойыршақ және Барақ. Жәнібек хан қайтыс
болғаннан кейін Алтын Ордада кезекті аласапыран кезең мен сарай төңкерісі
басталды. Ақ Орданың үстем табы Алтын Ордада қалыптасқан жағдайды
пайдаланып, Жошы ұлысының екі бөлігін өз билігінде саяси жағынан тұтас
етіп біріктіргісі келді. Бердібек хан қайтыс болған соң сарай тағына отыруға,
мысалы, Ақ Орда ханы Шымтай (1344-1361) ресми түрде шақырылды, ол
шақыруды қабылдамады, бірақ Алтын Орда тағы үшін күреске Орыс хан
белсене қатысты.
Алғашында ата қонысы ретінде Ертіс бойын мекендеген Ақ Орда
орталығы бірте-бірте Жетісудың шұрайлы жерлері мен Сырдария
алабындағы қалаларға қарай ауыса бастады.
Орыс хан 1368 - 1379 жж. Ақ Ордада атасының (Орда-Еженнің) орнына
таққа отырды. 1368-1369 жж. бастап-ақ Ақ Орданың астанасын Сығанақ
қаласына көшірді және осы қалада Орыс хан соқтырған теңгелер осы кезден
бастап белгілі болды. Ақ Орда Орыс хан кезінде (XIV ғ. 60-70 жж.)
айтарлықтай күшейді. Орыс хан Ақ Орданы дербес билеп, оның саяси
тәуелсіздігін нығайтуға ұмтылды. Ақ Орданың Сырдария аймақтарында егін
және қала шаруашылықтарын дамьпуды қолға алғаны белгілі. Орыс хан
Шымтай ханның тұсында-ақ Алтын Орданы өзіне бағындыруға әрекет етті.
Алайда Орыс ханның табысы ұзағынан болмады, ол Алтын Ордада әмірі
жүріп тұрған Мамайды тағынан тайдыра алмады, 1376 ж. Сырдария бойына
қайтып оралды. Осы кезде Орта Азияны билеуші Әмір Темір Ақ Орданың
оңтүстік шекарасында өзінің жаулап алушылық әрекеттерін күшейте түскен
еді.
Орыс хан өлтірген Ақ Орда феодалдарының біреуінің ұлы Тоқтамыс
тарихи аренаға шығады, ол Самарқанға қашып барып, Әмір Темірдің қол
астында қызмет атқара жүріп, әкесін өлтірген адамнан кек алуды ойлайды.
Темір Тоқтамысты өзінің жаулаушылық мақсатында пайдаланып, оған әскер
беріп Орыс ханға қарсы жіберді. Тоқтамыс Темірдің көмегімен 1378-1379
жылдары Ақ Орданың астанасы Сығанақты жаулайды да, тақты тартып
алады. 1380 жылы ол Алтын Орданы басып алып, өз билігін жүргізеді.
Темірмен соғыстар, Тоқтамыстың Русь пен Орта Азияға шапқыншылықтары,
Ақ Ордадағы тартыстар оның Сарай мен Сығанақтағы билік құрған кезін
сипаттайды. 1395 ж. Тоқтамыс Темірден күйрей жеңіліс тауып, Сібірге
қашып кетті.
XIV ғ. аяғы - XV ғ. басында сыртқы саяси ауыр жағдайлар мен ішкі
қырқыстар кезінде Ақ Орда едәуір әлсіреп кетті. Жиырмасыншы жылдарда
Ұрыс ханның немересі Барақ хан өз әулеттінің билігін бірсыпыра уақытқа
қалпына келтірді. 20-жылдардың аяғында Шығыс Дешті Қыпшақтың үлкен
бөлігіндегі билік Шайбани ұрпағы Әбілхайырдың, қолына көшті. XV ғ.
екінші ширегінде Орыс хан мен Барақ ұрпақтары Қазақстанның оңтүстік
аудандарында өз биліктерін сақтап қалды.
Достарыңызбен бөлісу: |