Дәрістер.
1 дәріс. Ғылым ретіндегі Қазақстан тарихының мақсат, міндеттері
және оны зерттеудің өзектілігі.
Республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейін ата тарихымыз бен мәдени
құндылықтарымызды ыждағаттылықпен қайта зерттеуге кірістік.
Азаттықпен келген шығармашылық бостандық тарих ғылымында да
түбейгелі өзгерістерге жол ашты. Жоғары оқу орындарында Қазақстан
тарихы пәнін оқытуға ерекше мән беріле бастады. Өйткені, тарих - ғылым
мен пән ретінде аса маңызды білім саласына жатады. Бүгінгі жас ұрпақ
өз елінің, жерінің,
ата-бабаларының тарихын біліп, оның жақсысынан
үйреніп, жаманынан жиреніп қорытынды жасауы тиіс.
Дүниежүзінің атақты ойшылдары мен ғалымдары тарихтың қоғамдағы
алатын орнына жоғары баға берді. Мәселен, Әбу-Насыр әл-Фараби:
«Тарихты білмей - өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын», -
десе, Н. М. Карамзин: «Тарих әрбір ұлттың ең басты кітабы», - дейді. Ал Н.
Г. Чернышевский: «Тарихты ақыл-иесі толық дамымаған адам ғана сүймеуі
мүмкін», - десе, бұл ойды XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ ғылымы мен
білімінің хан тәңірісі А. Байтұрсынов былай деп жалғастырады: «Сөздің ең
ұлысы, ең сипаттысы – тарих».
Тәуелсіз Қазақстан жағдайында оның мемлекеттік мүддесіне сай
халықтың тарихи санасын қайта қалыптастыру елдің айқын келешегі мен
ұрпақтар сабақтастығы үшін аса маңызды екені белгілі. Бұл тұрғыда тарих
ғылымының атқарар рөлі де, көтерер жүгі де, елдің ұлттық нышанын,
тарихи дәстүрі мен мәдениетін сақтап, келер ұрпаққа жеткізу жауапкершілігі
де зор.
Кеңес дәуірі жылдарында
Қазақстан тарихын зерттеп, жазудың
мақсаттары мен тақырыптық жүйесі КСРО тарихының мүддесіне
бағындырылып, таптық қоғам мұраттарына сәйкес белгіленген шеңберде
ғана жүргізіліп келді. Қазақ халқының, кала берді, бүкіл Республиканың
тарихы, әлемдік тарихи эволюция үрдісінен тыс, көш соңында қалған шалғай
елдің тарихы ретінде қарастырылды. Қазақ халқының аса бай мәдени және
тарихи мұрасы, көшпелі өркениеттің дүние жүзілік
тарихта атқарған рөлі
жете бағаланбады. Дүние жүзілік мәдениетінің дамуы тек отырықшы өмір
салтына және шаруашылық жүргізуге байланыстырылды. Адамзат тарихы
мен техниканың барлық жетістіктері европалық өркениетке ғана телінді.
Екіншіден, Қазақстан тарихын шындап зерттеу тек кеңес дәуірінде ғана
қолға алынды деп саналып келді. Сөйтіп, тоталитарлық СОКП
идеологиясының ыңғайына қарай бейімделіп, қазақ қоғамының тарихи ой-
жүйесінің дамуындағы сабақтастық жасанды түрде бұзылды. Осының
нәтижесінде орта ғасырлардағы түркі
тілдес халықтардың тарихына
байланысты жазылған шығармалар, XVIII-XIX ғасырлардағы авторлардың
жазғандары, тіптен бертінде өмір сүрген, ХХ ғасырдың бас кезіндегі
қазақтың зиялы қауымы өкілдерінің шығармалары есепке алына бермеді.
Қазір ол еңбектер бағзы заманды бүгінгі күннің терең өзгерістерімен
байланыстыратын дәнекер есебінде бағаланады.
Тарих дегеніміз - халықтың зердесі. Ол болып өткен, оны түзете
алмайсың және оның бір түсін екіншісімен ауыстырып,
жаңадан жаза
алмайсың. Біз оны бүкіл қайшылықтарымен және қайғылы беттерімен қоса,
ол қандай болса нақ сондай, бүкіл алуан түрлі, тұтас күйінде қабылдауға
тиіспіз.
Өткеніміз бен бүгініміздің, тапқанымыз бен жоғалтқанымыздың
тағылымын түйіндеуге Елбасымыз Н.Назарбаевтың өзі мән беріп, 1999
жылы «Тарих толқынында» деген еңбегін жариялады. «Қазақстанның сана-
сезімі, - деп тұжырымдайды Президентіміз Н.Назарбаев, - өткендегі, қазіргі
және болашақтағы тарихтың толқынында өзінің ұлттық «МЕН» дегізерлік
қасиетін түсінуге тұнғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр...
Бірақ бұл
мүмкіндік қана: ол шындыққа, тек қазақтардың ғана емес, барлық
қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет».
(Назарбаев Н. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999. Б. 292-293)
Соңғы жылдары қоғамдағы өзгерістермен бірге тарих ғылымында да
маңызды бетбұрыстар болып жатыр. Қазақстан тарихының ең елеулі
ақтаңдақтары жойылып келеді. Қазақстан Республикасының Президент
жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі
ұлттық кеңес қабылдаған
«Қазақстан
Республикасының
тарихи
санасын
қалыптастыру
тұжырымдамасында» атап өтілгендей, өткенді және қазіргіні ой елегінен
өткізу қажеттігі Қазақстанның, оның халқының тарихи тағдырына талдау
жасауды жандандырып, тереңдете түсуді мейлінше талап етеді.
Қоғамның обьективті тарих біліміне ынта-ықыласы мен қажеттігін,
Қазақстан тарихы үрдісінің үздіксіздігін, қазақ халқы тарихы мен
мәдениетінің ежелден бастап қазіргі күндерге
дейінгі сабақтастығын жаңа
айқындамалар түрғысынан ашып көрсету - бүгінгі жас ұрпақты
отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеудегі алдымызда тұрған аса
маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан да Қазақстан тарихының курсы жеке
пән есебінде жоғарғы оқу орындарындағы барлық мамандықтардың оқу
жоспарларына енгізілген.
Қазақстан тарихының көне дәуірден бастап қазіргі кезеңге дейінгі
тарихын зерттеу студент жастар алдында қоғамның дамуы туралы ғылыми
түсінік қалыптастыру үшін, дүниетаным тұрғысынан адамзат өркениетінің
мол байлығына қатысты пікір түю үшін, өз халқымыздың тарихын барлап,
оның мәдени құндылықтары мен дәстүрлерін игеру үшін
аса маңызды
қызмет атқарады.
Курстың негізгі міндеті студент қауымының Қазақстан тарихын қазақ
мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде игеруі болып табылады.
Тарих ғылымы - қасиетті ғылым. Ол бұра тартуды да, әсіресе бояуды
да, «ақсақты тыңдай, өтірікті шындай» соғуды да көтермейді. Оның өлшемі -
шындық, ақиқатқа жүгіну.