Нуржігіт Алтынбеков
Қыртысты зат құрылымы біркелкі емес. Ол екі бөліктен тұрады: ашықтау түсті –
тарамдалған (pars radiata), қоңыр түсті – бүктелген (pars convoluta). Тарамдалған және
бүктелген бөліктер бірігіп қыртысты заттың үлесшелерін түзеді.
Тарамдалған бөлікте бүйректің тік өзекшелері мен жинақтаушы түтікшелердің бастапқы
бөлімдері орналасса, бүктелген бөлік, бүйректің ирелең өзекшелерінің проксимальді және
дистальді аймақтарымен бүйрек денешіктерінен тұрады.
Милы зат бүйрек пирамидалары (puramides renales) деп аталады, бұндай атау милы затқа
енген қыртысты зат бөліктерінің әсерінен пайда болған пішініне байланысты. Бүйрек
пирамидаларының саны әртүрлі, әр бүйректе 8 ден 15-ке дейін болады. Әр пирамиданың
негізін (basis pyramidis) және ұшын немесе бүйрек бүртігін (apex pyramidis) ажыратады.
Әр бүртік кіші бүйрек тостағаншасымен (calyx renalis minor)қамтылған. Олар бір-бірімен
қосылып үлкен бүйрек тостағаншасына (calyx renalis major) айналады, үш үлкен
тостағаншалар бірігіп бүйрек түбегін (pelvis renalis) түзеді. Кіші, үлкен тостағаншалармен
бүйрек түбегінің қабырғалары – шырышты, бұлшықеттік және сыртқы адвентициялық
қабаттардан тұрады.
Бүйрек пирамидаларындағы тік өзекшелер мен жинақтаушы түтікшелер қосылып,
бүртіктер бетіне бүртіктік тесіктер арқылы ашылатын 20 шақты бүртіктік жолдар түзеді.
Әр бүйректе бес сегментті ажыратады: жоғарғы, төменгі, алдыңғы-төменгі, артқы.
Бірнеше сегменттерден бүйрек үлесі құрылады (lobus renalis). Бүйрек үлесі үлесаралық
артериялар және үлесаралық веналармен шектелген. Бүйрек үлесі құрамына бүйрек
пирамидалары және жанасып жатқан қыртысты зат аймақтары кіреді. Бүйрек үлесі 500-
ден аса қыртыстық үлесшелерден тұрады. Қыртыстық үлесшелер (lobulus corticalis),
үлесшеаралық артериялар және үлесшеаралық веналармен шектелген және оларды
қоршай орналасқан тарамдалған бөліктерден түзелген.