орналастырылды. Тоталитарлық тәртіптің құрсауына алғашқылардың бірі болып қиыршығыстық
корейлер ілікті. Олардың кейбір бөлігін 1935-1936 жылдары күштеп әкімшілік қоныс аудару
басталды. 1938 жылдың көктемінде корейлерді көшірудің екінші кезеңі басталды. Енді олар
тұрақты мекендерге орналастырылды. 70 корей ұжымшары республиканың 8 облысында –
Қызылорда, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Оңтүстік
Қазақстанда орналасты. Олар балық және ауылшаруашылығымен айналысты. КСРО-ның ұлт
саясатындағы 30 жылдардағы қуғын-сүргініне иран ұлты да ілікті. Түрікменстан, Әзірбайжан, Грузия
және Армения аудандарында тұрып жатқан ирандықтар 1938 жылы қазан-қараша айларында
Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарына көшірілді. Күрдтердің Қазақстанға депортациясы да
соғыска дейінгі кезеңнен басталады. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін Әзірбайжан құрамында 1923
жылы Күрдістан автономиялы республикасы құрылғаны белгілі. Алайда 1936 жылы күрдтердің
ғасырлар бойғы арманы аяқ асты етіліп, өздері «сенімсіз халықтар» қатарына жатқызылды. 1937
жылдан бастап ешбір негізсіз 7,3 мың күрд Армения, Әзірбайжан аумағынан көшіріліп, Орталық
Азия мен Қазақстанға қоныстандырылды. Дәл осындай «сценариймен» қарашай, қалмақ, шешен,
ингуш, балқар және т.б. Солтүстік Кавказ, Грузия, Қырым өңірі халықтары «фашистік
басқыншылармен жақындасты» деген желеумен көшіріліп, ұлттық автономиялар жойылды. 1943
жылы Қарашай автономиялы республикасы жойылып, жалпы саны 45,5 мың адам Қазақстанның
Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылды. Қалған отбасылар Қырғызстанға,
Өзбекстанға аттандырылды. Жалпы саны 40 мыңдай балқардан Солтүстік Кавказ түгелдей
«тазартылды», 46,6 мың балқар отбасы оңтүстік облыстарғақоныстандырылды. Қалғандары
Қырғызстанға жөнелтілді. 1945 жылға карай Қазақстанға көшірілген шешендер мен ингуштардың
жалпы саны 406,3 мың адамға жетті. 1944 жылы Орталық Азия мен Қазақстанға Грузиядағы
күрдтердің екінші толқыны, 1948-1950 жылдары үшінші толқыны күштеп көшірілді. Екінші
дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін майданнан қайтқан майдангер-күрдтер туғандарын таба
алмай әуре-сарсаңға түсті. Олардың өздері 50 жылдардың соңына дейін арнайы қоныстардағы
НКВД органдарына айына 2 рет барып белгіленіп тұруға міндетті болды. 1943 жылғы 28 қазандағы
бұйрық негізінде Қалмақ АКСР-інен 2,2 мың адам Қызылорда облысына көшірілді. 1944 жылы
Берияның бұйрығымен Қырымды «кеңестерге қарсы элементтерден» тазарту үшін 2000 жүк
машинасы әзірленді. 1944 жылы мамырда 50 эшелонға тиелген татар ұлты өкілдері түгелдей
Қырым АКСР-інен қуылды. Депортация барысында Қазақстанға 4501 татар, 7 мың болгар мен грек
әкелінді. Депортацияға ілінген месхеттік түріктер Грузияның оңтүстік-батыс аудандарынан 1944
жылы қарашада Қазақстанға әкелінді. Жалпы 1943-1944 жылдары Қазақ КСР-іне 109,3 мың отбасы
арнайы қоныстандырылды. Жергілікті қазақ халқының үлес салмағы 1939 жылмен салыстырғанда
38%-дан 30%-ға дейін кеміп кетті. Тіптен кейбір аймақтарда қазақтардың үлес салмағы 2 есеге
азайды.
Достарыңызбен бөлісу: