5.22-мәтін
Алтай туралы аңыз
Бұрынғы өткен заманда бір шал мен кемпір өмір сүріпті. Олардың дәулеті шағын
болғанымен, ақыл-парасатқа, ойға бай адамдар екен. Солардың жан дегенде
жалғыз баласы бар екен. Уақыт өз дегенін алмай қоя ма?! Жасы жетіп қартайған
шал мен кемпір күндердің бір күнінде ауруға шалдығыпты. Бірте-бірте аурулары
меңдеп, асқынып, екеуі де төсек тартып жатып қалады. Жанталасқан жалғыз
баласы көрші ауылда тұратын бір емші ақсақалға барып, аурудың емін сұрайды.
Сырқаттың жай-күйімен сырттай танысқан емші өзінің өмір тәжірибесіне сүйене
отырып, аурудың сырын ашылты. Сөйтіп, ол ұзақ ойланып барып жігітке былай
дейді:
-Шырағым, бұл оңайлықпен жазылатын жеңіл-желпі сырқат емес. Егер шынымен
ата-анаңа жаның ашыса, күннің шығысына қарай сапарға аттан. Күн жүрерсің, түн
жүрерсің, ай жүрерсің, сөйтіп биік таулы бір өлкеге жетерсің. Сол жерлерге
барғанда бір үңгірді мекендеген, қабағын ағаштың бұтақтарымен көтеріп қойып
қарайтын, бурыл сақалы беліне түскен бір қарияға тап боларсың. Ол менің
ұстазым, мың жыл ғүмыр кешіп келе жатқан адам. Аурудың емін сол кісі ғана айта
алады.
Осы әңгімеден кейін жас жігіт ата-анасына ем іздеп жолға шығады. Емші
айтқандай, араға көптеген айлар салып, қарияға жетеді. Қария оң жақ қабағын
ағаштың бұтағымен көтеріп қойып жігітке:
-Қарағым, қадамың құтты болсын! Келгенің дұрыс болыпты. Ол ауру "безгек" деп
аталады. Оны емдейтін шөп осы өлкеде ғана өседі. Ата-анаңның дертіне ем
болсын, - деп бір түйнек шөпті жігіттің қолына ұстатыпты.
Қуанышы қойнына сыймаған жігіт еліне қайтып оралады. Әлгі шөпті қайнатып
ішкізіп, әкесі мен шешесін емдепті. Аз ғана уақыттың ішінде сырқат кісілер
дертінен айығыпты. Кейін осыны естіген маңайындағы дертті жандар әлгі жерге
барып емдік шөпті алып келу үшін жаңағы жігіттен жолды сұрапты. Сонда жігіт:
Күннің шығысына қарай алты ай жүріп жетесіңдер, қайтарда алты ай жүріп
келесіңдер, - депті.
Сонан жаңағы таулы өлке "Алтай" деп аталып кетіпті.
Достарыңызбен бөлісу: