Азат елдің ономастикасы – мемлекетіміздің рухани қазынасы атты ғылыми-тәжірибелік конферецияның материалдары



Pdf көрінісі
бет7/22
Дата11.11.2019
өлшемі2,08 Mb.
#51559
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   22
Байланысты:
19 Асанбаева


Пайдаланылған әдебиеттер: 
1.  Э.М. Мурзаев. Очерки топонимики. Издательство «Мысль», М., 1974. 
2.  М.Мырзахметов. Қазақ қалай орыстандырылды. Алматы, 1993. – 128 б. 
3.  А.Е.Жартыбаев.  Орталық  Қазақстан  аймақтық  топонимиясы.    Қарағанды,  «Болашақ-
Баспа», 2008. – 379 б. 
4.  К.  Əмірқызы.  Ауылым-Атамекенім.  Өлкетану  жазбалары.  Ақмола  қ.,  «Аққұс» 
бірлестігі, 1993. -305 б. 
5.  А.В.Суперанская. 
Общая теория имени 
собственного. М.: Наука
, 1973. 
-258 с. 
6.  Орталық мемлекеттік мұрағаты материалы. Қ-317. Т-1. Іс-56а. 
7.  К. Əмірқызы. Атақоныс ақиқаты. Астана: «Елорда», 2001. – 193 б. 
 
 
ҚОСАҒАШ, ҚАТОНҚАРАҒАЙ АУДАНДАРЫНЫҢ КЕЙБІР ТОПОНИМДЕРІ 
ТУРАЛЫ  
 
Бияров
 
Б., С.Аманжолов атындағы ШҚМУ доценті, филология ғылымдарыныц 
кандидаты.Өскемен қаласы. 
 
Екі  аудан  тарихына  қысқаша  шолу  Алтай  тауының  айналасын  алғаш  зерттеген  орыс 
саяхатшы-ғалымдары  Мұзтау,  Қошағаш,  Жазатыр,  Шүй  атаулы  жерлерді  ежелден  қазақ 
пен ойрат қатар жайлағанын айтады. Мәселен, Р.Закржевский 1882 жылы жазылған "Краткое 
топографическое описание пути между Котон-Карагаем и Кош-Агач через Алтайские горы" 
атты шағын жолжазбасында Салқынкөл(қазіргі Бұқтырма көлі),  Алғыжақбұлақ, Ақкөлкезең, 
Жұмалыкезец,  Зердекөл,  Қоңыртемір,  Айғара,  Қарашат,  Желдіқара  сияқты  көптеген 
қазақша жер-су аттарын келтіреді [1;6-б]. 
Тағы  бір  саяхатшы-ғалым  В.В.Сапожников  (1905  жылдары)  Мұзтаудың  айналасы 
қазақтардың  жазғы  жайлауы  екенін,  Жәшік  деген  қазақ  байымен  тамыр  болып,  қой  сатып 
алып  тұратынын  айта  келіп:  "Тұнжыраған  ойраттарға  қарағанда  қазақтар  ашықжарқын, 
қалжыңға  шебер  болып  келеді",  -  деп  сипаттайды.  Мұнда  да  Шолақшат,  Тал,  Қалғұты, 
Терісаққан, Жаркөл, Шабырсу, Сарыалқа сияқты топонимдер молынан қамтылған [2;35-б]. 
Саяхатшылардың  жазбасындағы  жер-су  аттарына,  қазаққа  тән  зираттардың  тұрған 
орнына  қарап,  Катонқарағай-Қошағаш-Баянөлгей  аймақтарында  қазақтар  көшіп-қонып 
жүргенін, араларын бөлетін шекараның болмағанын көреміз. Кейінгі әкімшілік бөліністердің 
әсерінен араласып-құраласып отырған ел үшке бөлініп кетті.  Баянөлгей (Байөлке, Байбесік) 
Моңғолияға  қарап  кетсе,  Қошағаш,  Шүй,  Жазатыр  1930-шы  жылдары  "екі  арадағы  жол 
қатынасы  қиын"  деген  сылтаумен  Қазақстаннан  бөлініп,  Ресейдің  Таулы  Алтай  өлкесіне 
берілді.  "Шыңғыстай  болыстығына,  Катонқарағайға  барып-келу  қиын"  деген  қазақтардың 
өзіне жаздырған өтініштері Өскемендегі облыстық мұрағатта сақтаулы тұр. Дұрыс ойлағанда 
елдің екіге бөлініп кеткенінен гөрі екі араға жол салған әлде- қайда жеңіл де тиімді болар еді. 
КСРО кезінде бір мемлекет ішінде болғандықтан, бұл бөліністер көп біліне қойған жоқ. 
Кейін  қошағаш  қазақтары  басқа  мемлекет  құрамында  қалғандарын  анық  сезіне  бастады. 

54 
 
Оның  үстіне  Қазақстанның  дәл  осы  тұсындағы  біраз  жердің  тағдыры  тағы  да  Ресей 
пайдасына  шешілді.  Мәселен,  1990-шы  жылдары  қасиетті  Мұзтау,  маңындағы  Жуантөбе, 
Қасқаайғыр, Тоқыр секілді шұрайлы жайлауларымен бірге, Ресейдің Таулы Алтай өлкесінің 
ұлттық  паркі  болып  жарияланды.  Бұл  жерлер  Катонқарағай  ауданының  Қайыңды 
бөлімшесінің  жайлаулары  болатын.  Кеңестік  құрылыс  қулардың  алдында  бөлімше 
малшылары  арендаға  алып  бір-екі  жыл  жайлады  да,  кейін  мүлде  кіре  алмай  қойды.  Жерді 
алған себептері де күмәнді: кезінде Николай патшаның бір қызы туғанда тарту егілген жер 
болатын-мыс. 
Қазақ  жер  мәселесін  зерттеген  Алашорда  арысы  Телжан  Шонанұлы  және  Орта  Жүз 
қазақтарының  таралу  аумағын  зерттеген  Марат  Сәбитұлы  Мұқановтар:  "Шыңғыстай 
болысының  қазақтары  200  жыл  бойы  жайлап  келген  Шабанбай  жайлауы  1867  жылы 
"кабинетгік" жер (яғни, Романовтар әулетінің үлес жері) ретінде тартып алынды да, қазақгар 
Бұқтырманың сол жағалауы мен Тарбағатай аралығына ығыстырылды", - деп жазды [3;45-б]. 
Шүй  қазақтарының  тарихын  жазған  Пионер  Мұхтасыров  бұл  кезеңді  былайша  баяндайды: 
«...Атышулы  жер  бөлістен  үш  жыл  өткенде,  ақ  патша  жарлық  шығарып:  «Шындығатайға 
қарасты Шабанбай жайлауы - патшаның меншікті жері» деп жариялаған соң, жерсіз қалған 
ата-бабамыз  көштің  басын  Шүйге  бұрған»  [4;  10-6].  Туып-өскен  жерінен  тентіреп  кеткен 
қазақтар: 
Тағдырдың тауқыметін тартқан елім, 
Аз жүгін ала өгізге артқан елім. 
Шалқыған Шабанбайын артқа тастап, 
Кеттік қой бөтен жерге телім-телім, - деп жырлаған екен [4; 11-6]. 
Алайда Кеңестік дәуірде бұл  жерлер Қазақстанға қайтып берілген болатын. Енді  міне 
тағы қолдан шығып кетіп отыр. Жерден қысылған Шыңғыстай болысының қазақтары патша 
қазынасына  қыруар  ақша  төлеп  ол  жайлауларды  арендаға  алып  жайлаған  екен.  Арада  123 
жыл өткенде, сол аренданың елесі қайта көрініс берді. 
Қорыта  келгенде,  аталған  деректерге  қарағанда,  Қошағаш  қазақтарының  бір  тобы 
ежелден сол аймақты мекендеп келе жатқанын көреміз. Келесі бір мол топты Катонқарағай, 
Марқакөлден  1880-ші  жылдары  Қытайға  өтіп,  одан  Қобда  арқылы  Баянөлгейге  келіп,  одан 
Қошағашқа  айнала  көшіп  келген  қаратайлықтар  құрайды.  Қалдекеұлы  Абдолла  бастап 
келген  көш  осы  болса  керек.  1916  жылы  патшаның  солдатқа  алу  жарлығына  көнбей  үдере 
көшкен  бір  толқын  бар.  "Ел  ауғанда",  "Шүйге  барғанда"  деп  аталатын  бұл  көшке 
ілескендердің  біразы  сол  жақта  тұрақтап  қалды  да,  біразы  азып-тозып  Бұқтырма  бойына 
қайта оралды. 1920-1930-шы жылдары болган ашаршылық пен колхоздастыру кезінде ауған 
ел  де  жоқ  емес.  Қазақ  халқының  басына  түскен  қилы  замандарда  Алтайдың  қойнына  кіре 
орналасқан Қошағаш қазақтарының құрамы осылайша қалыптасты. 
Тарихты  термелеудің  мақсаты  өткендегі  қателіктерді  қайталамауды  көздейді.  Қолдан 
шығып кеткен соң, енді ол жерлерді қайтарып алу қиын. Шекара сызылып, екі жақты қолдар 
қойылып  қойды.  Қытайдағы,  Моңғолиядағы,  Ресейдегі  тағдырлас  қазақтарды  Қазақстанға 
көшіріп  алып,  біртұтас  мықты  мемлекет  құрудан  басқа  жол  қалған  жоқ.  Басқа  бір  елдің 
мұңын жырлағанша, өз еліңнің жоғын жоқта, ағайын! 
Екі ауданның кейбір жер-су аттарының мәні 
АЛТАЙ - таулы қырат, Шығыс Қазақстан облысы. Түркілердің атамекені болған көне 
Алтай  қазір  Орыс  Алтайы,  Монғол  Алтайы,  Қазақ  Алтайы  деп  бөлініп  кеткен.  Алтайдың 
үштен  бірі  ғана  Қазақстанның  үлесінде.  Қазақ  Алтайы  өз  ішінде  ӨрАлтай,  Кенді  Алтай 
болып  Ертіс  өзені  арқылы  екіге  бөлінеді.  Оларды  Қалба  жотасы  жалғастырып  тұр.  Алтай 
оронимі  (тау  аты)  туралы  көптеген  пікір  бар.  Мәселен,  В.В.Радлов  ал  (биік)  +  тайға 
(орманды  тау)  деген  сөздерден  шығарса,  Ə.М.Мурзаев,  В.А.Никоновтар  "ала  тау" 
мағынасымен байланыстырады. М.Рясянен  ал + той  "алып тау"  десе, Е.Жанпейісов  ал сөзі 
"үздіксіз,  тізбектелген"  мағынасын  береді  дейді.  Ғалымдардың  көпшілігі  бұл  атаудың 
негізінде алтын сөзінің жатқанын мойындайды (Б.Я.Владимирцов, 

55 
 
Ə.В.Севортян,  Г.Дерфер,  Г.Рамстедт,  Г.Вамбери,  А.Щербак,  А.Əбдірахманов, 
Г.Қоңқашпаев,  Т.Жанұзақов,  т.б  ).  Оның  ішінде  Ғ.Қоңқашпаевтың  келтірген  дерегі  дұрыс 
деп есептейміз. Монғ. алт (алтын)+тай (туынды сын есім жұрнагы), сонда Алттай>Алтай 
"алтынды"  болып  шығады.  Біздің  қосарымыз  академик  В.В.Бартольдтың  "Алтай  оронимі 
кейін  шыққан  тәрізді"  деген  пікіріне  сүйеніп,  Алтай  атауының  көне  түркі  тілінен  монгол 
тіліне  аударылған  атау  екенін  ескерту.  Өйткені,  Орхон  жазбаларында  Алтын  йыш  (732-
735жж  ),  Қытайдың  "Таншу"  жылнамасында  Алтынтағ  (647ж),  Монголдың  "Құпия 
шежіресінде"  Алтынтау  (XIII  ғасырдан  бері)  түрінде  көрсетіледі  де,  Алтай  атауы 
кездеспейді. Түркілік атауды монғолдар жаулап алғаннан кейін, өз тілдеріне аударып атаған 
тәрізді. Ал мағынасы сақталып қалған. Жаулап, отарлап алған елдердің тілі келмегендіктен 
немесе әдейі саясатпен жер-су аттарын өзгертуі тарихта бар оқиға. 
АРАСАН  -  е.м.  Катонқарағай  ауд.  Рахманов  қайнарлары  деген  ресми  аты  бар,  суы 
шипалы демалыс орны. Атаудың негізінде санскрит тіліндегі раашан "қасиетті су" деген сөзі 
жатыр. Монғ. аршан, қазақша арасан түрінде келіп, шипалы суы бар жерлерге қойылады. М: 
Арасан  талды  (Зайсан),  Барлық  арасан  (Мақаншы),  Арасан  (Жарма  ауд.),  т.б  ).  Рахманов 
деген аңшы тапқанға дейін, бұл жер қазақ, қалмаққа әйгілі болған. 
АРҒҰТ  -  өзен,  Таулы  Алтай.  Тілі  бір  алтайлықтардың  арқыт  "торсық",  "саба"  сөзінен 
жасалған  гидроним:  Арқыт>Аргут.  Көбінесе  бір  арнаға  бірнеше  су  аласының  келіп 
қосылған тұстарына беріледі. "Сабалы, арналы" мағынасын береді. 
БЕРЕЛ - өзен; е.м. ШҚО, Катонқарағай ауд. Күні бүгінге дейін Берел топонимі туралы 
«бергі ел» мағынасында-мыс деген халықтық этимологиядан басқа ғылыми болжам не нақты 
пікір айтылмай келеді. 
Мағынасын  ашу  қиынға  соғатын  Берел  гидрониміне  біз  Г.Шухардттың  «заттан  сөзге 
қарай»  деген  принципіне  сүйеніп,  географиялық  нысаннан  (өзеннің  өзінен)  бастап  бардық. 
Берел өзені басын Мұзтаудан алып, Бұқтырма өзеніне құятын шағын тау өзені. Оның көзге 
бірден түсетін басты ерекшелігі - суының, әсіресе жазда, сүттей ақ болып ағуы. Суға ақ түс 
беретін  Мұзтаудың  ақ  балшығы  екені  анықталған.  Түсіне  қарап  жергілікті  тұрғындар 
Ақбұлқақ деп атайды: Ақбұлқақ, Ақбұлғақ .«Бұқтырманың мөлдір суын ақ түске айналдырып, 
бұлғайтын,  лайлайтын  өзен»  мағынасында  қолданады.  Саяхатшы-ғалымдар  Белая  Берель 
түрінде картаға түсірген. 
Атау беруші (қай тілде болса да) өзеннің бұл ерекшелігін байқамауы мүмкін емес. Осы 
ойдан  келгенде,  Мұзтау  атауын  берген  сақтар  не  ғұндар,  не  түріктер  бор  (боз)  «ақ,  сұр» 
анықтауышын  пайдаланған  да,  Борел  (мұндағы  ел,  ыл,  іл  өте  көне  дәуірде  «өзен»,  «су» 
гидротермині  болған:  Елек,  Іле,  Ойыл,  Қиыл  т.б.)  атауын  жасаған  секілді.  Борел  түркі 
тілдеріне  тән  үндестік  заңына  байланысты  кейінді  ықпалға  ұшырап,  Боре./  Борел>Берел 
тұлғасын қабылдайды. Сонымен Берел «ақ, сұр түсті су, өзен» мағынасында тұр деуге негіз 
бар.  Ал  түркілердің  ұрпағы  қазақтар  көне  атау  Берелдің  мәнін  ұқпаған  соң,  кейін  атаудың 
уәжін сақтай отырып, Ақбұлғақ>Ақбұлқақ деп қайтадан атаған. 
Бұқтырма гидронимін бұқ (етістік)+тыр (өзгелік етіс жұрнағы)+ма (етістіктен зат есім 
тудыратын  жұрнақ)деп  талдайды  да  мағынасын  суға  түскен  нәрсені  тастан  тасқа  соғып, 
бұқтырып әкететін касиетінен шығарады. Орыс тіліне ауысқан көне түркі сөздері н зерттеген 
Е.Н.Шипова  сөздігінде:  "Бахтарма-бухтарма"(архаизм.)  внутреняя  сторона  шкуры, 
прилегающая  к  телу  животного"  деген  түсініктеме  бар.  Біз  де  өзеннің  аты  осы  көнерген 
сөзден жасалған деп есептейміз, өйткені жаңа сойылған малдың терісін аударып қарағанда, 
қан тамырларының ізі тарам- тарам болып көрініп тұрады. Бұқтырма өзені де дәл солай сала-
салаға бөлініп ағады. Ұқсату арқылы жасалған атаудың түбірі бүк, бүктеу сөздерінен шығып, 
кейін жуандаған секілді. Бүк+тір+ме >Бұқ+тыр+ма. 
ЖАЗАТЫР  - е.м., Қошағаш ауд. Халықтық  этимология  жаз+отыр "жазда ғана отыр" 
деген  ұғымға  әкеліп  тірейді.  Ал  Таулы  Алтайдың  жер-су  аттарын  арнайы  зертгеген  ғалым 
О.Т.Молчанова көне түркі тіліндегі жазы+төр сөздерінен шығарады: "жазықтың төр жағы". 
Біздің ойымызша, жазы "жазық" + адыр сөздерінен біріккен, яғни "жазықтағы адыр немесе 

56 
 
үсті  жазық  адыр".  Қазақ  тілінде  қатар  келген  екі  дауыстының  алдыңғысы  түсетін  заң  бар: 
жазыадыр>жазадыр>жазатыр. 
ЖАҢААУЫЛ- е . м., Қошағаш ауд. Жаңа (сын есі м)+ау ыл (зат есі м) сөздерінің бірігуі 
арқылы жасалған; Бұрыңғы елді мекен астынан ыза су (жерасты суы) шыға берген соң, жаңа 
жерге салынған ауылға берілген атау. 
ИТӨЛГЕН - асу, Катонқарағай ауд. Мұзтаудағы асу. Н.С.Ядринцев картаға Проездная 
деп  түсірген.  Ит  (зат  есім)+өлген  (есімше)  сөздерінен  бірігіп  жасалған.  "Қиын  асу" 
мағынасында  тұр.  М.:  "Ит  өлген  жер"  тұрақты  тіркесі  сияқты.  Тағы  бір  орыс  саяхатшысы 
В.В.Сапожников  асудың  қазақша  атын  өзгертпей  береді,  сондықтан  оны  Н.С.Ядринцевтен 
әлдеқайда зиялы деуге болады. . 
ИЫҚТЫ  -  тау,  Мұзтаудың  бір  сілемі.  Иық  (зат  есім)  +  ты  (сын  есім  жұрнағы) 
сыңарлары арқылы жасалған . "Шоқтығы, иығы биік тау" деген мәнде тұр. 
КАЛМАЧИХА  -  өзен,  Катонқарағай  ауд.  Қалмақ  этнонимін  женский  родпен  атап, 
өзенге берген. Ресейдің солтүстігі мен шығысында жиі  кездесетін  -их(а) суффиксі  көбінесе 
өзен аттарына жалғанады. Тауды ер адамға, өзенді әйел адамға теңеу әр халықта кездеседі. 
Демек, Калмачиха - "қалмақ өзені" деген мағына береді. 
КАТОНҚАРАҒАЙ  -  е.м.  Катонқарағай  ауд.  Кейбір  жазушы,  зерттеушілердің  бұл 
ойконимді  Қатынқарағай  деуінде  ешқандай  ғылыми  негіз  жоқ.  Бұл  атау  қотан+қарағай 
сөздерінен  жасалып,  орыс  тілінде  катон  түріне  бұрмаланып  кеткен.  Тура  мағынасында 
"қойдың қотанына ұқсап топтанып, дөңгеленіп өскен қарағай" дегенді  білдіреді. Қотан сөзі 
көне  түрі  тілінде  "топ","дөңгелек","қой  қора"  мағыналарын  берген.  Елді  мекен  орналасқан 
жерде  топ-топ  болып  жіңішке  қарағайлар  өскен  екен.  1936  жылға  дейінгі  карталарда  және 
Закржевскийдің жолжазбасында Катон-Карагай деп анық жазылған. 
ҚАЛҒҰТЫ - өзен, Катонқарағай ауд. Атаудың негізінде монғ.  галуу "қоңыр қаз" сөзі 
жатыр.  Галуу+т  (бір  нәрсенің,  мол  екенін  білдіретін  туынды  сын  есім  жұрнағы). 
Галлут>Галлуты>Қалғұты  болып  қазақыланған.  Атаудың  мағынасы  -  "қазды,  қоңыр  қазы 
мол өзен" болып шығады. 
ҚАРАГЕМ  -  көл,  Катонқарағай  ауд.  Мұндағы  қара  (сын  есім)  +  гем  (зат  есім).  Көне 
түркі  тілінде  цам/кем/гем/жем  нұсқалы  сөз  "өзен",  "көл",  "су"  мағынасын  берген.  Қарагем 
тура  мағынасында  "қара көл" деген мәнді  аңғартады. Суы мөлдір, терең көлдер карауытып 
көрінетіні белгілі. 
ҚАТЫН - өзен, Катонқарағай, Қошағаш ауд. П.Чихачев, Н.М.Ядринцев,О.Т.Молчанова 
т.б. зерттеушілер түркі тіліндегі қатын "ханым, әйел" мағынасында тұр деп табады. Алайда 
өзен  атының  дәл  этимологиясын  берген  -  алтайлық  зерттеуші  В.Н.Тадыкин.  Мұзтаудан 
басталатын  өзендердің  барлығы  жазда  ақ  айран  түстес  болып  ағатыны  белгілі.  Сүт  түстес 
Қатын  өзені  Обь  өзеніне  құйғанда,  оны  лайлап  түсін  өзгертеді.  Ендеше  түркі  тіліндегі  қат 
түбірі  "қос,  араластыр"  мәнін  берсе  (м.:  шайға  сүт  қат),  қат+ын  туынды  сөзі  "қосылған" 
деген мән береді (м.: қатын - ерге қосылған, шыққан әйел" ). Сонда Қатын гидронимі "екінші 
бір  өзенге  қосылған  өзен"  ұғымын  тудырады,  сондықтан  қазақтар  Қатын  суы,  алтайлықтар 
Қатын суу деп атайды. Қатын су "қосылған су" мәнін береді де, тұнық су, жайық су секілді 
ұғымдармен теңеседі. Түркі елдерінің біразында кездесетін Қатын топонимдері түгелдей осы 
мағынадан шығады. Алтайлықтардың Мұзтауды Қатын басы деп атайтыны «Қатын өзенінің 
бастауы»  деген  мәннен  шықса,  Ақсуулы  деп  атайтыны  Қатын,  Берел  өзендерінің  жазда  ақ 
айран түстес болып ағуынан деп ұққан жөн. 
ҚОШАҒАШ  -  е.м.,  Таулы  Алтай  өлкесі.  Жергілікті  қазақтар  қос  (екі)  +  ағаш 
сөздерінен жасалғанын айтады. Сол өңірді  зерттеген В.Л.Попов, В.Н.Тадыкиндер Қошағаш 
пен Тошантының арасындағы жазықта бір-бірінен алшақ тұрған екі ағаш өсетін, сол екі ағаш 
атауға себеп болған деседі. 
19  ғасырдың  аяғында  Алтайды  сегіз  рет  аралап  зерттеген  ғалым-сахатшы 
В.В.Сапожников мүлде басқа пікір келтіреді: "Қошағаш - ағашы жоқ тақыр таулы жерлерден 
көшкенде,  жол-жөнекей  қонатын  кезде  от  жағу  үшін  отындыққа  тастап  кететін  ағашқа 

57 
 
байланысты  туған  Көшағаш  сөзінен  пайда  болған",  -  дейді.  Осындай  отын  қойып  кететін 
бекет сияқты аялдама жерге елді мекен орнаған соң оны Қошағаш деп атап кеткен. 
Бұл пікірдің шындыққа жақын келетін себебі мынада. Қазақ агаиі деген жал- пы есімді 
көбінде  "отын"  мәнінде  қолданады,  ал  өсіп  тұрған  ағашты  түріне  қарай  Қостерек, 
Қосқарағай деп жіктеп айтар еді. Тіліміздегі кейінді ықпал әсерімен Көшағаш>Қошағаш деп 
жуандап айтылуы да заңды құбылыс. 
ҚҰРАҒАН  -  өзен,  асу  (2700  м),  Мұзтау.  Ауданға  көршілес,  туысқан  алтай  тілінде 
құраған  сөзі  "қозы"  мағынасында  қолданылады.  Биік  асудан  (Мұзтаудан)  қозыдай  шулап 
ағатын тау өзеніне берілген атау. 
МҰЗТАУ (Белуха) - тау (4506 м), Катонқарағай ауд. Алтай тауының ең биік шыңы. Мұз 
(зат  есім)  +  тау  (зат  есім)  түбірлерінен  біріккен.  Мәні  "мұзы  бар,  мұзды  тау"  мағынасын 
береді.  Карталарға  орысша  Белуха  деп  түсіріліп  жүр.  Түркілердің  атамекені  болған  таудың 
тарихи  аты  Мұзтау  (Мұзтағ)  еді.  Бұдан  басқа  орысша  Катунские  столбы,  алтай  тілінде 
Қатын  бажы  (басы),  Ақсулы  деген  атаулары  бар.  Мұзтау  деп  ең  негізгі  белгісін  бірінші 
атаған ел сол жерді ежелден мекендеген деген сөз. Түркі-монғол қасиетті тау деп табынған 
Мұзтауға қазір де туристер көп барады. 
МҰҚЫР - өзен, төбе, Қошағаш ауд. Мұқыр сөзі түрік-моңғолға ортақ болып келеді де 
"тұйық",  "мұқыл",  "тоқал",  "шолақ"  мәндерінде  қолданылады.  Аласа  бойлы  тау,  төбелерге; 
шолақ, қысқа өзендерге берілетін атау. 
ҮГІЛГЕН  -  тау,  Мұзтау.  Үгілген  (өткен  шақ  есімше  тұлғасында  тұр),  "тасы  немесе 
топырағы үгіліп жататын тау" мәнін береді. 
ҮКЕК - үстірт (2300м.), Қошағаш ауд. Атау монғолдың ухэг "сандық" сөзінен жасалған. 
"Сандық  тау»  деген  мағынаға  сай  келеді.  Осы  жердегі  сақ  қорғанынан  атақты  «Үкек 
ханшайымы» табылған. 
ШАБАНБАЙ  -  жайлау,  Катонқарағай  ауд.  Бұқтырма  өзенінің  оң  жағалауынан 
солтүстікке  қарай  орналасқан  жайлауларды  жалпы  атпен  Шабанбай  деп  атайды,  Бұл  - 
антропоним,  яғни  кісі  атынан  жасалған  атау.  19  ғасырда  керей  мен  найманның  жайлауға 
таласқан  бір  қақтығысында  қаза  тапқан  керейдің  батыры  Шабанбайдың  атымен  аталып 
кеткен. 
Ал  Бұқтырманың  сол  жағалауындагы  жайлауды  Тарбағатай  деп  атайды.  Шыңғыстай 
болысын  25  жыл  басқарған  Əбдікерім  Ережепұлы  Қытайда  жүріп  елін,  жерін  сағынып 
шығарған толғауында: «Тарбағатай, Шабанбай айырылдық елден баға алмай», - деп өкінген 
екен.  Орта  жүз  руларының  орналасуын  зерттеген  Марат  Сәбитұлы  Мұқанов  Шабанбай 
жайлауын  Шопан  таулары  деп  келтірген.  Алайда  Шопан  таулары  деген  атау 
қолданылмайды. 
ШЫНДЫҒАТАЙ- тау (1757м), Катонқарғай ауд. Атау моңғолдың  чандага «ақ қоян» + 
тай (туынды сын есім жұрнағы) тұлғалары арқылы жасалған. Чандагатуй > Шындығатай «ақ 
қоянды, ақ қояны мол тау» дегенді білдіреді. 
 
Пайдаланылған әдебиеттер: 
1.Закржевский Р. Краткое топографическое описание пути между Котон-Ка- рагаем и Кош-
Агач через Алтайские горы. Томск, 1882. 
2.Сапожников В.В. Монгольский Алтай в истоках Иртыша и Кобдо. Путеше- ствие 1905-
1909 гг. Томск, 1911. 
3.Мұқанов М.С.Қазақ жерінің тарихы. Алматы, 1994. 
4.Мухтасыров П. Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы: деректі кітап / 5.П.Мұхтасыров. - 
Астана: Фолиант, 2013. - 368 б. 
 
 
 

58 
 
ТОПОНИМДЕРДІ АУЫСТЫРУДА ҚОЛДАНУҒА БОЛАТЫН ТЫҢ ТӘСІЛ 
 
Бияров Б. Н.,  С.Аманжолов атындағы ШҚМУ доценті, филология ғылымдарының 
кандидаты. Өскемен қаласы, Қазақстан. 
 
Шығыс  Қазақстан  облысы,  оның  ішінде  солтүстікте  орналасқан  аудандар  (Глубокое, 
Шемонаиха,  Риддер  т.б.),  орыс  отарына  ерте  ұшыраған  аумаққа  жатады.  Биыл  Өскемен 
қаласының салынғанына 297 жыл толды. Отарлауға дейін бұл аймақта кімдер тұрған? Əрине, 
сақ,  ғұн,  түркі,  қимақ,  қыпшақ,  найман,  моңғол,  қазақ  деп  хронологиялық  тәртіппен  айтып 
шығуға  болады.  Алайда  солтүстік  аудандардың  жер-су  аттарында  олардың  ізі  де  қалмаған. 
Тұрғысын,  Ертіс  (Иртыш)  сияқты  бірен-саран  топоқалдықтар  қана  кездеседі.  Қалған  түркі, 
моңғол тілді топонимдер қайда кетті?    
Солтүстіктегі  елді  мекен  немесе  табиғи  нысандардың  түркілік  не  моңғолдық  тарихи 
аттары  ешқандай  мұрағатта,  жазба  деректерде,  карталарда  сақталмаған.  Ең  алғашқы  орыс 
саяхатшыларының жазбаларында, карталарында кездесетін топонимдердің дені орыс тілінен 
жасалғанын  көреміз.  Сонда  отарлау  басталғанда,  алғашқы  лекпен  келген  қарашекпенді 
шаруалардың  өзі  бірден  жер-су  аттарын  ауыстырып  отырғанын  байқау  қиын  емес.  Жерді 
меншіктеудің,  иемденудің  ең  тиімді  жолы  жер-су  аттарын  ауыстыру  екенін  олар  жақсы 
ұққан сыңайлы. Жер-су аттарын ауыстыру туралы арнайы нұсқау болуы да ықтимал.  
Бұдан  туындайтын  мәселе  –  кірме  атаулардың  орнын  басатын  топонимдердің 
табылмауы. Ал кірме атауларды ауыстыру тек Қазақстанды әлемге танытатын белгінің бірі 
болып  табылатын  оның  физика-географиялық  нысандарының  атаулары  біртұтас  ұлттық 
сипатқа  ие  болу  ғана  емес,  БҰҰ,  Бүкіләлемдік  почта  одағы,  Халықаралық  гидрографиялық 
бюро,  Халықаралық  азаматтық  авиация  ұйымы,  Халықаралық  картографиялық  бірлестік, 
Халықаралық  стандарттау  ұйымы  т.б.  ірі  қауымдастықтардың  талабы  болып  отыр.  Жеке 
тәуелсіз  мемлекет  болдың  екен,  халықаралық  кездесулерде  өз  тіліңде  сөйлеуің  керек,  адам 
есімдері,  жер-су  аттары,  елді  мекен  аттары  мемлекеттік  тілде  жазылуы  керек,  тіпті  ұлттық 
киіммен жүруге де қарсылық жоқ.  
Ал елімізде ауыстыруды қажет ететін кірме, саяси, жасанды атаулардың пайызы әлі де 
жоғары.  Мәселен,  Шығыс  Қазақстан  облысының  Глубокое,  Зырян,  Бородулиха,  Риддер 
аудандарында жер-су аттарын мемлекеттілікке сәйкестендіру шаралары жүзеге аспай жатыр. 
Біз сияқты тәуелсіздігін алған ТМД елдері мемлекеттілігін баяғыда реттеп, ұлттық белгілерін 
сәйкестендіріп алған. Бізге де сырттан келіп жатқан кедергі жоқ, тек өзіміздің жалтақ, енжар, 
керітартпа мінезіміз ғана кеселін тигізіп тұр.  
Біз  бұрынғы  мақалаларымызда  топонимдерді  жаңғыртудың  бірнеше  тиімді  тәсілдерін 
ұсынғанбыз:  1.  Ел  есінде,  құжаттарда,  мұрағаттарда  сақталып  қалған  тарихи  атауларды 
заңды  орнына  қайтару  жолы.  2.  Жер-судың  ерекше  бір  белгісіне  қарай  ат  қою  жолы.  3. 
Калька  арқылы  (тікелей  аудару)  жолы.  4.  Фонетикалық  жақтан  ауызекі  тілде  қалыптасып 
кеткен атауларды қалдыру жолдары. 
Жоғарыда  айтып  өткен  геосаяси  жағдайлар  екінші  тәсілді,  тыңнан  ат  қою  тәсілін, 
қолдануға  мәжбүр  етті  және    бұл  тәсілді  біз  ұсынып,  қолданып  та жүрміз.  Ал  бұл  тәсілдің 
бастауы  20  ғасырдың  басында  қалыптасқан  «Сөздер  мен  заттар»  атты  тіл  мектебінің 
тұжырымдарында  жатыр.  Олар  затты  зерттеп  барып,  атаудың    сырын  ашуға    болады  деген 
еді.  Оны  ''Сөздер  мен  заттар''  мектебінің  өкілдері  Г.  Шухардт,  Р.  Мерингерлер  тамаша 
дәлелдеп  те  шықты.  Мәселен,  Г.  Шухардт  өзінің  ''Заттар  мен  сөздер''  атты  мақаласында 
былай дейді: ''Сөз затты білдіреді, зат – алғашқы, ол ешнәрсеге тәуелсіз, өзі үшін өмір сүреді, 
ал сөз затқа қарағанда соңғы, кейінгі, ол  – затқа тәуелді, оның өмірі затқа байланысты, зат 
жоқ  болса,  оған  қойылатын  атау  да  жоқ,  тілдегі  әр  сөздің  өзіндік  тарихы  бар,  оны  тек 
лингвистикалық талдау жасау арқылы ғана емес, заттар тарихы арқылы да зерттеуге болады, 
заттар  тарихы  мен  сөздер  тарихы  арасында  толық  параллелизм  де,  сондай-ақ  күрделі  және 
нәзік қарым-қатынастар да бар, тіл білімінің міндеті – соны ашу''[1, 201 б]. 
Бұл аксиома-анықтама ''Болмысты жаратқан – сөз. Сөз – алғашқы'' дейтін пікірді терістейді. 

59 
 
Шындығында, болмыс (реалий) адам баласы жаратылғанға дейін, оның тілі шыққанға дейін 
бар  еді.  Адам  саналы  адамға  (homo  sapiens)  айналғанда,  бар  дүниені  жіктеп-жіктеп  атай 
бастаған.  Барлық  сөз,  оның  ішінде  жалқы  есімдер  де,  дәл  осы  жолмен  жасалды.  Мысалы, 
тауды  –  тау  деді,  суды  –  су  деді.  Екі  тау  қатар  тұрса,  бірінен-бірін  ажырату  үшін  бірін  – 
Ақтау, екіншісін – Қаратау деді т.б. 
Өз  зерттеулерінде  заттарға  ерекше  мән  берген  Р.  Мерингер:  «Заттарды  зерттемей 
тұрып,  ешқандай  да  сөздерді  зерттеу  деген  болуы  мүмкін  емес»,  -  дейді.  Ол  біршама  мол 
археологиялық,  тарихи  және  этнографиялық  материалдарды  саралай  келіп,  көптеген 
халықтардың  ерте  кезде  үй  қабырғасын  шарбақ  етіп  тоқығанын  анықтайды.  Сөйтіп  неміс 
тіліндегі wand «үйдің қабырғасы» сөзінің төркінін латын тіліндегі winden  «иіу, тоқу» деген 
етістіктен шығарып алады [2, 78 б]. 
Г.  Шухардт  зат  пен  сөздің  арасындағы  қарым-қатынастарды  барынша  қамтып  жазды. 
Ол  зат  пен  сөздің  арасында  міндетті  түрде  ұғым  жататынын  стоиктерден  соң  тағы  бір 
дәлелдеп өтеді. Зат, ұғым, сөз арасындағы күрделі байланысты шешу үшін, алдымен заттан 
бастап ''тарқату'' (Г. Шухардт) керектігін атап көрсетеді [1, 204 б]. 
Бұл  айтылғандар  табиғатынан  сөз  сияқты  жаратылған  жалқы  есімдерге  де  тән  болып 
келеді.  Зат  –  ұғым  –  сөз  ретіндегі  орын  тәртібін  сақтау,  мәселен,  топонимде  географиялық 
нысан – ерекше бір белгі – атау түрінде көрініс береді. Ендеше географиялық нысанға жаңа 
атау бергенде, осы үлгіні басшылыққа алып, оның ерекше бір белгісіне қарау қажет болады.  
Г.Шухардт ''бір затты әр түрлі адамдар әртүрлі танып біледі''  және ''біреуге заттың бір 
белгісі көрінетін болса, екінші бір адамның көзіне екінші белгісі түседі'' дейді [1, 205 б]. Зат 
пен сөздің арасындағы осындай байланыс жалқы есімдерде айна қатесіз қайталанады. Бұдан 
біздің тақырыбымызға байланысты екі қорытынды шығады:  
1) Зат (табиғи нысан) өзгеріп кеткеннің өзінде, сақталып қалған сөзді (атауды) зерттеу 
арқылы,  бастапқы  нұсқасын  қалпына  келтіруге  болады;  керісінше,  өзгеріске  түспеген  кез 
келген  затты  (табиғи  нысанды)  зерттеу  арқылы,  оның  бұрынғы  сөзін  (атауын)  анықтауға 
болады. 
 2) Атаудың ерекше бір белгісіне қарап, көптеген кірме атауларды қазақ тіліне тікелей 
аударып  (калькалап)  алуға  мүмкіндік  туады.  Мәселен,  кезінде  орыс  қоныс  аударушылары 
Ақсу гидронимін Белая деп өз тілдеріне қотарып алса, ендігі кезекте оны қайыра калькалап,  
Ақсу  атауын  қайтарып  алуға  болады  (Ақсу  –  Белая  –  Ақсу).  Бұл  –  топонимдерді 
жаңғыртудың ең оңай жолы. 
  Сонымен, 
''Сөздер  мен  заттар''  мектебінің  өкілдері  экстралингвистикалық  
факторлардың  ішкі  лингвистикадан  еш  кем  соқпайтынын  дәлеледеп  берді.  Оларды  тілден 
ауытқып, заттарға ерекше мән береді деп айыптағанымен, сөздің этимологиясын ашу үшін, 
затты  зерттемей  болмайтынын  мойындауға  тиіспіз.  Оның  үстіне  жаратылыстану  ғылымы 
ерекше дамып отырған ХХІ ғасырда заттарды зерттеу көп қиындық туғызбайды.  
Қазіргі  аудио-видео  техникалар  мен  транспорт  түрлері  жетілген  заманда  жер-су  
аттарын  анықтау  немесе  жаңарту  үшін,  географиялық  нысандарды  көзбен  көріп,  қолмен 
ұстап  барып,  тиісті  шешім  шығаруға  әбден  болады.  Бұл  –  міндетті  де.  Өйткені  сөзжасам 
(топонимжасам)  арқылы  тың  атаулар  жасамас  бұрын,  ол  табиғи  нысанды  көзбен  көріп, 
ерекше  белгісін  анықтап  алса,  атау  мен  нысан  арасында  сәйкессіздік  болмас  еді.  Біздің  тіл 
философиясына,  оның  ішінде  зат  пен  сөз  арасындағы  күрделі  қатынасқа  тоқталып 
жатуымыздың  өзі  осы  міндеттерді  айқындап алудан  туындап  отыр.  Топонимжасам  арқылы 
жаңа  атаулар  тудырғанда,  ол  атау  (мәселен,  сөз)  географиялық  нысанмен  (мәселен,  зат) 
үндес  келіп  жатуға  тиіс.  Олай  болмаса,  жаңа  атауда  ешқандай  жалқы  есімдік  қасиет 
қалмайды. Ол мән-мағынасыз дыбыстар тіркесі ғана болып шығады.    
Біз  тыңнан  ат  қою  тәсілін  тәжірибеден  өткізіп  те  жүрміз.  Жуықта  Өсемен  қаласына 
жақын орналасқан Глубокое ауданын әдейі аралап, 13 елді мекенге қазақша ат тауып бердік, 
ал оларды ауыстыруды аудан әкімшілгі өз міндетіне алып отыр. Мұнда Калинин, Куйбышев, 
Фрунзе,  Киров  сияқты  қызыл  көсемдердің  атындағы  ауылдық  округтер  күні  бүгінге  дейін 
сақталып келген.  

60 
 
Атауларды ауыстыру кезінде мынадай тәсілдер қолданылды:  
1. Тархан (Тарханка) ауылы, Тархан ауылдық округі (Фрунзе а. о.): Тархан түркі тілінен 
жасалған  сөз,  мағыналары:  «алым-салықтан  босатылған  адам»,  «еркін  адам»,  «ханның 
сүйікті  адамы»,  «әскери  қолбасшы».  Түркі  тілінен  орыс  тіліне  енген,  мағыналары:  «1. 
Вотчиник,  свободный  от  всех  податей»,  «2.  Скупщик  холста,  льна,  пеньки,  шкур  или 
мерлушки, щетины (в деревнях)» [3,132 б]. Бұл елді мекенде тархан лауазымын алған немесе 
саудагер адам тұрған соң, Тарханка деп аталған. Қазіргі талап бойынша Тархан ауылы деп 
атауға болады. 
2. Бөлектау (Винное) ауылы: Елді мекеннің ерекше бір белгісіне қарай тыңнан ат қоюға 
тура  келеді.  Ол  белгі  ретінде  ауылдың  оңтүстігінде  қалған  тау  жүйесінен  бөлек,  оқшау 
тұрған  бір  биік  төбені  таңдап  алдық.  Мұндай  тауларды  қазақтар  Жалғызтау,  Шолақтау, 
Бөлектау  деп  атаса,  моңғолдар  Қоңқай  дейді.  Қазақша  атау  табиғи  нысанның  ерекше  бір 
белгісіне орай, осылайша Бөлектау деп беріліп отыр.  
3. Ағынсу (Быстыруха) ауылы. Ағынсу ауылдық округі (Куйбышев а. о.). Елді мекеннің 
аты  орыс  тілінен  қазақ  тіліне  тура  аудару  (калькалау)  арқылы  жасалды,  өйткені  елді 
мекеннің ішінен ағатын өзеннің тасыған кездегі ағысы ерекше белгі ретінде алынған. Кейін 
өзен атауын да Ағынсу деп өзгертуге болады. Ағынсу, Тұрғынсу, Жайықсу, Қатынсу судың 
әртүрлі жағдайын білдіретін атаулар (гидронимдер) болып табылады. 
4.  Қарауылшоқы  (Секисовка)  ауылы:  Секисовка  фамилиядан  жасалған  атау  екені 
көрініп  тұр.  Елді  мекеннің  жанында  Глядень  деген  биік  шоқы  бар.  Кезінде  казактар  ол 
шоқының басына қарауыл қойып, әлдебір оқиға болса, түтін салып белгі беріп отырған дейді 
жергілікті тұрғындар. Соған орай Глядень тауын Қарауылшоқы деп қайта атап, елді мекенге 
ұсынуға болады. Енді бір нұсқасы -шоқыны Баркөрнеу «барлығы көрініп тұратын биік жер» 
деп  атауға  да  лайық  келеді.  Аудан  әкімшілігі  екі  нұсқадан  Қарауылшоқыны  таңдап  алды, 
өйткені тұрғындарға түсіндіру оңайырақ болады деген уәж айтты. 
5. Жылға (Михаиловка) ауылы: Михаиловка – фамилиядан жасалған атау. Қазіргі кезде 
адам  есімін,  тегін  елді  мекенге,  жалпы  жер-суға  қоюға  болмайды  деген  талап  бар.  Сол 
себепті  және  шағын  ауыл  тұтастай  жылғада  (сайда)  орналасқандықтан,  Жылға  деп  атаған 
дұрыс болады деп ойлаймыз. 
6. Егінді (Белокаменка) ауылы:  Белокаменка ойконимін Ақтасты деп тікелей аударуға 
болар  еді,  бірақ  Ақтас  Глубокое  кентінің  тарихи  аты  болып  табылады.  Бір  аудан  ішінде 
атаулардың  қайталанып  келуі  дұрыс  емес,  почта  т.б.  қызметтерді  қиындатады.  Сол  себепті 
елді  мекеннің  ерекше  белгісі  ретінде  ауыл  маңындағы  егінді  алқаптарды  таңдап  алдық. 
Аулға Егінді аты жарасып тұрғандай. 
7.  Кеншайған  (Белоусовка)  ауылы:  Белоусовка  -  адам  тегінен  пайда  болған  ойконим. 
Елді мекеннің ерекше белгісі  ретінде ол жерде кен рудаларының өңделетін қызметі  таңдап 
алынды. Ертеде кенді өндіруді шайған деп атаған: алтын шайған, жез шайған т.б. Атау елді 
мекеннің негізгі кәсібіне сәйкес келеді. 
8.  Қаражон  (Черногорка)  ауылы:  Ауылдың  атын  орыс  тілінен  қазақ  тіліне  тікелей 
аудару  арқылы  ауыстыруға  болады.  Қаражон  атауындағы    жон  сөзі  биік,  дөңес,  жота,  арқа 
сөздеріне синоним бола алатын географиялық термин болып табылады. 
9.    Кеңсай  (Березовка)  ауылы,  ауылдық  округі  (Калинин  а.  о.):  Елді  мекен  ұзынша 
келген кең сайда орналасқандықтан, Кеңсай атауы берілді. Қайыңды деуге негіз жоқ, өйткені 
мұнда қайыңды тоғай көрінбейді. 
10.  Ертіс  (Прапорщикова)  ауылы,  ауылдық  округі  (Киров  а.  о.):  Елді  мекен  Ертіс 
өзенінің  жағасында  орналасқан  және  Ертіс  атты  тағы  бір  елді  мекен  облыс  көлемінде  жоқ. 
Жергілікті тұрғындардың ұсынысы да Ертіс атауына сәйкес келеді. 
11.  Ақжал  (Перевальный)  ауылы:  Елді  мекеннің  батысындағы  ақтасты  жал  (жота) 
атауға себеп болды. 
12.  Қызылжар  (Предгорное)  ауылы:  Елді  мекеннің  ішінен  ағатын  өзен  Краснояр  деп 
аталады  екен.  Өзен  атын  тура  калькалап  аударып,  Қызылжар  түрінде  ауылға  да,  өзенге  де 
берсе, жарасады. Оның үстіне атаудың жартысы яр/жар түркі сөзінен жасалып тұр. 

61 
 
13.  Ақтас  (Глубокое)  кенті:  Глубокое  кентінің  тарихи  аты  Ақтас  екенін  жергілікті 
тұрғындардың  айтуынша  және  осы  өңірден  шыққан  жазушы,  аудармашы  Кеңес  Юсуптің 
жазба  деректеріне  сүйеніп  анықтап  отармыз.  Бұл  жер  кен  орны  болғандықтан,  бойына  кен 
жинаған ақ тастардың болуы заңды құбылыс болып табылады.  
Қорыта  келгенде,  Республикамыздың  шығысы  мен  солтүстігінде  ауыстыруды  қажет 
ететін кірме топонимдер әлі де баршылық. Оларды ауыстырудың тиімді тәсілдерін көрсеттік 
және бұл тәсілдер жер-суға, елді мекенге кісі есімдерін (Айтбай ауылы, Қожаберген ауылы 
т.б.),  жалпы  мағыналы  сөздерден  жасалған  атауларды  (Шаттық  ауылы,  Достық  ауылы  т.б.) 
қоюдан  сақтандырады.  Ескерте  кететін  бір  мәселе  –  табиғи  нысанның,  не  елді  мекеннің 
тарихи  аты  сақталмаса,  немесе  калькалап  аударуға  келмесе  ғана  тынан  ат  қою  тәсілі 
қолданылады.  
 
 
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 
1. Шухардт Г. Избранные статьи по языкознанию. Пер. с нем. Изд. 2-е – М.: Едиториал 
УРСС, 2003. – 296 с. 
2.  Бондалетов  В.Д.  Русская  ономастика:  учеб.  пособие  для  студентов  пед.  ин-тов  по 
спец. N 2101 «Рус. яз. и лит.» –  М.: Просвещение, 1983. – 224 
3. Шипова Е.Н. Словарь тюркизмов в русском языке. Алма-Ата:  «Наука», 1976. – 444 
стр. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет