ЖЕРДІҢ АТЫ – ЕЛДІҢ ХАТЫ (И.ФАЛЬК ЖӘНЕ ЖЕТІҚАРА ТОПОНИМИКАСЫ)
Әбсадықов А.А., филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынов атындағы
Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры
ХҮІІІ ғасырдан бастап Қазақ хандығы далада қалыптасқан саяси жағдайға байланысты
Ресей патшалығымен қарым-қатынасты тереңдете бастайды. Жоңғар қалмақтарына қарсы
күресте бітіспес майдан ашқан Кіші жүз Əбілқайыр хан 1731 жылы саяси одақ құру
мақсатымен Ресей патшасынан бодандық сұрайды. Бұдан кейін Орта мен Ұлы жүз хан-
сұлтандары да Ресейге бодандығын алады. Осылайша Қазақ хандығы Ресей патшалығының
саяси ықпалына көше бастайды. Саяси одақтың астарынан отарлау мақсатын көздеген Ресей
қазақ даласына түрлі зерттеушілік мақсаттағы экспедициялар ұйымдастыру жұмысын қолға
алады. Ол экспедициялардың басшылығында отарлау саясатының мақсат-мүддесімен қазақ
даласына әскери қызметпен келген орыс офицерлері мен таза зерттеу жұмысымен
айналысқан саяхатшылар болды. Қазақ даласын зерттеу жұмыстарының аймақтық, өлкелік
тұрғыдан алғаш қолға алынған өңірі қазіргі Қазақстанның батыс және солтүстік аймақтары.
Кіші жүз ханы Əбілқайырдың өтінішімен салынған Орынбор бекінісі қазақ даласына
қатысты саяси-экономикалық мәселені айқындайтын орталық ретінде қалыптасып, аталмыш
қаладан далалық өлкені зерттейтін экспедициялар жасақталатын бекетке айналды. Уақыт өте
келе Орынбор далалық өлкені зерттейтін ірі орталық ретінде қалыптасты.
ХІХ ғасырда қазақ даласы әкімшілік тұрғыдан Ресей губернияларына бағынған тұста
Қазақстанның батыс және солтүстік-батыс өлкесі Орынбор губерниясына қарады. Қазақ
арасында сол кезеңдерде «Орынборлық қазақ» деген сөз қолданыстары да орын ала бастады.
Орынбор губерниясына бағынған қазақ даласының бір өлкесі – Торғай-Тобыл өңірі.
ХҮІІІ ғасырдың ІІ жартысынан бастап Орыс Императорлық Ғылым Академиясы қазақ
даласын зерттеуге бағытталған арнайы экспедициялар ұйымдастыра бастайды. Сондай
жұмыстың бірі - «Орынбор экспедициясы». Орыс Императорлық Ғылым Академиясының
тапсырмасымен Орынбор экспедициясына қатысқан саяхатшылардың бірі - Иоганн Петер
Фальк.
Швед И.Фальк 1732 жылы дін қызметкерінің отбасында дүниеге келеді. 1751 жылы ол
Уппсал университетіне түсіп, Карл Линнейдің жетекшілігімен ботаниканы зерттеумен
шұғылданады, бірақ материалдық жағдайы аса қиын болғандықтан бала оқытумен
айналысады. Карл Линней оны өзінің туған баласына мұғалім етіп алады. Уппсал
университетін ол медицина ғылымының докторы дәрежесінде аяқтайды. 1760 жылы Карл
Линней оны Арабияға аттанатын Дат экспедициясына қоспақ болады, бірақ оның
кандидатурасы қабылданбайды.1765 жылы ол өзінің ұстазы арқылы Рсесей Императорлық
15
Академиясынның Аптекар аралындағы ботаникалық бақтың меңгерушісі болып
тағайындалады.
Орыс Императорлық Ғылым Академиясы тегі швед И. Фалькты Орынбор
экспедициясына қоса отырып, оның қасына көмекшілер ретінде Академияның жанындағы
гимназия студенттері Иван Быков, Михаил Лебедев және Степан Кашкарев сынды шәкірттер
мен фельдшер Христофор Барданес және суретші Петр Григорьев бекітіледі. И. Фальк
экспедицияға 1768 жылы шығып, 6 жылдай Орал, Сібір, қазақ даласын аралайды. 1774 жылы
И.Фальк Қазан қаласында қайтыс болады.
Саяхатшының экспедиция барысында жазған ғылыми еңбектері алғаш рет 1785-1786
жылдары И.Георги мен Лаксманның құрастырумен Академия көмегімен неміс тілінде
жарияланады. 1824 жылы Ресей Ғылым Академиясы И.Фальк жүргізген экспедицияның
материалдарын орыс тіліне аударып, «Записки путешествия академика Фалька» деген
атаумен баспа бетінен жариялайды.
Сол жариялынымдардың ішінде И.Фальктің Тобыл өзенінің бастау арнасынан бастап
төменгі сағасына дейінгі аралықта жүргізген экспедициясының материалдары бар. Бұл
бөлімді ғалым саяхатшы «Страна по Тоболю» деп атаған [1, 349].
Академик Фальк Тобыл өңірің географиялық жағдайы, табиғаты, жер байлығы туралы
жазбалар қалдырған. Сол жазбалардың ішінде біздің көңілімізді ерекше аударған бір дерек
көзге шалынды. Ол – Тобыл өзенінің бастауы туралы жазылған баян.
Жер-су атаулары – естің (память) жады (коды), елдің хаты, тарихы. Жадымыз
жаңылысып жаза бағыт алмау, елдің тарихын ұмытпау үшін жер-су атауларының қыр-
сырына әбден қанық болуымыз қажет. Себебі топонимикалық атаулардың пайда болуына
жергілікті жердің тарихы, дүниетанымы, шаруашылық-тұрмыстық, географиялық
ерекшеліктері, тіпті, белгілі бір халықтың өзіне ғана тән лингвистикалық заңдылықтарының
әсері мол. Осы орайда, Қостанай аймағында бүгінгі айтып, жазып жүрген атаулардың ішінде
оқшау тұрған бір жер атауы бар. Ол – Жітіқара.
Аталмыш атау бүгінгі таңда ресми түрде осылайша орныққан. Бұрын ол атау
«Жетіқара» еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін біздер оны «Жітіқараға» өзгерттік. Ал И.Фальктің
Тобыл өзеніне қатысты жазбасы «Жітіқара» атауына басқаша көзбен қарауға жетелейді.
Біздер бұл мәселеге қатысты ойымызды «Абай. кз» порталында арнайы жазғанбыз [2].
Себебі «қара» сөзінің алдына «жітіні» қосып «Жітіқара» деп жүргендердің уәжі
халқымыздың жер-су аттарын қоюдағы халықтық қисынға керағар. Ал «қара» сөзінің алдына
«жеті» сөзін қойғанда, оның кең байтақ Қазақстанның кез-келген жерінен оған ұқсас
16
«ағайындарын» табу оңай болатын. Қысқасы, алдыңғысының «ағайындары» аз, соңғысының
«тума-туысы» көп. Мысалы, жер-су аттарынан Жетісай, Жетібай, Жетісу, Жетікөл, Жетіасар,
аспан денелері атауларынан Жетіқарақшы, ру-тайпа атауларынан Жетіру т.б.
Жітіқара (жіті+қара) – үстеу мен етістіктің бірігуінен құралған. Мағынасы: бір нәрсеге,
затқа өте мұқият қара дегенге саяды. Осы жерде атаудың қисынын іздеп көрелік. Біріншіден,
Қазақстанның кең-байтақ өлкесінде үстеу мен етістік сөзден құралған топонимика жоқтың
қасы. Екіншіден, халықтық атау нені мұқият қара деп отыр? Ол жағы да түсініксіз. Рас, бұл
аймақта алтын, асбест сынды кен орындары бар. Бірақ біздің халқымыз кен іздеп, оны
өндіріуді кәсіп етпеген ғой. Қисынсыз деп отырғанымыз – осы.
Үшіншіден, Қостанай өңірінде «Батпаққара» деген тарихи атау бар. Кезінде 1916
жылғы ұлт-азаттық көтерілістің үлкен бір ошағы болған. Аманкелді Иманов сол
Батпаққараның Үрпек деген жерінде туған. Қазіргі атауы – Аманкелді. Осы «Батпаққараны»
«батпаққа қара» деп түсіндіретін болсақ, не болады?
Жетіқара топонимы Батпаққара сынды – тарихи атау. 1902 жылы жарияланған
А.Добросмысловтың «Тургайская область» атты тарихи очеркінде Жетіқара болысы
«Джитыгаринская волость» [3, 230; 491] деп бірнеше рет аталады.
Жетіқара (жеті+қара) – сан есім мен зат есім (қара деген сөз жеке тұрып сын есімдік те,
етістік те, зат есімдік те мағына береді. Біз бұл жерде ол зат есімдік мағынада тұр деп
есептейміз) сөздердің бірігуінен тұрады. Мағынасы: жеті қарайған зат, нәрсе дегенге келеді.
Бұл атауда қисын бар. Мал шарушылығымен айналысқан, далалық жерде көшіп-қонып
жүрген халқымыз жер жағдайына байланысты төбе, тау-қыратты болып келетін бұл өлкеге
Жетіқара деп атау бергендей... Оның үстіне Тобыл өзені осы өңірден бастау алады. Өзен,
сулардың биік қырат, таулы өлкеден ойға қарай ағатыны - табиғаттың бұлжымас заңы. Осы
орайда аталмыш ойымызды қуатттайтын И. Фальк жазбасынан үзінді ұсынғымыз келеді.
И.Фальк Тобыл өзені «Тетигера» деген таудан бастау алатынын жазады. Ол былай
дейді: «Тобол выходит на Юго-Запад в Киргизской степи из гор, соединяющих Урал с
Алтайским хребтом при горах, называемых Киргизцами Тетигера-тау. Горы там отлоги,
безлесны, плоскость холмистая, а близ источника Тоболя стоит отдельная, кеглеобразная
гора, которую, по причине правильного ее вида, можно бы было почесть творением рук
человеческих, если бы она не была очень высока».
17
Шамамен ХҮІІІ ғасырдың 1768-1774 жылдары аралығында жазылған жазбадан біздің
бүгінгі таңда «Жітіқара» деп атап жүрген өңіріміз «Тетигера-тау» деп аталғанын байқаймыз.
Жер атауының орысша дыбысталуы біздің сұрағымызға толық жауап бермегенімен, анық
нәрсе - ол атаудың таумен байланыстылығы және Тобыл өзені таулы, қыратты жерден бастау
алатындығы. Бұл біздерге мынадай ойды «мұрындықтайды»: бұл жердің атауына таулы
жердің сипаты сәйкес болуы керек. Орысша бұрмаланып жазылған «тети» сөзінің «жітіге»
немесе «жетіге» қаншалықты жақын екендігін оқырман өз түйсігімен анықтар деп ойлаймыз.
Біздің түсінігімізше, төбе-төбе болып келетін таулы өлке болғандықтан оған «жеті» саны
лайық секілді. Қарапайым ұғыммен айтсақ, Жетіқара - таулы, қыратты өлке.
Европалық ғалым, тегі швед И.Фальк «жеті» деген сөзді жазбаға түсіргенде немесе
оның жанашырлары саяхат күнделігін жариялағанда жаңылысып «тети» деп атаған секілді
көрінеді бізге. Себебі жетіден басталатын жер-су атаулары бізде өте көп. Жалпылық көрініс
кең өріс алған жерде белгілі бір заңдылық бар деп тану керек. Жеті санымен басталатын
топонимикада мұсылмандық дінді ұстанатын қазақтың сол бір санды қасиет тұтқан
дүниетанымының ізі жатыр. Айталық, Алла-тағала бүкіл әлемді жеті күнде жаратқан, аспан
әлемі мен жер асты жеті қабаттан тұрады, қайтқан кісінің жетілігі берілетіні деген сияқты.
Тіл табиғатына да, көшпелі халықтың географиялық атауларына да, халқымыздың
дүниетанымына да жақыны осы секілді. Сондықтан маған «Жетіқара» атауы біртүрлі ыстық.
Өлкетанушылар бұл мәселені тереңдетіп, Ресей патшалығы заманындағы өзге жазбалардан,
кеңес үкіметі тұсындағы архивтік мұрағаттардан «Жітіқараның» нақ атауын әлі де іздестіре
түскені абзал. Қазағы аз, өзге ұлт өкілдері қалың шоғырланған Қостанай аймағында әрбір
жер атауына мұқият болу – азаматтық парыз.
Мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым
комитетінің гранты бойынша «Тобыл-Торғай өңірінің фольклоры» атты ғылыми
жобасының аясында дайындалды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Полное собрание ученых путешественников по России, издаваемое Императорской
Академию наук, по предложению ее Президента. Записки путешествия академика
Фалька.Том шестой. Санкт-Петербург, 1824;
2. Жітіқара: жер атауына жіті қарауымыз керек// http://abai.kz/post/view?id=2618;
3. Добросмыслов А.И. Тургайская область (Исторический очерк).// Известия
Оренбурского отдела Императорского русского географического общества, Выпуск №17.
Тверь, 1902
ОНОМАСТИКА - ЕЛДІК МӘСЕЛЕ
Абдрахманова Д. Б., Федоров ауданы әкімдігінің Тілдерді оқыту орталығы»
мемлекеттік мекемесінің директоры
Қазақстанның тәуелсіздігі елімізде тұратын азаматтардың барлығына қалай бағалы
болатын болса, еліміздің егемендігін танытатын елді-мекендердің, көшелердің атауы сондай
маңызды болуы тиісті.
Өйткені еліміздің тәуелсіздігін айғақтауға тиісті атаулар әлі күнге дейін өзінің
лайықты шешімін таба алмауда. Соның салдарынан идеологиялық ескірген атаулар әлі
күнге дейін бар екендігі баршамызға белгілі. Ономастика ұғымы кең, сондықтан бұл
жұмысты ойдағыдай жүргізу аса маңызды іс болып қала береді. Бұл істе қоғамдық пікір
қалыптастыру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, елдің, жердің тарихын насихаттау үлкен рөл
атқаратындығы сөзсіз.
18
Ономастика мәселесін біздің ауданымызда да маңызды мәселелер қатарына жатқызуға
болады. Өзекті мәселені алға қарай ілгерлету және аудандағы әкімшілік-аумақтық бөліністер
мен басқа объектілердің атауларын ретке келтіру мақсатында аудандық ономастикалық
жұмыс тобы құрылған. Ономастикалық жұмыс тобы ауыл, ғимараттар, көшелер атын беру
(өзгерту) бойынша жеке тұлғалардан келіп түскен ұсыныстарды қарайды және ауыл,
ғимараттар, көшелер бөліктеріне ат беру (өзгерту) мәселелері бойынша облыстық
ономастикалық комиссияға ұсынымдар мен ұсыныстар береді. Өз өкілеттіктері шегінде
ауыл және т.б. атауының транскрипцияларын нақтылау ұсынымдары мен ұсыныстарын
аудан әкімі және аудан мәслихатының хатшысына ұсынады.
Жұмыс тобының белсенді жұмысының арқасында аудан аумағында Заводская көшесі
Құдайқұл Ордабаев есімімен және Степная көшесі Камалидден Жиентаев есімімен қайта
аталды.
Біздің жерлесіміз Құдайқұл Ордабаев Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен
бастап Жұмысшы-Крестьян Қызыл Əскерінің қатарына шақырылып, Түмен қаласында
құрылған 811 полктың 225 атқыштар дивизиясына жіберілді. Ол осы дивизияның құрамында
өмірінің соңына дейін соғысып, отан үшін кеудесін оққа тосты. Құдайқұл 1942 жылдың
шілдесінде қаза тапты. 2013 жылы Суровин ауданындағы «Обелиск» жасағы іздеушілерінің
көмегімен Ордабаев Құдайқұлдың мәйіті туған жеріне оралып, қайта жерленді.
Сонымен бірге Федоров ауданының дамуына өз үлесін қосқан тарихи тұлғаны мәңгілік
есте қалдыру мақсатында, Степная көшесіне Камалидден Жиентаевтың аты берілді. 20-шы
ғасырдың басында біздің өңірге көшіп келгендер көп болды, Камалидден орыс тілін жақсы
білетін еді, бұл жағдай жергілікті қазақтар мен жер аударылғандардың тіл табысуына
көмегін көрсетті. Оның нәтижесінде қазақтар прогрессивтік идеялармен таныс болды.
1916 жылдары біздің облыстың аумағында А.Иманов пен Ə.Жангелдин басқарған
маңызды тарихи оқиғалар болды. Камалидден Жиентаев Əліби Жангелдиннің
сарбаздарының бірі болған. Оның басты қасиеті интернационалист еді. Ауыр жылдары екі
ұрпақты құтқарып қалды деуге болады. Біріншісі: 1932-1933 жылдары Торғай даласынан
көшкен қазақтарды аштықтан құтқарып қалуға атсалысты. Екіншісі: қазақ пен немісті
тоғыстырған қасіретке толы тарихи тағдыр. Соғыс кезінде Саратов облысынан зорлықпен
жер аударылған немістерге жергілікті халықтың көзқарасы басқаша еді. Жер аударылған
неміс халқының фашизмге қатысы жоқтығын халыққа түсіндіре отырып, К.Жиентаев оларға
көмектесу қажеттілігін айтты. Ол кісінің адамгершілік қасиеттері бүгінгі ұрпаққа үлгі.
Ономастика – саясат, ел тәуелсіздігіне, сол тәуелсіздікті баянды етуге, қорғауға қызмет
етеді. Сондықтан баршамыз осы істе белсенділік танытып, өз үлесімізді қоссақ нұр үстіне
нұр болатындығы сөзсіз.
ОНОМАСТИКА – ХАЛЫҚТЫҢ ЖАДЫ, ТАРИХЫ, БІЛІМІ МЕН ТАНЫМЫ
Абилов Е.Ж., Қарабалық ауданы әкімдігінің Тілдерді оқыту орталығы
КММ оқытушысы. Қарабалық кенті.
«Алаш туы астында
Куә болсын арымыз!
Көркейтуге Алашты
Құрбандық біздің жанымыз!»,- деп өткен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың бұл сөздері
«Алаш» партиясының ұранына айналғандай. Міне, биыл «Алаш» партиясының құрылғанына
да 100 жылдың шамасы болды. Азаттықты, асқақ рухты, Алаштың асқақтауын қалаған ұлт
зиялыларының басты арманы - Қазақ елінің өзгеден қалмай терезесі тең, керегесі кең ел
болуы. Осы күнді көксеген бабаларымыздың арманы орындалуда.
«Алаш» деген үлкен сөз, аталы ұғым. Оған лайық болу үшін еліңнің ертенің ойлар
азамат болуға тиіссің. Елің егемендік алып, өзін-өзі тану жолына түскенде, одан сен де тыс
қала алмайсың[1,3б.] Алаш пен қазақ сөзі егіз ұғымдай. Қазақтың арман-мақсатын жүзеге
19
асыру үшін Алаш ардақтылары қан мен терін төкті. Аз ғұмырында көп белесті бағындырған
оларға бас иеміз. Өз мемлекет қалпы, сот ісі, жергілікті бостандық, құқығы, дін ісі, салық,
ғылым-білім үйрету, ел қорғау мәселелері қарастырылған партия бағдарламасының мақсаты
айқын еді.
Əрбір халықтың өткен өмірі, жүрген жолы тарихқа айналады. Кешегі оқиғалар-бүгін
тарих болып тіл қатады. Ал көше, қала, жер-су атаулары - кешегі тарихтың ізі. Тіл
саясатының, тіл санасының маңызды бағыттарының бірі - ұлттық ономастиканы
қалыптастыра отырып, осы мақсатта физикалық-географиялық объектілер мен елді мекен
атауларын атау мен қайта атауға, транскрипциялауға байланысты мәселелерді өз кезегінде
тиісті заңнамаларға сәйкес жүргізу болып табылады. Өйткені ел мен жер-су атауы
елдігіміздің көрінісін, бет-бейнесін көрсететін қоғамдық мән-маңызға ие екендігі белгілі.
[2,3б.]
Жер-су аттары-кешегі күннің куәсі. Яғни,олардың берер өз мағынасы бар. Мысалы
Қостанай облысындағы Қарабалық - қыпшақ тайпасының атын білдіреді. Ал кешегі
«Аңырақай», «Қалмаққырылған» және тағы басқа атаулар ел басынан өткен күннің
айнасындай. Тарих беттері жаңарған сайын сайын жер-су аттары да жаңаша атау алады.
Еліміздегі атаулардың қазақылығы ХІХ ғасырдың аяғына, ХХ ғасырдың басына дейін
сақталады. Ресейдің отарлау саясатының күшеюіне байланысты , әсіресе Кеңес Үкіметі
орнаған соң, ел, жер-су атаулары өрескел өзгерістерге ұшырады. [3,3б.]
Александровка, Сергеевка, Курский, Ленино, Комсомольский сияқты атаулар қазақтың
кең даласына қаптап кетті. Солардың ішінде кезінде қазаққа кесірі тиген тұлғалардың аты да
кездеседі. Голощекиндік геноцид қазақстандықтарды, ең алдымен, казақ халкын аштыққа
және босқындыққа ұшыратты. Зарлаған ана, шырылдаған бала, түнеріп, өлексе сасыған қазақ
даласы — большевиктік эксперименттің нәтижесі осы еді. Сөйткен Голщекиннің атындағы
ауылдар қазақ даласында кездесіп жатады. Оның қасында елге еңбегі сіңген тұлғалардың
есімдерін беріп немесе сол жердің көне атауын қайтарса нұр үстіне нұр. Əрине мұның бәрі
аса тиянақтылықты, зор еңбекті талап етеді. Мәселен Қарабалық ауданында көшелер мен
жер-су аттарына өзгеріс енетінін естіген халық түрлі пікір білдіруде. Ғаламтор көздерінде
сұрау жүргізіп, дау қылып жатқандары да біршама.
Əрине бұның бәрі көп түсіндіру жұмыстарын талап етеді.
Облыс орталығындағы Таран көшесіне Тәуелсіздік көшесіне
ауыстырғанда да біршама сұрақтар туындағаны анық. Өзге ұлт
өкілдері бұл бастаманы басқа елдермен салыстырады. Əр елдің өз
тарихы, ешкіммен салыстырмайтын, қабылдайтын өз шешімі болады.
«Өткенге салауат деген сөзге тоқталып, өлгенін жазғырмайтын,
өткенін азғырмайтын халқымыздың қасиетін тұтып, кешегі патшалық
Ресей, кейіннен Кеңес дәуірінде ендірілген атаулардың да түп тамырынан балта шаппай,
әрбір атаудың түп-төркінін анықтап, аталу себептеріне көз жеткізіп, қажеттісін ғана өзгерту
керек»,- деген болатын Шерубай Құрманбайлы.
Кешегі Алаш ардақтылары аңсаған азаттық алғалы 26 жыл толды. Өткенін сараптап,
келешекке нық сеніммен қарайтын елдің келер күннен үміті зор. Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың
көреген саясатының арқасында елімізді әлем таныды. Жүйелі реформалар жүзеге
асырылып, еліміз дамуда. Төрткүл дүниені тамсандырған ЕХРО-2017 көрмесі де сәтті өтіп ел
мерейін бір асқақтатты. Жаман айтпай жақсы жоқ, бейбіт күнге зар болып отырған өзге
елдермен салыстырғанда осы күнімізге мың да бір шүкір. Алайда саясатты жылы жерде шай
ішіп отырып бәрі әңгімелейді, алып-қашпа әңгіме айтады.
Шынтуайтқа келгенде айтыскер ақындар айтқандай: «әйеліне сөзі өтпей, бүгінгі күн
жайлы теріс пікір айтатындар көп». Елімізді алға жетелейтін - еңбек пен берекелі бірлік.
Достығы мен ынтымағы жарасқан көп ұлтты еліміздің берекесі көпке жалғасатынына
сенімдіміз. Бір шаңырақ астында бір атаның баласындай бірлігі бекем көптеген ұлт
20
өкілдерінің сіңірген еңбегі зор. Əсіресе еліміздің қақпасы саналатын біздің ауданда ондай
мысалдар көп.
Мәселен Қарабалық ауданы Смирнов ауылындағы «50 лет ВЛКСМ» көшесіне «Қызыл
Жұлдыз» орденімен марапатталған ауған соғысының ардагері Василий Маскалевтің есімі,
Новотройцк ауылындағы Ленин көшесіне Қазақстанның көрнекті жазушысы Иван Павлович
Щеголихиннің есімі, Боскөл ауылындағы Калинин көшесіне ҰОС-ның ардагері, Кеңес
Одағының батыры, аталмыш ауылдың тумасы Петр Чагадаевтың есімі берілгелі отыр. Биыл
145- жылдығы тойланғалы отырған алғаш қазақ журналисі - Мұхамеджан Сералиннің есімі
Надеждин ауылындағы Свердлов көшесіне қойылады. Ал аудан орталығында ұлы тұлғаға
арналған ескерткіш бар. Оның орнында Кеңес Үкіметінің көсемі –Ленинің ескерткіші
болатын. Ескерткішті бұзбай демалыс паркінің орталығына ауыстырғаны көп ұлтты аудан
халқының көп сұрақтарына орынды жауап болғандай. Карабалықтың Қарабалық атануы да
кезінде күдік тудырғандай болып еді. Алайда тарихи деректерге сүйеніп, ескірген
идеологиялық атаудың орнына осы өлкені мекендеген ру атын беру – орынды шешім. Уақыт
бәрін өз орнына қойды, қазір ел үйренді. Осы Қарабалық кентіндегі Октябрьская көшесіне
Қазақстанның халық әртісі, КСРО-ның мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қапан
Бадыровтың есімі, Карл Маркс көшесіне Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның халық әртісі,
атақты жерлесіміз -Сералы Қожамқұловтың есімі берілгелі отыр.
Сонымен қатар аудан ауылдарының кей көшелері Орталық, Болашақ, Атамекен,
Бейбітшілік, Бәйтерек, Достық көшелері болып өзгертіледі. Бұл - ел жадында қалыптасқан
«жаңа ұғымдар». Атамекенге деген махаббат, барлық ұлттарға достық сезім, берекелі бейбіт
өмір, болашаққа деген сенім - осы ұғымдардан байқалып тұрғандай.
Ономастикалық өзекті мәселелердің бірі –көшеде кездесетін жарнама жазулары.
Көбісінде қазақша аудармасы жоқ, болса - қатесі көз сүріндіреді. Ауданда бұл мәселе
бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сауда үйлерінің көрнекі ақпараттары, жарнамалары
қатемен жазылғаны туралы түсіндіру жұмысы жүргізіліп, жақын арада кемшіліктерді жойып,
болашақта оларды болдырмау туралы ұсыныстар білдірілуде. «Жарнамада шындық көбірек
кездеседі»,- деп Г.Бичер айтқандай оған аса ұқыптылықпен қарау керек. Содан-ақ тіл
мәртебесі, құрметі көрінеді.
Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру:болашаққа бағдар» мақаласы –өте
орынды және уақытында шыққан мақала. Ұлттық құндылықтарды әспеттеп, барымызды
ардақтауға шақырады. Биыл облысымызда елеулі оқиғалар орын алды. Тәуелсіздік көшесі
жарияланып, Шақшақ Жәнібек пен Қобыланды батырға ескерткіштер қойылды. Ыбырай
Алтынсарин кесенесінің жаңартылуы, Кейкі батыр сүйегінің елге оралуы - бар халықты
қуантты. Бұл - қазақтың тарихты ұмытпайтыны, өткенді ардақтайтыны. Осы орайда Алаш
зиялыларының аңсаған армандары орындалуда деп айта аламыз... «Жаңа шындықты түсіну
үшін секунд те жетіп жатады, ал оған бой үйретуге, оны игеріп кетуге ондаған жылдар аздық
етеді» [4,221б.],-деген болатын бір мақаласында Алаш ақиығы Ахмет Байтұрсынұлы.
21
Жаңалықты қабылдау оңайға соқпайды. Дегенмен келер ұрпақ атауы өзгерген, жаңғырған
жер-су аттарын жаттап өседі. Бұл - заман талабы. Сананы улайтын ескірген идеологияда
қалып қоймай, орынды атау беру-оңтайлы шешім. Бұл - рухани жаңғыру үрдісі. Бұл мәселеге
кеңінен қараған дұрыс. Егемендік алып еңсеңі көтергелі біршама уақыт өтті. Өзгеге
жалтақтамай өз тарихымызды, тұлғаларымызды ұлықтайтын уақыт жетті. Əр елдің
қалыптасқан өз идиологиясы болмайды ма? Тәуелсіз елдің өскелең ұрпағы осыны біліп өсуі
тиіс. «Ақыр соңында, шешімді бәрібір ересектер қабылдайды, жастар емес. Алайда сол
жастар ертеңгі күні ересекке айналып, оларға да шешім шығаратын күн туады да, олар әлгі
шешімдерге назар аударады. Міне, сол кезде олар алдыңғы ересек ұрпақты дұрыс шешім
қабылдағаны үшін мақтан тұтатындай болуы тиіс»,-деген ұлағатты сөз осыны растайды.
«Ономастика – жер-су атаулары, адам есімдері, халық, ру-тайпа атаулары, мемлекет
атаулары, әртүрлі мәдени-тарихи нысандар, яғни «тиражға» түспеген атаулардың (жалқы
есімдердің) жиынтығын зерттейтін тіл ғылымдарының ерекше саласы. Мұндай атаулар
тілдің басқа жүйелерінен ұлттық сипатымен, пәнаралық кешенділігімен ерекшеленіп тұрады.
Ономастикалық атаулардың қызметін олардың тек адрестік функциясына байланысты деп
түсінсек, оның түпкі мазмұнына, ұлттық сипатына, қалыптасу тарихына бойламағанымыз
болып саналар еді. Өйткені ономастика – халықтың жады, тарихы, білімі мен танымы.
Ономастикалық атаулар өзегінде елдің тарихи – мәдени коды жатыр»,-деген болатын
профессор Нұргелді Уалиұлы. Орыс халқында : «Кемеңді қалай атасаң, солай жүзеді деген»
мақал бар. Яғни жер-су аттарына қарап біз сол елдің тілін, мәдениетін, тарихын ұғамыз.
Мәңгілік елдің мәңгілік тарихын біліп өсер жастар ел ертеңін еңселі етсін! Кешегі
бабаларымыз, Алаш ақиықтары аңсаған елде өмір сүріп, мирас еткен мұратын орындау-
біздің міндетіміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Алаш ардағы» 2010 ж.
2. «Маңғыстау облысының ономастикалық атауларының көрсеткіш-анықтамалығы»,
Астана-2008
3. «Жаңарған ел-жаңғырған атаулар» Астана, 2012.
4. «Алаш ақиықтары» . Алматы «Алаш» 2006
ҚАЗАҚ АНТРОПОНИМИКАСЫ ЖӘНЕ ЖАҺАНДАНУ ҮРДІСІ
Асанбаева Е. Б., Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы,
Павлодар қ.
Жер бетінде белгілі бір атауы жоқ жаратылыс , зат не құбылыстар кездеспейді. Табиғат
құбылыстары болсын, тірі ағзалар я жансыз нәрселер болсын – қай-қайсысының болмасын
өзіндік номинативті атауы болады. Осыған орай жекелеген заттарды (не жаратылыстарды)
өзі тектестерден ажырату үшін жалқы есімдер қолданылады. Адам аттары, жер-су, жан-
жануарлар т.б. атауларын зерттейтін сала ономастика деп аталады. Мұнда, әсіресе, кісі
есімдері көп зерттелетін объект болып табылады, ономастиканың бұл бағытта зерттеу
жүргізетін тармағы антропонимика деп аталады.
«Кемеге қандай ат қойсаң, жүзуі де сондай болмақшы» деген мақал баршамызға
белгілі. Ал тұтас бір өмірдің иесі, жанды жаратылыс – кішкентай нәрестеге ат қою ісіне
келгенде ата-аналар мен отбасы мүшелері мың ойланып, жүз толғанатыны хақ. Адамның
есімі оның барлық болашақ өміріне тікелей әсер етеді деген наным қалыптасқан. Осыған
орай сәбиге ат қою кезінде үлкендер бұл есімнің мейлінше мағыналы, мәнді болуына үлкен
назар аударады. Бұл үрдіс тек ата-аналардың өзіндік арман-тілегі мен ойымен анықталатын
нәрсе емес, шын мәнінде, оған басқа да көптеген факторлар әсер етеді. Солардың бірі әрі
бастысы – уақыт. Түрлі тарихи кезеңдерде бір мемлекет болсын, ұлт я қоғам болсын, сан
22
алуан оқиғаларды (соғыс, мемлекеттің бірігуі я ыдырауы, елдегі жаңа басқару жүйесі,
халықаралық ұйымға кіру, жаңа басшы, ұлт-азаттық көтеріліс, елдегі төңкеріс т.т.) басынан
кешіреді және бұл оқиғалардың барлығы, міндетті түрде, сол халықтың күнделікті
тұрмысына, мәдениетіне, сондай-ақ балаға ат қою сияқты маңызды үрдіске де өз әсерін
тигізбей қоймайды.
Түрлі кезеңдердегі осындай жаһандану үрдісінің қазақ антропонимикасына тигізген
әсерін, соның негізінде туындаған жаңа үдерістерді анықтап, зерделеу зерттеудің өзектілігін
негіздейді. Қазақ тілінің антропонимикалық қоры өте үлкен, бұл, ең алдымен, қазақ елінің
ұлттық тарихының байлығымен байланысты. Əр алуан дәуірлерде қазақ халқы түрлі
оқиғаларды бастан кешіріп, олардың әсері мәдениетіміз бен тұрмысымызда көрініс тапты.
Мұндай уақыт өткен сайын енген өзгерістер түрлі жылдары туып, сан алуан есімдерді
иемденген адамдардың халықтың өмірінде анық байқалады. Осындай өзгерістер үрдісін яғни
«жаһандану – антропонимика» қатынасын уақыт тұрғысынан зерттеудің маңыздылығын
жоғары.
Əлемде өзіндік атауы жоқ бірде-бір зат немесе құбылыс жоқ. Жанды-жансыз
жаратылыстар, табиғи құбылыстар, қоғам өміріне қатысты қандай да бір заңдылықтар, тіпті
адамның абстракциялы ойлауынан туындаған түсініктердің де атаулары бар. Осыған
байланысты тіл білімінде құрылымдық әрі тілдік жасалу жолдары мен арнайы қызметіне
қарай есімдер (атаулар) жалқы және жалпы есімдер болып бөлінеді. Нақты объектіні атамай,
оның белгілі заттық түрі мен ұғымымен байланысты атаулар жалпы есімдер делінсе, тек
жеке объектіге тағылатын, нақты затпен байланысы бар атаулар жалқы есімдер деп аталады.
Бұл туралы орыс ғалымы А.В.Суперанская өзінің еңбегінде былай деп атап көрсеткен: «Кез
келген заттың, яғни объектінің жалпы есімі болатын болса, оның жалқы есім иемденуі
міндетті емес. Ал егер де заттың жалқы есімі болса, оның міндетті түрде жалпы есімі бар
деген сөз. Бұдан келіп шығатын қорытынды: жалқы есім дегеніміз — затты басқа біркелкі
заттардан ажырату, жалпы есімін анықтау, толықтыру үшін қойылған екінші атау» [1, 9].
Жалқы есімдерді жалпы атаулардан ажырату үшін ғылымға «ономастикалық кеңістік»
ұғымы енгізілді. Ономастикалық кеңістік дегеніміз – «нақты бір тарихи кезеңде бір мекенде
орналасқан тілдік қауымдастықтың ақиқат және қиял-ғажайып нысандарды атауы үшін
қолданатын барлық жалқы есімдердің жиынтығы /кешені/» [2, 28]. Ономастикалық кеңістік
көбіне сол халық өмір сүріп жатқан кезеңдегі танымымен анықталады, десе де онда өткен
заманның ізі барынша сақталып, көрініс табады.
Ономастикалық кеңістік өз ішінен атнтропонимика, топонимика, этнономика,
теонимика, мифонимика, эргономика, зоономика т.б. көптеген салаларға бөлінеді,
әрқайсысының өзіндік зерттеу объектісі бар. Осынша көп тармақтары болса да,
ономастикалық
кеңістіктің
басты
категориясы,
өзегі
ретінде
адам
аттарын
қарастыратынымыз даусыз. Осы орайда ономастиканың антропонимика (грекше «anthropos»
- «адам, кісі» және «onoma» - «ат, есім») деп аталатын саласы басты назарға алынады.
Адамға берілер төл атау - есімдердің барша төл-тұлғалары (адамның төл есімі, лақап
аты, бүркеншік аты, әкесінің аты, ата тегі) ономастика ғылымының бір саласы болып
табылатын антропонимикалық жүйені құрайды [3, 3]. «Антропонимдер – кісі аттарынан
тұратын жалқы есімдердің ірі разряды. Антропоним формуласында, атау беру уәжінде, атау
құрылымында байқалатын әр халықтың өзіндік атау беру дәстүрі бар. Кез келген халықтың
антропонимдік қоры (антропонимдер жиынтығы) құрамы жағынан әртүрлі» [4, 52-53].
Адам аттары оның төл есімі, тегі (фамилия), әкесінің аты, лақап есім, бүркеншік есім,
қосалқы есім сияқты түрлерге ажыратылады. Кісі есімдерін атқаратын қызметі мен
қолданылу ерекшеліктеріне қарай ресми және бейресми деп екі үлкен топқа бөліп
қарастыруға болады. Ресми есімдерге құжаттарда жазылған, мемлекеттік тіркеуде заңмен
бекітілген кісінің төл есімі, әкесінің аты, тегі жатса, бейресми есімдерге белгілі бір ортада
ғана, көпшілік жағдайда уақытша қолданылатын, таралу ауқымы шектеулі лақап ат,
бүркеншік есім және кісінің өз есімінен жасалған не туыстық қатынасты білдіретін
23
құрметтеу, еркелету, жақсы көру мәніндегі қосалқы есімдері жатады. Бұл зерттеуде біз
көбіне ресми есімдерді назарға алатын боламыз.
Антропонимдер – жанды жаратылыс, яғни тек кісі есімдеріне қатысты сала болғанымен,
халықтың мәдени тарихымен, адамдардың психологиялық ерекшеліктерімен, салт-
дәстүрімен тығыз байланысты әрі аса күрделі категория. Ғалымдар Г.Б.Мәдиева және
С.Қ.Иманбердиева өздерінің зерттеулерінде антропонимдерге тән мынадай ортақ белгілерді
ажыратады:
- әртүрлі халықтардың ат тағудың ресми формуласы қатаң тәртіппен емес, өзгермелі,
орын тәртібі әртүрлі бірнеше компоненттерден тұратын тарихи категория болып табылады;
- ұлттық антропонимиканың негізгі қорын көп жағдайда ана тілдегі атау жүйесі
құрайды;
- антропонимдік жүйені жаңа және кірме атаулар толықтырады;
- атаулар маңызды заң қызметін – қоғамдағы жеке адамды ажырату қызметін атқарады;
- отбасы мүшелерін атағанда немесе адамдардың белгілі бір тобын жинақтап көрсетуде
болмаса, басқа жағдайларда антропонимдер тек жекеше түрінде қолданылады;
- әр халық антропонимдерінің дамуында бір тағанды антропонимдік жүйеден көп
тағандыға ауысу заңдылықтары байқалады. Бір тағанды антропонимдік жүйе ең көне болып
саналады;
- көптеген ұлттық антропонимдік жүйеде кісі аттарын ресми және бейресми деп бөлу
кездеседі [4, 53-54].
Əлемде адам аттарының алуан түрлілігі тілдердің көптігімен ғана емес, сонымен қатар
рухани және материалдық мәдениеттердің әртүрлілігімен де байланысты. Тіпті бір халықтың
өзінде түрлі тарихи кезеңдерде антропонимдік қордың ауқымы бірдей болмауы мүмкін. Бұл
антропонимиканың сол халықтың басынан өткен тарихи-әлеуметтік жағдайларымен,
мәдениетімен, салт-дәстүрлері мен наным-сенімдерімен тығыз байланысты.
Ономастиканы зерттеуші ғалымдар антропонимиканың бірінші заңдылығы деп оның
тарихилығын атап көрсетуі де тегіннен-тегін емес. Шынымен де, тарихтан тыс ешқандай
құбылыстың болуы мүмкін емес. «...Исторически обусловлены сами виды антропонимов...,
языковая принадлежность личных имен.., антропонимические системы у народов мира» [5,
7]. Өткен тарихтың қозғаушы күші адам десек, ұлттың ұлт болып қалыптасуына себепші
факторлардың негізгісі тіл болып табылады. Ал тілдің ауқымды бөлігін құрап отырған кісі
есімдері – ұлттық ерекшеліктің негізін құраушы фактордың бірі. Халықтың тарихымен біте
қайнасып келе жатқан есімдер тарихы түрлі қоғамдық-саяси, шаруашылық-экономикалық,
мәдени-тұрмыстық жағдайларға байланысты өзгерістерге ұшырап, сонда да болса, өзінің
табиғатын бар болмысымен сақтап отырады. Бұл туралы қазақтың ономаст ғалымдары: «Əр
тарихи кезеңдегі қоғамдық формацияның сол кездегі тілдік, мәдени ортаның өзіне тән
ономастикалық бірліктер репертуары болғандығы белгілі. Кез келген онимдік атаудың
артында үлкен фондық білім жасырын тұр, алуан түрлі энциклопедиялық ақпараттар
желісімен байланысты болып келеді. Мәселен, көне түркі жұртына ортақ Білге бабаның,
берідегі Абай, Сүйінбай, Махамбет т.б. есімдері немесе Ордабасы, Аңырақай сияқты
топонимдер төңірегінде қаншама аялық білім бар десеңші!» [6, 9] – деп атап көрсеткен.
Кез келген халықтың тіліндегі антропонимдік қор тосыннан пайда болмай, белгілі бір
тарихи кезеңдерден өткені сияқты қазақ есімдері де санаулы жыл ішінде көктен түскен жоқ.
Оның өзіне тән тарихы, шығу, пайда болу жолы бар. Қазіргі есімдеріміздің ішінде сол ерте
замандарда шығып, көненің куәсі, жұрнағы ретінде өмір сүріп келе жатқандары да, орта
ғасырға тән және жаңа дәуірде жасалғандары да көп.
Антропонимдер адамдардың өткендегі тұрмысын, қоғамдық-әлеуметтік құрылысын
және материалдық әрі мәдени өмірдің құбылыстарын да көрсете алады. Олардың кейбір
топттары қазақ ауылының ертедегі тіршілік, іс-әрекетінен және шаруашылық күйінен
мағлұмат береді. Мәселен, төрт түлік малға, шаруашылық, тұрмыстық сөздерге байланысты
есімдер. Адам аттарына байланысты жиналған мыңдаған мысалдарды және есімдердің
тұлғасын талдап қарағанымызда, құрылысы, лексикалық материалы, фонетикалық
24
ерекшеліктері жағынан олардың әр кез, әр дәуірге тән екенін бірден көзге түседі. Өйткені
әрбір адам есімі өзінің шыққан заманы мен дәуіріне, оның тілдік заңына тікелей байланысты.
Осылайша, кісі есімдерін зерделеген кезде, оларды өзінің «заманынан», тарихи
кезеңінен тыс қарастыруға болмайды. Өйткені уақыт өткен сайын қоғамның өміріне келетін
өзгерістер оның мәдениеті мен тұрмысына, сәйкесінше, балаға ат қою сынды маңызды
құбылысқа да өзіндік ықпалын тигізеді. Аталмыш еңбекте де біз уақыт өткен сайын қазақ
антропонимикасындағы жаңа үдерістерді назарға алмақпыз.
Кез келген есімнің тарихы белгілі бір кезеңнен бастау алып, өз дамуында түрлі
сатылардан өтеді. Қоғамдық формация, түрлі әлеуметтік жағдай, ұлттық ерекшелік, мәдениет
жаңалықтары есімдердің барлық түріне өз әсерін тигізбей қоймайды. Тіліміздегі есімдердің
тарихы арқылы бейресми есімдердің өз дамуында қандай сатылардан өткенін байқауға
болады. Ғалым-антропонимист Т.Жанұзақов қазақ есімдерінің тарихын төрт дәуірге бөліп
қарастырады [7]:
Бірінші дәуір – көне түркі заманын, яғни V – VІІІ ғасырлардағы антропонимдерді
қамтиды. Бұл дәуірде үй хайуандары мен жабайы аңдардың, табиғат атаулары мен
өсімдіктердің және қымбат металдардың атаулары кісі аты ретінде қойылып отырған.
Мысалы: Айкүн, Айжарық, Айтолық, Айтолды, Күнсұл, Бөрі, Арыстан, Түлкібай, Қоянбай,
Алтын, Күміс, Қаршыға т.б. Ол кезде ай мен күнге табыну, табиғатты, аңды, құстарды
ерекше күш санау, кейбір хайуандарды (мәселен, бөрі, ит, бұқа) шыққан тегіміз, біздің ата-
бабамыз деп, тотем ету жайлары басым болғаны мәлім.
Екінші дәуір. Орта ғасырларға тән антрополексемалық типтерді қамтиды. Мұнда Х–
ХVІІ ғасырлардағы қазақтың тайпалық одақ болып тұрғандағы, одан кейін халық болып
қалыптасу кездеріндегі антропонимдердің шығу, даму кезеңдері сөз етіледі.
Сол ХІ – ХІV ғасырлардағы қазіргі қазақ тіліне тән сөздер мен энонимдерді, көптеген
ономастикалық материалдары Махмуд Қашқаридің «Диуани лұғат ат түрік» (1072-1074)
және кумандар тілінің сөздігі «Кодекс Куманикус» сияқты еңбектерден мол кездестіреміз.
Бұл ескерткіштегі лексиканың көпшілігі, грамматикалық форматтары қазіргі тілімізге ұқсас
екені де айтылып жүр. Осымен қатар жүздеген антропонимдердің ұқсас, тектес екенін де
байқау қиын емес.
Қазақ антропонимдерінің даму кезеңіне моңғол үстемдігінің (ХІІІ – ХV ғ.) аз да болса
әсері тиді. Моңғол тілінен енген сөздердің тарихын тек моңғол шабуылына байланысты
кірген демей, моңғол халқымен қоян-қолтық араласу кезінде болғанын да ескеру керек.
Моңғол үстемдігі кезінде енген кісі аттары сан жағынан көп емес. Тек моңғол хандары мен
әскер басыларының аттары және әскери атаққа байланысты санаулы сөздер. Мысалы,
Шағатай, Батый, Сыпатай, Ноян, Ноянбай, Түмен, Сайын.
Бұл кісі аттары тіліміздің дыбыстық заңына бағынып, халықтық тілдің айтылу
нормасына сай бейімделіп, өзгеріп кеткен. Оның үстіне ол сөздерден кісі аттарын жасауда
бай, бек сөздерін қосып, біріктіретін тәсілін қолданған.
Қазіргі тілімізде қолданылып жүрген антропонимдер: Жұбан, Қайп, Тоқтамыс, Едіге,
Асан, Жүсіп, Бекболат, Махмұт, Темірболат, Рүстем, Зухра типтес есімдер – ХІ – ХV
ғасырларға тән жазба немесе архитектуралық ескерткіштерде кездеседі.
ХV – ХVІІІ ғасырлардағы қазақ халқының мәдениеті бұрынғы дәуірлерге қарағанда
ерекше дамып, өрлей түсті. Бұл кезде материалдық мәдениет, сәулет өнері, ауыз әдебиеті
саласында елеулі өзгешеліктер болды. Осымен байланысты халық есімдерінің де құрамы
өсіп, өзгеріп отырды. Көшпелі халықтың тұрмысы мен өмір тіршілігіне қажет заттардың
бастылары - киіз үй жабдықтары мен тағам, мал шаруашылығы еді. Міне, осы киіз
жабдықтары мен төрт түлік мал атаулары адамдардың есімдері ретінде қойылып отырды.
Осыдан келіп киіз үй жабдықтарына орай: Киізбай, Жапсарбай, Іргебай, Қазанқап; дәм, тағам
аттарына байланысты: Сүттібай, Айранбай, Талқанбай, Тоқаш тәрізді кісі аттарының
қойылғаны байқалады.
Зергерлік істер мен шеберлік өнерге байланысты сөздерден де кісі аттары қойылды.
Мысалы: Моншақ, Маржанкүл, Түйме, Шолпыбай, Əшекей, Сырғабай т.б.
25
ХV - ХVІІІ ғасырларда қазақ халқының ауыз әдебиеті кеңінен дамыған еді. Ауыз
әдебиетінің түрлі жанрларында төрт түлік мал көбірек айтылып отырады. Сөйтіп, төрт түлік
мал атауына байланысты ат қою дәстүрі кеңінен етек алды. Бұрынғы дәуірлерде төрт
түліктен жылқы, қой, сиыр, ешкі атаулары ғана кісіге есім ретінде қойлған болса, енді
олардың түрлері мен жас мөлшеріне байланысты есімдер көбейеді. Мысалы, Құнантай,
Дөнентай, Қаратай, Сарытай, Құлыншақ, Құлынбек, Бота, Тайлақ, Тоқтыбай, Қозыбай,
Қозыбағар, Бұзаубай т.б. Бұл кезде ауыз әдебиетінің ертегілер мен батырлары туралы,
әлеуметтік-салттық поэмалары халық арасына кеңінен тарайды. Əрбір ата-ана балаларын
халық қамын жеген, елін , жерін сүйген батырлардай болсын деген мақсатпен ер балаларына:
Қобыланды, Қамбар, Алпамыс, Қожақ, қыз балаларына: Құртқа, Қарлыға, Назым деген
аттарды қойған. Сонымен қатар, махаббат, сүйіспеншілік жырларындағы есімдер де
қойылып отырған. Мысалы, Жібек, Төлеген, Сансызбай, Қарлығаш, Баян, Қозы, Мақбал,
Сұлушаш, Зылиха, Жүсіп, Ләйлі т.б.
Үшінші дәуір – тарихта жаңа заман саналатын ХVІІ - ХІХ ғасырларда дамыған көп
салалы антропонимдерді қамтиды. ХVІІ - ХІХ ғасырлардағы антропонимдердің көбі қазақ
халық ауыз әдебиетінің бай саласы – ғашықтық жырларда кездеседі. Ғашықтық
жырлардағы кісі аттары халық арасына жазба түрінде де, ауызша айтылу үлгісінде де тарап
отырған. Түркі халықтарының көбіне тараған, ортақ «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»
жырындағы кейіпкерлер есімдері қазақ халқының ауыз әдебиетінде көрнекті орын алады.
Ондаған есімдердің барынша халыққа түсінікті төл сөздерден жасалғаннын байқаймыз.
Мысалы, Кемел ақын, Сыбанбай, Жанақ, Бекбау, Сарыбай, Қарабай, Тайлақ, Қозы, Танас,
Баян, Ай, Таңсық, Нұрқара, Көсем сары, Қаратоқа, Бұлан қара, Тоқсан, Айбас, Күліп.
Осымен қатар араб-иран тілдерінен енген есімдер біршама кездесіп отырады. Олар сол
кездегі қазақтардың сөйлеу тілінің заңына бағынып, түрлі дыбыстық өзгерістерге ұшырап,
бастапқы тұлғаларынан айырылған еді. Мысалы: Хақназар, Шахмамет, Əлімбет,
Сұлтанмамбет, Досалы, Сейдалы, Нұрмамбет, Уәли, Шерғали, Мұхаметмырза, Хасан,
Əбілжәлел, Дәулет, Сейфулла, Нығметұлла, Махамбет т.б.
Және ол кездегі антропонимдердің біразы қазақ даласында сауданың дамуымен
байланысты да шыққан еді. Мәселен, Теңге, Теңгебай, Ақша, Сомбек, Саудабек тәрізді
есмідер. Осы кезде семантикалық айқын сөздерден де көптеген есімдердің қойылғаны
байқалады: олар: Бегіс, Тегіс, Сырым, Арынғазы, Тілеке, Тіленші, Бұхар, Тәтіқара, Шал,
Шернияз, Дәулеткерей, Құрманғазы, Жамбыл, Біржан, Сара, Шортанбай т.б.
Төртінші дәуір. Қазан төңкерісінен кейінгі Кеңес заманында туып, дамыған
антропонимдік типтерді қамтиды.
Кеңес өкіметі орнаған Қазақстанда ірі мәдени өзгерістердің болғаны аян. Жаңа
тұрмыс, бақытты заманға лайқ мәдениет, әдибет өрістеді. Халықтың сөйлеу тіліне көптеген
жаңа мағыналы сөздер енді. Бұл кезде дүниеге келеген сәбилерге жаңа заманның жаршысы
ретінде жаңа ат қою іске асты.
Жер жүзі жұмысшы қозғалысының көсемдері мен қайраткерлерінің есімін жас балаға
қою 30-жылдары кеңінен дамыған еді. Бұл кезде Мэлс, Эмиль, Маркс, Клара, Марлен,
Тельман, Марат, Суньят, Диас деген есімдер қойылды. Социал, Закон, Совет, Генерал,
Маршл, Армия, Октябрина сияқты есімдер де сол кездерде шыққан.
Мәдениет пен әдебиет, ғылым мен экономика, шаруашылық дамуына байланысты жаңа
атаулар туады. Осымен байланысты 30-40 жылдар арасында туған балаларға: Ғалым,
Ғалымбек, Мәдениет, Өндіріс, Сайлау, Колхозбек, Совхозбек есімдер қойылды. Отан соғысы
жылдарында және жеңіс жылдарынан кейін Майдан, Майданбек, Нұрлан, Бейбіт, Қайсар,
Солдатбек, Жеңіс, Бейбітгүл, Гулмира, Мира т.б. есімдер пайда болды.
Жаңа ат қоюда бұрынғы аттардың таңдаулы, ең сұлу, айшықтыларын талғау принципі
басым болды. 50 жылдардан бастап балаларға өте әдемі, айтылуға ықшам, мағынасы айқын,
көбіне, жалаң түбірлі есімдер қойылып келеді. Ондай есімдер: Алма, Сәуле, Ажар,
Айбарша, Айгүл, Айдай, Айзада, Айша, Ақлима, Алтын, Бағила, Бану, Баян, Бәкия, Ғазиза,
Ғайша, Дана, Данила, Дидар, Зайра, Мағрипа, Майра, Майса, Маржан, Нағима, Нәзипа, Тана,
26
Тәбиа, Тәмина; Абай, Абзал, Адай, Азамат, Айдар, Айдос, Əбді, Əнуар, Бекен, Ғани, Ғали,
Данай, Досан, Елдос, Есен, Қайрат, Мәжит т.б.
30-жылдардан бастап көркем әдебиет кейіпкерлерінің есімдерін балаға қою әдетке
айналды. Мысалы: Ботагөз, Асқар, Амантай, Сәуле, Мекер, Нұрлан т.б.
Халық арасына ең көп тараған азамат соғысының ардагер батырлары: Аманкелді,
Бекболат және көрнекті революционер Əліби есімдері болды. Кеңес дәуірінде даңқы шыққан
еліміздің атақты ғалымдары мен жазушыларының, Қазақстан бұлбұлы атанған
әртістеріміздің есімдері де баларға қойылып отырды. Мысалы: Қаныш, Мұхтар, Сәбит,
Күләш, Шара, Роза, Рашид т.б.
Кеңес өкіметі кезіндегі есімдердің баю, даму деректері төмендегідей:
1. Əйел есімдерінің көбі орыс тіліндегі әйел аттары мәнерімен жасалды. Мысалы:
Гүлнара, Сұлтанша, Айгуля, Аймана, Айнаша, Бакиша, Жамилия т.б.
2. Туысқан республика азаматтырының есімін қою арқылы жасалды. Мысалы:
Динара, Дилара, Замира, Зарема, Карима, Карина, Лаура, Линда, Эльза.
3. Орыс тілінен енген есімдер Қазақ халқы орыс халқымен ежелден мәдени қарым-
қатынас, байланыс жасап келді. Бұл жағдай әсіресе Қазақстанның Ресейге өз еркімен
қосылуынан кейін ерекше дамыған еді. Қазан төңкерісінен бұрынғы орыс тілінен көптеген
кісі аттарының енуі елеулі тарихи себептерге байланысты.
Қазақ отбасыларында мейлі ол малшы, егінші, колхозозшы болсын, мейлі оқыған
интеллигент қызметкер болсын баласына өздерінің орыс достарының, яки олардың
балаларының атын қойып отырған. Сонымен бізге: Алексей, Максим, Виктор, Клим, Ждан,
Ефим, Илья, Алеша деген ер аттары: Анна, Валентина, Наташа, Раиса, Рая, Рада, сияқты әйел
аттары қосылды. Бұлар орыс орфографиясы бойынша жазылды.
4. Қазан төңкерісінен кейін қазақ антропонимиясының құрамы интернационалдық
есімдер есебінен байи түсті. Мысалы: Артур, Марат, Эрнест, Роман, Спартак, Диас, Роза,
Жанна, Дина, Софья, Элеонора, Анжелла, Арагония т.б.
5. Халықтың өз ойынан , алғыр қиялынан туған: Жігер, Айқын, Айдын, Арман,
Байтақ, Дарын, Дастан, Дәурен, Ерлан, Жаскілең, Келіс, Қуаныш, Қуат, Нұржан, Нұрлан,
Айдай, Бүлдіршін тағы осы сияқты әдемі есімдермен толықты.
Қазіргі қазақ антропонимиясы құрамын заман талғамына сай жаңа есімдермен байытып
отыру бағыты байқалады. Ата-ана мен туысқандар балаға өздері ұнатқан , талғап алған
есімдер қояды. Сөйтіп, дүниеге жаңа келген сәбиге ат қоюда жарқын , бақытты дәуір
талғамын ескере отырып, белгілі бір принцип дәстүрге сүйенеді.
Ғалым Т.Жанұзақовтың бұл еңбегі анық көрсеткендей, балаға ат қою мәселесі ата-
анасының қалауына ғана емес, жаһандану, әр дәуірдегі қоғамдық өзгерістермен тікелей
байланысты. Кейін Ұ.Мұсабаева сынды бір топ ғалымдар еліміздің егемендік алып,
қоғамның өзгеруімен қоса өзгерген сана жемісі — 90-жылдардан бергі есімдерді бөлек бір
дәуір, яғни қазақ есімдерінің бесінші дәуірі деп қарастыруды ұсынады [8].
Осы уақытқа дейінгі қазақ есімдерінің тарихы, ондағы заманауи тенденциялар біршама
зерделенді. Соған байланысты аталмыш еңбекте біз осы уақытқа дейін жіті зерттелмеген осы
бесінші кезеңдегі есімдерді, дәлірек айтқанда, балаға ат қою үрдісіне ғаламдану яки
жаһандану қаншалықты әсер еткендігін назарға алуды жөн көрдік.
Жаһандану (глоболизация) дегенімізде, барлығымыз әлемдегі барша елдерде
экономика, өмір салты (киім-киіс, өнер, тамақтану т.б.), мәдениет пен ақпарат құралдарының
ортақ бола бастауын түсінеміз. Бұл үрдіс бірден көзге көрінетін соншалық ауқымды ықпалды
тигізбесе де, шын мәнінде, уақыт өткен сайын қазақ халықының күнделікті тұрмысы мен
мәдениетіне де өз әсерін әлсін-әлсін тигізіп келеді. Бұл үдеріс сәбиге ат қою кезінде де
байқалып жүр. Бұл жерде сөз тек балаларға шетелдік аттарды қою (София, Виктория, Дамир,
Радмир т.т.) туралы емес (алайда бұл жайт та орын алып келетіні шындық), одан анағұрлым
күрделі.
Бүгінде заманауи ата-аналар балаларына ат қою мүмкіндігін бұрынғыдай ата-енесі,
көпті көрген үлкендерге бермей, көбіне өз еншісіне қалдырады. Және мұның өзінде көбіне
27
қазақи, ұлттық танымға сай есімдерді емес, батыстағы «сәнді» үрдіс – «индивидуализм» яғни
өзіндік ерекшелікті арттыру принципін жоғары қояды. Əсіресе, түрлі кезеңдердегі маңызды
оқиғалар мен қоғамдық тенденциялар бұған үлкен ықпал ететін факторлардың бірі болып
табылады.
Қазақстан Республикасының статистика агенттігінің деректері бойынша, елімізде әр
түрлі кезеңдерде өткен саяси, әлеуметтік т.б. оқиғалар сәбилерге ат қою кезінде де белгілі бір
ықпалын тигізген.
Мысалы, 2010 жылы Республикамызда өткен ЕҚЫҰ саммиті және 2011 жылы
өткізілген қысқы Азия ойындары барлық әлем назарын біздің елімізге байлады. Осы орайда
Самитхан деген есіммен 13 бала, Саммит деп 19 бала, Нұрсаммит деген атаумен 3 бала
тіркелсе, сонымен қатар Саммитбек деп 2 балаға ат берілді. Ал Азиада деген есім 15 балаға
берілген.
Сондай-ақ елімізде әйгілі әнші, актер, өнер иелерінің есімдері, тіпті, кейбірінің лақап
аттары да жас ата-аналардың «көзіне түсіп», балаларының өзінің сүйікті жұлдыздарына
ұқсағанын қалап, «ырымдап», олардың аттарын қояды: Роза, Мақпал, Али, Алишер, Айлан,
Ерке, Аша т.б. Жақын арада қазіргі уақытта елімізде зор танымалдыққа ие әнші Төреғали
Төреәлінің құрметіне еліміздің батыс өңірінде ата-аналар егіз ұлдарына Төреғали және
Төреәлі деген екі есімді бергені де – осының айғағы.
Сол сияқты түрлі жылдары көрермендер арасында танымалдылыққа ие болған бір қатар
түрік және үнді телехикаяларының «желісімен» елімізде Ананди, Сулейман, Ибрагим,
Хатидже, Шехризат, Дениз, Севиль атты есімдер таралып кетті.
Бір кездері КСРО дәуірінде ел көсемдері саналған тұлғалардың құрметіне Мэлс (Маркс,
Энгельс, Ленин, Сталин), Марлен (Маркс, Ленин) сияқты саяси есімдерді қою дәстүрі
жаңғырса, қазіргі уақытта мұндай тенденцияның басты объектісі болып табылатын есім –
еліміздің Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысының аты. Нұрсұлтан, Назарбай, Айсұлтан,
Сұлтан сынды есімдер көптеп кездесуден басқа, 2003 жылы Жамбыл облысында жас ана
өзінің қызына НұрАбиНаз есімін қойған. НұрАбиНаз Қазақстан президентінің аты-жөнінің
алғашқы үш әрпінен құралған біріккен сөз болып шықты. Одан басқа Иманғали, Нұрислам
(Нұрсұлтан Назарбаев және Ислам Каримов), Кәрім, Димаш (Дінмұхаммед) сынды
саясаткерлердің аттары да үлкен «сұранысқа» ие.
Кей жағдайда ата-аналар басқаға ұқсамаушылықтың, ерекшеліктің соңынан қуып, ойға
қонымсыз я таңғалдыратын аттарды ойлап табады. Оларға мына есімдер жатқыза аламыз:
ЭКСПО, Шырша, Окилахон, Бриллиант, Стелла Мария, Ниязалка, Сапфира, Мекке Мадина
т.т.
Көріп отырғанымыздай, осы күнгі қазақ мәдениетінің бір баға жетпес, маңызды
дәстүрлерінің бірі – балаға ат қою рәсіміне уақыт ағымымен қоғамда пайда болатын түрлі
оқиғалар мен ғаламдық тенденциялар өзінің әсерін тигізбей қоймайды. Осындай өзгерістерді
әлі де жіті зерттеп, олардың астарында жатқан танымдық, психологиялық, әлеуметтік және
т.б. аспектілерді тереңірек зерттеу уақыт еншісінде.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Суперанская А.В. Структура имени собственного (фонология и морфология). —
М.: Наука, 1969. — С. 38.
2. Подольская Н.В. Словарь русской ономастической терминологии. — М.: АН
СССР, 1988. — 192 с.
3. Смағұлов А. Қазақ есімдері. Энциклопедиялық анықтамалық. 2-басылым,
толықтырылған. – Алматы: «Атамұра», 2013. – 800 б.
4. Мәдиева Г.Б., Иманбердиева С.Қ. Ономастика: зерттеу мәселелері. – Алматы: «1С-
Сервис» ЖШС, 2005. - 240.
5. Никонов В.А. Имя и общество. — М.: Наука, 1974. — 276 с.
6. Жанұзақ Т., Рысберген Қ. Қазақ ономастикасының зерттелуі, болашағы мен
жетістігі // Ономастикалық хабаршы. 2005. — № 2 (4). — 4-б.
28
7. Жанузаков Т.Ж. Лично собственные имена в казахском языке: Дис. канд. филол.
наук. - Алма-Ата, 1960. - 219 с.
8. Мусабекова У.А. Мотивационный аспект антропонимов казахского и русского
языков: Автореф. дис. канд. филол. наук. — Алматы, 1996. — 27 с.
ЭТНОЛИНГВИСТИЧЕСКАЯ СИТУАЦИЯ в КОСТАНАЙСКОЙ ОБЛАСТИ ПО
МАТЕРИАЛАМ ТОПОНИМИИ
Ахметова Б.З., кандидат филологических наук, профессор Костанайского
государственного университета имени А.Байтурсынова, г.Костанай
В аспекте этнолингвистики одним из важнейших источников по истории народа и
языка является топонимия региона (совокупность названий местности).
Этнолингвистические исследования по топонимии извлекают из топонимического
материала различного рода информацию о духовной культуре того или иного народа.
Топонимикон Костанайской области выражает дух народов, проживающих на данной
территории. Выделяя единство территории как системаобразующий фактор, мы признаем
объективное существование топонимической системы, состоящей из материально
выраженных элементов, находящихся в реальной связи друг с другом.
Костанайская область представляет собой регион, где казахское население находится в
постоянном контакте с другими народами. Особенности языковых контактов не могли не
сказаться на топонимической системе в целом. Топонимическая система Костанайского
региона возникла на месте существования нескольких топонимических систем: 1) тюркско-
казахской; 2) славянской. Установлено, что иноязычные топонимические пласты возникли
при наличии следующих процессов: 1) постепенной смены одной топонимической системы
другой; 2) постепенного перерастания одной топонимической системы в другую.
Исследуемая нами территория является регионом с преобладающим русским населением.
Достарыңызбен бөлісу: |