Оқулық Алматы, 2014 2 3 Əож кбж ш



Pdf көрінісі
бет1/25
Дата20.03.2020
өлшемі1,53 Mb.
#60548
түріОқулық
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25
Байланысты:
Технолгоия китабы


1
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ф. Б. Бөрібекова 
Н. Ж. Жанатбекова
Қазіргі заманғы педагогикалық 
технологиялар
Оқулық
Алматы, 2014

2
3
ƏОЖ
КБЖ
Ш
Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігінің «Оқулық» 
республикалық ғылыми-практикалық орталығы бекіткен
Пікір жазғандар:
С. Н. Жиенбаева – педагогика ғылымдарының докторы, профессор;
Қ. М. Мендаяхова – педагогика ғылымдарының докторы, профессор;
Н. А. Əбішев – педагогика ғылымдарының докторы, профессор.
Ф. Б. Бөрібекова, Н. Ж. Жанатбекова
Қазіргі заманғы педагогикалық технологиялар: Оқулық. – Алматы: 
2014. – 360 бет.
Еліміздің  əлемдік  білім  кеңістігіне  бағдар  алуының  басты  өзегі – 12 
жылдық  білім  беруге  көшу  мəселесі  көкейкесті  тақырыпқа  айналды. 
Жаңа  білім  парадигмасы  балаға  оқу  қызметінің  субъектісі  ретінде  қарап, 
шығармашылық қызығушылықтары негізінде білімге құндылық бағдарын 
қалыптастыра отырып, танымдық, шығармашылық, рухани қажеттіліктерін 
қанағаттандыруды  жəне  жан-жақты  дамыған,  логикасы  жетілген  жеке 
тұлғаны қалыптастыруды көздейді.
Ұсынылып  отырған  оқулық  ЖОО-ындағы  болашақ  мұғалімдер 
мен  бастауыш  сынып  мұғалімдеріне  арналады.  Жаңа  технологияны 
оқушылардың  жас  ерекшеліктеріне  қарай  пайдалану,  оқушылардың 
шығармашылық сапа қасиеттерін дамытып, интелектуалдық пəрменділігін 
арттыру мақсатында пайдалануға негізделеді.
                         ƏОЖ 
                         КБЖ 
ISBN
Түсінік хат
Қазіргі  кезде  Қазақстан  Республикасында  жаңа  білім  беру 
жүйесінің қалыптасуы жүріп жатыр. Осыған орай, алдыңғы қатарлы 
идеялар мен педагогикалық технологияларды практикалық тұрғыдан 
жаңарту  жəне  оларды  ғылыми  тұрғыда  негіздеу  бағытындағы 
жұмыстар жүргізілуде. Болашақ маман – бүгінгі студент педагогика 
теориясы  мен  практикасындағы  қазіргі  заманғы  педагогикалық 
технологиялардың түрлерін біліп, оларды бастауыш мектептің оқу-
тəрбие  үдерісінде  шығармашылықпен  қолдануға  тырысуы  тиіс. 
Қазіргі заманғы озық технологияларды мектеп тəжірибесінде тиімді 
қолдану, ең алдымен, оларды терең, жан-жақты оқы п-үйренуді талап 
етеді. Сондықтан да аталмыш курс кредиттік жүйе бойынша білім 
беретін мамандықтардың оқу жоспарына енгізілген.
Еліміздің əлемдік білім кеңістігіне бағдар алуының басты өзегі 
– 12 жылдық білім беруге көшу мəселесі көкейкесті тақырыпқа ай-
налуда.  Жаңа  білім  парадигмасы  балаға  оқу  қызметінің  субъектісі 
ретінде қарап, шығармашылық қызығушылықтары негізінде білімге 
құндылық бағдарын қалыптастыра отырып, танымдық жəне рухани 
қажеттіліктерін  қанағаттандыруды  жəне  жан-жақты  дамыған, 
шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастыруды көздейді.
Білім беру үдерісін жаңаша ұйымдастыру оның философиялық, 
педогогикалық-психологиялық негіздерін, теориясы мен тəжірибесін 
тереңірек қайта қарауды қажет етеді. Бүгінгі философтар мен педагог 
ғалымдар  білім  беру  саласында  жаңа  оқыту  технологиялары  мен 
əдістерін енгізумен ғана шектелмей, білім берудегі дүниетанымдық 
ұстанымдарды  қайта  қарау,  рухани-адамгершілік  құндылықтарға 
бетбұрыс жасау қажеттігін дəлелдеуде.
Қазіргі  кезде  оқытудың  қазіргі  заманғы  педагогикалық 
технологияларын  пайдалана  алу  əрбір  мұғалімнің  біліктілігін 
анықтайды. Бұл курстың қоғамда алатын орны мен методологиясына 
негізделіп  жүзеге  асады.  Курсты  оқу  студенттердің    жинаған 
білімдерін шығармашылықты негіздеуге жəне курстық, дипломдық 
жобаны 
орындау 
кезінде 
ғылыми-зерттеушілік 
əрекетінде 
білімдерін  қолдануға  мүмкіндік  береді.  Сондықтан  бастауыш 
сынып  мұғалімдеріне  арналған  «Қазіргі  заманғы  педагогикалық 
©  Н. Ж. Жанатбекова, 
Ф. Б. Бөрібекова, 2014
© ҚР Жоғары оқу орындарының 
қауымдастығы, 2014

4
5
технологиялар»  пəні  бастауыш  білім  берудің  теориясы  мен 
практикасын меңгеруге бағыттайды.
Бастауыш  сынып  мұғалімдерін  даярлаудың  қазіргі  кездегі 
қалыптасқан  жүйесі  оның  құрылымын,  ұйымдастырылуын, 
мектеп практикасымен жəне білім беру жүйесіндегі инновациялық 
үдерістермен өзара байланысын қайта қарауды талап етеді.
Бұл  жоғары  оқу  орнында  мамандар  даярлаудың  сапасын 
арттыруда  мұғалім  тұлғасының  өздігінен  дамуына,  оның 
шығармашылық қабілетінің артуына мүмкіндік жасауды жəне оқу-
тəрбие үдерісін жетілдіруді қамтамасыз ететін жаңа педагогикалық 
технологияларды пайдалану көзделеді.
Технологияны педагогикалық іс-əрекетті қайта құрудың жүйелі 
тұтас  құралы  ретінде  тиімді  пайдалану  оқу-тəрбие  үдерісінің 
сапасын  жақсартуға,  жеке  тұлғаны  дамыту  міндеттерін  шешуге 
септігін тигізеді.
Бүгінгі  таңда  педагогикалық  технология  мəселесі  теориялық 
жəне ғылыми-қолданбалы бағыт тұрғысынан зерттеу арқауы болып 
отыр.
Практикалық  сабақтарда  білімгерлердің  білігін  қалыптастыру 
түрлі  жаттығуларды  орындау  түрінде,  іскерлік  ойындарда 
əртүрлі  рөлдер  орындау  барысында,  білім  жобаларын  жасау  жəне 
педагогикалық ситуацияларды модельдеу түрінде жүзеге асырылады.
Қазіргі кезде ғылыми информацияның жедел өсуіне байланысты 
білімгерлердің  өздігінен  білім  алып,  өздігінен  оқып-үйренуі  өте 
маңызды болып отыр.
Білімгерлердің  өзіндік  жұмысы  туралы  қорытынды  жасағанда 
келесідей тұжырымға келуге болады: өзіндік жұмыс білімгердің тек 
өз белсенділігі түрінде анықталады. Əрбір өзіндік жұмысты бастар 
кезінде білімгер алында белгілі бір мақсат, проблема болуы қажет.
«Қазіргі заманғы педагогикалық технологиялар» курсы бойынша 
берілген өзіндік жұмысты орындау барысында əр білімгер өзінің жеке 
тəжірибесін  пайдаланып,  алған  білім  деңгейінде  жұмыс  жасайды. 
Өзіндік жұмысты ұйымдастыру кезінде оқытушы білімгерге арнайы 
тапсырма  береді,  ал  білімгер  берілген  тапсырманың  қажеттілігі 
жөнінде  өз  ойын  бекітеді.  Біріншіден,  берілген  тапсырманың 
мазмұнын талдайды, өзінің осыған дейін алған білім деңгейін саралап 
тапсырма  мақсатын  түсінеді.  Екіншіден,  берілген  тапсырманы 
орындау  үшін  қандай  амалдар  керек  екендігін  ойластырады  жəне 
ойластырған жоспарды іске асырады, яғни тапсырманы орындайды. 
Үшіншіден, алған нəтижесіне талдау жасайды.
Білімгерлерге  берілетін  өзіндік  жұмыстар  дидактикалық 
жағынан  үш  түрге  бөлінеді:  білім  алуға  арналған  өзіндік  жұмыс; 
білімді пайдалануға арналған өзіндік жұмыс; теориялық материалды 
тексеруге арналған өзіндік жұмыстар.
Болашақ  бастауыш  сынып  мұғалімдеріне  «Қазіргі  заманғы 
педагогикалық  технологиялар»  курсын  меңгеруде  білімнің  өрінен 
көрінуге тілектеспіз.
Автор

6
7
1.  ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ 
ТЕХНОЛОГИЯЛАР ОҚУ ПƏНІ РЕТІНДЕ
Жоспар:
1.1. Қазіргі заманғы педагогикалық технология пəнінің объектісі, 
пəні, мақсаты, міндеттері.
1.2.    Педагогикалық технология ұғымына жалпы түсінік.
1.3.  Педагогикалық  технология  ұғымына  ғылыми  тұрғыдан 
берілген анықтамалар.
1.1. Қазіргі заманғы педагогикалық технология пəнінің 
объектісі, пəні, мақсаты, міндеттері
Қазақстан Республикасы өзінің тəуелсіз мемлекет екендігін бүкіл 
əлемге дəлелдеді. Ендігі басты міндет – осы мемлекеттің өркендеп 
өсуі,  халықтың  əлеуметтік,  экономикалық  жағынан  кемелденуі 
болып  табылады.  Мемлекеттің  əлеуметтік,  экономикалық  өсіп-
өркендеуінің түпқазығы – білім мен ғылым екені даусыз. Еліміздің 
болашақтағы  дамуы,  өсіп-өркендеуі,  əлемдік  кеңістіктегі  орны 
білімнің бағыт-бағдарына, оның тиімділігіне байланысты болмақ.
Қазақстанның əлемдегі бəсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру 
стратегиясы бүкіл ұлттың, елдің барлық атқару органдарының басты 
идеясына  айланысуы  тиіс  екендігін  Қазақстан  Республикасының 
Президенті  Н.  Ə.  Назарбаев  атап  көрсетті.  Бұл  білім  саласына, 
соның  ішінде  білім  саласының  мамандарын  дайындауға  үлкен 
жауапкершілік жүктейтіні түсінікті.
Қазақстан  Республикасы  білім  беру  жүйесінің  реформалануы 
коғамның  демократикалық  бағытта  дамуына  бет  алғанын 
айқындайды. Осыған орай, білімге деген көзқарас түбегейлі өзгеріп, 
оқытудың  жаңа  түрлері,  жаңа  бағыттағы  мектептер  пайда  болып, 
білім мазмұнының толығымен жаңаруына алып келді. Күн тəртібінде 
қойылып  отырған  күрделі  мəселелердің  ішінде  жас  ұрпаққа  білім 
беруді əлемдік деңгейге жеткізу үлкен орын алады. Сондай қоғамдағы 
түрлі бағыттағы өзгерістердің бірі – 12 жыл оқыту моделі.
Жаңа  білім  парадигмасы  балаға  оқу  қызметінің  субъектісі 
ретінде қарап, шығармашылық қызығушылықтары негізінде білімге 
құндылық бағдарын қалыптастыра отырып, танымдық жəне рухани 
қажеттіліктерін  қанағаттандыруды  жəне  жан-жақты  дамыған, 
шығармашыл жеке тұлғасын қалыптастыруды көздейді.
12 жылдық жалпы орта білім берудің мақсаты – алған білімдерінің 
негізінде  еркін  баяндалатын,  өзін  таныта,  дамыта  білетін,  қазіргі 
заманға  бейімделіп,  өз  бетінше  дұрыс  шешім  қабылдай  алатын 
тұлғаны қалыптастыру.
Еліміздің болашағы жастар десек, жастардың болашағы оларды 
саналы  тəрбиемен,  сапалы  біліммен  қаруландырып,  білімі  озық 
елдердің  əлемдік  озық  үлгісін  өнегесін,  тəжірибесін  үйрететін 
ұстаздар  қауымына  жүктелген  еңбегіне  байланысты  болмақ.  Осы 
тұста  В.  Г.  Белинскийдің: «...ұстаздың  қолында  адам  өмірінің 
келешектегі  тұтас  тағдыры  тұр», – деген  сөзі  еріксіз  еске  түседі. 
Өйткені, ұстаз – болашақтың тұтқасы, жас ұрпақты тəрбиелеу жəне 
терең де жан-жақты білім беру ісіндегі қоғамның жұрт сенген өкілі. 
Ол жас ұрпақ бойына білімді, əдетті, дүниетанымдылықты, өмірге 
деген өмірлік мақсатын қалыптастырушы басты тұлға.
Уақыт  өткен  сайын  білім  саласының  əлеуметтік  рөлі  де 
нығайып  келеді.  Бұған  дəлел – бүгінгі  таңда  еліміздің  білім  беру 
мекемелерінің алдында Қазақстан Республикасының 2030 жылдарға 
дейінгі  стратегиялық  дамуын  жүзеге  асыру, 2015 жылға  дейінгі 
Қазақстандағы  білім  беру  Тұжырымдамасының  бекітілуі.  Осы 
аталған құжаттардың көздеген мақсаттары бір арнаға тоғысады. Ол 
мақсат – білім беру мекемелерінің мамандарына еліміздің болашағы 
–  жастарды  терең  біліммен  сусындату,  яғни  бір  сөзбен  айтқанда 
бəсекеге қабілетті ұрпақ дайындау мəселесі болып табылады.
Курстың  объектісі  –  қазіргі  заманғы  педагогикалық 
технологиялардың мазмұны бастауыш сыныптар мұғалімінің 050102 
– БОПƏ мамандығы бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік 
стандарты  талаптарына  сəйкес  жоғары  кəсіби  білімнің  құрамдасы 
ретінде.
Курстың  пəні – 050102 – БОПƏ  мамандығы  бойынша  ҚР 
мемлекеттік стандарты талаптарына сəйкес болашақ бастауыш сы-
ныптар  мұғалімдерінің  педагогикалық  технологияларды  қолдана 
алуға қажетті білім, білік жəне дағдыларын қалыптастыру барысы.
Курстың    мақсаты:  болашақ  бастауыш  сынып  мұғалімдеріне 
қазіргі заман педагогикалық технологиялары жөнінде білім беру.
Курстың міндеттері:
 
«педагогикалық  технология», «оқу  пəндерін  оқыту 

8
9
технологиялары» ұғымдарына берілген анықтамаларға талдау жасау;
•  Бастауыш  мектептегі  пəндерді  оқыту  барысында  қолдануға 
болатын  педагогикалық  технологияларға  сипаттама  жəне  талдау 
жасау;
Жоғары  кəсіптік  білім  берудің  мемлекеттік  жалпыға  міндетті 
стандартына  сəйкес  студенттердің  білім,  білік  жəне  дағдыларына 
қойылатын талаптар:
– курстың объектісі, пəні, міндеттері мен зерттеу əдістері жайлы 
түсініктері болуы тиіс;
–  математиканы  оқыту  барысында  қолдануға  болатын  қазіргі 
заманғы  педагогикалық  технологиялардың  түрлерін  біліп,  оларға 
сипаттама жасап, талдай алулары тиіс;
–  қазіргі  заманғы  инновациялық  технологиялар  мен  идеялар 
жөнінде өзіндік бағыт-бағдары болуы тиіс;
–  белгілі  бір  педагогикалық  технологиялар  бойынша 
педагогикалық үдерісті таңдай жəне құра алулары тиіс.
1.2. «Педагогикалық технология» ұғымына жалпы түсінік
Бүгінгі заманда жаңа компьютерлік технологияларды енгізумен 
бірге  «технология»  деген  ұғым  жиі  кездеседі.  ХХ  ғасырдың 60 
жылдарындағы  АҚШ  пен  Англияда  пайда  болып,  содан  бұл 
термин өмір қажеттілігіне байланысты дүниежүзіне таралып кетті. 
Педагогикада  бұл  ұғым  оқушылардың  аз  ғана  күш  жұмсап,  ең 
жақсы жоғарғы нəтижеге жетудің тиімді принциптері мен əдістерін 
анықтауға бағытталған.
Егер  материалдық  өндіріс  саласында  еңбек  затын  бірте-
бірте  терең  меңгеру  негізінде  еңбек  өнімінің  өсуіне  əкелетін 
жаңа  технологиялар  жасалса,  ол  білім  беру  саласында  басқаша, 
технологиялар  ұстаз  іс-əрекетінің  жеке  жақтарына  сай  жасанды, 
қолдан істелген конструкциялар ретінде жасалынады.
«Технология»  деген  термин  гректің  түп  тамыры techne – өнер, 
шеберлік, кəсіп жəне logos – ғылым, білім деген сөздерінен шыққан. 
Екі түп тамырының бірлігін шеберлік туралы ғылым немесе білімді 
беретін  деген  сөзді  құрайды.  Ол  өндірістік  үдерістерді  жүргізудің 
тəсілдері мен құралдары туралы білімдер жиынтығы. 
Қазіргі  уақытта  «педагогикалық  технология»  ұғымы  əр  түрлі 
түсіндіріледі.
Жаңа  педагогикалық  технология  деген  не?  Ол  үшін  алдымен 
«техника», «технология»  терминдерінің  мағынасын  түсініп, 
тереңінде  не  жатыр,  соны  ақылмен  аңғаруымыз  қажет.  Ол  үшін 
əлемдік  педагогикалық  тəжірибеде  «технология»  ұғымының 
тарихына көз жүгірткеніміз жөн.
«Техника» терминінің екі мағынасы  бар екені айқын:
-  біріншісі – өндіріс құралдарының жиынтығы;
-  екіншісі – бір  істі  орындағанда  қолданылатын  тəсілдер 
жинағы.
«Технология» термині сол тəсілдер жүйесі (ілім) деген мағынаны 
білдіреді. 
«Технология»  түсінігі  біркелкі  емес  түсіндіріледі.  С.  Смирнов 
оны төмендегідей анықтайды:
-  оқытуды  ұйымдастыруда  «форма»  немесе  «əдістеме» 
түсініктерінің  синонимі  ретінде  (бақылау  жұмысын  орындау 
технологиясы, қарым-қатынас технологиясы);
-  нақты педагогикалық жүйенің синонимі ретінде (оқытудың 
«дəстүрлі»  технологиясы,  В.  В.  Давыдов  пен  Д.  Б.  Элькониннің 
мектепке арналған жүйесі жəне т.б.)
Бірақ  бұл  түсіндірулер  «технология»  түсінігін  ашпайды, 
сондықтан «білім беру технологиясы», «педагогикалық технология», 
«оқыту  технологиясы»  терминдерін  қарастыру  қажет.  Берілген 
түсініктерді салыстырмалы талдау Л. А. Щукинаның еңбектерінде 
көрсетілген.
Көптеген 
уақыттар 
желісінде 
«технология» 
түсінігі 
педагогикалық  ұғымдар  қорнынан  тыс  қалып  келді.  Шынайы 
мəні («шеберлік  жөніндегі  ілім»)  педагогикалық  міндеттерге: 
педагогикалық  үдерісті  сипаттау,  түсіндіру,  болжау,  жобалау – сай 
келсе де, ол технократиялық тіл элементі ретінде қарастырылды.
Педагогикалық  əдебиеттерде  қандай  да  педагогикалық 
технологиялар сипатын айқындаушы көптеген терминдер ұштасады, 
мысалы: оқу-үйрену, тəрбиелеу, оқыту технологиялары, білімдендіру 
жəне дəстүрлі технологиялар, бағдарламаланған жəне проблемалық 
оқу технологиялары, авторлық технология жəне т.б.
Алғашқыда 
педагогтар 
«педагогикалық 
технология», 
«оқу-оқыту  технологиясы»  жəне  «тəрбиелеу  технологиясы» 
ұғымдарының өзіндік мəн-мағыналарына назар аудармай келді. Ал 
бүгінде  педагогикалық  технология  оқу  жəне  тəрбие  аймағындағы 

10
11
педагогикалық  міндеттердің  шешілуіне  байланысты  орындалатын 
педагог  іс-əрекеттерінің  бірізді  жүйесі  ретінде  танылуда.  Осыдан 
«педагогикалық  технология»  мəні  «оқу  технологиясы», «тəрбие 
технологиясы»  ұғымдары  мəндерімен  салыстырғанда  тереңдеу  де 
ауқымдылау.
Педагогикалық  технология – бұл  педагогикалық  əрекеттер 
табысына  кепіл  болардай  қатқыл  ғылыми  жоба.  Əрі  сол  жобаның 
дəл жаңғырып іске асуы.
Педагогикалық технология – кешенді  үдеріс. Ол өз құрамына 
адамдарды,  идеяларды,  құрал-жабдықтарды,  сонымен  бірге 
жоспарлау,  қамсыздандыру,  бағалау  жəне  білім  меңгерудің  барша 
қырлары жөніндегі проблемалардың шешімін басқаруды қамтиды.
Педагогикалық  технологиялар  көп  түрлі  болуына  қарамастан, 
олардың  іске  асуының  екі  ғана  жолы  бар.  Біріншісі – теориялық 
негізде орындалуы (В. Б. Беспалько, В. В. Данилов, В. К. Дьяченко 
жəне т.б.), екіншісі – тəжірибе арқылы  жүзеге асуы   (Е. Н. Ильина, 
С. Н. Лысенкова, В. Ф. Шаталов жəне т.б.).
Сонымен, технология астарында не жатыр? Оқу технологиясы 
жөніндегі идея қай заманда пайда болған?
Мұндай ғылымдық мəні бар ой жаңалық емес. Кезінде оны Я. 
А.  Коменский  де  дəріптеген.  Ұлы  педагог-ғұлама XVI ғасырда-ақ 
оқудың «техникалық» (яғни «технологиялық») болатынын уағыздап, 
оның  мүлтіксіз  тиімді  нəтиже  беретін  жолдарын  іздестіріп  бақты. 
Я. А. Коменский еңбектеріне үңілсек, педагогикалық технологияға 
бастау берген даналық пікірлерді табамыз: «Дидактикалық машина 
үшін қажет нəрсе – 1) түбегейлі ойластырылған мақсаттарды; 2) сол 
мақсаттарға жетуге дəл икемдестірілген жабдықтарды; 3) мақсаттың 
орындалмауына  мүмкіндік  бермейтін  нақты  жабдықтарды 
қолданудың мызғымас ережелерін табуымыз керек», – делінген.
Я. А. Коменский заманынан бастап, оқуды мүлтіксіз əрекеттегі 
механизмге  сəйкестендіру  ұмтылысының  талайы  күні  бүгінге 
дейін  басылған  емес.  Кейін  оқу  технологиясы  жөніндегі  көптеген 
тұжырымдар  толықтырылып,  нақтыланылып  отырды.  Əсіресе, 
техникалық  прогрестің  əрқилы  теориялық  жəне  практикалық 
қызметтер аймағына енуімен оқуды технологизацияластыру идеясы 
нығайып, іске асырыла бастады (П. Я. Гальперин, Н. Ф. Талызина, 
Ю. К. Бабанский жəне т.б.).  
Осы заманғы дидактикада əрқилы оқу технологиялары көрініс 
беріп жүр. Олардың көп түрлі болу себебі əр автор мен орындаушы-
ның  педагогикалық  үдеріске  өзінше  жаңалық  қосып,  технологияға 
өзгеріс енгізілуіне байланысты.
1.3. «Педагогикалық технология» ұғымына ғылыми 
тұрғыдан берілген анықтамалар
В. Беспалько «педагогикалық технология дегеніміз – тəжірибеде 
жүзеге асырылатын белгілі бір педагогикалық жүйенің жобасы, ал 
педагогикалық жағдайларға сай қолданылатын əдіс-тəсілдер – оның 
құрамды  бөлігі  ғана,  оқыту  үдерісін  жүзеге  асырудың  мазмұндық 
техникада  педагогикалық  ұйымдастыру  мен  жүзеге  асырудың 
жобасы (алгоритмі)», – деп түсіндіреді.
Б.  Т.  Лихачев  «педагогикалық  технология – бұл  оқытудың 
формасын,  əдісін,  тəсілін,  тəрбиенің  құралын  жинақтауды 
анықтайтын 
психологиялық-педагогикалық 
құрылғылардың 
жинағы», – деген  анықтама  берсе,  Г.  К.  Селевко  «педагогикалық 
технология» түсінігін 3 аспект бойынша қарастырады:
-  
ғылыми: педагогикалық технология – жобаланған педагоги-
калық  үдерісті  жəне  оқытудың  əдісі  мен  мазмұнын,  мақсатын 
оқытатын, педагогикалық ғылымның бөлімі;
-  бейнелеулі  іс-жүргізу:  оқытудың  жоспарланған  нəтижесіне 
жету  үшін  əдістер  мен  құралдарды,  мазмұны  мен  мақсатының 
жиынтығын бейнелейтін үдеріс;
-  нақтылы  іс-жүргізу:  технологиялық  үдерістерді  жүзеге 
асыру,  педагогикалық,  əдістемелік  жəне  тұлғалық  құралдарды 
жинақтау.
Сонымен  қатар,  Б.  Т.  Лихачев: «педагогикалық  технология 
түпкілікті өзгермейтін механикалық құрылым емес, қайта бала мен 
мұғалімнің  үнемі  түрленіп  отыратын  өзара  қарым-қатынасының 
өзегі,  мазмұнды  ұйымдастырушы  құрылым  дейді.  Педагогикалық 
технологияның  мəні – шығармашылық  қабілеттің  дамуы  үшін 
қажетті жағдай туғызу».
В.  В.  Воронов  «педагогикалық  технология – бұл  тиімді  оқыту 
жүйесін құрумен айналысатын жаңа бағыт», – деп есептейді.
В.  М.  Шепель: «Технология – бұл  өнер,  шеберлік,  ептілік, 
іскерлік,  əдістердің  жиынтығы,  жағдайдың  өзгеруі» – десе, 
М.  Чошанов: «Технология – бұл  дидактикалық  жүйенің  құрамды 
бөлігі» – деп анықтама береді.

12
13
Педагогикалық технологияларға берілген басқа да анықтамалар 
бар,  ол:  оқыту  үдерісін  ұйымдастыру  мен  жүргізуді  жобалау 
барысындағы  бірлескен  педагогикалық  іс-əрекеттің  моделі 
(Монахов В. М.), барлық сабақ беру үдерісін жасаудың, қолданудың 
жəне  анықтаудың  жүйелі  əдісі,  білімді  меңгерудегі  техникалық 
жəне  олардың  өзара  əрекеттерін  ескеру,  мазмұнын  қорытындылау 
(ЮНЕСКО).
В.  Н.  Бордовская  жəне  А.  А.  Реанның  көрсетуінше, 
педагогикалық технологиялар бұл білім беру үдерісіндегі ұстаздар 
мен  оқушылардың  жүйелілік  іс-əрекеттеріне,  мақсат-мазмұн 
əдістерді  ұйымдастырудың  белгілі  бір  нақтылы  принциптері  мен 
өзара байланыстылығына сай нақтылы идея негізінде жасалынады.
Г.  М.  Құсайыновтың  есебінше,  педагогикалық  технология 
əдеттегі  түсініктерден  басқа.  Ол  мұғалімнің  жоспарланған  оқыту 
мен тəрбиелеудегі мақсаттары мен нəтижелерге жетумен сабақ беру 
үдерісі  емес,  ол  кəсіби  ұстаздың  басшылығымен  оқушылардың 
өзінің жəне өзара оқыту үдерісі, ол білім берудің мазмұны мен оқу 
жоспарларының бағдарламаларында ескерілген іс-əрекеттердің сол 
түрлерін  меңгеру  жұмыстарының  əрбір  сатыларындағы  болатын 
өзгерістер мен қайта құру болады.
В.  А.  Сластенин  бойынша  педагогикалық  технология  деген: 
ол қатал ғылыми жоспарлау жəне дəлірек айтқанда, педагогикалық 
əрекеттің жетістігін қамтамасыз ететіндігін елестету.
Педагогикалық  технология  теориялық  педагогика  мен 
практика  аралығында  орын  алып  отыр. (В.  Богомолов,  Т.  Ильин, 
А.  Космодемьянская,  М.  Кларин,  Ф.  Янушевич  сияқты  ғалымдар 
осылай түсіндіреді.) Педагогикалық технология  деп мақсаттар қою, 
оқу  жоспары  мен  оқу  бағдарламасын  үнемі  жақсартып  отырудың, 
педагогикалық жүйелерді бүтіндей бағалаудың жəне ол жүйелердің 
тиімділігі жөніндегі ақпарат туындауына байланысты жаңа мақсат-
тар қоюдың тұтас үдерісін айтамыз.  
Сонымен,  педагогикалық технология – оқыту үдерісін түгелдей 
қолдану  жəне  бағалау,  сол  сияқты,  білімді  адамдар  мен  техника 
ресурстарын ескеру арқылы білімді игеру, білім берудің тиімді түріне 
жету үшін оларды жоспарлаудың жүйелі əдісі ретінде түсіндіріледі. 
Жоғарыда  аталған  авторлардың  пікірі  бір-бірінен  онша 
алшақтамағанымен,  олар  педагогикалық  технологияның  əртүрлі 
белгілеріне назар аударуды ұсынады. Қазіргі кезде оқытуда дəстүрлі 
жəне  дəстүрлі  емес  жаңа,  дамыта  оқыту  əдістері  пайдаланылуда. 
Дəстүрлі  əдістің  негізін  сыныптың  сабақ  жүйесі  ретінде 
Я.  А.  Коменский  салса,  педагогикалық  жаңа  əдістер 50-60-шы 
жылдарда пайда болып, осы заманға Л. С. Выготский, М. Н. Скаткин, 
Д.  Б.  Эльконин,  В.  В.  Давыдов,  Л.  В.  Занков  тағы  басқаларының 
идеялары жалғасты. М. Н. Скаткин: «Бастауыш сыныпта оқушыларға 
өз беттерімен танымдық міндеттерді шештіруді, сабақ мазмұнында 
берілетін  материалдарды  проблемалық  мəселе  ретінде  ұсынуды 
құптайды. Сабақта берілетін білім мазмұнын жан-жақты ашу үшін 
оқушыларға  тек  соңғы  нəтиже  ғана  айтылып  қоймай,  оның  қалай 
жүзеге асатын жолдары түсіндірілуі тиіс» – дейді.
Ғалым  дидактик  В.  В.  Давыдов  М.  Н.  Скаткиннің  бастауыш 
сыныпта  жаңа  əдістердің  енгізілуін  мақұлдап,  оқушылардың 
теориялық түсініктерін қалыптастыру мүмкіндігін, бала психикасын 
дамыта  оқытудың  тиімді  шешімін  табуды  алға  қояды.  Осы 
тұжырымдарды  мұғалімдердің  озат  тəжірибесімен  ұштастыра 
отырып, қазіргі бастауыш сыныптарда білім мазмұны мен əдістерін 
жетілдіру мəселелері шешімін күтуде.
В.  В.  Давыдовтың  пікірі  бойынша,  бастауыш  сынып 
оқушыларына  танымдық  міндеттерді  шештірудің  жолын  іздестіру 
арқылы  шығармашылық  тəжірибені  меңгертуге  болады.  Соның 
нəтижесінде  білім,  білік  жəне  дүниеге  деген  көзқарас,  қатынас 
қалыптасады.  Осы  жағдайда  бастауыш  сыныпта  тəрбиелеу  мен 
оқыту баланың жеке дара ерекшеліктерін дамытады. Ғалымдардың 
пікірінше,  бастауыш  мектептің  алдындағы  шешімін  күтіп  тұрған 
басты  мəселелер:  оқушыларды  дамыта  оқыту,  яғни  оқушыны 
оқу  əрекетіне  қалыптастыру,  олардың  оқуға  ынтасын  ояту, 
қызығушылығын арттыру.
В.  В.  Давыдов  дамыта  оқыту  қағидасын  бүтін  жүйе  ретінде 
қарастыруды  ұсынады.  Оқу  қызметі  оқу  мақсаттары  мен 
міндеттерінен,  оқыту  əдістерінен  тұрады.  Оқу  əрекетіне  оқу 
операциялары  (ұғымдарды  түсіндіру)  оқуды  игеру,  бақылау, 
оқылатын материалдарды меңгеру дəрежесі, ал қабылдау əрекетіне 
дағдылар мен біліктер жатады. Оқыту технологиясын жетілдірудің 
психологиялық-педагогикалық 
бағыттарының 
негізгі 
ой-
тұжырымдары төмендегіше сипатталады:
-  есте  сақтауға  негізделген  оқып-білім  алудан,  бұрынғы 
меңгергендерді  пайдалана  отырып,  ақыл-ойды  дамытатын  оқуға 
көшу;

14
15
-  білімнің  статистикалық  үлгісінен  ақыл-ой  əрекетінің 
динамикасының құрылым жүйесіне көшу;
- оқушыға орташа деңгейде білім беретін бағдарламадан жеке-
леп саралап оқыту бағдарламасына өту.
Қазіргі  кездегі  Республика  оқу  орындары,  педагогикалық 
ұжымдары ұсынылып отырған көпнұсқалыққа байланысты өздерінің 
қалауына сəйкес кез келген үлгі бойынша қызмет етуіне мүмкіндік 
алды.  Бұл  бағытта  білім  берудің  əр  түрлі  нұсқадағы  мазмұны, 
құрылымы,  ғылымға  жəне  тəжірибеге  негізделген  жаңа  идеялар, 
қазіргі  заманғы  педагогикалық  технологиялар  бар.  Сондықтан 
əртүрлі оқыту технологияларын оқу мазмұны мен оқушылардың жас 
жəне психологиялық ерекшеліктеріне орай таңдап, тəжірибеде сынап 
қараудың маңызы зор. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық 
технологияларын  меңгермейінше  сауатты  жан-жақты  маман  болу 
мүмкін емес. Қазіргі заманғы педагогикалық технологияны меңгеру 
мұғалімнің  интеллектуалдық,  кəсіптік,  адамгершілік,  рухани, 
азаматтық жəне басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына 
игі  əсерін  тигізеді,  өзін-өзі  дамытып,  оқу-тəрбие  үдерісін  тиімді 
ұйымдастыруына көмектеседі.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет