М-ЯР
77
ҚАЗІРГІ МЕМЛЕКЕТ КҮЙІ
Россия бостандығы жас ботадай ауруға шалығып, неше япырым Алла кезеңдерден әрең
өтіп, өткен октябрь айының аяғында большевик толқынына кез болғаны ардақты
оқушыларға белгілі.
24 октябрьде екі астана — Петроград, Мәскеу қызыл қанға боялып, бұрынғы Уақытша
Хүкімет аға министрі Керенскиймен орнынан қуылып, мемлекет тізгіні большевиктердің
қолына өткен еді. Сөйтсе де большевик нөпірі сол кезде ол екі астанадан аса қоймады.
Себебі, большевиктер жұрт құрылтайына үш-ақ күн қалғанда мемлекет тізгініне
жармасып, жұрттың сағын сындырып, көңілін тайдырған еді. Кейбіреулер белін буып, көп
белге шықпаса да, большевиктің хәкімшілігіне мойынсұнбай, қызыл кеңірдек, қара
керістен талмағандай; кейбіреу қару ұстап, есі шығып, жұртының жалғыз ғана еркі үшін
мал түгіл, жанды да ортаға салған еді. Бірақ қай-қайсысы болсын, бертін келе көп
қарысып бара алмады. Жұрт құрылтайы болса таратылып, депутаттары тұтқынға алынды.
Совет хүкіметіне қарсы тұрып, қайрат көрсетпекші болған Украина, Сібір хүкіметтері,
казак-орыс союзы, Орынбор, Түркістан, Қырым кейбіреуінің өзі арасынан большевиктер
шығып, кейбіреуі сырттан келген күшпен жеміріліп, шашылған еді. Сөйтіп, январь
басында Россияның қай жерінде болсын, большевиктер күшейіп, совет хәкімшілігі орын
алған еді.
Большевиктер жеңуін жеңді. Бірақ саясат майданында шақырып жүрген ұраны іске
аспады. Өзінің селбесі — жұмыскер, солдат советтерін артынан иітіп ерткенде
большевиктер Еуропа соғысының тамырын кесіп үзбекші еді; жеңсін-жеңілсін ешкімге
бүл соғыстан бір сүйем жер, бір тиын ақша айыпқа төлетпекші емес еді; әр жұрттың
тізгінін өзіне тигізерлік, жалпы жер жүзіндегі жұрттың бүтіндігіне ірге боларлық бітім
жасамақ еді. Бұл ұран Еуропа пролетариатына (еңбегін сатып күнін көргендерге) тартқан
шырға еді. Еуропа пролетариаты біздің большевиктердің артынан еруге жарамады;
немістер айыпсыз-қайыпсыз бітім жасауға және көнбеді; аранын ашқан жауларға
қажырлы әскер тағы болмады. Ақырында бірсыпыра қаланы аз күнде алып, Петроградқа
алты сағаттық жол қалғанда немістер ат ойнатып, айтқанына көндіріп, айдағанына
жүргізетін болды: 19 февральда немістер бітім шарттарын өзі жасап, совет хүкіметіне қол
қойғызды.
Соғыс тоқталды. Бірақ көп жылға шейін аяқ-қол жаздырып, бас көтертпейтін бітім
Россияның мойнына мінді. Бұл бітім бойынша бұрынғы Россиядан жалғыз ұлы орыстың
құр кеудесі қалмақ. Бітім шарттарының қысқаша түрі мынау:
1. Брест-Литовскіде орыс елшілеріне көрсетілген шектің күнбатыс жағындағы жерлер
бұрынғыдай Россия хүкіметінің қоластында болмайды һәм оның мүлкі болып
саналмайды. Бұл жаңа сызық Ирландияның солтүстік жағына дейін созылмақ. Бұл
жерлердің келешекте не болатынын Германия мен Австрия мемлекеттері сондағы
халықпен келісіп отырып ашпақ. Россия хүкіметі әскерін бұл жерлерден шығарады.
2. Ирландия, Исландиядан орыс әскері, қызыл гвардия шығарылады. Онда тәртіп түзеліп,
тыныштық орнағанша Германия полициясы кіріп қызмет атқарады.
3. Украина мен Финляндияның тізгіндері өз қолында болады. Бұл жерлерден орыс әскері,
қызыл гвардия шығарылады.
4. Россия Түркияның күншығыс Анадолы алабындағы алған уалаяттарын тезірек
қайырады һәм бұдан былай Түркияның ішкі жұмысына қол сұқпайды, азғырып жел
кіргізбейді.
78
5. Россия мемлекетінің бұрынғы мүлкі Қара теңіздің бер жағасындағы Каре, Ардман,
Батом уалаяттарының тізгіні өз қолына тиіп, Россия қоластынан шығады.
6. Россия бүтін әскерін, хәтта, осы күнгі хүкімет жағынан жасалған әскерді де тегіс
таратады. Қара теңіз, Балтық теңізіндегі Россияның соғыс кемелері, қарулары алынып,
жалпы бітім жасалғанша Россияға қараған сулар қалтарысында бекітіліп тұрады.
7. 1906 жылдағы Россия мен Германия арасындағы сауда шарттары бұрынғыша қалады.
8. Соғыс уақытында немістің шеккен зәбір-залалын Россия төлейді.
9. Россия хүкіметі төрт одақ мемлекеттер (Германия, Австрия, Түркия, Болгария) ішінде
һәм оларға ауысқан жерлерде азғырып, жол бермейді.
Совет хүкіметі бұл бітімді уақытша депті. Ертең Еуропа пролетариаты көтеріліп, біздің
большевиктердей мемлекет тізгінін қолына алса, бұл ауысқан жерлерді Еуропадағы
жолдастарымыз қайтарып береді деп үміт қылады. Мұны уақыт көрсетер.
Жә, біз өз бетімізбен бітім жасап, соғысты тоқтаттық. Бұған одақтас мемлекеттер қалай
қарайды? Өз мемлекетіміздің іші қалай көреді һәм қандай жайы бар?
Соңғы келген телеграмдар әр түрлі хабар әкеліп отыр: Архангель суына Англия кемелері
де кірген; Қытаймен шекара қалаларда Қытай әскерінің де басы көрінген. Бұлардың бетіне
ұстап келген себептері — Германия мына жақтан Россия жерлерін ойсыратып алып
жатқанда біз қарап тұра алмаймыз. Сібірдің тынышын қорғаймыз, шаруамыз араласқан
жерлерде бас намысын, мемлекетімізді қорғаймыз.
Бұлар Сібірдің шын қамқоры ма, жоқ қой терісін киіп келген қасқырлар ма — заман әлі-ақ
көрсетер.
Былтыр бостандық туғанда болған аға министр Львов, бұрынғы Г. Дума председателі
Родзянко Қытай жерінде отырып, өз алдына хүкімет жасап, жапон әскерін большевикке
қарсы алып келмек дейді.
Сібір хүкіметі де қарап жатпай Қытай жерімен екі арада әскер жасап, бұ да совет
хүкіметіне қарсы қимыл қылу ниетінде дейді.
Қоқанда сарттар көтеріліп, өз тізгінін алу ниетінде большевиктермен соғысып жатыр. Екі
мыңнан аса кісі қырылған дейді.
Әнеугі Орынбордан қашқан Дутов совет хүкіметіне қарсылық қылып, желбеге таман бар
әскерімен келе жатыр дейді.
Осы телеграм хабарлары рас болғандай болса, Россия мемлекеті қандай жайда екенін
анық суреттеп көрсетеді.
Күн бұрын алдын болжап, бал ашпасақ та мемлекет арбасына алдымызда неше тік
кезеңдер кез болатыны ап-айқын көрініп тұр. Әлде кім біледі, Россия мемлекеті өз ішінен
іріп-шіріп, әлде біз сияқты мешеу сорлылар аяқ астында тапталып, қосақ арасында бос
кетер!
Алаштың азаматтары, ардақты ақсақалдар, жас өспірім жаңа талаптар, мынадай лайсаң,
аласапыран заманда күш біріктіріп, Алаш күшін оңға бастаңдар!
Жұрт жұмысына жұмылып, отбасындағы кемпірназ араздықты тастаңдар!
79
Жұрт намысын ойға алып, аруақ көтеріп, Алаш ұрпағы үшін қандай құрбандық болса да
қашпаңдар! Жасасын, Алаш!
Достарыңызбен бөлісу: |