13-қағида
Үнемдеуді үйрен: ақшадан қиналмайсың.
Үнемдеуді үйрен: ақшадан қиналмайсың.
Ата-анам кішкентай кезімнен үнемшіл болуға баулыды. "Жарықты
өшіріп жүр", "суды ашық қалдырып кетпе", "тамағыңды тауыс, үйде
ит жоқ" деп ысырап жасаумауға үйретті. Өздері де үнемшілдіктің
керемет үлгісін көрсетті. Әлі күнге дейін газға тағы от жағу керек
болса, қолданылған сіріңкені алып, жанып тұрған отқа тұтатады.
Киімді бір киіп, тастай салу деген бізде атымен жоқ. Бала кезде менен
қалған киімді марқұм інім киетін. Одан қалса, ауылға жіберетінбіз.
Олар қаладан келген киімге мәз болысатын. "Бізге жыртық
киімдеріңді жібергендерің сияқты, біз де сендерге тістелген
құрттарымызды
жібереміз"
демеген
ауылдағы
кең
көңіл
туысқандарыма алғысым көп. Ата-анам - қарапайым жұмысшылар.
Жоғарғы білімдері де жоқ. Анам - медбике, әкем - құрылысшы. Сөйте
тұра, тапқан-таянғандарын той-томалақ, туысқандарға көмек, біздің
оқуымыз, тамағымыз, киіміміз - бәріне жеткізетін. Бұл үнемшілдіктің
бір көрінісі дер едім. Жалпы, осы жерде мына нәрсені ажыратып алу
керек сияқты: қажет кезінде ақша жұмсай білу - жомарттық, қажет
кезде ақша жұмсамай қалу - сараңдық, қажет емес кезде ақша
жұмсау - ысырапшылдық, қажет емес кезде ақша жұмсамау -
үнемшілдік.
3-4 ай бұрын өзімнің қаржылық жағдайымды реттеу үшін кіріс-
шығысымның есебін жүргізе бастадым. Қарапайым Google Sheets
Excel бағдарламасында кесте құрдым. Кіріс және шығыс бағандарын
жасап қойдым. Ақша түскенде немесе жұмсағанда сол кестемді
толтырып отырдым. Әр айдың соңында анализ жасап, қорытындысын
шығарамын: қайда қанша жұмсадым, келесі айда қанша үнемдеуім
керек, қай шығындарым орынсыз болды, тб. Жақсы көмектеседі
екен. Кейде ойланбай бір затты сатып алғым келсе, дереу есіме
кестем түседі де, өзімді тыя қоям.
Жалпы ақша үнемдеу не үшін қажет? (1) қарызға батудан өзіңді
сақтандырасың, (2) үнемделген ақшаңды білімге, жеке дамуыңа
инвестиция ретінде құя аласың (тренингтер, кітаптар), (3) шетелге
саяхатқа шығу үшін ақша жинайсың, (4) өзіңнен артылғанды
қайырымдылыққа жұмсайсың, тб.
Үнемдеуді үйренуіміз керек. "Теңге тиыннан құралады", "Тамшыдан
тама-тама дария болар" дейді ғой. Әр нәрсеге үнеммен қарай білсек,
байи түсеміз, қолда барды көбейтеміз, қауіпсіз болашағымыздың,
қаржылық тәуелсіздігіміздің негізін қалаймыз.
27
|