болса, бір түрлі өзіме де залал жасауға қолынан келеді деп.
Осы күнде қазақ ішінде «ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты.
Оның мәнісі: «ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы,
айлалылығынан жетерсің» деген сөз. Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі
жылы «Сені біз сайламадық па?» деп елдің бұлданғандығымен күні өтеді.
Екінші жылы кандидатпенен аңдысып күні өтеді. Үшінші
жылы сайлауға
жақындап қалып, тағы болыс болып қалуға болар ма екен деп күні өтеді.
Енді несі қалды? Осы қазақ халқының осындай бұзықшылыққа тартып,
жылдан жылға төмендеп бара жатқанын көрген соң, менің ойыма келеді:
Халықтың болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен қадәрлі орысша
образование алған кісі болсын. Егер де орталарында ондай кісісі жоқ
болса, яки бар болса да сайламаса, уезный начальник пенен военный
губернатордың назначениесімен болады десе, бұл халыққа бек пайдалы
болар еді. Оның себебі: әуелі - қызметқұмар
қазақ балаларына
образование беруге ол да - пайдалы іс, екінші - назначениемен болған
болыстар халыққа міндетті болмас еді, ұлықтарға міндетті болар еді.
Уә және назначение қылғанда тергеуі, сұрауы барлығына қарамаса,
өтірік арыз берушілер азаяр еді, бәлки жоғалар еді. Уә және әрбір болыс
елде старшина басы бір би сайланғандық, бұл халыққа көп залал
болғандығы көрініп, сыналып білінді. Бұл билік деген біздің қазақ ішінде
әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның
қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның Күлтөбенің
басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек. Әм, ол
ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға
келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу
саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ.
Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу
болса, дау төртеу болады» деп. Оның мәнісі - тақ болмаса,
жұп билер
таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Өйтіп би
көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл
кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы әшкере білінгендікпенен
түссе, әйтпесе түспесе.
Ол билерге даугер адамдар қалмай, екеуі екі кісіні билікке таңдап
алып, үстіне біреуді
посредникке сайлап алып, біте берсе; егер оған да
ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен
сайлап алып жүгінсе, сонда дау ұзамай, бітім болар еді.
1891