195
тарапынан жоғарғы оқу орындарына сапалы маман дайындауға тапсырыс түсе бастауы табиғи
құбылыс. Қазіргі жағдайымыз көңіл көншітпейді. Жоғарыда сипаттап өтіп кеткендей болмаса да оған
ұқсайтын мекеме жоқ. Ұлттық университеттер, мемлекеттік университеттер, жекеменшік
университеттер өзара талапкерлерге таласып, өтірік-шыны аралас неше түрлі жарнамалар арқылы
талапкерді өзіне алдап кіргізіп, оның грантын (немесе оқуға төлейтін ақшасын) қағып алу мақсатында
неше түрлі амалдар жасап жатыр. Бір семестр оқығаннан кейін-ақ талапкердің (қазіргі студенттің) салы
суға кетіп, ұнжырғасы түсіп, арман үмітінен жұрдай болып айырылады. Себебі университеттің
физикалық, химиялық, биологиялық лабораторияларындағы приборлар 20-30 жыл бұрынғы, қазір еш
елде пайдаланылмайтын ескі приборлар, оқу, өндірістік тәжірибелер өтетін өндіріс ошақтары жоқтың
қасы, ол өндірістермен байланыс аз, олар университеттерге маман дайындауға тапсырыс бермейді.
Міне, осылай студенттер диплом алып шыққанда оны жұмысқа шақырып күтіп тұрған ешкім
болмайды. Осылай 4-5 жыл алтындай жас шағын бекер өткізіп опық жеген физик, математик, химик,
биолог жастардың көбі қарауыл агенттіктерінде, базарларда күнделікті аштан өлмес қамын жасап
құлдық күнін кешіп жатыр. Олардың болашағы күңгірт. Студенттердің ішінде шамамен 5-6 пайызы
ізденіп оқиды. Олардың ұмтылысы түсінікті. Олар бітіргеннен кейін шетелдерге (Европаға, АҚШ-қа,
Австралияға т.б) кетеміз деп талпынып оқиды. Түбінде кетеді де. Тіпті университеттердің өзінде
қалатындардың ішінде тәуірі сирек кездеседі. Енді мынандай сұрақ туындайды. Неге
университеттердің білікті профессорлары мен оқытушылары оқығысы келмейтін жалқауларды дер
кезінде төмен баға қойып оқудан шығарып жібермейді? Түк білмейтіндерді соңғы курсқа дейін аман-
есен жеткізіп тіпті мемлекеттік емтиханнан да өткізіп қолына диплом береді? Себебі университет солар
әкеліп университеттің есеп шотына түсірген мемлекеттік грант пен ақылы оқуына төлеген ақшасына
өмір сүреді. Оларға баға қоятын профессорлар жалақыны сол ақшадан алады. Бір студентті 2 қойып
шығарып жіберсе бүкіл университеттің администрациясынан бастап еден сүртүшісіне дейін ах ұрып
қиналады. Осылай студенттер шетінен қуылып жатса ерте ме, кеш пе қызметкерлер де шетінен
қысқарады. Бұл жағдайды түсінбейтін ақымақ табыла қоймас. Міне, біздегі білім беру жүйесі осындай
тұйықталған тұзақтың ішінде тұр. Бұл тұзақты үзу керек. Оның амалдары көп. Сол көп амалдардың
біреуіне және ең бастысына осы мақаланың басында тоқталып өттім. Әрі қарай әр университет ұжымы
өз ішінде өзара ақылдасып, кеңесіп, мәселенің шешімін іздеу керек. Бұл мәселені талқылауға
қатысамын дегендерді көкірегінен итермеу керек. Оларды мұқият тыңдап қорытынды шығару керек.
«Ауруын жасырған өледі» демекші шындықты айтатын уақыт келді. Өзімізді өзіміз алдап, «сыртқа
қарын қампайтып» сес көрсетуді шектеу керек.
Достарыңызбен бөлісу: