Міне осындай әлеуметтік өзгерістер адам санасына әсер етіп, әр түрлі
көзқарастардың жіктеліп, сараласуына әсерін тигізді. Әр түрлі көзқарастарға негізделген
философиялық ағымдар шыға бастады. Сол мектептердің ішіндегі беделдісі –
Конфуцийшілдер мектебін айтамыз.
Қытай философиясының негізін қалаушы қытай ұлтының рухани бітім болмысын
жасаушы ретінде Конфуцийдің (Кун-фу-цзы) алатын орны өзгелерден ерекше.
Көне Қытай ойшылы Конфуции (б.з.д. 551-479) діни, табиғат философиясына онша
ықылас аудармай, адам қоғам мәселесімен айналысқан. «Лунь-Юй» атаулы шығармамен
(шәкірттері құрастырған) танысқанда адамның бойында бір біріне тәуелді бес қасиет
болуы шарт. Олар: «жэнь» – адамгершілік, сүйіспеншілік; «синь» – сенім, адалдық; «и» –
міндет, әділдік; «ли» - әдет-ғұрып; «чжи» - ақыл, білім. Осы қасиеттерді бір сөзге
біріктірсек ол «жэнь» – Конфуции этикасының өзегі. Адамға деген сүйіспеншілікті кең
мағынада түсінбеу керек. Әр адамның қоғамда өзіне тиісті орны бар. Жоғарыда айтылған
қасиеттерді жүзеге асыру білімге негізделеді. Білім деп Конфуции теориялық білімді емес,
практикалық маңызы бар білімдерді айтады. Білім әдет-ғұрып ережелері арқылы
орындалады., Әдет-ғұрып ережелерін іске асырудың бір шарты ата-бабалар аруағына
сиыну. Әдет-ғұрыптың текті «ізгі ниетті ерлер» ойдағыдай орындай алады, ал қарапайым
адамдар тек өздерінің пайдасын ойлаудан аспайды. Жалпы, Кун-фу-цзы тәлімділік
өсиеттерге негізделген адамның бейнесін жасады. Адамдарды екі тобының «цзюнь-цзы»
мен «сяо-жэньнің» әлеуметтік бейнесі бір біріне қарама-қарсы. Бірінші: міндет пен заңға
бағынады, екіншісі өз пайдасын ойлайды. Бірінші өзіне талап қояды; екінші басқаларға
талап қойғыш. Біріншісі басқа адамдармен келісімді өмір сүре отырып оларға ермейді,
екінші басқаларға ере отырып олармен келісті өмір сүрмейді. «Ізгі ниетті адамның» өмірі
бір функциямен шектелмейді, ол жан-жақты жетілген адам. Жетілген адам қайырымды
бола тұрып ысырапшыл емес; еңбекке ықтиярсыз көндіру
арқылы адамдардың ашуын
шақырмайды; ұлық бола отырып кішік; құрмет көре отырып, қатыгез емес. Міне жетілген
адамның әлеуметтік сипаты осындай.
Конфуцидің ілімін ары қарай дамытқан Мэн-цзы (б.з.д. 372-289ж.). Ол адам
туғанынан, табиғатынан қатыгез дегенге келіспейді. Ол конфуцишіл Гао-цзымен де
келіспейді. Гао-цзы адамның табиғатын буырқанып ағып жатқан суға теңеген: оның
жолын шығысқа ашсаң – шығысқа ағады, батысқа ашсаң – батысқа ағады. Судың ағуына
батыс та шығыс та бірдей. Сол сияқты адам табиғаты қатыгез де, қайырымды да емес.
Мэн-цзы осыған қарсы пікір айтады. Су қайда ақсада төменге ағады. Адамның да
табиғаты солай. Адамның табиғаты қайырымдылыққа, жақсылыққа ынталы. Адамды
қатыгез қылатын ерекше жағдай: аштық, соғыс, жұт. Конфуцидің жолын ұстаған ойшыл
Сюнь-цзының пікірінше, адам табиғатынан қатыгез. Дүниеқұмарлық адамға туа біткен
қасиет. Егер адам табиғатынан қайырымды болса тәрбиенің, заңның, әдет-ғұрыптың, тіпті
мемлекеттік биліктің қажеті не? Оның барлығы бар. Адамды бір біріне келістіретін
қоғамдық өмір дейді Сюнь-цзы.
Қытай философиясының келесі беделді мектебі – Даосизм.
Даосизмнің негізін қалаушы Лао-цзы деген жорамал бар. Даостардың
негізгі мәселесі адам емес – болмыс, табиғат. Дао ұғымы – алғашқы
негіз, бейнесіз, шексіз, затсыз,
барлық заттардың қайнар көзі, тегі.
Барлығы даодан шығады және соған барады. Дао – бүкіл болмыстың,
соның ішінде адамның өмір жолы. Барлық тіршілік соған бағынады, ал
дао жолынан тайған кезде адам бақытсыздыққа ұрынады. Даостар
адам табиғатын жетілдіруге қарсы келмейді, бірақ қоғамның әсерін
мойындамайды. Адам табиғатпен келісімді қатынаста болған
жағдайда, шектен шықпай оның заңдылықтарымен санасып өмір сүре
алады. Ол үшін өзің мен өзің бола білу керек. Адамның табиғилығын
бұзбау – даосизмнің негізгі принципі.
Үндістан – адамзат өркениетінің бір ошағы. Көне Үнді
философиясының бастауы – Ведалар – біздің заманымызға дейінгі
үшінші және бірінші мыңжылдықтардың аралығында шығып рухани
мәдениеттің, соның ішінде философияның дамуына орасан зор әсер
етті.
Ведалар санскриттен аударғанда «білім, ілестіру» деген
мағынаны білдіреді. Ведалар – алғашқы діни көзқарастар, дүние, адам
туралы алғашқы философиялық ойлар. Ведалар төрт жинақтан тұрады.
Олардың ең көнесі – Самхиттер (ән-ұрандар). Самхиттер де төрт
жинақтан тұрады. Олар: Ригведа, Брахмандар, Араньяктар,
төртінші
философиялық жинақ – Упанишадтар. Осылардың ең көнесі – Ригведа.
Ригведада үш мың құдайдың аты аталған. Адамды құдай тұдырған,
жасаған. Адам тірі табиғаттың бір бөлігі. Жануарлар, өсімдіктердің
адамдардан айырмашылығы аз, өйткені оларда да тән мен жан бар. Тән
өледі, жан мәңгі. Тән өлгенмен жан өлмейді. Жан басқа бір тәнге
көшеді. Осындай көшу, басқа жанға айналуды “сансара” деп атайды.
Жанның басқа тәнге өтуі, адамның мінез құлқымен тығыз байланысты.
Құдайға құлшылық етіп, құрбандық шалып, яғни дхарма ережесін
бұлжытпай орындаған адам жоғарғы варнаға айналады. Варна – жік,
тап, әулет деген мағынаны білдіреді. Көне үнділер төрт варнаға
бөлінген. Олар: брахмандар, кшатрилер, ваишьялар және шудралар. Әр
варнаның қоғамдағы
бекітілген өз орны бар, олар бір-біріне өте
алмайды. Осы әлеуметтік жіктеу веда әдебиетінен алынған. Ригведаға
сүйенсек адам Пурушадан шығады. Үнді мифологиясында Пуруша деп
“әлем – адамды” айтады. Пурушаның аузынан – брахмандар, қолынан –
кшатрилер, жамбасынан – ваишьялар, аяғынан – шудралар жаралса
керек. Әр варнаның өзінің “дхармасы” бар. Осы заңдылықты дұрыс
орындамасан, төменгі варна болып, қайта туасын. Упанишадтағы
негізгі мәселесі – адам мәні, мәнез-құлқы, психикасы.
Адам психикасының құрылымының күрделілігін зерттей отырып,
оның элементтерінің яғни сананың, еріктің, жадтың
арасындағы өзара
байланыстарға ерекше мән береді. Болмыстың алғашқы негізі рухани
бастауы – Брахман, немесе Атман. Брахман мен Атман синоним ретінде
қолданылғанмен, кейде Брахманды құдай, ал Атманды жан деп те
қарастырады. Упанишадтың кейбір үрдістерінде Брахман және Атман
табиғат пен адамның бейнесіз рухани негізі деп түсіндіреді.
Адам мәселесі Будда ілімінде тереңірек қойылған. Будда ілімінің
негізін қалаған Сиддхарта Гаутама. Ілім төрт ақиқаттан тұрады: 1. өмір
азап, 2. Азаптың себебі бар, 3. Азаптан құтылу бар, 4. Құтылудың сегіз
жолы бар. Азап деп, жер бетіндегі көрінісі өмір сияқты, алдамшы
тірлікті айтады. Азаптың себебі тәннің құмарлығына,
ықыласына еріп,
материалдық заттың жетегінде кетуде жатыр. Бірақ одан да басқа,
адамда қасиет бар. Ол рухани қасиет. Бойында рухы бар адам азаптан
құтылады. Азаптан, қасіреттен құтылудың жолдары бар. Ол жолдың
басы өшу, өлу емес, тәннің құмарлығына тиым салу арқылы таза рухани
тірлікке – Нирванаға өту. Нирвана – санскриттен аударғанда өшу, сөну,
құтылу арқылы рахат сезімге бөленуді білдіреді. Оған жеткен адамды –
архат, яғни әулие, жетілген адам деп атайды. Рахат сезімге,
тыныштыққа бөленудің кілті – ұстамдылық. Күнәдан арылудын жолын
ұстаған адамды – “бодхисаттва” деп атайды.
Шығыс философиясы адамзат мәдениетін қалыптастыруға
өздерінің үлесін қоса білді. Олардың адам мәселесі төңірегіндегі ізденісі