Қызық ойлар Кейбір адамдардың Құдай туралы ойлары қызық болады. Олар Оны қандай да бір ғарыш тираны не бұзақы, я болмаса Онымен ешқашан тілдесе алмайтындай айдаладағы біреу деп ойлайды. Киелі кітап бізге Құдайдың жердегі тәндік әкемізден мың есе жомарт та қайырымды Әке екендігін айтады. Ол бізді сүйеді және Өз балаларына қарағандай біздің қамымызды ойлайды. Ол әрбір адамға дүниедегі жалғыз адамдай қарайды.
Біздің қамымызды ойлайтындықтан, Ол бізге жәрдем беруді қалайды әрі қателік жасаудан сақтайды. Әйтсе де, Ол бізді жеке тұлға ретінде құрметтейді және ешқашан Өз ырқына көндіріп, өмірімізге үстемдік етпейді. Ол үнемі біздің қасымыздан табылып, қол ұшын беруге әрқашанда дайын, бірақ біз Одан Оның көмегін сұрауымыз керек. Ол еш уақытта бізді мезі қылмайды және ешқашан бізді жалғыз тастап кетпейді. Біз ұзақ уақыт бойы Оған бетімізді бұрмай жүре аламыз, бірақ Ол бізді құшақ жайып қарсы алуға әрдайым дайын. Біз Оны өзімізге деген сүйіспеншілігінен айыратын еш нәрсе істей алмаймыз. Әйтсе де, біз Одан алыстап кетуге әуеспіз және бұның бізге осы өмірде де, болашақ өмірде де зардабы тиеді.
Мен Исаның жоғалған ұл туралы айтқан астарлы әңгімесі жайлы жиі ойланамын. Жас жігіт қалаға барып ойына келгенін істеу үшін әкесінен кетіп қалады. Алайда көп ұзамай-ақ өз бетімен кету сорақы өмір екенін түсінеді. Оның өмірінің расымен-ақ шырқы кетеді. Барлық ақшасын жұмсап бітірген соң, ақыр аяғы тамақ сатып алу үшін, мардымсыз тиын-тебенге бола жұмыс істеуіне тура келеді. Ол әкесінің өзін кешіріп, қайта қабылдайтынына күмәнданады.
Ақырында әбден күдері үзілгеннен кейін, тіпті әкесі оны отбасы мүшесі ретінде қабылдамаған күнде де, тіпті үйге құл болсам да, қайтып барайын деп шешеді. Ол үйіне жақындап қалғанда уайымдай бастайды, бірақ әкесі оның үйге келе жатқанын алыстап байқап, оған қарай жүгіреді. Ұлы қатты ұялғанынан әкесінің бетіне де қарай алмайды, бірақ әкесі оны құшақтап үйге кіргізуге асығады. Отбасының кейбір мүшелерінің жақтырмағанына қарамай, барлық жұмысын тастап, мерекелік ас дайындайды. Иса бізге бұл астарлы әңгімені біз Құдайдан тым алысқа ұзап кетсек те, Оның сүйіспеншілігі ешқашан сарқылмайтынын көрсету үшін айтқан.
Киелі кітап мен үшін салауатты өмірдің таптырмас жолбасшысы. Бізге Киелі кітапта тыйым салынған нәрселер тым көп болып көрінеді: олай істеме, бұлай істеме. Менің балаларым айтқандарымның бәрі де шын мәнінде олардың пайдасы мен бақыты үшін екендігін түсінбесе, мені тым қатал адам деп есептер еді. Тым ессіз әке болу үшін өз балаларының өміріне қауіп төнуіне әрдайым ықпал етіп, соны көре тұра қол қусырып отыра беру керек. Егер Құдай адамдар қаулаған әлемді жаратып, олар мұқтаж болғанда ешқандай көмек те, ақыл-кеңес те бермей, әлемді адамдардың өз қарамағына беріп қойса, бұл Құдай тарапынан тым ерсі болып көрінер еді.