Мұстафа Шоқайұлы түрмеден алып қашпақ болған Міржақып Дулатұлы 1911 жылы алғаш рет Патша өкіметінің қаһарына ұшырайды. Жазған мақалалары үшін ол бақылауда болып, "қара тізімге" енеді. Сондықтан қалада оған жұмыс табылмайды. 1911 жылы Семейде ол абақтыға жазықсыз қамалып, 1 жыл 8 ай түрмеде отырып шығады. Сол уақытта Ахмет Байтұрсынұлы да Семей түрмесіне қамалған болатын.
Қоғам қайреткері екінші рет 1928 жылы 29 желтоқсанда тұтқындалады. Оған қазақ ұлтшылы деген айып тағылып, Қызылордадағы түрмеге қамалады. Көрші камераларда Ахмет Байтұрсынұлы мен жазушы Жүсіпбек Аймауытов отырады. Үкім бойынша Міржақып ату жазасына кесілген, кейін жазасын 10 жыл бас бостандығынан айыруға ауыстырған.
Дулатұлы екі жылын Бутыр түрмесінде өткізіп, кейін Соловецкий лагеріне жіберілген. Сол кезде дін қызметшісі Павел Флоренский оны танып, ауруханаға фельдшер етіп жұмысқа тұрғызған. Кейін Мұстафа Шоқай оны Франциядан барған сауда кемесі арқылы түрмеден алып қашпақ болған. Бірақ Міржақып кейін отбасына кесірі тиюі мүмкін деп, қашудан бас тартқан.
1935 жылы қазанның 5-і күні Ақ теңіз – Балтық каналының бойындағы Сосновец стансасында, лагерьдің лазаретінде ауыр науқастан қайтыс болады. Дулатұлының «қылмысты» ісін жан-жақты тексере келіп, Қазақ КСР-нің прокуроры 1988 жылғы қазанның 27-сі күні тиісінше наразылық білдірді де, Республика Жоғарғы Сотының коллегиясы сол жылғы қарашаның төртінде оның ардақты есімін біржола ақтады.
Дулатұлын кім ақтап алған? 1914 жылы 14 мамырда Дулатұлы Омбыда Ғайнижамал Баймұратқызына үйленеді. Естеліктер бойынша, той "Коломзино" станциясының мейрамханасында өткен екен. Алаш қайраткерінің бес баласы болған. Тұңғышы - Гүлнәр 1915 жылы дүниеге келген. Кейін Абылай, Халида, Наурызбай, Әлібек есімді балаларды дүниеге әкелген. Бірақ тұңғыш қызынан басқа балаларының бәрі шетінеп кеткен. Дулатұлының атын ақтап шығаруға қызы Гүлнәр септігін тигізген. Қызының бастамасымен 1988 жылы Міржақып Дулатұлы ақталған. Гүлнәр Дулатованың бастауымен Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан да ақталған болатын. 1990 жылы арнайы комиссия құрылып, Міржақып Дулатұлының денесін идентификациялаған. Қоғам қайраткерінің денесі Қостанай облысының Бидайық ауылында жерленген.