2. Киіз үйдің шығу тарихы. Шығу тарихы біздің заманымызға дейінгі ғасырларда пайда болған киіз үйді біздің халық қасиетті, киелі қара шаңырағымыз деп дәріптейді. Өйткені киіз үй қазақтың тұрағы, құтты мекен-жайы, еншісі, баспанасы, мүлкі, мақтанышы деп бағаланды. Әрине, киіз үйді әркім біледі, бағалайды. Шынында да, арғы-бергі тарихымыз бен мәдениетімізді зерделей қарасақ, киіз үйіміздің атқарған қызметі мен рөлі өте зор екеніне көз жеткіземіз. Оған қарап отырсақ, бірнеше жүздеген, мыңдаған жылдар бойы ата – бабаларымыздың ақыл-ойы, тұрмыс мәдениеті, талғамы еш халықтан кем емес екен. Ғұламалар айтып кеткендей, осы киіз үйден қазақ халқының аспан әлеміне, есептеу жүйесіне, экономикалық біліктігі, мәдениет пен өнердегі талғамы – жалпы өмір тәжірибесіндегі іске бейімділігі аңғарылады. Ал XII - XIII ғасырлардағы мемлекеттердің Алтын орда, Ақ орда, Көк орда деп аталуының өзі осы киіз үйге байланысты екенін Ш.Уәлиханов айтқан.
Тағы бір ерекше айта кетерлік жай: біздің киіз үйіміз тек баспана ғана емес, ол сәулет, құрылыс, сурет, қолөнер сияқты бірнеше өнердің басын құрайтын ғажайып туынды десек те болады. Басқа елдердегідей емес, бұл ағаш, киіз, ши, ішінара күмістен құрастырылады, әрі көшпелі (жылжымалы) құрылыс түріне жатады. Дала тұрғындарының тапқырлық шешімін осы тұрғыдан қарап бағалаған әлем ғылымы, мәдениеті мен өнерінің білімпаз сарапшылары дүниежүзілік, халықаралық этнографиялық көрмелерде қазақтың осы өнеріне әрқашан жоғары баға беріп отырған. Мысалы, 1876 жылы Мейрам қажы Жанайдарұлы Петербургке, 1890 жылы Ибраим Әділов Қазандағы көрмеге киіз үй апарып, қазақ мәдениетін Еуропаға паш етіп, таң қалдыртқан. 1827 жылы Бөкей ордасының ханы Жәңгір Ресей патшасы I Николайға киіз үй сыйлап, патша ағзам оған өте риза болған (Ә.Марғұлан). Жазушы Шыңғыс Айтматов Батыс Еуропадағы белгілі мұражайлардың бірінен қазақтың киіз үйін көргендігін жазды. Сондай-ақ Германияның Гамбург, Майндағы Франкфурт қалаларындағы мұражайларда да қазақ киіз үйлері бар.
Көкшетаудағы Абылайдың ақ ордасы, Шыңғыс төренің 24 қанат ордасы, Жетісудағы Тезек төренің ордасы, Ырғыздағы Самырат байдың үйі, Ақмоладағы паң Нұрмағамбеттің үйі сияқты елге аңыз болған үйлер көп болған. Киіз үй ішін жабдықтауға қазақ азаматтары байлығын аямаған және сол арқылы қазақ дәулеті мен мәдениетін таныта білген, яғни ең алдымен, оның иесінің байлығын, тұрмыс жайын білдіреді. Қазақтың осындай байлығы мен сән-салтанатының куәсі болған киіз үйлер тәркілеу, соғыс, аштық колхоздастыру сияқты жауыздық әрекет салдарынан құрып кетті. Сөйтіп, XX ғасырда қазақ мәдениетінің баға жетпес мұрасы - киіз үйдің құны мен маңызы төмендеді. Оның орнына кеңестік тәсілмен қалай болса солай жасалған, бір-екі жылдан артық тігуге келмейтін, қара құрым жабылған сапасыз бірдеңелер көптен шығарылды да, ол киіз үй атты қасиетті, құтты орынның құнын түсірді.
Достарыңызбен бөлісу: |