Экономикалық тәрбие дегеніміз – балалардың нарықтық экономика жағдайында шаруашылықты тиімді жүргізу қағидалары мен нормаларына сай сана-сезімдерін, дағдыларын, іскерліктерін, талаптары мен мүдделерін қалыптастыруға жүйелі және мақсатты ықпал жасау.
Экономикалық тәрбиенің мақсаты – тиімді экономикалық іс-әрекетке байланысты экономикалық ұғым мен сана-сезімді қалыптастыру.
Экономикалық тәрбиенің міндеттері: – экономикалық сана-сезім мен ақыл-ойды, саналы мұқтаждықтар мен қажеттіліктерді қалыптастырып бекіту;
– адам бойында ұқыптылық, тәртіптілік, үнемшілдік, іскерлік, ұйымдастырушылық, еңбексүйгіштік сияқты қасиеттерді қалыптастыру;
– балалардың шығармашылықпен еңбек ету және тиімді, үнемді, аз шығындармен жоғары нәтижелерге жете алу іскерліктерін дамыту;
– тиімді экономикалық іс-әрекетке деген ынта мен талпынысты қалыптастыру.
Дене шынықтыру тәрбиесі дегеніміз – адам денсаулығын сақтау мен нығайту және деденің дұрыс дамып, қалыптасуына жеткізу.
Дене шынықтыру тәрбиесінің мақсаты – салауатты өмір сүру негіздерін білу және ұстану, өз еркімен дене шынықтыру және спортпен шұғылдану дағдыларын қалыптастыру.
Дене шынықтыру тәрбиесінің міндеттері: – денсаулықты нығайтуға және дене шынықтыруды дұрыс дамытуға ықпал жасау;
– табиғи қозғалтқыш қасиеттерді дамытып жетілдіру;
– дене шынықтырумен жүйелі шұғылдануға тұрақты қызығушылық пен қажеттілікті тәрбиелеу;
– табиғат күштерімен балалар денесін шынықтыру (күн, су, ауа);
– ақыл-ой және дене еңбегіне қабілеттілікті жетілдіру;
– гигиеналық дағдыларды қалыптастыру.
Дене шынықтыру тәрбиесінің мазмұны жас ұрпақты дене шынықтыру мәдениетінің әр түріне, әскери-өнер әрекеттеріне қатысуын, адам денесінің оның ақыл-ой, сезім, еріктерімен үйлесімді дамуын қамтиды.
Қазіргі кезде мектептің тұтас педагогикалық процессінде салауатты өмір салтын сақтау кеңінен насихатталуда, валеология сабақтары өткізілуде, төтенше жағдайларда өзін-өзі қалай ұстау керектігі туралы курстар оқылып, барлық мектептерде психологтар, медицина қызметкерлері баланың денсаулығын, психофизиологиялық жағдайы мен әлеуметтік деңгейін зерттеп, ескеруді жақсарту жұмыстарын жүргізуде.