Педагогика тарихы


Еуразия құрлығындағы Сақ, Ғұн дәуiрiндегi жауынгерлiк тәлiм-тәрбие



бет11/113
Дата18.11.2022
өлшемі2,03 Mb.
#158802
түріОқулық
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет. (3)
өзіндік жұмыс, ОНАТИЛИ
4. Еуразия құрлығындағы Сақ, Ғұн дәуiрiндегi жауынгерлiк тәлiм-тәрбие.
Ұлы Түркi қағанаты және оның жазба мұралары
(VI-IX ғ.ғ.)

Тарихшы ғалымдардың (Гумилев Л.Н., А.Бахти, т.б.) топшылауынша, шумерлер Еуразия даласына бiздiң дәуiрiмiзден бұрынғы Х ғасырда келген. Олар жергiлiктi көшпелi тайпалармен араласып, жергiлiктi халықтың ықпалына түсiп, қатаң климаттық жағдайларды, тайпааралық соғыстарды бастарынан өткiзген жауынгер көшпелi тайпа – сақтарға сiңiп кеткен. Сақтар болса, Еуразия Ұлы даласында Дунайдан Енисейге дейiнгi аралықта б.з.д. VII-III ғғ. байлыққа кенелген күштi мемлекет құрды.


Бiздiң заманымыздан бұрынғы үшіншi мыңжылдықтың басында Еуразия даласында, Қазақстан мен Орталық Азия жерiнде, төменгi Едiл мен Алтайда, Батыс Сiбiр мен Шығыс Азияда алтайлық тайпалар өмiр сүрдi. Андроновтар мәдениетiнiң даму шағында алтайлықтар арийлiктердiң қалдырған мәдениетi мен шаруашылығын игерiп, олар дәндi дақылдарды егумен қатар, өмiр тiршiлiгiнiң көзi – мал шаруашылығы, негiзгi асы – сүт тағамдары болған.
Сонымен бiрге бұл тайпалардың қолөнермен шұғылданғанын айқындайтын әшекей бұйымдар: мыс бiлезiктер, алтын жалатқан жүзiктер, шолпы, сырғалар, т.б. табылған. Бейiттерден табылған түрлi қарулар: қола шоқпар, балталар мен қылыштар, садақ пен жебелер, темiрден жасалынған арба дөңгелектерi, т.б. қолөнердiң белгiлi дәрежеде дамығандығы және оған балалардың үйретiлгендiгi туралы деректер бередi.
Б.з.д. Х-V ғасырларда Хуанхэ өзенiнен Едiл мен Дунайға дейiнгi аралықты, тарихи жәдiгерлер нақтылағандай, парсыларша – “сақ”, гректерше “скиф” деген атпен белгiлi болған түркi тiлдес тайпалар мекендеген. Олар Қытай шежiрелерiнде айтылғандай, көк көздi, сары шашты он тайпадан құралған. Сақ тайпаларының құрамына: массагет, яксарт, дай (дахи), фарат, комар, асқатағ, исседон, асси немесе аримасып, сармат, каспилер енген. Әр тайпаның өз билеушісі – ханы болған. Хандар үлкен құрметке бөленген. Хан қаза болса, оның өлігін арбаға салып ел аралатқан. Өлікті көрген бұқара халық қатты қайғырып, өз құлағын кесіп, шаштарын жұлып, бетін жыртып, көзін тырнаған. Сол қолын оқпен тесетін болған. Қаза болған хан үлкен қорғанға жерленген. Өлікпен бірге алтын, күміс ыдыс-аяқтар, қару-жарақтар, жорыққа мінетін аттары қоса көмілген. Тіпті ханның ханымы мен қызметшілері де өлтіріліп, онымен бірге жерленетін жоралғылар болған. (Қазақтың көне тарихы. 1987 ж. Шыңжаң халық баспасы).
Кей деректерде ежелгi сақтардың бiр тармағы б.з.д. 8-7 – мыңжылдықтарда қазiргi Батыс Үндi, Ауған, Пәкiстан, Шығыс Иран жерлерiн алып жатқан Сақастан (немесе Дрангиана, орта ғасырлар кезiнен 1872 ж. дейiн Систан) елiнiң негiзiн құрағандығы жайлы айтылады.
Сақ мемлекетi құл иеленушi мемлекет ретiнде б.з.д. II ғасырда – Скипур және Палак патшалығы тұсында толықтай қалыптасты. Сақтардың өркендеу дәуiрi кезiнде, көне түркi тектес елдер арасында руханияты мен имандылығы жоғары болғандығын және “… тәрбиелеу, жазу-сызу мәдениетiнiң өз заманындағы басқа халықтардың арасында шоқтығы биiк ел екендiгiн адыгей халқының байырғы “Наргхэр” (Нарты) деп аталатын эпосынан кездестiремiз”, – деп зерттеушi С.Оспанов жазады.
Солтүстiк Кавказды мекендеген адыгейлер б.з.д. 2 – мыңжылдықтары темiр өндiрудi сақтардан үйренген. Байырғы кавказдық халықтармен салыстырғанда ол кездегi сақтар бiлiм мен тәрбие мәселесiне келгенде көш iлгерi болған. Соны мойындап, кавказдықтардың ауқатты отбасылары балаларын сақтарға, “аталықтарға” тәрбиеге берген. Бұл үрдiс ұзақ жылдарға созылған, өйткенi сақтар сол аралықта байырғы түркi тектi халықтармен қарым-қатынаста болған. Тәрбиелеу кезiнде көне түркiлер де, сақтар да балаларды еркелетiп, “қан” (“хан” немесе “қаған”) деп, үлкендер тәрбиешiні “атасы”, ал балалар “дәде” деп құрметтеп атаған. Бұл жерде “дада” сөзiнiң жоғарырақта келтiргендей шумерлердiң тiлiнде де кездесетiндiгi кездейсоқ емес .
Сақтар ата-бабалар аруақтарына, аспан денелеріне, күн көзіне табынған. Оған жылқы сойып құрбандық беретін болған. Ал отырықшы сақтар жерді “ана тәңірі” деп табынған. Олар соғыс тәңіріне де сыйынып, қылышты жерге шаншып қойып, оның үстіне сүт немесе қан құйып тәуіп еткен.
Сақтар үй жануарлары өнiмдерімен, балық және сүт тағамдарымен қоректендi. Тұрақты жерлерi жазық болғанымен, кейбiр сақ тайпалары егiншiлiкпен айналыспай, көшпелi өмiр сүрiп, мал бағып, балық аулап, тiршiлiк еткен. Бұл халықтардың тұрмыс-салты, зираттары ортақ, мiнез-құлықтары бiрдей, дөрекiлеу, бiрақ жауынгер, турашыл, айтқан сөздерiнде тұрушы, уәдесiнен ешқашан да айнымайтын және ат құлағында ойнайтын қайсар халық болған.
Сақтар өздері тұтынатын құралдарына: қару-жарақ, ыдыс-аяқ, т.б. нәрселерге мал мен аңдардың (қошқардың, текенің, аттың, түйенің, арыстан мен аюдың т.б.) суреттерін салып әшекейлеген. Қанжардың сабы, ошақтың бұты, айылбас, т.б. заттарды әртүрлі хайуанаттарға ұқсатып жасаған. Жартастарға аңшылық, малшылық тұрмысты бейнелейтін суреттер мен діни ұғымды білдіретін бейнелерді салатын болған. Бұндай суреттер Алтай, Тянь-Шань, Тарбағатай тауларында күні бүгінге дейін жиі кездеседі.
Сақ қағанаттары тiршiлiгiнде әр мағыналы, әртүрлi әскери жаттығулар мен ұлттық ойындарды бозбалаларды шынықтыруға пайдаланған, соның iшiнде ерекше құрметтейтiнi – ат жарысы болған. Мәселен, бiздiң заманымыздан бұрынғы 539 жылы ертедегi Месопотамия территориясында Кир патшаның Вавилоннан шығу салтанатына байланысты үлкен ат жарысы болып, сонда сақ шабандозы үлкен басымдықпен жеңiп шыққан. Сол деректерге қарағанда, садақ ату, найза лақтыру, күресу, қашыққа жүгiру, суға жүзу, таулы, сулы, орманды, шөлдi жерлердегi қиын-қыстау сынақтан өту, т.б. ойындардың түрлерi дәстүрлi әскери дайындықтарын жетiлдiру және денешынықтыру тәрбиелерi сақтарда жүйелi түрде жүргiзiлген деп тұжырымдауға болады.
Бағдарлап отырсақ, сақтардың әскери және дене тәрбие жүйесi ертедегi Грециядағы Спарта дене тәрбие жүйесiне ұқсас болғанымен, сақ елiнде бұл жүйе б.з.д. 1-мыңжылдығында-ақ пайдаланылған, ал Спарта дене тәрбие жүйесi б.з.д. VI-IV ғасырларда пайда болған.
Сақ дене тәрбиесiнiң ерекшелiгi жеткiншектердi әскери өнерге баулуда рухани-адамгершілік жағынан тәрбиелеумен қатар денесін де жетілдіріп отырған. Олардың дене тәрбиесiнде жастарды жәбiрлеу немесе талап-тiлегiн басып тастау орын алмаған, олардың табиғат аясында күнделiктi жаттығулар жасауына ерекше мән берiлген, өз елiн, жерiн қорғауға үнемi ынталандырып отырған.
Сақ әйелдері қоғамдық өмірге ерлерімен бірдей белсене араласып отырған. Грек авторы Ктеси: “Сақ әйелдері ержүрек келеді, соғыс қаупі төнгенде ерлеріне көмек көрсетеді” дейді. Алимент Александр былай деп жазады: “Соғыс ісімен ерлерден кем шұғылданбайтын сармат әйелдерін білемін. Олар ерлермен бірдей садақ тартуға шеберлік көрсете біледі”.
Кезінде атақты Философ Платон қыз бала тәрбиесінің маңыздылығын былайша пайымдаған екен: “Егер ұлтыңды сақтаймын десең- қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтаймын десең- ұлыңды тәрбиеле!”. Бұл тұжырымның тамыры өте терең екенін біз тарихтан көріп отырмыз. Соның жарқын бір дәлелі Томирис Патшайымның Кир Патшаға айтқан сөзі: “Мен- елімнің патшасымын. Мен иілсем- елімнің иілгені. Кир патша көзін маған емес, менің еліме салып отыр. Ал мен еліме бұғау салдырмаймын, ата-баба аруағы жатқан жерді жаттың табанына таптатқызып, қорлатпаймын. Соны есіне сақтасын Кир Патша!!!”. Осы мысалдың өзі бүгінгі таңда жас ұрпақты, соның ішінде қыз балаларды ұлттық патриотизмге тәрбиелеуде маңызы зор.
Жасөспiрiмдерге отбасы тәрбиесiн беруде әкенiң ықпалы ерекше болған. Балаларды жеке және топ құрып қалалы жерлерде мұғалiм жалдап оқытса, көшiп-қону жағдайларында ауқатты отбасы балаларын жалданған оқытушының басшылығымен жеке-даралап оқытқан. “Бозбала үйлерiнде” ұлдар мен қыз балаларды бір-бірінен бөлектеп, ұлттық салт-дәстүрмен, тұрмыс-тiршiлiкпен таныстырып, имандылыққа, адамгершiлiк қасиеттерге тәрбиелеген. Әсiресе, жастардың сөйлеу мәдениеттерiн дамытуда аңыз-ертегiлер, эпостық жырларды жаттатып, мәнерiне келтiрiп айтуға бейiмдеген. Сол кездiң өзiнде балалардың жазу, сызуға, арифметикалық амалдарға үйретiлгендiгiне келесi деректер дәлел бола алады.
А.С.Аманжолов, И.Т.Арыстанбеков, т.б. зерттеушiлер соңғы 30-40 жылдар шамасында археологиялық қазбалардан табылған жәдiгерлердегi көне түркiлердiң жазбаларын талдай келiп, олардың пайда болуы б.з.д. VII-V және онан да бұрынғы ғасырларға тереңдейдi деген тоқтамға келедi. Оған қоса, зерттеушi Т.Досанов: б.з.д. 1– мыңжылдыққа жататын “Пiшiн” кестелiк жазба жүйелердi талдап, олар өте ертедегi, яғни бiз айтып отырған көне түрiк тiлiнiң 52 әрiптiк таңбалық бейнесiн бередi деп есептейдi. Ал, А.Мектеп: “Пiшiн” таңбалануы жағынан көне түркi тектi тiлiндегi ескi жазуларға – күмiс тостағандағы жазулар (б.з.д. V ғ.), жақпар тастардағы руналық (б.з.д. VIII-IV ғғ.) жазуларға жатады”, – деп санайды.
Ол зерттеушiлердiң пiкiрлерiн қорытындылай келе, А.Мектеп: “Ежелгi түркi жазу мәдениетi б.з.д. 1 мыңжылдықта болған деген ғылыми тұжырым жасауға құқымыз бар”, –дейдi.
Ежелгi түркiлер мен сақтардың жазу мәдениетi б.з.д. 1 – мыңжылдықта қалыптасқан болса, онда А.Бахтидың, О.Сүлейменовтiң, Х.Көктәндiнiң көне түркi тектi шумерлiктер кезеңiнде толық қалыптасып, Ұлы Далада одан әрi дамыған деген ойлары ақиқатқа саяды.
Сонымен, сақ тәрбиесі жүйесiнде жас ұрпақты оқу, жазуға үйретуге, әсiресе, дене тәрбиесiне ерекше мән берiлген, сақ қоғамында дене күшiн жетiлдiру, өмiр-тiршiлiкке байланысты болған. Себебi, соғыс және көшiп-қону тiршiлiгi осы талаптарды қажет еткен.
Бұған қоса хан және әскер басшылары мен сауда-саттықпен айналысқан адамдар өз балаларын жеке мұғалiм жалдап, хат танытқандары жайлы деректер ұшырасады. Тiлшi ғалымдар Жетiсу жерiнде табылған сақтардың тiлi Алтай тобындағы көне түркi тiлiне жататындығын бiрауыздан мойындайды.
Сақтар көне заманда өз тiлiнде жазуды шығару үшiн арамей әлiппесiнiң әрiптерiн пайдаланумен қатар, түркi тiлдес халықтардағы тайпалық таңбаларды енгiзгенi анықталды.
Бұл жазудың аса бiр құндылығы – ертедегi Қазақстан жерiн мекендеген тайпалардың тiлi көне түркi тiлi болғандығын тағы да нақтылай түседi. Сонымен бiрге ол Ұлы Дала жерiнде алғашқы көшпендiлерде жазу-сызу болмаған деген пiкiрдiң негiзсiз екендiгiн және 2500 жыл бұрын түркi тiлдес тайпалардың әлiппе жазуды бiлгендiгiн, оны б.з.д. V-IV ғасырларға дейiн пайдаланылғандығын айғақтайды. Сонымен түркi руникалық жазуы арғы ата-бабаларымыздың 1500 жыл бойы жазу-сызуды қолданған төл жазуы екендiгi ешқандай күмән келтiрмейдi. Олай болса, сақ империясында отбасылық жағдайында балаларына хат танытуға, хатшы даярлауға көңiл аударылғандығы айғақ.
Сақтар металл өңдеп, әлемдiк маңызы зор “сақтың аң бедерi” атты зергерлiк бұйымдар, қару-жарақтар мен киiмдер жасай бiлген. Жылқы жануарын өте қатты қадiрлеп, мал және егiн шаруашылықтарымен айналысқан. Осындай тұрмыс-тiршiлiктерге байланысты сақтар өз ұрпақтарын денесiн шынықтырумен қатар еңбектi сүюге және ерiк-күйлерiн басқара бiлуге дағдыландырып тәрбиелеп қалыптастырған. Сақтар мал бағумен қатар, суармалы егiншiлiк шаруашылықты дамытқан. Сақтар өз заманына сай үлкен де күрделі ғимараттар сала білген. Тұрғын үйлерді ағаштан, тастан тұрғызып, қамысты құрылыс материалы ретінде пайдаланған. Бозбалаларды аталған шаруашылыққа үйретiп, жазу, оқуға, арифметикалық төрт амалдарды игеруге дағдыландырған. Балаларды 5 жастан ат құлағында ойнауға, күресу, жүгiру, қылыштасу, найзаласу, садақ ату, суға жүзу сияқты ептiлiк дағдыларға үйретiп, бозбалаларды денешынықтыру, әскери iс-әрекеттерге жүйелi дайындаған.
Сол замандарда өмiр сүрген, Тәңiр дiнiнiң негiзiнде Заратуштра iлiмiн салған данышпан Заратуштра сақтар мен парсыларға ортақ әлемдегi тұңғыш “Авеста” кiтабын жазған. Кейбiр деректерде бұл дiн Иран жерiнде жазылған десе, басқа ғалымдар (қазақстандық) “Авеста” ертедегi түркi тiлiнде жазылған деп есептейдi. Өйткенi, “Авестаның” авторы қазақ даласының Арал маңында туған және сонда жазған. Заратуштра сол кездiң өзiнде (Аристотельдiң замандасы) рухани-танымдық, тәлiм-тәрбиелiк мәндi ойлар айтқан. Тәңiрлiк дiн көне түрiктер мен шумерлердiң арасында осыдан 6-7 мың жылдар бұрын толық қабылданса, Заратуштраның iлiмi ең әрi алғанда мұнан 5 мың жыл бұрын, яғни тәңiрлiк дiннен кейiн шыққан. Бұл iлiм жастардың көзқарастарын қалыптастырудың алғышарты едi. Жасөспiрiмдердi айналасындағы адамдармен имандылық, мейiрбандық қарым-қатынаста болып, үлкен-кiшiнi сыйлау, әсiресе, қарт адамдарды құрметтеу, кемтар адамдарға қол ұшын берiп көмектесуге баулыған. Оларды елiн, жерiн қорғауға даярлап, елжандылық рухта тәрбиелегендiгiн көне түркiлер – түркi қағанаттардың өмiр тарихынан байқаймыз.
Сонымен, мыңдаған жылдар бойы сақтар, шумерлер – Көк Тәңiрге табынып, б.з.д. төртiншi мыңжылдықтың соңында, дала пайғамбары Заратуштра негiзiн қалаған “Зорастризм” нанымын қабылдаған халық. Тарихқа жүгiнсек, оларды халықты будда мен христиан, одан кейiн ислам дiнiне уағыздаушылар өз қатарларына тартқысы келдi. Бiрақ, бұл шараларынан ештеңе шықпаған, ал екiншi жағынан сақ жерiн жаулап алушылар сауатты адамдар мен дiн басшыларын қырып-жойып, кiтапханаларын өртеп, жабайы сауатсыз халыққа айналдыруға талпынған. Осындай ұсқынсыз жағдайлар кейiн де жалғасын тауып отырды. Мысалы, хорезмдiк ғұлама Әбу Райхан Бируни арабтардың әскери жорығына байланысты: “Кутейба ибн Муслим ал-Бахили барлық сауаттыларды және дiн қызметшiлерiн қырып болған соң олардың кiтаптары мен қолжазбаларын жинап алып өртеумен болды”, – деп жазады.
“Ғұн патшалығы тарихы” шежiресiнiң үйсiн тарауында “Қоныс аударған ғұн тәңiрқұты үйсiн жерiне көшiп барды”, – деп жазылған. Келтiрiлген дерек бойынша батысқа қарай көшкен ғұндар үйсiн жерiне келiп, одан әрi Қаңлы елiне босып барған. Батысқа қарай ығыса отырып, ғұндар Едiл мен Днепр өзендерi аралығына табан тiреген. Батыс ғұндар балаларын және бозбалаларын жас ерекшелiктерiне қарай “отау иесi”, яғни “жiгiт” болды деген ниетпен толық жетiлген адам санатына қосып отырды. Сонымен қатар жаңа қоныстанған жерлердегi тұрмыстық-шаруашылық, табиғат жағдайлары мен ерекшелiктерi, әскери-жауынгерлiк қақтығыстар ғұн жастарының дүниетанымдары мен сана-сезiмдерiне тiкелей ықпал жасады, оларды күнделiктi өмiр талаптары мен қажеттiлiктерiне сай тiршiлiкке бейiмдедi.
Мәселен, жаңа жердегi жаңа тайпалармен үздiксiз соғыс әйелдердiң қолдарына қару алуларына ұйытқы болған. Мысалы, Қаратау, Хантау (Мойынқұм ауданы) жартастарында садақты қашыққа атуға жаттығып жатқан әйелдiң бейнесi жазылған. Ғұн империясында қалыптасқан дәстүр – қыз бала жауының бiреуiн өлтiрмесе – тұрмысқа шығуға рұқсат берiлмеген. Егер әйел адам көпшiлiкпен соғыста жеңiске жетсе, өлтiрген жауының бас сүйегiне сусын құйып iшу ерлiктiң бiр белгiсi болған.
Днепр жағалауында баланы жерлеген қабiрден археологтар кiшi балаға арналған садақ пен садақтың жебесiн тапқан. Бұдан ғұндар балаларды кiшкентай кезiнен садақ атуға қатыстыратынын байқауға болады.
Геродоттың жазғанындай сақтар, ғұндар 5 жастан бастап 25 жас аралықтарында жасөспiрiмдердi басты үш қасиеттерге: салт атқа мiну, садақ ату және сөзде тұруға үйреткен.
Қорыта келгенде, жаңа жыл санауымыздың V ғасырында Едiл мен Днепр аралығындағы Ғұн одағы ыдырағаннан кейiн, олардың бiр бөлiгi қайта қайтып Ұлы Далаға келiп, кейiнгi ұрпақтары оғыз, қыпшақ, қарлық қағанаттарына сiңiп, олар кейiн қазақ халқын қалыптастыруға септiгiн тигiздi.
Археологиялық қазбалардан табылған заттық жәдiгерлер дәлелдемелерiне қарағанда ежелгi заманда Жоңғар ойпаты мен Жетiсу жерiн мекендеген үйсiндер жартылай көшпелi мал шаруашылығымен айналысқан, жылқы мен қой, әсiресе құйрықты қой және сиыр, түйе, таулы жерлерде қодас өсiрген. Егiншiлiкпен айналысатын отырықшылар Iле, Шу, Талас өзендерiнiң бойларында диқаншылықпен, басқалары қолөнер кәсiбiмен, темiр, ағаш өңдеумен, өрмек тоқумен шұғылданған, аталған кәсiптерге балаларын үйретiп, атадан балаға шеберлiктiң қыр-сырын меңгеріп тұрақты мұра жалғастырып келген.
“Ұлы Жiбек жолы” бойында орналасқан: “Жетi асар”, “Алты асар”, “Қауыншы”, “Ақтөбе”, “Алтын төбе” және атақты “Отырар” сияқты қалалардың тұрғындары жер суландырумен, арық қазумен, егiн өсiрумен, бау-бақшалар отырғызумен айналысқан. Қалалық жерлерде мұғалiмнiң үйiнде немесе аула тапшандарында балалар шағын топпен оқуға, жазуға, арифметикалық амалдарға үйретiлдi, оқу-құралдарының аздығынан дауыстап оқу, оны талдау, жаттау сияқты әдiстер қолданылды. Балаларға айнала қоршаған орта, өмiр тiршiлiгi туралы қарапайым бiлiмдер берiлдi, тұрмыстық шаруашылықты атқару әдет - дағдыларын қалыптастырып отырды.
Қабiлеттi балаларды музыка өнерiне баулу, жергiлiктi халықтар арасында өнер салаларынан: ән шығару, оны айту, музыкалық аспаптарда ойнай бiлу, ойларынан өлең шығару, бидi игеру, т.б. секілді түрлерін таратқан. Осындай дәстүр негiзiнде халқымыздың өнерге бейiмдiлiгi, ауызша суырыпсалма ақындығы, сезiмталдығы дамытылып, ұрпақтан-ұрпаққа берiлiп отырған.
Үйсiн ескерткiштерiн зерттеу нәтижесі, бұл елдегi мәдениетiнiң дамуын үш кезеңге бөліп қарастыруға негіз болады. Алғашқы кезеңде (б.з.д. III-I ғғ.) көлемi кiшкене қарапайым қыш-құмыра ыдыстар қолдан жасалатын болған; орта кезеңде (ж.з. I-III ғғ.) қыш-құмыралар арнаулы дөңгелек арқылы өңделген; соңғы кезеңде қыш-құмыралар отқа күйдiрiлiп өрнектермен безендiрiлген. Сол кездерде шәкiрт таңдау, даярлау, тәрбиелеу iсi де жолға қойыла бастаған.
Ал күнбилер мен қолбасшылар, ақсүйектер мен билер үйлерiнде мұғалiм ұстап, балаларының сауаттарын ашып, жалпы дүниетанымдарын, ақыл-ой өрiстерiн дамытуға назар аударған.
Жазба деректер қаңлы елiнiң ресми жазба заңы болғандығын мәлiмдейдi. “Сүй патшалығы тарихы, батыс өңiр шежiресi” кiтабындағы: “Заң бойынша қылмыстыларды жазалауда, өте өрескел ауыр қылмыс жасағандар өлiм жазасына тартылады, ал ұрлық жасағандардың қолы кесiледi” деген жазу бұл пiкiрдi нақтылай түседi.
Үйсiндердің еліндегідей елдерi сияқты қаңлы жұртында да ән-күй, музыка, би сияқты өнер түрлері халық арасында кең тарағаны сонша, олар жас балаға кiшкентай күнiнен бастап үйретiлген. Қаңлы елiнде қос ішектi және бес ішектi музыка аспаптарын, сыбызғы-сырнайларды үлкендермен қатар балалардың да еркiн игергендiгiн қазба деректер дәлелдейдi.
Ежелгi қаңлылардың жазу мәдениетi болған, жазуы көлденеңнен жазылып осы жазулар бойынша бiрнеше кiтаптар шығарылған. Олардың қолданған жазуы соғды жазуы ма, әлде көне түркi жазуы ма, әлде басқа тiлде жазылды ма, әлi анықтала қоймаған.
Кейiнгi кездердегi археологиялық зерттеулердiң анықтауынша, үйсiндердің, қаңлылардың және басқа тайпалардың мәдениетi – сақ, ғұн тайпаларының заңды жалғасы, олардың мәдениетiн одан әрi жалғастырып дамытқан халық.
Тарихтағы көне де қайтпас қажырлы ұлыстардың бiрi ежелгi ғұндар мен сақтардың ұрпағы көк түрiктер болып келедi.
Түрiк – ұлы даладағы түркі тектес бiрнеше тайпалардың VI-VIII ғғ. бiрiгуiне ұйытқы болған халықтың аты. “Түрiк” деген сөз тұңғыш рет 542 жылы Қытай шежiрелерiнде айтылады. Түркi тектес тайпалар 545 ж. шамасында бiрiгiп жеке мемлекет болған. Ұсақ тайпалардың басын бiрiктiрген оның тұңғыш қағаны Бұмын болған. Бұмынның патшалығымен (шамамен 545-552 жж.) оның жас мемлекетi- Түрiк қағанаты құрылды. Ол Қытай мемлекетiмен қарым-қатынас орнатып, көршi теле, жуж-жань тайпаларын өзiне қаратты.
Қазіргі Моңғолияның Орхон өзенінің бойына 732 жылы орнатылған Күлтегiн тас ұсқыны (ескерткiшi) және басқа да Орхон-Енисей жазба ескерткiштерi орта ғасыр дәуiрiнiң маңызды мұралары болып саналады. Күлтегiн атты түрiк қолбасшысына арналған 40 жол үлкен және 13 жол кiшi жазудан тұратын ескерткiш шамамен 732-735 жылдары орнатылған.
Күлтегiн тас ұсқынындағы Талас өзенi бойынан табылған жазбалардың Орхон-Енисей бойындағы тас ескерткiштегi жазбалармен мазмұндық ұқсастығы көне түркiлердiң Еуразия даласында көшiп-қона жүрiп, аумағы кең даланы жайлағанын дәлелдейдi.
Ескерткiштер қағандарға, әскери қолбасшыларға, атақ-даңқы әлемге әйгiлi болған ұлы тұлғаларға қойылған.
Ескерткiштерде нақтылы тарихи оқиғалар туралы сөз қозғалады. Кезiнде бастылардың басын игiзген, Бұмын мен Естемірдiң iсiн ұрпақтары жалғастыра алмай, VII ғ. ортасында түркi халқының табғыштарға (Қытайларға) тiзе бүккенiне күйiнiш бiлдiре келiп, “Басқа елде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан бол” деген мәтелмен түйiндегендей болады. “Егер сен, түркi халқы, өз қағаныңнан, өз бектерiңнен, өз Отаныңнан жырақ кетпей, бiрге жүрсең, сен өзiң де бақытты өмiр сүресiң, өзiңнiң отбасыңда болсаң, ешнәрседен мұқтаждық көрмейсiң” деп бек пен қара халықты бiрлiкке шақырады.
Ескерткiш жазбасы Күлтегiн билеген заманды былайша сипаттайды:
Өлiмшi халықты тiрiлттiм,
Жалаңаш халықты киiмдi,
Жарлы халықты бай қылдым,
Аз халықты көп қылдым
Тату елге жақсылық қылдым, –
деп батырдың өз халқын бақытқа бөлегенiн бiлдiредi.
Тас мүсiннен шығатын тұжырым түрiк халқының ежелгi жауынгерлiк дәстүрi мен ел билеудегi даналық ой тұжырымдарының болғаны байқалады. Ол – азаттық идеясын ту етуді, елiнiң азаттығы жолында құрбан болуды үлгi-өнеге тұтқандық. Екiншi – ел басқарған қағандардың бiлiктi болуы, оның бұйрығы мен заңдарының түзулiгi. Yшiншi – халықтың ауызбiрлiгi, аштықта тоқтықты түсiнбейтiн, тоқтықта аштықты ойламайтын тоғышар болмау, төртiншi – елiн, жерiн қорғайтын батыр ұлдарға сүйену, оларды мақтаныш тұту.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   113




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет