Педагогика тарихы


Таяу және Қиыр Шығыс ежелгi мемлекеттерiндегi



бет8/113
Дата18.11.2022
өлшемі2,03 Mb.
#158802
түріОқулық
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет. (3)
өзіндік жұмыс
3. Таяу және Қиыр Шығыс ежелгi мемлекеттерiндегi
Шумер тәлiм-тәрбиесi

“Сеннаар жерi” немесе “Шинеар жерi” деген аумақты үшiншi өркениеттiң туып, дамуына үлес қосқан құтты мекен Қосөзен Тигр мен Евфраттың оңтүстiк жағалауында өмiр сүрген Шумерлер – (“қарабасты халық”) Библияда “Шумер” деген атпен тарихқа Сақ тайпаларының бiр тармағы болып енген халық.


Көптеген ғасырлар бойы “Шинеар” сөзi Библияны оқыған адамдарға түсініксіз болатын. Тек жүздеген жылдардан кейiн ғана үшiншi өркениеттiң бесiгi болып саналатын Таяу Шығыстағы Евфрат жағалауын жайлап тұрақтанған жұрт Шумер халқы деп аталған. Сөйтiп, ежелгi Шумер елi ретiнде дүниежүзiне белгiлi бола бастады. Шумер мәдениетi ертеден-ақ өз төңiрегiне танымал болғандықтан, ежелгi Египет мәдениетiнен кем болмағандығы тарихтан белгiлi.
Мәселен, Нiлде және Евфратта бiр мезгiлде (б.з.д. 6 - мыңжылдықтың соңында) қалалар салынып, жазу өнері және жер суғару жүйесi iске қосылған. Шумер мәдениетiнiң даму деңгейi байқатқандай, ғылым саласында аспан әлемi жайлы жаңа ұғымдар түзiп, шаруашылықта көптеген техникалық жаңалықтар ашып, мәдениет саласында тамаша дастандар мен көркемөнер туындылары дүниеге келдi. Жазудың алғашқы үлгiлерiн ойлап тауып, дiн саласында бастапқы көзқарастардың туындауына жол ашылды. Өркениетті бұл жаңалықтар басқа халықтарға, оның iшiнде вавилондықтарға, гректер мен еврейлерге, т.б. өз ықпалын тигізді. Қазiргi күнтiзбелерi, жер шарының градусқа бөлiнуi – осының барлығы ежелгi Сеннаар мәдениетiнде орын алған. Американдық шумертанушы С.Крамер: “… шумерлер байырғы түркiлер болған және олардың тiлi ежелгi түркi тiлiне жатады” дей келiп, өз пiкiрiн олар қыш ыдыс-аяқ жасау, дөңгелек арба, соқа-сепкiш, желкендi қайық, күмбез, шатырлы құрылыс және мыс пен қоладан бұйым-заттар құйып, темiрдi балқыту, тасты қашау, сырлау, әшекейлеу, т.б. қолөнерін меңгерген ел болған деп түйiндейдi.
Шумерлiктер Месопотамияда iрi Ур, Лағаш, Нипур, Умма, т.б. қалалар тұрғызып күштi мемлекет құрды. Олардың бесiншi мыңжылдықтан бұрын өркениеттi мемлекет болғанына таңданбайтын жан жоқ. Өйткенi шөл табиғатта, өте қатал ландшафтта егiн шаруашылығы мен сауданы, медицина мен астрономияны, әдебиет пен музыканы өркендеткен, басқару жүйесi мен дiни орталығы қалыптасқан ел болған. Археологиялық қазба жұмыстары көрсеткенiндей, Месопотамиядағы әрбiр iрi қалада мектептер жұмыс жасаған, шаруашылықтың, мәдениеттiң қажеттiлiгiне қарай хат танитын адамдар дайындаған.
Қосөзенде алғашқы хат тану, хатшы даярлау “Тақта үйлерiнде” (шумер тiлiнде – Эдубба) жүргiзiлiп, сазбалшықтан кептiрiлiп жасалған тақтаға үшкiр таяқша арқылы әрiп белгiлерi (б.з.д. 3-мыңжылдықта) түсiрiлген. Оқу орнын Эдубба әкесi (мектептiң әкесi) басқарып, мұғалiмдi “үлкен аға”, көмекшiсiн “кiшi аға”, оқушыларды “мектеп балалары” деп атаған. Оқу бұл мектептерде бұрыннан қалыптасқан үлкен отбасы қауымының тәрбие дәстүрi негiзiнде ұйымдастырылған. Ал бiрiншi мыңжылдықтың басында ағаш тақталарға сүрiлiп, әрiптер жазатын болғандығы жайлы, мыңдаған тақталар, қираған арбалар мен үй жануарларының сүйектерi, т.б. дәлел. Мысалы, Ниппура қаласындағы қазба жұмыстарынан кiтапханалар мен аталған мұрағаттар табылған.
Эдубба (мектеп) бiртiндеп дербестiк алып, бұл шағын мектепте бiр ғана мұғалiм мектеп жұмысын басқарумен қатар, жаңа үлгi-тақталар дайындап, ондағы жазуларды оқушылар жаттап, жаттығу тақталарына көшiрiп жазған. Мектептерде жазу, есептеу, сызу, сурет сабақтарын жүргiзетiн арнайы мұғалiм қызмет атқарған. Мектептердегi пәндердi оқыту, тәртiп сақтау мәселелерiмен арнайы адамдар айналысқан.
Мектепте оқыту ақылы болған. Ата-аналар балаларының хат тануына ерекше көңiл аударып, мұғалiмнiң тәрбие бергенiне қосымша төлемақы берiп тұрған.
Мектептегi оқу оқушыларға қарапайым бiлiм берiп, хатшылыққа немесе шағын шаруашылық қәрекеттерiне дайындаған. Мектеп ағарту және мәдениет орталығы болған. Ол мектептердiң жанынан кiтапханалар (мысалы, Ниппур кiтапханасы б.з.д. 2-мыңжылдық) ашылып, онда бiлiм мекемелерi ретiнде патриархалды-отбасылық тәрбие берiлген, оқушылар қолөнер элементтерiне үйретiлген. Өйткенi, ежелгi Қосөзен мемлекеттерiнде бала тәрбиелеуге отбасы жауапты болған. “Хаммурапи Кодексi” бойынша әкесi баланы өмiрге дайындау ісімен айналысып, өз қолөнерiн үйреткен.
Мектепте “тақта үлгiсiндегi” оқу материалын есте сақтап, оқушылар “тақта-жаттығуға” көшiрiп жазатын, ал негiзгi оқыту әдiсi – бiрнеше рет қайталау, мәтiндердi есте сақтау және есептердi шешу болған. Қиын сөздер мен мәтiндердi мұғалiм түсiндiргенде өзара пiкiрлесу әдiстерi қолданылған. Оқушылар жұпқа бөлiнiп, кейбiр қағидаларды мұғалiм басшылығымен дәлелдеп немесе терiске шығарып отырған. Бiздiң заманымызға дейiнгi екiншi мыңжылдықта оқушының бiр күндiк оқуы туралы тақтаға жазылған құжатта мынадай мәтiн келтiрiлген:
Мұғалiм: - Оқушы, бiрiншi күні қайда барасың?
Оқушы: - Мен мектепке барамын.
Мұғалім: - Мектепте не iстейсiң?
Оқушы: - Мен тақтамды дайындап, ертеңгi асты iшемiн. Маған ауызша сабақ және жазба жұмыстарын бередi.
Сабақ бiтiсiмен мен үйге қайтып, әкеме жолығып, сабақтарды қалай оқығанымды әкеме айтып бергенде, ол қуанышқа бөленедi. Ертеңгiсiн тұрғанда шешемдi көремiн де: “Маған ертеңгi асты берiңiз, мен мектепке барамын, мектептен қалмауым керек. Кешiкпей барып, мұғалiмге иiлiп, сәлем беремiн” – деймін.
Әрине, оқушылар “Тақта үйiндегi” оқудың бiрiншi кезеңiнде оқу, жазу, есепке үйренсе, одан кейiн тағылымдық тарихты жаттап, аңыз-ертегiлердi, практикалық бiлiм мен дағдыларды игерiп, құрылыс жұмысына қажеттi iс құжаттарын дайындайды.
Мектептерде жазудан басқа тарих, математика, құқықтану, астрономия, механика, агротехника пәндері оқытылды. Онымен қоса әр саладағы өнердi игердi. Оқыту жүйесiнде практикалық жағынан оқушыны iс жүргiзуге, сот және әкiмшiлiк мiндеттердi атқаруға дайындады. Мектептегi оқытудың басты әдiсi – оқу материалдарын көшiру, жатқа айту, дауыстап оқу болды.
Мектептерде (б.з.б. 2 - мыңжылдықтың бiрiншi ширегiнде) Аккад және Шумер тiлдерi оқытылып, кейiннен Шумер тiлi ғылым мен дiн тiлiне айналды. Тақталардағы жазылған жазуларға қарағанда Эдуббаны (мектептi) бiтiрген оқушы жазуды игеру, арифметикалық төрт амалдарды, ән мен музыка өнерiн, заң нормаларын үйренгеннен кейiн, ана тiлi, математика мен астрономиядан бiлiмдер алады. Сонымен қатар, оқушылар егiстiк жердi есептеу, өз иелiгiндегi заттарын бөле бiлу, шүберек маталар, темiр-терсек, шөп-шаламнан хабардар болып, қолөнер, мал бағу әрекеттерiне бейiмделу мiндеттелiнген.
Вавилон патшалығының шарықтау кезеңiнде (б.з.д. 2-мыңжылдықтың бiрiншi жартысында) сарайлар мен гибадатханалар жанындағы ашылған мектептер кешендi бiлiм бере бастады. Ассириялық - жаңа вавилондық кезеңде (б.з.б. 1-мыңжылдықта) шаруашылық пен мәдениеттiң дамуымен бiрге Ежелгi Месопотамияда еңбектi бөлу үрдiсiнде хатшы мамандығы қажеттiлiгiнiң артуымен байланысты мектептерде оқытудың сапасы көтерiлдi. Мәселен, оқыту мазмұндарына философия, әдебиет, тарих, геометрия, заңтану, география пәндерi ендiрiлдi. Ассириялық - жаңа вавилондық кезеңде бай отбасындағы қыз балалар жазуға, дiнге, тарихқа және есепшотқа үйретiлдi.
Алғашқы пиктографиялық жазбалар табылған Ур қаласындағы Шумерлердiң жазу жүйесi мыңдаған әрiптерден құралып, ол таңбалар келе-келе 600-ге дейiн қысқартылған. Бұл тұңғыш әрiп таңбалары ХХ ғасырдың басында белгiлi ғалымдар Хоммель және Бертонулердiң ыждағатты еңбектерiнiң арқасында ашылды.
Ежелгi Шумер отбасы құқық кодексiнде жазылғандай, балаларын құлдыққа сатуға рұқсат етiлген. Оны растайтын құжаттар бүгiнгi күнге дейiн сақталған. Кейде бала сату – асырап алушы “әке” баланың әкесiнен ақша берiп сатып алған жағдайда, құжаттар арқылы заңдастырылған. Оның бiр себебi, ертедегi Месопотамияда әйелдердiң патриархалды отбасында бас бостандығы болмағандықтан, көп әйел алу шектелмеген. Ата-анаға күнкөрiс үшiн көп балаларының бiрнешеуiн сатуға ерiк берiлген.
Шумерлiктер егiншiлiкпен айналысқанда бидай, арпа егiп, арпадан ұн жасау, нан пiсiру, сыра ашытумен шұғылданған. Сонымен қатар, бұршақ, пияз, балықтарды аулап, iрi қара малдарды сүт үшiн ұстап, етiн пайдаланған.
Шумерлер қалалар салып, суда жүзген, әскери адамдарды ұстаумен қатар, ең бастысы жазуды жазып, оқуды оқи бiлдi. Шумер хатшылары өздерiнiң патшаларының ел басқару, жаугершiлiк жағдайларын қағазға түсiрген шежiрешiлер болған, олар алғашқы этикалық дастандар жазумен бiрге философиялық ой-толғауларында өмiрдiң мәнi, мақсаты жайлы да жазды.
Месопотамия жеріндегі Ур қаласында жүргізілген қазба жұмыстарында Шумер елінен сурет таңбалар түсірілген тақталарда (б.з.д. 3 – мыңжылдықта) балаларға арналған жазбалар табылған. Бұл кезең алғашқы қауымдастықтың тарауымен, яғни ой еңбегінің дене еңбегінен бөлінуі кезінде жазу-сызудың пайда болуымен байланысты туындаған.
Месопотамия халқының жартысынан көбісі құлдар деңгейінде болды. Оларды топ-топқа бөліп, үстерінен қарайтын адамдар белгіленді, оларға еңбектеріне қарай мемлекеттен бөлінген азық-түлік таратылып берілді. Азық-түліктерге қатал есеп жүргізілгендігі туралы шаруашылық есепшоттарының құжаттары табылуы есеп жүргізетін, хат танитын білімді адамдардың болғанын, олар арнайы хатшылар дайындайтын мектептерде даярлап отырғанын дәлелдейді.
Қосөзен мектептерінің мақсаты оқушыларды белгілі бір мамандыққа бейімдеп, хатшы болуға даярлау еді. Ежелгі Шығыс мәдениетімен айналысушылардың зерттеулеріне қарағанда 70 %-ға жуық хатшылар патша және ғибадатхана әкімшіліктерінде қызмет жасаса, хатшылардың 20 %-ы жеке адамдарға, ал қалғандары дәрігер, жрец (абыз) болып және басқадай жұмыстар атқарған.
Мектепке тартылған оқушылардың көпшілігі шенеуніктер мен ауқатты отбасыларынан (тек ер балалар) шыққан. Шамамен 500-дей хатшы балалардың әкелері қала бастықтары, дін жақтаушылар мен хатшылар болған. Араларында кедейлердің және құлдардың балалары да оқығандығы туралы жазбаларда кездеседі.
Бірақ та, жазу тілі, оның техникасы өте қиын болғандықтан оқушылардан ерекше тиянақтылық, ұстамдылық, қайсарлық қасиеттер талап етілген. “Тақта үйінде” жазу өнеріне оқушылар балалық шағынан кәмелетке толғанға дейінгі аралықтағы өмір жолын арнады.
Оқушылар ұзақ сонарлы сөздерді (өсімдіктер, жан-жануарлар, әртүрлі заттар, т.б.), әдеби және іс-құжаттар мәтіндерін (келісімшарт) көшіріп жазып, оқып, тіл байлықтарын дамытуға талпынатын.
Ежелгі Вавилон дәуірінде әдеби шығармалар (Гильгамеш туралы эпос, мақал-мәтелдер, өсиет, т.б.) шумер тілінде жазылғандықтан, іс-қағаздар да шумер тілінде толтырылған. Сол себепті, оқушылар тарапынан шумер тілін жаттау табандылықты, көп уақытты талап еткен.
Оқушылар шумер-аккад екі тілді мәтіндерді оқу үшін аккад тілінен шумер тіліне, одан қайтадан аккад тіліне аударып отырған. Бұған шығыс елдерінің кітапханаларында сақталған шумер-аккад тілдеріндегі сөздіктер және грамматикалық жаттығулар нақты дәлел бола алады.
Мектептерде оқушылардан шумер тілінде сөйлесу талап етілген, бұл талапты ұстамағандар жазаланып отырылған. Мектептерде балалар тарихтан, географиядан мәлімет алып, ертедегі патшалардың ерліктері және жорықтары жайлы әңгімелер тыңдап, Қосөзендегі қалалардың тізімдерін, аттарын, шаруашылықтарын жаттап алуға дағдыландырылған. Бірақ мектеп географиясының мазмұндық ауқымы тарлау болды. Мысалы, балаларды Африка мен Үндістанға апаратын жолдармен таныстырғанда ол елдердегі қалалар, сауда-саттық, шаруашылық мәселелері оқыту мазмұнында қарастырылмады.
Мектепте математиканы оқытқанда оқушылар есеп-жинақтарын көшіріп жазуға, жұмысты орындаушылардың еңбек ақыларын есептеуге, егін алқаптарын өлшеуге, т.б. практикалық әрекеттерге үйретілді. Математикамен бірге олар әртүрлі заң жинақтарын талдап, құқық нормаларымен таныстырылды.
Әсіресе, Вавилон патшасы Хаммурапидың б.з.д. ХҮІІІ ғ. заңдары мектепте кең түрде оқытылды.
Оқушыларды іс жүргізуге даярлауда сот және әкімшілік міндеттерін атқаруға практикалық жағынан дайындау мәселесіне ерекше орын берілді.
Шумер мектептеріндегі басты оқыту әдісінің бірі – оқу материалдарын қайта көшіру және бірнеше рет дауыстап оқып, жаттап алу болған. Шумер және Вавилон мектептеріндегі оқушы өз сабағын тақтадан көшіріп алатын болса, Египет мектебінде мұғалімнің ауызша айтуынан жазып алған. Шумер мектебінде жазуды (б.з.д. XVIII-XVI ғғ.) ендіргеннен кейін тақтадан көшіріп жазу әдісі сирек қолданыла бастаған. Саз балшықтан жасалған тақтаның екінші бетінде оқушы мәтінді таза жазып, үлгі ретінде ұстайтын болған. Ал, тақтаның соңғы бөлігі тексерілгеннен кейін өшіріліп, қайтадан жазылып, қолды тез жазуға жаттықтырған. Оқушының тез жазуды меңгеруі мұғалім тарапынан әр уақытта қолдау тапқан.
Археологтардың қазба жұмысы көрсеткендей, Суз қаласында (б.з.д.2-мыңжылдықта) мектеп бөлмесінің бұрышында сазбалшық илейтін астау табылған, онда саз тақталары даярланған. Пайдаланылған және ұсталынған саз тақталарды арнайы астаушаға жинап, қайтадан илеп жаңа тақталар жасаған. Осы типтес екі бөлмелі мектепте, Ефрат өзенінің орта ағысына орналасқан Марен қаласындағы қазбадан анықталғандай, әр бөлмеде күйдірген кірпіштен құрастырған 3-4 оқушыға арналған орындықтар табылған. Бұл мектепте 30-40 % оқушы оқыған. Мектепте әрбір кіші оқушыға көмек көрсету үшін аға оқушы бекітіліп, тәртіпті қадағалап отыруға тиісті болған.
Ертедегі Вавилон дәуірінде шумер тілінде жазылған мәтінде әкесінің баласына айтқан кеңесі келтірілген. Мысалы, “Мектепке барғанда “мектеп әкеңе” тік тұрып орындаған тапсырмаларды айт. Дорбаңды ашып, тақтаңа жазу жаз, “аға оқушы” жаңа тақтаға тапсырманы жазсын. Содан кейін тапсырманы орындаған соң қадағалаушыға көрсет, бірден маған кел, көшеде қаңғырма”, – дейді.
“Мектеп әкесі” (мұғалім) оқу тапсырмасының жалпы мазмұнын және көлемін анықтап, кей жағдайда оның орындалуын бақылаған, ал көпшілігінде “аға оқушы” баланы оқуға үйретіп, қолын жазуға жаттықтырған, әріптерді тақтаға түсіруге көмектескен, тақталар дайындап, көшірілетін мәтіндерді белгілеп, оның тиянақты орындалуын қадағалаған. Үй тапсырмасын тексеру, оқу материалын ұғындыру, әңгімелеу, ақыл-кеңестер беру “аға оқушының” міндетіне кірген.
Шумер мектептерінде мұғалім және “аға оқушыдан” басқа “қадағалаушы” да болғандығы жайлы деректер де кездеседі. Аға оқушылардың арасынан “қадағалаушы” міндетін атқаратын оқушылар болған. Олардың бірі мектептегі тәртіпті қадағаласа, екіншісі оқушылардың сабақтағы жұмыстарына назар салған. Әрине, мектепте жазалау болған, оқушы кешіксе, шумер тілінде сөйлегісі келмесе, сұраусыз сыныптан шықса, “қадағалаушылардың жазаларынан” құтыла алмайтын.
Месопотамияда сабақты түсінбегені үшін жаза қолданылмаған, қайта “аға оқушы” қол ұшын беріп көмектесуге міндеттелген. Егер оқушылар арасында дау-жанжал туса, “қадағалаушының” араласуына ерік берілген. “Аға оқушының” талабын орындамаған жағдайда мұғалім кіші оқушыны жазалауды “қадағалаушы” оқушыға жүктеген. Мысалы, “қадағалаушыға” оқушыларды шыбықпен ұруға, аяғын шынжырға байлауға немесе екі айға дейін мектепте үйіне жібермей ұстауға ерік берілген. Мұғалім оқушылар арасында күрделі дау-жанжал болғанда ғана араласып, шешім жасаған.
Әкеден балаға өсиет ету Ежелгі Таяу Шығыс қоғамына тән. Ежелгі Вавилон Хаммурапи кодексінде жазылғандай, әке баласына қолөнерін үйретуі тиісті болған.
Қосөзенде б.з.д. екінші мыңжылдықтың аяғы мен бірінші мыңжылдықтың бірінші жартысында мектеп арқылы білім беру ісі нашарлай бастады. Мәселен, мемлекеттік биліктің дәрежесі әлсіреген, шенеуніктерді даярлауға қажеттілік азайған кездерде, мектеп білімінің сапасы төмендей түсті. Бұл кезеңде мектептегі білім беру жеке дараланған оқуға көшті, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа білім беру дәстүрі отбасы тәрбиесі көлемінде жүргізілді.
Таяу Шығыс тарихын зерттеуші И.М.Дьяконов айтқандай, мектептегі оқудан жеке-дараланған оқуға көшу б.з.д. 2- мыңжылдықтың ортасынан бастау алғандығы байқалады.
Сонымен, шумер мектептеріндегі мектеп ұжымының бағыт-бағдары шумер қоғамының құрылымдық жүйесіне негізделді. Мәселен, патша билігі Египеттегі патша билігімен салыстырғанда әлдеқайда төмендеу болған. Осыған байланысты мектеп мұғалімінің ықпалы мұнда орташа деңгейде болды деп айтуға негіз бар.
Әкенің баласына педагогикалық ықпалын мысал ретінде зерттеушілер “Хатшы әкенің қиқар баласымен әңгімесі” деген мәтінді келтіреді. Ол мәтінде әкесі баласының оқығысы келмей, көшеде бос жүрудің орнына мектепке барып, хатшы өнерін үйренуді міндеттейді.
Хатшы өнері – ең қиын мамандықтың бірі, бірақ адам өміріндегі ең қажетті мамандық болды. Әкесінің өзі хатшы болған, ал баласы осы қызметті қалауы тиіс, өйткені қоғамдағы қалыптасқан тәртіп – баласы әкесінің мамандығын үйреніп, оны жетілдіріп, күнкөріске айналдыруы керек. Ежелгі Вавилон дәуіріндегі негізгі құдайлардың бірі – “Энлил айтты” деген аңызда: “әкенің ісін баласы жалғастырғаны жөн, өйтпесе, ол ешқашанда абырой-атаққа ие болмайды. Міне, балам, құдайдың айтқан өсиетін орындау міндет”, -- делінеді.
Демек, Таяу Шығыс жерiнде тұңғыш орнаған 300 жылдық Шумер мәдениетi оны өркениеттi ел ретiнде танытты. Содан кейiн, Шумер мәдениетi сақ аумағына ойысып, көне түрiк өркениетiнiң дамуына ықпалын тигiздi. Шумерлер тайпасы сақтардың азиялық тумасы б.з.д. 4-мыңжылдық соңында Тигр мен Евфрат алқабын игерiп, Қосөзенде Шумер мемлекетiнiң өркендеу кезеңiн басынан өткерді. Сөйтiп, шамамен олар жарты мыңжыл өмiр сүрiп, үшінші мыңжылдықтың соңы мен екінші мыңжылдықтың басында Шумер мемлекетінің тiршiлiгi тығырыққа тiрелдi. Өйткенi, Шумер мемлекетiнiң жан-жақтан қоршаған жаулары – Месопотамия территориясына басып кiрiп, өздерiнiң жаңа астанасын Вавилон қаласына орналастырды. Вавилон мемлекетiнiң өркендеуi шумер халқының саяси тәуелсiздiгiн жойып, шумерлiк өркениеттi түгелдей, яғни шумер жазуын, өнерiн, әдебиетiн, бiлiм жүйесiн, дiн ұстанымдарын шағын өзгерiстер енгiзе отырып игерiп алды.
Жалпы айтқанда, шумерлер бiздiң заманымыздан бұрынғы 2500 жылдары Тигр және Евфрат өңiрiнде тiршiлiк жасап, соңында үздiксiз соғыс экономикасын, шаруашылығын төмендеткеннен кейiн Еуразия далаларына қоныс аударуға мәжбүр болғандықтан, олардың ұрпақтары сақтарға қосылып кеттi.
Ежелгі таяу және Қиыр Шығыс мемлекеттерінде тәрбие мен оқыту қалыптасу кезеңін бастан өткізді Ежелгі Шығыс мәдениетіндегі қоғамдық құндылықтар жүйесінде адам ерекше орын алды. Сонымен, Қосөзендегі, Ежелгі Египеттегі, Үнді және Қытай секілді Ежелгі өркениет елдеріндегі мектепте төмендегідей сипаттама беруге болады. (Кесте-2)

Кесте 2 - Ежелгі өркениет елдеріндегі мектеп



Р/с

Елдердің аты

Мектептерде сипаттама



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   113




©engime.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет