Тарихилық және қисындылық ұстанымы - зерттеу жұмыстарында объектінің тарихын ( генетикалық қыры), теориясын (құрылымы, қызметі, объектінің қазіргі жағдайы) және оның даму болашағын бірлікте зерттейді. Тарихи талдаудың қажеттігі - объектінің құрылымы мен қызметін талдау, белгілі бір ғылыми тұжырымдама жасау үшін керек. Ал теориялық талдау қажеттігі - объектінің генезисін (пайда болуы, қалыптасуы) қарастырмай, ақиқатқа жетуі мүмкін емес. Сондықтан да, тарихи-педагогикалық және теориялық-педагогикалық зерттеулердің бір-бірінен айырмашылығы зерттеушінің ғылыми болжамына байланысты болады. Қарастырып отырған ұстанымнан шығатын талап - зерттеудің сабақтастығы, жинақталған тәжірибе, дәстүр, ғылыми жетістіктер, бұрынғы зерттеу объектілерінің генезисін тарихи-педагогикалық тұрғыдан талдаудан шығады.
Жалпы ғылыми ұстанымның бірі – тұжырымдамалық бірлік ұстанымы. Зерттеуші ғылыми тұжырымдама жасау үшін басқа зерттеушілердің тұжырымдамалық пікірлерін талдап, негіздеп, ізденіс жүргізу барысында зерттеудің алдына қойған мақсат-міндеттерін, ғылыми болжамын анықтап, ғылыми ізденісін жүргізетін болса, нақты ғылыми жетістіктерге жетуіне болады. Ол үшін алғашқы ғылыми болжамын тексеріп, дамытып, қажет болса, іздену барысында түзетулер енгізіп, тұжырымдамасын жетілдіреді. Сонда ғана ғылыми ізденіс өз нәтижесін береді.
Әлеуметтік педагогикалық үрдістің ішкі және сыртқы факторларының қызметтері мен дамуы, олардың элементтері мен қарым-қатынастарының байланысы тарихи-жүйелілік тұрғыда зерттелуі тиіс. Тарихи - жүйелілік ұстанымы жалпы ғылыми әдіснамалық зерттеудің бір ұстанымы ретінде педагогикалық үрдістің және бір-бірімен байланысты құбылыстарды жүйелі зерттейтін өзіндік сапасымен сипатталатын ғылыми әдістердің бірі.
Тарихи - жүйелілік әдісі төменде ұсынылған қағидаларға негізделіп, объектілердің сапасын және оны жетілдірудің жолдарын анықтауға көмектеседі, олар:
сыртқы ортаға байланысты жүйенің тұтастығы және оны ортамен бірлікте зерттеу. Мәселен, білім беру мәселесін жүйелілік ұстанымы арқылы зерттегенде елдің әлеуметтік-экономикалық даму үрдісімен қатар қоғамның талабына орай ұштастыра зерттеу керек;
біртұтас педагогикалық үрдістің құрамды бөлшектерін бөліп алып зерттеу элементтердің сапалық қасиеттері белгілі бір жүйеге жатуына байланысты болады, ал тұтас жүйенің сапалық жүйесі жеке элементтерінің сапалық қасиеттерімен ұштаспайды;
жүйенің элементтері бір-бірімен байланысты болғанымен де, олардың ішінен ең басты жетекші жүйе құрушы элементті бөліп алып, қарастыру қажет;
элементтердің жиынтығы - объект жүйесінің құрылымы мен ұйымдастыру технологиясы жайлы түсініктер береді;
жүйе элементтерінің бірімен бірінің байланыстарын арнайы реттеу және элементтердің өзгеріске түсуін басқару (мақсат қою, құралдарды таңдау, бақылау, түзету, қорытындысын талдау).
Білім беру жүйесін біртұтастық ұстаным тұрғысынан зерттегенде педагогикалық үдерістің кей қырларын, элементтерін, қарым-қатынастарын бөлшектеп қарастырғанда өте сақтықпен зерттеу керек.
Тарихи және психологиялық-педагогикалық үдерістегі өзара байланысты синергетика – қазiргi бiрлескен iс-әрекет теориясы зерттейдi. Бұл теория тұтас жүйенiң тұрақты болмай, өзгерiске түсетiндiгiн ескерiп, тұтастықтың жоспарланған басты бiр нұсқасын алып, болжамдалған нұсқаны нақты жағдаймен байланыстыру синергетикалық үрдiстiң мағынасын ашады.
Педагогикалық жүйенiң бiр-бiрiмен байланысы: бiлiм мен тәрбие мақсаты, оның тарихи аспектiсi, педагогикалық үдерістің субъектiсi, педагогикалық идеялар мен ой-пiкiрлер, бiлiм мазмұндары (жалпы, базалық және кәсiби мәдениет), материалдық базасы, т.б. бiрлiгi және құрылымдық-функциялық қызметтерi тұтастық арқылы зерделенедi.
Iс-әрекеттік тұғыр тарихи-педагогикалық және психологиялық-педагогикалық зерттеулерде нақты ғылыми-әдiснамалық ұстаным ретiнде танылады. Педагогикалық үдерістi қайта құру немесе өзгерiстер енгiзудiң алғашқы формасы – еңбек. Адамның материалдық және рухани байлықтарды жасаудағы iс-әрекеттерi еңбек барысында атқарылып, айналасын қоршаған дүниенi шығармашылықпен өзгерiске түсiредi. Табиғатты өзгерту арқылы адам өзiн де өзгертiп, өзiн дамыту субъектiсiне айналдырады. Белгiлi психолог А.Н.Леонтьев адамзат мәдениетiнiң жетiстiктерiн игеруде - әр жаңа ұрпақ алдыңғы ұрпақтың тәжiрибесiн, қызметiн, iс-әрекетiн атқару арқылы оның жетiстiктерiн одан әрi жетiлдiредi деп есептеді. Сондықтан оқушыларды өмiрге және жан-жақты iс-әрекеттерге дайындауда олардың мүмкiндiктерiн ескерiп, өмiр тiршiлiктерiне қажеттi iстерге тартып, олардың өмiрiн әлеуметтiк және адамгершiлiк тұрғыдан ұйымдастыру қажет.
Ал мәдениеттану тұғыры– оқушының жеке тұлғасын зерттеп, құндылық бағдарын қалыптастыруда аксиологиялық құндылық iлiмiне сүйенiп, нақты ғылыми әдiснама ретiнде таным мен педагогикалық iс-әрекеттердi қайта құруға немесе өзгерiстер енгiзуге бағыт-бағдар бередi. Мәдениеттану тұғыры арқылы жеке тұлғаның мәдениетпен объективтiк байланысы негiзiнде оның мiнез-құлқындағы құндылықтар жүйесiн зерттейдi. Өйткенi адам мәдениет арқылы дамығандықтан сол мәдениетке жаңа элементтер енгiзуге үлес қосады. Сол себептен адам мәдениет құндылықтарының жүйесiн игерiп өзiн-өзi дамытса, екiншi жағынан, оның шығармашылықты жеке тұлға болып дамуына жағдай туады.
Этнопедагогикалық тұғыр мәнi – оқушы этностың бiрiне жататын әлеуметтiк-мәдени ортада өмiр сүредi, бiлiм мен тәрбие алады. Халықтың ұлттық салт-дәстүрiне, оның мәдениетiне, дiлiне, ұлттық-этникалық психологиясына, әдет-дағдыларына сүйенiп, педагогикалық үдерістің жобасын жасап, жоспарлап ұйымдастырады. Әртүрлi бiлiм мекемелерiнiң ортақ мақсаты – оқушы-жастардың ұлттық мәдениетке ынта-ықыласын арттырып, оларға өзiн-өзi тәрбиелеуге жағдай туғызу болып табылады, педагог бұл ортаны жан-жақты зерттеп, әр этнос оқушыларының бiр-бiрiмен адамгершiлiк қарым-қатынас жасауына жәрдемдесiп, балаларды тәрбиелеуде ата-аналардың тәрбиелiк мүмкiндiктерiн пайдаланып отыруы керек.
Ғылыми зерттеу iзденiсiнiң қисынына сай зерттеу әдiстерiн анықтауда олардың тарихи, теориялық және практикалық әдiстер кешендерiнен құралатынын және бiлiм беру үдерісі қиын да, көп қызметі болатындығын ескерiп, орнымен қолдана бiлу керек. Осыған байланысты тарихи және педагогикалық мәселелердiң аспектiлерi мен параметрлерi жан-жақты нақты түрде анықталып алынуға тиiс.
Ғылыми-зерттеу әдiстерiн үш топқа: тарихи-теориялық зерттеу әдiсi; педагогикалық ойлар, идеялар және тарихи-педагогикалық тәжiрибелердi зерттеу әдiсi; математикалық және статистикалық әдiстер деп бөлiнедi.
Тарихи-педагогикалық зерттеу әдiсi мұрағат құжаттарын, тарихи-педагогикалық құбылыстарды зерттеу арқылы педагогикалық ой-пiкiрлердi, идеяларды, теориялар мен тәжiрибелердi жүйелеу негiзiнде ғылыми-тарихи ақпараттар жинастыруды, олардың өзара байланыстарындағы заңдылықтарын, қарым-қатынастарын айқындауды қамтамасыз етедi.
Тарихи-теориялық зерттеу әдiстерi – тарихи-педагогикалық құбылыстардың кейбiр жақтарын, белгiлерi мен ерекшелiктерiн тарихи-теориялық тұрғыдан талдайды. Кейбiр деректерді талдағанда оларды мазмұндық жақтарына қарай топтастырып және жүйелеп, зерттеушiлер педагогикалық құбылыстың жалпы белгілерін және ерекшелiгiн айқындайды. Тарихи-теориялық зерттеулерде индуктивтi және дедуктивтi әдiстер қолданылады. Индуктивтi әдiсте iзденушiнiң ойлау қабiлетiн жеке пiкiрден жалпы қорытынды жасауға итермелесе, дедуктивтi әдiс – керісінше, жалпы пiкiрден жеке қорытындыға келуге бағыттайды.
Тарихи-теориялық әдiс iзденушiнiң зерттеу мәселесiн анықтауға, болжамын және жиналған дәйектерге баға беруде пайдаланылады. Бұл әдiс деректерге байланысты әдебиеттердi талдаумен: жалпы адамтану мәселелерi бойынша классиктердiң еңбектерін зерделеу және педагогика тарихы әдiснамасын басшылықа алу; тарихи-педагогикалық жұмыстармен, мұрағат құжаттарымен танысу; күнделiктi педагогикалық баспа бетiнде жарық көрген материалдарды оқу; мектеп, оқу-тәрбие үдерісі және озат педагогикалық тәжiрибелер жайлы жазылған монографиялық еңбектер және ғылыми әдебиеттер, педагогика пәні оқулықтарымен, оқу-құралдарымен танысу.
Зерттеушiнiң ғылыми әдебиеттермен танысудағы жасайтын iс-әрекеттерi:
- зерттеу мәселесiне байланысты әдебиеттер тiзiмiн түзу;
- зерттеудің басты мазмұнына және басты идеялар мен қағидалардан қысқаша конспект жасау;
- әдебиеттегi қажеттi сiлтемелердi, ой-пiкiрлердi, сандық мәлiметтердi немесе дәйектерді мәтiнiнен сөзбе-сөз жазып алу.
Тарихи-педагогикалық тәжiрибелердi зерттеу әдiсi кейде дәстүрлi педагогикалық әдiс деп аталады. Бұл әдiстердi кезiнде Платон, М.Ф.Квинтилиан, Я.А.Коменский, И.Песталоцци де қолданған, қазiргi ғылымда да пайдаланылады. Педагогикалық тәжiрибелердi зерделеу, бақылау, әңгiмелесу, сауалнама жүргiзу, оқушылардың шығармашылық жұмыстарын, мектеп құжаттарын талдау, т.б. зерттеу әдiс-тәсiлдерi iзденiс жұмыстарында қолданылады.
Байқау – жаңа педагогикалық құбылыстарды мақсатты түрде қабылдап, оларды бұрынғы қоғамның даму кезеңдерiндегi мектептер мен педагогикалық ойлардың даму сатыларындағы ұқсас құбылыстармен салыстырып, олардын араларындағы сабақтастықты, оқыту мен тәрбиелеу үрдiсiндегi кемшiлiктер мен жетiстiктерiн саралап дәлелдейдi. Байқау тәсiлi өте қарапайым ұйымдастырылады. Бiрақ, оның кемшiлiгi, зерттеушiнiң тұлғалық ерекшелiгiне, көзқарасына, ынтасына, психикалық күйiне орай субъективтiк қорытынды жасалуы мүмкiн.
Әңгiмелесу -қосымша ақпараттар алуда педагог ғалымдармен, ағарту саласына еңбегi сiңген адамдармен алдын-ала күрделi мәселелерге байланысты, сұрақ-жауап түрiнде әңгiмелесу арқылы тиiстi жауаптар алынып, жүйеленедi. Әңгiмелесуде жауап берушiнiң ақпараттары тiкелей жазылмай, сырласу жағдайында күдiк туғызбайтындай түрде жүргiзiледi, зерттеушi материалдарды есте сақтауға тырысады.
Сұхбат – бұл зерттеудiң дербестiк және қосымша әдiсi, байқаудың жетiспей жатқан және алған ақпараттардың толық болмау жағдайларында қолданылады. Бұл тәсiл – әлеуметтану ғылымынан педагогикаға енгiзiлген әдiс. Зерттеушi алдын-ала беретiн сұрақтарын дайындап алып, сұхбаттасқан адамға бiр жүйемен сұрақтар берiп, оның жауаптарын көзбе-көз жазып алады. Мысалы, ағарту саласымен шұғылданатын тарихшы ғалыммен педагогика тарихы жайлы мәселелер төңiрегiнде сұхбатасқанда, сұхбатты қолма-қол қағазға түсiредi.
Сауалнама жүргiзу – материал жинауда көпшiлiкке сауалнама сұрақтары таратылып, дiттелген мәселелер аумағында адамдардан жазбаша жауаптар алады. Әңгiмелесу мен сұхбат бетпе-бет ұйымдастырылса, сауалнама – сырттай берiлген сұрақтарға жазбаша жауап алатындықтан оларды математикалық әдiспен талдап қорытынды шығаруға болады.
Байқау, әңгiмелесу, сұхбаттасу, сауалнама жүргiзудiң нәтижесi берiлетiн сұрақтардың мазмұндары мен құрылымдарына байланысты болады.
Байқау объектiсiн белгiлеу мен сұрақтарды құру төмендегiдей кезеңдерден тұрады:
- байқау мен сұрақтардың мақсат және мiндеттерiн белгiлеу, сұрау объектiсiн және пәнiн, жағдайын, мүмкiндiктерiн таңдау;
- алынатын ақпараттардың бағдарын анықтау және қойылатын сұрақтардың бiрнешеуiн алдын-ала құрастыру;
- алдын-ала жасалған сұрақтарды тексерiстен өткiзу, қажеттiк туғанда оларға түзетулер еңгiзу.
Математикалық және статистикалық әдiс - әр кезеңдегi тарихи-педагогикалық материалдарды салыстыру, жалпы сұрақтар мен эксперимент мәлiметтерiнiң қорытындысын шығаруда қолданылатын әдiс. Бұл әдiс тәжiрибелiк-эксперимент жұмыстарының қорытындысын сенiмдiлiкпен бағалауға жағдай туғызады. Ал, статистикалық әдiс көптеп жинақталған материалдарды жүйелеп қорытуда арнайы формула арқылы есептеп, қорытындысын график, диаграмма, кестелер арқылы шығаруға мүмкiндiк бередi.
Түйіндей келе, педагогика тарихының зерттеулерінде әдістері жоғарыда көрсетілген әдіснамалық ұстанымдар негізінде тарихи-педагогикалық зерттеу әдістері қолданылады. Олар:
- кешенді әдістер (жалпы ғылыми әдіс – тарихилық және қисындылық);
тарихи әдістер (тарихи-генетикалық, тарихи салыстырмалы, тарихи жүйелілік);
педагогикалық әдістер (теориялық педагогикалық талдау, педагоги -калық тәжірибені қорытындылау);
архив құжаттарын оқып, талдау;
мектеп құжаттарымен танысып, мамандардың құрамы мен оқушы лардың санын анықтау әдістері;
зерттеу нәтижесі мен сапасын бағалау әдістері, т.б.
Тарихи- педагогикалық зерттеулердің әдіснамасында (әдіснамалық тұғыр, ұстаным, мәселелер, тарихи- педагогикалық зерттеулердің әдіснамалық қызметтері мен әдістері) тағы бір ескеретін жәйт зерттеудің тарихи көздері (мәдениеттің өнімдері, адам әрекетінің объективті нәтижесі) барлық гуманитарлық ғылымдар үшін ортақ болып келді де, олар ғылымаралық зерттеулердің негізін құрайды, тарихи- салыстырмалы зерттеудің пәніне айналады. Қазіргі уақыттағы әдіснаманың көптігі (полиметодологизм), тарихи білімді гуманитарландыруға ұмтылу, интеграциялық үрдістердің күшеюі тұсында тарихи- педагогикалық зерттеудің зерттеу көздері арқылы бағалануы негізделуде, тарихи- педагогикалық зерттеу көздері де зерделенуде. Сондай-ақ, тарихи- педагогикалық дерекнама, тарихнама, тарихи- педагогикалық объектіні сапалық және сандық сипаттау, тарихи- педагогикалық дәйек, құбылыс, үрдіс, жеке тұлғалардың жігін ажыратып, олардың шындықпен бағалануы ең маңызды әдіснамалық мәселелер болып отыр. Тарихи- педагогикалық зерттеулер жіктемесі де жасалуда: жалпы педагогика тарихы, дидактика тарихы, мектептану тарихы, тәрбиенің әр түрлі салаларының тарихы; орта және арнайы, жоғары, кәсіптік- техникалық білім тарихы; әр түрлі педагогикалық мәселелер, ағымдар, бағыттар, білім мекемелері тарихы; жеке тұлғалардың тарихы және т.б. Әлі де педагогика тарихында зерттелетін және зерделенетін мәселелер көп-ақ. Педагогикалық құбылыстың мәніне нақты тарихи көзқарас қалыптасып аяқталған жоқ. Өйткені, тарихи-педагогикалық зерттеулердің талдану жүйесі көбінесе мемлекеттік идеологияның талаптарынан асып кете алмады, себебі идеология білім мекемелерінде доктрина есебінде іске асырылмады. Кеңес үкіметі кезінде таптық күрес доктринасы басым болды. Соңғы уақытта тарихи- педагогикалық құбылысты ұлттық идея тұрғысынан бағалау, ой елегінен өткізу жолдары ұсынылуда. Ұлттық білім беру жүйесі- әлемдік білім беру жүйесінің бір бөлігі. Көп уақыт педагогика тарихында партиялылық, әлеуметтік- таптық, мәдени- тарихи тұғырлар педагогикалық фактілерді, құбылыстарды, үдерістерді, нәтижелерді талдауда бірден-бір басшылыққа алынған бағдарлар ретінде орын алды. Әрине бұндай жағдайды тарихи-педагогикалық білім мен мәліметтердің бұрмалалануы да орын алды. Педагогика тарихы кейде ұлттық мүддеден тыс қарастырылды, негізінен Батыс Европа мен Ресей педагогикасының тарихы мысалында зерделенді. Дегенмен, тарихи- педагогикалық үрдіс нағыз ғылыми тұрғыда қарастырылып, зерттелуі қажет-ақ.
Бүгінгі күндегі мектептегі білім берудің дамуы олардың негізі болған кешегіні білмей, даму бағытын, заңдылықтарын білмей дұрыс түсінуге және бағалау мүмкін емес. Тарихи- педагогикалық тәжірибе көрсеткендей, кешегі тарихымыздан бүгінгі күннің педагогикалық құбылыстары мен жүйесінің негізін табады.
Тарихи-педагогикалық әдіснама тұтас тарихи- педагогикалық процестің құрылымының сипаты мен құрамдас бөліктерін объективті ғылыми- тарихи зерттеуді талап етеді. Осы жағдайда ғана, тарихи педагогика өз қызметін атқара алады:
а) теориялық танымдық;
б) әлеуметтік- аксиологиялық;
в) дәлелдік-сындық;
г) эвристикалық;
д) тәрбиелік;
Осылайша тарихи- педагогикалық және қазіргі тарихи- педагогикалық үрдісті тұтастай уақыттық компоненттерді құрайтын ішкі тұтастықпен анықталады. Өткен тарихи педагогика - қазіргі кез - педагогикалық болашақ, олардың ешқайсысы бөлек оқытылып нәтиже әкелмейді.
Дүние жүзінде әдіснаманың даму бағытына байланысты оның ішінде педагогика ғылымында зерттеуде әдіснамалық-теориялық білім жүйесіне, ұстанымы мен әдісіне сүйену қажет. Жалпы ғылымда диалектикалық әдіске сүйену қажет.
Ерте дүние тарихына жаңа әдіснамалық көзқараспен қарау дегенде, бұрынғы кезеңдегі қоғамдық құбылыстардың ерекшеліктерін ескеріп ғылыми айналымға түсіргенде, зерттеушілер сол кездердегі қоғамдағы қайталанбас жекелеген құбылыстардың, бүгінгі өмір жағдайына байланысты өлшемдермен сәйкес келмейтін өзгешеліктеріне ерекше саналы қарап, оны ғылыми талдауда ескеруі тиіс.
Қазақстан Республикасы көп ұлтты ел болғандықтан, бірлік пен келісімге құрылған мәдениетті тұлғаны тәрбиелеуде, тек жеке тұлғаның іс-әрекетіндегі шығармашылық мәдениетін дамытумен ғана шектелмей, субъектінің қоғамдық құндылығын тәрбиелейтін міндеттерін – ізгілік бұқарашылық ұстанымдарына құру қабілеттері дамытылуы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |