Педагогика


ІІбөлім. Педагогиканың теориялық–әдіснамалық негіздері



бет27/123
Дата08.02.2022
өлшемі1,65 Mb.
#118912
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   123
Байланысты:
УМКД педагогика 2018

ІІбөлім. Педагогиканың теориялық–әдіснамалық негіздері


Дәріс №5-6 Педагогика адам туралы ғылым жүйесінде


Жоспар:

  1. Педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуы

  2. Педагогиканың обьектісі, пәні мен міндеттері және қызметтері

  3. Педагогиканың негізгі категориялары

  4. Педагогика ғылымының жүйесі

  5. Педагогиканың басқа ғылымдармен байланысы.



Мақсаты: педагогика пәнінің негізгі ұғымдарын анықтау, педагогиканың қазіргі кездегі міндеттерін түсіндіру. Педагогика ғылымының салалары мен олардың айналысатын мәселелерін анықтау, жаңа салаларына сипаттама беру.


Негізгі ұғымдар: педагогика, педагогика обьектісі, педагогика пәні, педагогиканың қызметтері, педагогикалық үдеріс, педагогика ғылымдарының жүйесі

Педагогика термині гректің «paida» - бала, «qoqik» - жетектеу деген сөздерінен құралған. Ежелгі Грецияда құл иеленушілердің балаларын мектепке жетектеп алып барып, алып келетін құлдарды педагог деп атаған. Біртіндеп «педагог» деген сөз анағұрлым кең мағынада – баланы өмірде жетектеуші – деген мағынада қолданыла бастады. Яғни баланы оқытатын, тәрбиелейтін, оның еркі мен денесін тәрбиелейтін адамды педагог деп атады. Уақыт өткен сайын бала тәрбиесі жайлы білімдер жинақталып, педагогика деген ғылымның негізін құрады. Сөйтіп педагогика баланы оқыту және тәрбиелеу жайлы ғылым болып қалыптасты.


Сонымен, педагогика – жалпы адамды тәрбиелеу туралы ғылым. Бұл анықтамадағы тәрбие деген сөз кең мағынада қолданылып отыр, яғни тәрбиелеу дегеніміз – білім беру, оқыту, дамыту.
Қазіргі кезде педагог деп арнаулы білімі бар, бала тәрбиелеу мен оқыту ісімен айналысатын маманды айтады. Педагогика пәні – тәрбие процесі.
Әрбір ғылымның өзіне тән негізгі ұғымдары (категориялары) болады. Ұғымдар (категориялар) – обьективтік құбылыстарды, қатынастарды, қасиеттерді бейнелейді. Педагогикалық ұғымдар арқылы педагогикалық құбылыстарды, олардың өзара байланысын байқаймыз. Педагогикада мақсат, әдіс, құрал, даму, қалыптасу, тәрбие сияқты т.б. көптеген ұғымдар кездеседі. Осылардың ішінде ең негізгілері – тәрбие, білім беру, оқыту. Қалған ұғымдар басқа ғылымдарға да ортақ, мысалы философия, психология, т.б. Сондықтан оқыту мен тәрбиеге ортақ осы үш ұғымды анықтайық.
Тар мағынада, тәрбие деп мұғалімнің және тәрбиешінің ата- аналармен бірігіп, мақсатты түрде жүргізетін тәрбие жұмыстарын айтады. Әрине, тәрбие тек ата-ананың немесе тәрбиешінің ғана жұмысы емес, тәрбие көптің ісі. Кең мағынада, тәрбие дегеніміз табиғат пен әлеуметтік ортаның, мектеп пен ата-аналардың, бүкіл қоғамның жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына ететін ықпалы.
Білім беру деп табиғат пен қоғам жайында ғылымда жинақталған білім жүйесін жеке адамның меңгеруін және оны өмірде тиімді етіп қолдана білуін айтады. Білім беру ұғымын педагогикаға алғаш енгізген швейцар педагогы Иоганн Генрих Песталоцци.
Оқыту – білім берудің негізгі жолы. Оқыту мұғалім мен оқушының арасындағы екіжақты процесс. Біріншіден, мұғалім оқушыларға білім беріп, іскерлік пен дағдыларға үйретеді. Екіншіден, оқушы сол білім, іскерлік, дағдыны игереді және оларды өмірде қолданады.
Педагогика ғылымы басқа ғылымдардың жетістіктеріне сүйене отырып,төмендегі міндеттерді шешеді:

    • Жастарға тәрбие мен білім берудің мақсаты мен міндеттерін, мазмұны мен принциптерін, формалары мен әдістерін анықтап жетілдіреді.

    • Жалпы, кәсіптік, политехникалық білім берудің практикасы мен байланысын зерттейді.

    • Тәрбие ісінде мектеп, отбасы және жұртшылықтың ролі мен бірлігін анықтайды.

    • Озат педагогикалық теориялар мен тәжірибелерді таратып, оларды оқу-тәрбие барысында шығармашылықпен пайдаланудың тиімді жолдарын іздестіреді.

Тәрбие мен оқу ісінің дамуына байланысты педагогика бірнеше салаларға бөлінеді:
Мектепке дейінгі педагогика – отбасы мен балабақшадағы балалар тәрбиесін зерттейді.
Мектеп педагогикасы – кіші, орта және жоғары мектеп жасындағы балаларды оқыту мен тәрбиелеу мәселелерін зерттейді.
Педагогика тарихы – тәрбиенің шығуы мен дамуының заңдылықтарын зерттейді.
Дефектология – педагогиканың арнаулы саласы. Дефектология есту, көру, сөйлеу мүшелерінде және ақыл-ойында табиғи кемістігі бар бар балаларды оқыту, тәрбиелеу мәселелерін зерттейді. Дефектология төрт салаға бөлінеді:

    • Сурдопедагогика – саңырау, мылқау балаларды оқыту мен тәрбиелеу проблемаларын зерттейді;

    • Тифлопедагогика – соқыр балаларды оқыту мен тәрбиелеу проблемаларын зерттейді;

    • Олигрофренопедагогика – ақыл-ойы кем балаларды оқыту мен тәрбиелеу проблемаларын зерттейді;

    • Логопедия – тілінің кемістігі бар балаларды оқыту мен тәрбиелеу проблемаларын зерттейді;

Дидактика – оқытудың жалпы заңдылықтарын зерттейді. Дидактика «Нені оқыту керек?», «Қалай оқыту керек?», «Неге оқыту керек?» деген сұрақтарға жауап береді.
Методика – жеке пәндерді оқытудың әдіс-тәсілдерін зерттейді. Жеке ерекшеліктеріне қарай, әр пәнді оқытуды ұйымдастырудың өзіндік жолдары, принциптері, әдіс-тәсілдері болады.
Жоғары оқу орындарының педагогикасы – болашақ мамандарды даярлау мәселелерімен айналысады.
Сонымен бірге жаңа бөлімдері де бар. Әскери педагогика әртүрлі рангтегі әскери қызмет атқаратындарды әскерге шақыру жасындағылардан бастап, әскери мамандықты игергендер мен офицерлер құрамының тәрбиелің іс-әрекеттерінің тәрбиеләк заңдылықтарын зерттейді.
Еңбекпен түзету педагогикасы түрмеде (пенитенциарлық мекемелер) отырған адамдарды қайта тәрбиелеудің теориясы мен практикасын қарастырады.
Сауықтыру педагогикасы жалпы мектептегі оқу-тәрбие процесінен қол үзген, ұзақ уақыт емделетін балаларға білім беру мәселесін зерттейді.
Салыстырмалы педагогика әрбір елдердегі білім беру мен тәрбие жүйелерінің дамуын зерттейді.
Этнопедагогика түрлі ұлттардың халықтық педагогика негізінде бала тәрбиелеу дәстүрлерін зерттейді.
Педагогика ғылымы басқа ғылымдармен тығыз байланыста дамиды. Ең алдымен, педагогика философиямен тығыз байланысты, өйткені ол философиядан бөлініп шықты. Философия табиғат пен қоғамның даму заңдылықтарын зерттейді. Ал педагогика тәрбиені қоғамдық құбылыс ретінде қарастырып, тәрбиенің дамуын қоғамның дамуымен тығыз байланыстырады. Философияның бөлімдері – эстетика мен этика – педагогикадағы адамгершілік, эстетикалық тәрбиелердің мақсатын жүзеге асыруда басшылыққа алынады. Педагогика психологиямен байланысты. Егер психология жеке адамның дербес ерекшеліктерін (түйсік, қабылдау, ойлау, есте сақтау, зейін, т.б.) зерттесе, педагогика ғылымы осы зерттеу нәтижелерін оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда кеңінен пайдаланады. Педагогика да , психология да адамды зерттейді. Психология адамның мінез-құлқын зерттесе, педагогика сол мінез-құлықты қалай тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін зерттейді. Педагогика жас ерекшелігі физиологиясымен байланысты. Балалар организміндегі жоғары нерв жүйесінің қызметі, тыныс алу, қан, жүрек-тамыр жүйелерінің физиологиялық ерекшеліктерін мұғалім білуі керек. Бұл оған педагогикалық процесті дұрыс ұйымдастырып, басқаруға көмектеседі. Педагогика мектеп гигиенасымен тығыз байланысты. Мектеп гигиенасы – жас ұрпақтың денсаулығын сақтау, нығайту және дамыту туралы ғылым. Мектептің жалпы тазалығы, сынып бөлмелерінің кең, жарық болуы балалардың денсаулығына әсер етеді. Ауаның жеткіліксіздігі, жарықтың нашарлығы, бөлменің шаң болуы балаларды әлсіздікке, бас ауруына, көруінің нашарлауына әсер етеді, сөйтіп оқушылардың оқуы төмендейді. Сондықтан әр мұғалім гигиенаның сақталуына көңіл бөлуі керек. Педагогика математика, социология, медицина, экология, т.б. ғылымдармен де байланысты.
Бақылау сұрақтары
1.Педагогика нені зерттейді?
2.Сіздің ойыңызша педагогика ғылымының объектісі болып не саналуы керек?
3.Педагогика қандай міндеттерді шешеді?
4.Педагогикалық ғылымдар жүйесін сипаттаңыз.
5.Педагогиканың басқа ғылымдармен байланысының негізгі түрлері қандай?
6.Педагогика деген не: ғылым ба, әлде өнер ме?
7.Педагогиканың негізгі категорияларының қарым- қатынасы.
8.Педагогика ғылымының қызметтері: теориялық, практикалық және прогностикалық.
9.Қазіргі заман мұғаліміне педагогика ғылымы не береді?


Әдебиеттер
1.Педагогика. Дәріс курсы. Алматы: “Нұрлы Әлем”, 2003
2. Қоянбаев Р.М. Педагогика. Алматы, 2006
3.Дайрабаев Е. Педагогиканың жалпы негіздері. Алматы, 2005
4. Құрманалина Ш. Педагогика. Астана, 2010
5.Коджаспирова Г.М. Педагогика – М., Кнорус. 2010
6.Ильина Т.А. Педагогика.- М., 2000
7.Лихачев Б.Т. Педагогика. Курс лекций. Уч. пособие.-М., 1999
8.Лихачев Б.Т. Философия воспитания. Спец. курс. Уч. пособие- М., 1995
9.Педагогика. Уч. пособие (Под. ред. Т.Н. Пидкасистого-2010)
10.Подласый И.П. Педагогика Учебник - Минск, 2010
11.Харламов И.Б. Педагогика. Учебник-Минск, 2010




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   123




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет