Педагогика


Дәріс № 7-8 Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздері мен әдістері



бет28/123
Дата08.02.2022
өлшемі1,65 Mb.
#118912
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   123
Байланысты:
УМКД педагогика 2018

Дәріс № 7-8 Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздері мен әдістері
Жоспар:

  1. Педагогика ғылымының әдіснамасы мен педагогтың әдіснамалық мәдениеті туралы түсінік

  2. Философиялық заңдар, заңдылықтар. Таным теориясы

  3. Ғылыми педагогикалық зерттеудің мәні мен мазмұны

  4. Педагогикалық зерттеуді ұйымдастыру және өткізу әдістемесі



Мақсаты: ғылым әдіснамасы, педагогиканың әдіснамалық негіздері туралы түсінік беру. Педагогика ғылымында қолданылатын ғылыми-зерттеу әдістерімен және оларды қолдану әдістемесімен таныстыру.


Негізгі ұғымдар: педагогикалық зерттеулер, әдіснамалық негіз, педагогик ағылымының әдістері, зерттеушілік инновациялық іс-әрекет, мұғалімнің зерттеушілік мәдениеті, зерттеуші-мұғалімнің әдіснамалық мәдениеті, зерттеушілік мәдениеттің әдістері.

Ғылым әдіснамасы бұл - табиғат пен қоғам құбылыстарын зерттеуге негіз болған, әрі сол құбылыстардың теориялық түсіндірмесіне шешімді ықпал етуші философиялық бастау идеялар жиынтығы. Ұзақ уақыт философияның бір бөлігі болған педагогика екі негізгі философиялық әдіснама, идеалистік және материалистік тұжырымдамаларға арқа сүйеп дамыды және қазір де дамып отыр. Ғылыми методология (әдіснама) өзіне барлық зерттеу әдістерін қамтиды. Ғылыми методология әдістерді таңдауды, оларды ұштастыруды, әрбір әдісті жинақтауды анықтайды, зерттеу нәтижелерін салыстыру мен оларға баға беруді белгілейді.


Қазіргі кезде қалыптасқан қоғамдық практиканы қайта бағалау жалпы білім беру жүйесіне, мамандарға қойылатын талаптарды өзгертуде. Бұл орайда, болашақ маман-педагогтардың кәсіптік деңгейін арттыруға қойылатын талап, олардың жалпы педагогикалық және арнаулы білімі мен қабілет сапасын заман талабына сай жан-жақты жетілдіру айрықша маңызға ие болуда. Болашақ мамандар алған білімін жадында сақтаумен қатар, шығармашылық қызметке, кеңінен ойлауға қабілетті болулары тиіс. Алайда, қазіргі тәжірибе көрсетіп отырғанындай, оқу орнын бітірген жас мамандардың кәсіптік міндеттерді шеше білуге бейімділігі, шығармашылық ізденісінің аздығы жиі ұшырасады.
Дәстүрлі педагогикалық әдістерге бақылау, іс-тәжірибені зерттеу, мектеп құжаттарын зерттеу, оқушылардың шығармашылығын зерттеу, әңгіме әдістері жатады.
Бақылау әдісі - белгілі мақсатпен қалыпты жағдайда педагогикалық процесті зерттеу әдісі. Бақылау жүргізерде зерттеуші нені бақылайтынын, қандай мақсатпен және қанша бақылайтынын, қандай нәтиже күтетінін алдын-ала білуі керек. Бақылау жоспар бойынша жүреді. Жоспарда бақылаудың мақсаты мен міндеттері, обьектісі, жүргізу әдісі көрсетіледі. Бақылау материалдары күнделікке не протоколға толтырылады. Сондай-ақ видеопленкаға, магнитофонға жазуға, фотоға түсіруге болады. Бақылаудың түрлері: жаппай, ішінара, ашық, жасырын, тікелей, жанама, ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді.
Жаппай бақылау - оқу-тәрбие процесіндегі жалпы мәселелерді зерттеу. Жаппай бақылауда барлық оқушылардың іс-әрекетін бақылайды. Мысалы: сабақ үстіндегі оқушылардың танымдық әрекетін, оқушылардың зейінін бақылау, т.б.
Ішінара бақылау - жеке мәселелерді зерттеу. Жеке бақылауда оқушылар ұжымынан бір баланы таңдап, оның қызметін бақылауға болады.
Ашық бақылау - оқушылар өздерінің зерттеліп отырғанын біледі.
Жасырын бақылау - оқушылар өздерінің зерттеліп отырғанын білмейді. Жасырын бақылауда зерттеуші жасырын видеокамера немесе магнитофон қолданады.
Тікелей бақылау - зерттеуші бақылауды өзі жүргізеді.
Жанама бақылау - зерттеуші бақылауды басқа адамның көмегімен жүргізіп, артынан одан барлық мәліметтерді алады.
Ұзақ мерзімді бақылау - оқушыны бір тоқсан. жарты жыл не бір оқу жылы бойы бақылайды.
Қысқа мерзімді бақылау - оқушыны бір сабақта, үзілісте не бір күн бойы бақылайды.
Бақылау әдісінің артықшылығы - қарапайым, жүргізілуі жеңіл. Кемшілігі - педагогикалық құбылыстың ішкі жақтары байқалмайды. Сондықтан бақылауды зерттеудің бастапқы кезеңінде басқа әдістермен қатар қолданады.
Сұрау әдісі - сұрақ қою арқылы бір немесе бірнеше адамды зерттеу әдісі. Сұрау әдісінің ауызша және жазбаша түрлері бар. Ауызша сұрау әңгіме және интервью болып бөлінеді, ал жазбаша сұрау - анкета деп аталады. Әңгіме әдісі бір немесе бернеше адаммен жүргізіледі. Әңгіме мақсатты, жоспарлы түрде жүреді, сұрақтары алдын-ала дайындалады. Әңгіме барысында адамның көңіл-күйі, сезімі, көзқарасы анықталады. Әңгіме арқылы зерттелушінің ішкі дүниесін танып-білуге, оның кейбір қылықтарының себептерін анықтауға болады. Сонымен қатар оның дүниеге деген көзқарасы, адамгершілік қасиеттері байқалады. Әңгіме күрделі әрі қиын әдіс, өйткені бала зерттеушіге дұрыс жауап бермеуі мүмкін. Ұялшақ, тұйық балалар жауап беруден мүлдем бас тартса, мақтаншақ балалар өтірік айтуы мүмкін. Сондықтан әңгіме әдісі зерттеушіден үлкен дайындықты, шеберлікті, әдептілікті талап етеді. Әңгіме ойдағыдай өтуі үшін төмендегідей арнайы шарттарды ескеру керек:
1. Зерттелушінің ерекшеліктерін ескере отырып құрылған әңгіменің жоспарының болуы;
2. Сұрақтардың әртүрлі болуы;
3. Сұрақтарды түрлендіріп, оқушыға ыңғайлы формада қою;
4. Ситуацияны тиімді пайдалану, сұрақтар мен жауаптарда тапқырлық көрсету;
Зерттелушінің келісімімен әңгіменің барысын протоколға немесе магнитофонға жазып алуға болады. Алайда әңгіменің нәтижесі жария етілмейді.
Интервью тек бір адаммен ғана жүреді. Әңгімеден ерекшелігі сұрақтар да, жауаптар да алдын-ала дайындалады. Сондықтан алдын-ала дайындалған жауаптардың бәрі шын болуы мүмкін емес. Интервью әдісін журналистер қолданады. Интервью материалы көпшіліктің назарына ұсынылады.
Анкета - алдын-ала дайындалған сұрақтарға жазбаша жауап беру. Бұл сұрақтар зерттелуші шын ниетімен жауап береді деген үмітпен құрылады, алайда бұл үміт әрдайым орындалмайды. Соған қарамастан анкета әдісі жиі қолданылады. Өйткені ол аз уақытта көп адамды зерттеуге мүмкіндік береді. Анкета сұрақтары бірмәнді, нақты жауап талап ететіндей сапалы болуы керек. Анкетаның түрлері: ашық, жабық, атаулы, анонимдік, полярлық..
Ашық анкета - оқушы өз ойынан жауап береді.
Жабық анкета - оқушының жауабы шектеулі, ол дайын жауаптардың біреуін таңдайды, мысалы: иә-жоқ..
Атаулы анкета - оқушы өзінің аты-жөнін жазады.
Анонимдік анкета - оқушы өзінің аты-жөнін жазбайды.
Полярлық анкета - жауаптарға сәйкес балл береді.
«Эксперимент» сөзі латын тілінен аударғанда «тәжірибе» деген мағынаны білдіреді. Педагогикалық эксперимент - педагогикалық құбылысты арнайы жағдайда зерттеу. Эксперимент оқу-тәрбие процесінің әдіс-тәсілдерін, формаларын, жүйесін тексереді. Педагогикалық эксперимент оқушылардың бір тобын, тұтас бір сыныпты не мектепті қамтиды. Эксперимент мақсатына қарай тексеру (анықтаушы) және жасампаз (қалыптастырушы) болып, ал орнына қарай табиғи және лабораториялық болып бөлінеді.
«Тест» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «тексеру» деген мағынаны білдіреді.
Тестілеу - белгілі бір мақсатпен, зерттелушілердің бәріне ортақ, қатаң бақылауда өтетін тексеру. Зерттеудің басқа әдістеріне қарағанда тестілеудің ерекшелігі - қарапайымдылығы, дәлдігі, автоматтандыруға болатындығы. Тест әдісі педагогикаға психологиядан келді.
Тестілеу шетелдерде ХІХ ғ. соңында пайда болып, кеңінен қолданылды. Алғашқы тесттер арқылы адамның жеке ерекшеліктерін - есте сақтауын, зейінін, т.б. зерттеген. Біздің елімізде ХХғ. 2-ші жартысынан бастап кеңінен қолданыла бастады.
Педагогикада жиі қолданылатыны - оқу үлгерімін тексеруге арналған тесттер. Тесттің әрбір сұрағына бес жауаптан келеді. Арасында біреуі ғана дұрыс, қалғандары қате немесе жартылай дұрыс жауаптар. Оқушы дұрыс жауапты таңдайды.
Социометрия әдісі ұжымдағы балалардың арасындағы қарым-қатынасты анықтау үшін қолданылады. Оқушылар «Кіммен бірге бір партада отырғың келеді?», «Кімді туған күніңе шақырар едің?», т.б. сұрақтарға жауап береді. Сондай-ақ қарсы сұрақтар да қоюға болады: «Кіммен дос болуды қаламайсың?», «Кіммен бірге отырғың келмейді?» т.б. Оқушылар сұрақтарға жауап бергенде, олардың таңдау еркі көзделеді. Бір оқушылар көп, екіншілері аз, үшіншілері мүлдем таңдалмауы мүмкін. Жауаптарға талдау жасап, кімнің беделі жоғары, кімнің беделі төмен екені анықталады. Барлық балалардың жауаптары матрицаға толтырылады.
Матрицаның негізінде диаграмма құрылады. Ең көп таңдалғандар кіші шеңбердің ішіне, орташа таңдаулар санына ие болғандар ортаға, ал таңдалмағандар шеңбердің сыртына белгіленеді.


Бақылау сұрақтары
1. Ғылыми зерттеу әдісі дегеніміз не?
2. Зерттеудің эксперименталды-эмпирикалық әдістер тобының мазмұнын ашыңыз.
3.Зерттеудің теориялық әдістер тобының мазмұнын баяндаңыз.
4.Зерттеудің эксперименталды-эмпирикалық және теориялық деңгей әдістері тобының өзара байланысын көрсетіңіз.
5.Педагогика саласындағы “ғылым әдістемесі” түсінікті айқында.
6.Педагогикалық зерттеулерді түрлі әдістерінің сипаттамасын, ерекшеліктерін атаңыз.
7.Әдістемелік білімдер деңгейін айқындауға және талдау жасаңыз.
8.Қолданбалы және теориялық педагогикалық зерттеудің объектісін, пәнін , мақсаты мен міндеттерін айқындаңыз


Әдебиеттер
1.Педагогика. Дәріс курсы. Алматы: “Нұрлы Әлем”, 2003
2. Қоянбаев Р.М. Педагогика. Алматы, 2006
3.Дайрабаев Е. Педагогиканың жалпы негіздері. Алматы, 2005
4. Құрманалина Ш. Педагогика. Астана, 2010
5.Коджаспирова Г.М. Педагогика – М., Кнорус. 2010
6.Ильина Т.А. Педагогика.- М., 2000
7.Лихачев Б.Т. Педагогика. Курс лекций. Уч. пособие.-М., 1999
8.Педагогика. Уч. пособие (Под. ред. Т.Н. Пидкасистого-2010)
9.Подласый И.П. Педагогика Учебник - Минск, 2010
10.Харламов И.Б. Педагогика. Учебник-Минск, 2010




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   123




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет