Дәріс №14 ТПҮ тәрбиенің мәні мен мазмұны
Жоспар:
ТПҮ тәрбиенің мазмұны, тәрбиенің түрлері және оларға сипаттама.
Кәсіптік бағдар беру жұмысы.
Толеранттылыққа тәрбиелеу.
Әлеуметтендірудің педагогикалық сипаттамасы.
Мақсаты: Тәрбие процесінің мәні және оның ерекшеліктеріне тоқталу. тәрбие түрлеріне тоқталу, әр тәрбие түрінің мақсаты, мазмұны, жүзеге асыру жолдары туралы мағлұмат беру.
Негізгі ұғымдар: тәрбиенің мазмұны, тәрбиенің түрлері, тәрбиелік үдеріс, ұлттық тәрбиелік идеал, әлеуметтендіру, әлеуметтенудің түрлері, өзін-өзі дамыту.
Оқушылардың саналы тәртібі, жағымды мінез-құлқы, соған сәйкес сенімі мен сезімі - адамгершілік тәрбиесіне байланысты. Адамгершілік тәрбиесі отбасында басталып, мектепте әрі қарай жалғасады. Адамгершілік тәрбиесінің міндеттері - оқушыларды қоғамдық моральдық нормаларды орындауға қатыстыру, Отанға, халыққа деген жауапкершілік сезімдерін тәрбиелеу. Ақыл-ой тәрбиесі жастарға білім берудің негізгі құралы. Ақыл-ой тәрбиесінің негізгі міндеттері - білім қорын жинау, ойлау операцияларын меңгерту, дүниетанымды қалыптастыру.
Мектептегі еңбек тәрбиесінің жүйесі - оқу еңбегі, өзіне-өзі қызмет ету, қоғамдық пайдалы еңбек, өнімді еңбек. Еңбек тәрбиесінің міндеттері - еңбек дағдыларын қалыптастыру, еңбекті құрметтеу, кәсіптік бағдар беру. Еңбек және экономикалық тәрбиелер бір-бірімен тығыз байланысты. Экономикалық тәрбие дегеніміз - оқушыларды экономикалық білім негіздерімен қаруландыру, экономикалық саясатты, қатынастарды түсіндіру.
Жеке адамды жан-жақты тәрбиелеуде дене тәрбиесінің маңызы зор. Дене тәрбиесін ұйымдастыруда туризм, спорт, дене жаттығулары, ойын маңызды роль атқарады. Оқушыларға құқықтық тәрбие беруде құқықтық лекторийлер мен кинолекторийлер, заңтану мектептері, лекция, баяндамалар, кездесулер қолданылады. Сабақта басталған құқықтық білім беру ісі сыныптан тыс жұмыстар арқылы жалғасады. Адамның құқықтық білімі неғұрлым толық әрі терең болған сайын оның құқықтық мәдениеті соғұрлым бай болады, заңдылық сезімі бекиді. Мемлекеттік құқық, елтаңба, Ту, Әнұранға деген құрмет пайда болады. Саналы тәртіп пен мінез-құлықты құқықтық мәдениеттің іргетасы деп қарастыруға болады.
Экологиялық тәрбиенің негізгі мақсаттары - экологиялық нормалардың қажеттілігін балалар мен жастардың бойында тәрбиелеу, қоршаған ортаға жауапсыздықпен қарауға жол бермеу, жастардың бойында экологиялық мәдениет дағдыларын қалыптастыру, қоғамдық пайдалы еңбек арқылы табиғатты көркейту, күту, экологиялық білімді насихаттау. Эстетикалық тәрбиенің негізгі құралдары - өнер, әдебиет, табиғат. Сонымен қатар ана тілі, музыка, бейнелеу өнері сабақтары. Басқа сабақтарда да тақтаға, дәптерге әдемі жазу, мәнерлеп сөйлеу, өзін ұстау дағдылары қалыптасады. Экологиялық және эстетикалық тәрбие беруде сыныптан тыс жұмыс формалары - экскурсия, конкурстар, т.б. қолданылады.
Кəсіби бағдарлау – отбасы, оқу орны, мемлекет, қоғам жəне коммерциялық мекемелердің ел тұрғындарына кəсіп таңдау, іріктеу жəне ауыстыру жолында жəрдем беруді қамтамасыз етуші ақпараттық əрі ұйымдастыру – тəжірибелік іс-əрекеті. Бұл қызмет əр тұлғаның жеке мүддесін, сонымен бірге еңбек рыногінің қажетін ескеру негізінде жүргізілуі тиіс. Кəсіби бағдарлау ісі – əр адамның өз жеке басына сай кəсіпті өзінше айқындап, таңдауына жəрдем ретінде ұйымдастырылатын əлеуметтік-экономикалық, психологиялық-педагогикалық, медициналық-биологиялық, өндіріс-техникалық шаралардың ғылыми негізделген жүйесі.
Кəсіби бағдарлау жүйесі өз аймағында келесідей кəсіптік қызметтерді қамтиды:
- ағарту – тəрбиеленушілерді əрқандай кəсіптердің əлеуметтік –экономикалық, психологиялық –физиологиялық ерекшеліктері жөніндегі білімдермен таныстыру;
- диагностикалау – кəсіп таңдауға байланысты адам жүйке жүйесінің ерекшеліктерін, оның денсаулығын, қызығулары мен ынтасын, құндылықты бағыт-бағдарын, ұстаным-көзқарастарын зерттеп, анықтау;
- кеңес беру – кəсіпке қойылатын талаптар мен нақты тұлғаның жеке-дара психологиялық ерекшеліктері арасындағы сəйкестікті айқындау;
- кəсіптік іріктеу – адамды қызметке қабылдаушы мекемелер тарапынан жүргізілетін іс;
- бейімделу – адамның кəсібі іс-əрекетке кірісу процесі, өндіріс жүйесі мен мамандық ерекшеліктеріне икемдесу процесі.
Бақылау сұрақтары
1.Тәрбиенің қандай түрлері бар?
2.Тәрбие түрлері қалай жүзеге асырылады?
3.Тұлғаның дамуында кәсіптік бағдар берудің маңызы қандай?
4.Қазіргі кездегі толеранттылыққа тірбиелеудің ролі қандай?
Әдебиеттер
1.Педагогика. Дәріс курсы. Алматы: “Нұрлы Әлем”, 2003
2. Қоянбаев Р.М. Педагогика. Алматы, 2006
3.Дайрабаев Е. Педагогиканың жалпы негіздері. Алматы, 2005
4. Құрманалина Ш. Педагогика. Астана, 2010
5.Коджаспирова Г.М. Педагогика – М., Кнорус. 2010
6.Ильина Т.А. Педагогика.- М., 2000
7.Лихачев Б.Т. Педагогика. Курс лекций. Уч. пособие.-М., 1999
8.Педагогика. Уч. пособие (Под. ред. Т.Н. Пидкасистого-2010)
9.Подласый И.П. Педагогика Учебник - Минск, 2010
10.Харламов И.Б. Педагогика. Учебник-Минск, 2010
Достарыңызбен бөлісу: |